Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауы еліміздің экономикасына жаңа серпін беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған.
Бұл саяси маңызды құжатта Президент қоғам талқысында жүрген өзекті мәселелерді шешу тетіктерін көрсетіп, еліміздің даму жоспарын айқындап берді. Кез-келген қоғамда білім беру ісі – аса маңызды сала. Сондықтан, білім беру жүйесін заман талабына сай жасақтап, материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Сонымен қатар, үш ауысымда білім беретін мектептерді жою да күн тәртібінен түскен емес. Осындай маңызды мәселелерді көтерген Мемлекет басшысы білім беру саласындағы түйінді түйіткілдердің түйінін тарқату керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жоспарлар да ауқымды. «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» – деді Қ.Тоқаев. Иә, Президент айтқан ұлттық жобаның шарапаты біздің ауданымызға да тимек. «Жайлы мектеп» жобасы аясында бүгінде Қаражота ауылында 300 орындық, Алмалы ауылында 600 орындық жаңа мектептер бой көтеруде. Келер жылы қос ауылдың оқушылары тікелей Президент тапсырмасымен салынған заманауи оқу ордаларында білім алады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «...Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек», – деді Президент. Бұл бағытта да ауданымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл Есік қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы, Жаңашар ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы, Ащыбұлақ ауылындағы А.Бубенцов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өтуде. Саяжай аумағынан 1500 оқушыға арналған жеке меншік мектеп бой көтеруде. Сонымен қатар, Нұрлы, Масақ орта мектебі мен Ащысай ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалықсметалық құжаттары әзірленуде. Әрине, бұның барлығы ел болашағының тізгінін ұстар азаматтар үшін жасалып жатқан игілік. «...Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді.Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал.Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет. Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз», – деп түйіндеді Президент білім беру саласын. Жолдауда Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту да қатаң бақылауында екенін қадап айтты. Әсіресе, тозығы жеткен жолдарды қалпына келтіру мәселесіне ерекше тоқталды. «...Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, АқтөбеАтырау-Астрахань, ТалдықорғанӨскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облыс аралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдістәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» – деді Қ.Тоқаев. Рас, қарым-қатынас көзіне айналған жолдар экономиканың ажырамас бөлігі. Жасыратыны жоқ, ел экономикасында жетекші рөл атқаратын жолдардың сапасына көңіл көншімейді. Осы олқылықтың орнын толтыру қажеттігін айтқан Президент Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.
Аудан аумағында да жол инфрақұрылымы дұрыс жолға қойылып келеді. Құлжа тас жолынан Есік қаласына апаратын жолдың күрделі жөндеу көрмегеніне ондаған жылдар болған. Биыл осы мәселе оң шешімін тауып, бюджеттен 7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тас жолдан қала орталығына дейінгі аралықта күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Ауылішілік жолдар да кезекпен жөнге келтіріліп, жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасалуда. Біздің ауданымыздың шаруалары үшін ең өзекті мәселеге айналған – суармалы су мәселесі де Жолдауда кеңінен айтылды. Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойында отырып, суармалы судан тапшылық көрген шаруалардың жанайқайы аудан, облыс әкімдігі мен министрлікке дейін жеткен болатын. Тозығы жеткен ирригация жүйелері де шаруалардың шамына батқан. Енді бұл проблемалар оң шешімін табуы тиіс. Себебі, Мемлекет басшысы құзырлы органға нақты тапсырмалар жүктеді. Президенттің айтуынша, ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет. «...Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аманесен өттік. Дегенмен, орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек. Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы қадап айтты.
Ұлттың саулығын қамтамасыз ету үшін саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор. Бұл мәселе Президенттің жіті бақылауында екенін өзі де бірнеше рет айтқан. Бұл жолы да спортты қолдайтынын жеткізді. «...Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым». Бүгінде өңірімізде де бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Спорт секцияларынан бөлек ауылдардың басым көпшілігінде воркаут, жаттығу алаңдары ашылып, жастардың сүйікті орнына айналды. Аудан әкімдігінің қолдауымен бұл игі шара жүйелі жалғаса бермек. Ұлты саулығы жолында медицина саласы жетекші рөл атқаратыны анық. Сол себепті де медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту әрі сақтандыру жүйесін де ретке келтіру қажет. Бұл ретте Қ.Тоқаев өз ұсынысын жеткізді Жолдауда. «...Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдердіқайтақарап, инвестиция тар туүшінақылғақонымдытарифтерұсынуқ ажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағымемлекеттік-жекеме ншікәріптестіккеқатыстыжаңанорматив тер мен ережелер әзірлеуі керек.
Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе.Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет», – деді Президент. Бұл сала бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауданаралық көпсалалы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңғыруда. Сондай-ақ, Балтабай ауылындағы дәрігерлік амбулатория жуыр да күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өткен, бюджеттік өтінім берілген. Жоба құны 173 млн теңге. Өрікті, Рахат, Талдыбұлақ, Қайыпов ауылдарында жаңа амбулаторияның сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінген. Оған қоса, Бәйтерек, Азат, Алға, Жаңашар ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар жуырда күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Жобалықсметалық құжат дайындауға 48 млн теңге бөлінген. Жалпы алғанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастыру керектегін атап өтті. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, қолдан келмейтін шаруа жоқ. Жолдауда атом электр стансасын салу үшін референдум өткізу туралы ұсынысы көпшіліктің талқысына түскені ақиқат. Президент айтқандай, бұл атүсті қарап, асығыс шешім шығаратын мәселе емес. Сондықтан, бір жыл бойы референдум өткізу мәселесі талқыланды. Президент Үкіметтің ұсынысын қолдады. АЭС салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді. «...Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін.Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын» – деді Қ.Тоқаев.
Иә, АЭС – тиімді энергия көзі, бірақ, қауіпі де жоқ емес. Десек те, әлемнің алпауыттары АЭС-ті тиімді пайдаланып, арзан энергияға қол жеткізіп отыр. Бұл тақырыпты талқылау бір мақаланың көлемне сыймасы анық. Сондықтан, газетіміздің алдағы сандарында атом электр стансасын салу туралы мәселелер талқыланады. Қорыта айтқанда, Президенттің дәстүрлі Жолдауын Қазақстан халқы асыға күткені анық. Себебі, мемлекетті дамыту, Әділетті Қазақстан құру жолындағы жұмыстың жүйелі атқарылуын айқындайтын саяси маңызды құжат барлық ведомстволарға міндеттер жүктеп, қазақстандықтардың әлеуметтік-тұмыстық жағдайының түзелуіне мүмкіндік сыйлайды.
С.НҰРАДИН.