Сейсенбі, 06 Қазан 2020 14:39

Абайлаңыз! Құс Тұмауы

Қазіргі уақытта Республикамыздың кейбір аумақтарында жоғары патогенді құс тұмауы ауруы тіркелген. Осыған орай құс өсірумен айналысатын барлық тұлғалар мына мәселеге көңіл аудару қажет.

Құс тұмауы індеті – қоздырғышы H5N1 штамымен тарайтын жұқпалы ауру. Ол құстарға, соның ішінде кейбір үй құстарына жұғып, оларды күту, етін бөлшектеу кезінде адамға да жұғуы мүмкін. Жабайы құстар, әсіресе, суда жүзетін үйрек, қаздар – індеттің таралу көзі. Үй құстарының ішінде бұл індетке тез шалдығып, індет көзі болатын – тауықтар мен күрке тауықтар. Олар тұмауды тез жұқтырып, жаппай қырылып қалады. Құс тұмауының жұқпасы адамдарды қауіпті ауруларға шалдықтырады және өлім-жітім пайызы өте жоғары.

Үй құстарындағы құс тұмауының белгілері: құстардың тәбеті жоғалып, жемнен бас тартады, бұлшықеттерінің жансыздануына (параличке ұшырауына) байланысты қанаттары салбырап, жүргенде шатқаяқтап, сүріне береді. Мойыны салбырап, бастары 180 градусқа бұрылып кетуі де мүмкін, тамағы мен айдары ісініп, мұрындарынан су ағып, түшкіре береді.

Адамдардағы белгілері: кәдімгі маусымдық тұмауға ұқсас болып келеді, бірақ әлде қайда ауыр түрде өтеді. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, жөтел пайда болып, тамағы ауырады, бұлшық еттері қақсайды, көздерінен, мұрындарынан су ағып, тыныс алуы қиындайды. Адам өміріне қауіпті асқынуларға мыналар жатады: жүрек, бүйрек, өкпенің қабынуы, өкпеге су толып, адам өліміне әкеледі.

Шаруашылығында құстары бар тұлғалар келесі талаптарды қатаң сақтауы қажет:

1) үй құстарын жабайы құстармен, әсіресе, суда жүзетіндерімен жанасуды болдырмау бойынша шаралар қолдану;

2) аулада құс ұстау қажет болған жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық инспектордың нұсқауы бойынша жабық түрде ұстауға көшіру;

3) құстың ауру және өлу жағдайы туралы жедел тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық инспекторына хабарлау;

4) жабайы құстармен бірге көлдердің маңайынан радиусі 5 шақырым көлемінде үй құстарын бағуға немесе жаюға жол бермеу.

5) шаруашылық субъектілерінде тазалықты сақтау, қажет болған жағдайда оларға дезинфекция жүргізу;

6) құстарды әртүрлі жануарлармен, әсіресе, шошқалармен бірге ұстауға жол бермеу.

Құс тұмау қауіпі төнген жағ-дайда дер кезінде жергілікті ветеринариялық қызметке хабарласу қажет!

С.Бекова,

аудандық ветеринариялық станция МҚА ветеринариялық дәрігері.

Ұстаз – ұлы тұлға. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындататын да, оң-солын танытып, тәлім-тәрбие беретін де – ұстаз. Яғни елдің қарыштап алға дамуы мен кемшін қалуы осы мамандық иесіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Осынау үлкен жауапкершілікті жан-тәнімен түсінген, өз ісіне адал, білікті мамандардың бірқатарын аудан әкімі Қ.Қашқымбаев мереке күні марапаттады.

Сөзін халқымыздың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының «...Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп бастаған Қуанышбек Қалиұлы педагогтердің қоғамдағы және, жалпы, елдің дамуындағы роліне тоқталып өтті. Сондай-ақ «Ауданымызда да мұғалімдерге деген қамқорлық ерекше. Аудан бюджетінің 70 пайызға жуығы білім саласын дамытуға бөлінуде», – деген әкім өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына бізде де барлық жағдай жасалып, мектептерді материалдық-техникалық жан-жақты жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қуанышбек Қалиұлы мұғалімдердің қызметіне табыс, отбасына құт-береке тілеп, мерекелік "Құрмет грамотасымен" марапттады. Кештің сәнін кіргізіп, ауданымыздың өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Сан мың жылдық тарихты бауы-рына басқан сары далада абыздар жайлы аңыз көп. Естен кетпес ескі замандардан жеткен эпостарда да дана қариялардың кемеңгер бейнесі  жиі кездеседі. Сол атам заманнан өрілген  аңыз бен әфсанада қарттар елдің қамқоршысы,   ақылдың кеніші ретінде суреттеледі. Содан болар қазақ ұғымындағы қарттықтың қасиеті бөлек. Біз  ұзақ жыл ұстаз болып, сансыз шәкіртті парасаттың тұғырынан түлеткен аузы дуалы ақсақал Түргенбай Боқаевпен қарттықтың қадірі мен қасиеті жайлы  аз-кем әңгіме дүкенін құрып қайтқан едік.

– Қазақта: «Қартын қа-дірлеген ел, салтын да  қа-дірлейді», – деген сөз бар. Демек, қарт сөзінің мәні тым тереңде жатқандай. Сіз ұлттың  көкірек көкжиегіндегі қарт ұғымын қалай бағамдайсыз?

– Қазақтағы ақсақал сөзінің  астарында көп мән жатыр. Саналы ғұмырдың салмағын сезгендер мен өмірдің көп сырын көкірегіне түйгендер ғана ақсақалдардың санатына қосылмақ. Сол себепті шын мәніндегі ақсақалдың  өн-бойы толған өнеге мен тағылымға толы болуы шарт. Демек, өмірі жастарға өнеге болатын, ұлттың арғы-бергі тарихы мен құндылығын бойына тоғытқан адамды  қарт деп қастерлеуге болады. Дәстүрлі қазақ  қоғамында қарттар  берекенің ұйытқысы, жақсылықтың жаршысы бола білген. Ертеректе жасы қырықтан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан. Біз отарлықтың санамызға салған сырқатына  байланысты қарттарды қадірлейтін салттан аздап ажырап қалған едік. Қазір шүкір, ақсақалдардың байламына, баталы сөзіне жүгінетін игі дәстүрдің жолын қайта жалғай бастадық. Бұл бір қуанарлық іс. Өзім де мектептегі ақсақалдар алқасының мүшесімін. Сондықтан оқушылармен жүздесуге жиі барамын. Жас ұрпақтың бізге деген құрметіне  қуанамын.

– Мектеп қабырғасындағы оқушылармен жиі жүздесем  деп отырсыз. Қазіргі балдыр-ғандарға қандай аталы сөз айтуға құлшынасыз?

– Біздің балалығымыз соғыстан кейінгі қиын кезеңдерге дөп келді. Сондықтан біздер ойын көрмей  ерте есейдік. Ал қазіргі дәуір басқаша. Дегенмен адам дамуына мүмкіндік беретін кей құндылықтар уақыт озса да өзгермейді. Сондықтан мен оқушылармен  жүздескенде адал еңбек ету жағын үнемі айтумен келемін. Өйткені адам үздіксіз үйренгенде ғана өзін әлеуеттендіре  алады. Кезінде шығыстың бір  ғұламасы: «Елуге келгенде ес жидым, алпысқа жеткенде әлемге ақылдың көзімен қарадым», депті. Сол сияқты  біз де ақыл таразыға салғанымызды, өмірде көрген-білгенімізді шамамызша жас түлектерге  айтуға тырысамыз.

Қалай десек те  қазіргі ұрпақтың танымы мен түсінігі басқаша. Олар нарық пен технологияны өзек еткен заманның талабына қарай бой түзеп келеді. Мектепке барғанымда үнемі балалардың жасампаздығына зер салып жүремін. Кейде олардың жобалаған  түрлі көліктері мен ұшақ модельдерінің соншама шеберлікпен жасалғанын көріп  таң қаламын. Бізде заманауи технологияларды еркін меңгеретін ұрпақ өсіп келе жатқаны шүбәсіз. Алайда ақсап жатқан тұстарымыз да жоқ емес. Әсіресе, қазіргі балалар ғаламторға тым тәуелді болып қалған. Соның салдарынан томаға-тұйық, мінезі ожар, тым өзімшіл жеткіншектердің де өсіп келе жатқаны бар. Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдердің осы келеңсіздікке назар аудару керек екендігін үнемі айтып келемін. Әрине, баланың адами қасиетінің қалыптасуына отбасының орны бөлек. Тіпті әрбір отбасы мемлекеттің тірегі деген сөз де бар.

– Саналы ұрпақ тәрбиелеген жан ретінде қазақ отбасындағы қазыналы қарттың рөлі қалай болу керек деп ойлайсыз?

– Қазақ – үлкенге қарап бой түзейтін халық. Алдыңғы буыннан үлгі алып, соларға ұқсап бағады. Сондықтан, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысқан.Сол үлгі тұтқан үлкендердің  ішінде ортада өзін лайықты дәрежеде ұстай алмайтын, келелі әңгіме қозғай алмайтын боқтампаздары да  бар. Ондайларды ұрпағы қайдан сыйласын? Ең алдымен отбасындағы қарт бәріне әділ кесім айта алатын төбе би болуы шарт. Онан кейін кез келген мәселеге ақылдың көзімен қарай білуі керек. Қарт адам өнегесін өзгеге шынайы іспен үйрету керек. Қысқасы, әрбір қарттың көкірегі саналы болуға сабақ үйрететін өмір оқулығы болуы тиіс.

– Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеуіне арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге мемлекет қандай деңгейде құрмет көрсетіп жатыр деп ойлайсыз?

– Қазақ «қарт – елдің қазына-сы» деген халық. Бүгінде елімізде қарттарға деген құрмет азайды деп  айта алмаймын. Сондықтан да  мемлекет көлемінде қарттарға арналған  түрлі қоғамдар мен ұйымдар бар. Қарттардың ойдағыдай өмір сүруіне жағдай жасау үшін мемлекет түрлі бағдарламаларды қолға алып келеді. Жергілікті әкім аппараттарына кеңес беретін ақылшылар арасында да қарттар аз емес. Демек, мемлекеттің дамуына жасы ұлғайған адамдар әлі де үлес қосып келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Ерзат АСЫЛ

Жұма, 02 Қазан 2020 16:40

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті ұлағат иелері ұстаздар!

Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мемлекеттік саясаттың басым тұсы. Себебі, болашақ елдің іргесін бүгінгі тәрбиелі, білімді жас буын қалайды. Осы ретте Елбасымыз Н.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» дегені ойымызға оралады.

Ақиқаты сол, Сіздердің арқалаған жүктеріңіз ауыр. Осыған сай мемлекет тарапынан да қолдау зор екені шындық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды» – деп, ұстаздардың жалақысын 4 жылда 2 есеге көтеруді тапсырды.

Ауданымызда да мұғалімдерге деген қамқорлық ерекше. Аудан бюджетінің 70 пайызға жуығы осы білім саласын дамытуға бөлінуде. Өскелең ұрпақтың алаңсыз ілім ізденуіне жол ашу мақсатында мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуда ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Жүйелі жұмысымыз одан әрі жалғаспақ.

Шындығы, білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Ал оларға көрсетілетін құрмет-қошемет ешқашан аласармайды. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып қиын да жауапты еңбектеріңізге табыс тілеймін. Отбасыларыңыз аман, елдің мерейін асыратын шәкірттеріңіз көп болғай.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Kaspi.kz ЖК тіркеу бойынша жаңа сервис іске қосылды.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) және Kaspi.kz қазақстандықтарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді онлайн түрінде тез және оңай алуға көмектесетін жаңа сервистер бірлесіп әзірленуде.

ЖК тіркеу үшін енді осы қызметті Kaspi.kz қосымшадан таңдап, сауалнаманы толтырып, Kaspi ЭЦҚ көмегімен қол қою жеткілікті. Осындай алғашқы жоба Kaspi.kz мобильді қосымшада ЖК тіркеу сервисі болып табылады. Сервис құжаттарды қашықтықтан тексеруге, кәсіпкерді сәйкестендіруге, тіркеуді растауға арналған бірқатар заманауи техникалық шешімдерді қамтиды.

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: «Бизнес арқылы мемлекеттік қызмет көрсету идеясы Министрлік командасына тиесілі. Одан кейін «ҰАТ» АҚ мен Kaspi.kz-тің үйлесімді атқарылған жұмысы. Мемлекеттік қызметтерді неғұрлым танымал сервистерде ұсынуы ел үшін тарихи сәт деп есептеуге болады. Біз бизнеспен белсенді түрде бірге қызмет етеміз, өйткені халықтың қызмет алуда таңдауы болуы тиіс. Бұл өзара іс-қимыл моральдық тұрғыдан ескірген Egov-қа жүктемені айтарлықтай азайтады және мемлекеттік қызметтерді ұсыну жөніндегі жаңа мүмкіндіктер жасайды. Енді қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді өздеріне ыңғайлы жолдармен ала алады».
Жоба аясында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Kaspi.kz, Мемлекеттік кірістер комитеті және «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүргізілді.

Жұма, 02 Қазан 2020 14:11

Ұстаздық еткен жалықпас...

Мен, Айжан Акыжанова Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Б.Майлин атындағы ОМ» КММ-де география пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін. Қазіргі таңда мектеп ұстаздары қашықтықтан жұмыс жасап жатыр. Сондықтан мен мектебіміздің басшысы Мукаева Айгул Омарованы және мектеп ұжымын, барша Қазақстандық ұстаздар қауымын, қазан айының бірінші аптасында күз айының алғашқы белгісімен қатар келетін кәсіби төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздың атқаратын қажырлы қызметі өлшеусіз тәжірбиеге толы іргелі ізденістен тұрады емес пе? Сол себепті барша әріптестеріме болаттай бекемділік пен сарқылмас сабыр және жемісті жетістіктер тілеймін. Жас ұрпаққа саналы білім беру барысында жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды қазақы болмыспен тағылымды тәрбиелеу үшін бар білгеніміз бен түйгенімізді аянып қалмайық.

Ұстаз… Қандай қасиетті, қастерлі сөз десеңізші! Әр бір адамның жүрегінен ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға емес пе? Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ананың тәрбиесін алғанмен» бірдей ұштасып жатады.Менің ойымша, кез-келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнердің тағылымы терең. Қасиетті өнер әр адамның бойына қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін де табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, ерен еңбек қажет. Шәкірт тәрбиелеуде тәлімгердің алар орны ерекше. Өйткені мұғалім әр бір баланың бойындағы қабілеті көзін ашып, үлкен өмірге бейімдейді. Ғылым иесі, ғалымда, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, темір балқытқан жұмысшыда, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі бәрі ағартушы ұстаздан білім алып, тәрбие нәрімен сусындаған. Сондықтан да парасатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы мен қоса қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары бұл мамандықты таңдағандар береке тапқан кәсібін мәртебелі мақтаныш санайтыны даусыз. Өйткені біздің алдымызда мектеп табылдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерді он жыл бойы баптап, таудай азамат ретінде қалыптастыру міндеті тұр. Демек басқа мамандық иелерінің баршасы ұстаздарына борыштар. Шәкірті өзінен озған ұстаздың еңбегі ақталғаны. Өйткені қазіргі өмірдің заңы даму, ілгерлеу, озу. Қытай философының «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзіме іс- әрекетке қатыстырсаң үйренемін» деген даналығы көп нәрсені ұқтырып тұрғандай. «Ұстаз болу өз уақытында аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасаған мұғалімнің бейнеті еш кетпейтіндігі анық.

А. Акыжанова,

«Б.Майлин атындағы ОМ» КММ

География пәнінің мұғалімі,

Алматы облысы

Еңбекшіқазақ ауданы

Жұма, 02 Қазан 2020 13:55

Ұстаз – ұлы тұлға

Әлемде мамандықтың түрі өте көп. Десе де ғалым да, шахтер де бас иетін маман – ұстаз атты тұлғаның мәртебесі қашан да биік. Тарыдай болып кірген шәкіртін таудай қылып шығаратын бойындағы білім нәрімен сусындатып, ұлы тұлға жасайтын мұғалімдердің еңбегі ерен. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп хәкім Абай айтпақшы оқушысын өз баласындай бауырына басып тәрбилейді. Ұстаз – таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында ел көлеміндегі ең басты, өзекті мәселелердің бірі — қоғамдағы мұғалімдер мәртебесін айқындауды көресетті. Өз сөзінде: «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Бәрі мектептен басталады. Отбасынан кейінгі тәрбие мектепте қалыптасады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген қанатты сөздің аясында осы ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адам, ұлы тұлға. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек именіп тұра-тынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей ерекше көңіл-күйді, толқуды бастан кешетініміз содан. Мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Мектеп – алтын ұя. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасынан, мектептен алған тәрбие, тағылым бұл сіздің өміріңізге берілген ең алғашқы жолдама, рухани талшық. Педагогикадан арнайы оқулық жазған Алаштың күн келбетті көркем ақыны, ардағы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп тегін айтпаса керек. Біз бүгінде мұғалім, ұстаз атына сол сөз биігінен қарауымыз керек» деген даналығы ойымызға зор серпін, қуат береді.

Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

Дейтұрғанмен, бүгінгі күні қасиетті мамандықтың қадірі қашып, мәртебесінің мәні кетіп бара жатқаны қынжылтады. Олай дейтініміз, білім жүйесінің тұрақсыздығы жыл сайын ауысатын мектеп бағдаралмасы, қағазбастылық пен қосымша қоғамдық жұмыстарды қосыңыз. Қазіргі таңда kundelik.kz деген электронды журналды қосыңыз. Сынып жетекшілерінің тәрбие сағаты мен, ата-ана жиналысы тағы бар. Бүгінгі күні ең үздік ұстаз - ештеңе сөйлемесе де бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол - қағазда сабақ даярлаушы. Біліктілігін бір жапырақ қағазбен бағалайтын бүгінгі қоғамның сиқынан адам шошитындай. Одан балам неге дұрыс оқымайды деп кінәні мұғалімнен іздейтін, сәл ұрсып қойса, арызын арқалап келетін ата-аналардан кейін бұл мамандыққа білімді, көзі ашық жастар құмар емес. Оқуға түссе тек, ҰБТ-дан төмен балл жинағандар немесе сырттай білім алғандар түседі. Содан кейін мектепте қандай сапалы білімді көруге болады. Жапон елінде министрден де қадірлі мамандық – ұстаздық деседі. Ұстаздарға көшенің өзінде ерекше құрметпен қарап, арнайы дүкен де ашып қойған. Тіпті, ұстаздарға жеңілдікер де қарастырған. Мұғалімдік оқуға баллы жеткендер емес, ең жоғары ұпай жинаған оқушыларды іріктейді екен. Ал енді мемлекеттің даму деңгейін салыстырып көріңіз.

Ұстаз қадірінің жоғары екенін қазіргі елімізде болып жатқан пандемия кесірінен үйде онлайн білім алып жатқанда ұққанымыз өте өкінішті. Әлеуметтік желілерде түрлі видеолар тарап, мектепті, мұғалімін сағынып жылап отырған оқушылардың, баласын оқыта алмай қиналып жатқан ата-аналардың арыз-шағымынан байқауға болады. Кейбір таныстарым мұғалімдікі шынымен еңбек екен бір баланы оқытамыз деп бар шаруаны ысырып, шаршап отырамыз, олар 30 балаға қалай білім беріп жүр деп таңғалыстарды білдіріп жатқандар бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында ұстаздардың мәртебесін көтеруді, білім сапасын жақсартуды ерекше атап өтіп, жалақысын 25 пайызға дейін өсіруді тапсырды. Бұл да мемлекет тарапынан ұстаздардың қадір-қасиетін бағалауды, беделін қолдауды білдіреді. Бұл да өркениеттің өрге басуына алғашқы қадамдар деп есептейік. Ұлт болашағы ұстаздардың мәртебесіне байланысты екенін ұғатын қоғам да, ұрпақ та болады деп зор сенім білдіреміз.

 Жанар Уразимбетова,

Абылай хан атындағы №4 орта мектептің

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарды келе жатқан төл мерекесімен құттықтап, «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

 

 

Мектеп жасында балалардың дене салмағы, қаңқасы және бұлшықеті қарқынды өсіп, жыныстық жетілуі мен жүйке-гормональды қайта құрылу процесі басталады, яғни жасөспірімдік өзгерістердің белгілері айқын байқала бастайды. Осыған байланысты, сондай-ақ оқыту бағдарламасының тұрақты жүктемелеріне қарай оқушылар үлкен психо-эмоциялық күйге ұшырайды.

Мектеп жасындағы балалардың рационында азық – түліктің барлық негізгі топтары, әсіресе, көкөністер, жемістер мен жидектер, астық тұқымдастар (нан және нан-тоқаш өнімдері, жармалар, макарон өнімдері), ет және ет өнімдері, балық және балық өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, тағамдық майлар (өсімдік мен жануарлар майлары) және бұршақтар болуы қажет.

Дұрыс тамақтану принципі бойынша майсыз жылқы, сиыр еттерін, тауық, күрке тауық еттерін пайдалану керек.

Оқушылардың тамақтануына бұл өнімдерді қайнатылған және бұқтырылған тағамдар ретінде қолданған жөн, өйткені қуыру кезінде майдың тотығу өнімдері асқазан мен ішектің шырышты қабығын тітіркендіреді, қышу, іштің ауруы және т. б. жағдайларды тудыруы мүмкін.




 

Сүт және сүт өнімдері негізінен ақуыз және май көзі болып табылады, сондай-ақ сүйек тінінің түзілуіне қажетті жеңіл сіңімді кальцийдің, сондай-ақ В2 витаминінің негізгі жеткізушілерінің бірі болып табылады. Балалар мен жасөспірімдер үшін күн сайын айран, биокефир және басқа да қышқыл сүт өнімдерін тұтыну маңызды. Көкөністер мен жемістер С витаминінің, фолий қышқылының және β-каротин – А провитаминнің, биофлавоноидтардың, әртүрлі қышқылдардың, калийдің және тағамдық талшықтардың негізгі көзі болып табылады.

Сонымен қатар, оқушылардың тағамдық рационында нан (қара бидай және бидай, ірі тартылған ұннан жақсы), жарма, әсіресе қарақұмық және сұлы болуы керек. Бұл өнімдер өсімдік майларының, Е, B1, B2, PP дәрумендерінің көзі болып табылады. Витаминдердің ағзаға жеткілікті түсуі өте маңызды, органдар мен жүйелердің дамуына зор әсер жасайды.

Міндетті түрде таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас, бесін ас, кешкі ас және осы тағамдардың үшеуі ыстық тағаммен қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар әрбір тағамды қабылдау мезгілінің аралығы шамамен 3 сағаттан аспағаны жөн, себебі, балаларда «ашығу» (транзиторлық гипогликемия) дамып, қабылдау қабілетін, жұмысқа деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Ал керісінше, тым жиі тағамды қабылдау тәбетті төмендетіп, тағамдық заттардың сіңірілуін нашарлата түседі.

Дереккөз

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өз салымшыларына 11,8 миллион қызмет көрсетті. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштер аздап, 0,9%-ға төмендеді. Бұл ретте қауіпті вирустың таралуына жол бермеу және қызметкерлер мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеу шараларын қабылдауға тура келген эпидемиологиялық жағдайға және коронавирустық індетке (COVID-19) қарамастан  БЖЗҚ салымшылары қызметтерді толық көлемде алуды жалғастырды.

БЖЗҚ салымшыларына көрсетілген қызметтер көлемін жоғары деңгейде сақтап қалуға Қордың электрондық жүйелерінің озық жұмыс істеуінің арқасында қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне көрсетілген барлық қызметтердің 92,4%  немесе 10,9 млн. операция онлайн-форматта өткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда электрондық қызметтердің танымалдығы 13,2%  өсті. БЖЗҚ-ның сайтында да, ұялы қосымшасында да бар Жеке кабинет арқылы  салымшылардың көпшілігі үйден шықпай-ақ бірқатар қызмет түрлерін ала алады, олар: жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу, жеке зейнетақы шотының деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге және (немесе) көшуге байланысты берілген өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау және т.б.

Шектеу шаралары жеңілдетіліп, Қор филиалдары күндізгі жұмыс режимінде ашылғаннан кейін  қабылдауға алдын ала жазылу, желдету, ылғалды жинау және дезинфекциялау сияқты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, салымшылардың бір бөлігіне Қордың кеңселерінде қызмет көрсетіле бастады. 2020 жылдың сегіз айында филиалдарда 820,8 мың қызмет көрсетілді.

БЖЗҚ-ның Барып қызмет көрсету бөлімдері 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қор салымшыларына 74,4 мың қызмет көрсетті. Қазіргі уақытта осы бөлімдер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап, штат санының 50%-дан аспайтын санын тарта отырып, жұмыс істеуде. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның ішінде қызметтерді онлайн немесе жүзбе-жүз алу мүмкіндігін тексеру) жүзеге асырылады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын ашу (оның ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу туралы өтініштер) және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (1-2 топтағы мүгедектер) салымшыларға (алушыларға) барып қызмет көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда, олар барып қызмет көрсетуді барлық санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жүзеге асырады.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ның кейбір қызметтерін «Қазпошта» АҚ Ұлттық пошта операторының 300 бөлімшесінен де алуға болады. Мәселен, салымшылар үшін  бұрын жақын маңдағы ірі елді мекендерге бару қажет болған қызметтерді және БЖЗҚ-ның қызмет көрсету орталықтары жоқ ауылдардағы қызметтерді де алу мүмкіндігі пайда болды. Осылайша жыл басынан бері «Қазпошта» бөлімшелері арқылы  салымшылар  2392 қызмет алды.

Айта кетейік, БЖЗҚ міндеттерінің бірі - сапалы кеңес беру қызметтерін көрсету және Қордың салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық арналарды дамыту. Ағымдағы жылдың 8 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салымшылардың кері байланыс арналары арқылы жасаған өтініштерінің саны 2,4 есеге ұлғайды, 2019 жылдың сәйкес кезеңінде 410,7 мың өтініш берілсе, 2020 жылы  942,3 мың өтініш берілді.

БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмірі арқылы (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) байланыс орталығына қоңырау шалып, кеңес ала алады. Сондай-ақ, ақыл-кеңестерді www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша  WhatsАpp және Viber чат-боттары арқылы және БЖЗҚ-ның Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан алуға болатынын естеріңізге саламыз.

«БЖЗҚ» АҚ-ның баспасөз орталығы 

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Ерлан Барлыбаев: "Үкімет ұсынғандай…

Елімізде 6 қазан күні АЭС салу бойынша референдум өтеді. Осыған байланысты VIII сайланған…
Қаз 03, 2024

Международные стандарты в…

Строительство атомной электростанции – это масштабный и сложный проект, требующий…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында референдумға…

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының…
Қаз 03, 2024

И след простыл: как современные…

Углеродный след человечества — тяжелый груз для планеты, который ей все труднее нести.…
Қаз 03, 2024

АЭС ел экономикасының өркендеуіне…

Ақтөбе облысындағы халықтық штаб мүшелері «Қамқор вагон» ЖШС-нің ұжымымен кездесу…
Қаз 03, 2024

Атомная энергетика не может быть…

Лэйла ТАСТАНОВА В преддверии референдума по вопросу строительства атомной электростанции…
Қаз 03, 2024

Имеем средство от рака в руках, но…

Более 200 тысяч человек в Казахстане состоят на учете как онкобольные. И 12 тысяч…
Қаз 03, 2024

Эксперт разобрал мифы и реальность о…

Директор департамента атомной энергетики и промышленности Министерства энергетики…
Қаз 03, 2024

Атом энергетикасын дамыту экологияға…

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның ғылыми орталығы бастығы, физика-математика ғылымдарының…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет