2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында елімізде іске қосылған төрт ақылы жолдан, яғни «Нұр-Сұлтан – Шучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» автобандарынан түскен түсім 5,4 млрд теңгені құрады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, 5,4 миллиард теңгенің 3,8 миллиарды – ақылы автомобиль жолдарын, 1,6 миллиарды төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына жұмсалған. «2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өткен жылы ақылы жолдардан 3,5 есеге артық қаражат түсті. Өйткені, арғы жылы Қазақстанда «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолы ғана ақылы болатын. Жыл сайын бұл жолдан 1,5 млрд теңге жиналып келді. Бүгінгі таңда елдегі ақылы жолдардың жалпы ұзақтығы – 682 шақырым», - деді министрліктен.

Атап өтілгендей, ақылы болған автожолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлу тоқтатылады. «2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша Консорциуммен жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл қайта құрылымдаудан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарлануда. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін қайта құрылымдау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы болмақ. Ақылы жолдар жүйесін енгізу арқылы сол жолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлінбейтін болды. Яғни, барлық шығын жиналған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі», - деп нақтылады ведомстводан.


Дереккөз: inform.kz

Бейсенбі, 23 Қаңтар 2020 09:26

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қолмен хат жазу күні

Бүгінде баспа, сандық ақпарат жаулап алған кезеңде әділетсіз ұмыт болған қолмен жазылған хаттың маңыздылығын көпшіліктің есіне түсіруге арналды. Бұл мерекенің күнтізбеге енгізілуіне бастамашылық еткен Жазу құралдарын өндіру қауымдастығы болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1982 жылы Қазақтың академиялық опера және балет театрында «Ақан сері - Ақтоқты» операсының премьерасы өтті. Алғашқы қойылымда бас партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Хорлан Қалиламбекова мен Кенжеғали Мыржықбаев орындады. Операның авторы – Сыдық Мұхамеджанов. Либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов.

1992 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қазақстан Республикасын БҰҰ-ға мүше етіп қабылдау туралы қарар қабылданды. 1992 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан БҰҰ-ның толық мүшесі болды.

1995 жылы Брюссельде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Ален Жюппе Қазақстан Республикасы мен Еуропа ынтымақтастығы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

2007 жылы Өскеменде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының алдында Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатты өтті. Қола мүсiн ескерткiшi белгiлi қазақстандық сәулетшiлер Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Е.Сергебаев және Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Б.Әбішевтердің жобалары бойынша орындалған. С.Аманжолов (1903-1958) жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін зерттеуде өзінің түбегейлі үлесін қосып, бағдарламалар мен курстарын енгізген, сонымен қатар мектептер мен университеттерге қазақ тіліндегі бірінші оқулықтарын жасаған түркітанушы.

2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жыл сайынғы «Парыз» конкурсын өткізіп отыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерілету және оларды осы саладағы ең үздік тәжірибені енгізуге ынталандыру мақсатымен құрылған.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Нью-Йоркте бас консулдығы салтанатты түрде ашылды. Рәсімге АҚШ-та аккредиттелген елдер консулдығы қызметтерінің басшылары, БҰҰ жанындағы ТМД мемлекеттері дипломатиялық миссияларының басшылары, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің, Нью-Йорк бизнес топтарының және мэриясының өкілдері қатысты.

2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанда мемлекет тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында «Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы» мемлекеттік мекемесінің және салынып жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы» ғимаратының негізінде «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесі құрылды.

2013 жылы Алматыда 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпиондарына арналған пошта маркалары шығарылды. Маркалар офсеттік әдіспен төрт бояумен, 150 теңгелік номиналмен, көлемі 28х40, 30 мың тиражбен жасалды. Суретшісі – Қуат Ыбырайшин. Пошта маркасына мөр дайындалды.

2015 жылы Мемлекет басшысы «Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлыққа қол қойды.

2017 жылы Астанада Сирия мәселесі бойынша Халықаралық кездесулер басталды. Сирия үкіметі және сириялық оппозиция, АҚШ, Ресей, Түркия, Иран елдерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшылығындағы Сирия бойынша арнайы елшісі келіссөздерге қатысатынын мақұлдаған.

2017 жылы Әбу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан «Abu Dhabi Grand Slam-2017» әлемдік турында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Айдос Серікқалиұлы алтын медаль жеңіп алды. Турнирдің жүлде қоры - 155 000 доллар.

2018 жылы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу жəне заңға тартылған балалардың мəселелерін шешу үшін екі коммуникациялық науқанды бастады. Алғашқы жылдары коммуникациялық кампания Астана мен Алматы қалаларында, ШҚО, ОҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында басталады. Алдағы уақытта бұл науқанды бүкіл Қазақстанда жүргізу жоспарлануда. 2019 жылы елордадағы «Нұр әлем» павильонында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жыл бойы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мен жан-жақты қолдауға бағытталған шаралар өткізілді.


Дереккөз: www.inform.kz

Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2020 09:23

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Ғылым академиясының атауы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгертіліп, республикалық жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілді.

2010 жылы Алматыда Қазақ ұлттық өнерін өркендету жолында ерен еңбегімен танылған қылқобызшы-педагог, Білім және ғылым министрлігінің Құрметті қызметкері Әбдіманап Жұмабекұлының үш томдық «Қылқобызға арналған хрестоматиялар» жинағының бірінші томының таныстырылымы болды.

2011 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік Алматыдағы допинг-сынама жүргізетін жаңа зертхананың аккредитациясын мақұлдады. Зертхана процедурадан табысты өтіп, 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

2013 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін салу барысында жүргізілген қазба нәтижесінде біздің дәуірге дейін екінші мыңжылдыққа жататын көмбелер табылды (алтын, қоладан бұйымдар, ағаш астау, керамикалық ыдыстар және т.б.). Табылған жәдігерлер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді.

2013 жылы Шымбұлақ курортында ең биік таулы арқанды парк ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлап отырған «Kazakh alpine park» бірінші кәсіби арқанды парктің ашылуы өтті. Бүкіл әлемде теңіз деңгейінен 2 250 метр биіктікте мұндай құрылысты ешкім жасаған жоқ.

2014 жылы Алматыда халық жазушысы, ақын Қадыр Мырзалиевке арналған мемориалдық тақта орнатылды. Қадыр Мырзалиев 50-ден астам өлеңдер жинағының, әдеби, сыни және балалар кітаптарының, сонымен қатар 200-ден астам ән мәтіндерінің авторы. Оның көптеген өлеңдері орыс, ағылшын, француз, фин, литва, қырғыз, татар және әлемнің басқа тілдеріне аударылған.

2015 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай округінде қазақ халық медицинасы мен ұлттық ат спорты ойындары мемлекеттік санаттағы материалдық емес мәдени мұраның кеңейтілген өкілді тізіміне ресми енгізілді.

2016 жылы Қазақстан Республикасында біртұтас сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін сот ісінің бірыңғай жіктеуіші құрылды, бұл өз кезегінде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты саналады.

2019 жылы Италияның ірі астық егетін компаниялары қатты бидайдың жаңа сорттарын шығаруға республикалық ауқымда даусыз көшбасшы болып табылатын А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына тапсырыс берді. 2018 жылы кәсіпорындағы жаздық бидайдың өнімділігі – 22,5 ц/га. Дәлме-дәл егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік 25,9 ц/га болса, дәстүрлі егіншілік технологиясымен егілген егіннің өнімділігі 18,7 ц/га құрады. Аудан мен облыс бойынша орташа өнімділік сәйкесінше 12,2 және 12,7 ц/га болды.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz



Қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының көпке танылмаған, беймәлім туындыларын қайта жаңғырту, дәріптеу, ізденімпаз, талантты жастарға қолдау білдіру – байқаудың басты мақсаты.

Байқау шарттары:

  1. хакімнің көпке танылмаған, беймәлім туындыларын мәнерлеп, жатқа оқу;
  2. оқу уақыты 2-5 минутқа дейін;
  3. 12-29 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады.

 

Байқау 2 кезеңнен тұрады

1-кезең:

  1. таңдалған туындының мағына-мазмұнын талдап, ақынның айтар ойын қағазға түсіру;
  2. таңдалған туындыны мәнерлеп оқып, ұзақтығы 2-5 минуттық видео түсіру;
  3. аты-жөніңіз бен жасыңызды жазып, видео мен мәтінді 20.02.2020 дейін Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.почтасына немесе 8700 272 42 04 whatsapр номеріне жіберу;
  4. бұл материалдар mezet.kz желілік басылымында, «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси апталығының instagram желісіндегі @mezet.kz аккаунтында 23.03.2020 дейін жарияланып, үміткерлерге дауыс (лайк -1, пікір – 2 балл) беріледі;

2-кезең: 

  1. үміткерлердің балдары саналып, аты-жөні 25.03.2020 @mezet.kz аккаунтында жарияланады;
  2. алға шыққан 10 үміткер 27.03.2020 бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

Байқауды ұйымдастырушы: «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси апталығы мен mezet.kz желілік басылымы.

 

Телефон: (872775) 4 31 19, 8 700 272 42 04

Елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шара басталды.

Айта кетейік, 2019 жылдың мамырында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулысы жарық көрген болатын. Қаулыға сәйкес, Абай мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілді.

Алдағы уақытта Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылданып, Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференция жұмысына Германияның Гете институтынан, Түркиядан, Моңғолиядан, Қытайдан, Америкадан және Канададан, Татарстан мен Әзербайжан сынды өзге де мемлекеттерден Абайдың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеп жүрген зиялылар қатыспақ.

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Айта кетерлігі, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 қаңтарда жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатындығы айтылған. Оның ішінде тамыз айында Семей қаласында UNESCO-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.

«Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі. Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады», - деп жазған еді Мемлекет басшысы.


Дереккөз: www.inform.kz/

Абайдың мерейтойына қатысты жобалар биылғы жылмен ғана шектелмейді. Бұл туралы елордадағы Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

«Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шаралар өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады. Біз ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадымызда сақтауға тиіспіз», - деді А. Райымқұлова.

Сонымен қатар ведомство басшысы Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыру шараларын қолға алынатынын атап өтті. «Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді. Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара өткізіледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне» зор мән беріп отыр. Іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейді», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, кейбір жобалар биылғы жылмен шектелмейді, яғни алдағы уақытта жалғасын табады. «Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған Рухани жаңғыру бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі. Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі осы іс-шараға қатысуы бүкіл Абай мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік!», - деді Ақтоты Райымқұлова. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі салтанатты шарада Абай туралы бірнеше деректі фильм мен телесериал түсірілетіні айтылды.


Дереккөз: www.inform.kz

Сейсенбі, 21 Қаңтар 2020 10:50

Есте қалар оқиғалар

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Достық құшақтың халықаралық күні

Бұл жаңа мерекенің дәстүрі бойынша танымайтын адамды да достық құшағына алуға болады. Мереке батыс еуропалық студент жастардан бастау алады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің инженерлік әскер күні Тәуелсіз Қазақстанда инженерлік әскер Қарулы Күштер құрылғаннан бері бар. Инженерлік әскер жасақтарының сарбаздары еліміз аумағында да, шетелде де түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы «Казахстанская правда» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы атауы «Известия Киргизского края» болған, оның алғашқы нөмірі 1920 жылы 1 қаңтарда шықты. Ол бейсенбі сайын шығатын апталық газет болды. 1932 жылғы 20 қаңтарда Қазрайком III Пленумының қаулысымен «Советская степь» «Казахстанская правда» болып өзгертілді. 1932 жылғы 21 қаңтардан бастап алғашқы нөмірі шыға бастады.

1992 жылы Гурьев облысы мен Гурьев қаласы (1640 жылы негізі қаланған) Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгертілді. Облыс аумағы 113,5 мың шаршы км. Облыс құрамына бір қала мен жеті аудан кіреді. 1995 жылы Қазақстанда «Іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестік іскер әйелдердің қызмет саласын мен әлеуметтік бағыттылығынан тыс іскер әйелдердің жоғары мәртебесі мен имиджін қалыптастыру, іскер әйелдерді шоғырландыру, сондай-ақ әйелдер мен отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында құрылды.

1997 жылы Алматыдағы Магнитогорск көшесі актер, КСРО-ның халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтың атына өзгертілді.

2009 жылы Республиканың елордасында қаланың 10 жылдық мерейтойына арналған «Астана» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Одан қаланың тарихы, экономикасы, тұрғындар құрамы, мәдениеті, бiлiмі, ғылымы, көрікті жерлері, тарихи және мәдени мұрасы, қала құрылысы, сонымен бiрге сирек кездесетiн ғимараттар, сәулеттiк ансамбльдері туралы танысып білуге болады. Энциклопедияда ғылым мен бiлiм, өнер саласындағы белгiлi қайраткерлердің өмiрдеректері бар. Энциклопедия 20000 данамен қазақ және орыс тілінде шығарылған.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Астана қаласы мен Ақмола облысының шекаралары өзгерді. Осылайша Астана қаласы жерлерінің жалпы алаңы 17,1 гектар бөлігі Ақмола облысының Целиноград ауданының шекарасына және Ақмола облысы Целиноград ауданы жерлерінің жалпы алаңы 17,1 гектар бөлігі Астана қаласының шекарасына қосылды.

2014 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдер Қазақстаннан Қайрат Әбдірахманов пен Тринидад және Тобагодан Родней Чарлз екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастарды белгілеу туралы бірлескен құжатқа қол қойды. Тринидад және Тобаго - Кариб теңізінің оңтүстігінде орналасқан арал мемлекет, онда 1,3 миллионнан астам адам тұрады. Негізгі экономикалық секторлары - мұнай, табиғи газ өндіру және өңдеу.

2014 жылы Дүниежүзілік тхэквонодо федерациясының президенті Чунгвон Чо Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті тоғызыншы дан (WTF) мен белдік және кимано тарту етті. Мемлекет басшысы бұл киманоны тхэквондодан жоғары атақ алатын қазақстандық спортшыға сыйлайтынын атап өтті.

2016 жылы Түркі халықтарының бүкіләлемдік конгресі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне «Түркі елдерінің үздік жоғары оқу орны» атағын берді.

2017 жылы отандасымыз Кирилл Герасименко Қазақстан Республикасы тарихында ITTF World Tour жарыстарының ақтық кезеңіне өтіп, үстел теннисінен әлемдік тур чемпионы атанған тұңғыш спортшы болды. 21 жасқа дейінгі топта Астана қаласы әкімдігінің Мамандандырылған жоғары спорттық шеберлік мектебінің өкілі Кирилл Герасименко ақтық сында 3:2 есебімен француз Аккузу Каннан басым түсті.

2019 жылы Өскеменде Ольга Рыпакова сыйлығына жеңіл атлетикадан халықаралық турнир өтті. Михаил Литвин жеңіске жетіп, Қазақстанның жаңа жоғары жетістігін орнатты. Спортшы 400 метрге жүгіруден бірінші орын алды. Оның уақыты – 46.26 болып, Қазақстанның жаңа рекорды орнатылды.


Дереккөз: www.inform.kz/kz

 

– Еріктілер тобын құруға не түрткі болды?

– Мектеп бітіретін кезде ютуб желісінен Ардақ Назаровтың: «Егер шынымен лидер болсаң, достарыңды жина да, жетімдер үйіне, қарттар үйіне барып, көмектес. Жақсылық жаса!» деген сөздерін естідім. Бұл бірауыз сөз маған қатты әсер етті. Дәл сол уақытта жақсылық жасауға кірісіп кетпесем де, үнемі ойымда жүрді. Күзде оқуға түстім. Алматы – мүмкіндіктер қаласы ғой. Бірінші кезекте «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобына қосылдым. Сонда жүріп, қайырымдылық жұмыстарына белсене араластым. Жалпы, қайырымдылық шараларын ұйымдастырудың қыр-сырын жан-жақты меңгеруге тырыстым. Жәрмеңке қалай өткізіледі, шынымен мұқтаж жандардың жай-күйі қалай тексеріледі, кімге қалай көмектесуге болады, топ мүшелерімен жұмыс жасау, тағысын тағы. Мендегі мақсат – мұны зерттеп-біліп, Есікке алып келу болды. Айналасындағыларға көмек қолын созатын, бойына жақсы әдет қалыптастырған, өздерін дамытуға құштар жастардың керемет ортасын өз қаламда қалыптастыруды ойладым. Осы ойымды достарым мен таныстарыма, жан-жағымдағылардың бәріне үнемі айтып жүрдім. Осылайша, 2019 жылы 9 сәуірде «Иманды жастар» еріктілер тобын құрдық. Топтағы қыздардың жетекшісі – Динара Сейілханова, ал мен ­– ұлдардың жетекшісімін.

– Топтың атына тоқталып өтсеңіз...

– Мәшһүр Жүсіп атамыз «Ер жігіттің бойында бес қасиет болады: біріншісі – имандылық, екіншісі – сабыр, үшіншісі – ақыл, төртіншісі – тәубе мен шүкір, бесіншісі – көркем мінез» деген екен. Егер жүрегіңде иманың болса, өтірік айтпайсың, біреудің ақысын жемейсің, көптеген зиянды әдеттерден аулақ боласың, тек жақсылыққа ұмтыласың ғой. Сол себепті біз топтың атын «Иманды жастар» деп атауды жөн көрдік.

– Топтарыңыздың ең бірінші жасаған қайырымдылық шарасы қандай болды?

– 30 бала асырап алған Нұрым аға мен Роза апайдың үйіне бардық. Сол кісілердің балаларына шағын концерт қойып, сыйлық жасадық, дастархан жайдық. Балалармен ойнап, көңілдерін көтердік. 30 шақты ерікті келген болатын, сол жерде бір-бірімізбен танысып, керемет кездесу болды. Одан кейін еріктілер жиналып, Есік қаласының орталығындағы мешітке тазалық жұмыстарын жүргіздік. Ауызашар ұйымдастырып, қадір түнінде мешіттерде интеллектуалдық ойындар өткіздік. Сол күні жәрмеңке жасап, одан түскен қаражатқа үш отбасына азық-түлік алдық. Осылай қайырымдылық шаралары бірінен соң бірі жалғасып кете берді.

– Қаражатты қайдан аласыздар?

– Негізінен, жәрмеңке өткіземіз. Және топтағы еріктілер айына 500-1000 теңгеден өзіміз жинаймыз. Тобымызда 14-23 жас аралығындағы жастар. Мектеп оқушылары, көбі – студенттер. Сондықтан ақша бәрінде бірдей бола бермейді. Сондай-ақ 10 мың, 30 мың теңгені бірден беретін қайырымды жандар да бар.

– Ондай жомарт жандар көп пе?

– Аллаға шүкір, бар. Бірақ көп емес.

– Ал өздеріңіздің жағдайы жақсы азаматтардан, мықты кәсіпкерлерден қайырымдылыққа қаржы сұраған кездеріңіз болды ма?

– Болды, бір-екі рет. Бірақ бізді көп ешкім танымайтындықтан, сене бермейді ғой. Қазір ақырындап танылып келе жатқандықтан, жаңа жобаларды қолға алмақпыз. Жоспарымыз көп. Ауданымыздағы кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеуді ойластырып отырмыз. Әлеуметтік желілерде оларға жарнама жасап, қайырымдылыққа тартқымыз келеді. Арман-мақсатымыз көп.

– Ауданымызда көмекке мұқтаж жандар көп пе?

– Көп. Азық-түлік, баспана, көбі дәрі-дәрмекке мұқтаж. Науқас жандарға операцияға ақша жинадық.

– Нақты мысал келтірсеңіз...

– «Атрезия хоан» диагнозы қойылған кішкентай қыздың еміне қаражат жинап, «Үміт күткен періште» деген атпен қайырымдылық кешін ұйымдастырдық. Жәрмеңке өткіздік. Бас-аяғын қосқанда 1 млн. теңгеге жуық ақша жиналды. Бұл – әзірше біз ұйымдастырған ауқымды шара.

– Жиналған қаржы – халықтікі. Яғни қайырымды жандардың жинап бергені. Осы орайда сіздер халыққа қандай да бір есеп бересіздер ме?

– Әрине. Ақшаны халықтың көзінше мұқтаж адамға тапсырамыз. Сондай-ақ инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшамызда (@imandy.zhastar) үнемі есеп беріп отырамыз. Жақында «Жүз игі іс» атты шара ұйымдастырдық. Тобымызды 5 топқа бөліп, әрқайсысына жетекші тағайындадық та, әр топ бір айда, кемінде, он игі іс жасауы керек деген тапсырма қойдық. Бұл жобамыз өте керемет өтті. Әр топ бір-бірімен жарысып, игі істер атқарды. Жақсылық жасап жарыстық. Мұнда мәселе ақшада емес. Көмектессем деген ниет болса, жеткілікті. Жоба барысында әркім қолынан келгенінше көмегің тигізуге тырысты. Біріміз жол жиегінде қар тазалап жүрген жандарға көмектессек, енді біріміз күннің суығында далада жұмыс істейтіндерге ыстық шайы мен бауырсағын апарып қуанттық. Алматыдағы «Ықылас» қайырымдылық қорымен бірігіп, Алматы орталық мешітінде және Есік қаласында жәрмеңке өткізіп, одан түскен қаржыға 20 отбасына азық-түлік алдық. Жағдайы төмен жандардың үйіне көмір түсіріп бергендер де болды. Кедей отбасынан шыққан балаларға Алматыны аралатып, ойын-сауық орталығына апарған топ та бар. Қарттардың үй-жайын тазалап көмектескен еріктілер де болды. Мұның бәрі – қайырымдылық. Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Осы жобадан кейін тобымызбен жиналып, атқарған істеріміздің есебін бірге тыңдап-көріп, топ мүшелерін марапаттадық. Алдағы уақытта да осы жобаны жалғастырамыз деп шештік. Қазіргі уақытта Есік орталық мешітінің жанынан салынып жатқан әйелдер медресесінің құрылысына қаржы жинап жатырмыз. Осы орайда жәрмеңке өткізіп, оны ары қарай жалғастыруды қайырымдылық қорлары, еріктілер топтары мен кәсіпкерлерге эстафета ретінде жолдап отырмыз. Осылайша олар да медресенің салынуына өз үлестерін қосады.

– Еріктілер тобын құру оңай ма?

– Сырттан оңай болып көрінер, бірақ қиындығы да жоқ емес. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру кезіндегі ары-бері шапқылау былай тұрсын, топтың ауызбіршілікте, ұйымдасып жұмыс істеуі үшін де бәріміздің күш салуымыз керек. Өйткені топтағы жүз баланың жүз түрлі мінезі бар. Кейде бір-бірін түсінбей қалатын кездер де болады. Балалардың отбасында, сабағында немесе өз араларында қандай да бір қиындық туындап жатады. Соны өршітіп жібермей, қадағалап отыру – топ жетекшілерінің міндеті. Кейде «Осының бәрінің керегі не маған? Несіне жүгіріп жүрмін?» деп ойлап, бәрін тастап кеткім келеді. Бірақ қайырымдылық шарасын өткізіп, мұқтаж жанның қуанышын көргенде екіншісіне қалай кірісіп кеткеніңді байқамай қаласың. Алғысын айтып, арқаңнан қаққанда тағы біреуге қалай көмектессем деп тұрасың. Бұл әсерді өз бойыңнан өткізіп көру керек. Әйтпесе, менің сондай керемет сезіммен айтып отырғаным сізге әсер етпеуі де мүмкін. Ол күйді жақсылық жасағандар ғана түсінеді.

– Арман-мақсаттарыңыз қандай?

– Жасым да кіші, тәжірибем де аз, көргенім де шамалы. Бәрі уақытпен келеді ғой. Алда үлкен жобаларды қолға алсам деймін, үлкен қайырымдылық қорын құруды, мешіт, медресе салуды, барлық адам тегін кіретін спорт кешендерін ашуды армандаймын. Мақсат етемін. Өзіміздің кеңсемізді ашып, теолог, психолог мамандарды жұмысқа алғым келеді. Өйткені қазір ажырасулар көп. Соның салдарынан жетім мен жесір көп. Психологтар, теологтар ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінен қандай қиындықтардың туындайтынын түсіндірсе. Алдына келген адамға рухани азық беріп, жігерлендірсе. Олардың құр жатпай, өздерін қолға алуларына түрткі болар еді. Рухани бай адам сынып кетпейді. Қалай да тырмысады ғой. Сондай-ақ «Бере бер, тағы да бер» деуден ұялмайтын адамдар бар. Біздің мамандар сондай өтірік мұқтаж болатын жандармен жұмыс істесе деймін. «Балық берме, қармақ бер» дегендей, мамандарымыз адамдардың жан дүниесін түсініп, оларға жол сілтесе. Ауданымыздағы кәсіпкерлермен байланыста болып, мұқтаж жандарға жұмыс орындарын тауып берсек. Менде мұндай мақсат көп.

– Мақсаттарыңызға жетіңіз!

Сұқбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020 14:36

Қатарға қосыл, құрдас

Биыл – қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы ­– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Сонымен қатар «Волонтер жылы» деп белгіленді. Еріктілер қатарында 7 жылдан бері жұмыс істеп жүргендіктен, жастарды осынау үлкен іс-шараға атсалысуға шақырамын.

Еңбекшіқазақ ауданы – Алматы облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Бүгінде, жалпы, аудан бойынша 65 781 жас тіркелген екен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әрқайсымыз қолғабыс жасап, қолымыздан келгенінше мерейтойдың мәнді-мағыналы, үлкен дәрежеде өтуіне атсалысатын болсақ, оның өзімізге де пайдасы мол. Еріктілер қатарында мұндай шараларға қатысып, ұйымдастырушылықпен айналысуда рухани мол байлық аламыз. Ортамыз кеңейіп, өрісіміз артады. Әрі осындай үлкен істің бір жағында жүрудің өзі қай-қайсымызға мол тәжірибе болады.

«Болашақ жастардың қолында» дейміз. Болашақты жасайтын – өзіміз. Ендеше, жарқын болашақ үшін аянып қалмаңыз.

                                                                                                                                      

Қ. Ю. ТЮЛЮПОВ,

Жетісу заң колледжінің  ЖАС ОТАН ЖҚ төрағасы

Қоғамдық мониторинг аясында мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды.

«Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету бағытында орталық органдардың рейтингі жасалды. Оларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі (орташа балл 4,99 және 4,95 сәйкесінше) көшбасшы болып отыр. Рейтингте Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық банк, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі жоғары позицияларда», - делінген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктігі мәліметінде.

Агенттік мәліметінше, негізінен азаматтардың наразылығы кері байланыс сапасына, мемлекеттік қызмет мерзіміне, сондай-ақ қызмет көрсетуші қызметкерлер құзіреті мен жеделдігінің жетіспеушілігіне байланысты болды. «Мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жақсарту, соның ішінде оларды жеңілдету, құжаттар тізімі мен мерзімін қысқарту, бизнес-процестерді автоматтандыру және оңтайландыру үшін ұсынымдар пысықталды. Тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қанағаттануы деңгейі 74,8 пайыз (бес балдық баған бойынша орташа баға 4,73 балды құрады) болса, бұл өткен жылғыдан 2,4 пайызға жоғары», - делінген хабарламада.

Мамандардың пікірінше, тұрғындарға қызмет көрсетумен байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдар жұмысын оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл жерде Мемлекеттік корпорация филиалдары мен мемлекеттік органдар арасындағы сапалы өзара байланыс та маңызды. «Өкілетті мемлекеттік органдарға қатысты айтар болсақ, онда электрондық мемлекеттік қызмет көрсету «бір терезе» қағидатына толық сәйкес келуі және әкімшіліктік кедергілерге жол бермеуі тиіс. Мысалы, электрондық өтініш берудің кейбір жағдайларында қызмет алушының құжаттарды жеткізіп беру, көрсетілетін қызмет қорытындысын алу және өзге де қызметтер үшін мемлекеттік органдарға жеке баруына тура келеді. Қызмет көрсетушілер бұл мәліметтерді мемлекеттік органдардың базасынан өздері сұратып алуы қажет. Бұл лицензияларды, рұқсаттамаларды, қорытындыларды, анықтамаларды және өзге де құжаттарды жинау мен берумен байланысты көптеген процестерді айтарлықтай жеделдетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтілген агенттік ұсынысында. Сонымен қатар, үйде берілетін мемлекеттік қызметтер тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ үйінде отырып қызмет алуға құқығы бар азаматтар категориясы тізімін кеңейту керек. Өйткені мүгедектерге ғана емес, сонымен қатар жасы бойынша зейнетке шыққандар, көпбалалы аналар үшін қызмет көрсету орындарына бару кейбір қиындықтарды тудырады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеу бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу аяқталды. Ол Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында атқарылды. Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша рейтингте ең жоғары баға алған мемлекеттік қызметтер анықталды.


Дереккөз:  https://www.inform.kz

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет