Бүгінгі күндері қазақтың қолы тойдан босамайды. Аптаның қай күніне тап келмесін, бәрібір, ат шаптырып, думандатып, қысы-жазыңа қарамай тойлатып жатқаны. Әлбетте, қазақтың тойы бітпесін. Қуанышы ортаймасын. Тәуелсіз елде, бейбіт заманда өмір сүріп, әркімнің еңбегіне қарай өнбегін көріп отырған уақыт қой, шіркін! Хош, қазақтың қу басы домалайтын мерекелердің түр-түрін көріп, таң қалып та, жабырқап та жүрген жайымыз бар кей-кейде. Көңілге кірбің түсіретіндерінің бірі – жас келін көйлектерінің үлгісі. Неге десеңіз, өзгені қайдам өзімнің жеке басым бірнеше жастардың отау құрған тойларында келіннің киген көйлектерінен бетім қызарып, жүзім жерге қадалған-ды. Иығының ашықтығы былай тұрсын, омырауына дейін менмұндалаған көйлекті киіп алып, еш қымтырылмастан тойдың төріне шығатын болашақ аналардың жарлары неге бір ауыз сөз айтпады екен «жабықтау киін» деп. Осы сұрақ сайрап тұрады санамда...

Әркімнің таңдауы өзінде, не киемін, не ішемін десе де. Әрине, тек шектен шықпаса игі. Денесіне жабысқан көйлекті киіп, бар мүсінін болашақ қайын жұртына, ата-апаларына паш еткісі келгендей сән қуған келін сырт көзге тым ерсі көрініп қалғанын да байқамайды-ау, шамасы. Жақсы, жас делік, еліктеушілік деген еліртпе тағы бар, қызығушылық «қол бұлғап» ол тұрса.  Бірақ, сондай жауапты күнде келіннің үстіне киетін киіміне қыздың анасы да енесі де бір кісідей атсалысса жарға жықпас еді-ау деп те ойланып қаламын. Бұрынғы балалығын артқа тастап, келте киімдерін әке-шешесінің үйінде қалдыруы керектігін айтып анасы ақыл қосса, ендігі жерде бір әулеттің келіні, болашақ ана болатынын ескертіп енесі неге өнегелік танытпасқа?! Ал, күйеужігіт қалыңдығының киімі жинақы, етек-жеңі жабық болғанын талап етсе, кім қой дейді. Есесіне, көрер көзге сыпайы, ибалы келін артық сөз бен көзден ада болар еді. Осы тұста біреудің басынан өткені басқаға сабақ болсын деген ниетпен көрген көздің айыбы жоқ тағы да деп өмірдің өзінен мысал келтіргім келіп тұрғаны.

Жуық арада Алматының қақ ортасындағы сән-салтанаты жарасқан мейрамханада өтетін үйлену тойына шақырту алдық. Бармасқа болмайды, орындар есептеулі, адам санына қарай ақшасы да төлеулі. Несі бар, жастардың қуанышына ортақтасуға межелі уақытында жеттік. Әрине, үйлену тойы болғасын, бар назар жас жұбайларда болатыны сөзсіз. Сол дағдымен жан-жағымызға қарап, жақын-таныстармен амандық-саулық сұрасып, біраз үйренісіп алғаннан кейін, әсемдікке құштар әйел заты болғасын, қалыңдықты көргім келді. Әрі қарап, бері қарап таппағасын елмен қатар дастарханға жайғастық. Әуелі «Беташар»-мен басталып, қалың жұрт қаумалап келіннің сәлемін көруге асықты. Байқасам, келінжан той көйлегін іш көйлекпен шатастырып алған сыңайлы көрінді. Денесіне жабысқан матасы, расымен әзілқойлар айтпақшы, кеуде тұсын қымтауға жетпей қалған ба дейсің. Десек те, ешкімнің оған аса алаңдаушылық танытып тұрғанын байқамадым. Әлде, үлкендер жағы көрсе де, елемегендей тұрды ма екен ұялғандарынан немесе мен тым сәннен қалған, мұндай «әдемілікті» түсінбейтін біреу болып шықтым ба, белгісіз. Дегенмен, менің пікірім іште қалды, ешкімнің көңіл-күйін түсіргім де келмеді. Барын салып баласына той жасап жатқан ата-ананың қуанышына қаяу салатын ниет жоқ. Әрі қарай әдеттегідей сценариймен жалғасын тапты той. Шыны керек, қазақ келініне сай ибалылық пен сыпайылықтың сұлбасын көре алмадым, өкініштісі. Бәлкім, жастықтың қателігі болар, бәрі жақсы көрініп, құрылған шаңырақ шайқала көрмесе екен деген шынайы тілектестігімді білдірдім ішімнен. Жоқ, әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Керемет қазақтың бүрмелі етекті көйлегін, басына сәукелесін киіп ешкімнен кем қалмай қалыңдық атанған арулар да жоқ емес. Тіпті, менің көзқарасым тым көнелеу дер кейбіреу. Бірақ, ұят, тыйым деген нәрселерді анамның аузынан ести жүріп бойжеткен мен үшін қыз баланың қарапайым жинақылығы бірінші орында тұрады әр кезде. Тағы да бәрі келіп – отбасындағы тәрбиеге тіреледі...

Бұрын елге беделі бар жыршы, ақындар өтініш айтып, келіннің бетін мен ашайын дейді екен. Ал қызуқандыларына енелері келіннің мінезі шайпау болып кетер деп ашқызбаған. Бет ашқан адамға үй иесі өздігінше құрмет көрсеткен: түйе жетектетіп, ат мінгізген. Шапан жауып, сыйын тартқан. Осы тұста көрімдіктің жөні бір басқа. Бүгіндері көрімдік пен беташар бірігіп, кәдімгідей бизнеске айналып кеткендей. Ұзын-сонар тізімін тізбектеп, тіпті еңбектеген балаға дейін келінге сәлем салғызады. Қазақтың келіндері жолдасынан жасы кішілерге ешқашан сәлем салмаған екен зерделесек. Астын сызып айтар тағы бір жайт – келіннің бетін енесі ашпайды. Ондай жағдайларға да куә болып қаламыз арасында. Енді мына бір қарама-қайшылықты қараңыз. Денесі жартылай жалаңаш, беті жұқа бір фатамен ғана жабылған келінге беташар жасаған не сән? Сәл иілсе көйлегі шешіліп қалмаса екен деп тақымыңды қысып тұрасың. Әйтеуір, әупірімдеп беташарды өткеріп алғаннан кейін, екі жасты орнымыздан тұрып, қол соғып төрге бір-ақ  шығарамыз. Олар әбден жайғасып алғанша күтіп тұрамыз. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы салт-дәстүрдің сақтаушысы, жазушы Зейнеп Ахметова апамыз: «Келе салып, төрге шығатын болса оның несі келін? Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал, қазір қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып қояды. Неге осыны басқалай жасамасқа? Неге төрге құда-құдағиды, қыз беріп отырған ауылдың үлкендерін отырғызбасқа? Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы. Ал, жас жұбайлар жастардың қасына отырсын. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі тойларда екі жасты қайта-қайта орнынан тұрғызады. Той біткенше көздері мөлейіп, шаршайды. Олар деген сөз тыңдау керек емес пе? Отырып тыңдаса да болады», – деп пікірін білдірген екен бір сұхбатында.

P.S. Расында, ойланып қарасақ, күретамыры-мыздан ажырап бара жатыр екенбіз. Өзіміз білмей көп нәрсені өз қолымызбен-ақ бүлдіріп жүргендейміз. Олқылықтарды байқап қалса, ілеуде бірі болмаса, тоқсан тоғызы «аш құлақтан тыныш құлақ» сыңаймен көз жұма салады бәріне. Немқұрайлық, немкеттілік рухани негізімізден алыстатып барады біртіндеп. Өзімізден бастайық түзелуді. Өзімізден кейінгілерге жол сілтейтіндей дәрежеге жетейік!

 Әзірлеген Алмагүл НҰҒМАН. 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген еді. Демек, ұлттық-рухани тамырымыздың негізі – отбасынан бастау алады десек қате болмас. Халқымыздың тамыры терең тартқан, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтың бірі де – отбасы құндылықтары. Үлкенін үлгі тұтып, дәстүрін дәріптеген қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» десе, көреген Елбасы: «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп қоғам үшін маңыздылығын көрсетіп берді.

Отбасылық құндылықтардың орталығы ол – Ана. Ана рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруші, от басындағы берекені бекемдеуші. Ал, әке сол ұяны сақтаушы, қорғаушы, жарына – тірек, ұрпағына – үлгі болу керек. Осы тұста ана мен әкеден де жоғары ата мен апа статусы бар екенін естен шығармайық. Ана мен әкені бағыттап, ұлттық дәстүрді үйретіп отыратын адамдардың бүгінде: енесі келінін аңдып, сыртынан жамандап бөтенсіткені, аталар көшенің әңгімесі мен көршінің көлігінен басқаны айта алмағаны – ұлттық құндылықтарды құлдыратуда. Кесірінен, қаншама жас отбасылар бір-бірін түсінбей екіге ажырауда. Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы  ресми деректерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайызға жетсе, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызды құраған. Сондай-ақ, ажырасулардың 40 пайызы алғашқы бес жылда орын алатыны да ойландырады. Ең сорақысы, соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген.  Неге десеңіз, түбімізден, салтымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Жас қыздар келін болудың мәнін түсінбесе, кей енелер дәстүрді дәріптемек түгілі, жас жұбайлардың арасына от салуда... Осы тұста ұлт құндылығы жайлы батыр Бауыржан Момышұлынан асып ештеңе айта алмаспыз: «Қай ұлттың болмасын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы – сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан-дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төс белгілері. Олар – бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы – әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты».

Өз ұлтымызға ғана тән құндылықтарымызды бүгінде біреу білсе, жүзі білмейді. Ауыз толтырып, түсінікті де ұғымды қылып айтар қариялар да шамалы. Құндылықтарымызды біліп, оны білмегенге жеткізу мақсатында батыр баба Бауыржан Момышұлының қолына су құйып, шәйін демдеп, тәлімін тыңдап тереңіне жеткен келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабының желісі-мен ұмыт қалған салттарымызды қайтадан санамызға сіңіруді жөн санадық. Әсіресе, енелер мен аналар, келіндер мен қыздар үшін, себебі бесік тербетушілер ғой, аса құнды мәліметтер легі болмақ. Солардың алғашқысы – Құрсақ шашу. Мұндай салтты сіздің отбасыңызда орындап па еді? Әлде құлағыңызға алғашқы рет жетіп тұр ма? Қалай болғанда да ендігі жерде біліп, қажет болса орындай жатарсыз.

Ата-ананың басты арманы орындалып, шаңыраққа келін түсті. Сөйтіп, келін түсіп бір тілегіне жеткен тілеуқор ана уақыт өткен сайын келіннің бойындағы, жүріс-тұрыс, әдетін-дегі кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, қамқорлы-ғын жасай жүріп бақылауға алады. Тек ене ғана емес, абысын-ажын, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды. Күндердің күнінде келіннің асқа тәбеті тартпай, қалтарысқа барып лоқсып жүргенін көрген әйелдердің бірі оның енесіне келіп: «Келініңіздің құрсағы аққа жарыған екен» деп, немесе «Келініңіз ақ алғысты болыпты» деп әдемілеп, астарлап жеткізеді. Қуанышты хабарды алған жөн білетін енелер ризашылығын білдіріп, «Құлақсүйіншісін» беретін болған. Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастархан жайып, ауылдағы әйелдерді «құрсақ шашу», кейде «құрсақ той» деп аталатын дәстүрлі қонаққа шақырады. Шақырылған әйелдер құрқол келмейді, әрқай-сысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осын-да жатыр. Өйткені, бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз келіншек бұрын-соңды өзінде болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта  алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табу-ға көмектесіп мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады. Құрсақ тойда жас келін әлгі әйелдер әкелген тағамның бірін сүйсініп жесе, оны әзірлеп әкелген әйел қуанып, мәртебесі асып-ақ қалады екен. Содан келіннің жерігі қанғанша сол дәмді ас иесі жасап беріп қамқор болады.

Барлық игіліктердің бәрі отбасы болып құрылғаннан кейін жалғасады, жүзеге асады. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген де содан болар. Қазақтың салты мен дәстүрі, ғұрпы мен әдеті – отбасылық құндылықтардың ажырамас бөлігі. Сондықтан, Зейнеп апамыздың кітабының желісі бойынша бұл бастаманы әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Күретамырымыздан ажырамай, келешегіміздің қамы үшін атқарылатын, жазылатын дүниелерге Сіздің де атсалысуыңызға болады, құрметті оқырман!

Алмагүл НҰҒМАН. 

Бейсенбі, 24 Қаңтар 2019 15:26

Тарихтан сыр шерткен ширек ғасыр

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деген болатын. Өлкеміздің мақтанышы «Алтын адамның» мекені, тарих қойнауына сапар шектірер киелі орын Есік археологиялық-өлкетану музейі 25 жылдығын тойлады жуырда. Айтулы датаны атап өтуге қалалық әкімдік, «Алтын адам» әжелер ансамблі мен Қаракемер мәдениет үйінің өнерпаздары және қала тұрғындары қатысты.

Алғашқы болып құттықтау сөз алған музей директоры Нарима Тойжанова:

– Музей – қоғам мүшелеріне, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мәдени және рухани мекеме болғандықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жастарының ұлттық сана-сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды Отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін атқарар рөлі өте зор. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын. Сол сияқты өткенімізді білмей, келешекті болжай алмаймыз. Сондықтан мәдени орындар мен музейлерді жиі аралап, рухани дүниетанымымызды байы-тып жүрейік, – дей келе, облыс бойынша музейлер арасында 2 орын алғандығын мақтанышпен хабарлады. Мәдениетті өркен-детудегі белсенділігі мен ұлы тұлғалардың өмірін, шығарма-шылығын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан зор үлесі үшін қастерлі орын қызметкерлері Бота Ибраимова М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Индира Қожағұлова мен Дыбыскүл Ахметбайқызы еліміздің мәдени саласы тұжырымдамасын жүзеге асыруға және дамуына атсалысқаны үшін құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, музейдің ашылуына септігін тигізіп, жолдасының ізін жалғап, отын өшірмей, тарихи мұраларға көзінің қарашығындай қарап, зейнет жасы келсе де 10 жыл аянбай қызмет атқарған Дыбыскүл Ахметбайқызын бейнетінің қызығын көрсін деп демалысқа зор қошеметпен шығарып салды. Келген қонақтар тәтті тілегі мен жылы лебізін білдіріп, сый-сыяпатын, камзолын кигізіп, иығына жаулығын жапты. Кеш соңы рухани мекеннің әр іс-шарасынан қалмай, өнерлерін паш етіп жүретін «Қаракемер» мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызы мен өнерпаздарының ән-күйімен жалғасын тапты.

Жансая ЫСҚАҚ

 

Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:54

Әжібай батыр және оның ұрпақтары

Иә, «Әжібай тоғанының» суы – ел ырысы, жер нәрі. Бұл аймақ осы тоғанның суы арқылы тіршілікте. Ендеше арна неге «Әжібай тоғаны» аталған? Ал Әжібай деген кім?... Енді  мені осы сұрақтың жауабы мазалағаны... Білмекке бірер қариялармен жүздестім. Бәрінің жауабы бірдей. Солардан тау етегіндегі «Таутүрген» ауылының тұрғыны, ардагер ақсақал Бақыт Бөркеевтың тарихи әңгімесін тындағаным өзімше.

Әжібай Найманбайұлының тікелей ұрпағы, академик-тарихшы, медицина ғылымының докторы, «Қазфармация» акционерлік қоғамының президенті Кеңесбай Үшбайұлымен тілдестік. «Ер Әжібай» жырын кирилица қарпіне көші-ріп, оның түсініктемелерін жазған ауыз әдебиетін зерттеуші Тоқтар Әлібек, әде-биет зерттеушісі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ардагер журналист Асқанбай Ерғожаев, Кеген аудандық «Қарқара» газетінің қызметкері Келеке Құсайынов, сексен сегіз жастағы Райс Рысдәулетұлына, жетпіс алты жастағы Өмірқұл Майлыбаев, ауыл мен аудан ағасы дәрежесіне жеткен Дүйсебек Рақымжан бастап осы мәселенің төркінін шешуге талаптануға қатысқаным. Бұлар Әжібай ұрпақтары. Батыр бабалары жайлы білгендерін әңгімелеуде. Ертеде жазу болмаса да ауызша деректер ел аузында сақталған.

Әжібай ұрпақтарынан бір-бірінен ұқсастық іздеген суретші-педагог Қуандық Жігітекұлы Карбузов дулыға мен сауыт киген Әжібай суретін салған. Ол сурет 2018 жылы Суретшілер Одағының залында өткен республикалық көрмеде халықтан жоғары баға алған. Жоңғар шапқыншылығында ел мен жері үшін жанын құрбандыққа шалған халық батыры Әжібай есімін мәңгі есте сақтау үшін Алматы қаласынан оған бір көше атауын берген. Еңбекшіқазақ ауданы «Асысаға» ауылында халық қаражатымен «Әжібай мешіті» салынып, ол Алланың екінші үйі атанады.

Әжібай Найманбайұлының туған жері облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылы. Батыр баба 1699-1777 жылдар аралығында өмір сүрген. Таутурген ауылы киелі, қасиетті жер. Республика тарихына алтын әріппен жазылған атамекен. Таутүрген айтыскер ақын Құланаян Құлмамбеттің кіндік қаны тамған тарихи мекен. Сол 1825-1915 жылдары тұлпар тұяғын дүбірлеткен батыр Медетбек Есебайұлының сүйегі жатқан киелі жер. Медетбек батырдың кесенесі де осында. Импровизатор ақындар Жамбыл Жабаев пен Құланаян Құлмамбеттің айтысы өткен, дүркіреген өңір.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде Таутүрген ауылы ешкі малын өсірумен облыста үлгілі колхоз атанған. Колхозды Әбілда Бөркеев басқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге киім-кешек апарып, жеңіске жігерлендірген шаруашылық. Бертін Ленин атындағы колхоз бөлімшесі атанған. Жүгері дәнін жинауда республика және одақ көлемінде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген атақты колхоз. Колхоз бау-бақша өсірумен де айналысқан. Кейін мал шаруашылығы мықтап дамыды. Қазір кооперативтерге бөлініп, әркім өз тіршілігін өзі өркендетуде.

Таутүргенді батырлар ауылы десе де болады. 18 ғасырдың басында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жалайыр Ескелді, Шапырашты Наурызбай, Албан Ханкелді, Райымбек батыр бастаған батырлар ерлігі тарихтан халыққа мәлім. Біздің ұланғайыр жерімізді сақтап, ұрпаққа аманаттаған.

Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Қарасай, Қасқары, Әжібай, Өтеген, Қаржау, Елтінді, Малай, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш ерлігі халыққа енді дәріптеліп, олардың есімдері елді мекендерге берілуде.

Мәселен, «Асы» жайлауына Түрген өзенінің бойымен барарда Бас Қараш, Орта Қараш, Аяқ Қараш жайлауларын басып өтесің. Жазда жайлауға көшкен малшылар Асыға  жеткенше жол бойында түнемелеп, ертесі тау бөктерлеп жеткен.

Әжібай батыр туған Таутүргеннен шығысқа қарай созылатын ендігі бір жол Төрежайлауға апарады. Одан ары сабау қамшылы, салт атты ғана жүретін Құмбел асуы. Бұл асу «Асы» жайлауына жететін төте жол. Түрген өзені бойымен ертеңгі азанда шыққан салт аттылар Асыға кешкі ымыртта әрең жетеді. Ал төте жол Құмбел асуы арқылы бірер сағатта Алатауды асып Асыға барасың. Бұл қыя жолдар ертеде салт аттылардың, барымташылар мен ұрылардың, аңшы мен қарақшылардың ғана жүретін тың соқпағы, төте жолы болған.

«Төрежайлау», «Құмбел», «Белшабдар», «Қараш» секілді ежелден сақталған атаулар. Ат белінен түспеген құс ұйқылы батырлар жауға қарсы шапқанда қар, жел демей жүре берген. Археологтардың қазба зерттеуі бойынша жазба деректерден гөрі тұрмыстық заттар арқылы анықталуда. Соның бір айғағы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне кіретін, Әзірет Сұлтан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру басталған 1992 жылдары қазбадан жерленген билер мен батырлардың сүйектері және қару-жарақтары шыққан. Соның бірінде «Мұнда Ер Әжібай батыр жерленген» деген жазу табылған. Демек, Алатаудан аттандап шыққан Әжібай батырдың сарбаздары Жоңғар шайқасында Түркістанға дейін барған.

Зона батыр жеңілген соң қалмақтар үдере қашады. Зонаның сүйегін де алмайды. Әжібай: «Зонаны батыр еді», -  деп арулап жерлейді. Басына тастан белгі қояды.

Содан бастап қазақтар жауға шапқанда: «Уа, әруақ! Уа, Әжібай!» деп ұрандайтын болған. Батыр аруағына сыйыну әлі де бар. Әжібай содан бері «Қызылбөрік» руының ұранына айналған. Әжібайдың батырлығы өз алдына, еңбекқорлығы, болашақтың қамын ойлайтын шаруақорлығы және бар. Оның сол кездегі бастамасының рахатын елі, жері әлі күнге дейін көруде.

Ол – «Әжібай тоғаны». Әжібай батыр ел жинап Таутүрген ауылының жанынан ағатын Түрген өзенінен жырып, үлкен арна қаздырған. Сол арна арқылы Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Ақши, Атамқұл ауылдары егістігін, көкөніс өнетін бау-бақшасын осы тоған суымен күні бүгінге дейін суғарады. Бұл арна әлі де жылдар, ғасырлар бойы «Әжібай тоғаны» деп аталады. Әжібай тоғанын салу да өзінше бір әңгіме. Таутүрген ауылының күншығыс жағынан, Түрген өзенінің бір қылта жерін бұрмалап, еңіске қарай су ағызу керек болды. Арна тартылған жерге үйдей тас кептелген. Оны халықтың итеріп жылжытуы мүмкін емес. Ол кезде казіргідей техника жоқ. Әжібай білектің жуандығындай қыл арқанды елден жинатып, тастың ортасынан орап байлайды. Соңғы күштерін салып жұрт «Уа, Алла! Уа, аруақ! Уа, Әжібай!» деген кезде тас аударылып түседі. Халық тоғанды қолмен қазып, төменгі елге су шығарады. Біртіндеп отырықшылыққа үйренген ел сол суды әлі пайдаланады.

Әжібайдың ұрпақтарын ел таниды, халқына танымал атақты азаматтар. Үлкен ұлы Құдагелдінің баласы Дәркенбай өз заманында шешендігімен танылған. Оның немересі Мейірман азулы ақын болса, шөбересі  Досжан көп жылдан бері Алматының басындағы тау ішіндегі «Аққайың» санаториясының директоры, республикаға белгілі азамат. Ортаншы ұлы Мәуке іскерлігімен және әділдігімен көп құрметтісі. Кіндігінен көп ұрпақ тараған бір рулы елдің басшысы. Одан кейінгі Жалбыдан шыққан Мақсұтты арғы бет пен бергі беттің бар қазағы таниды. Ол кезінде батыл да өжет би, болыс болған. Ал кіші ұлы Бердіқожадан тараған ұрпақ ішінен Әжібай аруағын қайта жаңғыртқандар Кеңесбай Үшбаев, Сол секілді Сағатбек Медеубекұлы, Әлібек Тохтарлар белгілі ғалымдар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы.

 

Сөз түйіні

 Толағай сөзді түймедей түйінмен доғарар болсақ, Әжібай батыр тарихта белгілі тұлға. Еліміздің бүгінгі бейбіт тынысы, егемендігі үшін, ұлан ғайыр жеріміздің сүттей ұйыған берекесі үшін күрескен, ата-баба аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған батыр. Батыр баба әруағын пір тұтқан, киесі бар қасиетін түсінген, бағалаған халқы және тікелей ұрпақтары «Әжібай» қорын ашпақ. «Әжібай тоғаны» басына есімі жазылған құлпытас орнатпақ. Тарихи деректермен жазылған «Ер Әжібай» кітабын және «Қызылбөрік Хан Тотас ұрпақтары» ғұмырнамалық шежіре жинақты жалғастырмақ. Әруағына ас беріп, құран бағыштамақ.

Бір сөзбен айтқанда, дарабоз батыр рухына бас ие отырып, халқымыздың рухын қайта жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге қалдыру.

 

Нұрсадық Сарғожаев,

Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының Құрметті Азаматы,

журналист-жазушы.

Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:51

Тектінің тұқымы

Бұл күнде жасымыз жарты ғасырдан асып, алдымыз келін түсіріп, қыз ұзатып немерелі болып, ата-апа атанған достарымды кездестіргенде бала күнгі бал қылықтарым еске түседі. Біздің ауылда алдымыздағы аға буындардың үлгісі болар 6,7 класқа келгенде, жастары қатар құрдастар  он шақты, тіпті одан да көп балалар бірігіп, достық құратын дәстүрге айналған үрдіс бар еді. Шамасы 1982 жылдың көктем айы болса керек, 7 сыныпта оқимыз. Үзіліс кезі болатын, кластас достармен мектеп ауласында жүргенмін. кенет «В» сыныбында оқитын  аласа бойлы өзі бұзықтау Мақсат Мұсабеков келіп амандасты да, – кешке сағат 7-де  «Диірменнің» артына кел, жолығатын шаруа бар, өзің ғана – деді. Келсем, 10-15-тей әр кластан өзім қатарлы жігіттер жиналыпты. Ортада сөйлеп тұрған орта бойлы, тығыршықтай денелі жігіттің әңгімесін естуге алға ұмтылдым. Айтылып жатқан сөзінің түйіні. Бәріміз құрдаспыз, ауылдаспыз, бірігіп дос болсақ дегенді айтты. Ортаға «А» класында оқитын біздің көшеде тұратын Серік Боқаев бастаған  Аманжол Ибрагимов, Бекмұханбет Көркембаев, Ұлан Қайыпов т.б «Б» класының оқушылары Жұлдыз Тұяқов, Айболат Қабылбеков, Нұржан Малаев, Еркін Топашов сияқты азаматтарының сөзін қоштап, «В» класынан Бауыржан Мырзабеков, Әкімғазы Шорабаев, Мақсат Мусабеков, Ергелді Өмірәлиев, Бағдат  Қабылбеков, Нұрлан Түтімбаев секілді азаматтар бірігіп дос болып бір-бірімізге адал әрі жанашыр болайық деп мәнді де мағыналы сөздерін айтты.

Дегенмен, жалпы біздің Абай атындағы орта мектебі бойынша төрт сынып бар,  әрбірінде 10,15-тей ұл бала, бірақ «Г» класынан менен басқа ер бала жоқ болғасын, елдің соңында құрдастардың кәделі сөздерін қолдайтынымды,  өкінішке қарай,  менен басқа да жігіттерді қоссаңдар болмай ма деген едім, Мақсат Мусабеков елден бұрын әзілдей сөйлеп, сенен басқа класыңда «атаман» жоқ, қаласаң бізбен дос бол деп кесіп айтты. Сол күннен бастап қысқаша  «РАМАНС» деп ат қойып, бәріміз адал да ажырамас дос болдық.

Менің жаңағы тығыршықтай денелі жігіт дегенім  «Б» класында оқитын, мектепте  түрлі спорттық жарыстарға  қатысып, белдескенді жығатын, күрескер, белсенді әрі беделді  оқушылардың қатарындағы Бақберген Ұспанбеков еді, яғни сол күннен бастап, Бақбергенмен жақын дос болдым.

Бақберген Жұмақанұлы 1985 жылы 10 сыныпты жоғары деңгейде бітіріп, әскер қатарынан кейін 1989 жылы Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-дің  құқықтану  факультетіне оқуға  түсіп, үздік тәмамдады. Өзіне сенімді еңбегінің, адал, ақжарқын азаматтықтың арқасында  22 жылдан аса  Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында прокурордың аға көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі болып қызмет атқарды.Өмір  ағысымен, табиғат заңдылығына сүйене отырып, Бәкең  өзімен қатарлас оқыған Қасен қызы Шырынмен қосылып отбасын құрды. Шырын ханым да жоғары білімді Алматы Сәулет-Құрылыс институтын тәмамдаған. Бақбергенмен Шырын  өмірдің түрлі қыспақтарына мойымай, бір-біріне деген шынайы махаббаттың арқасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді.

Бақберген мырза  асқан сабырлық-пен ойланып  сөйлейтін, баяғының билері сияқты тура әрі әділ шешім шығаруға тырысатын. Мемлекеттік қызметте жүргенде алдына келген істің тек әділ шешімін шығаруға, түрлі бұрмалауға және ағайын-туыс, таныс-тамыр дегендерді ысырып қойып, заман талабына сай жемқорлық дегенді маңына жолатпаған нағыз адал азамат екендігін қызмет барысында дәлелдеді. Сол үшін Бақберген ауданның, облыстың әкімдігінің арнайы мақтау қағаздарымен марапатталған. Ата-бабалардың  «НЕГІЗІ ЖАРЫҒАН, ТЕКТІНІҢ ТҰҚЫМЫ» деген мағыналы да киелі сөзді осы ардақты досым Бақбергенге арнасам артық болмас. Әкесі Жұмақан ақсақал да ел-жұртына сыйлы, ауыл ақсақалдарының ардақтысы, зергер, ағаштан түйін түйген шебер болған деп ауылдастары да ауыз толтырып айтады. Демек, «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөзді осы Бақберген досым да дәлелдеді.

Қызмет бабына сүйеніп шіренбей, қайта қарапайымдылықпен дүйім жұртқа танымал болған Бақберген ағымдағы жылы ердің жасы елуге толып отыр. Балғын балалық шақты еске ала отырып, барлық достар атынан ардақты досымыз Бақбергенді  еңселі елуің құтты болсын, отбасы бала-шағаң аман болып, халқыңа қалаулы азамат ретінде биіктерге өрлей бергін деген тілек айтып, мына шағын шумақты арнаймын.

 

Талпынып көшіне еріп замананың,

Бақытыңды барыңмен бағаладың.

Еңселі елу жасқа келген кезде,

Шаршамай жасыл бақты аралағын.

 

Ойлар толып тағатсыз санаңа мың,

Жайқалсын жасыл желек жаңа бағың.

Көрер күнің алдыңда ұзақ болып,

Аман болсын отбасы, балаларың!

 

Серік Көшкімбаев,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, «Микробиолог».

Бейсенбі, 10 Қаңтар 2019 15:46

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесер.

  Күннің бетін бұлт көлегейлеп, ай жүзуін тоқтатпайынша тіршілік тынысы жалғасатыны ақиқат. Әлбетте, арсыз адам, зарлы заман болса да... Әйткенмен, пасық пиғылдардың да жіңішкеріп, үзілетін кезеңі келеді. Айналаңдағы айуандықтарды көргенде, сезгенде осындай ойға іштей сенім артып, өз-өзімді алдаусыратып қоятыным бар. Арын сатқан тексіз қыздарымызды ұлт болып тезге сала алмай әлекпіз, бағытын батыстан іздеген жастарымыздың сәбилерін қоқыстан іздеп біз жүрміз. Алдымыздағы көлік терезесі ашылса, шақалақ шыр ете ме деп алаңбыз. Сәбиін саудалаған ананы жазаға тартпай, шетел асқан ұлт ертеңінің тағдырына алаңдаймыз. Ересегін қойып, баласына шапқан кер заманның кері қылықтарын көргенде жаныңды қоярға жер таппайсың. «Педофил» деп үріккенімізбен, қарғыс атқандардың жазасын лайықты бере алмай келеміз. Осындай былыққа батқанымызды көреміз, білеміз, сеземіз, қай жерден қателік кетті деп сан соғамыз. Шарасыздықтан жазасын Жаратқанның қарауына қалдыратын сәттеріміз де жетерлік.

  Бүгінде елімізде кей ақпарат көздерінің мәліметінше 10 мыңнан астам жезөкше бар екен. Бұл Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген транзитті жезөкшелерді қоспағанда. Тіпті, қалың қазақтың ордасы шырайлы Шымкентте бір түнде 2000-ға жуық ,арын сатқандар көше кезеді екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бұдан 10-15 жыл бұрын Қазақстандағы «түнгі көбелектер» тек Алматы қаласының Саин мен Сейфуллин көшесінде ғана топталып тұратын-ды. Ол кезде теріс кәсіппен айналысқан қыздар қысылып-қымтырылып, ашық жерде тұруға ұялатын. Қазір ше, кез-келген бұрышта, тіпті, халық көп жүретін жерлерде қызметін еркін ұсынады. 500-ге жуық жезөкше «қызметтерін» заңдастырып беруін сұрап Елбасына ашық хат жолдағаннан кейін не айтасыз? Онда «Бізге қарай тас лақтыра беретін дәурен өтті. Клиенттеріміздің жағдайы жақсы емес» деп мұң шаққан. Кейіннен құқықтарының қорғалмай отырғандығын ашық айтыпты. Заңгерлеріміз Қылмыстық кодексте жезөкшелердің іс-әрекетін жауапқа тартуға байланысты бап қарастырылмағанын айтып дабыл қағуда. Тек жеңгетайлық жасағаны үшін 271 бапта қылмыстық жауапкершілік көрсетілген. Ал «түнгі көбелектер» бұл ісі үшін әкімшілік айыппұл алады. Оның да мөлшері тым төмен көрінеді. Тіпті, астаналық 25 жастағы аяғы ауыр келіншек те ғаламторға бір түндік қызметін ұсынып, жарнама бергені жұрттың жағасын ұстатты.

  Бұл аз десеңіз, елімізде «жеңіл жүрісті жігіттеріміздің» «қызметі» ерекше дамып келеді. Тіпті, ақшаға сатылатын еркектер туралы арнайы сайттар бар. Оған тіркелгендер қатары жетіп-артылады, былайша айтқанда бәсекелестік қызып тұр.

  «Онда жүктелген суреттерде көбінің бет-жүзі емес, бұл мамандықтағы ең маңыздысы – дене, жыныс мүшелерінің бейнесі. Кәрім есімді суреті сайтта тұрған жігіт 24 жаста. Орал өңірінің тумасы. Бірде курстастарымен түнгі клубта отырғанда бір жігітпен танысқанын айтады. Әңгімелесе келе ол үлкен тәтелерді «ләззәтқа батыратынын» айтып, қаласаң арнайы сайтқа тіркейін, көп ақша табасың деп ұсыныс жасапты.  Ол кезде бас тартса да, бір қажеті болар деп телефонын алып қалған. Бірнеше күннен соң сайтқа тіркеліп, содан қоңыраулар түсе бастаған. Көбіне 30 бен 50 жас аралығындағы әйелдер хабарласатынын айтады Кәрім» – деп жазады 365 info.kz порталы...

  Жоғарыда келтіргенімдей, шетел асқан сәбилер тағдыры шынымен тамұқ. Соңғы 15 жылда 9 мыңға жуық еліміздің ертеңі әлемнің түпкір-түпкіріне сатылған. Естеріңізде болса, АҚШ елінің есі дұрыс деп танылған екі азаматы айуандыққа барып, Қазақстаннан асырап алған  балаларымен ұзақ жылдар бойы жыныстық қатынасқа түсіп келген. Сорақылығы сол, бума-бума қағаз жинап, жылдар бойы кезегін күткен қазақстандықтар шетте қалып, кезекте тұрмаған шетел азаматтары 457 баланы заңсыз сатып алған. Заң бойынша шетел асқан сәбилердің жағдайы турасында тиісті органдарға есеп беріп отыруы тиіс асырап алушы тарап. Алайда, 2005 жылдан бері 673 тұлымшағы желбіреген ұл-қыздарымыздың тағдыры жұмбақ күйінде қалып отыр. Бұған енді не деп налимыз?

  Әңгімеміздің әліппесінде айтқанымыз-дай-ақ адамның адамға жаны ашымаған, итше ырылдасып, достыққа емес қастыққа ұмтылатын дәуірдің дәл ортасында тұрмыз. «Бала – бауыр етіміз» дейміз. Адамтектес хайуандардың тырнағына жазықсыз ілігіп, тағдыры тәлкекке түскен сол бейкүнә балаларға біз шын араша түсіп жүрміз бе осы?

  Елді дүрліктiрген жасөспірімдер арасындағы суицид былай тұрсын, апта сайын айтылатын педофилияға қатысты ақпарға құлақ етіміз үйреніп қалды. Бұрын бұл терминнің не екенін ешкім білмейтін. Қазір педофильдің кім екенін екінің бірі жатқа соғады.

  Қазіргі қоғамда ай сайын жантүршігерлік жаңа ақпарат. Анығырақ болу үшін айтайық, орталық ақпарат құралдарында жыл басынан бері Ақтауда – 2, Ақтөбеде – 3, Көкшетауда – 2, Түркістанда – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 2, Қарағандыда – 1, Қызылордада – 1, Шығыс Қазақстан облысында – 4, Таразда – 1, Павлодарда – 1, Семейде – 1 сорақы оқиға орын алды деп жарыса жазып жатыр. Педофильдердің көпшілігі 8-10 жастағы қыздарға зорлық көрсеткен. Араларында 3-4 жасар бүлдіршіннің өмірін бүлдіргендер де бар. Арсыздар сәбилерді тәтті-мәтті әперіп немесе «әке-шешең шақырып жатыр» деп алдап әкеткен. Ел көзінен тысқары жерге апарып, арам ойын іске асырған. Арамниеттiлердiң көпшілігі қылығын, дұрысы қылмысын  мас күйінде жасағаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ, жауыздар бүлдіршіндерді мектептен шыққан кезінен бастап аңдып, адам аяғы саябырлаған жерде бас салғаны анықталды. Кейбірі қыздардан құмарын қандырған соң, босатып жіберсе, енді бірі «басқаларға айтып қояр» деп сескеніп, азаптап  өлтірген.  Тағы  бір  анықталғаны жәбірленгендердің көбісі өздерінің өгей әкелерінен зорлық көрген. Мысалы, Көкшетауда қанішер өгей әке 3 жасар сәбиді зорлаған. ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, айуан қызды  анасынан  ұрлап  әкетіп, 1000 доллар тауып беруін бұйырған. Ақшаны тапқанға дейін, сәбиді өз пәтерінде қамап ұстаған. Артынша араққа сылқия тойып алып, бүлдіршінді екі күн бойы зорлағаны анықталды. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысының Зырянов қаласында 41 жастағы жауыз өзінің 6-сыныпта оқитын өгей қызын 3 жыл бойы зорлап келгені белгілі болды. Айуан қызын болған оқиғаны біреуге жеткізер болса, өлтіретінін айтып қорқытыпты.  Бұл тек дәлелденгені ғана. Ал қорқыныштан ішқұса боп жүрген жасөспірімдеріміздің тағдыры айтуға ауыр.

  Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіннің өміріне қиянат жасағандарды жазалау мәселесі қандай? Бұл мәселе осыдан біраз уақыт бұрын Парламентте көтерілген. Ол кезде халық қалаулыларының азғантай бөлігі жауыздарды түгелімен жою керек десе, қалғандары оларды заң шеңберінен шықпай, жұмсақ жазалауды ұсынды. Заң дегеннен шығады, бізде, бізден былайғы бірқанша елде тұп-тура педофильге қатысты заң жоқ. Сылбырлықтың болатыны сондықтан. Қатаң жазалау болмағасын, айуандар бастапқы әдетін қайталап жатқаны. Біздегі заң педофильдерді «кәмелетке жетпеген балаларды азғырып, жыныстық зорлау жасады» деген айыппен ғана жазалай алады. Анығырақ айтқанда, заңдағы Парламент қабылдаған соңғы түзетуге сай 14 жасқа толмағандарға жыныстық зәбір көрсеткендерге 15-тен 20 жыл аралығында бас бостандығынан айыру көзделген. Ал кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартқандар 5-тен 10 жылға дейін арқалайды.

  Психологтар педофильді түрме «түзейді» дегенге сенбейді. Психолог Жанна Сыпатайқызы: «Абақтыға отырып келгенмен, олар бастапқы әдетінен айыға алмай, бұл тірлікке қайта барады. Тіпті кей жағдайда түрмеде «тәртіпті» болғандарды мерзімінен бұрын босатып жібереді. Сондықтан, оларды түрмеге емес, жындыханаға жабу керек», – деген пікірде. Ал психотерапевт Ғалия Құдиярова болса: «Мұны ауру деп анық айта алмайсыз. Өйткені олар қылмысқа барғандарын біледі, жазаның да жеңіл екеніне еттері үйренген. Оларды мүлдем қоғамнан құрту керек. Мұндай адамдарды емдеу мүмкін емес», – дейді.

  Бұрынғылар: «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесер» деген екен. Бұл заңға да, тәрбиеге де тиесілі сөз. Бірінші, адам кейпіндегі айуандарды жазалау күшеюі тиіс.

 Екінші, ана тілінің нәрін, ата-бабасының әуезді әнін санасына сіңіріп, бесік тербеген аналарымыз азайғаны ащы да болса ақиқат. Өсе келе ертегімен елітіп, мақал-мәтел арқылы жақсыға үйретіп, жаманнан жерітіп отырған ата-әжелеріміз де жоқтың қасы. Сөз төркіні сол, ұлттық тәрбиеден алыстап, тамырымыздан ажырап барамыз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының көксегені де осы: тарихи тамырымыздан көктеу. Себебі, тегінен ажыраған ұлт, өзге тамырдан нәр іздейді. Осы ретте әрбір тұлға, әр ата-ана ұлттық тәрбиені жас буынның санасына сіңіруде еңбек ету керек. Әлбетте, бабалар ұлағаты – ақпараттық майдан заманында жас буынға шамшырақ. Сіз ұлыңызды намыс-ты, қызыңызды қылықты етіп тәрбиелеу арқылы ел ертеңіне зор пайда әкелесіз. Себебі, үздік отыз елдің қатарына қанша кірсек те, тамырынан ажыраған елдің ертеңі жоқ екенін ұмытпағанымыз абзал.

  Мөңке би жырлаған кер заманның кері енді келгендей. «Аттың жүйрігі кетіп шабаны қалар, адамның жақсысы кетіп жаманы қалар, ақылы жоқ санасыздың заманы болар» деген болжамды сөзі құдды бүгінгінің бейнесін айқын айшықтағандай. Көмекей әулие аталып кеткен кешегі Бұқар жырау да болашақты бағамдауы еріксіз таңданыс тудырып, таңдай қақтырады. «Келешек қасқырдай жауыз, түлкіниеттілер қаптаған заман болады» деп болжаған екен. Ештен кеш жақсы, ағайын. Еліміздің ертеңіне шын алаңдаушылық білдірсек, әр істі өзімізден бастайық. Тәрбиені түзейік, тоқпақ жалды торпаңды ерттеп мініп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге иелік еткен баһадүр бабалар ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Алтынға бергісіз асыл сөздерін, күн сөнгенше сөнбейтін даңғыл жолдарын ұлықтайық.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Бейсенбі, 29 Қараша 2018 14:58

«Ғасыр үнімен» үндескен ақын

   Өмірін өлеңмен өріп, шығарма-шылығын журналистикамен шыңдаған, қалтарысы мен бұлтарысы көп тағдыр жолында шалынбай, құласа да қайта тұрып алға ұмтылған қайсар жан Шаяхмет Құсайынұлының шығармашылығына 50 жыл толған мерейтойына куә болдық жуырда. Халықаралық Жазушылар, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер одақтарының мүше-сі, ауданның «Құрметті азаматы», «Құрметті туындыгері», 2010 жылғы республикалық «Қазақстан» телеарнасының «Таңғы шық» мүшәйрасының бас жүлдегері, «Хабар» АК-нің «Білім және Мәдениет» телеарнасының 2015 жылғы       «Наурыз жыр» мүшәйрасының лауреаты Шаяхмет ағаның кеші Есік қаласындағы археологиялық-өлкетану мұражайында, сол қастерлі мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтті.

   Алғашқы құттықтау сөзімен ортаға шыққан халықаралық «Қазақстан Заман» газетінің редакторы, жазушы, журналист, мәдениет қайраткері Ертай Айғалиұлы шығармашылық кеш иесінің қандай журналист, ақын, жазушы екенін айта келе адамдық қасиеттерін, өмірге құштарлығын бәрінен жоғары қойды. Сонымен қатар, атаулы күнде Шаяхмет Құсайынұлына Қазақстан Журналистер одағының атынан «Қазақстанның құрметті жур-налисі» медалін тақты кеудесіне жарқыратып. «Алғашқы кітабын маған беріп еді», – деп естеліктерімен бөліскен аудандық әйелдер одағының төрайымы Роза Исатаева бүгінде Шаяхмет Құсайынұлының қандай биік белестерді бағындырғанын тілге тиек етті. Кештің өтуіне негізгі себеп болған – Алматы облысының әкімі А.Баталовтың қолдауымен жарық көрген Шаяхмет Құсайынұлының «Ғасыр үні» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, қонақтарға сиясы кеппеген кітаптары сыйға тартылды.

   «Ән өнеріндегі ұстаздарым бір төбе болса, өлеңге деген қызығушылы-ғымды оятқан Шаяхмет ағам ұстазым ретінде өзі бір төбе», – деген Арайлым Мамырбекова ақын ағасына арнауын       айтып, сөзіне жазылған әндерден шырқады қасиетті қара домбырамен. Рахат №1 орта мектебінің оқушылары ақын Шаяхмет Құсайынұлының шығармашылығынан өлеңдер оқып, ән салып, би билеп қонақтардың қошеметіне бөленді. Өз ауданының сегіз қырлы, бір сырлы азаматын қолдап келген қонақтардың бәрі де жылы лебіздері мен ақ тілектерін арнап, ақынның көңілін асқақтатып жіберді. Бұдан сәл кейінірек аудан әкімі Бинәлі Ысқақ журналист жазушы, ақын Шаяхмет Құсайынұлына Алғыс хат тапсырып, шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестік білдірді.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

   21 ноября нынешнего года в 11:00 часов в актовом зале акимата Енбекшиказахского района прошло очередное заседание Совета молодежи при акимате района. На повестке дня были подняты и рассмотрены 3 вопроса. Подведение итогов работы «Молодежного ресурсного центра района» за 2018 год; доклады по работе, проводимой в целях улучшения работы с молодежью в сельской местности, в соответствии с прямым поручением Главы государства всесторонней поддержки сельской молодежи; ознакомление с работой инструкторов по делам молодежи, работающих в сельских округах. Совещание провел руководитель районного отдела внутренней политики Исламов Момунжан Акваржанович. На совещание были приглашены члены Совета, заместители акимов сельских округов и  инструктора по делам молодежи, председатели и члены комитета Енбекшиказахского района.

   Согласно штатному расписанию с апреля 2013 года в молодежном ресурсном  центре работают пять сотрудников. Совет молодежи при акимате района проводится в каждом полугодии, анализирует и обобщает системную работу с молодежью.

   По первому вопросу повестки дня с отчетом о проделанной работе данного молодежного ресурсного центра за 2018 год выступил руководитель молодежного ресурсного центра Енбекшиказахского района Илебаев Айбек Касымханович. По второму вопросу повестки дня заседания Совета выступил заместитель акима Масакского сельского округа Абдакимов Куат Бекешевич по работе, проводимой в целях улучшения работы с молодежью в сельской местности, всесторонней поддержки сельской молодежи. По третьему вопросу повестки дня, согласно поручению Главой государства в целях ознакомления с работой методистов по делам молодежи, работающих в сельских округах, обобщения и ознакомления с планами на предстоящий год с докладом выступила инструктор по делам молодежи Балтабайского сельского округа Хуршудова Зульфия Акифовна.

   Председатель совета Момунжан Акваржанович высказал свои вопросы и предложения выступающим. В конце совещания представители различных сфер и призеры областных соревнований, которые вносят свой вклад в развитие молодежной политики района были награждены благодарственными письмами акима района Б. Ыскака и руководителя управления по вопросам молодежной политики Алматинской области Е.Жакупова.


«Молодежный ресурсный центр Енбекшиказахского района»

Сенбі, 24 Қараша 2018 10:06

Жастар кеңесі

   Үстіміздегі жылдың 21 қараша күні сағат 11:00-де Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы жастар кеңесінің кезекті отырысы өткізілді. Күн тәртібінде 3 мәселе көтеріліп, қарастырылды. Аудандық жастар ресурстық орталығының 2018 жылда атқарған жұмыстарын қортындылау; Ауылдық жерлердегі жастармен жұмысты жақсарту, ауыл жастарын жан – жақты қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша баяндамалар; Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, ауылдық округтерге жұмыс жасап жатқан жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылардың жұмысымен танысу. Кеңесті аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исламов Момунжан Акваржанович ашып, жүргізді. Кеңеске кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарылары мен жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар және жастар ісі жөніндегі комитет төрағалар мен мүшелері шақырылған болатын. Шақырылғандардың барлығы қатысты.

   Ауданымызда жастар орталығы 2013 жылдың сәуір айынан бастап, штаттық кестеге сәйкес бес қызметкер жұмыс атқарып келеді. Аудан әкімдігі жанындағы жастар кеңесі әр жарты жылдықта өткізіліп, жастармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарды саралып, қорытындылап отырлады. Осы аталмыш жастар ресурстық орталығының 2018 жылы атқарылған жұмыстарымен таныстыру үшін яғни күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алғашқы сәз орталық жетекшісі Ілебаев Айбек Қасымханұлына есеп берді. Кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе ауылдық жерлердегі жастармен жұмысты жақсарту, ауыл жастарын жан – жақты қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша Масақ ауылдық округінің әкімінің орынбасары Абдакимов Қуат Бекешұлы есеп берді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, ауылдық округтерге жұмыс жасап жатқан жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылардың жұмысымен танысу, қорытындылау және келер жылға жоспарларымен танысу мақсатында Хуршудова Зульфия Акифовна баяндама жасады.

   Кеңес төрағасы Момунжан Акваржанович баяндама жасаушыларға өз тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар білдірді. Кеңес соңында аудандағы жастар саясатының жамуына өз үлестерін қосып жүрген, облыстық жарыстарды жүлдегерлері мен әр сала белсенділері аудан әкімі Б.Ысқақтың және Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Жакуповтың алғыс хаттарымен марапатталды.

 

 «Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы»

   21 ноября 2018 года на официальном сайте Нурсултана Назарбаева опубликована еще одна статья Лидера нации «Семь граней Великой степи», направленная на развитие духовного мира и процветания казахской истории. В Связи с этим в Алматинской области прошел круглый стол с лидерами общественного мнения, ученными и представителями СМИ.

   «В своей статье «Семь граней Великой степи» Лидер нации разъяснил народу, что история нашего народа ничем не уступает истории других стран. Действительно, есть множество фактов, которые доказывают, что у наших предков была неразрывная связь с передовыми технологическими новациями своего времени. К примеру, «звериный стиль», который является одной из высочайших вершин в мировом искусстве. А также то, что Казахстан – это родина яблок и тюльпанов. Ведь это научно уже доказано. В наших краях растет прародительница всех яблонь Земли- яблоня Сиверса. Этим должны гордиться все граждане великой степи. Молодому поколению необходимо прививать знания своих предков, истории и происхождения», - поделился научный сотрудник научно-образовательного центра «Рухани жаңғыру» Жетысуского государственного университета имени И.Жансугурова, доктор философских наук, профессор Аманжол Касабек .

  Необходимо отметить, статья Главы государства направлена на воспитание патриотизма и любви к Родине, сохранение исторического наследия, традиций, языка.

  Как подчеркнул Олимпийский чемпион Жаксылык Ушкемпиров, в новой статье, Президент поднял очень актуальный и стратегический вопрос для развития и светлого будущего нашей страны.

  «Я с огромным воодушевлением воспринял статью Елбасы. Наша задача - донести суть данного документа, пробудить в сердцах нашей молодежи патриотизм, любовь и стремление честно служить народу», - рассказал он.

  К слову, «Семь граней Великой степи» является продолжением программной статьи «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания», которая нашла широкий отклик в Казахстанском обществе. В связи с этим редактор областной газеты «Жетысу», Амре Арын, который активно принимал участие в реализации «Рухани Жангыру» выразил свое мнение по новой программе. По его мнению, поднятие вопроса происхождения казахского народа и факта, что многое является выходцами из нашей Великой степи, очень актуально.

  «С Великой нашей степи распространилась цивилизация во все участки земли. С момента, когда наши предки приручили лошадь, с начала обработки металлов, с появления Великого шелкового пути наши предки были у истоков развития человечества. Даже первый алфавит появился тут. Наш Глава государства смог умело и воодушевляющие донести все факты в своей статье», - с гордостью отметил он.

  Необходимо отметить, опубликованные статьи Лидера нации направлены на сплочение, процветание страны. Перед Казахстанцами стоят большие задачи, и долг каждого единым народом достичь их.

 

Асель Досанова

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2025

Адам папилломасы вирусына қарсы…

Адам папилломасы вирусы (әрі қарай АПВ) – адам ағзасында кездесетін вирустар тобы, олар…
Мам 06, 2025

Бруцеллездің алдын алу бойынша…

Бруцеллез адам мен ауылшаруашылық жануарларға ортақ, аса қауіпті жұқпалы ауру. Бруцеллез…
Мам 06, 2025

Қазақстан мен Вьетнам Әділет…

Бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық…
Мам 06, 2025

Қазақстан мен Вьетнам Әділет…

Бүгін Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық…
Мам 06, 2025

Бывшие студенты военных учебных…

Бывшие студенты военных учебных заведений могут подать заявку на восстановление в учебном…
Мам 06, 2025

Әскери орындарының бұрынғы…

Әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттары оқу орнына түсу үшін үйден шықпай-ақ оқуға…
Мам 06, 2025

Китай, Россия и Италия — лидеры во…

В 2024 году Казахстан продемонстрировал стабильный рост внешнеэкономической активности,…
Мам 06, 2025

Қытай, Ресей және Италия –…

2024 жылы Қазақстан сыртқы экономикалық қарым-қатынасы тұрақты өсуіп, дәстүрлі…
Мам 06, 2025

Правовое просвещение студентов

В рамках реализации концепции «Закон и Порядок» состоялась встреча прокурора города…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет