Бейсенбі, 21 Сәуір 2022 10:07

Тура би ме, туғанды би ме керегі?

Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуций философиясындағы

ел билеуші туралы толғамдары

Қазақта «Жердегі патша, құдайдың көлеңкесі» деген әдемі сөз бар. Әрине бұл ел басқарушыға деген құрмет және айтқанына бағыну керек деген идея. Әр заманның, әр халықтың өз басшысы болары ақиқат. Бірақ, халық үміт артып, әміріне бағынып, айтқанына көну үшін, ел тізгінін ұстаған адам қандай болу керек? Мәселе осында. Шығыстың ұлы ойшылы, 870 жылы Отырар қаласында туып, 950 жылы Сирияда дүниеден өткен Әбу Насыр әл-Фараби мен б.з.д. 552/551 жылы туып, 479 жылы дүниеден өткен, Кун-Фу-цзы есімінің латын тіліне бейімделген тұлғасы, Қытайдың аса данышпан философы Конфуцийдің ел билеушісі туралы айтқандарын таразылап көрелік.

Халықтың һәм мемлекеттің дамуы – билеушінің пайым-парасаттылығы, ізгілігі, іскерлігі және тәрбиелілігі мен қабілеттілігіне тікелей байланысты. Халық әрқашан бақытты болғысы келеді. Азаматтық ғылымның негізін зереттеген әл-Фараби бақыттың «жалған бақыт» және «шынайы бақыт» деген екі түрі болатынын ажыратып, «Шексіз бақытқа қол жеткізуге және оны барынша сақтай білуге мұрындық болатын өмір салты мен қабілеттерді ойдағыдай дамыта алатын билік – ізгілікті билік болып табылады. Олармен айналысу ізгілікті қызмет санатына жатады»,  – деп түйіндейді. Әл-Фараби жақсылыққа жаршы болған ел билеушіні – ізгілікті қала билеушісі тұрғысынан зерттесе, ал Конфуций ел мүддесін жоғары санайтын басшыны көктің ұлы, жеке тұлғалық тұрғысынан талдайды. «Кімде-кім елді дұрыс басқара білсе, сол бірінші басшы болып саналады. Біріншіге жатқызылатын билік барысындағы жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің баршасы оның табиғатына тән болады. Мұндай басшыны сунна бойынша басқаратын басшы, билеуші деп атайды және басшылық қызметі сунна бойынша жүзеге асырылады», – дейді әл-Фараби. Конфуций болса, аспан асты дегенді даошылдықта (жолшылдықтар деген мағына береді) айтылған ұғымнан өзгешелеу түсіндіреді. Конфуций философиясы үшін, аспан асты – ел, қоғам, мемлекет болып табылады. Ал осы аспан астындағы адамдарға билік жүргізуші – Көктің ұлының (ертедегі таным бойынша Тәңірдің ұлы) қолында дегенді айтады. Ол: «Жердегі әмірші аспан емес, император, өйткені адамға құдіретті заңды, дін заңын, адамгершілік заңын аспан берген жоқ, бермейді де. Табиғатты Тян (Көк тәңірі. Құдай) емес, император басқарады және император ғана Тянмен байланыса алады», – деп бағамдайды. Әл-Фараби бірінші басшыны сунна жолымен басқаратын, өз билігін жүргізе отырып, құдайшылдықтан шықпай, халықты бақытқа жетелейді десе, Конфуций елдің көңілінен шығып, халықты дұрыс жолға салған басшы құдаймен (Тянь) тілдесе алады дейді. Екі философтың ел билеушілердің алғы шарттарын осылай айта келе, өз ойларын тереңдей дамытып, бүй дейді әл-Фараби: «Ел басқарудың алғашқы ізгілікті сабағы қалалар мен халықтар арасындағы ізгілікті тұрмыс салты мен ізгілікті қабілеттерді орнықтыруды, оларды жан-жақты насихаттауды және мәдениетсіз өмір салтының келеңсіз көріністерінен сақтануды қамтамасыз ететін іс-әрекеттерден тұрады». Басшы үшін ең бірінші мәселе халықтар тынышт-ығы мен мәдениеттілігі. Халық тыныш болмаса, мемлекеттің дамуы мүмкін емес, ал адамдар мәдениетті болмаса, тәртіп орнамайды. Бұл екеуі болмаған ел, көп өтпей күйрейтіні ақиқат. Сол үшін де басшы болған адам алдымен адамдарға адамгершілік, ізгілік туралы жол нұсқауы керек дегенді ескертеді әл-Фараби. Ал, Конфуцийдің қоғам мен әлеуметтілік деген нәрселерді түсінуіндегі артықшылықтарын да айта кеткен жөн. «Олардың пікірінше социум – қоғам мен мемлекеттің бірлігі және мемлекеттің басында көктің ұлы – билеуші тұрады, ал адам мен қоғамды мемлекет тарапынан басқару саяси тұрғыда емес, таза әлеуметтік тұрғыда ұғынылады». Екеуі де халықты орнықты ұстаудың жолын, халықтың жағдайын меңгере отырып, тәрбие бастау керек дегенді айтады. Осылай дей келе, Конфуций: «Табиғат әркімді басқамен жақындастырады, ал әдет оларды бір-бірінен алыстатады» деп адам табиғаты мен тәрбиесіне ойысса, әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келе-шекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дейді.  Міне екі философтың бір нүктеде түйісуі де осы жерде. Адам қанша білімді болғанымен алған білімін жақсылыққа, ізгілікке пайдаланбаса, қоғам үшін зиянды дегенді аңғартады. Адам табиғатынан ұқсас, тек олардың кейінгі жолы тәрбиесінде. «Ағып жатқан судың шығыс пен батысты таңдамауы сияқты, адамның табиғаты да жақсы не жаман деп бөлінбейді» деген Гао-цзы сөзі айтар ойымызды одан ары тереңдете дәлелдеп тұр. Осы арада жоғарыдағы біз мысалға келтірген сөздерімізді түсінуге септігі тиер деген оймен  қытайдың Мэн-цзы деген философының мына сөздерін қыстыра кетуді жөн көрдік. Мэн-цзы: «Егер адам жамандық істесе, оған оның табиғи қасиеттері кінәлі емес» дейді. Айтпағы, адам баласының жақсы не жаман болуы тәрбиесінде деген сөз. Мэн-цзы: «Тамағы тоқ, көйлегі көк адам тәрбие көрмесе, хайуанға айналады» дейді. Абай Құнанбайұлы: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп түйіндейді. Конфуций мен әл-Фараби тоғысқан нүкте, олардың рухани шәкірттерінде бір жерде кездестіріп тұр. Ежелден Отанның тұтқасы – отбасы деп білетін қазақ ұлты «Отанды сүю отбасынан басталады» деп мәтелдейді. Астарында тәрбие деген ұғым тұр.

Қазақта «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бар. Бұл да ел басқарушыға қаратылып айтылған сөз. Халықтың көксеген күніне жеткізе алмайтын, жағасы жамаусыз киім киюге, иіні шығып тамақтануға жағдай жасап бере алмайтын басшы да болады. Ондай басшылар қолындағы биліктің буына семіріп, өзін құдаймен теңестіріп, әділ билік айтудан гөрі, жең ұшынан жалғасқан ымырашылдыққа мойынсұнып, елдің күйін күйіттемейді. Халықтан өзін жоғары қояды. Алдымен өз мүддесін ойлайды. Бұған халық өз тарапынан шара да қолдана алады. Конфуцийдің жолын толыққанды ұстанып, өз ортасында белгілі дәрежеде беделге ие болған, Мэн-цзы, ондай ел билеушілерге қарсы тұрып, сол заман үшін революциялық ой айтқан: «Халық ең басты нәрсе (мемлекетте), одан кейін жер мен дәннің рухтары (тұрады), ал билеуші соңғы орында тұрады. Сондықтан, халық көңілінен шыққан адам ғана көктің ұлы бола алады». Өйткені халықтың бәрі кемелділікке ұмтылмайды. Көп адамдарға қарынның тоқ жүруі маңызды. Оты жағулы малы бағулы болса, ол үшін сол ғана бақыт. Бұл адамзат жаратылғаннан бері жалғасып келе жатқан өзгермес аксиома. Сондықтан да ел билеген адам азын-аулақ кемелділік дәрежесіне көтерілгендерді басты нысана етпеуі керек. Ж.П.Сартрдың «Адамның тіршілігі оның мәнінен бұрын тұрады» деген ойын құптауға хақылымыз.

Конфуций мен әл-Фарабидің ел билеуші туралы тағы бір жақын келетін толғамдары бар. Әл-Фараби: «Азғын басшы жоғалған соң, оның орнына біртіндеп кемелділікке ие басшы өсіп жетіледі», – дейді. Өз кезегінде жоғарыда аталғандардың қатарынан да біртіндеп басшылыққа қабілеттілер бөлініп шыға бастайды. Сөйтіп, төменгі сатыдан жоғары сатыға дейінгі заттардың парқын айқындау үрдістері жүзеге аса бастайды. Соның нәтижесінде басшылық жүйесі толықтай жетілу дәрежесіне жетеді. Осы жерде ескере кететін бір жайт, әл-Фараби жалпы қоғамдық тұрғысынан талдау жасаған. Ел билеушінің жеке тұлғалық тегіне талдау жасамаған. Сондықтан да бір мемлекеттен, бір халықтан, өздерін басқаратын адам үздіксіз даму барысында ел басқару биігіне жетеді дегенді айтады. Ал Конфуций философиясында адамның этикалық өлшеммен анықталатын екі түрі бар. Бұл текті ер (бекзат ер деп те айтылады) және тексіз ер (қарапайым немесе жайдақ адам). «Текті ер ниеттес, бірақ әділетсіздіктен ада, тексіз ер әділет-сіз, бірақ ниеттестіктен ада», «Текті ер әділдікті таниды, тексіз ер пайдасын таниды». Елдің сенімінен шығу үшін – өзі мінсіздік дәрежесіне көтерілуі керек. Конфуций ел билеушісі туралы да қатаң талап қоя білген. «Аспанның бұйрығын білмесең, бекзат ер болмайсың». Конфуцийдің меңзеп отырғаны, әл-Фараби айтқандай кемелділік сатысына жетіп, аспанмен (тәңірді меңзеу арқылы, ұлылық сатысына көтерілу) байланысып, оның бұйрығын білуге құштарлану керек. Текті ер мен тексіз ер туралы жан-жақтылы толғанып, ара-жігін айырып жазу арқылы, адамдар бойынан мінсіз типтер аңсайды. Бірақ, Конфуций өзі ерекше қынжылып ішкі өкінішін айтады: «Мен асқан данамен кездесемін деп үміттенбеймін. Бекзат ерді кездестірсем, маған сол да жетеді». Адамдар бойындағы қасиеттерге қарай отырып, олардың өмірдегі орнын ажырата келе Конфуций өзіне-өзі: «Тексіз адам талпынса бекзат ерге айналуы мүмкін бе?» деп сұрақ қояды да, жауабын айтады. Тек тексіз ер адам ғана текті ерге айналуы мүмкін дейді. Өйткені тектілік (Цзюнь цзы) сатысына тек ер адамдар ғана жетеді. Ал әйел адам ол сатыға әрқашан жетпейді деп кесіп бағамдайды. «Ең қиын нәрсе әйелмен және тұрпайы адаммен араласу. Оларды жақын тартсаң – ожарланып, басыңа шығады, өзіңнен алыс ұстасаң – ызаланып, кек сақтайды». Конфуцийдің осы ұстанымына ұлтымыздың «Құралай бастаған құс оңбайды, қатын бастаған көш оңбайды» деген мақалы сәйкес келіп тұр. Конфуций текті ер мен тексіз ердің тағы бір айырмасын былай деп ажыратады: «Бекзат ердің (Текті)  ізгілігі – жел сияқты,  Қарапайым (тексіз) адамның ізгілігі – шөп сияқты, жел қалай соқса, шөп солай жығылады;  бекзат ер – құрал емес». Бұл жердегі Конфуцийдің тексіз ерді шөп сияқты деп меңзегенін Абай Құнанбаев:

Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал,

Қалмады елге тығындап.

Сөйтсе-дағы елімді,

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап, – деп өлең арқылы философиялық толғаныс жа-сайды. Басын шыбындап изеген тексіз ер, өзінен жоғарыға қарсы келе ала алмай-тындығын шенейді. Демек Конфуций айтқан шөп сияқты жапырылады деген сөз. Тумысынан адамның тектілігіне ерекше мән беретін қазақ:

Жал-құйырығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас, – деп жырлайды. Сондықтан да Конфуций айтқан тектілік пен тексіздік әрқашан елдің болашағына төте қатысты екенін көруге болады.

Осыдан 11 ғасыр бұрын өмір сүрген әл-Фараби мен 25 ғасыр бұрын өмір сүрген Конфуцийдің ел тізгінін ұстаған адамдар туралы айтқаны, ұлтымыздың жадында сан ғасырдан бері жаңғырып келеді. Әл-Фараби философиясы мен Конфуций философиясындағы талғамдықтың түрлі факторларын қазақтың хан сайлау дәс-түрінен анық көреміз. Қазақта «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген тіркес бар. Жай ғана сөз жүзіндегі тіркес емес бұл. Хан сайлаудағы өзгермес заң болған. Тіпті кей жағдайларда рулар өз тізгінін ұстайтын ауылында төре болмаған жағдайда, басқа ауылдан арнайы төре тұқымын да алдырған. (Оған дәлел ретінде қытайдағы керей руының Көкадай төрені, Қызай руының Сама төрені Қазақстан жерінен, өз жора-жосындарын жасап алып барып, төре сайлаған тарихын келтіруге болады). Тарихи жазбаларға назар салар болсақ, хан тек Шыңғыс әулетінен сайланып отырған. Бұл Конфуций айтқан тектілік философиясына сай келсе, ал, Тәуке хан қайтыс болған соң, үш жүздің үш ханы болып, жан-жаққа тартқан заманда, Абылайдың Әбілмамбет төренің қолында ержетуі, одан кейінгі өмір жолы – әл-Фараби айтқан ел билеушінің біртіндеп сатылы дамуы арқылы кемелділікке жетуі деп айтуға болады. Бұқар жырау:

Ай, Абылай, Абылай,  

Он бір ғана жасыңда,

Әшейін-ақ ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Әбілмәмбет төренің

Арқада жүріп қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ» атпен жүр едің.

Оны да көрген жерім бар,

Жаныс Қарабайдың қолында,

Түнде туған ұл едің.

Жиырма беске келгенде,

Бақыт қонды басыңа,

Тақыт келді астыңа.

Отызға әбден келгенде,

Кең дүниеге кенелдің.

Отыз беске келгенде,

Қара судың бетінде

Соқтығып аққан сең едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтын тонға жең болдың.

Қырық беске келгенде,

Жақсы-жаман демедің.

Елу жасқа келгенде,

Үш жүздің бар баласын

Бастап өзің келдің де,

Аттарының бастарын

Бір кезеңге тіредің, – деп жырлауы тектен-текке емес екенін көруге болады.

Конфуцийдің «Егер ізгілік берік болмаса, егер жол жүректі жауламаса, олардың бар жоғынан пайда жоқ» дегені бар. Ал әл-Фарабидің «Ізгілікті қаланың әміршісі халықтар ынтымақтастығын ойдағыдай жүзеге асырып, олардың арасындағы қарым-қатынастарды нығайту мақсатын орындау барысында олардың жан-дүниесінде қалыптастырылған ізгілікті органдар мен қабілеттермен ғана шектеліп қалмаулары керек. Ол ізгілік пен игіліктің олардың жан дүниесінде бұрыннан-ақ орныққандығын ескере отырып, басқа да толып жатқан адамгершіліктерге жол ашып береді» дейді. Жоғарыдағы Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан ескерту жырының толық нұсқасынан Конфуцийдің жол жүректі жауламаса деген сөзі мен әл-Фарабидің айтқан адамгершілік ойларынының жан-жақтылы жетілген нұсқасын көру аса қиындық тудыра қоймас.

Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуцийдің ел тізгінін ұстар адамдар жайлы айтқан философиялық ойларын бірлестіре отырып талдап, ұлтымыздың күнделікті тұрмысындағы һәм өткен хандық дәуіріндегі тіршілігімен ұштастырдық. Егер көрікті ой ауыздан шыққанда адыра қалмаса, діттеген жерімізге жеттік деген сөз. Дана тұлғамыздың әрбір сөздері санамыздың жаңғыруына өз септігін тигізері ақиқат.

 

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ, Шелек тарихи-өлкетану мұражайы.

Оқылды 4774 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет