Коронавирус инфекциясы тарағаннан бастап бірқатар салалардың жұмысы тоқтады. Оған себеп, аталған кеселмен күресте қабылданған шаралар болып отыр. Баршаға белгілі Алматы облысы бойынша карантиндік шаралар күшейтілген болатын. Оның нәтижесі де жаман емес.

Бүгінгі күні Алматы облысында 44512 расталған COVID-19 жағдайы тіркелген. Соңғы аптада аурудың өсу қарқыны 1.1% құрады. Дегенмен қойылған қатаң талаптар мен шығарылған қаулыға қарамастан, тұрғындар карантин режимін бұзып әкімшілік құқықтың 425-бабын бұзған.

3 тамыз күні қабылданған №23 қаулыға сәйкес:

-Қоғамдық тамақтану нысандары мейрамхана, дәмханалар, банкет залдары, донер, бар сондай-ақ ашық ауадағы жазғы алаңдардың жұмыстары;

- Облыс аудандары мен қалалары арасында, сондай-ақ облыс аумағынан тыс жолаушыларды автотасымалдауды жүзеге асыратын автовокзал жұмысы және елді мекендер ішіндегі қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылды.

- Жабық азық-түлік және  барлық азық-түлікті емес ашық және жабық базарлардың жұмысы да шегерілді.

- сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілерінде, мәдениет объектілері, фитнес объектілері, тренажер залдары, саябақтар, скверлер, бассейндер, аквапарктер, қалалық  және қоғамдық жағажайлар, ыстық көздердің жұмысы тоқтатылған.

Ресми деректерге сүйенсек,  республика бойынша 435 мың түрлі сауда орындары қызметін жалғасытра алмай отыр. Бұл дегеніміз 735 мыңнан астам адам жұмыстан қысқартылды дегенге саяды. Өнім көлемі болса 10,6%-ға төмендеген.  Дәл солай тұрмыстық және де өзгеде қызмет көрсету саласыда зардап шегіп отыр. Зерттеу нәтижесі бұл бағыттағы өндіріс көлемі 14,6%-ға түскенін көрсетуде. Сондай-ақ, қонақ үй, мейрамхана ісі бойынша өндіріс көлемі 52,6%-ға төмендеген.

 Осыдан қарап кеселдің кәсіпкерлердің қызметіне кедергі жасап отырғанын аңғару қиын емес.

Аталмыш тығырықтан шығу жолын ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұсынып отыр.

  • Санимтарлық талаптарды күшейте отырып, кәсіп иелерін ақпараттандыру;
  • Жұмысын қайта бастау үшін кәсіпкерлер тарапынан «info Kazakhstan» электронды платформасына  өтінім беру;
  • Санитарлық талаптарды сақтауын мұқият тексеру, бақылауда ұстау;
  • Әкімшіліктен жұмысқа кірісуге рұқсат беретін қағазды электронды платформа арқылы беру;

Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің ісінің алға жылжуына жеңілдікті осылай жасауды ұсынуда. Дегенмен, қызметке қайта кірісу үшін барлық талаптар сақталынып, тексеруден өтуі керек. 

Сәрсенбі, 05 Тамыз 2020 11:27

Жол – тіршіліктің күретамыры

Бүгінде қала мен қаланы, ел мен елді бір-бірімен жалғап, тауар айналымы мен қарым-қатынас көзіне айналған жолдар экономикалық тұрғыдан маңызды нысан болып саналады. Сондықтан да еліміз бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуді назардан тыс қалдырған емес. Күре жолдар мен автодәліздер салынып, шалғай мекендердің тамырына қан жүгірді. Ауданымызда да бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Тамыздың алғашқы аптасында аталып өтілетін көлік қызметкерлері күні қарсаңында осы тақырыпты қаузағанды жөн санадық.

Алдымен ауданның қан тамырлары секілді жан-жаққа таралған жолдардың ұзындығына тоқталып өтсек. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жолдарға 2017-2018 жылдары паспортизация және диагностика жұмыстары жүргізілген. Анықталғандай, жалпы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы (2017 жылы – 2284 км болған) 2555 шақырымды құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 271 шақырымға артқан. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдар 391, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 627,3, ал аудандық маңызы бар жолдар 1236,7 және ішкі шаруашылық жолдар 300 шақырымды құрайды. Жолдарға паспортизация және диагностика жұмыстарын жүргізу барысында 2000 жылдардан бері жеке тұрғын үй құрылысына беріліп, бірақ ешқандай инфрақұрылым жасалынбаған 17 ауылдың жаңа ықшам аудандарындағы жолдарды қоса есептегенде аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі көшелердің ұзындығы 852-ден 1160 шақырымға немесе 36,2 пайызға өскен. Әрине, бұл жолдардың 90 пайызы асфальтталмаған, ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Сонымен қатар ауданның 79 елді мекеніндегі 3690 құбыр мен 7 көпірдің жай-күйі тексеріліп, техникалық құжаттары дайындалды. Қазіргі жолдардағы барлық мәліметтер электрондық базаға тіркелді. Жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын оперативті түрде шешу мақсатында бұрын облыстық теңгерімде тұрған 91,7 км жол аудан балансына қабылданып алынды.

Енді осы аталған қарым-қатынас көздерін жөндеуге, күтіп-баптауға қаражат керек. Ауданымызда бұл мәселе оң шешімін тапқан. Былтырғы жылы жолдарды жөндеуге 3 млрд 371 млн теңге қарастырылса, биыл бұл сома 1,5 есеге дейін артқан, яғни, бюджеттен 4 млрд 891 млн теңге бөлінген. Оның ішінде аудандық маңызы бар жолдарға 2 млрд 776 млн теңге бөлініп отыр. Естеріңізде болса былтыр аудандық жолдар 804,7 млн теңгеге жөнделген болатын.

Қазіргі уақытта аталған қаржы өз мақсатымен жұмсалуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Шелек ауылының ықшам аудандағы ұзындығы 10 км болатын 15 көшені күрделі жөндеуге ағымдағы жылға 825,2 млн теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда мердігер мекеме «Атырау Инжстрой-АИС» ЖШС тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы жөндеу жұмыстары басталған Есік қаласындағы Қ.Орымбетов атындағы көшенің орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 58 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, жол қозғалысын реттеу үшін Есік қаласының Набережная көшесін Спорт кешені мен 3-ші ықшам ауданға қарай 800 метрге ұзарту мақсатында жоба дайындалып, 2019 жылы 100 млн теңге қаражат игерілген. Қазіргі күні жобаға сәйкес (жалпы жоба құны 229,3 млн.теңге) жолдың бойына түсетін инженерлік жүйелерді су, кәріз жүйесі, электр бағандары, суару каналы, телефон кабелін сыртқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жергілікті «Дара компани» ЖШС-і жүргізуде. Жоба толығымен  ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Алайда, жобаны аяқтауға қажетті 76,1 млн теңге бөлінбей, қазір бюджеттік өтінім берілген.

Ж.Қайыпов ауылының барлық көшелерін асфальттау мақсатында өткен жылы жоба дайындалған, жалпы ұзындығы 11,8 км құрайтын көшелерді орташа жөндеу жұмыстарының сомасы 213,9 млн теңгені құраған. Былтыр алғашқы 100 млн теңгесі бөлініп қаражат толығымен игерілген. Қазіргі таңда 8 көшеде 6,1 км жаңа асфальт төселді. Мердігер мекеме «ДСУ-13» АҚ-ы жасасқан келісім-шарт Алматы облысының қаржылық аудит департаментінің хабарламасына сәйкес бұзылған. Бүгінде мемлекеттік сатып алу бойынша қайта конкурс жарияланып, қорытындысы шығарылды. Жобаны аяқтау үшін  56,2 млн теңге көлеміндегі қаражатқа  өтінім берілген.

Елді мекендердегі көшелерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Есік қаласы мен Шелек ауылының көшелерін ағымды жөндеуге жалпы  50 млн теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілген. Сонымен қатар, 11 ауылдық елді мекендерде (Азат, Өрнек, Бірлік, Екпенді, Түрген, Талдыбұлақ, Құлжа, Достық, Саймасай, Жанашаруа, Өрнек) «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 124 млн теңге бөлініп, 8 ауылдық мекен көшелерінің жөндеу жұмыстары аяқталған.

Жол көлік оқиғаларының алдын алу және оқушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы аудан бойынша жергілікті жолдар бойынша 320 жол белгілері мен мектептер маңындағы «Абайлаңыз, мектеп» атты 60 панноны ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аудан аумағындағы барлық жаяу жүргіншілер өткелдерінде жолақтарды жаңарту қарастырылған. Оған қоса, аудан аумағында 22 жарықтандырылатын жаяу жүргіншілер өтпелерін салуға сұраныс берілген. Әрқайсының құны 1,6 млн теңгені құрайды.

Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды да жолды жөндеуге тарту мәселесі де қарастырылған. Ағымдағы жылы аудан бойынша жол саласында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында 46 жоба бойынша 22,2 шақырым жол орташа жөнделіп, 20,5 шақырым тротуарлар салынуда, сонымен қатар 34 елді мекенде 46 шақырым жаңа асфальт төселінеді деп жоспарланған. Бұл жобаларда 352 жұмыс орындары құрылып, оның ішінде 173-і жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар санатынан болмақ. Бағдарлама бойынша барлық санаттағы жолдардың жөндеу жұмыстарына 1 млрд 841,4 млн теңге бекітілді. Жалпы келісім-шарт бағасы 1 млрд 635,9 млн теңгені құраған. Бұл қаражаттың 588,9 млн теңгесі ауылдық және Есік қаласының көшелерін ағымды жөндеу жұмыстарына қарастырылған. Ал Есік қаласының көшелеріне тротуарлар салу үшін 323,2 млн теңге бөлінген. Орташа жөндеу жұмыстарына бөлінген сома 720,4 млн теңге. Осы күнге дейін жалпы соманың 892,6 млн теңгесі немесе 53 пайы-зы игеріліп, 23 жоба бойынша жұмыстар аяқталған. Аталған жобалар бойынша 352 жұмыс орынның 339-ы қамтылған, ал оның жұмыспен қамту орталығы арқылы жоспарлы 173 орынның 167 орындалды. Аталған бағдарлама аясында Есік қаласының Кешубаев көшесінің тротуа-ры және Мәметова, Абай көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары, Қазақстан, Қорам, Сарыбұлақ, Алға, Сатай, Ташкенсаз, Бәйдібек би, Ақши, Баяндай, Саймасай, Өрікті, Асысаға, Бижанов, Ащысай, Шелек, Нұра, Малыбай, Ақтоған, Көлді, Қызылжар ауылдары көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бұл тек аудандық маңызы бар жолдар бойынша атқарылған жұмыстардың тізбегі болатын. Облыстық жолдарды жөндеуге де аз қаражат бөлінген жоқ. Атқарылған жұмыстар да шаш-етектен. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан облыстық маңызы бар Есік-Қырбалтабай-Жетіген жолының Есік қаласынан Құлжа тас жолына дейінгі 0-14 шақырымы аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы 14 км жолды орташа жөндеуге 374,1 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында Есік көліне апаратын жолдың 8,5-15 шақырым аралығын орташа жөндеуге 195,5 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме – «ДСУ-13» АҚ.

Саяжай аумағындағы Рахат №1 орта мектебінің оқушылар мен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Есік-Саймасай» автокөлік жолының 6-шақырымында жерүсті жаяу өткелінің құрылысы басталып кетті. Құны 136,6 млн теңге болатын жобаның мердігері «ДСУ-13» АҚ. Құрылыс нысаны тамыз айының соңында аяқталмақ. Сонымен қатар  Бәйтерек ауылының маңында Құлжа тас жолының 31-шақырымында жер үсті жаяу өткелін салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Еңбекшіқазақ ауданы бойынша облыстық маңызы бар жолдар 627,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда Оның 250 шақырымы ағымды жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жөнделген жолдардың жалпы көлемі 49,5 мың шаршы метрді құрады. Бөлінген қаражат 212,8 млн теңге.

Ауданға тиесілі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бірнеше ауылдың кіреберісін жөндеуден өткізу бойынша сұраныс хат жолданды. Оның ішінде Төражайлау, Бас су торабына апаратын, Түрген-Үлкен Алматы арнасы айналма жолдары бар.

Аудандағы ең негізгісі саналатын респуликалық маңызы бар жолдар да жөндеуден өтуде. Биылғы жылы, Көкпек-Кеген-Түп автокөлік жолының 0-12 шақырымын орташа жөндеуге 433 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас автокөлік жолының 154-172 км аралығы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Ол Көкпек шатқалына кіре-берістен Ұйғыр ауданының бұрылысына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл мақсатқа 708 млн теңге қаражат көзделіп отыр.

Республикалық жолдар бойында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сәуір айының басында Алматы облыстық әкімшілік полиция басқармасы және Қазавтожолдың ДЭУ-21 бөлімшелерінің өкілдері, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, аудандағы «Алматы-Көкпек-Бәйдібек би» 32-78 шақырым аралығы және «Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас» 29-109 шақырым аралықтарында аялдама нысандары, жол жиегіндегі қоршаулар, қосымша жол белгілерін орнату, жаңарту, жол қабатын жөндеу мәселелері бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді. Шара барысында анықталған кемшіліктер түзету мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған жол – тіршіліктің күретамыры. Ал оның қадірін жүрген ғана біледі. Бабалардың бұл сөзі осы күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Жоғарыда аталған жұмыстарға қарап, жол мәселесінің жылдан-жылға оң шешімін тауып жатқандығына көз жеткіздік. Алысқа бармай-ақ, Есік қаласының өзінде бұрын-соңды жөндеу көрмеген қысқа көшелердің өзі асфальтталып, тротуарлар орнатылуда. Ауылдар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қысқасы, тіршіліктің күретамырына қан жүгіруде.

Сардарбек НҰРАДИН

Сейсенбі, 04 Тамыз 2020 15:48

Халық санын қалай көбейтеміз?

Ежелгі аңыздардың айтуынша, құдіретті Құдай адамзатты осы әлемнің өзінен кейінгі қожасы ретінде жаратыпты-мыс. Жаратушы иеміз адамзатқа басқа тіршілік иелеріндей күшті де қуатты, ұшқыр да жылдам, сезгіш те тез жетілгіш болуды нәсіп етпесе де, ақыл мен сана, білім мен ғылым, ой мен қиял секілді нығметтерді сыйлауда барынша жомарттық танытыпты.

Адам баласының ұзақ тарихы күрестер мен арпалысқа толы. Бір халық мәдениеті дамып, саны артып, құрылымы мықты мемлекет құрып, тарихтан өз орнын ойып тұрып алса, бір халық басқаның шылауында кетіп, ақыр соңы жойылып тынды. Ал жойылмау үшін сол халықтың бар қасиетін бойына жинап, ары қарай жалғастыратын адал ұрпақ өсіруі керек еді. Ұрпақтары ата-бабаларының ерлік пен даңққа толы ұлы жолын жалғастыруы тиіс болатын. Егер ата жолынан айнып, жаза басса, өзгенің құлына айналады, не біржола тарихтан жоқ болып кетері хақ. Күшті болудың басты кілті айбарлы әскер, қуатты экономика, теңдессіз мәдениет жасау ғана емес, мемлекет құрушы халықтың саны мен сапасы да өте маңызды. Сол үшін қалай да көбейіп, кеңге қанат жаюды көксемеген халық кемде-кем. Қазақ халқы да санының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған. Шығысында құмырсқадай қаптаған қытай мен батысында ормандай орыстың қоршауында жатқан қазақ халқының қауіптен құтылар басты жолы – бірлік пен санының артуы еді. Осыдан келіп, кейінгіге «Аз асқа бақауыл, аз елге хан болған жаман» деген аталы сөз қалдырды. Бірақ бұл қауіп әлі күнге алдымызды кес-кестеп келе жатыр. Екі алыптың ортасында отырғанымыз аздай, жаһандану үдерісі де тықсырып келеді. Ал жүздеген миллион халықты еркін асырап, бауырына басатын байтақ жерімізде небәрі жиырма миллионға жетпейтін халық бар. Онымен қоса жапондардай бірұлтты ел емеспіз. Бос жатқан жерімізді игеріп, өзімізге тән нарығымызды қалыптастыратын халық саны болғанда ғана іргесі шайқалмайтын ұлттық мемлекет құруға болады.

 

«Демографиялық жарылыс»

XX-ХХІ  ғасырда адамзат саны өте жоғары қарқынмен өсіп келеді. Мұндай жедел өсіммен халық санының артуын ғылымда «демографиялық жарылыс» деп те атайды. Адам баласы жаралып, тарих басталғалы бері халықтың өсімі өте баяу жүрген болатын. Соғыс пен індет, ашаршылық пен жұт секілді апаттар адам санын азайтып, өсімін тежеп келген. Бірақ соған қарамастан, 1820 жылы жер бетіндегі адам саны миллиардқа жетіп, демографиялық өсім жаңа белеске көтерілген еді. Арада 107 жыл өткенде (1927 ж.) екі еселеніп, ал 32 жылдан кейін (1959 ж.) 3 миллиардқа, 15 жылдан соң (1974) 4 миллиард жетті. 5 миллиардтың табалдырығын аттау үшін де небәрі 13 жыл (1987 ж.) қажет болса, одан кейін бар-жоғы 12 жылдан соң-ақ (1999 ж.) 6 миллиардтық межені де бағындырды. Бүгінде 7 миллиардты еңсеріп  үлгеріппіз. Яғни, халық санының соңғы жедел өсімі бойынша адамзат санының еселенуі үшін кететін уақыт барған сайын қысқара түсуде. Бүгінде ешқандай статистикаға сүйенбей-ақ, қарабайыр логикаға салғанның өзінде жер бетіндегі 7 миллиард адам жыл сайын ондаған миллионға көбейіп отыратынын межелеуге болады.

 

Демография қаупі

Халық санының өсуіне байланысты да екіұдай пікірлер жетілікті. Ежелгі дүниенің атақты ойшылы Платон «Халықтың санының өсуі ешқашан қолайлы болмаған, халықтың санының өсуі адамдарды басқа елдерге көшуіне мәжбүр етеді», – десе, біздің дәуіріміздің ғалымы Пол Эрлих: «Халық санының өсуі – ең үлкен қауіп. Егер де бұл тенденция өзгермесе, әлем халқы өзін-өзі іштей жарады» деген пікір айтады. Бұған қарсы Дж.Саймонның ойынша, адам неғұрлым көп болса, соғұрлым талантты адамдардың қарасы көбейіп, тиісінше, адам мәселесін шешетін мүмкіндіктер туады деп қараған. Егер сарапқа салсақ, екі пікірдің де өз шындығы бар. Адам санының өсуі көптеген мәселелерді тудыратыны айдан анық. Халықтың тым көбейіп кетуі әлуметтік-экономикалық жағдайды шиеленістіріп, арты дағдарыс пен аштыққа ұрындыруы ғажап емес. Десе де, бұл – екінші қатардағы мәселелер.

Мұндағы басты проблема – экология мәселесі. Ғалымдар осыған байланысты үш түрлі мәселені атап көрсетеді.

Ең бірінші – орман алқаптарының азаюы. Адамдардың өсуіне орай орман аумақтары кеміп келеді. Құрылыс пен жиһаз жасайтын шикізат немесе отын ретінде пайдалану, сонымен бірге егістік жерлерін кеңейту үшін ормандарды аяусыз отау салдарынан жыл сайын табиғи ормандардың ауданы тарылып жатыр.

Екіншісі – топырақ және жер мәселесі. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін миллиондаған гектар жер жыртылып, жыл сайын пайдаланылғандықтан, ол жерлердің құнары кеміп, топырағы эрозияға ұшырауда. Бір сантиметр топырақ пайда болу үшін жүздеген жыл қажет болса, ол топырақты құрту үшін оншалықты көп уақыт керек емес. Бұған кезінде «Тың игеру» желеуімен қазақ даласының ойран-топырын шығарған науқанның зиянын әлі тартып келе жатқанымыз айқын дәлел. Миллиондаған гектар жеріміз эрозияға ұшырап, қаншама өсімдік пен жануарды «Қызыл кітапқа» жазуымызға тура келген жоқ па?! Біздің жеріміз салақ жүргізілген саясат пен дүрмекке ілесіп, науқаншылдық шырмауына шатылудың кері болса, көршілес Қытай елі халқының көптігінен осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

Ал соңғысы – су мәселесі. Тұщы су қоры дүние жүзіндегі барлық судың тек 3%-ын ғана құрайды. Оның 80%-ы пайдаланылған. Кейбір тұщы суларды ластануына байланысты мүлдем қолдануға келмейді. Сондықтан да халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең өзекті әрі талмау жері. Соңғы кезде алдағы уақыттарда жанармайдан су қымбат болатыны жиі айтылып жүр. Болашақта өзеннің жағасында отырсаң да, қара суды сатып алатын күнге жетуіміз де әбден мүмкін.

 

«Көп қорқытады», әрі қорқады...

Бүгінде халық санының тым өсіп кетуінің тақсыретін тартып отырған елдердің бірі – Қытай. Алғашқы демографиялық саясат халық санының тез өсуіне жағдай жасады. Олар «Басты байлық – адам» деп санаған Мао Цзэдунның идеясына негізделіп, «неғұрлым көп жұмысшы болса, өндіріс те, қор да соғұрлым  өседі» деген пікірді ұстанды. Мемлекеттің жоспарында ең бірінші жалпы өндіріс көрсеткіштері алға шығып, халықтың өсу қарқынына мүлдем мән берген жоқ. Көп халық санының арқасында еңбек ресурстарының үлкен потенциалына ие боламыз, сол арқылы экономикамызды тез қарқынмен дамытып, күшті елге айналамыз деп санады.

Бүгінгі қазақ елінің де демографиялық мәселесі шаш етектен. Кейбіреу азая алмай отырғанда, біз көбеюдің жолын таппай жатқанымыз жасырын емес. Халықтың өсуі жағынан оңтүстік өңірлеріміз бармақпен бағалайтын деңгей көрсетсе де, солтүстіктің жағдайына еріксіз бас шайқаймыз. Әлемде тоғызыншы орын алатын кең-байтақ жерімізді толтыра алмай отырғанымыз өзгенің қызғанышын қоздырып, сілекейін шұбыртатыны тағы бар. Бүгінде он сегіз миллионға әзер жеткен халқымыздың ұлттық құрамы да ала-құла күйде. Әйтеуір, жартысынан астам бөлігін иеленгенімізге шүкір деп бас изейміз. Осындайда Дж.Саймонның пікірі еріксіз ойға оралады. Көршілес Қытай көптігінің арқасында ертеден бері өзгелер санасып отыратын ұлы империялар құрды. Бүгінде де осал емес. Көптігінің арқасында гүлденген мәдениеттің ошағы болуымен қатар әлемдік экономиканың бағытын да белгілеп отыратын әлеуетке ие. Спорттық жарыстарда да алдыңғы қатардан түспейді. Үндістан да – ежелгі ұлы мәдениеттердің бүгінгі мұрагері. Талай саңлақтарды туған ұлы халық. Ол да болса көптіктің әсері емес пе?! Мұндайда дана халқымыздың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейтінін аталы сөзіне иланбасқа шараң жоқ. Біздің де ұлы ел болуымыз үшін санымыздың артқаны лазым. Ал өсіміміздің артуы үшін не істеуіміз керек? Ол үшін салт-дәстүріміз бен бүгінгі жағдайға лайықталған тиімді демографиялық саяасатты ұштастыра білуіміз тиіс.

 

almaty-akshamy.kz

Көшпенділер қалай көбейді?

Тарихшылардың айтуынша, көшпенді халықта ер азаматтардың өмір сүру жасы тым қысқа болған көрінеді. Оның басты себебі үйде өлгенді ар көріп, майданда өлуді даңқ санайтын көшпенділердің нағыз жауынгерлік түсінігі болса керек. Тоқтаусыз жортып, дамылсыз соғысатын әрі оны азаматтық парызы санайтын көшпенді елдің ерлерінің көпшілігіне қартайып өлуді тағдыр жазбапты. Осылайша тоқтаусыз соғыстан талай есіл ерлердің сүйегі далада қалып, қатын-баласы қайғы жұтыпты. Өлім-жітімнің көбеюі халықтың санын азайтып, ақырында демографиялық апатқа ұрындырары айтпаса да түсінікті. Ал осындай соғыстардан жойылып кетпей, артында ұрпақ қалдыру үшін не істу керек?

Ұлы көшпенділер мұның шешімін оп-оңай тапқан. Бүгінгі күнмен салыстырғанда 18-30 жас аралығы «жастық кезең» есептеледі. Тіптен бұл жастағы еркектердің көп сандысы бойдақ болуы да мүмкін. Ал көшпенділер үшін 30 жас – нағыз орда бұзар шақ. Сондықтан көшпенділер өсімнің жылдам болуы үшін балаларын ерте үйлендірген. Аталарымыздың «он үште – отау иесі» деген мақалының мәнін енді түсінген боларсыз. Қарапайым арифметикаға салар болсақ, 15 жасында үйленген еркек 30 жасына дейін арасына үш жылдан салғанның өзінде 5 баланың әкесі атанады. Бірақ соғыспен бірге ауру-сырқау, табиғи апат секілді факторларды да ұмытпаған жөн. Осыдан келіп, өсімнің нәтижелі болуы үшін полигамияға жүгінген. Яғни, көп әйел алуды заңдастырған. Енді қайта есептеп көрейік. 15 жасында үйленген сол еркек 3 әйел алса, 30 жасқа келгенше әр әйелінен орта есеппен 3 балалы болғанның өзінде 9 баланың әкесі атанып үлгереді. Демек, өзі өлгенімен артында 9 бала қалады. Өзінің және үш әйелінің орнына 4 баланы шегеріп тастасақ та, халық саны 5 адамға артады. Бірақ біздің бұл есебіміз тек жорамал ғана екенін ескертеміз. Шын өмірде бұдан әлдеқайда артық болғаны түсінікті.

Енді отағасы өлген соң артында қалған жас әйелдері мен шиіттей бала-шағасы не істемек? Оның да шешімі табылған. Мұндайда әмеңгерлік салты қолданылады. Яғни, отағасы қаза болған жағдайда оның әйелдерін бауырларына қосады. Мұнда ескере кетер үлкен бір мәселе бар. Ол – әйелдің таңдау еркіндігі. Жесір әйел күйеуінің бауырларының ішінен тек өзі таңдаған біреуіне тие алады. Егер ерге тигісі келмесе, өзі бөлек отау құрып, сол әулеттің бір мүшесі ретінде өмір сүре береді. Ал сіз еститін зорлап қосу дегеніміз – кейінгі кеңестік жүйенің қазақты ата салтынан жеріндіру үшін жасап берген негізсіз догмасы ғана.

Жаугершілік заманда қалыптасқан көшпенділердің өте қызық тағы бір салты бар. Ол салт – жауларының баласын бауырына басу. Кез келген рудың шежіресіне үңілсең, найзаға шаншылып немесе күпіге оралып келген «сіңбелер» жетіп артылады. Олар құл ретінде емес, әкелген адамның өзге ұрпақтарымен тең құқылы баласы болып келеді. Олар да өзге балаларындай тең дәрежеде мейірімге бөленіп, өскенде тиісті еншіге ие болады. Ақырында сол әулеттің керегесін кеңейтеді.

Жылдар жылжып, ғасырлар алмасып, әлемнің дамуы басқа арнаға бұрылған қазіргі кезеңде аталған салттар ескінің қалдығы, тұрпайылық пен жабайылықтың сипаты ретінде көрінетін шығар. Бірақ тоқтаусыз жорықтар мен алапаттардан аман өткен ата-бабаларымыздың жойылмауының басты себебі осы салт-дәстүрлері болатын. Кемудің орнына кешегі Ахаңның аузымен «әлһәмдүлила, алты миллион болдық» дегізген жоқ па еді?! Көп әйел алу, әмеңгерлік, ерте үйлену сынды дәстүрлерімізді мансұқтап, оларды құбыжық көрсетуге тырысқан коммунистер ақырында ашаршылыққа ұрындырып тынды. Бірақ азайып қалсақ та, қайта қатарға қосылып, егеменді ел бола білдік. Енді өткенімізді қайта жаңғыртуға кім кедергі? Ол үшін бүгінгі жағдайымызды да ескергеніміз абзал.

 

Қазақтың санын қайтсек көбейтеміз?

Өзі Құдайды жоққа шығарғанымен, аузына «Құдай салған» Маркс марқұмның бір сөзі бар. «Сананы тұрмыс билейді» деп санаған философтың осы бір сөзі уақыт өткен сайын ақиқаттығын дәлелдеп, Маркстың көрегендігін паш етуде. Бүгінде кез келген шаруаның іске асуына ақша деген алапат күштің араласпаған жері жоқ. Демек, демографиялық саясат та осы асудан айналып өтуге шарасыз.

Баланы топырлатып туу бар да, оларды асырау деген тағы бар. Санымыз көбею үшін көпбалалы аналарды экономикалық тұрғыдан ынталандыру, әсіресе, баспана мәселесін шешіп беру басты назарға алынғаны жөн. Екінің бірі пәтер жағалап, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген бүгінгі заманда көп баланы асырауға кім құлықты бола қойсын. Егер көпбалалы аналарға кезексіз пәтер беріп, баспанамен қамтамасыз ету оңтайландырылса, оның өзі халықтың өсіміне айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Бұдан бөлек, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсетіп, көпбалалы отбасыларға жалақыны көтеру, басқа да мемлекеттен бөлінетін жәрдемақылардың көлемін ұлғайту оң нәтижелерге жетуге өз ықпалын тигізбек. Сонымен бірге балабақшалардың санын арттыру мәселесін де ұмытпаған жөн.

Шеттен келген қандастар есебінен де демографиямызды көтере аламыз. Статистикалық мәлметтерге көз жүгіртсек, елге оралған қандастарымыздың 61,6%-ы Өзбекстаннан, 14,2%-ы Қытайдан, 9,2%-ы Моңғолиядан, 6,8%-ы Түркіменстаннан, 4,6%-ы Ресейден, ал қалған 3,6%-ы өзге елдерден қоныс аударған. Олардың 21,2%-ы Түркістан облысы аумағына, 16,3%-ы Алматы облысына, 13%-ы Маңғыстау облысына 9,4%-ы Жамбыл облысына, 40,1%-ы еліміздің басқада өңірлеріне ірге теуіпті. Осы шеттен келген ағайынның есебінен аталған облыстардың халық саны біршама артқан. Бұл жетістікті Елбасы «Біз бір миллион ағайынды елге қайтардық!» деп мақтанышпен жеткізгені әлі есімізде. Ал тәуелсіздік жылдарынан бергі олардан тараған ұрпақпен қосып есептегенде қазақтың саны ең азы бір жарым миллион адамға көбейді деген сөз. Өкінішке орай, соңғы жылдары ата жұртқа қоныс аударушылардың қатары сиреп, ұлы көштің тоқырауға ұшырағаны байқалады. Солтүстіктің халқын шеттен келген ағайындардың арқасында көбейтуге талпыныс жасалғанымен қазірше нәтижесі мардымсыз. Болашақта қандастарымызды бір тудың астына жинай алмасақ, енді аздаған жылда-ақ олардан да айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Оған мысал ретінде Қытай еліндегі қандастарымыздың басындағы жағдайын алсақ та жеткілікті.

Демографиялық өсімнің тұрақты болуы үшін тәрбиенің маңызы зор. Мұндағы тәрбиені мемлекеттік идеология деп түсінгеніміз дұрыс. Ана мен әке болудың қандай қасиетті де қастерлі ұғым екенін түсіндіріп, соған сай жауапкершілікті сезіндіретін идеология қалыптастыру – бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Егер осы құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіре білгенде нәрестелеріміз қоқыс пен әжетхананың ішінде жатпас еді-ау деген ой келеді кейде.

Ал бұл тығырықтан алып шығатын төте жол – халықымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары. Ұлттың ұлылығын әйгілеп, санамызды сілкіндіретін ғажап ғұрыптарымызды ұрпақ жадында қайта жаңғыртсақ, одан өткен игілікті іс болмас, сірә!

«Өтемістен туған он едік.

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік...», – деп Махамбет атамыз айтқандай, басқаға көптігімізбен мақтанбаушы ма едік. Бүгінде он баласы бар отбасына жат планеталықтарды көргендей таңырқайтынымыз өтірік емес.

Баласының көптігімен мақтанатын, аз болса намыстанатын күнге жетуіміз – мемлекеттің де, сол мемлекетті құрап отырған біздің де басты мақсатымыз бен көздейтін нысанамыз болуы тиіс. Сонда ғана қазақтың қарасы көбейіп, дүбірі даланы сілкіндіретін болады. Сол кезде Ахмет атамыздың әруағы «әлһамдүлила, ұрпағым алпыс миллион болыпты» деп бір аунап түсер, бәлкім. Оның бәрі болашақтың еншісінде. Десек те, сол болашақ бүгіннен басталатынын ұмытпайық.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Сусыз, ауасыз адамзатқа өмір жоқ екендігі баршамызға мәлім. Алайда, жаһандық даму үдерісі қарқын алған сайын,   кей нәрселер тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналып бара жатқандай. Қазіргі тұрмысымызды, теледидарсыз, ұялы телефон мен компьютерсіз, түн мезгілін жарықсыз, жалпы алғанда өмірімізді электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес.

Адамзаттың ажырамас бөлігіне айналған электр энергиясын өндіру жер жүзінде түрлі бағытта жүзеге асуда. Кейбір мемлекеттер адамзат үшін қауіпті саналатын атом электр станциясының «қызығын көрсе», дамыған елдер арасында энергия өндірудің бұл тәсілі келмеске кеткен. Сондықтан, баламалы энергия көздерін қарастырып, табиғаттың берген құбылысын тиімді пайдалануда. Елімізде, оның ішінде ауданымызда да зиянсыз әрі тиімді энергия көздерін пайдалану дұрыс жолға қойылып келеді. Барша әлем бет бұрған күн және жел электр станциялары Шелек өңірінде қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Осыдан екі жыл бұрын Масақ ауылдық округіне жасаған сапарымыз барысында Нұрлы ауылының маңындағы жел электр станцияларына ат басын бұрған едік. Биіктігі ондаған метрді құрайтын жел бағаналары алыстан көзге түседі. Жыл бойы тоқтаусыз жел соғатын Шелек жел дәлізінде орналасқан бұл бағаналардың әрқайсы тәулігіне 1 МВт көлемінде электр энергиясын өндіреді екен. Қазіргідей әлемді жұмыссыздық пен дағдарыс жайлаған уақытта бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Сондағы қызметкерлермен тілдесу барысында жұмыс қиын еместігіне әрі барлығы құрылғылардың көмегімен автоматты түрде жасалатындығына көз жеткізген болатынбыз. Жұмысшылардың айлық жалақылары да жаман емес.

Бүгінгі күнде осы ауыл маңында жел электр станцияларының жұмысын жандандыру жалғасып келеді. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2019-2020 жылдары Нұрлы ауылындағы «Нұрлы ВЭС» ЖШС-і қуаттылығы 4,5 МВт құрайтын тағы  жел мұнарасын орнатып, кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға да аз қаражат кетпейді, жоспарланған жоба құны 1,5 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар, аталған ауыл маңында тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жел электр бағаналары бой көтеруде. «Энергия Семиречия» ЖШС-нің қуаттылығы 60 МВт болатын жел электр станциясының құрылыс жұмыстары басталған. Ауқымды жобаның іске асырылу уақыты 2020-2021 жылдарға жоспарланған.

Бұл ретте «Қазіргі уақытта ауданымызда энергия тапшылығы сезілмейді, мұның барлығы неге керек?» – деген сауал туындауы орынды. Жоғарыда аталған серіктестіктің өкілдері электр кернеуі (напряжение) төмен ауылдарды электр энергиясымен қамтуды көздеп отырғандықтарын жеткізді. Айтуларынша, электр көзіне жауапты «Алатау Жарық Компаниясымен» келісімшарт жасалып, жетпей жатқан аймақтарға қосымша электр энергиясы беріледі. Осылайша, кейбір тұрғындар үшін сығырайған шам көздерінің ауылы алыстайды.

Шелек өңіріндегі баламалы энергия көздерін айтқанда, Сөгеті ауылдық округіне қарасты 300 гектар жерге күн электр станцияларының жоспарланған құрылысын атап өтпеу мүмкін емес. Қуаттылығы 200 МВт болатын бұл жоба жүзеге асу барысында жергілікті тұрғындар мен жұмыссыз жастарды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 21 ақпанындағы №72 қаулысымен бекітілген 2017-2025 жылдарға арналған қайта жаңар-тылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасына аудан аумағында аса көңіл бөлінуде.

Еңбекшіқазақ ауданы бойынша бүгінгі күнде «Нұрлы ВЭС» ЖШС-нің қуаттылығы 4,5 МВт құрайтын жел электр станциясы, «Түрген ГЭС» ЖШС-нің қуттылығы 1,7 МВт және 5,3 МВт болатын «Энергия Әлемі» ЖШС-нің су электр станциялары жүйелі жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, 2018 жылы Нұрлы ауылында іске қосылған «СамрукГринЭнерджи» ЖШС-нің қуаттылығы 5,0 МВт-ты құрайтын жел электр станциясы жаңартылған энергия көздерінің объектілері электр энергиясын өндіруде.

Ауданымыздағы таудан ағатын өзен суларын тиімді пайдалану да оң шешімін тапқан. Жоғарыда аталған су электр станцияларынан бөлек, 2019 жылдың қазан айында қуаттылығы 4,5 МВт болатын «Энергия Әлемі» ЖШС-нің ИГЭС-1 су электр станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Сонымен қатар, Шелек ауылдық округінде "Жарық су ЛТД" ЖШС Шелек өзенінде қуаттылығы 33,1 МВт-ты құрайтын Бартоғай ГЭС-28 су электр станциясының құрылысын осы жылы бастауды жоспарлап отыр, жалпы инвестициялық сомасы 6 млрд 400 млн теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда ауданымыз электр көзінен таршылық көріп отырған жоқ. Себебі, бізге тәулігіне 28-30 МВт  электр қуаты қажет, ал Есік қаласының тұрғындары мен өндіріс ошақтары 8-10 МВт электр энергиясын тұтынады. Жоғарыда аталған жобалар мен жұмыс істеп жатқан электр станцияларының қуаттылығы бұл көрсеткіштен бірнеше есе асып кететіндігі сөзсіз. Сондықтан, алдағы бірнеше жылдықта ауданымыз көршілес өңірлерге электр энергиясын таратушы аймақ болары сөзсіз.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Сейсенбі, 04 Тамыз 2020 15:33

Түйткілдің түйіні

Әлемді әуреге салған коронавирус індеті экономиканың негізі саналатын түрлі салалардың жұмысын тұралатты. Салдарынан жұмыссыз қалған азаматтардың саны артып, екі қолға бір күрек табу қиындай түсті. Бірқатар мемлекеттер карантин шараларын жеңілдетіп, азаматтардың жұмыс жасауына рұқсат берген күннің өзінде жұмыссыздық мәселесі өршіп тұр. Бұл түйткіл Қазақстанды да айналып өтпеді.

Статистикаға сүйенсек, осыдан тура бір жыл бұрын, 2019 жылдың шілде айында елімізде жұмыссыз 440,9 мың адам болған. Бұл жалпы жұмыс күшінің 4,8 пайызын құраған. Осы жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш қатты өзгермеген, жұмыссыздар саны 441,2 мың адамды құраған. Ал Ұлттық экономика министрлігі биыл Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін 5,8 пайызға өседі деп болжауда. Халықаралық валюта қоры еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 7,8 пайыз болуы мүмкін деген болжам айтуда.

Кризистік жағдайдан шығумен қатар, жұмыссыздыққа тосқауыл қою мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлінген. Жоспарға сәйкес жұмыс таба алмай жүрген 255 мың адамның мәселесі шешілуі тиіс.

Аталған бағдарламаға сәйкес, аудан аумағында 106 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Негізінен әлеуметтік нысандар мен инженерлік-көліктік инфрақұрылым бойынша азаматтарды жұмыспен қамту. Осылайша, 1147 азамат уақытша еңбек етсе, 250 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген.

Бүгінгі таңда 105 жобаның мердігерлері анықталып, жұмыстар басталып та кетті. Іске асырылып жатқан 99 жоба бойынша 432 адамға жолдама берілген. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыру кестесі бойынша 252 адамға жұмыс берілген. Сонымен қатар, аталған бағдарламаның іске асырылуын тұрғындар арасында түсіндіру мақсатында мобильдік пунктер ұйымдастырылып, жұмысқа мұқтаж азаматтардың тізімі жасалуда.

Байқасақ, бағдарлама шеңберінде берілетін жұмыстардың басым көпшілігі уақытша ғана. Яғни, азаматтар құрылыс-монтаж жұмыстарына тартылуда. Қауіпті індет бүйірден қысқан уақытта Қазақстан секілді дамушы елдер ғана емес, әлемдегі дамыған алпауыттардың өзінде жұмыссыздық мәселесі өршіп тұр. Bloomberg ақпараттық агенттігінің мәліметінше Америка Құрама Штаттарының өзінде жұмыссыздық деңгейі 15 пайызға жетіп қалған. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке шұғыл шара қабылдауды тапсырып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасындағы кейбір мәселелерді сынға алған болатын.

– Жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісу керек – деген еді. Президент тапсырмасына сәкес, Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыссыздықпен күресті жалғастыра бермек.

С.НҰРАДИН

Дүйсенбі, 03 Тамыз 2020 15:00

Жомарт жандар тартуы

 

Қазір коронавирус індеті бүкіл әлемді шарпып барады. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер экономикасы қуатты, ғылым-білімі мен медицинасы жетілген болғанына қарамастан індеттің таралуын бақылауда ұстай алмай қалды. Әлбетте, көрінбейтін жаумен арпалысу – ешкімге де оңай соғып жатпағаны белгілі. Осы орайда Қазақстанда мемлекет коронавирусқа қарсы шаралар қабылдап жатқанын баса айту керек.

Көзге көрінбейтін індетпен күрес  әлем елдерінің басына ауыр сынақ әкелгені ақиқат.  Ал осынау майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар тұр. Әрине, антына адал, сертіне берік нағыз бүгінгі күннің батырларына қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Себебі, өз өмірін таразы басына тігіп, елдің амандығын биік қойған дәрігерлер қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Дегенмен кез келген салада жақсы маман болумен бірге, техникалық базасы да алдыңғы қатарда болуы шарт. Еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты өкпені жасанды желдету аппаратына (ИВЛ) сұраныс артқан. Аталған аппараттың жетіспеушілігінен оны қолдан жасап пайдаланып жүргендерді де ғаламтордан көрген болатынбыз.

Осындай қиын сәттерде халықтың бірлігі мен берекесі қаншалық маңызды екені аңға-рылды. Яғни, қарапайым азаматтар қаражат жинап аппараттарды өздері сатып ала бастаған. Сонымен бірге, қайырымды азаматтардың да көмегі арқасында ауруханаларға аппараттар тарту етілді. Осындай игі бастамалар Шелек өңірінде де өз жалғасын тапты.

Шелек ауылындағы аудандық орталық ауруханасына бүгінде 12 өкпені жасанды желдету аппараты тарту етілді. Оның біреуін «DAULETTEN Қайырымдылық қоры» ұсынса, жетеуі «Шұғыла» қоры атынан сыйға берілген. Одан бөлек, Е.Сұлтанғазиев екі данасын, ал Қ.Амиров пен Б.Нұрбеков бір данадан тарту еткен.

Бүгінде Шелек аудандық орталық ауруханасына көптеген адамдар коронавирус індетімен түсіп, олар түгелге жуық жазылып шықты. Бұл да аурухана дәрігерлерінің біліктілігі мен қабілеттерінің деңгейін анық көрсетеді. Ал қайырымды азаматтардың көмегімен тарту етілген өкпені жасанды желдету аппараттары болса аурухана қызметкерлерінің жұмысына серпін беріп, қаншама науқастың өміріне араша болары хақ. Ең бастысы, халқымыздың басына қиындық түскенде елім дейтін жомарт жандардың төбе көрсетуі бәрімізді қуантады.

Н.ТІЛЕУҚАБЫЛ

Дүйсенбі, 03 Тамыз 2020 14:35

6 оттегі концентраты табысталды

 Тосыннан келген індет біздің елімізді ғана емес, көш басындағы алпауыттарды да есеңгіретіп жіберді. Жайбарақат тіршілікті абыр-сабыр етіп, медицина саласын сынға салды. Осындай сәтте мойымаған ақ халаттылар өздерінің кәсібилігін көрсетіп, қаншама адамды ажалдан арашалап қалды. Еріктілер жылында оларға еріктілер қосылып, өмірлік маңызы бар істердің басын қайырды.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ауруханаларда жасанды тыныс алу (ИВЛ) аппараттары мен оттегі концентраттары жетіспеушілігі айтылып келеді. Осындай олқылықтың орнын толтырғысы келген ауданымыздың ерікті жастары аудан әкімдігінің бастамасымен тұрғындарға үндеу жасап, небәрі бір жарым күннің ішінде 700 мың теңге қаражат жинаған. Тез арада түскен қаржыға оттегі концентраттарына тапсырыс беріп, өткен аптаның аяғында аппараттар аудандық ауруханаға тапсырылды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Айбек Ілебаев та арнайы барып, сын сағатта ерен ерліктерімен көзге түсіп, игі істердің ұйытқысы болып жүрген ерікті жастарға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі жастардың жасап жатқан жақсылықтары медицина саласының қызметкерлері мен індеттен зардап шегіп жатқан науқастарға жасаған үлкен сый болды. Сендердің арқаларыңда қаншама адамның өмірі аман қалады, қаншама науқасқа үміт отын сыйладыңдар. Мұның өзі – батырлық. Қиын-қыстау күнде елінің қамын жеген жастардан іргетасымыз қаланса, болашағымыз жарқын болмақ – деді Қуат Байғоджаев.

Бұдан бөлек, еріктілер аурухана маңында кезекшілік ұйымдастырып, медицина қызметкерлеріне көмек көрсетеді. Кіреберісте адамдардың дене қызуын тексеру, жол көрсету, науқастарға берілген азық-түлікті жеткізу сынды жұмыстармен айналысады.

Ерікті жастар жеткізген 6 оттегі концентраты бірден іске қосылады. Осы айдың аяғында тағы 8 оттегі концентраты жеткізіледі. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Гүлмира Отынбекованың айтуынша, қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақталған. Соңғы 2 күнде коронавирус індетін жұқтырған азаматтар мүлдем тіркелмеген.

 

С.НҰРАДИН

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған дәрігерлердің санын мәлімдеді.

«Елімізде коронавирус инфекциясы расталған медицина қызметкрелерінің саны 8 518 адамды құрайды. Бүгінгі күні дәрігерлердің арасында өкпе қабынуымен ауырғандар туралы мәлімет жоқ», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол коронавируспен күресте өкпе қабынуына шалдыққан дәрігерлерге бір реттік әлеуметтік төлем берілуі мүмкін екендігін де айтты.

«Егер коронавирустық өкпе қабынуымен күрес барысында ауырып қалған медицина қызметкерлері төлемге өтінім беретін болса, онда біз оларға қолдау көрсетеміз. Аталған медициналық құжаттар жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссияға жіберілетін болады», – деді Ажар Ғиният.

 

Шаң басып, келмеске кеткен тарих беттерінде небір аласапыран замандар болды. Әлем жұртшылығының басынан небір зұлматты жылдар өткен десек қателеспейміз. Оның кейбірін қауымдар, халықтар мен мемлекеттер бір-бірімен соғысып қолдан жасаған болса, енді біразы адам баласының еркінен тыс табиғи апаттар мен індеттер түрінде орын алды. Әр ғасырда айналып келіп отырған обаның адамзатқа қандай қайғы-қасірет әкелгеніне қарт тарих куә. Бірақ адамзат өркениеті соның бәрінен аман-есен өтті.

Қазақ халқы да өз тарихында талай рет басынан аса ауыр қасіретке толы алапат, аласапыран қиын-қыстау кезеңдердің куәсі болды. Расында да, «мың өліп-мың тірілген» халқымыз талай нәубетті бастан кешіп, осы күнге аман-есен жетті. 

Бұл тұрғыдан қай жағынан қарасақ та, адамзатты апаттардан алып өткен – оның бойындағы күрескерлік рух пен сабыр-төзім, ақыл-парасат пен ғылым-білім, ынтымақ-бірлік пен тәртіп дейтін құндылықтар.

Бүгінде коронавирус инфекциясымен күрес бүкіл әлемде көзге көрінбейтін дұшпанмен арпалысқан қан майданға айналды. Өмір мен өлім таразыға түскен сол майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар жүр. Әрине, науқастың өмірін сақтау үшін өз денсаулығын қатерге тігіп, күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің, басқа да медицина қызметкерлерінің қаһармандығы ешбір цифрмен, ешбір соммамен өлшеуге келмейді. Олар – бүгінгі күннің нағыз батырлары.

Тұтас халықтың алғысына бөленген ақ халаттылар еңбегінің ешбір өлшемі жоқ, десе де оларға ризашылығымызды білдіру – парыз. Осы орайда аудандық мәслихат аппараты 22 шілде күні Шелек ауылындағы аурухана басшылығы мен инфекция бөлімінің қызметкерлеріне алғыс хат пен арнайы сыйлықтарын табыстап қайтқан болатын.

Байқағанымыз, қазіргі уақытта жергілікті дәрігерлер штаттық режімде жұмыс істеп, ауруханаға түскен кез келген науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Науқастардың стационарға келіп түскен уақытынан бастап, толық емдеу жұмыстарын жүргізуде.

 

Сақтықта қорлық жоқ

Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер экономикасы қуатты, ғылым-білімі мен медицинасы жетілген болғанына қарамастан індеттің таралуын бақылауда ұстай алмай жатыр. Бұл өз кезегінде елімізде де біраз шектеулерге әкелді.

Қазіргі кезде эпидемиялық жағдайды реттеу үшін облыс, аудан әкімдігі шұғыл, батыл қадамдарға барып, маңызды әрі қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Соңғы мәлімет бойынша COVID-19 індетімен Еңбекшіқазақ ауданында, жалпы, 427 адам тіркелген. Иә, бұл – қауіпті ауру,  оны емдейтін вакцина әлі жасалған жоқ. Бірақ оны қауіпті екен деп байбалам салып, үрейге бой алдырмау керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл сын-қатерге бірлесе қарсы тұрып, одан аман-есен абыроймен өтеміз деп сенемін.

«Жұт жеті ағайынды» дейді дана халқымыз. Бір жағынан пандемия алқымнан алып жатса, екінші жағынан экономикалық дағдарыс елімізге қосымша ауыртпалықтар әкелді.

Сол айтқандай, елімізде карантиндік режим бекітілгендіктен көптеген азамат табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болғаны жасырын емес. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Қазақстанның бұл уақытша қиындықтарды жеңіп шығатын қаржылай қоры да, халқының бойында күш-жігері де бар. Бұл бағытта «үкімет не береді?» деп  емес, «біз азаматтарға қандай көмек бере аламыз?» деген Еңбекшіқазақ ауданының белсенді азаматтары, кәсіпкерлер аудан әкімдігімен бірлесіп еңбек етіп, өздерінің үлестерін қосып, мүмкіндігінше түрлі көмек түрлерін көрсетуде. Әрі бастамалары ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Ұлтымыздың қанында бар қайырымдылықты берік ұстанған ізгі ниетті азаматтар індетпен күрес шарасына білек сыбана кірісіп кетті. Әрине, қай бағытта жұмыс атқарсақ та, әрбір істелген сауапты іс пен жүйелі жұмыс елдің игілігі мен жастардың жақсылығына істелген еңбек деп білемін.

Сол атымтай жомарт бір шоғырдың ішінде аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мүшелері, жастар ресурстық орталығының бастамасымен құрылған «Жақсылықта жарысайық», «Иманды жастар» еріктілер тобы, белсенді кәсіпкерлеріміз бар.

Аудандық пробация ұжымы, аудандық жастар орталығы және ауданымыздың ерікті жастарының бірлесе ұйымдастыруымен көпбалалы, жалғызбасты және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қажетті азық-түлікпен және медициналық маскалармен қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық жұмыстарын жүргізді. Жалпы, бүгінгі күнде ТЖ кезінде ауданымыздағы 883 отбасына жалпы сомасы 14 000 000 теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмектер көрсетілді. Қайырлы іс жалғасын табады. Аталмыш жұмыстардың барлығында ауданымыздың белсенді және ерікті жастарының ерен еңбегі жатыр деп білеміз. Қазіргі таңда ауданымызда 300-ге жуық ерікті бар.

Ауданымыз көлемі мен халқының тығыздығы жағынан үлкен аудандардың бірі екендігі баршамызға мәлім. Алайда,  қазіргі үлкен проблеманың бірі – тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осынау аппаратты ауруханаға алып беру және жеткізу жұмыстары бірден қолға алынып, аудан жастары болып қор ашылып, қорға жиналған қаражатқа Қытай еліне алты аппаратқа тапсырыс берілді. Аппараттар аудандық ауруханаға ағымдағы жылдың 24 шілде күні табыс етілді.

Бұдан бөлек, вирустық індет пен күресте ақ халаттыларға, емделушілерге күш-қуат қажет. Ал қазақтың ұлттық сусындары ағзаға керек дәруменге толы. Сондықтан да аудан әкімдігінің ұсынысымен мың бір дертке шипалы қымыз бен саумалды ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары ауруханаларға тегін жеткізіп беріп отыр.

Біраз бұрын дәрі-дәрмек іздеп түңілген, дәріхана жағалап дәрменсіз күй кешкен жұрттың жанайқайы қатты шыққаны белгілі. Қайта сол сыннан нәтиже шығару үшін аудандағы дәрі-дәрмек қорын жасақтау мақсатында аудан әкімдігі тарапынан арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіп, қасқалдақтың қанындай болған аса қажетті дәрілердің дәріхана сөрелерінен табылуы үшін шаралар қабылданып, қатаң бақылауға  алынуда.

Әрине, әр кезеңде ел ішінде топалаңда тоқаш ұрлайтындар табылып жатады. Міне, сондай ел басына күн туып, адам шығыны болып жатқан тұста да құлқынның құлы болғандар арамызда әлі жүр.

Жергілікті билік тарапынан қаншама тексеру жұмыстары жүргізілсе де, қулығын асырып, дәрі-дәрмекті заңсыз сақтап, сатқан іс-әрекеттер мен карантиндік режимді бұзып тығылып той жасағандардың іс-әрекеті тыйылмауда. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралары тұрақты түрде өткізілуде.

Бүгінгі таңда  баршамыз үшін қойылатын негізгі үш талап бар. Біріншіден, жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі рационалды шешімдерді дер кезінде қабылдай білу. Екіншіден, сол шешімдерді жүзеге асыру барысында жедел әрекет ету, яғни, мобилділік. Үшіншісі, халық пен билік арасындағы тиімді кері байланыс орнату. Бұл талаптар былайғы жаймашуақ кезде де маңызды. Ал қазіргідей аласапыран жағдайда тіптен маңыздылығы арта түспек.

Бұл – біздің жалғыз мүмкіндігіміз. Екіншісі болмайды. Егер қазір пандемияның таралуын тежей алмасақ, бірнеше айдан кейін, яғни күн суытып, ауа райы адамдарды жабық орындарда уақыт өткізуге мәжбүрлейтін кезеңде, тіпті қиын жағдайға тап келуіміз мүмкін.

Шетелдік ақпарат құралдары күз айларында пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп хабарлауда. Әлем елдерінде коронавирустың жаңа түрімен ауырғандар тіркелуде. Мұндай деректерді еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығармайды. Демек, бұл жолы да коронавирус пандемиясын сөзімнің басында айтып кеткен құндылықтарға арқа сүйеу арқылы ғана жеңе аламыз.

Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген сөзі бар. Халқымыздың босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік міндет, бағымыздың жанбағы барымызды бағалай білуімізге байланысты. Дана халқымыз айтпақшы, бұл – «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез.                               

Бекет АХМЕТОВ,

Еңбекшіқазақ аудандық

мәслихат хатшысы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі қауым!

Баршаңызды күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айттарыңыз қабыл болсын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт – асыл дініміз Исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Айтулы күнде мұсылман қауымы Құдай жолында құрбан шалып, қанағат пен қайырымдылықтың, мейірімділік пен ізгіліктің риясыз үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандардың бата-тілегін алып, алғысына бөленеді.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналды.

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

 

Құрметті отандастар!

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктері қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтықтан жүзеге асыруды қолға алдық.

Құрбан айттың тарихына терең бойласақ, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ жібергеннен кейін оны сүйінші хабармен қуантқан. Бұл туралы Құранда баяндалған: «...Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибрахимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 106-111-аяттар).

Аса Мейірімді, ерекше Кеңшілік Иесі Раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Шалған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылғай.

Алла Тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Қауіпті індеттен қайтыс болғандарды мейіріміне бөлеп, науқас жандарға шипасын бергей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Мешіттеріміз ашылып, жамағатпен құлшылық жасайтын күнді жақын етіп, қалыпты өмір тіршілігіне қайта оралуды жазғай! Әмин!

 

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Перспективы радиационных технологий:…

Радиационные технологии прочно вошли в нашу жизнь несколько десятилетий назад, однако и…
Қаз 03, 2024

Глобальные тренды требуют внедрения…

Одной из задач, поставленных Главой государства перед страной- это устойчивое развитие…
Қаз 03, 2024

Почему атомная станция, а не…

В преддверии Общенационального референдума по вопросу строительства атомной…
Қаз 03, 2024

"Құпиясы көп мекен": Атом…

Елімізде атом электр стансасын салу туралы бастама көтерілгеннен бері қазақстандықтар осы…
Қаз 03, 2024

Референдум дауыс беру ғана емес,…

Бүгін Жезқазған қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан…
Қаз 03, 2024

Халық саны мен экономиканың өсімі…

Еліміздегі 30 ірі жобаға қазірден инвестиция тартса, оларға шамамен 8 ГВт электр…
Қаз 03, 2024

Несколько слов по поводу АЭС

Вокруг АЭС сегодня много разных мнений и споров. И основной "негативный" фактор, который…
Қаз 03, 2024

АЭС әлемнің 32 елінде бар

Атом электр станциясы әлемнің 32 елінде бар. Жалпы алғанда оларда 400-ден астам ядролық…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында сел қаупі сейілді

Өңірде биыл сел қаупі ерекше жоғары болды. Таулы аймақтарда мұздықтардың қарқынды еруі…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет