Жексенбі, 04 Маусым 2023 14:57

Ұлы дала айбыны

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Гимн мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Қазіргі Гимніміз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданып, алғаш рет сол жылы 11 қаңтарда орындалды.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік пен дербестіктің нышаны. Осы қасиетті құндылықтарымызды әрбір қазақстандық көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеуге міндетті. «Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы!» – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде осы мемлекеттік нышандарды өз биігінде қастерлей алып жүрміз бе? Ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі уақытта жаңалықтар ғаламтор арқылы желдей еседі. Әлеуметік желіде мемлекеттік рәміздеріміздің аяқасты болып немесе ескірген нышандардың қоқыста жатқанын көріп жүрміз. Тіпті, бір кездері сенбілікке шықан жастар Туымызбен күл-қоқыс шығарып жүргені тарады желіде. Бұл тұста мемлекеттік мекемелердің құлағына алтын сырға, жарамсыз күйге түскен мемлекеттік рәміздерді жоюдың тәртібі мен алгоритмі заңмен белгіленген. Қарапайым сөзбен айтқанда, ескірген Туды 5 мм көлемінде кесіп, Елтаңбаны да осы көлемде бөлшектеп, өртейді. Күлді аяқ баспайтын жерге көмеді. Ол үшін мекеме ішінен арнайы комиссия құрылып, процесті бақылайды және акт толтырады. Бұл – мемлекеттік рәміздеріміздің аяқасты болмауына, қоқыста жатпауына септігін тигізеді әрі рәміздерге деген құрметтің белгісі. Президент Қ.Тоқаев та мемлекеттік рәміздерді қорлауға жол бермеуге шақырады.

«Көк туымызды салтанатты түрде көтеріп, ата-бабамыздың даңқты дәстүрін жалғастырамыз. Желбіреген туымыз Тәуелсіздік мұраттарына адал болуға шақырып, ерекше жігер береді. Жаһандық экономикада өршіп келе жатқан сын-қатерлер мен бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс жағдайында біз мемлекеттілігімізді нығайту үшін күш-қуатымызды еселей түсуіміз керек. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қорлауға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн. Біртұтас халық ретінде ұйыса отырып, біз кез келген қиындықты бірге жеңіп, әділетті, тиімді мемлекет құра аламыз», – деді Президент.

Елдігіміздің айғағы болған мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде рәміздердің дұрыс орналасуы, ұлттық стандартқа сай болуы және тазалығы заңмен қорғалады. Оны аудан әкімінің жанынан құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия қадағалайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған комиссия мүшелері ауданымыздағы барлық мемлекеттік мекемелерді аралап, рәміздердің жай-күйімен танысты. Шыны керек, айға жуық созылған мониторинг нәтижесі комиссия мүшелерін қуанта қоймады. Жыртылған, кірлеген Тулар, тозығы жеткен Елтаңба, ғимарат ішінде ұлттық стандартқа сай келмейтін Гимннің орналасуы – әрбір ауылдық округте бар кемшіліктер. Мемлекеттік рәміздерге деген осындай заңбұзушылықтарды анықтаған комиссия мүшелері тиісті хаттамалар толтырып, олқылықтың орнын толтыруға уақыт берді. Басқасын айтпағанда, рәміздерге деген сый-құрметіміздің осылайша төмендеп кеткендігін көзіміз көріп қайтты. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Десек те, мекемелердің басым көпшілігі мемлекеттік рәміздер туралы заңның орындалуына немқұрайды қарайтын секілді. Содан бері, міне, бірнеше жылдың жүзі болды. Аталған комиссия жұмысы бүгінде тоқтап тұр. Сондықтан аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің жай-күйі әзірге белгісіз.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тек мекеме қызметкерлеріне ғана тиесілі емес, ол әрбір адамның борышы болып есептеледі. Сондықтан, рәміздердің заңнама аясында қолданылуы мен күтіп ұстауына барша тұрғын жауапты. Ендеше, көк Туымыздың тұғырында желбіреп, Елтаңбамыздың төрде ілініп, Гимніміздің биікте шырқалуына өз үлесімізді қосайық, құрметті оқырман!

С.НҰРАДИН.

Оқылды 14341 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 11, 2025

Мемлекеттік қызметке ашық жол:…

Мемлекеттік қызмет — ел дамуы мен тұрақтылығының тірегі, азаматтардың әл-ауқатын…
Қырқ 11, 2025

Бошкулов Айдар Багашарович, …

В послании Главы государства этого года обозначены как глобальные вызовы времени, так и…
Қырқ 10, 2025

Оқушылардың ата-аналарына арналған…

Жаңа оқу жылы – әр оқушы мен ата-ана үшін жауапты әрі ерекше кезең. Бұл уақыт баланың…
Қырқ 10, 2025

Жіті респираторлық вирустық инфекция…

ЖРВИ/тұмау- ол жіті жұқпалы, инкубациялық мерзімі қысқа, тыныс алу жолдарының қабынуымен…
Қырқ 10, 2025

Оба:жұғу жолдары, алдын алу шаралары.

Оба аса жұқпалы, карантинді инфекциялар тобына жататын ауру. Инфекцияның жабайы…
Қырқ 10, 2025

Мектеп жиһазына қойылатын санитарлық…

Мектеп жиһазы оқу процесін ұйымдастырудың негізгі элементі болып табылады.…
Қырқ 10, 2025

Компьютердің көру қабілетіне әсері

Қазіргі уақытта компьютерлер, планшеттер, смартфондар және басқа гаджеттер ақпарат алу…
Қырқ 09, 2025

Алматы облысының қатысуымен …

Алматы облысының қатысуымен Мәскеуде бизнес-форумИнвестициялар, цифрлық технологиялар…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет