Дүйсенбі, 26 Қазан 2020 16:37

Жапырақтар неге сарғаяды?

Өсімдік жапырақтарының жасыл болуының себебі, оның құрамында өсімдік жасушасына тән пигмент — хлорофилл бар. Пигмент деп — түскен сәулені өзіне сіңіретін бояғыш затты атаймыз. Хлорофилл күн сәулесін сіңіріп, одан алған энергияны қоректік заттарды синтездеу үшін пайдаланады.

Күзде өсімдік жапырақтары өзінің жарқын жасыл түсін жоғалтады. Мысалы, теректің жапырақтары алтын түске өзгерсе, үйеңкі ағашы қызыл түске бояла түседі. Жапырақтардың құрамында химиялық құбылыс пайда болады, яғни хлорофил өзгеріске ұшырайды. Күз келісімен өсімдіктер қысқа дайындығын бастайды. Қоректік заттар жапырақтардан бұтаққа, діңі мен тамырына баяу жылжиды да, қатал суыққа төтеп бере алатындай қор жинайды. Көктемнің келуімен өсімдіктер жаңа жасыл жапырақтардың пайда болуы үшін қорда жинақталған энергияны пайдаланады.

Су, қоректік заттар мен жапырақтар

Қоректік заттардың энергиясы таусылған кезде хлорофилл синтезі де тоқтайды. Жапырақта қалған хлорофилл шетінен ыдырай бастайды. Сосын басқа түсті пигментер түзіледі. Кейбір өсімдіктердің жапырағында сары немесе қызғылт-сары пигменттер бар. Бұл пигменттердің басым бөлігі сәбізге қызғылт-сары түс беретін — каротиннен тұрады. Мәселен, қайың мен жаңғақтың жапырақтары хлорофиллдің ыдаруы салдарынан ашық-сары түске, ал басқа ағаштардың жапырақтары қызыл түстің әр алуан реңктеріне боялады.

Кейбір жапырақтардың қызыл, күңгірт-қызыл, күлгін реңктері антоцианин пигментінің түзілуінен пайда болады. Бұл пигмент қызыл орамжапырақта, раушан мен қазтамақ гүлдерінде кездеседі. Күзде суық ауа-райының әсерінен жапырақтарда химиялық реакция пайда болады да хлорофиллді қызғылт-сарыға бояйды. Антоцианның каротин мен басқа сары түсті пигменттерден бір айырмашылығы — ол жасыл жапырақтарда мүлде кездеспейді. Ол жапырақтарда тек суықтың әсерінен пайда болады. Күзгі жапырақтардың түсі адамдардың шашының түсі іспеттес, әр түрдің өзінің генетикасына байланысты түсі болады. Ал түсінің ашық немесе көмескі болуы ауа-райына тікелей байланысты.

Жапырақтар қашан ең қанық түстерге енеді?

Күз мезгілінде, дала ұзақ уақыт құрғақ әрі суық болғанда жапырақтардың түсі жарқын, қанық болады (0-ден 7 0С – антоцианиннің түзілуіне өте қолайлы температура). Күзде Вермонт штаты сияқты жерлерде жапырақтардың ең керемет түстерін бақылауға болады. Ал, мысалы, климаты жаңбырлы, ауа-райы үнемі бұлтты Ұлыбританияда жапырақтар коңыр, күңгірт-сары болып келеді.

Жапырақтармен бірге өсімдіктер керемет түстерін де жоғалтады. Жапырақтар бұталарға ерекше шыбығымен жалғасып тұрады. Қыс түскенде  шыбықтың жасушаларының арасындағы байланыс ыдырайды. Осыдан кейін жапырақ пен бұтаның арасын жапыраққа су мен қоректік заттарды жеткізіп отыратын жіңішке талшық қана жалғайтын болады. Әлсіз самалдың өзі немесе жаңбыр тамшысы бұл байланысты оңай үзе алады. Жерге түскен жапырақтар түрлі-түсті қалың кілемшеге ұқсап, күзге сұлу көрініс сыйлайды.

Өсімдіктер де борсық, тиіндер секілді, қысқа қор жинап, оны сабақтарына, тамырына, бұтақтарына сақтайды.

Су бармаған соң жапырақтар құрғап, кебеді де ағаштардан үзіліп түседі. Ауада желмен қалықтап, жол жиектеріне төселе кетеді. Сары және қызыл жапырақтар жерге түскеннен кейін де түсін біраз апта бойы сақтай алады. Бірақ, уақыт өте пигменттер ыдырай бастайды. Жалғыз  танин пигменті ғана қалады (иә-иә, шайға түс беретін де осы пигмент).

Дереккөз

Дүйсенбі, 26 Қазан 2020 16:20

Күріштің қандай пайдасы бар?

Күріш — дүние жүзінде ең көп тұтынылатын азықтардың бір түрі. «California Rice Commission» деректері бойынша, дүние жүзінде бұл астықтың 40 000-нан астам түрі бар көрінеді. Жүйелі қоректенудің ажырамас бөлігіне айналған күріш — құрамында зиянды май, холестерин секілді ағзаға зиянды ештеңе болмауымен де  денсаулыққа өте пайдалы азық түрі.

Қан қысымы: Құрамында натрий өте әлсін ғана кездесетіндіктен жоғары қан қысымымен байланысты дерті барлар үшін ең жақсы азықтардың бірі.  

Альцгеймер: Алцгеймер дертінің алдын алу мақсатында, мамандар бұл дертке шалдыққандар үшін пайдалы болып табылатын нейромедиатор тұрғысынан қанық келетін күңгірт түсті күрішті тұтынуға кеңес береді.

Қант диабеті: Аминқышқылдар қатарына жататын лейцин тұрғысынан қанық келетін күріш қандағы шекерді жүйелендіріп, күш береді және жаралардың жазылуына септігін тигізеді.

Ас қорыту: Ас қорытылмауының алдын алатын күріш іш өтуіне қарсы әсерлі келеді.

Қатерлі ісік: Күңгірт күріш қатерлі ісіктің алдын алуға ықпал ететін ерітілмейтін талшық тұрғысынан қанық келеді.

Дәрумендер мен минералдар қоры: Күріш D, B дәрумені, фолий қышқылы, кальций, ферум, магний секілді минералдарды қамтиды. Жасушалардың жаңалануын қамтамасыз етеді.

Энергия көзі: Күріште көмірсу мөлшері мол болатындықтан денеге күш-қуат беріп, мидың қалыпты жұмыс істеуіне көмекші болады.

Пандемия кезінде таптырмас заттар ол-қорғаншы құралдары. Алматы облысында аталған жабдықтарды шығаратын цех жұмыс жасайды. Кәсіпорын атауы «Техно Авиа Груп» ЖШС.

Сәуір айында облыс орталығы, Талдықорған қаласынан ашылған еді. Ендігіде өрістері кеңейіп Текелі қаласынан орын теуіп отыр.

Тігін цехы – бір реттік медициналық бетперделер, халаттар, комбинезондар және басқа да арнайы киімдер шығарады.

Аталған серіктестіктің филиал басшысы Жарылқасын Болатұлы.

Басшылықтың айтуынша, цехтің алып жатқан аумағы 350 шаршы метрді құрайды. Бүгінде өндіріс орны 50 жоғары жылдамдықты, 10 арнайы өндірістік тігін машиналарымен қамтамасыз етілген. Жұмыс орнында 70 адам еңбек етеді. Қызметкерлер екі ауысымда жұмыс жасайды. Алғашқы елуі күндіз, қалған жиырма тігінші кешке қызметіне кірседі.

Қадамын енді басқан кәсіпорынның ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Алғашқы кезеңнен бастап күндігіне 18-20 мың дана, айына 400 мың дана бетперде тігіп отыр. Сонымен қатар айына 35 мыңа жуық халаттар өндіреді. Бұл жоспарды іске асыру үшін 19,0 млн теңге қаржы бөлінген.

Істің алға басуына міндетті түрде жүйе керек. Осы тұрғысында өндіріс орны ешкімнен қалыспайды. Барлық әрекеті мен бағдары алдын-ала дайындалған. Яғни, қолға алған істерінде реттілік бар.

Цех басшылығының жоспарына сәйкес жұмыс кестесі толық әзірленген.

Кәсіпорын тамыз айынан бастап жеке компанияларға, яғни, мұнай, энергетика саласындағы өндіріс орныдары үшін арнайы киім әзірлей бастаған.

Жауапты тұлғалар кәсіпорын жұмысының әлеуметтік сипатына үлкен мән беруде. Сондықтан цех қызметкерлері үшін Текелі қаласы бойынша тасымалдау және тегін түскі ас қарастырылған.

Дүйсенбі, 26 Қазан 2020 15:56

Тұнық жырдың тұмасы

Уақыт жүйрікпен жарыса алатын алапат күш биік рухта ғана. Жұмыр жердің үстін тік басып өмір сүрген әр адам өз жанының ұшқынымен адамзат рухының ұрпаққа сәуле берер ұлы шұғыласын сәл ғана молайтса, нұр үстіне нұр болмақ. Бір-біріне жалғасар берік дәстүр, мәнді мұра сол. Осы қасиетті қазынаны төгіп шашпай заман заңғарына шығарар, келешек төріне, алғы күндер биігіне жеткізер шын өнер ғана. Өнердің атқарар міндеті – күрделі де кемел. Таза таланттар маңдайына бұйыратын бақыт, ерекше құбылыс.

Лыпылдап түскеніммен жылдам көзге,

Мен жолдас таба алмадым жырдан өзге.

Қайғыны шабу керек қылышпенен,

Ай-күнің сені аялап тұрған кезде.

Поэзия – өнер өзенінің адуынды бір саласы. Ол уақыт жүрегімен қатар соғып, сол кезеңнің келбеті ғана болып қоймай, жылдармен жаңғырып, тіршілік тынысын байқатпақ. Сол кезеңдегі адамдардың жан дүниесі поэзияда көрініс беріп отырады. Поэзияның көгілдір көктемі, жайдары жазы бар, қыраулы күзі жоқ. Себебі ол мәңгілік жас, жайнаған жасыл. Сондан болар ақынның жосылған жылдармен табан тіреп тартыса келіп, «жүрегім жиырма жасқа кеп, тұрды да қалды жас қоспай» деуі. Тосындау көрінгенмен шынайы. Жылдар жонына шығып суық ызғарға ілінсе де, шоқтай қоздаған ақын жүрегі суымақ емес.

Жылдар жүзін бедерлеп, айқын ізін салса да ақын жаны жалындаған жастық үнінен жаңылмайды. Нәп-нәзік ақын жүрегі өмір тынысын қағылездікпен қабылдамаса жырдың ауылы алыстап кетеді. Әрбір оқырман ойын тап басып, жүрегіне үңіліп, жанын тербеп, сезім шуағына батырса, ақын арманының орындалғандығы.

Тарыққанда табынарым - өлеңім,

Жабыққанда жалынарым - өлеңім.

Барлығы да өлеңімде сақтаулы -

Ақын болып нені айттым мен, не дедім.

Сырлы сезіммен, дүниеге ынтық көзбен қарау – қаламгер жанының жарығы халықтың мәйекті сөз қамбасында қайта өңделіп, санаңа тың қозғау салады. Біз төрге озған қазақ поэзиясының келісті келбетіне көз салғанда Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының салтанатты көшіне зер салмай өте алмаймыз. Тұманбай әлемі қазіргі қазақ әдебиетінің сұлу да сазды тарауы деп білгеніміз жөн.

Тұмаш ақын тұп-тұнық лирик. Әлдеқашан оқырманын мойындатқан. Жасынан қалам алып ағыл-тегіл төгілген ақынға өзіне лайық сыйлықтардың берілуі, жалпы ақынға берілген шынайы баға. Ақын жыр бәйгесіндегі ұзақ шабыста өршелене түскен өрен жүйрік екенін байқатты.

«Студент дәптері» атты алғашқы жинағы ақынды болашақ қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі ретінде бірден аңдатты. Оған сол шақтағы жазылған пікір, берілген бағалар айғақ. Тіптен, сол кезеңде Тұманбайлар бастаған бір шоғыр поэзияға жаңаша бетбұрыс, үлкен сілкініс әкелді.

Байыптап қарасақ, ақынның ерте жетіліп, қанаттанғанын байқаймыз. Ерте есейткен өмірдің өзі, сұрқай жылдар, екіншіден талант кесектігі деп білеміз. Кесек талантта балаңдық жоқ. Өмір жайлы толғау жарқын бояумен әрқашан әдемі сурет салу емес. Өмір жайлы терең толғап, сыршылдық танытқан кейбір жас таланттарды жасына қарап бағалауға болмайды. Айталық, Абай «Сап, сап көңілім, сап көңілім» деген өлеңді бозбала шақта жазғандығын, Ю.Лермонтовтың тұңғыш өлеңдерінің бірі өлім жайында екенін біле бермейміз.

Тұманбай – жастықты жарқырата жырлаған ақын. Жастық кезеңдері, жылдар бедері – бұған дейін ақындардың бірқаншасы ат ізін салған жайдақ тақырып. Ешкімде айналып өте алмайтын әдеткі өткелге Тұманбай да соғады. Бірақ, көшірмеге салып ескі сүрлеумен өте шықпай өзіндік өрнекпен, ерекше мәнермен толғайды. Салмақты, салихалы жырлайды.

Жалпы ақын жырлары кешегі майдан тақырыбын, адамдардың ауыр тағдырын жетімдік күндерді, студенттік шақ, жас дәурен, азаматтық кезеңге дейінгі өмір бейнесіндей. Ақын өмірі өз қатарластарының өмірімен үндес. Тұманбай шығармашылығының қызығы – өз айналасы. 40-жылдардан кейінгі өмірін көрегендікпен, кемелдікпен жырлады. Қайсы өлеңін оқысаңыз да егіле отырып, өршілдік байқататын биік рухқа толы сарын еседі.

Ол тумысы бөлек, тауқыметті тағдыр арқалаған шын ақын. Ақын көңілінің көкжиегі кеңіген сайын, көк жүзі биіктей түссе, өлең тынысы да соғұрлым кең болмақ. Тұманбай бірінен екінші кітабына көшкен сайын өсіп отырған. «Шақырады жаз мені», «Қош көктем», «Жүрегім менің сапарда», «Зулайды күндер», кітаптары оның отыз бен қырықтың ортасындағы биіктері. Әсілі «Зулайды күндер» кітабында Тұманбай халық ақынына айналды. Отты да ойлы жырлары өмірдің өзінен туған. Одан кейінгі кездегі «Махаббат оты сөнбейді», «Хаттар, хаттар», «Мен де жиырма жастамын», жинақтары да тамаша таланттың жарқын қырларын аша түсіп, «Махаббат оты сөнбейді» жинағы ақын талантының молдығын, теңіздей тереңдігін көрсетті. Өзіңді жырлау – өмірді жырлау екенін ұқтыра түсті.

Тұманбай шығармашылығы бай. Тақырып іздеп тарықпайды. Керек болса титтей заттың өзінен үлкен поэзия тудырады. Нағыз талантқа әрбір сәт – өлең. Өмірі – ешкімге ұқсамас өзгеше. Т.Молдағалиев талантының тарландығы да осында. Ол секундпен сөйлесіп, сағатпен сырласады. Сөйте отырып, поэзияның әлеміне еркін еніп, сайрандап жүре береді. Оның жырларын оқып отырып, қуанасың, қайғырасың... Адамға тән күйдің ғажайып сырына қанығасың.

Түбірлі ойдың бетін ғана шалмай, түбіне дейін қопару, жеріне жеткізе айту жалт еткен сезім ұшқынын маздатып өшпес өртке айналдыру - қарымды қаламгерге ғана тән. Ой жұтаңдығы, құр сөз қуушылықтан ада. Тебіреніп жатқан өзендей сыршылдық, әсемдік бар. Бастаған ойын жеріне жеткізе түйіндейді. Алтын өзек бар. Халық жырының қайнарына қанып, бойына әбден сіңіргені байқалады. Поэзия табиғатын дәл танып, әрбір кірпішін қолмен қойғандай келістіріп қалайды. Өлеңдерінің көркем сыры қарапайымдылығында. Қалың бояу мен бөтен сөз кездеспейді. Тағы бір артықшылығы адам жүрегіндегі шындықты бүкпесіз алдыңа жайып салуында.

Жырдағы жымдасқан көркемдік үшін күресіп өткен ақын. Поэзияның жұмбақ күйіне бөлейді. Өлең өрнегін сала бастаған шақтан-ақ өз үнінен жаңылмай, тасбұлақтай тұнық жырмен оқырман шөлін қандырған ақын. Дархан даланы құшағына алып әлдиледі. Әрбір жырынан ұлы жүрекке тән жылы леп еседі. Әр ақын өзінше, ал Тұманбай өлең өрнегін ешкімге ұқсатпай дараланды.

Қаламгер шығармашылығына тән негізгі қасиет – ой тереңдігі. Нені жазса да биіктен жырлайды. Жүрек лүпілін дөп басады. Рухыңды асқақтатар заңғар ойларға жетелейді. Кімнің де болса жүрегін шым еткізіп, жан түкпірін жаңғыртып, ыстық сағыныш күрсінісіне түсіретін өлең адам өмірінің көрген түстей қызықты шағын, балалық дәуренннің қайталанбас күндерін көз алдыңызға келтіреді. Бір қарағанда көзге дараланып, көңілге саралана қоймайтын қарапайым тіршілікті Тұмаш ақын самғата жырлайды. Өмір философиясына айналдырады.

Шығармашылық өсу жолында балдырған балалық, бозбала күн, жайнаған жиырма бес, ордалы отыз, қасқайған қамалдай қырық бәрі-бәрі әртүрлі қырынан танылады. Көңілдегі қуаныш-өкініші де, арман-аңсары да осында. Даланың тынысы мен тіршілігі жанымен жарасым тапқан. Туған жер, аяулы ауылдан бастаған өлең көші біртіндеп алысқа сапарлап, көз жетпес қиырға жол тартады.

Ақынның тақырып ауқымы кең. Жол-сапарларда жазған жырларының өзі де шынайы тебіреніс, шалқыған шалқар шабыт бар. Жұтаң жырлау, жалған таңырқаудан ада. Қарапайым. Ойлы. Көркем. Шын таланттың құдіреті сол қарапайым дүниеден үлкен тақырып алып шығады. Әсіресе, сыртқы табиғатпен адамның ішкі әлеміндегі құбылыстарды қатар беруде өте шебер.

Тілдегі тазалық, ойдағы дәлдік, әуезділік, өлеңнің қорғасындай құйылып түсуі – қаламгер қуатын байқатады. Тұманбай жырлары желмен жарысқан жүйріктей жұтынып, жұп-жұмыр боп келеді. Бөтен сөз, адасқан жолдар кездеспейді. Өлеңдегі толық табиғи тұтастық, түр мен мазмұнның жымдасуы ғажап. Балбұлақтай бұлқынған үні күмістей өлең жолдары оқыған шақта жаныңды баурай береді.

Қанатты қиял, ширыққан толғаныс, шексіз өлең әлемі. Қуған сайын жеткізбес, ашқан сайын таусылмас ой тылсымы, сезім иірімі, көңіл көгі ақын жанының бір сәттік бұлқынысымен астасып барып, шуақты шумаққа, нағыз поэзияға айналмақ.

Өмір өзен. Уақыт толқын. Дүниенің жалғандығын білмей тұрып, жарықты сүю мүмкін болмайды. Өлімді ескере біліп, өмір көшін, жарқын болашақ жолын жырлау – ақындық таза сезім шыншылдықтың айғағы. Жақсылық та, жамандық та ақын жүрегінен өтеді. Сондықтан кілең жарқын жырды талап ету – өлең табиғатын жете түсінбеушілікке саяды. 

Ақын мұңаяды, күрсінеді. Сонда да күйреуіктікке салмай мәңгілік күресті, өнер үстемдігін жырға қосады. Тұманбай жырлары көркем. Шеберлік мектебі қалыптасқан. Әр өлеңі жүректің кілтіндей жансарайыңа енеді. Кітапқа енген жырлары тақырып жағынан сан алуан болғанмен үңілген жанға, жалпылай мазмұндық тұтастықты байқауға болады. Әсіресе топтама өлеңдер бір-бірін толықтай келе, тұтас еліміздің картасын құрайды. Туған жердің тау-тасы, өзендері, орманы жамырай жырлап тұрғандай.

Қазақ поэзиясының хас тұлпарларының бірі – Тұманбай шығармашылығы сезіммен соққан биік мұнара іспетті. Өлең өрнегін көркейтуде ақынның еткен еңбегі зор. Ақын өз талантының құнын ешқашан түсірмеді.

Ойшылдыққа бет қойып, өмірді көркем сұлулықпен жырлау – нағыз талантты жанға берілетін енші. Әрбір күнінен өшпес жыр тудырар хас шебер Қасым Аманжоловтың өзгеден оқ бойы озық қасиетімен жақсы таныспыз. Осынау сәйкестік Т.Молдағалиев шығармашылығынан да байқалады. Бағып бажайласақ, сонау сұрқай соғыстың өртіне шалынған жетім баладан бастап, тау тұлғаға айналған ақын өмірінің көріністері көз алдымызға оралады. Әдетте бәріміз назар қойып, ескермейтін сәттер қанатты жыр болып, Тұмаш ақын қаламынан самғап ұшады. Талант бақыты осында жатыр.

 

Дереккөз: adebiportal.kz


Соңғы аптада бүкіл қазақ халқының қытығына тиіп, "қанын қарайтқан" Борат болды. Әртіссымақ және оның фильмі туралы Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл facebook-тегі парақшасында ой толғапты

"Есебім болсын, айта отырайын...
1. Аптадан асып кетті, ағылшынның найсап комигі Саша Барон Коэннің жексұрын тірліктері Қазақстан қоғамын кезекті рет «ызалы жүрек, долы қол, улы сыя, ащы тіл» жағдайына жеткізді. Маған осыған орай біраз адам хабарласты. Мәселені «шешудің» түрлі жолы ұсынылды.
Біріншісі – айта-айта жауыр болған тәсіл: Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Ұлыбританияға ресми наразылық нотасын жолдауы керек. Және қос державаның еліміздегі елшілерін шақырып алып, журналистер көзінше оларды «Борат» үшін ұялтып, нотаны қолына ұстатуы қажет. Бірден айтайын, бұл – тұйыққа апаратын жол. Өйткені Саша Барон Коэн – жеке тұлға, яғни АҚШ үкіметінің не ағылшын патшалығының ресми тұлғасы, лауазымды өкілі емес. Бұл мемлекеттер оған қарсы ештеңе істей алмайды. Қайта Қазақстанның «Боратқа» қарсы наразылық нотасын жолдауы – көргенсіз фильмге қосымша пиар. Ол сұмның өзі осы құжатты алақанын ысқылай күтіп отыр.
Екіншісі – радикалды тәсіл: бір топ жас хабарласып, «аға, былай жасасақ, не дейсіз?» деп пікір сұрады. Көшеде «Борат» сияқты шешініп, әбүйірді бетпердемен жауып, АҚШ пен Ұлыбритания туын таптамақ. Қажет болса, өртемек. Мен бірден тоқтау салдым. Неге? Оны ғаламтордан көрген бүкіл әлем қазақтар бетпердені шынымен солай тағады екен деп сенуі мүмкін. Бұған қоса, елде күн күрт суыды. Әрі пневмония індеті күш алып тұр. Жастардың денсаулығына нұқсан келуі мүмкін. Қазақ баласының басын бәйгеге тігуге болмайды. Оның үстіне қоғамдық тәртіпке қайшы.
Үшіншісі – тым радикалды тәсіл: «басын жұлып алмаймыз ба?» Айтқандай, әлеуметтік желілерде үндеу жасаған кейбір блогерлер, қоғам белсенділері, басқасы осыған шақырып жатқаны өкінтеді. Қазақ бейбіт, бітімшіл халық. Біз жаһанға жауыздығымызбен емес, ғалымдығымызбен, өркениеттілігімізбен атымызды шығаруға тиіспіз. Бір апта ғана бұрын Парижде шешен баласы дінімізге жат карикатура көрсеткені үшін мұғалімнің басын кесіп алды. Әрине, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) карикатура жасалуы жанымызға батады, ар-намысымызға тиеді. Бірақ Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «адам өлтірме», «зорлық жасама», «зұлымдықтан сақтан» деп, адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдарды ұлықтауға үндеді емес пе? Исламда адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ екені жазылған. Демек, бізді сөзбен жәбірлегеннің бәрінің жанын жаһаннамға жібере берсек, мұсылмандығымыз қайсы?
2. Халықаралық тәжірибесі бар заңгерлермен ақылдастым. Олар қазақстандық қана емес, жалпы кез келген туды сорақы мақсатта пайдаланғаны үшін соттасудан келер нәтиже шамалы дегенді айтады. Бұл бірнеше миллион долларды қажет ететін және ұзаққа созылатын процесс. Онда жеңу қиын.
Сонда не істеуіміз керек? Көк байрағымызды сыйлауды өзіміз үйренуіміз керек, әлемге үлгі болуымыз керек және патриотизмді ұрпаққа табыстауға тиіспіз. Мемлекеттік туымызға өзіміз лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе? Ту көтеріліп, әнұран орындалғанда қолын кеудесіне қоюдан қымсынатындар жетеді. Көк тумен қоқыс таситын да өзіміз. Волонтер балалар «Мемлекеттік рәміздер күні» көшеде тегін тарататын шағын туларды кейін қоқыстан тауып алатынына қынжылады.
Биылғы жылдың басында кітапханалардың бірі Әділет министрлігіне жүгініп, тұрғын үйлерде орналасқан меммекемелердің маңдайшасына үлкен Мемлекеттік туды ілмеуге рұқсат етуді сұрапты. Себебі, заң бойынша ту түнгі уақытта жарықтандырылып тұруы керек: «ал жарық тұрғындардың тыныш ұйқысына кедергі келтіреді» депті кітапхана директоры. Өзгені түземес бұрын мұндай сорақы қылықтардан алдымен өзіміз арылғанымыз жөн.
3. Біз «әлемде америкалықтардан өткен патриот халық жоқ, оларда баладан кәріге дейін, тіпті үйсіз-күйсіз адамдар да туды ардақ тұтады» деп білеміз. Әр үйдің қасында ту ілініп тұратынына, ол ескіріп не жыртылып қалса, айыппұл салынатынына бұрыннан қанықпыз. Қазіргі шынайылық бұдан өзгерек екен. Мысалы, биылғы 4 шілдеде, Тәуелсіздік күніне орай Дональд Трамп сөз сөйлегеннен кейін оның саясатына қарсы наразылық шеруіне шыққан америкалықтар АҚШ туын Ақ үй алдында өртеген. Оның алдында, 2020 жылғы 1 маусымда афроамерикалық Джордж Флойдты полицейлердің қаскүнемдікпен өлтіруіне ашынған демонстранттар жақын жердегі мемлекеттік ғимараттың бірінен АҚШ туын жұлып алып, отқа жаққан. Бұл үшін ешкім қатаң жазаланбаған.
Енді қараңыз: «Би-би-сидің» хабарлауынша, сол Америкада 2019 жылдың 20 желтоқсанында шіркеу төбесіне ілінген «көгілдірлердің» туын жұлып алып, өртеп жіберген Эймс қаласының (Айова штаты) 30 жасар тұрғыны А.Мартинес 16 жылға түрмеге отырды. Осыған орай пікір білдірген америкалықтардың өзі: «АҚШ туын өртеу – еркіндіктің белгісі және ол үшін салмақты жаза қарастырылмаған, онда неге ЛГБТ туын масқаралау үшін түрмеге қамайды», – деп қайран қалысты.
Байқайсыз ба, батыс әбден былғанып, бүлініп барады. Оларда дәстүрлі отбасылық құндылықтар деградацияға ұшыраған. Біз бұдан сабақ алып, салт-дәстүрімізді, рухани ұстынымызды нығайтуға тиіспіз. «Борат» фильмінде айтылатын қатігездік, рухани құлдырау, инцест, жезөкшелік секілді лас нәрсенің Қазақстанға жоқтығын паш еткеніміз жөн.
4. «Борат» фильмі – Қазақстан туралы емес. Шетелдік киносыншылардың пікірлерін оқыдым. Бәрінің айтар ойы бір жерде тоқайласады: бұл америкалық қоғамның «инфекцияға толы іріңді жарасын ірі планмен көрсететін» сатира. Мысалы, 2006 жылы шыққан «Борат» 2001 жылғы 11 қыркүйектегі жантүршігерлік террактіден кейін бірлігінен айырылып, қаққа жарылған АҚШ жұртшылығын келемеждейді. Онда ақымақтау америкалықтар троллинг екенін түсінбей, «Борат» сияқты мигранттарға өз құндылықтарын таңуға, әлі де болса қонақжайлылығы мен толеранттылығын көрсетуге тырысады, алайда бойларын психоз бен параноя жайлағанын аңғартып алады. Бұл жолғы жалғасы – сайлау алдында былыққа бөккен Америка қоғамын көрсетеді.
5. Жалпы, «Бораттың» бірінші бөліміне қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдеме жасауы, жаппай наразылық білдіру, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Беларус, Иордания, Кувейт, Бахрейн, Оман және Катардың оның прокатына тыйым салуы жиіркенішті фильмге кедергі келтірген жоқ, қайта танымал болуына түрткі болды.
Сұмырай Коэн басқа елдерді де мазақтап көрген. Мысалы, ол дәл «Борат» сияқты, яғни пранк пен импровизациялық комедия үлгісінде сомдаған австриялық Бруно немесе Солтүстік Корея көсеміне арналған «Диктатор», болмаса, британ үкіметін мазақ ететін «Гримсбиден шыққан ағайындылар» – олардың ешқайсысы да жетістікке жетпеді, мазақталған елдер тарапынан елеусіз қалды.
Сондықтан өзге образдарында танымалдылық пен табысқа кенеле алмағандықтан бұл малғұн жарты әлемді дүрліктірген «Боратқа» қайта оралып отыр. Америкалық киносыншылар фильмнің дәл қазір прокатқа шыққаны бекер еместігіне назар аудартады: ол АҚШ-тағы Президент сайлауын нысанаға алған, Трамп пен Республикалық партияға қарсы бағытталған. Тиісінше, 3 қараша күні Америкада президенттік аламан өткеннен кейін бұл фильмсымақ өзекті болмай қалады.
6. АҚШ басылымдары бұл жолы «Борат-2» образы тым гротескілі және абсурдты шыққанына назар аудартады. 2006 жылы америкалықтар оның «Қазақстаннан келген репортер Борат Сагдиев» екеніне шын сеніп қалды. Содан бері британдық комиктің кім екенін әлем таныды. «Бораттың» Қазақстанға қатысы жоқ екенін білді. Коэннің жаңа пранк-фильміне болгар актрисасы Мария Бакалова ойнаған, «Бораттың кәмелетке толмаған қызы Тутар» образын енгізуі де содан болса керек. Әйтпесе, фильмсымақтың өзінде көрсетілгендей, Коэн «қазақ документалисті» ретінде америкалықтарды әртүрлі ақымақтыққа, арсыздыққа итермелеп, масқаралайын десе, олар оны танып қоя береді.
7. Қорыта келе, не айтайын? Ағайын, батыстың арамза киногерінің коммерциялық табыс табуға құрылған ішмерез, жымысқы әрекеттерін жүрекке жақын қабылдамаңыз. Әйтпесе, жадыңызда қалып, жаныңызға ауыр тиеді, ақыл-санаңызды мүжиді. Қазақ тарихта қаншама алапаттан аман шыққан алып халық. Оның жанында қайдағы бір нақұрыс үшін өзімізді-өзіміз кінәлап, жік-жікке бөлінбей-ақ қоялық. «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа!» дер еді ата-бабамыз.
Маған мысалы, әңгүдік «Бораттың» әпербақан сөздеріне қарағанда жерімізге көз сүзген көрші Қытайдың не Ресейдің ресми тұлғаларының мәлімдемелері әлдеқайда қауіпті көрінеді. Міне, дәл сондай мәлімдемелерді біздің Сыртқы істер министрлігі қалт жібермей, дер кезінде наразылық білдіріп, тыйып отыруы қажет".

Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов 23 қазанда қол қойған №59 жаңа қаулысы ертеңнен бастап күшіне енеді.

Құжатта Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын күшейту көзделген.

Қаулыға сәйкес, Қазақстанға келетін барлық әуе жолаушылары нәтижесі шыққанына 3 күннен аспаған COVID-19-ға ПТР-тест өткені туралы анықтама ұсынуы қажет. 5 жасқа дейінгі балаларға анықтама қажет емес, бірақ баланы ертіп жүрген адамдарда болуы керек.

Қаулыда нақты жазылмаған, бірақ ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ПТР-анықтамасы жоқ қазақстандықтардың ұшып шығатын елде ұшаққа кіруіне жол берілмейтінін растады. Бірақ кейбір жағдайлар жеке-жеке қарастырылатын болады. Келгендердің температурасын Қазақстанның әуежайларында өлшеу керек. Егер ол жоғары болса, онда ПТР-тестінің болуына қарамастан, олар инфекциялық ауруханада оқшауланған болады. Транзиттік жолаушылар транзиттік аймақтан шыға алмайды.

Қазақстан аумағында тұруға ықтиярхаты бар Қазақстанға келген азаматтар анықтама болмаған жағдайда, ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өту үшін карантиндік ауруханада 2 күн оқшаулауға жатады. COVID-19-ға тексеру нәтижелерін алғаннан кейін, теріс нәтиже шыққандар тиісті қолхат жазып, оларға COVID-19-дың болуы мүмкін белгілері туралы түсіндіріледі. COVID-19 расталған адамдар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады, делінген қаулыда.

Теміржол, теңіз, өзен көлігі және автомобиль өткелдеріндегі мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері арқылы Қазақстанға келетін адамдарға да осыған ұқсас схема қолданылады.

Яғни, олар міндетті түрде мерзімі үш күннен аспаған ПТР анықтама ұсынуы керек. Дене қызуы жоғары адамдар ауруханаларда оқшауланады. Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық жүк тасымалының көлік жүргізушілері термометриядан өтеді және анкета толтырады.

Қазақстанда екіжақты халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер, сондай-ақ теміржол, теңіз және өзен көлігімен тасымалдау қызметімен байланысты адамдар термометриядан және сауалнамадан, сондай-ақ ПТР тестінен өтуі керек. Оң нәтиже шыққан жағдайда дәрігерлер тексереді. Егер коронавирус белгілері болса, ол инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Егер COVID-19 белгілері болмаса, оған межелі жеріне жеткен кезде ауруханаға баруға кеңес беріледі.

Бұдан әрі бас санитарлық дәрігер қаулысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне халықаралық жолаушылар ағынын шектеуді қамтамасыз ету қажет дейді.

Әуе компаниялары ПТР анықтамасы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы емес жолаушыларды әуе кемесіне отырғызбауы тиіс. Әуе кемесіне тіркеу, отырғызу және түсіру кезінде әуе жолаушылары арасында қауіпсіз арақашықтық (кемінде 1 метр) және маска режимі сақталуы керек.

Ұшу кезінде әуе кемесінің салонында жолаушылардың қозғалысы, сондай-ақ дәретхана алдында адамның жиналуы шектеледі.

Қаулы 2020 жылғы 27 қазанда сағат 00:00-де күшіне енеді. Толық мәтіні мына жерде.

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Онда Палатаның алдағы жалпы отырысының күн тәртібінің жобасын нақтылады.

Мәжіліс алдағы жалпы отырыста экологиялық заңнама саласындағы заң жобаларының топтамасын қарайды. Депутаттар бірінші оқылымда Экологиялық кодекстің жобасын ілеспе түзетулермен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы экология мәселелері бойынша кодексті заңнамалық өзгертулермен, сондай-ақ Салық кодексіне және экология мәселелері бойынша оны қолданысқа енгізу туралы заңға түзетулерді талқылайды. Бірінші оқылымда депутаттарға бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасын қарау ұсынылады. Сондай-ақ, өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіруге қатысты заңнамалық жаңалықтар да енгізіледі. Бұдан басқа, Палата қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату, су қорғау белдеулері және жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарайды. Жалпы отырыста Палата бейінді комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісім. Сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге түзету енгізетін заң жобасы бар.

Сонымен қатар Бюро отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата Аппаратының жаңа басшысы Дастан Махаевты таныстырды. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

ДереккөзҚазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі

Алматы облысы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі "IQ DODA" зияткерлік ойынын ұйымдастырды, доданың ақтық кезеңі жуырда "Журналистер үйінде" өтті. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Ойынның форматы қарапайым және сонымен бірге қызықты болды - қатысушылар логика, тапқырлық және білімді қолдана отырып, командалық ойлау арқылы әр түрлі санаттағы қызықты сұрақтарға жауап берді.

"Зияткерлік ойын қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. "IQ ДОДА" ойынындағы барлық сұрақтар дүниетанымға, логикаға, тез тапқырлыққа қатысты алынды. Ойын жеті кезеңнен тұрды.Сұрақтар үлкен экранда 30-60 секундта көрсетіліп, жетекші оқыды. Содан кейін, сайыстың барлық жеті сұрағын жариялағаннан кейін, олар тез қатарынан және кідіріссіз қайта оқылады, артынша кері санақ 100 секундты бастайды. 100 секунд өткеннен кейін жауап берілген парақшалар тапсырылады", - деп бөлісті жоба ұйымдастырушысы Ерасыл Толымбекұлы.

Айта кету керек, Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларынан 600-ден астам адам қатысты. Финалға 7 команда өтті.

1 орынды Ақсу ауданынан келген "эрудиттер" командасы иеленсе, ІІ орынды "СЕРЕЖА, жарайсың!" Талдықорған қаласынан, ал ІІІ орынды Панфилов ауданынан "PRYMERIZ" иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, "IQ DODA" зияткерлік ойыны Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қазіргі заманның жаңа шарттарына сәйкес халықтың барлық жіктерінің өкілдерін Елбасы идеяларының, зияткерлік дамудың айналасына біріктіру мақсатында ұйымдастырылды.

Бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) өткен брифингте сөз сөйледі.

Ол сауда ведомствосының ел Президентінің қыркүйек айындағы Жолдауын іске асырудағы рөлі туралы айтып, Сауда және интеграция министрлігінің міндеттері не екенін, сондай-ақ сауда мен экспортта қабылданған қадамдардан жағдай қалай өзгеретінін түсіндірді.

 - Жалпы, «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы шеңберінде біз ішкі нарықты «ағарту» және отандық тауар өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын қорғау сияқты маңызды міндетті шешудеміз, - деді сауда министрі. - Жосықсыз өндірушілер мен сапасыз импорт қатаң қадағаланатын болады нарықтан шығарылады.

- Ол үшін біз мемлекеттік бақылау нысаны ретінде жедел ден қою тетігін енгіземіз. Яғни, оны сатушы емес, өнім тексерілетін болады. Егер ол сапасыз болып шықса, онда ол автоматты түрде нарықтан алынады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, «біз бизнес үшін өнімдер мен процестердің қауіпсіздігіне қатысы жоқ артық талаптарды қамтитын НҚА-ны жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз». 

- Ағымдағы жылы Министрлік аккредиттеу саласында жаңа бағыттарды енгізу бойынша жұмысты белсенді бастады. Аккредиттеудің тиісті зертханалық практика (GLP), тиісті ауыл шаруашылығы практикасы (Global G.A.P.), Халал, органикалық өнім, жеткізу тізбегінің қауіпсіздігі, биобанкинг және т.б. сияқты 15 бағыты зерделенеді - деді министр стандарттар саласындағы жаңалықтар туралы.

Жаңа бағыттарды енгізу процесі екі жүйелі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде инфрақұрылымды құру, яғни жетекші бағалаушыларды даярлау, ұлттық нормативтік базаны құру; екінші кезеңде - сертификаттау жөніндегі органдар мен зертханаларды аккредиттеу қажет.

Осы аккредиттеу схемаларын енгізу өнім мен процестердің сапасын арттыруға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін өсіруге ықпал ететін болады.

Дереккөз

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Ерлан Барлыбаев: "Үкімет ұсынғандай…

Елімізде 6 қазан күні АЭС салу бойынша референдум өтеді. Осыған байланысты VIII сайланған…
Қаз 03, 2024

Международные стандарты в…

Строительство атомной электростанции – это масштабный и сложный проект, требующий…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында референдумға…

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының…
Қаз 03, 2024

И след простыл: как современные…

Углеродный след человечества — тяжелый груз для планеты, который ей все труднее нести.…
Қаз 03, 2024

АЭС ел экономикасының өркендеуіне…

Ақтөбе облысындағы халықтық штаб мүшелері «Қамқор вагон» ЖШС-нің ұжымымен кездесу…
Қаз 03, 2024

Атомная энергетика не может быть…

Лэйла ТАСТАНОВА В преддверии референдума по вопросу строительства атомной электростанции…
Қаз 03, 2024

Имеем средство от рака в руках, но…

Более 200 тысяч человек в Казахстане состоят на учете как онкобольные. И 12 тысяч…
Қаз 03, 2024

Эксперт разобрал мифы и реальность о…

Директор департамента атомной энергетики и промышленности Министерства энергетики…
Қаз 03, 2024

Атом энергетикасын дамыту экологияға…

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның ғылыми орталығы бастығы, физика-математика ғылымдарының…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет