Сәрсенбі, 02 Қыркүйек 2020 17:19

ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ. Аудан активі өтті

 

Бүгін аудан әкімі Қ.Кашкинбаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауын талқылау мақсатында ZOOM платформасы арқылы қашықтықтан аудан активі өткізілді.

Жолдауда Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында белгіленген ұсыныстары мен бастамалары жалғасын тауып, қоғамның дамуы үшін алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстарға нақты бағыт-бағдар көрсетілді.

Күн тәртібінде бір мәселе қаралды.

Активте аудан әкімі Қ.Кашкинбаев «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы ауданның атқарушы органдарының жұмысы туралы» баяндама жасап, қаралған мәселе бойынша тиісті мекеме мен бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі берілген жұмыстарды жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру басты міндетіміз екендігін жеткізді.

Актив жиналысына аудандық бөлім, басқарма басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары, Есік қаласы және ауылдық округ әкімдері, аудан тұрғындары, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Жер жүзін жайлаған коронавирус індеті көптеген саланың жұмысына өзгеріс әкеліп, жаңа қиындықтарға жаңаша шешім қарастыру керектігін көрсеткендей. Әсіресе, білім беру жүйесіне әсер етіп, оқушыларымыз қашықтан оқытуға көшірілді. Биылғы жаңа оқу жылы да солай басталмақ. Соңғы тоқсанда жіберілген олқылықтардың орны толып, бірқатар түйінді мәселелер шешімін тапқан жаңа оқу жылына ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қауымы да қызу дайындық үстінде. Осы орайда, білім саласындағы жаңашыл өзгерістер жайлы олардың пікірін біліп, дайындық барысын сұраған болатынбыз.

 

Мария ЖАКИПБЕКОВА, ЕГЭК директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Білімге құштар жастарға кедергі жоқ

Ғаламның бүкіл шартарабын шарпыған әлемдік пандемияның қарқынды таралуына орай 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі де  төтенше жағдайға орай қашықтықтан білім беруді жүргізіп, оқу жылын ойдағыдай аяқтады. Санаулы күндерден кейін жаңа 2020-2021 оқу жылы басталмақ. Бүгінгі күні еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеу шаралары күшейтілгені баршамызға аян. Сондықтан  колледждегі оқу үрдісін  100% қашықтықтан оқыту бойынша  бастау жоспарланып отыр.

Колледжде оқу үдерісі «Platonus-колледж» автоматтандырылған жүйесімен жүргізіледі. Қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып оқыту онлайн немесе офлайн режиміндегі қашықтықтан оқыту сабақтарының және білім алушылардың өзіндік жұмыстарының үйлесіміне негізделеді. Білім алушылар үшін онлайн-сабақтың үздіксіз ұзақтығы 35 минуттан аспайды. Барлық іс-шаралар, педагогикалық кеңес және ата-аналар жиналысы  қашықтықтан өткізіледі.

Қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқу үдерісін ұйымдастыруды және үйлестіруді жоспарлау,  оқыту үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану нұсқаулықтарын әзірлеу, техникалық және кәсіптік білім берудің мемле-кеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес қашықтықтан білім беру технологияларының ерекшеліктерін ескеретін оқу жұмыс жоспарларын жасау, оқу материалдарын, оның ішінде электрондық оқу-әдістемелік кешендерді, электрондық білім беру ресурстарын қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жүргізілді және  интернет-платформада орналастырылатын сабақ кестесін, оқу үдерісінің кестесін жасау жұмыстары басталып кетті.

54 жылдық тарихы бар іргелі, облыс көлеміне ғана емес республикаға педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орнымызда бүгінгі таңда күндізгі оқу бөлімінде мемлекеттік тапсырыс бойынша барлығы – 986 студент тәлім алады. Оның ішінде оқуын жалғастыратыны – 711 студент болса, 275 студент жаңадан қабылданған.

Күнде өзгеріп жатқан ғаламда уақыт талабынан қалмай, бәсекеге қабілетті болу – бүгінгі күннің басты талабы. Білім саласындағы басты өзгерістердің бірі ретінде білім мазмұнының жаңаруын айтуға болады. Бұл – уақыт талабынан шығуға деген талпыныстан туған жауапты қадам. Өткен 2019-2020 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің жаңартылған білім беру мазмұнына толық көшуі аяқталды. Осыған орай 2020-2021 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары, яғни колледждер  жалпы орта білім берудің білім беру бағдарламаларын жаңартылған мазмұн бойынша оқытуға толықтай көшірілді,  яғни мектептің 9 сыныбын бітіріп, колледжге оқуға түсіп, студент мәртебесіне ие болған студенттеріміз   жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқиды. Бүгінгі педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан бітіруші түлек – ертеңгі педагог-маман, жаңартылған мектеп мұғалімі. Сол себепті болашақ педагог-мамандардың даярлығының сапасы, кәсіби құзыреттіліктерінің деңгейі – көкейкесті мәселе. Сондықтан қашықтықтан оқытуды сапалы жүргізуге педагогикалық ұжым үлкен жауапкершілікпен қарауда. Оқытудың жаңа форматының көшіне ілесіп кету, тәжірибеде тиімді қолдану мен сандық технологияларды одан әрі жетік меңгеру мақсатында  ұстаздарымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамының оқу-тренингтік орталығы ұйымдастырған «Педагогтардың IT құзіреттіліктерін дамыту және жетілдіру» атты   біліктілікті арттыру курстарынан өтіп,  кәсіби біліктіліктерін одан әрі шыңдай түсуде. Оқытушыларды қашықтан оқыту жүйесі шығарма-шылыққа, технологиялық ізденіске жетелеуде.

Қазіргі жастар – ақпараттық технологиялардың қыр-сырын жетік меңгерген, бір сөзбен айтқанда сандық технологиямен қаруланған ұрпақ өкілдері.

Қашықтықтан оқыту – оқуға талап білдірген кез келген адамның білім алуға және белгілі бір ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыратын үздіксіз білім беру беру жүйесі нысандарының бірі ретінде қарастырылады және мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп еш кедергісіз білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін жүйе болып табылады. Білімге құштар жастар үшін – қашықтан оқу кедергі емес. Ахмет Иүгінеки айтқандай: «Білген адам білімді өмір бойы іздейді».

 

Арсен БЕКМҰХАНБЕТҰЛЫ, №1 Рахат орта мектебінің оқушысы:

Баяу интернет – оқуға кедергі

Тышқан жылы еліміз үшін, барша әлем үшін оңай жыл болмады. Коронавирус індеті адамзатты әуреге салып, төтенше жағдай жариялап, қатаңдатылған карантин шараларын енгізуге мәжбүрледі. Тиісінше, барлық салаларда өзгерістер болып, қауіпті вирус оқушылар қауымы үшін де қиындықтар туғызды.

Өткен оқу жылында көктемгі тоқсандық демалысқа ерте шықтық. Әрине, мұның барлығы біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалған шаралар. Десек те, мектеп қабырғасында отырып, сыныптастармен бірге білім алғанға ештеңе жетпейді ғой.

Төртінші тоқсанда онлайн оқу жүйесіне ауысып, ұстаздарымыз қашықтан білім берді. Бұл тәсіл басқа өңірдің балалары үшін қиындық туғызбауы мүмкін, алайда, мен тұратын саяжай оқушыларына оңай болмады. Есік қаласының төменгі жағындағы саяжайларда интернет желісі өте нашар, сондықтан онлайн оқудың біз үшін машақаты көп. Ал алаңсыз білім алу үшін жоғары жылдамдықты ғаламтор желісі болу міндетті. Әрине, тосыннан келген қауіпті індет дайындық жұмыстарын жүргізуге мұрша бермеді. Білімді әрі тәжірибелі ұстаздардардың арқасында мектепті аяқтап, жазғы демалысқа шықтық. Бірақ, қауіптің беті қайтар емес. Президентіміз қоғамдық орындарда медициналық бетпердемен жүруді ескертіп, адам көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы да қашықтан оқыту арқылы басталатындығын айтты. Жоғарыда айтқан интернет желісінің кемшілігі биыл қайталанбайды деп сенеміз. Өйткені осы мәселе «Еңбекшіқазақ» газеті тарапынан көтеріліп, құзырлы мекемелер интернет желісі нашар жерлердің географиялық координаталарын анықтап, тізімі тиісті органдарға жіберілгендігі айтылған.

Шыны керек, онлайн оқу жүйесі маған аса ұнаған жоқ. Оның бір себебін, атап өттім. Екіншіден, мұғалімдеріміз бен сыныптастарымды сағынамын. Бір партада отырып, бәсекелесіп сабақ оқығанға ештеңе жетпейді. Сондықтан коронавируспен күрес адамзат үшін нәтижелі аяқталып, тыныс-тіршілігіміз, әсіресе, білім беру жүйесі қалпына келіп, мектеп қабырғасында алаңсыз білім алатын күн туарына сенемін.

 

Асия НУРЕББАЕВА, ата-ана:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Негізінде, қашықтан оқыту білім саласы үшін таңсық дүние емес. Бұған дейін еліміздегі көптеген жоғарғы оқу орындарында қашықтан оқыту бөлімдері ашылып, студенттер өз ісінің мамандары атанды. Осы жүйе арқылы қазақстандық жастар шетелдік оқу орындарын тәмамдап шықты. Ал әлемді жайлаған пандемия кезінде қашықтан оқыту жүйесі өзінің қажеттілігін көрсете білді. Осылайша, орта білім ошақтарының оқушылары да онлайн түрде оқуға көшті.

Әрине, бұл бірінші кезекте балалар мен ұстаздардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара болды. Алғашында олқылықтар да орын алғаны жасырын емес. Білім алу платформасы бірнеше рет өзгеріп, оқушылар мен ата-аналар абдырап қалғаны шындық. Ұлым Таутүрген орталау мектебінің 4 сыныбында оқып жүрген. Қашықтан білім алу жоғары сынып балаларына қиындық туғызбауы мүмкін. Ал бастауыштың оқушыларына тәжірибелі ұстаздар мен ата-ананың қолдауы үнемі қажет. Төртінші тоқсанда  қашықтан оқу барысында қиыншылықтар болды, интернет желісінің баяулығы және негізгі пәндерді түсінуі мектеп қабырғасындағыдай болмайтындығы  жасырын емес.

Әне-міне дегенше жазғы демалыс та аяқталып, балам 5-сыныпқа бармақ. Әлемді жайлаған індеттің әлі де беті қайтпай тұр. Сондықтан жаңа оқу жылы қашықтан білім берумен басталады. Оқушылар сағына күтіп, достарымен, ұстаздарымен қауышатын білім күніндегі алғашқы қоңырау соғу дәстүрі де биылға болмайды. Бұл балаларымыз үшін қиын болғанымен, солардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Қазіргі таңда бала тұрмақ, ересек адам үйден шықса, жанымызды  шүберекке  түйіп аман-есен оралуын күтіп отырамыз. Сондықтан, мамандардың кеңесіне құлақ асып, сақтық шараларын барынша орындағанымыз жөн.

Әр баланың мектепке барып білім алғаны, үйде онлайн түрде сабақ өткенінен мың есе артық. Ұлым 1 қыркүйек күні мектепке барып, мұғалімдермен, сыныптастарымен қауышып, білім ордасында оқуды қалайды. Меніңше, барша балалардың арманы сол. Алайда, «Сақтықта қорлық жоқ» – деген ғой дана қазақ. Сол себепті де, балаларымызға бұл тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қазіргі жағдайда, тазалық пен сақтық шараларының қаншалықты маңызды екендігін ұғындырғанымыз абзал. Өмір бойы осылай жалғаспайтындығы анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Сондықтан, уақытша қиындық кезінде ұстаздарымызға да түсіністік танытып, балаларға білім мен тәрбие беруге өзіміз де атсалысайық. Сонда ғана, қауіпті індетті бірге жеңіп, ұл-қыздарымыздың мектеп қабырғасында сапалы білім алуына жол ашамыз.

 

Бибінұр БӨДЕНБАЕВА,

Шелек ауылындағы № 1 орта мектебінің бастауыш  сынып мұғалімі:

Жаңа оқу жылында жаңа серпін

Биылғы 2020-2021 оқу жылы да келіп жетті. Оқушылар мен мектеп табалдырығын жаңа аттағалы  отырған бүлдіршіндер 1 қыркүйекті тағатсыздана күтеді. Өкінішке қарай, еліміздегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында және әлемді жайлаған пандемияға байланысты оқушылар қашықтықтан оқуға мәжбүр.

Мектепке келуді асыға күтіп отырған бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру – мұғалімнің шеберлігі мен ізденімпаздығы және шығармашылығының жоғары деңгейде болуына байланысты. Қашықтықтан оқыту – оқушы  мен мұғалімнің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. Осыған орай, ұстаздар қауымы кез-келген жағдайда балаларды сапалы біліммен сусындатуға дайын болуымыз керек. Оқушылардың білім сапасының жоғары деңгейде болуы үшін әрбір ұстаз жауапкершілікті мойнына алады. Сол себепті биылғы оқу жылына дайындық ретінде мектеп директоры А.Қырықбайдың басшылығымен барлық мұғалім «Қашықтықтан оқытуды үйретемін» тақырыбында курс оқып, сертификатталды. Біздің мектебіміз  «BilimLand.kz – онлайн мектеп» платформасымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Баршамызға мәлім, қашықтан білім алып, онлайн оқу үшін балаларға компьютер мен планшет-смартфондар керек. Ал көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оған шамасы келмейді. Осы орайда мектебіміздегі көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы балаларына мектеп тарапынан 157  компьютер берілді. Сонымен қатар, 15 мұғалім компьютермен қамтылды. Оған қоса, мектеп ұстаздары мен сынып жетекшілердің қолдауымен қаржылай көмек ұйымдастырылып, 1 отбасына компьютер алып беру жоспарланып отыр.

Қандай жағдай болмасын, балаларымыз сапалы білім алуға құқылы. Біз, ұстаздар қауымы, осы мақсатта жиған тәжірибеміз бен білімімізді пайдалана отырып, барымызды саламыз. Қиын кезеңге қарамастан, өз саласының дамуына жаңа серпін беретін маман ғана өз елін жарқын болашаққа бастамақ. 

 

Әзірлеген Сардарбек НҰРАДИН

 

Жексенбі, 30 Тамыз 2020 09:17

Айбарымыз – Ата заң

30-тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Елімізде мемлекеттік мереке болып, осы аталған күні тойланады. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйек күні күшіне енген болатын. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Ұлт ретіндегі нышанымыз іспетті Ата заң – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, бастапқы саяси және құқықтық құжаты ретіндегі рөлді иемденеді. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген. Тәуел-сіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған еді. Дәл осы күні қабылдау жиынына сол кездегі Жоғарғы кеңес мүшелерінің 312-сі қатысып, 309 депутат жақтап дауыс берген және үшеуі қалыс қалады.

Ал, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде Қазақстан президенттік-парламенттік билікке көшті. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында былай деп айтқан еді: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ».

 Тарихқа көз жүгіртсек, өткенімізде бүгінгі егемендіктің бейнесі талайлар күткен, осы үшін күресіп, қол созған арман болды. Ата заң да айбынымызды асқақтатып тұрған, мемлекет екенімізді айқындайтын бір белгі. Сондықтан, ол халық үшін қастерлі! Атақты ақын Жамбыл Жабаев бұрынырақта заңның өмірге келуіне байланысты өлеңінде былай деп жазған:

Масатыдай түрленіп,

Отанымды гүлдентті.

Бесіктегі баламды

Ана болып тербетті.

Тоқсандағы шалыңды

Шарықтатып көңілін,

Көкке құлаш серметті.

Қанат берді халқыма

Әуелетті, өрлетті.

Ағытылған өзендей

Сарқыратты еңбекті, − деген екен. Расымен-ақ, ел мүддесін қорғап, әділдіктің туын көтеретін, күштінің әлсізге қиянат қылуына тыйым болатын заңның орнауы да үлкен қуаныш. Мұны қазақ халқы ежелден білді. Әз-Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарғаны бәрімізге мәлім. Тәуке хан ХVІІ-ғасырда қазақ хандығына жан-жақтан қауіп төніп, елдің ауызбірлігі әлсірей бастаған тұста хандықты нығайтуға күш салған көсем. Ол бұл мақсатының жүзеге асуы үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет екенін жақсы түсінді.

Бүгінгі Коституциямыздың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.  Елбасымыз салып берген сара жолмен ел іргесі берік, бейбіт және өрлеуге толы ғұмыр кешуде. Конституциялар қабылданған елдер қатарына – Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Израил мемлекеттерін жатқызуға болады.Әлемдегі ең көлемді заңдар жинағының бірі Үндістанда. Үндістанның 1949 жылы қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген, 395 баптан, 12 бөлімнен, 500 толықтыру мен түзетуден, 117 400 сөзден тұрады. Конституция күнін мемлекеттік мейрам ретінде атап өтетін елдердің бірі – Америка Құрама Штаттары. Жыл сайын 17 қыркүйекте – Филодельфияда әлемдегі тұңғыш Америка Құрама Штаттары Конститу-циясының қабылданғанын атап өтеді.

Ата-баба қастер тұтқан «заң» ұғымының аясы кең, мәні терең. Әрине, ұғына білген жанға, Конституция – қастерлі қазына. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынғанның құл болмасы  анық.

          Ілия Сұлтан

Жексенбі, 30 Тамыз 2020 09:13

Жалғыздың үні шықпас

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз». Осылай басталған еді 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияның кіріспесі. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысының» заманауи жалғасы болған Ата Заң қазақ халқының ежелден келе жатқан дала заңдарына негізделіп, ұлттық құндылықтар сақтала отырып жазылған. Сол үшін де жасампаз Қазақстанның дамуы жолында Конституцияның маңызы өте зор. Осы орайда, маңызды құжаттағы маңызды мәселені көтергенді жөн көрдік.

«...Ал екінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім» – деп, өзінің саналы ғұмырындағы үш бақытының бірін «тілім» деген ақиық Мұқағали Мақатаев жырлаған тіл мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Жаза-жаза жауыр болған тақырыпты қозғаудан біз де түңілмек емеспіз. Тіл – ұлттың өткені, бүгіні мен болашағы. Сондықтан оны қадірлеп-қастерлеу барша қазақстандықтардың азаматтық борышы. Десек те, бүгінгі күні осы қасиетті құндылықтың қадіріне жете алмай жүргендейміз.

Жоғарыда аталғандай, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы қабылдаған Қазақстан Республикасының бас құжаты – Конституцияның 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі айқын жазылған.

«1. Қазақстан Республикасын-дағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.

  1. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
  2. Мемлекет Қазақстан хал-қының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды». Міне, Мұқағалиша айтқанда, үш бақытымыздың бірі Ата Заңда осылайша айқындалған. Бірақ, мемлекеттік мекемеге жатпайтын қоғамдық қызмет көрсету орындарын қоспаған күннің өзінде, көптеген ұйымдарда ресми тілге басымдық беретіндігі жасырын емес. Оны күнделікті өмірден көріп, біліп жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желілер жарыса жазған қазақ ұлты бас қатыруы тиіс мәселені түрік азаматы Оғыз Доған көтеріп, бірқатар мекемелерді сотта жеңіп шыққандығы біз үшін үлкен сын.

Кеңестік кезеңде өмір сүріп, тәрбие алған аға буынның мемлекеттік тілге шорқақтығына сол заманның қате түсінігі мен құлдық сананы айыптаймыз. Ал бүгінгі күннің, тәуелсіз Қазақстанның жастары, әсіресе, қалалық жердің тұрғындары мемлекеттік тілді менсінгісі келмейді. Бұл сорақылыққа кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Ол аздай, соңғы кездері «Қазақ тілі Қазақстанда ғана керек. Әлемдік деңгейге жету үшін халықаралық тілдерді меңгеруіміз керек» – деген пікірлер де айтылып жүр. Рас, біздің ана тілімізді біліп қана, шет елдерде жетістікке жете алмайтындығымыз хақ. Бірақ, Қадыр Мырза-Әлінің:

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп, тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құметте» – деген нақылын қайтпекпіз? Өзіміздің арымызды түзеп алмай, өзгені меңгеруге бет бұрғанымыз артық болар. Бұл тұста неміс ұлтынан шыққан қазақстандық әдебиеттанушы, публицист Герольд Бельгердің қазақ тілі жайында айтқан сөзі де еріксіз еске түседі. «Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16 893 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық» – дегені ана тіліміздің асқақтығын айқындап тұрғандай.

Хош, қарапайым азаматтар-дың қазақ тіліне деген салғырт көзқарасын өзгерту үшін аз жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Жылына миллиондаған қаражат, өз елімізде өз тілімізді дамытуға жұмсалады. Ұят та болса шындық осы. Ал қара халыққа үлгі көрсететін шенеуніктердің қазақшасы мәз емес. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» – деген Елбасы Н.Назарбаев осыдан екі-үш жыл бұрын игі бастама көтеріп, мемлекеттік қызметшілерге ана тілімізді меңгеруді тапсырып, Үкімет сағаттары мен жиналыстар мемлекеттік тілде өтуі керек деген тапсырма берген болатын. Тұңғыш Президент тапсырмасы жерде қалмады, түрі қазақ болғанымен, тілі орысша сайрап тұрған шенділеріміз, ана тілді меңгеруге уәде беріп, тіпті, кейбірі түсініксіз болса да «әупірімдеп» қазақ тілінде баяндамалар жасады. Кейіннен, бұл бастама Парламентке де жетіп, халық қалаулылары да қазақ тілінде сөйлей бастады. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Шенеуніктер баяғы әдетіне басып, жиналыстарымыз ресми тілде өз жалғасын тапты.

«Жоғарғы жақтың» күйі осы болса, басқалардан не күтпекпіз деген ойға қаласың кейде. Алысқа бармай-ақ, ауданымызда да мемлекеттік тілді дамыту жүзеге асып, заңға құлақ аспайтындармен және жарымжан жарнамалармен күрес аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан жүйелі жүргізілуде. Алайда, құзырлы мекемедегі бір-екі мамандардың күші хакім Абай секілді мыңмен жалғыз алысуға жетпейтіндігі жасырын емес. Бір ғана мысал, елімізде коронавирус індетіне байланысты карантин шаралары күшейтілгелі, қоғамдық орындар мен жабық мекемеде медициналық бетпердесіз жүріп-тұруға тыйым салынды. Сәйкесінше, ғимараттар кіре-берісіне «Медициналық бетпердесіз кіруге тыйым салынады!» деген ескерту қағаз ілу міндеттелді. Бұл тұста да қазақ тілі жайына қалды. Ескертпелердің басым көпшілігі «Без маски не входить!» деген ресми тілдегі жазумен шектелді. Халық көп жиналатын банк бөлімшелерінің өзі мемлекеттік тілді менсінбегендей сыңай танытты. Есік қаласының орталығында «Ақ тілек» мейрамханасының ғимаратында орналасқан «Еуразиялық банктің» есігінде орысша ғана жазуды байқадық (суретте). Әлде, медициналық бетпердемен ғимаратқа кіру қазақтілді азаматтарға қатысы жоқ па, түсініксіз. Енді баршамыз орындауға міндетті заңға жүгінейік. Қазақстан Республика-сындағы тіл туралы заңның тілдерді қолданылуын реттейтін 8-бабында: «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады» – делінген. Мұндағы мемлекеттік тіл дегеніміз – қазақ тілі екендігін ұмытпағанымыз абзал. Ол аз десеңіз, жоғарыда аталған медициналық бетперде туралы ескертпе қағаздың жазылу тәртібі де заң жүзінде көрсетілген. Осы заңның 21-бабы деректемелер мен көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің орнын айқын-дайды. «...Бланкілер, маңдай-шалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» – делінген. Керек десеңіз жазылған көрнекі ақпараттарды орналастыру тәртібі де қарастырылған осы бапта. «...Көрнекі ақпараттың барлығы мынадай ретпен: мем-лекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттардың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін...» – деп тайға таңба басқандай жазылған заңда. Ал бүгінгі көшедегі жарнамалар мен көрнекі ақпараттарға қарап, азаматтарымыз мемлекеттік тілді де, заңды да менсінбейтіндей күй кешесің.

«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген дана қазақ. Бір мақаланың күшімен немесе әкімдіктің бір-екі мамандары қоғамды түзей алмасы анық. Қоғамды түзеуді баршамыз өзімізден, отбасынан бастауымыз керек. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлаған азамат қана шын патриот деген атқа лайық. Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан айтқандай, «Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ». Осыны естен шығармайық, құрметті оқырман.

 

Сардарбек НҰРАДИН

«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың осы бір өміршең өсиеті бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені заман талабы сол, біліммен ғана күш сынасып, бәсекеге түсетін кезең бұл. Сондықтан әлемде болып жатқан қиындықтарға қарамастан білім беру саласы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, керісінше, дамудың жаңа сатысына көтерілгендей. Пандемияға байланысты кезекті оқу жылында оқушыларға қашықтан білім беріліп, онлайн түрде сабақ өткізіледі. Осыған аудан мектептерінің дайындықтары қалай?

Материалдық-техникалық базамыз сын көтере ме? Жаңа оқу жылы немен ерекшеленеді? Осы сынды сұрақтарға аудандық білім бөлімінің басшысы Аманова Бәтес Маратқызынан жауап алған болатынбыз.

– Бәтес Маратқызы, сұхбатымызды пандемияға байланысты білім саласында болып жатқан өзгерістерден бастасақ. ҚР білім және ғылым министрі биылғы оқу жылы қашықтан оқытумен басталады деген болатын. Осыған аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы қаншалықты дайын?

– Сапалы білім – мемлекеттің жан-жақты дамуын айқындайтын көрсеткіші әрі экономикалық дамуының кепілі. Осы орайда, білім  беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, бейімделген мектеп ғимараттарының орнына заманауи білім ошақтарының салынуы және үш ауысымды мектеп мәселелерінің оң шешімін табу, білім беру нысандарына  күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі балалардың сапалы  білім алуына зор ықпалын тигізетіні баршамызға аян.

Жаңа оқу жылы 84 жалпы білім беретін, 2 жекеменшік гимназия, 5 оқу-өндірістік комбинат, 3 қосымша білім беру, 101 балабақша, 14 шағын орталық, барлығы 195 білім мекемесімен  бастағалы  отырмыз.

2019-2020 оқу жылын 51 168 оқушымен аяқтасақ, жаңа оқу жылында 53 790 оқушы мектеп есігін ашпақ. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бала саны 2 622-ге артып отыр. 1 қыркүйекте 6 600 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. 2020-2021 оқу жылына 82 мектептің дайындық актісі алынды, ал Х.Бижанов атындағы және Әймен орта мектептері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты дайын емес.

Өздерінізге белгілі үстіміздегі жылы аудандағы 42 мектептің ішкі дәретханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 14 мектепте жұмыс толық аяқталды, 17 білім ошағында жұмыс 80-90 пайызға, ал 11 оқу ордасында жұмыс 30 пайызға біткен. Кызылқазақта әлі басталған жоқ.

Қызылжар ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектебінің шатырына жасалған күрделі жөндеу жұмысы келісімшарт бойынша 15 тамызда, Шелек ауылындағы Х.Бижанов атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары 31 тамызда, Әймен ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айының 30-ы күні аяқталады.

– Ауданның кейбір жерлерінде, әсіресе, Шелек өңірінде интернет желісі ұстамайтын аймақтар бар. Ондағы оқушылар қайтпек?

– Қашықтан оқыту барысында электрондық ресурстарды пайдалану үшін елді мекендерде ғаламтор желісінің жоғары болуы шарт. 16 мектепте ғаламтор желісі 2 мбит\сек-тен аспайды. Бұл кедергі «Қазақтелеком» арқылы 8 мектепке жоғары жылдамдықты интернет желісін, 5 мектепке радиомост қою арқылы шешіледі.

Сондай-ақ алыс елді мекендердегі және саяжайлардағы ғаламтор желілерінің төмендігін айтпасқа болмас. Ауданда 25 ауылдық округ пен 1 қалада 76 елді мекен бар. 41 елді мекенде және 5 саяжайда ғаламтор желісі өте төмен. Бұл жерлердің географиялық координаталары анықталып, тізімі облыс әкімдігіне және  облыстық білім басқармасына жіберілді.

– Онлайн сабақ өту үшін компьютер керек. Ал оған барлық отбасының жағдайы жетпейді. Осы орайда, мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға көмек көрсетіле ме?

– Елімізде орын алған жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының бас санитар дәрігерінің қаулысымен бекітілген «2020-2021 оқу жылында коронавирустық инфекцияның таралуы жағдайында (COVID-19) білім беру ұйымдарының тәртібі, күтімі және жұмысына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» негізінде 1 қыркүйектен бастап барлық мектептің 1-11 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматында интернет платформалары және «Әл-Фараби», «Еларна» және «Жетісу» телеарналарда берілетін телесабақтар арқылы оқытылатын  болады.

Цифрлы  технологияны  қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендету үшін білім мекемелерін жаңа үлгідегі компьютермен қамтамасыз ету қажеттілігі бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде қашықтан білім технологияларына оқу процесін көшіру кезінде аудан бойынша білім ордаларындағы  компьютерлер мен ноутбуктердің тапшылығы айқын білінді.

Жүргізілген мониториг негізінде 53 790 оқушының 21 449-ында дербес компьютерінің бары, ал 32 221 оқушыға компьютер керектігі анықталды. Облыстық білім басқармасына аз қамтылған отбасынан атаулы көмек алатын 4920 және ерекше білімді қажет ететін 531 балаға компьютер  алуға өтінім берілді. Жергілікті бюджеттің, демеушілердің есебінен алынатын 2000 компьютермен мектептегі 4 328 компьютерді оқушыларға уақытша берген күннің өзінде 24 000 балаға компьютер жетпейді. Бұл бағытта алдағы уақытта жұмыстар атқарылатын болады.

– Қашықтан оқыту жүйесіне ұстаздарымыз дайын ба?

– Оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беру мақсатында ауданда жалпы орта білім беру мекемелерінде 4 549 педагог жұмыс істейді.

Аудан мектептерінде 53 790 баланың 64 мектептен 50 126 оқушы интернет арқылы онлайн режимінде, 69 мектеп «BILIMLAND», 15 мектеп «Daryn.online» интернет платформасының контенттерін пайдалану арқылы оқытылады. Білім және ғылым министрлігі тарапынан интернет платформасының контенттерін пайдалануда мұғалімнің ақпараттық технологиялық құзыреттілікті дамыту, цифрлық сауаттылықтарын арттыру мақсатында педагогтерді оқыту үшін 27 шілде мен 1 тамыз аралығында 5 модуль бойынша «Ақпараттық технологиялық құзыреттілікті дамыту, киберпедагогика және әдіснаманы оқытуға бағытталған» «Stepik» деп аталатын сайт арқылы онлайн-курстар әзірленді. Онлайн-курстардың басталуы педагогтердің еңбек демалысынан шығуына байланысты 20 шілдеден басталды, біздің ауданнан 4 899-ға жуық педагог осы курстарда оқытылуы керек болған. Алайда мектеп директорлары мен орынбасарларының кезекті  еңбек демалысында болуына байланысты (олар да пән мұғалімі ғой) 4 631 педагог  оқытылды. Қалған 268 мұғалім қыркүйек айында оқытылады. Қашықтан оқыту процесі өткен оқу жылының төртінші тоқсанында жүзеге асты. Мұғалімдер ол кезде де түгел дайындықтан өткен болатын.

– Сіздің пікіріңізше, заманауи педагог қандай болуы керек?

– «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп дана ойшыл Конфуций айтқандай, мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері болуы керек. Ақпараттық техниканың қарыштап дамыған заманында  мұғалімдер қауымы да  өз білімін үздіксіз жетілдіріп, ізденіс үстінде болуы шарт. Бұрындары бор мен тақтасыз ұстазды көз алдымызға елестете алмайтын едік. Ал жаңа ғасырда, цифрлық дәуірде  мұғалімнің  білім берудегі құралының бірі – білім беру ресурсы, дербес компьютерінің болуы және өзіне тиімді бағдарламалар мен платформаларды  осы ресурс арқылы игеруі. Жағдай мен заманның ағымына ілесіп, ел болып қабылданған «Ұстаз мәртебесі» заңында көрсетілген «Ұстаз» деген атқа ие болу үшін алаштың арысы Мағжан айтқандай, ел басына  күн туғанда, қиындықтан шығар жолды көрсетер шамшырақ болу керек.

– Ата-аналар қауымы «Кезекші сыныптар ұйымдастырылып, балаларымыз мектеп қабырғасында білім алсын» деген ұсыныстарын жеткізуде. Әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалар мен бітіруші 9, 11 сынып оқушылары. Оларды мектепте оқыту мәселесі қарастырыла ма? Қауіпсіздік шаралары қалай болмақ?

– Қашықтан оқыту барысында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ата-анадан сұраныс түскен жағдайда бас санитар дәрігер қаулысының негізінде мектептерде штаттық режимде оқытатын кезекші топтарды ұйымдастыруды талап етуде. Бүгінгі  күнде аудан 84 мектептің 1 сынып оқушыларын кезекші сыныптарда оқытуды жоспарлаудамыз. Білім мекемелерінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету және санитарлық-эпедемиялогиялық талаптарды орындау мақсатында зарарсыздандыру кұрылғысы, тоннель, бетперде, антисептик, бактериситтік лампа алуға бюджеттік өтінім берілді. Егер қаржы бөлініп, аталған заттар алынған жағдайда 1 сыныптарды оқытатын кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарды оқыту алгоритмі құрылып сыныпты топқа бөлу, сабақ кестесі, қоңырау кестесі, оқытатын сынып бөлмелерін дайындау, ата-анадан өтініш жинау, мұғалімдердің келісімін алу, қосалқы мұғалімдермен қамту сынды өзекті мәселелер туралы  мектеп директорларына, ата-аналарға селекторлық режимде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал негізгі орта және орта мектепті бітіруші 9, 11 сынып оқушылары виртуалды сыныптарда оқып, өз бетінше  білім алуға, партаның орнына ақпаратты техникаларды қолдануға бейім болуы қажет, сондықтан оларға қашықтан оқу қиындық тудырады деп ойламаймын.

– Елімізде барлық күш қауіпті індетпен күреске жұмылдырылса да, ескі мектептер мен үш ауысымда білім беретін оқу ордаларының мәселесі назардан тыс қалған емес. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үш ауысымды мектептер мәселесі өз шешімін табуы керек, мұндай жағдайда білім сапасын көтеру мен жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу еш мүмкін емес» – деген болатын. Білім беру ісіне қатысты Президент пайымдауынан туған түйіннің бірі – қордаланған мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну болмақ. Үш ауысымда оқытуды болдырмау үшін ауданда жасалған қадамдық жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.  Мысалы, 2019-2020 оқу жылында Рахат №1, В.Терешкова атындағы, Ж.Қайыпов атындағы, Х.Абдуллин атындағы орта мектептері үш ауысымды режимде жұмыс істесе, бұл мәселенің шешімі 300 орындық жапсаржайлар мен Есік қаласындағы үшінші ықшам ауданда 1 500 балаға арналған мектептер салыну арқылы шешіледі. Оқушы санының артуына байланысты аудан бойынша 2020-2021 оқу жылында А.Бертаева атындағы, Абылайхан атындағы, Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп  үш ауысымдық жүйеде оқытылады. Бұл мектептердегі түйінді мәселенің шешімін табу үшін мектеп, қосымша жапсаржай салу жоспарлануда.

Үш ауысымды мектептердің мәселесі шешімін тапқанымен демографиялық өсімге байланысты шағын елді мекендер үлкен ауылға айналуда. Мәселен, Сатай ауылынан 400 оқушы Қаракемер ауылына барып оқиды. Егер сол ауылдың өзіне 600 орындық жаңа мектеп салынса, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлар едік. Сондай-ақ, Рахат ауылдық округінің жанындағы саяжайға 1 500 орындық мектеп қажет, өйткені сол аймақтағы  600 орындық Рахат №1 орта мектебінде 2 000 бала білім алады. Осы білім ошағына қарасты мөлтек ауданнан 1 сыныпқа қабылданатын 400 оқушыны қаланың екінші шетінде орналасқан Райымбек атындағы орта мектебіне тасымалдауға мәжбүрміз.

– Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы биыл қалай ерекшеленбек? Балалардың көшедегі қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылмақ?

– «Мектепке жол»республикалық акциясы 2008 жылдан бастап жүйелі жүргізілуде. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылды. ҚР БЖҒ министрлігі мен «Атамекенім» қоғамдық бірлестігі порталы арқылы өтініштер мен тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек жинау туралу келісім жасалды. Аталған портал негізінде көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы құрылды. Бұған  өз кезегінде демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты онлайн арқылы аудара отырып, көмек көрсету бойынша өз ниеттерін жүзеге асыра алады.

2020 жылдың басынан бастау аталған акция аясында жалпыға бірдей міндетті білім беру категориясындағы 2 106 балаға ЖББ қорынан 50 млн 80 мың теңгеге қыстық киім, мектеп формасы алып берілді, сонымен қатар «Атамекенім» қоғамдық бірлестігі порталына түскен өтініштер бойынша мектеп әкімшілігі мен мектеп жанындағы Қамқоршылық кеңестің ұйымдас-тыруымен демеушілер 8 млн 578 мың 623 теңгеге көмек көрсетілді. Сонымен қатар наурыз айында басталған дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде көмекке мұқтаж  отбасы балаларына компьютер, ноутбук, планшет, смартфондар алып берді.Қазіргі пандемия жағдайында ауыл әкімдері аталған акция аясында жұмысты жандандырса білім саласына үлкен көмек болар еді.

– Оқушылардың жолдағы қауіпсіздігі де қарастырылып жатқан болар.

– Әрине, қоғам үшін баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі – ең басты байлық. Сондықтан білім беру ұйымдарында жолда жүру ережелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Мектептерде балада қатаң дағды  қалыптастыру мақсатында сынып сағаттарымен кіріктірілген қауіпсіздік негіздері туралы арнайы сабақтар жүргізіліп, ата-аналарына да ескертіледі.  Оқушы жол айырығында  алғашқы қадам жасамас бұрын, жолдың барлық бағытына қарауы тиіс. Біз ата-ана, қоғам, мектеп болып осы шартты рефлексияны бала түйсігіне қалыптастыруымыз керек. Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында аудандық жол-патрулдік полициясының тарапынан 27 бағдаршамның жанынан жаяу жүргіншіге арналған жолақтар жаңартылып сызылуда. 84 орта білім беру мекемесіне оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ең жоғарғы жылдамдықты шектеу», «балалар», «Пано», «жасанды ойлы-қырлылық», «жаяу өткел» жол белгілері 1 қыркүйекке дейін қойылады.

Сонымен қатар өте тығыз орналасқан Рахат ауылдық округіне қарасты Рахат №1 мектебінің жанынан жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынуда. Бұл оқушыларымыздың жолдан өтер кездегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

    Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Алғаш дүние есігін ашқанымызда қым-қиғаш өмірдің салқынын сездірмей, аялы алақан мен мейірімді жүректің шуағына бөлейтін де осы жер. Осында қабырғамыз қатайып, буынымыз бекиді. Ата-анамыздың қамқорлығы мен тәрбиесінің арқасында өмірдің қатал заңына қарсы тұрудың да қыр-сырын меңгереміз. Әйтеуір, отбасының тыныштығы мен жарасымы алдағы өміріміздің көрсеткіші іспеттес. Отбасы балғын балалық шағымызда еркелігімізді көтеріп, барша қауіп пен қатерден қорғайтын, оның үстіне бар жағдайымызды жасайтын асыраушымыз болса, ержеткенде қуанғанда бөлісіп, қиналғанда дем беретін, адал ақылшымыз әрі жақын досымызға айналады. Ал қартайғанда еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің қайтарымы ретінде қамқоршымыз болмақ. Демек, адамның жер басып өмір сүруі, қоғаммен араласуы, еңбек етуі, нығметке бөленуі тікелей отбасымен байланысты. Өйткені біздің қандай адам болмағымыз, яки қандай жағымды не жағымсыз мінездерге ие болуымыз немесе өмірдің қатал сынында сыр бермей, сыбағамызды ала алуымыздың да түпкі мәні отбасыға келіп тіреледі. Осылайша "Барлығымыздың көкейімізде қат-қабат мән арқалаған осы бірауыз сөздің астарында не жатыр? Онымен біздің байланысымыз қандай? Отбасының негізгі ерекшелігі қайсы?"  деген сансыз сұрақ туындайды. Себебі ол – біздің өткеніміз, бүгініміз әрі болашағымыз. Сондықтан отбасының мәнін түсініп, тереңіне бойлау баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ.

 

Отбасы – қастерлі ұғым

Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Жастайынан кері идеологияның ықпалына ұшыраған не психологиялық өзгешелігі бар адам болмаса, дені осы пікірді жақтайтыны анық. Әлемдік тарихта ойып тұрып орын алып, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Алайда, осы бір отбасы болудың өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Сондықтан отбасы мәселесі ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырған емес.

Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне ұмтылды. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол –  мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал классикалық неміс философиясының өкілі Э.Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. И.Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Г.Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарға байланысты ғылыми ізденістер көптеп жасалып, оның қалыптасу жолы туралы теориялар толықтырыла түсті. Оның қатарында 1877 жылы шыққан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» атты кітабы бар. Онда отбасының тарихы, некелік қарым-қатынастар мен экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметін қарастырды.  Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы маркистік философтар да көптеген еңбектер жазды. Соның бірі – Ф.Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда Ф.Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарап, ондағы формалардың байланысын, даму жолдарын көрсетті.

Сонымен бірге, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық ойшыл И.Г.Песталоцци, орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко,т.б. тұлғалар өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты талдады. Тіптен отбасын қалай құру туралы ежелгі грек ойшылы Платон да «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген өрелі ой айтқан екен.

Ф.Энгельс жоғарыда аталған еңбегінің кіріспесінде қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш сайып келгенде өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру екенін айта келіп, отбасылық өндірістің екі түрлі болатынын көрсетеді. Отбасы ретінде адамдар бірінші жағынан тіршілік қажеттіліктерін, яғни, азық-түлік, киім-кешек, баспана және оларды жасау үшін қажетті құралдар өндірсе, екінші жағынан адамның өзін өндіреді. Түсінікті тілмен айтқанда ұрпақ өсіріп, артына із қалдырады.

Л.Морганның зерттеулеріне негізделген жорамал бойынша, адамзат қоғамы тарихының бастапқы кезеңінде адамдар арасындағы некелік қатынастарға ешқандай шек қойылмаған. Ол кезде үлкендер мен жастар, балалары мен ата-аналар өзара некелене берген. Бұл адамзаттың жабайы не жартылай жабайы кезі болатын. Десе де, промискуитет (аралас) деп аталатын бұл кезеңнен кейін бір қандастар отбасы, синдиасмикалық отбасы және моногамиялық отбасы деген кезеңдер де болды.

Бір қандастар отбасы аты айтып тұрғандай, топтық некеге негізделеді. Мұнда некелесу тек бір ұрпаққа жататындар арасында ғана болатын. Бір ұрпаққа жататындардың бәрі туысқандығына қарамастан өзара некелесіп, отбасын құрған. Бұл кезеңді эндогамиялық деп те атайды. Қазіргі кезде мұндай отбасылар жоқ, бірақ кейбір халықтарда ағайынды екі адамның балаларының үйлену фактілері кездесіп тұрады. Мәселен, өзбек, араб секілді халықтарда бұл дәстүр әлі де бар.

Біртіндеп эндогамиялық принцип экзогамиялық принциппен, яғни өзара туысқандармен некелесу дағдысы руаралық некелесу формасымен алмасты. Бұл кезде бір рудың бір топ қыздары басқа рудың бір топ туысқан жігіттеріне тұрмысқа шығатын болған.

Ал моногамиялық отбасына өтудің тарихи типі синдиасмикалық отбасында көрініс тапты. Бұл тип жабайылықтан варварлыққа өту кезеңінде пайда болып, полигамиялық отбасылар кең таралды. Отбасында еркектердің құқы жоғары болды. Отбасының бұл формасының басты ерекшелігі баланың шын биологиялық әкесі белгілі болып, соның әсерімен рулық қоғамның ыдырап, жеке меншіктің дамуына, қосымша өнімнің шығуына, сөйтіп бір еркек пен бір әйелден тұратын моногамиялық отбасының тууына алғышарт жасалды. Моногамиялық отбасы да патриархалды қатынастарға негізделгендіктен отбасы басшысы ретінде еркектің рөлі зор еді. Қазіргі заманда да бір типті отбасы жоқ. Отбасылық қатынастардың формалары түрліше болуының себебі, белгілі бір қоғамның даму дәрежесімен және ондағы қоғамдық қатынастардың сипатымен анықталады. Сондықтан діни көзқарас пен ұлттық салт-дәстүрге, адамдардың таным мен түйсігіне орай отбасылардың өзгеше болуы – табиғи заңдылық.

Отбасы қандай тарихи типке жатпасын, оның негізгі қызметі бір деуге болады. Ол ең кіші бірлестік ретінде көптеген әлеуметтік функцияларды іске асырады. Ең алдымен отбасының репродуктивтік, яғни ұрпақ өсіру арқылы қоғамды қалпына келтіру қызметі бар. Одан соң өндіру мен тұтынуға негізделген экономикалық және отбасы мүшелерінің денсаулығын, материалдық игіліктермен қамтамасыз етілуін, қауіп-қатерден аман болуын, тиісті қамқорлық жасалуын қамтамасыз ететін қорғаныс функциясы бар. Одан өзге балаларды оқыту мен тәрбиелеуді жүзеге асырып, қоғамдық тәртіпке, жақсы мінез-құлыққа баулитын әлеуметтендіру функциясының орны тіптен бөлек. Тағы бір маңызды шарт ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюі мен құрметтеуіне негізделген эмоциялық қызметінің де рөлі зор. Осы секілді функцияларды жүзеге асырғанда ғана нағыз толыққанды отбасының іргесі қаланбақ. Ал оның біреуі кемісе ондай отбасының қоғам үшін де, мемлекет үшін де, тіптен болашақ үшін де зардабы мол.

 

Әке рөлі неге төмендеді?

Отбасы және оның ішкі мәні мен маңызы туралы ғұламалардың жазған еңбектері өте көп. Ол еңбектер ғылым мен білімде, өнер мен мәдениетте, руханият пен әдебиетте өз орнын тауып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп келеді. Алдағы болашақта да мұндай еңбектер жазыла бермек. Алайда сол данышпан ғұламалардың өзін жүз ойландырып, мың толғандырған, сосын жалпы қоғамның толғақты мәселесіне айналған отбасы ұғымын біздер қаншалықты қадірлеп жүрміз?!

Әрине, келісеміз. Сіз де отбасыңыз үшін түн ұйқыңызды төрт бөліп, жан жарыңыз бен бала-шағаңыздың қамы деп басыңызды тауға да, тасқа да ұрып жүрсіз. Олардың жақсы өмір сүріп, ішкені алдында, ішпегені артында болатын бақуатты тұрмысқа жетуіне барыңызды салдыңыз. Ол үшін ақылыңыз бен сабырыңызды, күшіңіз бен жігеріңізді ешқашан аяған жоқсыз. Десе де, осының өзі жеткілікті деп айта алмасыңыз анық.

Жалпы, отбасы әке мен ана және бала арасындағы өзара қатынасқа құрылады. Әрине, туысқандықты жоғары бағалайтын қазақ халқында отбасылардың өте үлкен болатыны түсінікті. Алайда біз отбасылық қатынасты осы үш тараптың арасында талдағанды жөн көрдік. Біздің отбасымызда патриархалды қатынастарға негізделгендіктен үйде әкенің рөлі қашанда жоғары. Ол – отбасының асыраушысы, қорғаны әрі иесі. Дегенмен бүгінде көптеген отбасыларда «отағасы» деген атқа лайық ер азаматтар азайған, үйдегі әкенің рөлі төмендеген. Оған себептер көп.

Ең әуелі бұрынғы қазақ қоғамында қалыптасқан әкелер институтының сабақтастығы үзілген. Кезінде ес білген ер баланы атқа мінгізіп, ел аралатып, жер көрсететін. Ол аузы дуалы ақсақалдардан бата алып, ер болудың, отан қорғаудың қасиетті парыз екенін түсінетін. Сондықтан жауына қаһарлы, досына адал, жақындарына мейірімді нағыз еркек болуды меңгеретін. Ал бүгінгі күні барлығы тіршіліктің қамытын киген соң, жан бағудың қамымен жүріп, алыстағы ақсақалдан бата алу түгілі, жақындағы туысымен араласпайтын отбасылар көп. Ал жер көріп, ел танымаған өрісі тар ұлдың болашағы қандай боларын болжау қиын. Мұндайда қазақтың «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады» деген аталы сөзі ойыңа еріксіз оралады.

Екіншіден, отбасына уақытын аз бөлу. Шыныңызды айтыңызшы, сіз отбасыңызбен күнделікті қанша уақыт бірге боласыз? Соңғы рет отбасыңызбен демалыс орындарына, саябаққа, киноға қашан бардыңыз? Балаңызбен соңғы рет қашан сөйлестіңіз? Уақытыңыздың тапшы екені де рас. Отбасыңызды материалдық қамтамасыз ету үшін тынбай жұмыс істеуіңіз керек. Бірақ отбасы үшін материалдық игіліктен де бөлек құндылықтар бар ғой. Отбасыңыз сіздің әрқашан олардың жанында болатыныңызды және өздерін қатты жақсы көретініңізді сезінуі сіз үшін ақшаға сатып ала алмас теңдессіз қымбат қазына емес пе?! Әрі олардың алдындағы абыройыңыздың күннен күнге биіктей берері хақ.

Үшіншіден, қиын да болса мойындауға тиіс себеп – әкенің отбасындағы орнын оның табысы анықтайтындығы. «Әйелінің тапқанын жеген еркектің басы күнде маңдайшаға тиеді» деген сөз бар. Мұндайда еркектің отбасын асырау қызметі әйеліне ауысқан соң, оған да еркекке тән мінез пайда болатыны ақиқат. Яғни әйелге тән нәзіктік келмеске кетті деген сөз. Енді ер мен әйелдің орны ауысқан соң баланың санасындағы әкенің абыройы да аяқасты болады. Осылайша отбасында бір-біріне кері пропорцияналды жағдай пайда болады. Ең жаманы отбасындағы мұндай олқылық тек өздерімен кетпейді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішердің» ауылы алыстап, керісінше үйдегі көріп өскен тәрбиесіне қарай дөрекі қыз, ынжық ұлдардың пайда болуына жол ашады. Ал оларды көрген келесі ұрпақ тағы сол жүлгені қуалайды. Осылайша мәңгі бақи жалғаса бермек.

 

Әйел «бостандығының» сыры

Еркек үйдің егесі болғанда, әйел үйдің шегесі іспетті. Отбасын жылу мен мейірге бөлейтін, оның тыныштығы мен берекесін сақтайтын да  осылар. Діни түсінік бойынша қисық қабырғадан жаратылғанын ескеріп, еркекке жол берсе де, Құдайтағала еркектің маңдайына жазбаған нығметтерді аямай берген. Солардың ішіндегі ең ұлы нығметі – бала туып, ана болу бақытын бұйырғаны. Күйеуінің сырттан тауып әкелген дүниесін шашау шығармай, бірін екі қылатын берекелі алақан да әйелдердің еншісінде. Баланы туып қана қоймай, ақ сүтімен асырау, олардың үйдегі жағдайын жасап, тәрбиесімен айналысу да – әйел затының қасиетті борышы. Тіптен баланың санасындағы әке бейнесін аспанмен теңестіріп биіктету де, керісінше жерге көміп қор ету де әйелдің саналығымен байланысты.

Шыны керек, дәстүрлі отбасында еркек әйелден бір саты жоғары тұратыны рас. Бірақ солай екен деп қазақ қоғамындағы әйелдердің орны төмен болған екен ғой деген түсінік қалыптаспауы керек. Егер қазақ қоғамында әйелдердің рөлі тым төмен болғанда атақты батыр Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында айтатын бүкіл ауылды бір шыбықпен айдайтын Қызтумас әжесі, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы талайды көрген офицер Қасымбекті генаралдың алдында тұрғандай жүрегін дүрсілдеткен Қамқа кемпір секілді образдар қайдан келді?! Ал әдеби образдың өзі өмірден алынатынын жақсы білеміз. Дегенмен сол әжелеріміз де қаншалықты сұсты болғанымен, әйелге тән әдептен аттап көрген емес.

Десе де, бүгінгі демократиялық қоғамның әсерімен еркек пен әйелдің теңесуі арқасында кейбір отбасылық құндылықтарға нұқсан келіп жатқаны өтірік емес. Әрине, қандай ірі жетістікке жетсе де, өзінің нәзікжанды екенін ұмытпай, отбасы құндылығын бәрінен жоғары қоятын әйелдер өте көп. Дегенмен сол «бостандықты» бұрыс түсініп жатқандардың да қатары аз емес екені анық.

Бірде ютуб желісінен АҚШ-тың атақты режиссері Аррон Руссомен болған соңғы сұхбатты көргеніміз бар. Сол сұхбатында өзінің Девид Рокфеллермен танысып, бір-екі рет дастархандас болғаны айтылады. Сондай бір дастархан үстіндегі әңгімеде Д.Рокфеллер А.Руссодан: «Біз Рокфеллерлер феминизмді қаржыландырдық. Соның себебі не екенін білесің бе?» – деп сұрайды. Бұған А.Руссо кең таралған үйреншікті жауап айтады. Сонда А.Руссоға мысқылдай қараған Д.Рокфеллер: «Оның түпкі екі-ақ мақсаты бар. Біріншіден, үйде отырған әйелдерге желік бітіріп, еркектермен бірге жұмыс істеуге мәжбүрледік. Осы арқылы қазынаға бұрын тек қана еркектер ғана салық төлесе, енді әйелдер де салық төлей бастады. Соның арқасында біздің табысымыз да екі есеге артты (АҚШ экономикасының шын билеушісі – осы Рокфеллер). Екіншіден, әйелдер де еркектермен жарысып бәсекеге түскендіктен, дәстүрлі отбасының тұғыры шайқалып, балаларды тәрбиелеу балабақша мен мектепке тапсырылды. Яғни оларды тәрбиелеу құқын бізге берді. Ал олар болашақта біздің сойылымызды соғатын қуыршаққа айналады», – дейді. Рас-өтірігін кім білсін, бірақ әдемі ұрандармен бүркемеленген мұндай сұрқия жоспардың болмағанын теріске шығара алмаймыз.

Мейлі, қандай мектеп не университет болсын, ата-ана тәрбиесінің орнын алмастыра алмайтыны шындық. Әсіресе, ана тәрбиесінің орны бөлек. Әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезінген бала ғана айналасына тек жақсылық бағыштай алмақ. Бастысы, отбасында әрбірі өз орнын біліп, өзіне тән функциясын іске асырса ғана болғаны.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Мемлекеттің көркейіп, әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуі, білім беру, денсаулық сақтау, тәртіп пен өзара береке-бірліктің ұштасуы, қоғамдағы адамдардың өмір сүру ахуалының жоғарылауы, ұлттық стандартқа жету – мұның бәрі салық түсімдеріне байланысты. Дәлірек айтсақ, салық төлеушілердің жауапкершілігі мен міндетін дұрыс орындауы маңызды. Сондықтан болар, әлемдегі барлық елде салық жүйесі негізгі салалардың бірі болып саналады. Мемлекеттік кірістер басқармасы да Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құрылымдардың алғашқылары қатарында. Сіз бен біздің төлеген салығымыз арқылы өзімізге жағдай жасалады. Мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы

Жарманов Нұрлан Ердәулетұлымен кездесіп, ауданымыздағы салық саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталған едік.

– Нұрлан Ердәулетұлы, республикадағы ең ірі  ауданның  салық түсімі  ойдағыдай орындалып жатыр ма ?

– Иә, ауданымыз үлкен, халық саны көп болған сайын жұмысымыз күрделене түседі. Десек те, биылғы бюджеттік түсім жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Осы жылдың жарты жылына салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің болжамы  8 478,8 млн теңгені құраған. Жоспарымыз артығымен орындалып, бюджет 9 124,1 млн теңгеге толықты. Көрсеткіш – 107,6  пайыз. Ал өткен жылдың 6 айымен салыстырсақ, биылғы көрсеткіш 6,3 пайызға артық, яғни 536,9 млн теңгеге өскен.

– Аталған қаржының барлығы ауданның бюджетіне түспейді ғой?

– Әрине, мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы түскен салықтардың барлығы республикалық, облыстық және аудандық бюджетке түседі. Жоғарыда аталған қаржының 3 285,2 млн теңгесі республикалық бюджеттің еншісіне тиді. Облыстық бюджеттің болжамы 126,3 пайызға орындалып, жалпы түсім 2 685,2 млн теңгені құрады.

Ал ауданның қазынасы 6 айда 3 153,7 млн теңгеге толықты. Бұл жоспардағы сомадан 70,9 млн теңгеге артық. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 8 пайыз-ға, яғни, 233,7 млн теңгеге өскен. 

– Әлемдік  пандемия бюджеттік  түсімге әсер етпей қоймайды. Өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда түскен  салықта айтарлықтай өзгерістер бар ма?

– Пандемия барлық саланың дамуына кесірін тигізді. Оның ішінде бюджеттік түсімге де әсер етті. Бірақ қиыншылыққа қарамастан жұмысын тоқтатпай  үздіксіз салық төлеп тұрған өндірістік орындар жеткілікті. Жоспар бойынша, 2020 жылдың  1 қазанға Еңбекшіқазақ ауданының салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің болжамы 13 412,7 млн теңгені құрайды. Ал өзіміздің болжам бойынша 13 472,5 млн теңге жиналып, 100,5 пайызға орындалады деп жоспарлануда. Яғни, 59,8 млн  теңгеге артық жиналуы тиіс. Бұл жоғары көрсеткіш емес, әрине. Алайда қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде көзделген межені орындаудың өзі біз үшін аса маңызды.

– Мемлекет басшысы қазіргідей қиын-қыстау кезеңде шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды. Сіздердің  тараптарыңыздан  қандай  жеңілдіктер  қарастырылуда?

– Жоғарыда атағанымдай, бюджеттік түсімдердің төмендеуінің негізгі себебі – шағын бизнес субъектілеріне жасалған жеңілдік. Яғни 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде  арнаулы салық режимдерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері үш жыл мерзімге салық төлеуден босатылғаны.

Сонымен қатар әкімшілік  құқық  бұзушылық  хаттама  бойынша  салынған  айыппұл сомасы 10  жұмыс  күннің  ішінде  төленсе,  оған  50  пайыздық  жеңілдік  қарастырылған.

– Өзіңіз айтқандай, түскен салықтың негізгі бөлігі кәсіпкерлердің үлесінде. Ауданымыздағы бизнес субъектілерінің саны қанша?

– Бүгінгі таңда аудан бойынша тіркелген заңды тұлғалардың жалпы саны – 2271 құрайды. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар – 1391. Қалғаны жұмысын уақытша  тоқтатқан.

Сондай-ақ бізде 18 843 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның 16 644-і қазіргі уақытта жұмыс істейді. 2199 жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатқан.

Әрине, бүгінгі күні тек сандық қана емес, сонымен қатар сапалық көрсеткіштерге де баса назар аударылады. Бұл жерде салық төлеушілер тарапынан түсіністік қажет. олардың мемлекет алдындағы салық міндеттемелерін орындауы жалпы республикамыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін салық органдарының алдына қойылған міндеттерді орындау шарттарының бірі болады.

– Жарияланған мораторийге байланысты кәсіпкерлік нысандарын себепсіз тексеруге болмайды. Алайда кәсіпкерлер арасында заң бұзып, салықтан жалтарушылар бар. Оларды қалай анықтайсыздар?

– Бұл бағыттағы маңызды мәселелердің бірі – салық тіркеуіне тұрмай, жеке кәсіпкер-лікпен айналысып жүрген тұлға-ларды анықтау. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша тексеру жүргізуге және арнайы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілердің салық төлеуден босатылуына мораторий 01.01.2020 жылдан бастап 01.01.2023 жылға дейінгі кезеңге қолданылады, яғни салық төлеуші жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелсе, арнайы салық режимін таңдаса, табыстан салық төлеуден 01.01.2023 жылға дейін босатылады. Бірақ салық төлеушілер арасында салық заңнамасын бұзатын азаматтар бар. Мұндай салық төлеушілер Вайпон бағдарламасы бойынша «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясы  арқылы анықталады. Оның мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті дамыту. Әрбір тұтынушы сатып алынған тауар үшін берілген чекті мобильді қосымша арқылы жібере алады және күн сайын ұялы телефон теңгеріміне ақша ұтып алу мүмкіндігіне ие. БКМ фискалдық чектері берілмеген жағдайда тұтынушы шағымды жібере алады, факт расталғаннан кейін телефон теңгерімі толықтырылады. Сонымен қатар уәкілетті органдардың мәліметі бойынша әкімшілендіру жүргізіліп, соның нәтижесінде анықталған бұзушылықтар  бойынша ерікті түрде орындау үшін салық төлеушілерге хабарламалар жіберіледі.

Одан бөлек камералдық бақылау жүргізіледі. Камералдық бақылаудың мақсаты – салық төлеушіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды салық органдарында тіркеу есебіне қою және Салық кодексінің 96-бабына сәйкес салық есептілігін табыс ету, салық және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу арқылы дербес жою құқығын беру.

– Жеке көлігімен жолаушы тасымалдаушы азаматтар, жалдамалы пәтер иелері секілді салық төлеушілерді көлеңкеден шығару жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Салық төлеушілерді көлеңкелі экономикадан шығару үшін бұқаралық ақпарат жүйесі арқылы, әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде такси, жүк тасымалы және тұрғын үйді жалға беру кезінде міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өту қажет. Бізде салық тіркеуіне тұрмай, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген салық төлеушілерді анықтауға берілген нұсқама бар. Сондай-ақ полиция басқармасы-мен, қалалық және ауылдық округ әкімдіктермен бірлескен комиссия мүшелері мемлекеттік тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтарды анықтау бойынша бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

– Оларға мораторий қолда-нылмайды ма?

– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес тексерулер жүргізуге мораторий шағын бизнес субъектілеріне қолданылады, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген салық төлеушілер бойынша тексерулер жүргізуге қолданылмайды. Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратыны анықталған салық төлеушілер бойынша әкімшілік іс-құжаттар толтырылып және істер қарау үшін сот органдарына беріледі.

– Аталған азаматтардың арасында салықтан жалтармай, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер бар ма?

– Әрине, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде заңды түрде жұмыс жасап жатқан азаматтар бар. Ағымдағы жылдың басынан бері жолаушы тасымалдаумен айналысатын 22 такси жүргізушісі, 10 жалдамалы тұрғын үй ұсынушылар салық төлеуші ретінде тіркелді.

– Карантин уақытында жұмыстарыңыз қалай жүзеге асуда?

– Биылғы індет біздің жұмысымызға да кері әсерін тигізді. Ұжымымыз үлкен, тиісінше, атқарылар жұмыс та ауқымды. Соған қарамастан, біздің қызметкерлеріміздің барлығы өз қызметін толықтай атқарып, нәтижесінде жоғарыда аталған көрсеткішке қол жеткіздік. Басқарма қызметкерлерінің 20 пайызы күнделікті жұмыс орнында болса, қалған 80 пайызы өз жұмыстарын қашықтан жүргізеді.

– Пандемия кезінде, жалпы, салық саласына еңбегі сіңген әріптестеріңізді айта аласыз ба?

– Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 52 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Басқарма 7 бөлімнен тұрады. Салық саласында ұзақ жыл істеп, ауданға еңбегі сіңген қызметкерлер жетерлік. Атап айтар болсақ, Қанат Қасымбаев, Мұрат Егізеков, Алия Биханова, Бекзада Қуандыкова өз істерін абыроймен атқаруда. Сонымен қатар орта буындағы алдыңғы қатарда жүрген өз ісінің білікті мамандары – Толқын Мергенбаева, Айгүл Баймолдина, Дәурен Мұсаев, Дидар Бидайбеков, жас буын Эльвира Мураханова, Марат Әбілаш, Мадияр Жұмаханов, Диана Тұрсымбекова мемлекеттің қазынасын толтыру жолында аянбай еңбек етуде.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса...

– Келе жатқан кәсіптік мерекеде кірістер саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға  зор денсаулық, отбасыларына амандық, таусылмас күш-қуат тілеймін. Ел ырысын молайтып, мемлекет қазынасын толтыру жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Еліміз осындай қиын сәттен аман-есен шығып, қауіпті індетті бірге жеңейік. Даму жолындағы жұмысымыз жандана берсін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Дүйсенбі, 17 Тамыз 2020 14:41

У спорта – молодое лицо

Каждое  третье воскресенье августа Казахстан отмечает не только профессиональный, но и общенародный праздник – День спорта. Спортивным достижениям, укреплению общественного здоровья руководство страны уделяет постоянное внимание. Действуют госпрограммы по поддержке физической культуры и здорового образа жизни. Всего по данным статистики в массовом спортивно-оздоровительном движении участвуют около четырех миллионов человек.

Казахские спортсмены добиваются рекордных результатов в международных соревнованиях, на Олимпийских играх. Спортивные арены  Казахстана становятся местом проведения международных первенств. Мировое признание высокой спортивной культуры в РК является неоспоримым фактом. По инициативе Президента РК Касым-Жомарта Токаева правительством и Парламентом республики принят курс на принятие Комплексного плана по развитию массового спорта и спортивной инфраструктуры в Республике Казахстан.  «Лицом к спорту» поворачивается и наш район. Мы в тройке лучших в областном рейтинге спортивных достижений.  В округах действует около 400 спортивных объектов, в том числе крупные физкультурные комплексы в Есике и Шелеке. В районе ежегодно по программе «Развитие регионов» на бюджетные средства строятся и реконструируются стадионы и спортплощадки. Только в текущем году по программе   выделены средства на обустройство стадионов в с.Тескенсу Тескенсуского округа, и с.Балтабай Балтабайского округа; обустройство спортивных площадок  в с.Каражота и Сарыбулак  Каражотинского округа, а также в  с.Каипова Казахстанского округа. В с.Бижанова по программе «Дорожная карта занятости» идет реконструкция спортивного комплекса сметной стоимостью свыше   300 млн  тенге. В с.Шелек на  следующий год  намечено строительство регионального физкультурно-оздоровительного комплекса.  Силами местного самоуправления, предпринимателей, жителей аулов и сел  в сельских округах восстанавливаются и строятся стадионы и спортплощадки. Такие примеры есть в Казахстанском, Ташкенсазском, Жанашарском и других округах.  Работает частная спортивная школа С.Тынысбекова в г.Есике. В школе  за счет  собственных средств построены два мини-стадиона с искусственным покрытием, волейбольная площадка,  проложена 300-метровая беговая дорожка с резиновым покрытием, проведено освещение для занятий в вечернее время. Модернизированы и спортзалы для бокса, акробатики и единоборств. Несколько лет назад была создана Любительская  федерация спорта Енбекшиказахского района (ЛФСЕР), объединившая футбольные, баскетбольные, волейбольные команды и клубы. На ее базе  ежегодно (кроме нынешнего из-за пандемии) в чемпионате района по футболу участвуют  30 команд 1 и 2 лиг. У истоков проведения футбольных чемпионатов стояли нынешний секретарь раймаслихата, мастер спорта по боксу Бекет АХМЕТОВ, руководитель районного отдела спорта Ерболат САРАБЕКОВ, президент бывшего Союза футбола, меценат детского и взрослого футбола, руководитель ПК «Альтаир» Сейтхан КЫРКЫНБАЕВ, бывший исполнительный директор Союза  Жаксылык АМАНБАЕВ,  многолетний председатель судейского жюри чемпионата Каиргали АХМЕТОВ.    

Вся эта спортивная структура должна в первую очередь служить оздоровлению нашего молодого поколения. Флагманом  детско-юношесокго спорта в районе является ДЮСШ в г.Есике, которой руководит Абай СЫРГАБАЕВ. Тренер по дзюдо с большим опытом, он подготовил десятки кандидатов и мастеров спорта, которые становятся чемпионами республики и международных первенств. Одиннадцать  его учеников входят в национальную сборную РК по дзюдо. Заместитель директора ДЮСШ  Даулет АЙТБАЕВ также преподает  греко-римскую борьбу. По этим олимпийским видам спорта воспитанники школы добиваются серьезных успехов, учатся в специализированнных спортинтернатах и колледжах, Академии туризма и спорта, на спортивных факультетах  казахстанских вузов. Накануне праздника мы попросили Абая СЫРГАБАЕВА  познакомить читателей с достижениями ДЮСШ, расположенной в  здании нового есикского физкультурно-оздоровительного комплекса (ФОК), а также поделиться  имеющимися проблемами в развитии молодежного спорта.

– Сколько детей и подростков Есикского региона имеют возможность заниматься у квалифицированных преподавателей ДЮСШ?

– В данное время  по 15 видам спорта у нас занимаются 1270 детей и подростков, в штате 42 тренерских единицы. Доминирующими являются единоборства: бокс, дзюдо, самбо, казакша курес, в которых казахстанцы традиционно сильны. Сейчас ориентируемся на игровые виды спорта: волейбол, футбол, баскетбол, в последнее время  на подъеме очень популярный стритбол, настольный теннис. Кроме  занятий в ФОКе г.Есика,  секции ДЮСШ находятся в с. Коктобе, Тургень, Каракемер, Байдибек би, Балтабай, Алга, Кырбалтабай, Жанашар, Ават, Космос, Байтерек, Азат, Рахат. Ставка делается на массовость, чтобы охватить как можно больше учащихся. С этой целью привлекаем школьных преподавателей физкультуры, чтобы они совмещали учительскую работу с тренерской, особенно по игровым видам спорта.

– Есть еще и школьные занятия спортом. В чем они отличаются от занятий в ДЮСШ? 

–  Здесь, как говорится, две огромных разницы. ДЮСШ ведет подготовку   молодых спортивных «звезд», тогда как школьные занятия служат общефизическому развитию. Другой вопрос – привлечение школьных учителей к преподаванию в ДЮСШ. Ведь они также имеют спортивную специализацию, знакомы с методикой тренировок и могут совмещать учительскую работу с тренерской. Это дает возможность открывать новые секции в округах, привлекать дополнительно ребят к регулярным спортивным занятиям.

– Трудятся ли в школе ее бывшие ученики? 

– Мы с радостью принимаем  их после вузов и колледжей на тренерскую работу. В ДЮСШ успешно работают Ерлан Алимжанов, Нургали Жолтаев. Нурбек Камзаев, Аскар и Тельжан Фазыловы, Айбек Рахымбек. Уже их ученики вносят вклад в копилку спортивных достижений ДЮСШ.  

– Что  служит основным препятствием для работы секций ДЮСШ? 

– Это   дефицит материальной базы в сельской местности, отсутствие  закрытых спортивных сооружений. На открытых спортплощадках заниматься можно лишь в теплое  время года. Поэтому для круглогодичной работы секций приходится арендовать приспособленные помещения, использовать спортзалы школ и колледжей,  домов культуры.

 Массовое вовлечение детей и подростков  в спортивные  занятия требует строительства спортивных сооружений,  дальнейшего открытия  региональных детско-юношеских спортивных  комплексов.

– Что вы считаете своей главной задачей?

– Развитие детско-юношеского спорта  обеспечивает «приток» молодежи в «спорт высоких достижений», включая Олимпийские игры. У нас  много перспективной, физически одаренной молодежи. В рейтинге области по единоборствам  среди детей и юношей мы на первом месте. Только в прошедшем учебном году в ДЮСШ подготовлено 6 мастеров спорта и 57 кандидатов в мастера. А для таких результатов необходимо участие и победы спортсменов в республиканских и международных первенствах. Наши ученики становятся чемпионами области, республики по всем видам спорта, привозят медали с каждого чемпионата РК. Не исключение и 2020-й год. В в г.Таразе состоялся чемпионат РК по дзюдо среди молодежи 200-2002 годов рождения, участвовали 500 человек. Победительницей в своей весовой категории стала   ученица тренера по дзюдо из с.Жанашар Леонида Орлова Гулнаст Нурдинова. В Костанае  на юношеском чемпионате РК до дзюдо приняли участие 695 спортсменов 2003-2004 годов рождения. И снова успех – чемпионский титул завоевала моя воспитанница Диана Буркеева. Гулнаст Нурдинова также является чемпионкой Азии по дзюдо среди молодежи, а Мухаметали Мавлидов и Диана Буркеева  - призеры данного чемпионата.

 По итогам соревнований 2020 года будет сформирована юношеская сборная Казахстана, которая будет представлять страну на международной арене,  в нее также  войдут наши ученики.

– Занимается ли ДЮСШ популяризацией занятий спортом и здорового образа жизни?

– Нашей традицией стало проведение Дня открытых дверей. Мы приглашаем родителей на показательные выступления своих детей, они могут побеседовать со старшими тренерами, оценить условия и уровень организации тренировок, выполнение стандартов гос-услуг. В ДЮСШ обязателен регулярный медосмотр и медицинское наблюдение, методики занятий ставят во главу угла минимальную травмоопасность,  тренеры дают посильные нагрузки с учетом индивидуальных особенностей учеников. Не советую отдавать детей в полулегальные клубы экзотических единоборств, где преподают тренеры с сомнительной квалификацией. А такие виды «спорта» как бои без правил должны быть категорически исключены из детских спортивных занятий.

– Будет  ли ДЮСШ развивать национальные виды спорта? Есть ли они в районе?

–  В Кырбалтабае местные жители самостоятельно создали команду по кокпару. Но у ДЮСШ таких возможностей, как развитие конного спорта, пока нет.

– Как пандемия коронавируса повлияла на работу ДЮСШ?

–  Несмотря на пандемию, мы сохранили штаты тренеров, занятия проводятся онлайн или на открытых площадках. Дополнительно наращиваем материальную базу секций. К примеру,  секции дзюдо в с.Кырбалтабай передали новое татами, планируем открыть секцию дзюдо в СШ имени Райымбека батыра. Огромная благодарность районному отделу спорта, его руководителю Ерболату Сарабекову за помощь в приобретении автотранспорта. Теперь у ДЮСШ есть свой микроавтобус, решена проблема выезда на соревнования.

– Что бы Вы пожелали в канун праздника  ученикам, коллегам?

– Государство наращивает финансирование, создаются условия для физического развития детей и юношей. Остальное зависит от нас. Я желаю  ребятам добиться успехов на спортивной арене, укрепить здоровье и получить физическую и моральную закалку, а коллегам-тренерам  – творческого подхода к избранной профессии и талантливых учеников.

 

И.ТУРАНИН

Дүйсенбі, 17 Тамыз 2020 14:29

Предприниматели помогают врачам

 

Аким Енбекшиказахского района  Куанышбек Кашкымбаев обратился  к предпринимателям с призывом помочь медикам в борьбе с коронавирусом. 

Одной из тех бизнес-структур, кто откликнулся на обращение руководства района, стал  ПК «Вира» в г.Есике, возглавляемый Рустамом Бурнашевым. Учредители ПК «Вира» приобрели 60 комплектов многоразовых защитных комбинезонов   на сумму 700 тысяч тенге, которые 7 августа  были переданы районной поликлинике. Столь необходимую защитную экипировку медицинские работники приняли с искренней радостью и благодарностью. Директор РГП «Енбекшиказахская  межрайонная многопрофильная больница» Жамиля Абеуова отметила, что этот благотворительный дар поможет эффективно  поддерживать и соблюдать меры безопасности для медицинского персонала и облегчит его работу в период пандемии.

Мы не должны забывать, что сделали и делают для нас люди в белых халатах.   Когда в мир пришла беда, именно  они приняли на себя главный  удар, ежечасно рискуя собой.  Данная благотворительная акция является не только материальной поддержкой врачей, медсестер, но и символом признательности  за их самоотверженную  борьбу  с опаснейшим заболеванием, за спасение жизни и здоровья сограждан.

Надо отметить, что учредители ПК «Вира» делают все возможное для  арендаторов торговых мест, которые  терпят убытки из-за  карантина и локаутов. Для них   на 60 процентов снижена аренда в периоды закрытия рынка.  Для безопасности  посетителей и торговцев, когда действует  отмена карантинных мер, регулярно проводится дезинфекция торговых площадей, при входе-выходе установлены дезинфекционные туннели и санитайзеры.  Строго соблюдается правило обязательного ношения масок. 

Лязиза КОЖАНКУЛОВА,

 исполнительный директор рынка «Вира».

Санаулы күндерді артқа қалдырып жаңа оқу жылы да есігін айқара ашқалы тұр. Дегенмен, облыстағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталатын болады. Бұл туралы Алматы облысынң әкімі Амандық Ғаббасұлы баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.

Облыста 760 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр.

Биылғы жылы алғаш рет білім ұясының табалдырығын 44 мыңнан астам бала аттамақ.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім мекемелері оқушыларды төрт бағытта оқытатын болады.

Бірінші бағыт бойынша 299 653 оқушы интернет желісі арқылы оқумен қамтылатын болады.

Екінші, 84 471 оқушы яғни білім алушылардың 20 пайызы республикалық телеарналар «Аль-Фараби», «Еларна» және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білімін жетілдіреді.

Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда 15 баладан 7721 оқушы штаттық режимде оқитын болады.

Төртінші, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5214 кезекші сыныптарда 34 792 бала білім алатын болады. Бұл оқушылардың 8 пайызын құрайды.

Өңір басшысы брифинг барысында облыс бойынша оқушылардың компютерлік техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, білім алушылардың 61 пайызы техникамен қамтамасыздандырылған. Сондай-ақ мектептердегі 23 678 компьютер балаларға уақытша пайдалануға берілмек.

Алдағы уақытта мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады деп күтілуде.

Мектеп жасындағы бөбектердің басым бөлігі интернет желісіне қосылған. Олардың көрсеткіші 88 пайызға жетіп жығылады.

«Меценаттар тарапынан көмектер көрсетілуде, мәселен «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстың аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін беруі жоспарлануда»,-дейді Амандық Баталов.

Айта кетерлігі, «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен 8 Мбит-ке дейін ұлғайту күтілуде.

Сондай-ақ, интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутерлар сатып алу жоспарлануда.

Сандарды сөйлететін болсақ, Алматы облысы бойынша білім саласына 314,2 млрд. теңге қаржы қарсатырылған. Жалпы облыста аталған салаға бюджет қаражатының 65% бөлініп отырады.

Анар САБЫРОВА

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

"Құпиясы көп мекен": Атом…

Елімізде атом электр стансасын салу туралы бастама көтерілгеннен бері қазақстандықтар осы…
Қаз 03, 2024

Референдум дауыс беру ғана емес,…

Бүгін Жезқазған қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан…
Қаз 03, 2024

Халық саны мен экономиканың өсімі…

Еліміздегі 30 ірі жобаға қазірден инвестиция тартса, оларға шамамен 8 ГВт электр…
Қаз 03, 2024

Несколько слов по поводу АЭС

Вокруг АЭС сегодня много разных мнений и споров. И основной "негативный" фактор, который…
Қаз 03, 2024

АЭС әлемнің 32 елінде бар

Атом электр станциясы әлемнің 32 елінде бар. Жалпы алғанда оларда 400-ден астам ядролық…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында сел қаупі сейілді

Өңірде биыл сел қаупі ерекше жоғары болды. Таулы аймақтарда мұздықтардың қарқынды еруі…
Қаз 03, 2024

АЭС құрылысы: жаһандық прогресстің…

Сарапшылар АЭС-тің әлемдегі жұмысына тоқталды АЭС – арнайы білімді қажет ететін жоғары…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет