Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 14:55

Ортақ мақсатқа жұмылайық!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының ең бастысы – қоғамдық диалог орнату болып табылады. Демек, халықпен байланыс орнату, қоғам үніне құлақ асатын мемлекет құру – ортақ мақсат.

Әрине, болашақтың бағыт-бағдарын айқындап берген бұл Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқын алды. Бұл бағытта аудандық қазынашылық басқармасы тарапынан оңды жұмыстар қолға алынып отыр. Айталық, қазынашылық ұйымдарын цифрландыру жұмыстары үкімет тарапынан бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Ашық бюджет» қазынашылық комитетінің ақпараттық панелі жүйелі түрде жұмыс істеуде. Сонымен қатар аудандық басқарма қызметі цифрландыруға көшті. Атап айтқанда мемлекеттік мекемелерден қызметтер, жұмыстар өнім берушілерге «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы қолма-қолсыз есеп айырысу үрдісінде жүргізіледі. Қазіргі таңда «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн режимде аудандық мемлекеттік және коммуналдық мекемелер тарапынан қолма-қолсыз есеп айрысу бойынша ай сайын 1500-ге жуық төлемдер өткізіледі. Осыған қарамастан, қаржылық құжаттарды өңдеу уақыты жыл сайын қысқарған. Мысалы, бұрын төлемге берілген шотты өңдеуге, егер оны қатесін түзеу үшін қайтарылатынын есептегенде, орташа алған 3-4 күн кеткен болса, «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі енгізілгеннен бері бұл уақыт 6 сағатқа дейін қысқарды.

Жоғарыда аталған негіздемелер Президент Жолдаулары аясында іске асырылып келеді. Бүгінгі жасап жатқан жұмысымызға, қазіргі іске асырып жатқан жобаларымызға жаңа тағы да бір серпін беретініне көзіміз жетіп отыр.

 

Н.ҚЫРҒЫЗБАЕВА,

Еңбекшіқазақ аудандық 

қазынашылық басқармасының бас маманы-бас қазынашысы.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 09:15

Бала тағдыры - қоғам тағдыры

Қазақстан азаматтардың өз-өзіне қол жұмсау рейтінгісінде әлемде алдыңғы қатарда тұр. Тығырықтан шығар жолды суи-цидтен іздейтіндердің арасында жастар мен жасөспірімдер жетіп-артылады. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, оны болдырмау үшін не істеу керек? Баламыздың күнделікті тыныс-тіршілігін бақылап отырмыз ба?

Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, күнделікті өмірде бауыр еті баламызға бір сәт те болса көңіл бөлуге уақыт таппай кететініміз жасырын емес. Оның қайда жүргендігі, қандай достармен араласып, бос уақытында немен айналысатындығынан ата-аналардың басым көпшілігі бейхабар. Осыны айтып дабыл қаққан психологтар көбіне моральдық, психологиялық көмекке зәру болған балалар өзіне қол жұмсайтындығын алға тартады. Жақында ғана ауданымызда болған «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина осылай деген еді.

– Бүгінде Алматы облысы өз-өзіне қол салатын жасөс-пірімдерден көш бастап тұр. Ағымдағы жылдың 8 айында 18 оқиға тіркелген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың суицидке баруының негізгі себебі,  ата-ана мен бала арасын-дағы кикілжің және жауапсыз махаббат. Оған қоса, қыз балалардың ерте бала көтеруі де жиі кездеседі. Бұрындары 16 жастағы қыздар екіқабат болса жағамызды ұстаушы едік. Қазіргі таңда 13 жастағы балалар жыныстық қатынаспен айналысып, бала көтеріп жүр. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға жасалатын қылмыс көрсеткіші де артып келеді – деген еді Мансия Аяпбергенқызы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан суицидтен әлем рейтингісінде 2017 жылы 5 орыннан бір-ақ шыққан. Ал балалар арасындағы суицид көрсеткіші жағынан былтыр 7 орынға тұрақтадық. Бұл қорқынышты статистиканы Денсаулық сақтау министрлігі де растаған. 2018 жылы елімізде 5 пен 17 жас аралығындағы 130-дан астам бала өз-өзіне қол салып, өмірмен ерте қош айтысқан. Ал 294 жасөспірім суицид жасауға талпынған. Қазақстандағы адамдарға психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталығының мәліметтеріне сүйенсек, күніне желіге келіп түсетін 70-80 қоңыраудың 15-17-сі суицидпен байланысты.

Бұл жағымсыз көрсет-кіштерді төмендету үшін елімізде республикалық деңгейде түрлі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалар мен жасөспірімдерге арналған тәулік бойы қызмет көрсететін арнайы телефон желісі іске қосылды. Десек те, психолог мамандар балалармен жұмысты тікелей, уақытында жасау керектігін айтады. Сөзіне сүйенсек, балаға кішкентай кезінде көрсетілген қорлық, зорлық әрекеттері басында білінбей, өсе келе ашыла бастайды. Оның психикасы бұзылып, өзіне қол салуға ұзақ уақыттар бойы дайындалуы мүмкін. Дер кезінде осының алдын алу керек.

Ал балаларға зорлық-зомбылық мектеп қабырғасында көрсетілуі мүмкін. Әлімжеттікке шыдай алмаған қаншама оқушының ажал құшқанын көріп, естіп жүрміз. Осы проблеманы көтергенде тағы бір қордаланған мәселенің беті ашылады. Алысқа бармай-ақ, ауданымыздың өзінде жасөспірімдермен тікелей жұмыс жүргізетін ювеналдық полицияға қарасты мектеп инспекторлары тапшы. 84 мектепке – 20 инспектор. Демек, әр инспекторға 4 мектептен келеді. Оның ішінде мың, 2 мың бала оқитын оқу ордалары бар.

Жалпы, мемлекет қанша-ма қаражат бөліп, түрлі бағдар-ламалар қабылдағанымен суицидке түбегейлі тосқауыл бола алмайды. Баланың тәрбиесі, көңіл-күйі ата-ана тарапынан қатаң бақылауда болуы керек. Психологиялық көмекті психологтар емес, отбасы, ошақ қасында анасы жасау керек. Бала мен ата-ана арасында ашық диалог орнағанда ғана қордаланған мәселе оң шешімін табады.

 

С.НҰРАДИН.

Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2019 09:04

Білімнің іргетасы қаланатын орын

Шағын және орта кәсіпкерлік тұрақты экономиканың негізгі тірегі екендігіне дау жоқ. Сондықтан, аграрлы ауданымыз осы саланың дамуына баса назар аударуда. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз субсидия мен гранттар... Ал мемлекет қол ұшын беріп отырған кәсіпкерлік дегенде көз алдымызға өндіріс орындары, сауда-саттық нысандары мен мал шаруашылығы келеді. Алайда, қарқынды бизнесімен қуатты мемлекет құруға тамшыдай болса үлесін қосып отырған бүгінгі кейіпкеріміз мүлдем басқа жолды таңдаған. Білім саласы мен бизнесті ұштастырған «Еркемай» оқу орталығының директоры Салтанат Бердібаева кәсіпкер атанып қана қоймай, ауданымыздың білім сапасын көтеру жолында еңбек етуде.

Оқу орталығына арнайы барған бізді Салтанат Әділжанқызы қарсы алып, өзінің кәсібімен, оқу жүйесімен таныстырды.

– 2017 жылы мен Есік қаласындағы Абылай хан атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Білім саласында қызмет ете жүріп, барлық баланың қабылдауы, сабақты түсінуі әртүрлі екендігіне көз жеткіздім. Шыны керек, кейбір мектептерімізде бір сыныпта 30-ға жуық оқушы отырады. Оның ішінде үлгерімі жақсы, орташа мен нашар бала бар. Бөлінген 40 минуттың ішінде олардың әрқайсына жеке түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан, жалпы өтілген сабақты барлығы бірдей ұға бермейді. Осыны ескеріп, 2017 жылы қараша айында әріптестерім Арай Назарханова, Альфия Досмағанбетовамен бірігіп «Еркемай» оқу орта-лығының негізін қаладық – дейді Салтанат Әділжанқызы. Айтуынша, басында үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізе бастаған. Кейіннен, өздері ұстаздарға арналған «Мега жады», «Жылдам оқу» сынды курстарға қатысып, балалардың оқуға деген зейінін қалай арттыру керектігін үйрететін қосымша оқуларға ақылы түрде қатысқан. Сол жылы-ақ, ұстаздар ізденісі өз жемісін бере бастаған. Оқушылар аз уақыттың ішінде үлгерімі жақсарып, жоғары нәтиже көрсете бастаған.

– 2018 жылдан бастап оқу орталығының жұмысына білек сыбана кірісіп, ұлғайтуды қолға алдық. Бастауыштан бөлек, ағылшын тілі, орыс тілі, менталды арифметика, жылдам оқу сынды қосымша үйірмелер аштық. Осыдан екі ай бұрын музыка, фортепиано сабақтарын аштық,– деген Салтанат алдағы уақытта ораторлық курстарды іске қосуды жоспарлап отыр.

Оқу орталығының ерекшеліктерінің бірі – балаға бағдарламаны оңай әрі жылдам әдіспен жеткізеді. Бұл жерде ұстаздар орыс ғалымы, мектептен қуылған оқушыларға білім беріп, жоғарғы оқу орнына түсірген Шаталовтың методикасын қолданады. Сыныптағы оқушылардың саны 4-5-тен аспайды. Балалардың аздығы әр оқушымен жеке жұмыс жасауға септігін тигізеді. Алдымен білім алушының сабақты қалай қабылдайтындығына, оның психологиясына баса мән беріледі. Салтанат Бердібаеваның айтуынша, кей бала сабақты естігеннен тез ұғады. Кейбірі, көрген нәрсесін есте сақтайды. Ал кейбір оқушылар өзінің қолымен ұстап, жасаған дүниесін тез түсінеді. Осының барлығы зерттеліп, зерделенгеннен кейін ғана, оларға тапсырма беріліп, тақырыптар түсіндіріледі.

Осы тұста, оқу орталығына келген баланың білім сапасы жақсарады дегенге кім кепіл деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сауалға оқу орталығының директоры жауап берді:

– Әрине, әрбір ата-ана баласын ақылы оқуға берген соң, одан нәтиже күтеді. Осы сенімді ақтау мақсатында біз ата-аналарға ұсыныс жасаймыз. Егер балаларының білімі алғашқы 3 айдың ішінде екі есеге артпаса, төленген 3 айдың ақшасын толығымен қайтарып береміз. Себебі, бізге ақша емес, оқушылардың білім сапасы маңызды. Сондықтан, аптасына 3 рет келген бала, бір айда 12 сабақ өтеді. Ал оның оң нәтиже көрсетуіне 2 айдың өзі жеткілікті. Аллаға шүкір, қазіргі уақытта ешкімнен шағым түскен жоқ, ақшаларын да қайтарып беруге еш негіз болмады, – дейді Салтанат Бердібаева.

Бүгінде 100-ге жуық оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған «Еркемай» оқу орталығында 8 мұғалім еңбек етеді. Олардың ішінде студенттер де бар. Алайда барлығына қойылар талап өте жоғары. Жұмысқа қабылданатын ұстаздардың барлығы тәжірибеден өтіп, өзін көрсетуі тиіс. Осылайша, аудан оқушыларын сапалы білім нәрімен сусындатып жүрген оқу орталығы мемлекеттің назарынан тыс қалмады. Жақында Салтанат Бердібаева «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында «Бастау бизнес» жобасы аясында 1 ай бойы білімін жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында өзінің бизнес жоспарын ұсынып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған. Аталған қаржы оқу орталығының материалдық базасын нығайтуға жұмсалатын болады.

– «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» – деген Абылай ханның сөзі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Жаугершілік заманда ата-бабамыз жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалды. Ал бүгінгі заманның соғысы бөлек. Өзгелермен бәсекеге түсу үшін ең алдымен білім керек. Білікті адамның іргетасы бастауышта қаланады. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы сабақты жақсы түсініп, жан-жақты дамыса болашағына алаңдаудың еш қажеті жоқ. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатымыз – дейді Салтанат Әділжанқызы.

 

С.НҰРАДИН.

Қысқа мерзімде қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына енді. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада тың асуларды бағындырдық. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартты. Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударды. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекет тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Бастысы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды. Сәл тарихқа сапарлайық...

Тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен көтеріп, аз уақытта әлемге танытқан Көшбасшымыздың бұл ерлігіне өзге түгіл өзіміз де таңдана қараймыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын  халқымыздың бағы деп те түсінеміз. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті. Жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Елбасының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Зор сенімге елдің ұлы да селкеу түсірмеді.

Бәрі де есімізде. Сол жылдың, яғни 1991-дің  10 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлының Президент қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ата-дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатта шапан жапты. Президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақжарма тілегін арнады.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабамның әруағына сүйенемін, – деп тебірене ағынан жарылды.

Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді. Өздері сенім артқан дана ұлдары дара жолға бастады. Халқы қостады. Бүгінде сол тарихи шешімге шүкіршілік айтады. Себебі, өркениетке сап түзеді қазақ дейтін байтағы.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Екі күнге талқылауға созылған бұл Заңның төңірегінде де  дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Көреалмастан сындырғысы келді сағыңды. Іріткішілдер бостан боп жүрген халық шаңырақ көтере алмайды деп те қағынды. Қайтерсіз...

Сол сәттен еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алды.

Елбасы өзіне сенім артқан халқына қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде берсе, орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты. Арада бір ақиқатты айтайық, Н.Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін  Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан бұрын-ақ халықтың өзі мойындап та қойған болатын.

Елбасының «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқарған және  кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындады. Соған оң баға беріп:

– Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты.

Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді, – деп жазған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының  дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы  мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Әркім өзінше тон пішті. Салғырт, атүсті ойлап, саясатты сынады. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің көреген Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, өзіндік дара жолы жатыр.

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыс-тарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады.

Елбасы биыл тағы да өзінің көрегендігін танытты. Конституция шеңберінде өз өкілеттігін тоқтатып, келесі буынға ел алдында табыс етті. Телеарналар арқылы ресми өкілеттігін тоқтату туралы шешімін айтқанда тебіренбеген жан қалмады. Сол сәтте ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының еңбегін ел бағалады. Әлем елдерінде орын алып жатқан таққа талас бізді де сілкінтер ме деген күдік қарашаны алаңдатты. Әйткенмен, Елбасының көрегендігі нәтижесінде, саяси науқан заң шеңберінде салмақты өтті.

 

 

Түйін. Түмен ойдың да түйіні бар. Қазақ елін Ұлы дала төсінде түлеткен, көгорай белдей көктетіп, ен даласын гүл еткен Елбасы жайлы, оның тәуелсіздік жолындағы толағай еңбектері жайлы том-том кітап жазуға, түнді түнге жалғап айтуға болады. Дегенмен, аз сөз алтын. Әрі елін сүйген Елбасының ерен еңбегін жылдар жылжыған сайын ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. Ұғынған жанға Тәуелсіздіктен ұлы ұғым бар ма? Ал сол ұлы ұғымды ту етіп, ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Ұлдың еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Жұма, 29 Қараша 2019 09:39

Жазығым не, Ана?

Біз кеше ғана жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған халық едік. «Балам – барым» дейтін қазақ перзентін қоқысқа да, әжетханаға да оп-оңай тастап кететін халге жеттік. Жетім деген сөздің өзі ауыр тиетін біз үшін «тастанды» деген таңба басылғанда намысымыздың жоқтығы, арымыздың тапталғанын көріп, жүрегіміз қан жылайды. «Бауырға басу» деген ата-бабамыздан келе жатқан ұғымдар бүгінде ұмытылып, тіпті, туған-туыс, ата-анаға қарайласпайтын ұрпақ болғанымызды көріп, болашағымызға алаңдаймыз. Қара басының қамы үшін, бір сәттік ләззат үшін, арын сатып, намысын жерге жаншыған жігіттеріміз бен ұлтының, елінің, қала берді өзінің де болашағын ойламай қадам басқан қаракөздеріміздің кесірінен қаншама сәби тірі жетім атанып, ата-ананың ыстық құшағын  сезінбей өсуде. Мейірім көрмеген  бала жатбауыр, өмірге өкпелеп, кекшіл болмауына кім кепіл?

Қоғамның осы ащы шындығын ашып көрсете білген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы Рахат №1 орта мектебінің 7 «А» сынып оқушылары жетекшісі Ботакөз Шәрібектің ұйымдастыруымен «Жазығым не, ана?» атты драма мюзиклін дайындап, Есік қаласы аумағында көрсетіп жүр. Анасы ауыр науқастан қаза болып, әкесінің, туысқандарының қарауынсыз қалған алты жетімді жебеуге бағытталған жастар ұйымының, еріктілердің әрекетіне үлес қосу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен «Әр қазақ менің жалғызым» атты қайырымдылық кешіне қатысып, көрермен қошеметіне бөленіп, алғысына ие болды. Төменде  осы қойылымның сәл қысқартылған нұсқасын ұсынып отырмыз.

Сәрсенбі, 27 Қараша 2019 15:29

Төрлет, цифрландыру дәуірі!

Бодандықтың бұғауынан арылуды аңсаған қазақ елі азаттық таңында пырақты тұлпардай, қанаты желді тілген сұңқардай биікке ұмтылып келеді. Замана көші түлкі болса, тазы боп шалмақ. Оған дәлел, әлемде жүргізіліп жатқан көз ілеспес жылдамдықтағы цифрландыру дәуірі ел ауласынан алыстаған емес. Керісінше, «қонақ боп» «төріне» шықты. Қазір әр саланы цифрландыру елімізде қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, әлемдік сарапшылар не дейді? Бұның артықшылығы мен осал тұсы неде? Осынау сұрақтарға сәл сапарласақ...

Бүгінде әйгілі Bоstоn Cоnsulting Grоup компаниясы Қазақстанның цифландыру бағдарламасына сәйкес, басты стратегиялық әріптесі болып табылады. Аталған компанияның Таяу Шығыс бойынша бөлімінің директоры Александр Тюрпицтің айтуынша, Қазақстан жаңа цифрлық дәуірге аяқ басты. Осындай дамушы елдерде интернеттің өсу қарқыны жылына 15-25 пайызды құрайды. Мұндай көрсеткіш экономиканың өзге ешбір секторында  байқалмайды. Глобальдық тұрғыдағы мәліметтердің 90 пайызы бар болғаны соңғы екі жыл ішінде пайда болды.

«Ал бүгінгі әлемдегі мәліметтер мен ақпараттардың 99 пайызы цифрландырылған. Дүниедегі 35 миллиард қондырғылар мәліметтермен ғаламат жұмыс жасап, олармен күн сайын өзара емін-еркін алмасып отыр. Мұның өзі жер шары халқының санынан 5 есе артық. Сондай-ақ, қосылу мүмкіншілігі бар қондырғылар мен жабдықтардың 1 пайызын ғана құрайды», – дейді А. Тюрпиц.

Дегенмен осы процестің көлеңкелі жағы да жоқ емес, ол кибер шабуылдарға қарсы іс-шаралар немесе оларға кедергі қою. Былтырғы жылы аталмыш корпорация мен ел үкіметі осы мақсатта жарты триллион доллар жұмсапты.

«Соңғы жылдары біздер көптеген инновациялық жаңалықтарға куә болдық. Ал ең таңданарлық жайт – тағы сан алуан инновациялар әлі алдымыздан күтіп тұр. Біз болсақ бар болғаны жаңа ғана кірістік», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, қазіргі заманғы технологияларды ендіру түрлі салалардағы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнімділігін ұлғайтып, оларға «екінші өмір» сыйлайды. Бұған қоса, қосымша жұмыс орындарының ашылуына тікелей ықпал етеді.

«Көріп отырғанымыздай, көптеген ел осы сайыстық жарысқа түсіп, бұл мәселені өздерінің күн тәртібіне қойып үлгерді. Қазір цифрландыру әлетінде Қазақстанға 50-ші орын тиесілі. Соңғы 5-6 жылда Қазақстанның алатын орны бәлендей өзгеріске түскен жоқ. Алайда біздер алдағы он жылдық ішінде Қазақстанның алдыңғы лектегі 30 елдің қатарына енетініне нық сенімдіміз, бұл үшін мүмкіндік атаулы әбден жеткілікті», – дейді.

Әрбір ел өзіне ғана тән ерекше жолдармен алға жылжиды екен. Мысалы, Германия өндіріс-өнеркәсіп интернетін дамытып назар аударған. АҚШ-та жасанды зияткерлік интернетіне басым көңіл бөлінген. Швеция  блокчейнмен, Қытай 3D-баспа, ал Сауд Арабия – кең көлемдегі мәліметтер ағынымен айналысады.

Қазақстан жетістікке жетелер барлық төртеуін де назарда ұстап отырған 15 елдің қатарына жатады. Олар: экономиканың дәстүрлі салаларын цифрлық технологиялардың арқасында трансформациялау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту.

Бұл турасында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Қазақстан экономикасына керемет серпін берерлік «цифрлық төңкеріс» басталды. Бұл оқиғаны тарихи оқиға деп айтсам, артық кеткендік болмас», – деген еді.

Шынында жер шарының басым бөлігінде жаңа дәуір ескегін есті. Алдағы онжылдықтар енді «цифрлық рельстерге» жаппай көшу еншісі. Осынау көште ауданымыздың да ауқымды үлесі бар.

Айталық, іргелі ауданымызда мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда жұмыс қарқынды жүргізілуде. Ресми мәлімет бойынша осы жылдың 9 айында «электрондық үкімет» порталы және ақпараттық жүйелер арқылы баламалы негізде көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны 226 606 құрады, бұл көрсетілген қызметтердің жалпы санының 92,98 % .

Ал мемлекеттік қызметтерді аудан әкімдігінің 37 құрылымдық бөлімшелері көрсетеді.

Қызмет түрлерін уақытылы, сапалы әрі электронды көрсетуді бақылау үшін аудан әкімі аппаратында ішкі бақылау және аудит жүргізілетіндігі тағы рас. Олардың берген ресми мәліметіне көз жүгіртсек, 2019 жылдың 9 айында 15 бақылау іс-шаралары өткізіліп, аталған шараға 10 жергілікті атқарушы орган мен 5 ведомстволық бағынысты ұйым қамтылды, нәтижесінде 249 бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, жұмысынан мүлт кеткен қызметкерлер жауапқа тартылған.Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметшілерді өз жұмыстарына деген жауапкершілікті күшейтуді, тұрғындар өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беруді міндеттейді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыстар мен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын, ал 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90%-ын электрондық нысанға ауыстыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыт бойынша ауданда арнайы жұмыс жоспары құрылып, жүйелі іс қолға алынды.

Осы жоспардың негізгі бағыты – халыққа электрондық мемлекеттік қызметтерді түсіндіру жұмыстарының жүйеленуі.

2019 жылдың 9 айында аудандық әкімдіктің мемлекеттік органдарымен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен 289 түсіндіру іс-шаралары өткізілген.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы бейнероликтер көрсетіліп отырады. Әрі тақырып аясында 8 билборд және 18 баннер ілінген.

Екінші бағыт – халықтың қалың жігіне электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Тұрғындар электрондық мемлекеттік қызметтердің барлық түрлерін өз бетінше ала алуы үшін 2017 жылдан бастап аудан әкімдігінің барлық жергілікті атқарушы органдарының ғимараттарында «Электрондық бұрыштар» ұйымдастырылды. Әкімдіктердің қызметкерлері «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарында «Мемлекеттік қызметтерді алу» дағдыларына үйрету бойынша тұрғындармен үнемі жұмыс жүргізеді.

Қазіргі уақытта аудан бойынша «Электронды бұрыштар» 179 ғимаратта жұмыс істейді.

Осынау игілікті ауданымызда 9 ай ішінде 23416 азамат көрген. Яки, электронды бұрышқа барды, өзіне қажет құжатын кезексіз шығарып алды. Уақыты үнемделді, жүріс-тұрысына жұмсалатын қаражаты қалтасында қалды.

Үшінші бағыт – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Электрондық үкімет»порталымен интеграциялау.

Бұл турасында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ: «Аудан әкімдігінің мемлекеттік органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарында ақпараттық жүйелердің 9 түрі орнатылды және жұмыс істейді: «Е-лицензиялау», «Е-әкімдік», «Е-собес», «Еңбек нарығы», «Е АСУ», «АХАЖ РП». Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы халыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша қызмет көрсете бастады. 2019 жылдың мамырынан бастап балаларды балабақшаға кезекке қою және қабылдау «е-Жетісу» (e-zhetysu.kz) ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүргізіле бастады. Аудан мектептері ағымдағы жылдың маусым айынан бастап «Мектеп» (Mektep) ақпараттық жүйесі арқылы 1-ші сыныпқа балаларды қабылдайды» – деген еді.

P.S:Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономиканың салаларына цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Қарап отырсақ, бұл жұмыстардың барлығы атқарылып жатыр.  Оған күнделікті өміріміздегі өзгерістерден көзіміз жетіп келеді. Ең бастысы, әрбір тұрғын цифрлық сауаттылығымызды арттыру арқылы осынау мемлекет үдерісіне өз үлесімізді қоса алатынымызды ұмытпайық. 

 

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Сейсенбі, 26 Қараша 2019 09:28

Әбіш – рухани ұлы тұлға

Жақында аудандық кітапханада «Парасат» ордендерінің иегері, Мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай «Әбіш – рухани ұлы тұлға» тақырыбында аудандық байқау өтті. Кешті кітапхана қызметкері Гүлия Саурықова жүргізді.

Орта мектеп оқушылары қатысқан байқау 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы сайыста балалар өздерінің оқитын шығармасына сәйкес сурет салып, поэзия мен прозаны қылқаламмен бейнеледі. Екінші кезеңде, Әбіш Кекілбаевтың өлеңдерін жатқа оқыды. Қорытындысында оқушылар шығармалары бойынша сахналандырылған көрініс қойып, тақырыпты аша түсті.

Әр мектептен бір оқушы сынға түскен байқауда ақын, жазушы Шаяхмет Құсайынұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Балауса Шарғынова талантты оқушылардың еңбегіне баға беріп, төрелік етті.

Шараға тыңғылықты дайындықпен келген 7 білім ордасынан іріктелген балалар әдеби кешті жоғары деңгейде өткізді. Нәтижесінде, бас жүлде В.Терешкова атындағы орта мектептің оқушысы Аружан Сазановаға бұйырды. І орынға Қ.Орымбетов атындағы орта мектептен келген Артықгүл Янгибаева, ІІ орынға Сабина Рыс-пекова жайғасты. Үздік үштікті Абылайхан атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Жанеля Жұматай қорытындылады. Жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

С.НҰРАДИН.

Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 10:39

Берем курс на экспорт

В своем Послании Президент РК Касым-Жомарт Токаев подчеркивает: «Сельское хозяйство – наш основной ресурс… Мы имеем значительный потенциал для производства органической и экологически чистой продукции, востребованной не только в стране, но и за рубежом». Сельское хозяйство – самый перспективный сектор экономики Енбекшиказахского района, в котором около 80 процентов населения – жители аулов и сел. В конце ноября мы традиционно отмечаем День сельского хозяйства. С тем, каковы предварительные итоги сельхозкампании-2019 и какие аграрные проекты  будут реализованы в 2020 году,   читателей  знакомит руководитель районного сельхозотдела Ермек ЖАКЕЕВ.

– Ермек Ильянович, ключевым показателем любой отрасли является внутренний валовый продукт. Успешно ли идет выполнение поставленного прогноза?

– За  9 месяцев 2019 года год в районе было произведено сельскохозяйственной продукции на сумму 79 млрд. 870 млн. тенге или 122,1% к прошлогоднему уровню того же периода (65 млрд 432,6 млн тенге). В  2020 год мы войдем со значительным  превышением 100-миллиардного «порога» валового объема производства. Такой результат дают широкое применение  интенсивных технологий в растениеводстве и животноводстве,  закладка новых садов, прирост поголовья крупного рогатого скота, лошадей, овец, и птицы.

– В последние годы, кроме культивирования кукурузы и сои, наши земледельцы актитвно занимаются закладкой садов, строительством теплиц.

– Вполне согласен с такими выводами. Всего плантации винограда и плодово-ягодных культур в районе занимают 9868 гектаров, в том числе интенсивные яблоневые сады – 1550 га. К примеру, в 2016 году площадь садов была   7,5 тыс. га.  В текущем году также идет рост новых садов на 710,2 га, из которых 188 высажены по интенсивным технологиям. В 2019 году в Каратурукском округе ТОО «AlmaMaterFieldes» проинвестировано 2,9 млрд тенге на закладку 118 га интенсивного сада  и строительство фруктохранилища на 3600 тонн;    ТОО «Биовитамин»  вложил  504,7 млн тенге в закладку 40 га интенсивного сада. В Тургенском округе ТОО «Адал Алма» инвестировало 329 млн тенге в интенсивный сад на 40 га.

Теплицы, кроме  больших предприятий, строят и крестьянские хозяйства. В 19 КХ построено 109 теплиц на площади 21,4 га. Валовый сбор овощей на закрытом грунте составил 12400 тонн.

– Насколько с развитием кормовой базы  растет  поголовье скота и производство мяса?

–  Поголовье скота за 9 месяцев составило 92379  единиц КРС (100,3% к 2018 году), свиней – 6873 (104.9%), птицы – 1663,2 тыс. штук (100,2%). На уровне прошлогодних показателей поголовье овец – 311378, лошадей – 23289. Продукция животноводства составила: мясо в живом весе – 24212 тонн (105,8% к прошлому году), молока надоено 111974 тонны (102,4%), получено 28396 тыс. штук яиц (100,3%), 630,8 тонн шерсти (100,2%).

Надо отметить, что в животноводческую отрасль привлечено 7,1 млрд инвестиций, тогда как в 2018 году – 6,8 млрд тенге. По итогам 2019 года объем инвестиций превысит 9 млрд тенге.

 Успешно идет в районе  реализация госпрограммы разведения племенного скота «Сыбаға». Шестью хозяйствами через Фонд финансовой поддержки сельского хозяйства и Аграрную кредитную корпорацию  приобретено 2404  племенных овцы, план выполнен в 1,7 раза.  По данной программе через ФФПСХ и АКК 11 хозяйствами района закуплено 1330 голов КРС, план перевыполнен в  3,3 раза.  Не стоит на месте и импорт мясо-молочного  племенного поголовья  КРС. План на год составлял 300 голов, но фактически шестью хозяйствами завезено из-за рубежа  1290 высокопродуктивных  телок и бычков,  или в 4,3 раза больше запланированного.

Инвестиции в животноводство стремительно растут. В 2019 году открыты две МТФ: в КХ «Марал» в Кырбалтабайском округе на 50 голов и  СПК «Спатай групп» в Ассинском округе на 80 голов, открыта масштабная откормплощадка на 1000 голов КРС  ТОО «БестМит» в Кырбалтабайском округе. Племрепродуктор стоимостью 1,6 млрд тенге  на 982 головы КРС породы ангус-абердин построило ТОО «Lake Farm» в с.Акши. В Саймасайском округе КХ «Айдарбаев» на сумму 1,2 млрд тенге ввело МТФ на 250 дойных коров и 300 голов молодняка.  ТОО «Жетысу соя» вложило 556 млн тенге в строительство завода по переработке сои в Кырбалтабайском округе, это дополнительный стимул для и выращивания кормов, и для животноводства.

– Оказывает ли государство помощь малому и микробизнесу на селе?

– По программе продуктивной занятости и массового предпринимательства  «Еңбек» 81 сельчанин получил через центр занятости микрокредиты на общую  сумму 296,3 млн тенге. В том числе 74 участника программы прокредитованы на 266,3 млн тенге  для закупки скота, два участника  получили 7 млн тенге на тепличные хозяйства, 4 участника – 19 млн тенге на  строительство фруктохранилищ и один – 4 млн тенге на выращивание птицы.

– Какие значительные инвестпроекты будут реализованы в 2020 году?

 – Лучше назвать данные проекты инновационно-инвестиционными, так как они совершенно новы для нас. В с.Акши ТОО «Frosco» ведет строительство завода по шоковой заморозке плодов и ягод, стоимость проекта 2 млрд тенге. Объем продукции составит до 10 тысяч тонн в год, в том числе 6 тыс. тонн будет отправляться на экспорт. Этому производству аналога в Казахстане нет.

В с.Балтабай ТОО «Степной холм» заложит 100 га интенсивных садов, введет в строй два инновационных фруктохранилища на 4200 тонн, где плоды будут оставаться свежими в течение двух лет. 

Строительство фруктохранилищ и перерабатывающих цехов как нельзя лучше будет способствовать развитию первичного сельхозпроизводства а, следовательно, наиболее эффективному использованию имеющихся и вводимых в оборот сельхозплощадей.

Вел интервью И.ТУРАНИН.

Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 09:56

Үміт күткен періште

Бұл фәнидегі әр пенде өмір есігін ашқаннан сынақпен өмір сүреді. Жаратқан бірін – денсаулықпен, бірін байлықпен, кейбіреуге кедейлік беріп төзімділігін тексереді. Сол сыннан сүрінбей, сабырын сақтағандарға сыйын жәннатпен сүйіншілейміз деген де сөз бар дінімізде.

Кәусар атты балапан да дүниеге үлкен сынақпен келді. Алла берген ең үлкен нығмет тыныс алу ол үшін қиынға соғады. Өкпе ауруын ең ауыр түріне шалдыққан бүлдіршін арнайы аппаратсыз дем алуы қиын. Дәрігерлер «Үмітіңді үз, «адам» болмайды» деп шығарып салған балапанын қайтсем де қатарына қосамын деп шырылдауда анасы. Ауыр құралды арқалап, аурухананың табалдырығын тоздырып, баласын апармаған жері жоқ екен. Осы уақытқа дейін 15 ота жасалып, ендігі шешуші емі Түркияда жасалмақ. Жалғызбасты ана қанша тыраштанса да, қу дүние ештеңеге жетпей жалғыз перзенті үшін қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр болады. Ниетіне қарай Есік қаласының еріктілерінен құрылған «Иманды жастар» қайырымдылық қоры жолығып, балапанның еміне қаржы жинауды қолға алады.

Қасиетті Мәуліт айында жүрегі мейірімге толы абзал жандарды жинап ауқымды кеш ұйымдастырды аталған мүшелері. Маралбек Битенов, Абу-Кай, Нұртас Қайратұлы сынды эстарада жұлдыздары әннен шашу шашып, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері күмбірлетіп күй шертіп, жас актер Болат Мамытбеков монолог оқып, өзге де өнерпаздар өнерлерін ортаға салды.  

Шараға Алматы қаласындағы «Жақсылық ордасы» еріктілер тобының жетекшісі Назира Рамазанова, «Құранға қызмет» қорының жетекшісі Асқар Абайұлы, «Мейірім» тобының жетекшілері Азамат Жанатұлы, Нұрболат Әбдірайымұлы, аудан имамы Сапархан Айдарханұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев, Есік қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары мен ұстаздары, қала қонақтары  қатысты.

Мағыналы қойылым көріп, мәнін көкейге түйіп, әуезді әндер мен тәтті күйлер көрермен көңілінен шығып, көзіне жас алғандар да болды. Ауданымыздағы қайырымды жандардың басын қосып, игі істердің ұйытқысы болып, мұқтаждардың қажетін өтеп беріп жүрген «Иманды жастар» еріктілер тобының жетекшісі Қанат Теңгелбайұлы өз сөзінде барша жиналған қауымға алғысын білдіре отырып:

  • Біз қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, қолындағы бір үзім нанын бөліп беруге дайын қайырымды халықпыз. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болар қасиетімізбен бүгін де лық толы залмен көңілдеріңіздің кеңдігін көрсетіп отырсыздар. Бастан-аяқ жүгіріп ұйымдастырған ерікті жастарға, аудан имамдарына, ұстаздарымызға, барша жиналған қауымаға көп рақмет. Кәусар балапанымыз жазылып кетіп, арамызға қосылып, ол да жақсылық жолында жарысып жүрер қыз боларына сенеміз, дұға етеміз, – дей келе, жаны жомарт демеушілерден, қонақтардан жиналған жалпы сомасы 809 505 теңгені халық алдында Кәусар балапанның анасына табыстады.
  • Анасы сауапты істен құр қалмай, қайырымдылық көрсеткен барша қауымға қуаныштан көзіне жас алып, үлкен алғысын білдірді.

Жансая ЫСҚАҚ

Сейсенбі, 19 Қараша 2019 16:58

Сарбаздар сапына аттанды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Ел тірегі – 2019» науқаны аясында, армияның беделін арттыру және мерзімді әскери қызметтің оң келбетін құру мақсатында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде кезекті Отан қорғаушыларды әскерге шығарып салды.

Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы Тұрсын Рысбаев, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебай, ауған соғысының ардагері Алмаз Тасанов болашақ жауынгерлерге сәттілік тілеп, ел үмітін ақтауға тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ата-аналары да өздерінің ұлдарына Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келуді тапсырды. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы, капитан Болат Смаилов әскерге бару әрбір Қазақстан азаматы үшін парыз екендігін айтып, жас-тарды тәрбиелеуде әскердің үлкен рөл атқаратындығын жеткізді. Шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік биылғы жылы көктемгі әскерге шақыруда ауданымыздан 165 бала борышын өтеуге кеткен. Күзде 173 бала әскер қатарына шақырылған. Бүгінде оның 45-і қарулы күштер қатарына алынса, 41 бала шекара күзетіне аттанған. Қалған 3-еуі мемлекеттік күзет қызметінің сапында. Құзырлы бөлімнің мәліметінше, қалған 93 бала 29 желтоқсанға дейін әскерге жіберіледі. Оның 71-і Ұлттық ұланға барады.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет