Бейсенбі, 03 Тамыз 2023 16:23

Үйірілген қышқыл, тәтті, сары қымыз Ауруға ем, сауға қуат, дәрі қымыз

Аурудан асқан жан бар ма?

Жылқыдан асқан мал бар ма?!

Биенің сүті сары бал,

Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп Ақтамберді жырау жырлағандай, шөлдегенде шөліңді басып, ауруға ем болып, сауға қуат берген қымыз сусынының қазақ халқы үшін маңызы зор. Сол себепті де ұлттық сусынымызды дәріптейтін мерекеміз де бар. Қымызмұрындық – қазақ халқының  атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бір-бірін «Қымызмұрындыққа» шақырып, мәре-сәре болған. Қымызмұрындық мерекесінде жұртшылық сары қымыздан дәм татып қана қоймай, ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық ойындар ойнап, ерлер жағы күш сынасып, мықтыны анықтаған. Дастарханға қазақтың ұлттық тағамдары қойылып, ақсақалдар бата берген. Солақай саясаттың салдарынан ұмыт болуға таяған бабалардың осы игі дәстүрі бүгінде жалғасын тауып, мереке көпшіліктің ыстық ықыласына бөленуде. Өткен демалыста батырлар мен ақындарды топырағында түлеткен Кеген ауданына қарасты Қарқара жайлауында «Қымыз фестивалі» ұйымдастырылды.

Жасыратыны жоқ, ұмыт болып бара жатқан мерекені тойлауға жиылғандардың қуанышында шек жоқ. Себебі, қымызмұрындық – Наурыз мейрамы секілді көнеден келе жатқан қазына. Оның айқын дәлелі тағылымды тарихымызда анық көрсетілген. Сонымен қатар, Еуропа, Қытай, Парсы елдері тарихшылары мен саяхатшыларының, Геродоттың жазба деректерінде «Сақтардың ең жақсы сусыны – қымыз, ал үлкен тойы – Қымызмұрындық» деп жазылған. Мұндай деректер кейінгі ортағасырлық ғалымдардың еңбектерінде де көптеп кездеседі. Әсіресе Армения, Ресей тарихшыларының еңбектерінде айтылады. Бірақ бұл дәстүр кеңес кезеңінде насихатталмады.

Қайта жаңғырған дәстүрімізді дәріптеуге келгендердің қарасы қалың. Жайлау төрінде 40-қа жуық киіз үй тігіліп, оның жартысында қазақы дәстүр мен салт-сананы насихаттайтын көрме қойылды. Мұнда ұлттық тағамдардан бастап, ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды. Қолөнершілер өз еңбектерін шатыр астында саудалап, майлы бояумен салынған пейзаждарға, күміс әшекейлерге, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарға, қой жүнінен тігілген көрпе-жастықтарға қызығушылар көп болды. Сондай-ақ, ақ кимешек киген әжелеріміз бен қыз-келіншектер ашық аспан астында ұмыт болып бара жатқан мақта түту, жүн сабау, текемет, киіз басу, ұршық иіру, арқан есуден мастер-класс ұйымдастырып, қаладан келген жастарға ұлттық өнімді жасау барысын көрсетті.

Қазақтың кең жайлауында ұлттық дәстүрді дәріптеп, мереке тойлағанға не жетсін?! Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар дастарханнан дәм татып, ақ баталарын берді. Жастар жағы ұлттық ойындарымызды ойнап, өзара күш сынасты.  Спорттық шараға 100-ге жуық шабандоздар мен тұлпарлар және 100-ге жуық спортшылар қатысты. Жарыс аламан, құнан бәйге, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар және кір тасын көтеру бойынша өтті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальмен, алғыс хаттармен, кубок, бағалы сыйлықтар және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

– Есте жоқ ескі заманнан бие байлап, қымыздың адам ағзасына деген пайдасын жетік білген бабаларымыздың ұлттық сусынын бүгінде әлем елдері мойындап, денсаулыққа пайдасы медициналық тұрғыдан дәлелденген. Бие сүті А, С, В1, дәрумендеріне  бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды. Құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Басқа сүтке қарағанда бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілер өте ерекше, яғни альбуминдік (сүттің ерекше түрі) қасиетке ие. Осындай сусын шіп, ет жеп, тұмса табиғаттың баурайында ғұмыр кешкен қазақ халқының дәстүрін жалғастырып, келер ұрпаққа қаз-қалпында аманат ету – біздің азаматтық борышымыз,–дейді ұйымдастырушылар.

С.НҰРАДИН.

 

Оқылды 690 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 09, 2026

Қазақстан Республикасының Президенті…

2026 жылғы 05 қаңтар – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге…
Қаң 09, 2026

Жоспар жүйелі, мақсат айқын

Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынды аудандық қоғамдық…
Қаң 09, 2026

Үздіктер Марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі салада адал…
Қаң 09, 2026

«Әдекең қайда..?»

Болмашы кекшіл, Болсаңшы көпшіл, – деп Абай айтқан. Осы екі жолға менің бір…
Қаң 09, 2026

Құрмет төрінде

Әне-міне дегенше, жылжып жылан жылы да өтіп, шапқылап жылқы жылы жетті. Жылан жылы жаман…
Қаң 09, 2026

Қолдау барда даму бар

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл…
Желт 29, 2025

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына…

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі. Ол…
Желт 26, 2025

Бірлік бар жерде

Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мызғымас мемлекет тірегінің кепілі. Осы…
Желт 26, 2025

Тәуелсіз елдің ұландары ән шырқады

Тәуелсіздік күніне орай «Біз – тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты патриоттық әндер байқауы…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет