Бейсенбі, 23 Қыркүйек 2021 10:01

Тұралап тұрған туризмді тірілтсек

Еңбекшіқазақ ауданының табиғаты таңғажайып, тарихы да тереңнен тамыр алады. Мұндағы тау-тастың барлығы кешегі күннен сыр шертіп, бойына мол мұраны жасырып жатыр десек, артық айтқандық емес. Алысқа бармай-ақ, Алтын адамды айталық. Тәуелсіздігіміздің символына айналып, бүкіл әлем жұртына Қазақ елін танытып тұрған алтын киімді адам біздің ауданнан табылды емес пе?! Бұл да – туризмді дамытуда үлкен маңызға ие фактордың бірі. Бірақ пайдалана алып отырмыз ба?

Жауап – өкінішті. Өзгеге бұйырмаған бұл мүмкіндікті «місе тұтпай» келе жатқанымызға 50 жылдан асыпты. Иә, 1970 жылы «Есік қаласынан алтын киімді адам табылды» деген жаңалық жер жүзіне әп-сәтте таралып, әлемнің түкпір-түкпірінен бізге ағылған халықтың нөпірі көп еді. Қызығушылық танытқан ғалымдар түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Алтын адам табылған жердің тынысымен танысуға ауданға арнайы келген-ді. Жарты ғасыр өтсе де, ғалымның да, қараның да бұл қызығушылығы жойылған жоқ. Демек, аталған істі бір жолға қойса, Еңбекшіқазақ ауданының ғана емес, елдегі туризмнің дамуына үлкен қадам жасалар еді. Өйткені өркендеп жатқан технология заманында археологиялық ескерткіштерге деген қызығушылық еселеп артып отыр. Онысы түсінікті, озық технологиялармен ескерткішті жаңа қырынан танып, ол табылған киелі жерді кеңінен зерттеп-білуге мүмкіндік молайды. Тек сол мүмкіндікті игере алмай отырғанымыз тағы жаныңа батады.

Жаныңа бататыны – ол ғана емес. Ауданымызда Алтын адам табылған обалалардан бөлек те тарихи ескерткіш – қорғандар мен өзге де археологиялық нысандар жетерлік. Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне зер салсақ, онда ауданымызда тіркелген 200-ден астам тарихи мұраның барына көз жеткізуге болады. Олар, негізінен, аудан орталығына жақын – Түрген, Қайназар, Рахат, Қаракемер сынды ауылдарда, арысы – Асы мен Шелек маңында орналасқан. Яғни алыс, не жетуі қиын тау-тастың басында емес, туристерге туристік нысан ретінде көрсетуге ыңғайлы, жақын маңда да жетерлік. Айтпақшы, тау демекші, айналамыздағы үлкенді-кішілі тауларда тасқа қашалған петроглифтер де баршылық. Мысалы, Есік өзенінің биік тау жоталарының біріндегі «Қыземшек» петроглифтеріне жету қиын десеңіз, Таутүргеннің басындағы Күйік тауында, жаяу бір сағаттық жерде-ақ тасқа жазылған тарихты кездестіре аласыз. Тек оған апарар жалғызаяқ соқпақтың да жоғы – аудандағы туризмнің халінен хабар беріп тұрғандай. Олай дейтініміз, тарихи орындар мен ескерткіштерді насихаттау мен қорғауды мақсат ететін археотуризмнен де түсер пайда аз емес. Тек соның жолын жүйелі жасай білу маңызды.

Туризмге тұғыр болар фактордың бірі – тамаша табиғат. Ауданымыздың кең байтақ территориясы одан да құр алақан емес. Оңтүстігін Іле Алатауының Қараш, шығысын, оңтүстік-шығысын Бақай тауыСарытауСөгетіТорайғыр таулары, қиыр шығысын Сөгеті жазығы алып жатқан ауданымызда тау-тас та, мыңдаған жылдардың куәгері болып тұрған ормандар, жазық дала мен өзен-су да, биік таулардың басында мореналық көлдер де бар. Іле Алатауының теріскей баурайындағы әсем шатқалдардың бірі Есік шатқалында, теңіз деңгейінен 1759 м биіктікте орналасқан Есік көлінің өзі көз сүйсіндірер сұлулыққа ие.

Тарих парақтарына үңілсек, 1958 жылдың көктеміндегі Қазақ ССР министрлер кеңесінің «Есік көлінде еңбекшілердің мәдени демалысын қамтамасыз ету туралы» қаулысы қабылданғаннан кейін демалыс инфрақұрылымы мейлінше қарқынды дамып, Есік өзенінің шатқалымен сапалы тас жолы төселген, көл жағасына 100 орындық екі қабатты қонақүй, мейрамхана, би алаңдары, фотосалон, монша, шаштараз сияқты нысандар салынып, жұмыс істеген екен. Көлдің суы суық болғандықтан, демалушылар айдынның оңтүстік жағасында кездесетін құмдауыт жерлерде күнге қыздырынып, катер, қайық және өзен трамвайларымен таңғажайып табиғатты тамашалап, серуендеген. Қауіпсіздікті қадағалап отыратын арнайы құтқару отряды да болған. 1959 жылдан 1963 жылдың шілдесіне дейін Есік көліне саяхаттау Алматыға жолы түскен Мәскеу мен шетелдік мәртебелі меймандардың сапар бағдарламаларына кірген екен. Осы деректерді оқып отырып-ақ қызықтым. Өкініштісі, қазір мұның бірі де жоқ. Туризмге жауапты аудандық кәсіпкерлік бөлімінен туризм саласын дамыту бойынша қандай іс тындырылып жатқанын сұрағанымда осы Есік көліне қатысты алған жауабым мынандай: «Еңбекшіқазақ ауданында тау туризмін дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Мысалы, Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің тау кластері. Осыған орай, Есік көлінің аумағында биодәретханаларды, жеке гигиена пункттерін, қоқыс жинағыштар мен қоқыс жәшіктерін, көрнекі ақпараттық стендтер мен нұсқаулықтар орнату, телефон және интернет мәселесін пысықтау, сондай-ақ туристердің демалыс объектілерін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде» (ақпарат еш өңдеусіз, қаз-қалпында берілді). Мұның өзі де тек былтырдан бастап қолға алынған болатын. Ал енді осы жасалған жұмысты 1958 жылғымен салыстырып көріңіз. Иә, мұнда ескерер бір жайт бар. 1963 жылғы 7 шілдеде болған жойқын тасқыннан кейін бұл жерде селден қорғайтын бөгеттер салынып, Есік көлі демалыс аймағы емес, селден қорғайтын бөгет ретінде қалыптасты. Дегенмен, табиғатты тамашалауға мұнда ел ішіндегі алыс-жақын қалалардан ғана емес, шетелден де ағылып жатқан адамдар көп. Осы орайда олардың қауіпсізідігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымның қажет екені сөзсіз. Әрі көл мен табиғатқа деген елдің үлкен қызығушылығын жоғалтып алмай, бұл сұранысты туризмді дамытуға пайдалану керек-ақ.

Аудан аумағында туристік нысан болуға сұранып тұрған Шелек, Қорам мен Түргендегі ыстық сулар мен минералды бұлақтар да баршылық. Кәсіптің көзін тапса, демалыспен қатар денсаулық үшін де бұлардың маңызы мол болар еді. Қазақтың дарқан көңілі сияқты ұлан-ғайыр даласы да жаныңа рахат сыйлайды ғой. Мысалы, Асы жайлауына табан тіресең-ақ көңілің шалқып, әсемдікпен, табиғаттың тамашасымен марқаясың. Түрген шатқалындағы әдеміліктің де жөні бөлек. Түргендегі сарқырамалар, Тянь-Шань шыршасы өсетін Шыңтүрген шыршалығы, табиғаттың бар байлығын біріктіріп тұрған «Алматы» мемлекеттік табиғи қорығы, Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, тб. Мұның бәрі де аудан аумағында туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Осынау әлеуетті дұрыс пайдалана білсек.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Оқылды 917 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Алар асу көп Партиялық бақылауда »

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет