Алматы облысында коронавирустық инфекциямен күресу жұмыстары жалғасуда, осыған сәйкес қажетті шектеулермен карантиндік режим сақталуда. Облыста қазан, қараша, желтоқсан айларында індеттің өсу қарқыны үдеп отыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуы бойынша елімізде аурудың максималды өсуі 2021 жылдың қаңтар, ақпан айларында орын алады деп болжануда.

Жетісу өңірінде соңғы аптадағы мәліметтер бойынша коронавируспен ауырғандардың өсу қарқыны 0,7% құрап, соңғы тәулікте 61 жағдайы анықталған.

Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустың 6725 жағдайы тіркелді, оның 5758-і емделіп шықты.

«Стационарлық емдеуде 328 адам жатыр, реанимация бөлімшесінде 22, ИВЛ аппаратына 1 адам қосылған. Талдықорған қаласындағы жаңа облыстық инфекциялық ауруханасында 58 пациент ем алуда.Науқастарға барлық медициналық көмектер көрсетілуде. Өкінішке орай осы айда 12 адам осы індеттен көз жұмды. Қайтыс болған азаматтардың көпшілігі дәрігерлердің көмегіне кеш хабарласуы болып отыр»,-деді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Науқастарға медициналық мекемелер жанынан құрылған 391 мобильді бригада амбулаториялық көмекті үйде көрсетуде. Тек қана желтоқсан айында мобильді бригадаға 10 мыңнан астам шақыру келіп түскен.

Бүгінде облыста 10 зертхана жұмыс істейді. Қазіргі күнге 333,2 мың зерттеу жүргізілген. Желтоқсан айының 1-нен бастап 53 мың адам тестілеуден өтті, ондағы 978 тұрғында оң нәтиже анықталып, оның ішінде 339 азамат ауырғандармен қарым-қатынас орнатқан.

«Соңғы айда Талдықорған, Текелі қалаларында, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Көксу, Талғар, Іле, Ұйғыр аудандарында індетке шалдыққандар саны көп тіркелген.

Мамандардың берген ақпарына сүйенсек, Панфилов ауданы қызыл аймақта тұр. Талдықорған, Текелі қалалары, Көксу, Ұйғыр аудандары сары аймақта. Бұдан әрі кеселді өршітпеу үшін, сақтық шараларын сақтау мақсатында облыс көлемінде 8 санитарлық бекеттер жұмыс істеуде»,- дейді Батыржан Құлаймергенұлы.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай білім жүйесінеде әсер еткені жасырын емес. Негізінде өңірде 2020-2021 оқу жылының ІІ тоқсанынында жалпы орта білім беретін 760 мектепте 428 574 оқушы білім алуда. Соның ішінде 190 мектеп штаттық режимде жұмысын жалғастыруда, онда 15 742 оқушы оқиды. Аурудың таралу қарқыны үдеген аймақтарда, бірқатар білім нысандары қашықтықтан оқытуға ауысқан. Нақтылап өтсек, Панфилов ауданында 11 мектеп, Көксу ауданында -1, Текелі қаласында 1 білім ордасы онлай оқуға ауысып отыр.

Дегенмен, бұқара тарапынан штаттық режимде балаларымыз оқыса деген ұсыныстар келіп түсіп жатқаны тағы бар. Сондықтан да, ата-аналардың өтініші негізінде 4076 кезекші сыныптар ұйымдастырылып, онда 51448 (12 %) бала оқытылуда.

«ІІІ тоқсаннан бастап бітіруші сынып оқушыларды аралас форматта оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. 11 сынып оқушылары 17703, 9 сынып оқушылары – 30776. Пәндердің 70 %-і дәстүрлі түрде оқыту жоспарланған, атап айтқанда, математика, физика, биология, география, тарих, қазақ, орыс, шет тілдері, қалған информатика, өзін-өзі тану, көркем еңбек және т.б пәндер қашықтықтан оқытылады»,-деді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.

Облысымыздың жалпы білім беретін мектептеріндегі оқушылар арасында COVID-19 індетін жұқтырған 164 жағдайы тіркелген. Оның 148-і қашықтықтан білім алатын, 5 штаттық режимде оқитын мектепте, 11 кезекші сынып оқушылары. Бүгінгі 86 бала жазылып шықты, ал қалған 78-і ем қабылдауда, деп қорытындылады облыстың бас ұстазы.

Жұма, 25 Желтоқсан 2020 12:16

Шардан абажур жасаңыз

Қарапайым шардан әдемі абажур жасауға болатынын білесіз бе? Ол үшін көп нәрсе де, уақыт та керек емес. Ендеше, неге жасап көрмеске?

Абажур жасау үшін:

  • жіп
  • шар
  • вазелин
  • желім (түсқағаз желімі не ПВА) керек.

Алдымен жіпке желім сіңіріп аламыз. Жіптің түсін өз қалауыңызбен таңдайсыз.

Шарды үрлеп, айналдыра түгелдей вазелин жағыңыз.

Одан кейін шарды жіппен нығыз ораңыз. Ол үшін шардың жақсы үрленгені дұрыс.

Шарды жіппен орағанда жіптердің арасында үлкен-кішілі саңлаулардың болуын қадағалаңыз. әйтпесе, жарықтың шықпай қалатынын ескеріңіз.

Желімі әбден кепкенше 5-6 сағаттай, мүмкін болса, бір түн тұрсын.

Ал одан кейін шарды жарып, үлкенірек саңылаулардың бірінен шығарып алыңыз. Абажур дайын!

Тура осы тәсілмен шарлардың көлемін кішірек үрлеп, шыршаға ойыншық та жасауыңызға болады.

 

Дайындаған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Жұма, 25 Желтоқсан 2020 11:54

Доллар арзандады

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық қорытындылары бойынша, теңгенің 1 долларға қатысты бағамы арзандады.

Таңғы сауда-саттық мәліметтеріне қарағанда, доллар бағамы 24 желтоқсан күнінің кешімен салыстырғанда 0,32 теңгеге құлдырап, 1 доллар үшін 419,61 теңгені құраған.

Ұлттық банктің 25 желтоқсандағы ресми бағамы – 1 доллар үшін 419,89 теңге.

Kurs.kz мәліметінше, Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллардың сату бағамы 420,95 теңге, сатып алу – 419,40 теңге.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сату бағамы 420,99 теңгеден болса, ал сатып алу – 419,92 теңгені құрайды.

Пысық қыз-келіншектердің мерекелік дастарханға ерекше дайындалатыны сөзсіз. Тағамдар тек дәмді ғана емес, қараған көзді сүйсіндіріп, тәбетті ашар «әдемі» де болуы керек.

Ендеше, жаңа жылдық дастарханды қалай құлпыртуға болатынын көрелік. Жаңа жылдың негізгі белгісі – шыршаны жеміс-жидек пен азық-түліктен жасауға болатынын ұмытпаңыздар. Қиялдарыңызға ерік беріп, түрлі салаттар мен тіскебасарды, тәтті тоқаштарды да шыршаға айналдырыңыздар. Шыршаларыңыз мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, жеуге жарамды, тіл үйірер дәмді болсын.

Дәмді шырша жасаушыларға кеңес:

1. Кез келген салатты ыдысқа шырша пішінінде (конус) орналастыруға болады. Ал шырша ойыншықтары ретінде ірімшік, шұжық, зәйтүн, анар, черри қызанағын қолданыңыздар. Шыршаңызға жасыл түс беру үшін аскөк сияқты көк шөптерді пайдалансаңыз болады.

2. Жеміс-жидектермен көздің жауын алар қызыл-жасыл әдемі шырша жасаңыз. Ол үшін шыршаның негізі ретінде сәбіз, қияр сынды ұзындау көкөністерді қолданыңыз. Ал шыршаның аяқ жағы көлемді болуы үшін, әрі сәбізді нық орнықтыру үшін алма-алмұртты қажетіңізге жаратсаңыз болады. Тісшұқығыштың көмегімен жеміс-жидекті әдемілеп шыршаға орналастырыңыз.

3. Дастарханды әсемдеу үшін ірімшік, шұжықтардан, сондай-ақ жеміс пен көкөністен кішкентай шыршалар кесіп дайындауға болады

4. Шыршаның пішінінде тәтті тоқаштар пісіріңіздер. Ал шырша ойыншықтары ретінде торттың бетін әсемдеуіштерді (ұстақ тәттілер, түрлі-түсті крем, какао, шоколад және тб) қолданыңыздар.

5. Ірімшікті үшбұрыштап кесіп, бір-бірінің үстіне орналастыра отырып, шырша жасаңыз. Осы әдіспен шұжық пен қызанақ, қияр және басқалардан да әдемі шырша жасауға болады. Ортасына негіз ретінде қатты, әрі нық тұратын сәбізді жіңішкелеп кесіп немесе жіңішке таяқша пайдаланыңыз.

6. Тәттілерден де шырша жасап қоюға болады. Ол үшін орама қағаздары жылтырап тұратындарын таңдағаныңыз жөн.

Дайындаған Қ.МҰРАТҚЫЗЫ

Жұма, 25 Желтоқсан 2020 11:28

Бақыттың кілті неде?

Шағын бір қалашықта екі отбасы көрші тұрыпты. Бір үйдегі ерлі-зайыптылар күнде айғай-шу шығарып, жолдарының болмауын бірінен-бірі көріп, ұрсысып жатады екен. Бірге тұрғандары болмаса, мысық пен  итше ырылдасып, дауыстары далаға естілетін көрінеді.

Ал келесі үйден сыртқа тек сыңғырлаған күлкі мен әдемі әуен ғана естіледі екен. Бұл шаңырақтағы ерлі-зайыптылар үнемі қол ұстасып, құшақтасып жүріпті. Олардың бір-біріне қабақ шытқандарын да ешкім көрмеген екен. Көршілерінің мұндай бақытына қызғана қараған долы әйел күйеуіне:

— Мына үйге барып, олардың бақытының сырын біліп кел, – деп бұйырыпты. Бұл сұрақтың жауабын өзі де білгісі келіп жүрген жігіт көршісінің үйіне ұрлана кіріп, бір бұрышқа жасырынады. Ал ыңылдап әнін айтып, жиһаздардың шаңын сүртіп жүрген әйел оны байқамай да қалады. Көрші жігіт бұл үйдегі бақытты жандардың кіршіксіз қарым-қатынасына куә болуды ойлап, әйелдің әр ісін қалт жібермей қарап отырады. Әйел қолына қымбат құмыраны алып, сүрте бергенде телефон шырылдайды. Ол құмыраны үстелдің шетіне қоя салып, басқа бөлмеге жүгіріп кетеді. Сол уақытта жоғарғы қабаттан асығыс түскен күйеуі байқаусызда үстелдің шетінде тұрған құмыраны құлатып, сындырып алады.

«Міне, айғай басталды! Қымбат дүниені сындырды ғой!» деп ойлап, әлдебір айқайдың болатынына шүбәсіз сеніп, күтіп отырған көрші жігіт өзі мүлде күтпеген оқиғаға куә болады. Әйелі күйеуіне:

— Кешірші мені, қымбаттым! Мен кінәлімін. Асығып, үстелдің шетіне қоя салып едім, – дейді.

— Бұл не дегенің, сүйіктім?! Мен кінәлімін. Асығып жүріп, құмыраны байқамай, қолым тиіп кетті. Қой, болды. Ештеңе етпейді. Өзіміз аманбыз ғой, – дейді.

 Бұл көрініске куә болған көрші жігіт үйіне жүрегі ауырып, әрең келеді.

Әйелі:

— Неге сонша жоғалдың? Білдің бе олардың бақытының сырын? – деп сұрайды сабырсыздана айғайлап.

— Иә!

— Ендеше, айтсаңшы! Нені күтіп тұрсың?

— Олардың қарым-қатынасы біздікіндей емес, мүлде басқаша екен. Біз кінәні бір-бірімізден іздесек, олар кінәні тек өздерінен іздейді екен, – депті.

 

Отбасы бақыты сыйластықта. Сыйлай біліңіз, сыйлы болыңыз!

 

Аударған: Құралай Мұратқызы

Жұма, 25 Желтоқсан 2020 11:01

Әке тәрбиесі

Көпшілік бала тәрбиесін анаға жүктеп қояды. Ал бұл дұрыс емес. Өйткені бала тәрбиесінде ананың да, әкенің де ролі маңызды. Олардың әрқайсысының өз жауапкершіліктері бар. Әсіресе, ер бала тәрбиесі тікелей әкеге байланысты. Әке – ұлы үшін үлгі тұтар адам, өмірлік ұстаз.

Қыз анаға қарап өссе, ұл баланың әкеге қарап өсетіні түсінікті. Сондықтан кейбір әкелердің «Баламды материалдық жағынан қамтамасыз етсем болды, тәрбиесі шешесінің мойнында» деуі – үлкен қателік. Ендеше, әр әке ұлының бойына қандай қасиеттерді дарыта білуі керек?

Жауапкершілік

Ер жігіт бойындағы ең асыл қасиет – жауапкершілік. Сондықтан ұл баланы жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызы мол. Ал ол тәрбиені анадан гөрі әкесі нақты іспен дәлелдеп, өзі бергені дұрыс. Өйткені сөзінде тұра алмайтын, ауызбен айтқанын мойнымен көтере алмайтын жігіттің ер емес, нағыз ез екені түсінікті.

Тазалық

«Жуып, сүрту, жинау мен тазалау – әйел адамның міндеті ғой» дерсіздер бірден. Иә, бірақ кішкентай бала көргенін істейді. Ал тазалықпен тек анасының айналысып, әкесінің қол тигізбегенін көрген бала ол – тек ананың міндеті деп ұғып, өз артын жинауды қояды. Сондықтан әкенің міндеті – әр адам өз бойының тазалығына, айналасының тазалығына өзі жауапты екенін түсіндіру.

Тіс тазалау, беті-қол жуу, киім-кешектің тазалығы, жеке гигиена мен таза жүріп-тұру – мұның барлығының бастауы – тазалық. Киім ауыстыру, оны бүктеп жинау, тағысын тағы – әр баланың кішкентайынан меңгеретін негізгі міндеттері. Ол үшін, әке, өзіңіз үлгі болуыңыз керектігін ұмытпаңыз!

Қаржылық біліктілік

Балаларға қаржы жайында «лекция оқып», сабақ беру – ешқашан ерте болмайды. Ұл балалар ақшаның қадірін ерте ұғып, өз шығындарын дұрыс жоспарлауды да мейлінше ерте үйренсе, кейін үлкен өмірге өздігімен қадам басуы да оңай болмақ. Ендеше, ол үшін ерте бастан ұлыңызға әр теңгенің маңдай термен келетінін үйрете беріңіз. Ал уақыт өте үлкен шығындар мен отбасы бюджетін қамшыұстарыңызбен ақылдаса жоспарлауды әдетке айналдырыңыз.

Ұрыс-керісті шешу жолдарын үйретіңіз

Ұл балалар ерте жастан-ақ түрлі «оқиғаларға» жиі ұшырап жүреді. Ал кішігірім ұрыс-керістің аяғы жұдырықтасуға ұласып кетпеуі үшін оны шешу жолдарын үйретудің маңызы мол. Ондай жағдайларға тап болғанда шығу жолы қандай? Қай кезде өзін қорғап, жұдырыққа ерік беру керек, ал қай кезде кешірім жасау керек? Оны ер балаға ана емес, әке үйретуі керек.

Күйзеліспен күресе білу

Сабырлық таныту мен әрнәрсені ақылға салу – кез келген жағдайдан шығар жол екенін балаңызға ерте жастан үйретіңіз. Өйткені кішкентайынан төзімді болып өскен бала үлкен өмірге қадам басқанда қандай жағдай болмасын, күйзеліске түсіп, салын суға жіберіп отырмасы анық.

 

Дайындаған

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Жаңа жыл мерекесі көңілге қуаныш сыйлағанымен қарашаның тағдырын бір сәтте өзгеріп жіберері тағы бар. Жарқылдаған отшашулар, қызыққа толы кештің аяғы қайғылы оқиғаға ұласып жатады. Мұндайда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздікті басты назарға алу керек деп дабыл қағады.

Пиротехникалық заттарды пайдалану барысында халық жарақат алып, тіпті айналаны қызыл жалын шарпып кету қауіпі жоғары.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін төтеншеліктер полиция қызметкерлерімен бірлесіп пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Отшашуларды заңсыз сату бұл әуелі адам денсаулығына төтенше қауіпті. Бұл ретте мемлекет заң аясында  қатаң шараларды қолдануға мәжбүр.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды сақтау, тасымалдау, сату, әкелу, әкету тәртібін бұзу-жеке тұлғаларға пиротехникалық заттар мен, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдар тәркілене отырып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Жоғары да атлған заң жүзіндегі қабылданған шаралар сатушыларға арналған. Бұл елге тиер зардаптың бетін қайтарудың бір тәсілі ғана. «Сақтансаң, сақтаймын!» демекші, әр адам өзінің жеке бас қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоюы шарт. Бұл ретте мамандардың өзінідік ескертпелері бар.

«Отшашуды іске қосу үшін алаң тегіс болуы тиіс, оның үстінде ағаштар, электр беру желілері және басқа да кедергілер болмауы қажет. Сонымен қатар, ол тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта болуы керек»,-деді Талдықорған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Қанат Алтынбеков.

Жаңа жылда пиротехникалық бұйымдардан келетін залалмен қатар, күннің күрт сууынан үсік шалу жағдайы да орын алатыны ақиқат.

Мамандардың айтуынша, үсікке шалдығу қыстың суық мезгілінде қоршаған орта температурасы -10С - -20С төмен кезде болады. Көктемде және күзде ауа температурасы нөлден төмен кезінде далада көп уақыт, әсіресе ауа өте ылғалды және күшті жел болғанда да дененің үсіп қалу ықтималдығы жоғары болады.

Және де аязда тар және дымқыл киім мен аяқ киім кию, буындарының және жүрек-тамыр жүйесінің созылмалы аурулары, қан жоғалтумен болған ауыр механикалық зақымданулар, темекі шегу, алкогольдік мас болу  үсуге шалдығуға әкеп соқтырады.

Адам денесін үсік шалғаннан кейін профилактикалық шараларды орындай керек. Ол үшін ағзаны суық сумен шынықтыру қажет. Бұл қан айналымды жақсартып, суыққа төзімділікті арттырады. Сонымен қатар, киім кең әрі жылы болуы шарт.

 

 

 

Өткенге есеп, болашаққа бағдар қояр бұл жиын Жетісуда дәстүрлі өтіп келеді. Биыл да сән-салтанатты бұзбай, облыс әкімі Амандық Баталов өңірге еңбегі сіңген, қалтқысыз қызмет еткен зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер алқасын жаңа жыл қарсаңында қабылдады.

Жиынға шақыртылғандар санаулы. Олардың арасында аймақтың «Құрметті азаматтары, «Құрмет» орденінің иегерлері, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшелері бар. Ерте жастан еңбекке араласқан қарттарымызға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Өйткені, бірі тылда жұмыс істесе, ендігісі әлі күнге ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп келеді.

Салтанатты шара өзіне тән сәнімен басталып, қарияларды күмбірлеген күймен қарсы алды.Бұл кездесу, бұрынғыдан өзгерек десекте болады. Шараның алғашқы шымылдығы биылғы індет салдарынан бақилық болған ел азаматтарын еске алумен басталды. Артынша, өңірде атқарылған жұмыстар жайында әзірлеген бейнеролик көптің назарына ұсынылды.

Игі кездесудегі алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы алды. Өңір басшысы өз сөзінде «биылғы жылы жер шарын дүрліктірген пандемияға байланысты өздеріңізбен жүздесу мүмкіндігі көп болмады. Сондықтан да, араларыңыздағы мерейтой иелеріне өз ілтипатымды білдіремекпін»,- деп жиналған ардагерлерге өзінің ыстық ықыласын білдірді.

«Халық тарихында хатқа түспеген бір асыл заңдылық бар. Ол – үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту. Сіздер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар қиындықты көтеріп, елдің берекесін арттырып, қызмет жасадыңыздар. Елге бас болып, әр салада еңбектеніп, көштің көлікті болуына ықпал еткен – өздеріңіз болдыңыздар. Сол үшін алдыңғы буын ағалар – Сіздерге алғысымыз шексіз»,- деп сөзін сабақтады Амандық Баталов.

Салтанатты қабылдау шарасында Амандық Баталов Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Көксу ауданының Құрметті азаматы, Тәуелсіздік мерекесінде «Құрмет» орденін иеленген, облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Дина Нұрғалиқызын 80-жылдық мерейтойымен құттықтап құрмет көрсетті.

Басшының көрсеткен ықыласына ардагерлерде өз тарапынан алғысын білдірді. Солардың бірі, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт. «Пандемияға қарамастан біздің басмызды қосып, қабылдауыңызға шақырғаныңызға үлкен рахмет. Сіздің бастамаңызбен толайым табыстарға жетіп келеміз. Көзге көрініп тұрған іс болғандықтан ауыз толтырып айтуға болады. Тіпті облыстық Ардагерлер кеңесі қолға алған Абай

атамыздың 175 жылдығына орай, «Өлмей тұғын артында сөз қалдырған…» және «Ерліктің даңқы, Елдіктің нарқы» атты кітаптардың жарық көруіне тікелей өзіңіз мұрындық болдыңыз. Сол үшінде дән ризамыз. Еңбегіңіз жансын»,- деп сөзін қорытындылады.

Иә, өмірден көрген-түйгені мол абзал жандар, ақ сақалды қария мен ардақты аналар – бар жақсыға лайықты.Олардың ұрпақ ұлағатын арттырудағы орнының ерекше екені тайға таңба басқандай анық.

Жаңа жылдың қарсаңында, дөңгелек үстел басына жиналған қауымға Амандық Ғаббасұлы қиынға түскен жылға қарамастан жүзеге асқан жұмыстардың бір парасына тоқталып өтті. «Елбасының Жарлығымен құрылған Райымбек ауданының дамуына ерекше айта өткен жөн. Тоқырау жағдайында қалған ауданға елдер қайта ағыла бастады, бұрын жұмыс іздеп кеткен 2 мыңға жуық жастар ауданға қайта оралды. Жас мамандар үшін баспана салудамыз, осы жылы Тәуелсіздік күніне орай маңызды әкімшілік және әлеуметтік нысандарды пайдалануға бердік. Халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына қажетті қолдау тұрақты негізде көрсетілді атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 8 млрд. 879,9 млн. теңге бөлініп, 28 859 отбасыға немесе 85 мың адамға қолдау көрсетілді, оның ішінде - 21,4 мың бала. Осындай абыройлы табыстармен жаңа 2021 жылға қадам басып отырмыз. Маңызды кезең – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жақындадық»,- деді өз сөзінде.

Жасыратыны жоқ, Бұл сандардың артында ел ағаларының күнделікті еңбегімі, ортақ мақсатқа ұмтылуы, қазіргі және болашақ даму үшін берік іргетасты қалаған құрметті ардагерлердің қомақты үлесі тұр. Осыған орай, жетісулықтардың еңбегі биылғы жылы да елеусіз қалмады.Тәуелсіздік күніне орай облыстың 70-тен астам тұрғыны Президенттің Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды. Дария кеуде, тау мүсін ардақты ақсақалдардың орны бөлек. Халқымызда: «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекерге айтпаса керек. Көпті көрген көнекөз, абзал жандардың жастар тәрбиесіне араласып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қосар үлесі мол. Ардақтылардың өмір тәжірибелері алдағы уақытта да Жетісу өңірі мен елдің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Асыл жандардың ғұмыр көлігі жүрісін, жүрек сағаты соғуын тоқтатпасын. Алтын қазық ағаларымыз, ақ жаулықты аналарымыз аман болсын деген ниет қана біздегі.

Құрметті Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындары мен қонақтары!

Қыста алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, 112 – төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі жіберетін төтенше жағдайдың қаупі немесе туындауы туралы СМС хабарламаларын қадағалау қажет.

Әрбір автомобильде міндетті түрде төтенше жағдайда өмірді құтқаратын заттар – дәнекерлеу шамдары, тростар, дөңгелектерге арналған шынжырлар, күректер, парафин шамдары, сондай-ақ жылы киімдер, бірінші кезекте қажетті заттар, тамақ пен су қоры болуы тиіс.

Қатты аязда немесе қар жауғанда қозғалу кезінде бірнеше автомильден топтасу қажет, сонда бұзылып қалған жағдайда колонннадағы басқа жүргізушілер көмекке келе алады.

Есте сақтаңыз:

Қар құрсауында қалғанда немесе боран кезінде сіздің көлігіңіз өшіп қалса:

- «112», «101» нөмірі бойынша көмек шақыру қажет;

-дабыл сигналын беру, авариялық сигналды қосу;

-шығу жолы бұғатталып қалмас үшін, күрткі қарды жылжытып, ойып, автокөліктің бір  есігін ашып тұрыңыз;

-түтін шығатын құбырдағы газ автокөлік ішіне емес, ауаға шығатындай етіп аршыңыз.

Үсік шалған кезде:

-терінің зақымданған жерлерін жылыту (тыныс алу, жұмсақ  жүн матамен немесе қолмен абайлап сылау);

-жылу оқшаулағыш таңғышты таңу (бірнеше қабатталған бинт және мақта, мойынорағыш, жүн мата, орамалдарды қолдануға болады);

- үсіген аяқ қолдарды бекіту;

-қатты үсік шалған кезде тез жылынуды болдырмау.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

 

Е.ЕСЖАНОВ,

Еңбекшіқазақ ауданы

Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы

 

Бейсенбі, 24 Желтоқсан 2020 09:44

Төсбелгімен марапатталды

Тәуелсіздік күніне орай «Алматы облысы білім беру мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі үздік қызметкерлерді құттықтап, төсбелгімен марапаттады.

Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалы төрағасы С.Д. Надырбаев Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі, кәсіподақ төрайымы Адильчинова Айжан Саинқызы мен Екпінді негізгі орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кәсіподақ төрайымы Умурзакова Ольга Михаиловнаны «Алматы кәсіподақтар одағы» Кәсіподақтарының аймақтық бірлестігінің» атынан «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қайраткер» атағы төсбелгісімен марапаттады.

Н.Алишев,

кәсіподақ маманы

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет