Әрбір ұлттың әлем алдындағы болмысын өзіне тән мәдениеті қалыптастыратыны сөзсіз. Мемлекеттің мәртебесі мен даму жолында, тарихы мен болашағында мәдениет саласының маңызы бөлек. Соған сай үрдіске айналған «Ауылым – алтын бесігім» атты облыстық аудан, қала мәдениет күндері байқауы аталған саланың өрісінің кеңеюіне зор үлес қосып келеді. Осы күнге дейін облысымыздағы аудандар арасындағы мәдени байқауда біздің ауданымыз сан рет жеңіске жеткені елге аян. Өткен аптада Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде аталған байқау бойынша біздің ауданымыз жоғары деңгейде шара ұйымдастырды.
Байқауға төрелік еткен комиссия төрағасы, ақын-композитор, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-терме-шілер одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмеистрі Ғазиза Абдиева, әнші, ҚР мәде-ниет саласының үздігі Гүлшат Такежанова, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония әртісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Базаркүл Шарипова, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар сынды қазылар алқасы ауданымыздағы мәде-ниетіміздің тыныс-тіршілігімен танысты. Ең алдымен мәдениет үйінің алаңындағы үлкен сахна төрінде Жас-тар драма театры мен Қаракемер балалар театрының орындауында «Абылай хан» қойылымы көрсетілді. Сонымен қатар шеңбер бойымен тізілген этнос-тар мәдениеті мен спорттық ойындарға шолу жасалды. Әуелі қонақтарға қаз-қатар тізілген қазақ, славян, күрд, шешен, ұйғыр ұлттарының дастарханынан дәм татқызып, биге де кезек берілді. Аударыспақ, асық ату, садақ ату, күрес, бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тартыс сынды басқа да бірқатар ұлттық ойындар жекелей таныстырылды. Сонымен қатар, Дәркембай Шоқпаров, Алтын адам, Шелек өлкетану музейлері, Нұра ауылдық бүркітшілері өз еңбектерін көпшіліктің назарына ұсынды. Аула-дағы қойылымдар мәресіне жеткен соң, қонақтар Алаштың арда ақыны Тұманбай Молдағалиевтің ескеркішіне гүл шоқтарын қойды. Мәдениет үйінің ішінен концерт залына дейін аудандық кітапханалар көрмесі көрсетіліп, жыр-терме, айтыс үйірмелері де отты өлеңдерімен өнерлерін паш етті.
Мәдениет мерекесінің салтанатты бөлімінің бастауында көгілдір экраннан видео арқылы аудан көлемінде атқарылған мәдени іс-шаралар баяндалды. Бүгінгі таңда Еңбекшіқазақ ауданында 22 мәдениет үйі өнер өлкесін өркендетіп, 4 мұражай құнды жәдігерлерімізді дәріптеп, 22 кітапхана білім көкжиегін кеңейтіп халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ «Жетіқазына», «Асы саға» атты атбегілік, құсбегілік өнер де қарқынды дамып жатыр. Аудандық мәдениет үйінде қазіргі таңда 17 үйірме, «Ұлт аспаптар оркестрі», «Картал» би ұжымы, «Сувенир цирк», «Улыбка» және «Ирада» би ансамблі сынды 5 халықтық атағы бар ұжым еңбек етуде. Ал аудан көлемінде 144 үйірме 2267 баланың талабын шыңдауда. Биылғы жылы 50 млн теңге қаражат бөлініп, аудандық және ауылдық мәдениет үйлері дыбыс күшейткіш аппараттармен қамтамасыз етіліп, аудандық мәдениет үйінің сахнасына 60 шаршы метр көлемінде лэд экран орнатылып, заман талабына сай музыкалық аппараттар қойылып, сахналық киімдер тігілген.
Сонымен қатар, 300 мың халқы бар ауданымызда қашан да мәдениетпен егіз болып есептелетін спорт саласы да назардан тыс қалмағаны белгілі. Таныстырылым видеосындағы мәліметке сүйенсек, бүгінде ауданымызда ірі 3 спорт мектебінде 2724 спортшы тұрақты түрде спорттық секцияларға қатысуда, 105 жаттықтырушы жасөспірімдердің қанатын қатайтуда. Аудан бойынша 390 спорт нысаны 2 спорт кешені, 92 спорт залдары, 22 шағын футбол алаңы, 274 спорт алаңдары бар.
Салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімі Талғат Байеділов мәдениет – ел өмірінің айнасы, яғни ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан салт-дәстүріміздің жиынтығы мен рухниятымыздың келбеті, халқы-мыздың ұлттық бірегейлігінің негізі, барша құндылықтарымыздың бастауы, асыл мұрасы екендігін тілге тиек етті.
– Қай кезеңде де, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың бағдарлы болашағының бастауы болатыны сөзсіз. Мәдениеттің өсуі, дамуы – еліміздің, ұлтымыздың өсуімен тең. Бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың шежіресі, көнекөз естелігі, ең алдымен оның әні мен күйінде, жыр-толғауында, тұрмыста қолданбалы өнерінде тоғысқан. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұла-малығы, Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Бұл тұрғысынын, көз қиясынан менмұндалаған Алатаудың етегі, сақ пен ғұнның мекені, қойнауы қазыналы, шежіресі мағыналы Бақай тауынан бас-талып, Қараш тауына жетіп шектелетін асқар шыңдары аспанымен астасқан киелі ауданымыздан шыққан Тұманбай Молдағалиев, Дәркембай Шоқпарұлы, Айша Ғалымбаева, Шәрбану Құмарова, Тоқтасын Әбілезов, Тұрлығазы Шаяхметов, Куддус Кужамьяров, Естеу Нүсіпбеков, Гулвира Тұрсынқызы, Хизмет Абдуллин, Кеңес Алпысбаев, Мұрат Тоқашбаев, Әлібек Нұрқожа сынды танымал азаматтардан кенде емеспіз.
Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақ-сатымыз. Оны сақтау, өскелең ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың парызы болып қалмақ. Бүгінде технологияның ілгерілеп, кешегі ақпараттың мән-маңызы бәсеңсігеніне қарамастан, рухани жауһарларымыз бен мәдени құндылықтарымызды мәйек етіп қана әлемдік қауымдастық алдында егемен еліміздің абыройын үстем ете аламыз. Сондай-ақ, бүгінде халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан.
Бұл – қалам сертін қалтқысыз атқа-рып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын мұражай, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапхана, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр, ауылдардағы халық шығармашылығы, мәдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі мен рөлі ерекше. Сондықтан ауданымызда мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша азамтарға, мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс білдіремін – дей келе «Ауылым – алтын бесігім» жобасының мақсат-маңызына тоқталып, көпшілікті мәдениет мерекесімен құттықтап, тілегін білдірді.
Әкім сөзінен кейін, ауданымыздың мәдениет қызметкерлері әзірлеген концерттік бағдарламаға кезек берілді. Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Шеге ариясы», Нұртас Қайратұлы, Ләлә Бақытнұрқызы сынды өнер жұлдыздарының опера жанрындағы әндері, Жастар драма театрының Тұманбай Молдағалиев туралы қойылымы, «Гүлләвлә», «Ясмин», «Улыбка», «Картал» би ан-самбльдерінің туындылары, басқа да мәдениеттің ошағын сөндірмей жүрген өнерпаздарымыз үлкен қошеметке ие болды. Жоғары деңгейде ұйымдасты-рылған ауқымды шарадан ауданымыз-дың тыңғылықты дайындығы мен үлкен еңбегі бірден көзге көрінді.
Мереке соңында сөз алған қазы-лар алқасының төрағасы, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров өз ойын білдірді:
– Ұлттық өнер мен мәдениет барша жанға керек. «Ауылым – алтын бесігім» байқауы бойынша Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарын аралап сіздерге де келіп жатырмыз. Аталған жоба келер ұрпақтың тәрбиелі, тәлімді, рухты болып өсу жолында, этностардың береке-бірлігін арттыру жолында берері өте мол. Жілік майы толған аттай Еңбекшіқазақ ауданына облысымыздың да артар сенімі зор. Жері шұрайлы, елі шырайлы өлкеде адамға тән білім, парасат, еңбек, жауапкершілік деген дүниені сезіне алатын ұрпақтардың өсіп жатқанына біз бұрыннан куәміз – дей келе облыстық, республикалық шараларда да белсенділік танытудан жаңылмаған мәдениет саласындағы қызметкерлерімізге ыстық ықыласы мен жүрекжарды ниетін жеткізіп, жарыс қорытындысы қараша айында шығатынын мәлімдеді.
Ринат НАРХАНОВ.