Бейсенбі, 10 Желтоқсан 2020 12:46

Ойын алаңында ойнақ сап...

«Сарыозек сервис»ЖШС-ның қолдауымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Рахат ауылдық округіне қарасты саяжайда балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Саяжай тұрғындарын қуанышқа бөлеген алаңның ашылу салтанаты желтоқсаның 8-і күні өтті. Қызылды-жасылды шарлармен, жалаушалармен безендірілген алаң балақайлар мен ата-аналарға, ардагерлер және ауыл тұрғындарына лық толды. Халықтың салматты өмір салтын қалыптастырып және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаңда балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған.
Алдымен саяжай тұрғындарын бұл қуанышты сәтпен аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев құтықтап, жаңа алаңның алқызыл лентасын қиды. Бұдан кейін, қуанышқа ортақтасып келген ауыл тұрғындары балаларымен ойын алаңына алғашқы қадамдарын жасап, алаңның маңы мәре – сәре болды. Игілікті істің қасынан табылған жандарға ойын алаңында ойнақ салған бүлдіршіндер де дән риза. Биылғы ауданымыз бойынша Алматы қаласының Әуезов және Алмалы ауданы әкімінің арасында қол қойылған меморандум келісім шеңберінде Есік қаласы, Тескенсу, Рахат, Қаракемер, Шелек ауылық окруктерінде 35 балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін әлеуметтік жауапкершілік аясында «Гидросервис» ЖШС мердігер компаниясының қолдуымен жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын екі жаңа ойын алаңы Есік қаласында бой көтермек.

Ерзат АСЫЛ

Бейсенбі, 10 Желтоқсан 2020 11:52

Бизнес өкілдерімен онлайн кездесу

Бүгін «Nur Otan» партиясы аудандық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес мүшелері мен партиялық бақылау комиссиясы «Әлеуметтік жаңғырту: мақсаты, міндеттері, принциптері» тақырыбында шағын және орта бизнес өкілдерімен онлайн кездесу өткізді.

Кездесуде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек турасында сөз қозғалды. Сонымен қатар, алда келе жатқан сайлаудың маңыздылығы жайында пікір алмасты.

С.НҰРАДИН

Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 14:30

Дертпен күрес күшеюде

Адамзаттың, әсіресе жастардың есін алып, есірткен есірткі заттарының саудасы әлі күнге өршіп тұр. Заман өзгерген сайын оның құрамы да, саудалау жолдары да жетіліп келеді. Салдарынан, есірткі бизнесінің тамырына балта шабу мүмкін болмай отыр.

Бұл мәселе бізде ғана емес, әлем елдерінің өзекті проблемасына айналды. Психотроптық заттармен күрес күшейген сайын, есірткінің саудасы өрши түскендей. Соңғы уақытта синтетикалық есірткілердің түрі көбейіп, интернет арқылы сату белең алуда. Тапсырыс беруші ғаламторға кіріп, есірткі түрін таңдап, тапсырыс береді. Ақшасын «Qiwi кошелек» арқылы төлегендіктен, «саудагердің» аты-жөнін анықтау мүмкін емес. Ол тауардың қайда жасырылатындығын айтып, координатасын береді. Осылайша, ауладағы орындықтардың астына үңіліп, ағаштардың түбін қазбалаған жастардың саны артуда. Сорақысы сол, есірткіге мас болып, тапа-тал түсте қорқынышты фильмдегі «зомбилер» секілді көшеде есіріп тұрғандарды күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Бүгінде құқық қорғау органдары тарапынан есірткі бизнесімен айналысушылармен күрес күшейе  түскен. Өткен аптада облысымызда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан топ ұсталды. Арнайы жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы облысы полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан бір топ адамды құрықтаған.

– Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу іс-әрекеттерін жүргізді. Оның барысында бес адамнан құралған топ анықталды. Олардың барлығы Талдықорған қаласының тұрғындары. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы интернет желісі, «Телеграмм» месенджері арқылы синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан. Ұсталғандар есірткі заттарын белгілі орындарға жасыру арқылы сатқан – дейді Алматы облысы полиция дептарменті басшысының орынбасары Данияр Мендебаев. Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің пәтерін тінту барысында ішінде қоңыр түсті өсімдік тектес зат бар, сатуға дайындалған 250 орама, ақ түсті ұнтақ зат және жасыл түсті өсімдік тектес зат бар екі полиэтилен пакет табылған. Барлық алынған заттар бойынша сараптама тағайындалған. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабының 1, 3-бөліктері (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғандығын жеткізді Данияр Мендебаев.

Сондай-ақ, осы жылдың сәуірі мен қазаны аралағында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелден Қазақстанға синтетикалық есірткі жеткізуді, оларды жасауды және «Борат24» интернет-дүкені арқылы сатуды жүзеге асырған трансұлттық қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізді. Нәтижесінде 34 қатысушы ұсталып, 8 есірткі зертханасы жойылды. Еліміздің ірі мегаполистері – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентке контрабандалық жолмен әкелінген 40 кг психотроптық зат алынды. Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы бөлшек құнының болжамды бағасы 600 млн теңгені құрайды.

Тәртіп сақшылары осы жылдың 9 айында облыста 464 қылмыстық құқық бұзушылық анықтаған. Оның ішінде 364 есірткіге қатысты іс-әрекет пен 100 есірткі қылмысы бар. Сондықтан бұл қылмыспен күресіп қана қоймай, жастар арасында есірткі қолданудың алдын алу және оның зиянын түсіндіру мақсатында түрлі акциялар да ұйымдастырылып келеді. Оқу орындары мен адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда «Есірткіге жол жоқ» акциясы өткізіліп, жастарға нашақорлықтың болашағы бұлыңғыр екендігі ескертілуде.

Қорыта айтқанда, есірткіні тарату да, оны тұтыну да жақсылыққа апармайды. Адамның денсаулығына зиянын тигізіп қана қоймай, ел экономикасына кері әсерін тигізіп, дамуды тежейді. Сондықтан адамды есірткен есірткіге тосқауыл болайық, салауатты өмір салтын ұстанып, насихаттауға өз үлесімізді қосайық, құрметті оқырман.

Сардарбек НҰРАДИН

Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 14:25

Ғарышкер болғым келеді

Қазақ баласының ғарыш көкті бағындыруы тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. 1991 жылы 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров космосқа ұшты. Бұл Қазақстанның, жаңа егемен елдің космосқа тұңғыш сапары еді. Сонан бері тәуелсіздік-пен бірге түлеген азат елдің түлектері зеңгір көкті бағындыруды ұлы мұрат санап келеді.
Жақында Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте қашықтықтан «Ғарышкер болғым келеді» атты семинар өтті. Аталған семинарға 7-9 сынып оқушылары мен мектеп мұғалімдер қатысты. Семинар барысында оқушыларға адамзат баласының ғарышты бағындырған белестері мен еліміздегі ғарыш айлағы және отандық ғарышкерлер жайлы деректі ақпараттар көрсетілді. Сонымен қоса, оқушыларға ғарыш ғылымының кейбір физикалық заңдылықтар түсіндірілді. Семинар соңында оқушылар өз әсерімен бөлісіп, саналарындағы ғарыш көкті көркем суретке сыйғызды.

Б.Керімбек,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Волонтер жылының табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, «қайырымды істер» жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды. Президенттің пікірінше, отандастарымыз ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

– Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.  Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, – деді Президент.

Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет көрсетті. Волонтерліктің жаңа бағыттары да тиімді дами бастады. Мемлекет басшысы жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болатынын атап өтті. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатынына сенім білдірді.   

– «Birgemiz» жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар осындай қиын кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Аталған бастама аясында «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq» жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі «Taza Alem» волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінде экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Сол арқылы біз табиғатымызды сақтай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік органдар, архив ұйымдары, ғылыми институттар еріктілердің ресурсын пайдалануы қажет деп санайды. Оның айтуынша, Арыс пен Мақтааралдағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, күрделі техногенді апаттардан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажеттігі туындап отыр. Табиғатты және жан-жануарларды қорғау мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ қайырымдылық қызметіне жүйелі түрде қолдау көрсету мәселесіне де басымдық берген жөн. Президенттің тапсырмасы бойынша қайырымдылық саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін Қайырымдылық туралы заң жобасы әзірленуде.

– Әлеуметтік бағыттағы қызметті ынталандыру және оны қолдаудың баршаға түсінікті әрі тиімді құқықтық тетіктері қажет. Бұл үшін Үкімет атқарылатын міндеттерді пысықтауы тиіс. Қайырымдылық ұйымдарын алғашқы ашылған жылдары және одан кейінгі уақытта дамыту үшін олардың жеңілдетілген несие алуына, мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдікпен пайдалануына мүмкіндіктер жасау керек. Бизнес пен жеке тұлғалардың қайырымдылық және волонтерлік жобаларға қатысуын жанама ынталандыру үшін оның тиімді тетіктерін, соның ішінде, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары кезінде оларға құқықтық басымдық беру маңызды. Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да көрсетілетін қаржылай және басқа да көмектердің аясын кеңейту керек. Үкіметке тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесін ойластыруды тапсырды. Бұл тізбе осы саладағы барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебімен танысқысы келетін кез келген азаматқа қолжетімді болуы тиіс. Электронды қайырымдылық саласында азаматтарды алаяқтардан қорғау жүйесін әзірлеу де маңызды.

– Бүгінде бұл – қаржылай көмек аударудың танымал түрі. Қазақстанның әрбір үшінші азаматы онлайн садақа беруді жөн көреді. Алаяқтыққа жол бермей, азаматтардың сеніміне көлеңке түсірмеу үшін онлайн-банкингтер арқылы садақа беру қызметін жедел пайдалану тетігін енгізу қажет. Бұл қаражаттың түсуін және жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы волонтерлік ұйымдарды қолдау және оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайырымдылық істерді жалғастыру үшін еріктілікті дамытудың жол картасын және оларды даярлауға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Үкіметке волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасау тапсырылды.

– Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты.  Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет.  Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Мемлекет басшысының сөзінде волонтерлік және қайырымдылық қызметтердің, сондай-ақ, корпоративтік волонтерлікті дамыту аясында әлеуметтік серіктестіктің әлеуетін арттыруға баса мән берілді.

Қазақстан әлемнің әртүрлі елдеріндегі мұқтаж жандарға көмек қолын созу арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан елдердің бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді.

– Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті пандемияның қиын-қыстау кезінде бейтарап қалмай, халыққа көмектесіп жүрген, сондай-ақ, волонтерлердің бірқатар ұсынысы мен бастамасына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.  

Іс-шара барысында «Ұлттық Волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Вера Ким, Арыс қаласының еріктісі Олжас Мамыр, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының үйлестірушісі міндетін атқарушы Тойли Курбанов, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берлікбай Ордабаев, «Қоғамдық бақылау» тобының республика бойынша үйлестірушісі Саида Тәуекелева, Ресей Волонтерлік бастамалар ассоциациясы орталығының төрағасы Артем Метелев, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің офицері Богдан Петров, «INUCOBO» жан-жануарларды қорғау ұйымының президенті Лилия Сәрсенова, БҰҰ Еріктілерінің халықаралық волонтері Айнұр Қанафина, «Шаг навстречу» штабының еріктісі Максим Панченко, «АВК» Атыраулық еріктілер корпусының басшысы Бекасыл Самиғолла, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтер жылының ресми жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінің толық мәтінімен сілтемеден таныса аласыздар.

Дереккөз

Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 12:39

Жетімдер мәселесі партия назарында

Ескі заманнан бала тәрбиесі мен ұрпақ мүддесін бәрінен жоғары қойған қазақ халқы жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай өсірген. Бұл дәстүр бүгінгі күнде игі жалғасын табуда. Осы орайда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы мемлекет тарапынан жетімдерге қамқорлық көрсету жұмыстарына қоғамдық-партиялық мониторинг жасады.

Бүгінде ауданымызда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға толығымен жағдай жасалуда. Осы жылдың өзінде Есік қаласында отбасылық үлгідегі балалар үйі ашылып, Ершовтар жанұясы 11 баланы бауырына басқан болатын. Бұл «Балалар үйінсіз Жетісу» құрудағы жасалған қадамдардың бірі.

Соңғы екі жылда ауданымызда 20 жетім азаматтарға пәтер беріліп, баспаналы болған. Мониторинг барысында осыны саралаған партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы жетім балаларды оқыту мен жұмысқа орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі жалғастыру керектігін айтты.

С.НҰРАДИН

Сәрсенбі, 09 Желтоқсан 2020 12:38

Ұлағат иелерімен кездесу

Бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы саяси кеңес мүшелері Тілеулес Ұзақов, Асыл Байтулақов «Тәуелсіздік жолындағы еңбек» тақырыбында білім беру саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесуде білім мен ғылым мемлекеттің негізгі тірегі екендігін айтқан Тілеулес Ұзақов Мемлекет басшысының ұлағат иелерінің еңбегін бағалап, жағдай жасап жатқандығын жеткізді. Кеңес мүшесі Асыл Байтулақов Президенттің биылғы Жолдауындағы іс-қимылдың 5-ші кезеңіне тоқталды:

– Президент Жолдауда ұстаздар жалақысының аздығын айтып, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға арттыруды тапсырды. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылда 1,2 триллион теңге бөлінеді – деді Асыл Байтулақұлы.

Жиында кеңес мүшелері қазіргідей қиын сәтте балаларға сапалы білім беріп отырған ұлағат иелеріне ризашылықтарын білдірді.

С.НҰРАДИН

Сейсенбі, 08 Желтоқсан 2020 17:25

Маңызы зор саяси науқан

Алда келе жатқан сайлаудың ел мүддесі үшін маңызы зор. Бұл туралы бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен өткен кездесуде айтылды.

Аудандық мәслихат депутаты А.Ілебаев аталған ұжыммен кездесуде алда келе жатқан саяси науқанның маңызы мен сайлаушылардың жауапкершілігі жайында айтты. Шара соңында қатысушылар толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды.

С.НҰРАДИН

Бүгін «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев аудан тұрғындарымен тікелей эфирде кездесу өткізді.

Ауданның жетістіктері талқыланған шарада қордаланған мәселелер де көтерілді. Жолдардың мәселесін айтқан тұрғындарға Қуат Сұлтанұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елді мекендердің жолын жөнге келтіруге ауқымды қаражат бөлініп, игеріліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, жыл сайын «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында әр округте 1-2 көше жөндеуден өтетіндігін жеткізді. Және бұл жұмыстар жергілікті қауымдастықпен ақыласа отырып атқарылады.

Жиын барысында Қуат Байғоджаев еліміздегі карантиндік жағдайға қарамастан ауданды көркейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Айтуынша, биыл аудан орталығында көптен жөндеу көрмеген көшелерге асфальт төселіп, орталықтағы көшелерге жаңа тротуарлар жасалып жатыр. Кіре-берістегі аркадан қалаға дейінгі жол кеңейтіліп, жаяу жүргінші өткелі жақындай пайдалануға берілген. Жаяу жүргіншілер жолы да ұмыт қалмаған.

С.НҰРАДИН

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына жаңашылдықтар енгізуде. Қызмет алушылардың ыңғайлылығы үшін мемлекеттік корпорация бизнес пен жеке тұлғаларға арналған бірнеше сервисті іске қосты.
Атап айтқанда, енді ХҚО менеджерінің заңды тұлғалардың кеңсесіне барып, мемлекеттік қызметтерді көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл жаңашылдықты пайдалану үшін мемлекеттік корпорация мен заңды тұлға арасында белгілі бір келісімшарт жасалуы тиіс. ХҚО маманы заңды тұлғалардың керекті анықтамалары мен қызмет етуіне қажетті құжаттар мен өтініштерді рәсімдеуге көмектеседі. Осылайша ірі бизнес өкілдері, екінші деңгейлі банктер, құрылыс компаниялары сияқты мекемелер халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді ала алатын болады.
«Жеке менеджер – клиентке сапалы қызмет көрсетіп, тиімді ұсыныс жасайтын маман. Ол компанияның мемлекеттік қызметтерге кететін уақытын үнемдейді. Бұл ХҚО-дағы қызметкерлердің жүктемесін де азайтып, жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін ыңғайландырады. Біз әрдайым қызмет көрсету процесін жақсартуға тырысамыз», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Бүгінде мемлекеттік корпорация клиент қалауына бағдарланған іс-шараларды қарастырып жатыр. Осы ретте, жаңадан көлік сатып алған азаматтар ХҚО-ға бармай-ақ, көліктің техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін үйлеріне жеткізіп беру қызметін пайдалана алады. Ол үшін көлікті онлайн рәсімдегеннен кейін порталдағы «Көлік және коммуникациялар» бөлімінен тиісті қызметті таңдау қажет. Қызмет ақысы төленгеннен кейін, автоХҚО курьері құжат пен тіркеу нөмірін бір күн ішінде жеткізіп береді.
Келесі жылдан бастап қазақстандықтар дәл осылайша үйлеріне жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі сияқты құжаттарды жеткізуге тапсырыс бере алатын болады. Бүгінде ол үшін арнайы сервистерді іске қосу жұмысы пысықталып жатыр.

*Анықтама:
2020 жылғы 10 ай ішінде мемлекеттік корпорация арқылы 14,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Халықтың ХҚО қызметі бойынша қанағаттану көрсеткіші 87,2 % (2019ж.).

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет