Жақында NurOtan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, партия филиалының кеңесшісі Бағдат Рахимов, партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақов аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Азим Халилов, ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Құралай Керімқұлова ауданымызға қарасты ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді анықтау және мемлекет есебіне қайтару мақсатында арнайы рейд жүргізді.

Бүгінгі  таңда ауыл тұрғындары төрт түлікті өргізетін жайылымдық жерлердің басым бөлігі жеке шаруа қожалықтарының меншігінде. Аталған мәселе ауданда ғана емес, мемлекетіміздің күн тәртібінде тұр. Еліміз ауылшаруашылығы саласына баса назар аударатындығын ескерсек, ауданымыздың малды ауылдарында аталған мәселе өзекті. Жайылымдық болып саналатын жер көлемі аудандық жер қатынастары бөлімінің мәліметінше 33 473,0 гектарды құрайды.

Азим Халиловтың айтуынша, қазіргі күнде ауылдық округтер маңындағы жайылымдық жерлер анықталу үстінде. Анықталған жер телімдерінің алдағы уақытта құжаттарын рәсімдеу үшін мемлекет есебінен қаржы бөлінетін болады. Содан кейін жайылымдық жерлер болып есептелетін жер телімдері толыққанды ауыл тұрғындарының малдарын өргізу үшін бекітіліп беріледі.

Аудандық  ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше жеке сектор және шаруа қожалықтарында 95 түйе, 20574 жылқы, 324 660 қой, 92 757 ірі-қара тіркелгенін және ұдайы мал басының өсіп отырғандығын ескерсек, алдағы уақытта жайылымдық жер мәселесі NurOtan партиясының қадағалауымен шешімін таппақ.

 

Әділет САРЫБАЙ

Сәрсенбі, 17 Маусым 2020 09:29

СOVID-19: жаңа антирекорд

Өткен тәулікте Қазақстанда 1033 адамнан коронавирус анықталып, 7 адам қайтыс болды.

Вирусты жұқтырғандардың 350-інде індет белгілері анықталса, қалған 683-і тасымалдаушы ретінде тіркелген. Яғни еш симптомсыз.

3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарға ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есеп жүргізіп жатқаны белгілі.

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 21 717-ке жетті. Емделіп шыққаны – 9647,  қайтыс болғаны – 88.

Дүйсенбі, 15 Маусым 2020 09:28

Туған жердің өткені мен бүгіні

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі...» – деген еді Елбасы Н.Назарбаев. Расында, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Қаншама ғасырлық тарихы бар Рахат ауылы да талай түлек түлеткен қасиетті мекен. Рахат ауылдық округі – ауданымыздың шекарасында орналасқан ірі елді мекен. Қойнауы жасыл баққа, көрсең көз тоймайтын сұлу табиғатқа толы мекеніміздің тамыры тереңде жатыр, сонау сақ дәуірінен бастау алады.

«Есік» қорық-музейінің берген мәліметтеріне сүйенсек, жалпы аумағы 5,2 гектар болатын Рахат қалашығы 1999 жылы ашылған. Рахат қала жұрты  Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік – Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Қалашық тауды бөктерлей шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді. Қоныстың орталық бөлігінде тау жағынан 10 метр, солтүстік жағынан жазық даламен шектесетін тұста 50 метр болып келетін трапециялық үлгідегі төбе бар. Орталық бөлікті айнала жасалған орлар маңайында өте ыңғайлы фортификациялық құрылысқа айналған, жасанды баурайлар мен дуалдар орын тепкен. Рахат қалашығы сақ патшаларының қонысы болған және осы жерден «Алтын адамның» сүйегін шығарған деген болжам бар.

– 2004 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институты қызметкерлері Рахат қалашығына алғашқы барлау жұмыстарын жүргізіп, Есік қорымдарымен сәйкес келетін мәдени қабатты тапқан болатын. 2017 жылдың мамыр айында  «Есік» қорық-музейінің кешенді археологиялық экспедициясы қалашық орнына барлау жұмыстарын бастады. Экспедиция құрамына қорық-музей қызметкерлері мен ҚХР-ң мамандары кірді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнси аймақтық археология институтымен (ҚХР) арадағы әріптестік туралы келісім-шарт бойынша бірлескен барлау жұмыстары алдағы 5 жыл бойы жүргізілетін болады. Осыдан кейін ғана ескерткішті фундаментальды археологиялық зерттеу жұмыстарының жоспары жасалатын болады – дейді музейдің бөлім жетекшісі  Досым Зікірия. Сөзіне сүйенсек, 2017 жылдың 7 шілдесінен бастап «Есік» қорық-музейі қызметкерлері мен қытай мамандарының Рахат қалашығындағы бірлескен жұмыстары басталған. Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы бірнеше бұйымдар табылған. Барлау жұмыстарының көмегімен қалашық орнының аумағы шамалап белгіленген.   Осындай барлау жұмыстарының бірінде табылған қыш күйдіруге арналған пеш сол маңдағы төбелердің қолдан тұрғызылғандығы туралы ойды одан әрі бекіте түскен.

Бұл Рахат ауылының әрідегі тарихы. Одан кейінгі кезеңдерде ауыл талай оқиғаларды бастан өткеріп, Кеңес үкіметі тұсында өзгелерге үлгі боларлық ұжымшар еді. 1930 жылдары Шарықбаев Жамаш Рахат ұжымшарының бірінші төрағасы болған. Сол кездегі ауылдың тұрмыс-тіршілігін білу мақсатында Рахатқа ат басын бұрып, ауыл ақсақалы Нұрәлі Жарылқасымовпен тілдескен едік. 1941 жылы осы ауылда дүние есігін ашқан ақсақал әлі күнге дейін Рахатта тұрады. Бар өмірі өзінің туылған ауылында өткен. Ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеп отырған Нұрәлі ата ауылдың тарихын ұжымшарларды біріктіру кезеңінен бастады:

– Мен 1941 жылы Рахат ауылында дүниеге келдім. Ол кездері округке қарасты Азат, Қайназар, Рахат, Өрікті ауылдары өз алдына жеке төрт ұжымшар болған. 50 жылдары Рахатты Өріктімен, сол кездегі Красный востокпен қосып, Ильич атындағы ұжымшар құрылды. Ал Қайназар мен Азатты қосып, партияның 20 съезі атындағы ұжымшар атанды. Кейіннен осы екі ұжымшар, төрт ауыл Ильич атындағы ұжымшарға біріктіріліп, төрағасы Жолдан Иманқұлов болды – деп еске алады ақсақал. Айтуынша, Жолдан Иманқұлов білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы бола білген. Жолдан Иманқұлов Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланған, ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген азамат болған. Жолдан Иманқұлұлының тұсында ұжымшар әлеуметтік жағдайы көтерілген. Сол кезеңде әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған шарап зауыты салынған. Адамдардың еңбегіне ақшалай ақы төлене бастаған. Оның алдында, төрт ауыл жеке ұжымшар болып тұрған тұста, әр адамның еңбек еткен күні есептеліп, жыл соңында астық берілетін.

Ұжымшар негізінен егін шаруашы-лығымен, астық өсірумен айналысқан. Рахатта 1500 бас сауын сиыр ұстайтын сүт тауарлы фермасы жұмыс істеген. Сонымен қатар, әр бөлімшеде алма бақтары өсірілетін. Ұжымшарда 38 мыңға жуық қой болған. Төрт түлік 2 айға жуық жайлауда болып, Сарытауқұмнан Қараойға көшіп келгеннен кейін, сол жерде жүнін қырқады. Қыркүйек айында ауыл төңірегінде біраз болып, Қараойға қарай жөнелтіледі. Қараша айында Сарытауқұмға апарылып, сонда қыстайтын.

60 жылдары Қараойда 2-2,5 мың гектарға дейін арпа егілетін. Сол жылы жауын-шашын көп түсіп, су мол болса егін бітік шығатын. Құрғақшылық болса сепкен дәнді де қайтарып ала алмайтын кездерді де рахаттықтар басынан өткерген. Кейбір жылдары өнім мол болып, орылған арпа ауылға жеткізілетін.

Тарихқа көз салсақ ашаршылық пен қуғын-сүргін кезінде көптеген рахаттықтар құрбан болған. Ол кездерді көзімен көрмеген Нұрәлі ақсақал бұл жайында айта алмайтындығын жеткізді. Алайда, Рахат  ауылында  2008 жылы  1930   жылдардағы  ашаршылық  құрбандарына арналған  ескерткіш бой көтерген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, сол  аймақтан әрдайым адам сүйектері табылып тұрған екен. Ашаршылық  кезінде  көптеген адамдар  осында жерленген деген жорамал бар.

Ауылдың тыныс-тіршілігін еске алған Нұрәлі ата ұжымшарды басқарған төрағаларды да тізіп өтті. Жолдан Иманқұловтан кейін Балтабайда бас инженер болып жүрген жерінен ауысып келген Нүсіп Мэлсбаев ұжымшарға төраға болған. Аудандағы басшылармен келісе алмай, аз уақыттан соң орнына Кеген жақтан келген Ақан Нұрғожаев төрағалық етті. Рашид Қамбарұлы, ауданды басқарған Смади Абдиев те ұжымшарды басқарған. Ильич ұжымшарының соңғы төрағасы Бағжан Сабаншиев болған.

– Қытайдан қазақтар мен ұйғырлар 1955 жылдан бастап келе бастады. Оған дейін аз ғана ұйғыр мен шешен, түрік ағайындармен тату-тәтті өмір кештік. Іргетасы тастан тұрғызылып, қабырғасы балшықтан қаланған «тоқал тамда» тұратынбыз. Үйдің төбесіне бөрене тастап, қамыспен жауып, үстін балшықпен 50 сантиметрге дейін сылап қоятын. Екі ауыз үйдің кіре-берісінде қазан-ошақ болатын. Ол бөлмеде ас дайындалады. Түпкі жатын бөлмеде қыстыңгүні темір пеш қойылады. Қыста мал туса, төлі ауызғы бөлмеге кіргізілетін. Түрік ағайындар қыстай таудан алма, өрік ағаштарын тасып от жағатын. Қазақтар үйін малдың тезегімен жылытатын. Ұйғырлардың «каң» деп аталатын пешін де сол кезде көргенбіз. Ауызғы үйден от жаққанда түтіні қара кірпішпен жасалған құбыр арқылы екінші бөлмені айналып шығатын. Сол құбырдың үстінде балалар ұйықтайтын – деп еске алады Нұрәлі ақсақал. Айтуынша, ол кезде барлығы бірдей өмір сүрген. Жұртшылықтың тіршілігі бір сарында болатын.

– Аллаға шүкір, қазір не ішеміз, не киеміз деп қиналмаймыз. Кеңес үкіметі тұсында мен анамның аяқ киімімен мектепке барып келетінмін. Жалғыз мен ғана емес, ауыл балаларының барлығы бір киімді кезектесіп киетін. Мұндай тапшылық барлық ауылдарда болды. Ашаршылық көрмесек те, жетіспеушілік болатын – деп таршылық көрген күндерін еске алған ата бүгінгі күн – қазақтың маңдайға біткен бағы екендігін айтты.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Жұма, 12 Маусым 2020 10:55

Мини-ГЭС обеспечат... водой

Указом Первого Президента Республики Казахстан от 30 мая 2013 года № 577 была утверждена Концепция по переходу РК к «зеленой экономике» до 2050 года. Согласно Концепции, в ходе третьей промышленной революции 2030-2050 г.г. национальная экономика должна быть  полностью преобразована на базе  «зеленой» инфраструктуры, в основе которой – широкое внедрение  возобновляемой энергетики. Ожидаемый результат – повышение  энергосбережения и энергоэффективности, снижение загрязнения воздуха, почвы, воды и сохранение экосистемы в целом. Планом нации «100 шагов» предусмотрены меры по развитию ряда перспективных секторов «зеленой» экономики.

В первую очередь это касается сектора электроэнергетики, обеспечивающего  снабжение потребителей  электрической энергией путем  использования возобновляемых источников энергии (ВИЭ).  Концепция требует  расширения деятельности  региональных электросетевых и электроснабжающих компаний, привлечения инвесторов в сферу энергосбережения. По  программе развития малой энергетики в Алматинской области до 2025 года планируется ввести в строй 98 ветровых, солнечных  и гидроэлектростанций.

Данная Программа реализуется с 2008 года и основной упор делает  на строительство каскадов мини-ГЭС. Развитие малой гидроэнергетики  в Заилийском Алатау позволит сохранить природный ландшафт, сократить выбросы парникового газа в атмосферу в зоне города Алматы и Иле-Алатауского государственного национального природного парка, не требует дорогостоящих гидросооружений, создает условия для питьевого и поливного водоснабжения.

Пример тому – Есикский каскад мини-ГЭС, введенный в эксплуатацию ТОО «ЭнергоӘлем» в 2008-2019 годах. Осенью 2008 года была запущена  ГЭС-2   мощностью 5,1 Мвт и среднегодовой выработкой 25 млн кВт. Вторая очередь Есикского каскада, ГЭС-3 мощностью 1,04 Мвт и среднегодовой выработкой 5,9 млн кВт, была пущена ТОО «ЭнергоӘлем»   в 2014 году.   Мощность ГЭС-4  –  140 кВт, среднегодовая выработка 1,1 млн кВт, она  располагается на сбросном водоводе  ГЭС-3.

Крупнейшей в каскаде стала  ГЭС-1 мощностью 5,3 МВт, со среднегодовой выработкой 25 млн кВт,  запущенная 1 октября 2019 года. В целом каскад ТОО «Энерго Әлем» рассчитан на суммарную мощность 11 мегаватт, которых  достаточно для энергоснабжения Есика и близлежащих сельских округов. Соинвестором ТОО «ЭнергоӘлем» в строительстве ГЭС-1  стало ТОО «Энергомост», партнерами выступили ТОО «Инком Энерго», наладчики  системы учета электроэнергии компании «I net», инженеры-наладчики систем управления  немецких компаний, Есикское предприятие распределительных сетей  АО «Алатау жарық компаниясы», Иле-Алатауский ГНПП, на территории которого построен Есикский каскад мини-ГЭС. Поставили оборудование для ГЭС-1  ведущие европейские  фирмы. Строительство  каскада завершено благодаря тому, что руководство района проявляет постоянное внимание к проблемам малой энергетики,  способствует формированию  благоприятного инвестиционного климата,  оказывает содействие в решении организационных вопросов в стоительстве мини-ГЭС и ВЭС.

Есикский каскад  мини-ГЭС позволит реализовать разработанный ТОО «Энерго Әлем» проект обеспечения водной и энергетической независимости Енбекшиказахского района путем оптимального использования водных ресурсов озера Есик.

Директор  ТОО «Энерго Әлем» Кенжемурат ДУКЕНБАЕВ поясняет:

– Распределение потока воды через водосбросный тоннель селезащитной плотины озера Есик существенно увеличивает расход воды для роста гидроэнергетического потенциала. За счет увеличения зимних расходов воды до  1,1 кубометра в секунду выработка электроэнергии в месяцы самого высокого энергопотребления и самого низкого расхода воды может быть увеличена на 300-400 кВт/ч.

По своему технологическому решению ГЭС-1 уникальный объект –  подача воды на водозабор ГЭС-1 с минимальными потерями идет прямо из водосбросного тоннеля плотины.

Наша  ближайшая задача – устранить фильтрацию воды в озере Есик, из-за которой снижается энергопотенциал каскада мини-ГЭС.  Резервная емкость озера Есик в результате подъема  уровня воды до проектной отметки позволит получить гарантированный запас питьевой воды для  группового Есикского водопровода, рассчитанного на водоснабжение Есика и прилегающих сельских округов. Большое значение имеет и то, что очистные сооружения ГЭС-1 и ГЭС-2 производят механическую очистку воды от наносов и мусора, увеличивая срок службы фильтровальной станции и питьевого водовода.

В проекте  также предусмотрено срабатывание  накопленной в озере воды в ирригационный период, что будет иметь существенное значение для расширения орошаемых посевных площадей.    Водозаборы ГЭС-1 и ГЭС-2 могут полностью обеспечить потребности питьевого и поливного водоснабжения близлежащих округов Есикского региона. Врезка Есикского группового водопровода к водовыпуску ГЭС-2 до минимума уменьшит потери из-за фильтрации  в  русле реки Есик. 

Все вышесказанное способствует реализации в Енбекшиказахском районе Программы развития регионов до 2020 года: повысит обеспеченность населения района питьевой водой; улучшит эффективность систем водоснабжения, снизит затраты на очистку воды и водоподготовку.

Кроме того, ввод в эксплуатацию ГЭС-1 наладит энергоснабжение  туристической инфраструктуры Иле-Алатауского государственного национального природного парка.  В Есикском ущелье намечено создание обширной зоны отдыха «Сәуле сай». Каскад ГЭС с избытком обеспечит электроэнергией всю инфраструктуру зоны отдыха,  даст огромный стимул к строительству объектов туризма и спортивных сооружений в районе  озера  Есик.

 

И.ТУРАНИН

 

 

Жұма, 12 Маусым 2020 10:23

Дайындық пысықталды

Елімізге ентігіп келген індеттің беті қайтса да, лебі есіп тұр. Әр салада салқыны сезіліп, күрескен сайын егесіп тұр. Содан болар, көрінбейтін жаумен айқаста түрлі тәсілдерді түгендеп жатырмыз. Тәсіл дегеннен шығады, биылғы түлектер білімін сынайтын сәттің өтуі де бөлекше, тәртібі де ерекше. Ол туралы ҰБТ өткізу жөніндегі комиссия отырысында айтылды. Аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев жүргізген жиында тест өткізудің дайындық жайы пысықталып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Қауіпті кесел дәстүрлі өмір сүру ережелерімізге де қол салды. Яки, биыл жылдағыдай түлектерімізбен бірге ата-аналары сабылып келіп, сағынып төрт сағат далада күтпейді. Алайда, үйінде отырып, ұялы телефоны арқылы онлайн бақылай алады. Айтпақшы, биыл түлектер тест тапсыруға онлайн өтініш берді. Енді түрлі (өз орнына басқа адамды кіргізу) құйтырқы әрекеттерге жол жоқ. Сол секілді арнайы шпаргалка немесе телефонмен ұсталған мектеп бітіруші лезде аудиториядан шығарылады. Тіпті, аудиторияға кірерде тексерістен қалта телефон анықталса, сынақ алаңына жіберілмейді.

Астын сызып айтатын жәйт, аудиторияларда толыққанды бейне-бақылаулар орнатылған. Тест біткесін, бейнежазба министрлікке жолданып, тексеріледі. Сол сәтте түлектің қандай да бір теріс іс-қимылдары (шпаргалка, телефон пайдалану) байқалса, балы да жойылып, осыған дейін мемлекет грантын жеңіп алған болса, грантынан да айырылады. Қуантарлығы, сынақ алаңында калькулятор пайдалануға рұқсат берілді.

Ескеретін жайт, педагогика саласына барғысы келетін түлектердің шектік балы 70-тен асуы тиіс. Сәйкесінше, осы бағытта мемлекет грантын иеленген түлектің шәкіртақысы екі есеге өсіп отыр.

Санитарлық талап қатал. Түлектер аудиторияға енбей тұрып, бес кезеңнен өтеді: кіргеннен арка арқылы сырт киімі залалсыздандырылады, арнайы кілемшеге аяқтарын толық сүртеді, дене қызуы тексеріліп, қолдарын антисептикпен жуады. Содан жаңа бетперде мен қолғап тегін беріледі.

Бәрін айт та бірін айт, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандары бойынша 2089 бала жылдағыдай үш емес, алты айналым бойынша 21-26 маусым аралығында тест тапсырады.

Отырыс барысында түлектерді тасымалдаудағы қауіпсіздіктер, аудиториялардың залалсыздандырылуы және басқа да мәселелер пысықталып, нақты тапсырма берілді аудан әкімінің бірінші орынбасары А.Бидаев тарапынан. 

 

Қ.ЖҰМАҒОЖА

Халқымыз адам туған күннен бастап, шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тілашар, сүндет той, жасқа келу, қыз ұзату, үйлену тойы т.б. өткізу, жаназа шығару, бақилыққа жөнелту, еске алу әрқайсының өзіне тән жөн-жоралғыларды сақтап, қоғамдық даму жолдары ерекшелігіне қарамай, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрін қатаң жалғастыруда. Бүгінде қалың мал, әмеңгерлік т.б. дәстүрлер күн тәртібінен шыққан. Үкі тағу, келін түсіру, қыз  ұзату, беташар, өлі-тірі, дорба, ана сүті, шапан ауысу – екі жақты сыйлау, құйрық бауыр, бас, жамбас, төс ұсыну, бата беру, жар-жар, беташар, тойбастар еш өзгеріссіз, отқа май құю, есіктөр, келін қолынан шай ішу болып жалғасын табуда. Жеті атаға дейін туысына үйленбеу қағидаты сақталып, жастар танысып, кейін құдалық, жөн-жоралғы жасалып, келін ата-енеге көп тәуелді емес, тең дәрежеде, үлкендер тіршіліктеріне қолқабыс беріп, бұрынғы талаптар мүлде өзгерген уақыт. Этнолық дәстүр өзгеріссіз орындалуда.

Той мақсаты – ұлттық игі дәстүр мен мінезді қатаң сақтау, кейінгі ұрпаққа көмектесу, ғибрат болар салт-дәстүрімізді кеңінен қолдау. Барыңды үнемді пайдаланып, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу, шынайы мәдениеттің белгісі – ұстамдылық, қарапайымдық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Кейінгі кезде той түрі көбейді, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр деңгейі құлдырап, жалған намыс пен дарақылық басым.

Тойға келген халық демалып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойда көбіне шаршап, даңғаза әуендерді естіп, құлақсарсылып, көптен көрмеген сыйласыңмен бір-екі сөз алмасу, пікірлесу түгілі, амандық-саулық сұрасу да қиын. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, жартылай жалаңаш билейтіндер, шетелдік әуендерге көңіл көтеруді, ішімдік ішуге салынуды дертке айналдырған тойларды көргеніңде қатты ренжисің. Бұл – ұлттық тәрбие, рәсім, байырғы ата-баба дәстүріне деген ынтызарлық пен ықыластың тапшылығы. Бүгінде тойға кешігіп келу әбден үйреншікті жағдайға айналып, тойдан береке кетіп, қазақты әбден шаршатып, қажытуда. Той өткізу әркімнің шама-шарқына қарамастан, өзара бәсекелестікке айналып, атақ-даңқ қуалау пиғылмен өткізілуде.

Ұлттық тәрбиенің, салт-сананың түп-тамыры ең бірінші өз шаңырағыңдағы, әулеттегі, ауылдағы ұлттық экономикалық болмыста екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өз қуанышын өзгеден асыра тойлағанды әдетке айналдырғандар азаймай, шетелден әнші, биші шақыру көбеюде.Тойда тұрпайы дүние өте көп.Тойды қарызға өткізу, қарыздың соңы қайғы-мұң, пұшайман болып, бармақ тістеуге ұласатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, жаңа өмір бастаған жас жұбайлардың қадамы қарызға толып, жас отаудың қарызбен тігілетіні көпшілікке ой салмай тұр. Бір күндік атап өтуде даурықпа, даңғой, даңғазалыққа жол бермей, ұлт құндылығын, ысыраптың обал екендігін ұғынып, сауапты іс жасау әлдеқайда дұрыс. Той саны артқасын, сапасы кемиді де, жай ғана отырыс деңгейіне құлдырап, кемшін түскен және шектен шыққан тұстарын өзгертуге мән берілмеуде.

Даңғырлаған музыка, көзбояушылық, бос сөз, жөнсіз мақтау, қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Дәстүр мен дарақылықты шатастырып алғандар, ысырапшылдыққа жол беретіндер көп. Тек қана мол дастарқан жайып, жақсы асаба жалдап, сол арада тілек тілеумен екі жас бақытты болмайды. Қуаныштарын тойлап жатқан адамға, әулетінің абыройын асқақтатып, екі жасты қанаттандырып демеу көрсету, қазақылықтың иісі аңқыған, ауылдың алты ауызы, халық әндерін орындап, ұлттық ойындар көрсетіп, қуанышты бөлісу тойдың басты мақсаты болуы тиіс.

Қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі ретінде той сипатын мүлде өзгерту – бүгінгі күн талабы. Той мән-мағыналы өтсе, қабырғалы ұлттық мәдениет бейнесін көрсететін шара. Ұлттық әдет-ғұрыптың көрінісі қалаған деңгейге жеттік. «Мерекесі көп елдің берекесі болмайды». Бесік той, кіндік кесу, ат қою, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, қыз ұзату, беташарды өткізуді үйде жақын туыстар 10-15 адаммен қара шаңырақтың дәулетін асқақтатуға тырысқан абзал. Сонымен қатар, соғым басы, шеке, омыртқа, ауызашар мен  дұға-құдайы тамақта ақ дастарханды айдалаға, әлдекімнің мейрамханасына апарып жайғанымыз дұрыс па? Қара шаңырақтың қадірі қайда? Ақ дастарханға берілетін бата, оқылатын құран, тілеген тілек қайда қалады? Шаңырақтың киесі, босағаның беріктігі осындайдан ыдырай бастайтын секілді. Кейінгіге үлгі ретінде тамырын тереңге жайып, көгеріп, көктесін десек, осындай дәстүрді көріп өскен бала мен қыз қара шаңырақтың, ата-дәстүрдің қадірін түсініп, елдің иесі, жердің киесі барына сеніп, елдің елдігін сақтай ала ма? Салт-дәстүрің, ұлттық киім, үйің тұрғанда неге өзгеге қызығамыз?Мейрамхана мен кафе, сұлулық салоны, көлікті жалға алу, әнші-биші, той киім-кешек дүкендері қазақы салт-дәстүрден ажыратып келе жатыр.

Қазақ халқының ұлттық ұғымымен ұштасқан ислам діні еш уақытта дәстүрді теріске шығарған емес. Бақилық болған адамды құрметтеп шығарып салу, жаназасын өткізу – халық міндетіне айналып, дәстүрге енген шара. Жаназадан кейін жерлеу, жетісі, қырқы, жылын атап өту – адамды құрметтеу, ағайын-туыс болып қайғы бөлісу жолы. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» – дейді халқымыз. Адамның жамбасы жерге тимей жатып, қаралы үйде қонақасы берілуі дәстүрдің бұрмаланғанын көрсетеді. Қазақ қонақасын алыстан ат терлетіп жаназаға қатысуға, топырақ салуға келген қайтыс болған адамның жақын туыс-жекжаттарға берген. «Адамды баршылық та, таршылық та сынайды» – дейді. Тойды, қайтыс болған адамның жылын беру, еске алу, ас беруді де шатастырған заманға тап болдық. Қайтыс болған адамның жылын атап өту – ол жылы. Ол – 12 ай. Қайтыс болған адамға 6 ай толса болды, жылын өткізу деген пайда болды. Бұл дұрыс емес. Ас – қоғамға еңбегі сіңген, беделі бар атақты және 90 жас, 100-ге келген адамдарға ғана берілген. Аста шешілуі күрделі мәселелер, көптің қатысуымен қаралып, шешімін тауып отырған. Ас беру – ас иелері мен рулық-қасиеттеріне ғана сын емес, асқа шақырылған қонақтар үшін де үлкен мәртебе және белгілі бір міндеттемелер де жүктелген. Әр рудың тұтастық негізін байқатады.

Бүгінде қайғымен байланысты жайылатын дастарханға шектеу қойған дұрыс. Жаназа мен тойды ажырату қиын болып барады. Жаназа, басқа да құдайы тамақтарды жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, шама-шарқына қарамастан өзара бәсекелестікке айналып, атақ-даңқ қуалау пиғылмен өткізу, дастархан басында асты жиналысқа айналдыру белең алған. Қолында жоғы жалған намысқа тырысып, күнбе-күн өз дастарханында балалары мүлде көрмеген тағамның түрлерін қарызға батып алып өткізуде. Өлім-жітім болған кезде адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты алалау, жаназаға, жерлеу рәсіміне қатыспау дертке айналуда.

Әрбір тойды жалтақтамай, ешкімнің көңіліне қарамай уақытында бастау, тост айтуды тоқтату, тамақ ысырабына жол бермеу, дастарханға арақ-шарапты мүлде жолатпау, тойда тек қазақтың ұлттық музыкасын пайдалану, үлкен адамдардың өзара әңгімелесетіндей, сұхбаттасатындай мүмкіндіктер туғызу, музыка дауысын орташа ғана қоюды, жұрттың қалауы тойды қазақыландыру арқылы құндылықтарды қайтаруды, қазіргі жастардың бақытты болуы, ұлтын сүюі, отаншыл болуы үшін де біз жиі өтетін тойларға қойылар талапты күшейтуіміз керек. Ол үшін әрбір ата-ана тойды ықшамдау мәселесі, қуанышқа тағылымы мол ретті той жасап, халықтың алғысына бөленгені дұрыс. Жинақы өтетін тойға ұлттық рең беруде жұрттың мәдениеті де айқындала түседі.

Біз, Еңбекшіқазақ ауданының ардагерлері, тұмаудың сovid-19 түрінің өте қауіптілігін ескеріп, қоғамның басты байлығы адам денсаулығы екенін барлық елді мекен тұрғындарына ескертуді жөн көріп, жалпы сақтық шараларын бұлжытпай орындап, салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелеріне көңіл бөліп, той, жаназа т.б. іс-шараларды алдағы 3 жыл көлемінде 10-15 адам жиналып, тек үйлену тойы мен ас беру рәсімдеріне барлық санэпидемиялық шараларды ескеріп туған-туысқандармен 30-40 адам көлемінде ғана үй төңірегінде өткізуді ұсынамыз.

Еңбекшіқазақ ауданының ардагерлері:

Т.Ұзақов,

А.Тойжанов,

А.Байтулақов,

С.Спатаев,

О.Абибов, 

Е.Апеков,

Ә.Жәпеков,

А.Мұқажанов,

А.Мұқатжанов,

Н.Мұхаметқалиев,

А.Орынбетова,

С.Тажиев,

Т.Тұяқов

Қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби – тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, ислам дүниесінің ең ірі, атағы әлемге жайылған ғұлама философы. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, батыс пен шығысты білімімен бас идірген ұлы бабамыздың биыл 1150 жылдық мерейтойы.

Білімін бүкіл әлем мойындаған Әбу Насыр әл-Фараби жайында тарих парақтарында қандай пікірлер қалған? Топтастырып, ұсынып отырмыз.

 

Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам  грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа емес, тек соның есімі аталуы керек.

А.Мюлер,

немістің шығысзерттеушісі

 ***

Әл-Фараби Аристотельдің "Физикасын" қырық рет, "Риторикасын"

екі жүз рет, "Жан туралы" кітабын жүз рет оқыған екен.

Неткен таңғаларлық еңбек!

Г.Гегель,

немістің ұлы философы

 ***

Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ. Оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әли ибн Сина.

Захир ад-Дин әл Байһақи,

араб тарихшысы

 ***

...Ал Әбу ше?

Кеңге жайды ол қанатын.

Әбуіміз – әрі ғалым, әрі ақын,

Әбуіміз – біздің ұлы бабамыз

Әбу Насыр әл-Фараби болатын.

Мұхтар Шаханов,

Қазақстанның Халық жазушысы

 ***

Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алар болсақ, әл-Фараби бір өзі ғана – бас король. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған.

Г.Фармер,

араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым

Сәбидің  бұл өмірдегі ең жақын адамы – ана. Тоғыз ай тоғыз күн жүрегінің астында ұрық болып жаралғаннан жарық дүниеге  келгенге дейін, ана сүтінен нәр алып, апыл-тапыл аяғын басқаннан кәмелетке келгенге дейін де ана жүрегі бала деп соғады. Көзі тірісінде ана  ешуақыт  баласын назардан тыс қалдырмаған.

Бірақ, бұл өмірде не болмай жатыр. Ойнап жүріп от басқан бойжеткендермен қатар әлі ана сүті аузында кеппеген жасөспірімдер жүкті болып, өмірге жасырын әкелген шақалағын қоқыс контейнерге, жол жиегіне лақтырған сұмдықтар да болып жатқаны  бүгінгі өмір шындығы.

Бірақ бүгінгі мақалада айтпағымыз сәбиге деген екі түрлі көзқарас, екі түрлі тағдыр талқысы туралы. Карантин кезіндегі шектеулерге қарамастан аудан әкімінің  бірінші орынбасары Айбек Бидаев басқарып, өткізілген «Кәмелетке толмағандар  ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі  комиссияның  екі-үш  отырысында  қатарынан қаралған  ауданымыздың бір ауылының тұрғыны Е. ныспылы азаматшаның кезінде анасы уақытша қалдырып кеткен А. есімді баланы қорғаншылыққа  алу туралы өтінішін қарау мәселесі талқыланған болатын.

Жазылып отырған мақалада өмірде болып жатқан оқиғаны, оған қатысушы кейіпкерлерді, мекен-жайы мен аты-жөндерін тікелей атамай тек басқы әріптерімен  ғана көрсетуімнің  себебін оқырман түсінер деп сенемін.  Өйткені А. есімді баланы бағып-қағып өсірген Е. ныспылы анада еш кінә жоқ. Өз балаларымен қатар  кемшілік көрсетпей бағып-қағып, өсіріп отырған  екен. Тек  ол баланы  құжаттандыру бүгінгі күннің талабы:  денсаулық сақтау, білім беру салаларын ғана атап өтсек болғаны –  құжатсыз ешқандай  қызмет көрсетілмейтіні  белгілі.

Заң талабы бойынша  баланы қорғаншылыққа алу үшін оның анасының, иә әкесінің әрі кетсе атасы иә әжесінің, яғни сәбидің ең  жақын туысқанының келісімі керек.

Сәбидің туған анасы  әртүрлі себептермен оның ішінде отбасын құруға  талпыныс та болу керек, баламен де, оны бағып отырған отбасымен де байланыс-ты үзіп алған екен.

Мемлекетіміздің кәмелетке толмағандар құқықтарын қорғау заңына сүйене отырып аудандық комиссия төрағасы А.Бидаев білім бөлімі мен оның жауапты қызметкерлері, ювеналдық полиция баланың анасын да, анасының  анасын да тауып комиссияның  кезекті  отырысында үш жақтың да уәждерін тыңдап,  баланы  анасына қайтару керек деген шешім қабылдады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған  қазақпыз деп, мемлекеттің, яғни жасөспірімдер құқығын қорғау  комиссиясының құзырындағы егер бала қараусыз қалатын болса мемлекет баланы өз қарауына Заң негізінде алуға құқылы деген комиссия төрағасы Айбек Бидаевтың сөзімен аяқтауға болар  еді. Бірақ  мақаланың басында аталған  Е. ныспылы азаматшаның, оның жұбайының  адамгершілік қасиеттерін ерекше айтып өту керек.

Анасы баға тұруға қалдырып кеткен баланы жатсынбай, өгейсінбей өз балаларынан кем қылмай  өсіру үлкен жүректі, адамгершілікті талап етеді. Баланы туған анасына  қайтаруға келісім бере тұрып (Заң талабымен) Е. қылмастық көз жасын да жасыра алмады.

Әлбетте жас сәбиге де бауыр басқан отбасын, тай-құлындай  тебісіп өскен балалардан бөлініп, туған да болса өз анасына, жаңа ортаға бейімделіп кету оңай емес.

Тек сол сәбиді бағып-қаққан отбасы мен туған анасының  арасындағы, адами қатынас үзілмесе екен деп тілейік.

 

Х.Қасымұлы

 

Демократияның бірден-бір көрінісі саналатын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бүгінгі күні елімізде даму жолында. Бұл жүйе Қазақстанға шетелдік тәжірибе арқылы келсе де, халқымыз үшін таңсық нәрсе емес. Ерте заманнан-ақ қазақ халқы ауылдарда өздерінің көшбасшыларын сайлап, ақсақалдар, белсенді азаматтар билік ісіне араласып отырған. Жерглікті мәселелерді ортаға салып, өз арасында шешімін тапқан. Бүгінгі жергілікті өзін-өзі басқару ертеден келе жатқан басқару жүйесінің жалғасы іспеттес. Ауыл азаматтарын билік ісіне араластыру мақсатында қабылданған заң қазіргі уақытта өз жемісін беруде. Әсіресе, ауылдық округтерде құрылған жергілікті қауымдастықтың жұмысы жандануда. Оны күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Асыл Байтулақов та осы пікірді ұстанады. Десек те, бұл жүйені қарапайым азаматтарға әлі де түсіндіру керек деген ниетті. Оны Асыл Байтулақұлымен жасаған сұхбат барысында айтып өткен болатын.

– Құрметті Асыл Байтулақұлы, осы уақытқа дейін бірнеше округте басшы болып, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуына өз үлесіңізді қостыңыз. Қарапайым азаматтар үшін бұл жүйе қаншалықты тиімді?

– Аты айтып тұрғандай, жергілікті тұрғындар өзін-өзі басқаруға, яғни, елді мекеннің мәселесін шешуге мүмкіндік алады. Бұл жүйе ертеректе де қазақ даласында жүзеге асқан. Еліміздің тарихында жергілікті өзін-өзі басқарудың дәстүрлері бар. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы орта ғасырдың өзінде түрлі қоғамдық және мемлекеттік институттар өкілеттігінің барлық саласын анық бөле білген. Жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу кезінде өзіміздің тарихымызды, рулық және ауылдық басқару саласында пайдаланылған құндылықтар ескеріле келе, жүйенің заман талабына сай үлгісі жасалған. Бүгінгі таңда аталған жүйе ауыл тұрғындарына ғана емес, мемлекет үшін де тиімді болып отыр. Айталық, жергілікті атқарушы билік ауыл ішінде, тұрғындар арасында қандай проблемалық мәселе бар екендігін жетік білмеуі, елді мекен үшін бірінші кезектегі маңызды мәселенің шешімін қалай табу керектігін ескермеуі мүмкін. Осы тұста округте құрылған жергілікті қауымдастық өкілдері тұрғындардың ұсынысын жеткізіп, талап-тілектерін ортаға салып, ортақ шешім шығарады.

– Басқару жүйесіне ауыл тұрғындары белсене араласады ма?

– Шыны керек, әлі күнге өзін-өзі басқару жүйесінің не екенін білмейтін азаматтар да бар. Кейбір қауымдастық өкілдерінің өзі округтің тыныс-тіршілігіне белсене қатыспайды. Сондықтан болар, жүйенің шикі тұстары әлі күнге түзелмей келеді. Мысалға, ауылда мектеп, балабақша немесе емхана салынса, қаражат жоғарыдан бөлінеді. Тиісінше, құрылысы аяқталған нысанды қабылдап алу жоғарғы жақтан басталады. Ең соңында жергілікті атқарушы орган қол қояды тиісті құжатқа. Содан болар, қазіргі қолданысқа берілген нысандардың сапасына деген тұрғындардың наразылығы көптеп туындауда. Оны болдырмас үшін, жергілікті қауымдастықтың өкілдері белсенді жұмыс жасауы керек секілді. Елді мекенге салынып жатқан ғимараттардың сапасын бақылауға алса және де сол нысанның қабылдау актісіне қол қою қауымдастық пен ауылдағы билік өкілдерінен басталса мәселе оң шешімін табар еді.

– Бүгінде жастардың тәрбиесімен қауымдастық өкілдері айналысып жатыр ма?

– Әрине, тұрғындар арасынан сайланған қауымдастық мүшелері ауылдағы барлық жұмыстарға атсалысады, жастар тәрбиесімен де айналысады. Алайда, тәрбие ісінде ұйымдастырушылық пен бірізділік жоқ. Ежелгі қазақ даласында ауылдың сотқар азаматтарының  мәселесін ақсақалдар мен билер алысқа апармай-ақ, өз арасында шешіп, тезге салған. Мен әкім болып тұрған тұста да бұл жұмыстар атқарылды. Бірақ, тиісті деңгейде емес. Бүгінде учаскелік полиция инспекторы ауылдағы бұзақылықты көптеп анықтап, кінәлілерді жазаласа, жоғарғы жақ сол елді мекенде жұмыс атқарылып жатыр деп есептейді. Ал аталған қылмыстар тіркелмеген жердің учаскелік инспекторы «түк бітірмеген» деп саналады. Сондықтан, өзінің абыройын ойлаған тәртіп сақшысы кінәліні жазалауға асығады. Меніңше, бұл жағдайға керісінше қарау керек. Ауылда қылмыс оқиғасы тіркелмесе, демек, учаскелік инспектор өз жұмысын тиісінше атқарып жүр деген сөз. Сонда ғана, ұсақ қылмыс жасаған азаматтарды учаскелік полиция, әкімдік, қауымдастық өкілдері үш жақтан жөнге салар еді. Өзінің ауылдастарынан, жақындарынан сөз естіген адам ешқашан жаман әрекетке қайта бармайды.

– Жергілікті бюджет мәселесіне тоқталсаңыз. Жиналған қаражатты қауымдастық тиімді жұмсауға қауқарлы ма? 

– Жоғарыда айтқанымдай, ауылдың проблемасын тұрғын-дардан артық ешкім білмейді. Ал сол жұртшылықтың арасынан сайланған қауымдастық мүшелері түскен қаражатты алдымен қайда жарату керектігін жақсы біледі. Мектеп, амбулатория сынды әлеуметтік нысандар қауымдастықтың құзырына кірмейтіндігі белгілі. Десе де, көп қаражатты қажет етпейтін жұмыстар да жеткілікті. Көшені жарықтандыру, балалар алаңы, су құбыры мен жолдардың ағымдағы жұмыстары қауым-дастықпен ақылдаса отырып шешіледі. Сол үшін де мүшелікке түрлі сала өкілдері сайланады.

Осы тұста тағы бір мәселенің ұшы шығады. Ауданымыз ауқымды, 25 округ пен 1 қала бар. Әр округтің экономикалық жағдайы әртүрлі. Тиісінше, салық түсімі де түрлі деңгейде. Бір округте барлық жағдай жасалып, енді бірі қиын жағдайда тұруы мүмкін. Ал есеп-шотқа түсетін қаражат ауылға жағдай жасауға жетпей қалады. Айталық, күре жолдың бойында орналасқан Ават, Бәйтерек ауылдарында кәсіпкерлер санының көптігіне байланысты бюджеттік түсім де жоғары болады. Бірақ, бұл ауылдарды Шелек өңіріндегі кейбір елді мекендермен салыстыруға келмейді. Сондықтан, үнемде-лген қаражат ауданға емес, қиын жағдайдағы округтерге берілсе біраз мәселенің түйіні тарқатылар еді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен

Сардарбек НҰРАДИН

Сейсенбі, 09 Маусым 2020 09:29

Табиғат – тал бесігің, бағалай біл!

Түрген сайы. Бүгінгі күнде Алматы жұртшылығы ғана емес, Республикамыздың түпкір-түпкірінен бұл ғажапты көруге асығатындар саны артып келеді. Арынды сарқырамалары, оларға барар жолдың жан-жағындағы қыз қарағайлар  мен дәл қазіргі мамыр айында гүлдеп тұрған өсімдіктер табиғаттың тылсым да тұнық, сұлу да сымбатты әлемінің нәзік тепе-теңдіктен тұратындығын айғақтаса керек. Бұл нәзік тепе-теңдіктің бұзылмауын қадағалауда орманшы және қорықшы мамандардың орны ерекше.

«Іле Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалына қарасты аймақ – қорықтың інжу-маржаны. Филиал басшысы Иманәлі Сәрсенбаевтың айтуынша, Қайрақ және Аюлы сарқымалары – бүгінгі таңда ең танымал туристік бағыттардың бірі. Алайда, келушілердің көптігі әрі жеке бас мәдениеттерінің төмендігі салдарынан орманшылар мен қорықшылар қоқыс тазалаумен әлек. Ерте көктемде қорықты қоқыстан тазалау жұмыстарына мектеп оқушылары тартылатын. Әлемді әурелеген коронавирус індетінің таралуына байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай мектеп оқушыларын тартуға мүмкіндік бермесе де, қорықшылар мен орманшылар өз күштерімен тазалауға кіріскен. Сондай-ақ,  Түрген орман шаруашылығы төтенше жағдайға байланысты эко-пост арқылы демалуышарды Түрген шатқалына өткізуді тоқтатқан. Бұл қоқысты түгелдей тазалауға себепші болған. Иманәлі Сәрсенбаевтың айтуынша, жылда мамыр айында демалушылар келе бастайтын да, қоқысты тазалау жұмыстары таңғы бестен тоғызға дейін, кешкісін бестен сегізге дейін жүргізілетін. Ал биыл тазалау жұмыстарын демалушылардың тоқтауына байланысты алаңсыз күні бойы жүргізуге мүмкіндік алған. Сондай-ақ, карантин кезеңі табиғи ортаға оң әсерін – Адамдар аяқтарымен таптамағаннан кейін бәйшешек гүлдері қаулай өсті. Әрі аңдар мен құстар да тау басынан етекке түсіп, жол жиегіне дейін жайылымға шықты – дейді И.Сәрсенбаев. Тіпті, жәй кезде көзге түспейтін аңдар да байқалған.

Сонымен қатар демалушылардың отырып демалуына қажетті орындықтар және қоқыс тастайтын арнайы жәшіктер мен дәретханалар орнату жұмыстары ойдағыдай жүргізілген. Биыл, коронавирус індетін жұқтырғандар әсіресе, туризм саласы дамыған елдерде мол болып отыр. Сол себепті, ел азаматтары ендігі жыл құсындай демалуға  шет елдерге шықпас бұрын ойланатыны аян. Демек, отандық туризмнің дамуына тың серпін беріледі деген сөз бұл. Сондай-ақ, карантин кезеңінде жүріс-тұрыстан шектелген қала халқы да Түргенге қарай ағылатыны аян.  Ендеше, былтыр 55 000 көлік Түрген орман шаруашлығына қарасты  эко-посттан өтсе, биыл бұл сандар едәуір ұлғаяды деген сөз. Сондай-ақ, эко-посттан өту үшін адам басына ақшалай төлем жасау қажет. Былтырғы түсім 19 млн теңгені құраған. Оның 200 теңгесі түрген орман шаруашылығына берілетін болса, қалғаны «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бюджетіне жөнелтіледі.

«Аталған қаржы қорықтарды қоқыстан арылту, қажетті инфрақұрылым құру және өзге де қажеттіліктерге жұмсалады» – дейді И.Сәрсенбаев.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі Түрген, Есік, Бәйдібек би филиалдарының эколог және орманшы, қорықшы мамандары адамдар мен табиғат арасындағы нәзік тепе-теңдіктің сақталуына жауапты жандар.

Айталық, аңдарды заңсыз атып алуға құмар жандар баршылық. Бұл тұрғыдан алғанда Түрген орман шаруашылығының аңдарды қорғауға арналған жедел тобы жаңа технологияларды қолдануда. Заңсыз аң ату мақсатында орман кезген аңшыларды  және аңдарды қадағалушы жедел топ фотоқақпандарды қолдануда дейді филиал басшысы. – Оның орман шаруашылығында 8 данасы бар. Сай-салалар мен аңдардың соқпақтарына қойылған фотоқақпандар түсірген суреттер мен бейнероликтерді ай сайын саралап, қай аймақта қай аң түрі жүргендігін әрі өсу динамикасын анықтап, орталыққа жібереміз. Онда филиалдардан жиналған ақпараттарға сәйкес ортақ көрсеткіш шығарылады. Сондай-ақ, бүгінгі алманың атасы болып есептелетін сиверс алмасының тұқымын табиғи қорықтың Бәйдібек би филиалына қарасты орман шаруашлығындағы арнайы резерватта 31,9 гектар жерде өсіріп отырмыз. Аталған аймақ ерекше қорғау аймағы болып есептеледі. Сиверс алмасының тұқымдары Жоңғар Алатауында және Іле Алатауы табиғи қорығының Бәйдібек би филиалында сақталып қалған дейді филиал басшысы. Былтыр тағы да 0,73 гектар жерге отырғызылған тұқым биыл көгеріп көз қуантқан. Тағы да егу мақсатында екі гектар жер дайындалды. Келешекте сиверс тұқымын ұрпақ үшін сақтап қалу мақсатында қолға алынған игі бастама эколог мамандардың ерен еңбегінің айғағы болса керек.

Қоршаған ортаны қорғауда омартаның да орны ерекше дейді Иманәлі Сәрсенбаев. Сондай-ақ, Түргеннің тәтті балы әркімге де аян. Түрлі табиғи емдік шөптерден жиналған саф, таза бал – өте құнды  өнімдердің бірі. Сонымен қатар, ара да табиғи шөптердің тозаңдануында атқарар қызметі теңдессіз жәндіктің бірі. Бір күнде бір бал арасы 1500 гүлді тозаңдандыруға қауқарлы десек, мыңдаған ара табиғи ортаның қалпын бұзбай сақталуына себепші болмақ. Жылда омарташы мамандар араларын алып Түрген шатқалына келуге асығады.  Қосалқы шаруашлықтар болып есептелетін омарташылар – орман билетін алып арнайы қорықшылар белгілеген жерде балдарын да демалушыларға саудалауға мүмкіндік алған. Емдік шөптің 1500 түрі бар Түрген шатқалында кеңестер одағы кезінде арнайы дәріханалар үшін емдік шөптер Түрген, Таутүрген жоталарынан дайындалғанын ескерсек, екпе шөптерден өндірілген бал мен табиғи емдік шөптерден өндірілген балдың емдік қасиетін бағамдай беріңіз.

Сондай-ақ, туристік бағыттарды кеңейту мақсатында бірқатар жұмыстар атқрылып, 12 туристік бағыт белгіленген. Бізге белгілі Есік көлі, Қайрақ және Аюлы сарқырамаларынан бөлек тағы да табиғаттың ғажап жерлеріне жол және инфрақұрылымдар жүргізілген. Әрі жарнама да жасалған. Сонымен қатар өрттің алдын-алу мақсатында және қорықтарды қоқыстан арылту мақсатында келушілер үшін арнайы ақпараттық парақшалар дайын.

Бүгнінгі таңда орманшы мамандардың әлеуметтік жағдайы да жақсарған. Мысалға: Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалында 64 қызметкер бар.  Тау басындағы кардондарда орналасқан үйлерде тұратын орманшы инспекторларға жылда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін материалдар беріледі және олар түгелдей атпен қамтылған, –  дейді Иманәлі Сәрсенбаев. Сондай-ақ, оларды сол үйлерге тұрақты тіркеуге тұрғызу үшін арнайы заң жобасы белгіленіп, талқыланып жатқандығын жеткізді.

Демалушыларға қызмет көрсетіп кәсіп ететін кәсіпкерлер жерді тендер арқылы алады. Әрі оларға қойылатын талаптар да қатаң. Бастысы, тазалық және сапалы қызмет пен барынша ұлттық дәстүрлерді ұстану. Дәстүр қазақ халқының болмыс-бітімін танытса, туристер де еліміздің ерекшелігін көру мақсатында келетіндігі аян. Ал, тазалықсыз сапалы қызметті ұсыну мүмкін емес.

Сондай-ақ, демалушыларды атпен серуендету мақсатында ауыл тұрғындары да кішігірім кәсіппен айналысса, ағыны қатты тау суын бағындыру мақсатында экстремалды спорт түрі рафтинг те даму жолында екенін атады филиал басшысы. Осыдан келіп Есік, Түрген, Бәйдібек би орманшылықтарының келешекте кереметтей туризмнің тұтқасын ұстаған аймақтарға айналатынын көретіндейміз. Әрі орманшы және қорықшы мамандардың жарнамасыз жасаған еңбектерінің қаншалықты қиын екендігін де аңғарғандаймыз.

 

Әділет САРЫБАЙ

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

АЭС құрылысы: жаһандық прогресстің…

Сарапшылар АЭС-тің әлемдегі жұмысына тоқталды АЭС – арнайы білімді қажет ететін жоғары…
Қаз 03, 2024

АЭС-ті тек бір мемлекет сала алмайды…

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай АЭС құрылысына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 03, 2024

Жетісулықтар АЭС-тің ел дамуындағы…

АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб Жетісу облысы халқына рефрендумның маңызын…
Қаз 03, 2024

АЭС тұрақты дамуға жол ашады

АЭС салуды қолдау жөніндегі Қызылорда аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері…
Қаз 03, 2024

АЭС экономиканы дамытуға септігін…

Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстанда атом электр стансасын салу перспективасы болды…
Қаз 03, 2024

Строительство АЭС: диалог между…

Строительство АЭС: диалог между Народным штабом AMANAT и жителями Шемонаихи и района…
Қаз 03, 2024

АЭС экономика инфрақұрылымын…

Қазақстан дүние жүзіндегі уран рудасының ең бай қорларының біріне ие, маңызды шешім –…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет