Ызғары сүйегіңнен өтіп, мал жүдеген қыстан шыққан түркі халықтары ұлыстың ұлы күні аузын аққа жеткізіп, табиғатпен бірге жаңарады. Ежелден-ақ, Әз-Наурыз – жер арқасы кеңіп, бір-бірімен көріспеген алыстағы ағайын молшылықта, бір дастархан басында жүздесіп, суық ызғардың кеткеніне көз жеткізер күн. Күн мен түн теңелген бұл мейрамда адамдар ескі ыдыс, ұсақ-түйекпен қоса бір-біріне деген реніштен арылып, жаңа жылда тек қуаныш пен жылу сыйлауға тырысады. Бұған себеп жаңа жыл – жаңа бастама, тіршіліктің нұрланатын, қармен қоса көңілдің де жібитін, пейілдің кеңейетін кезеңі.
Әсте, көшпелі халық үшін қыстан шығу оңай болмаған. Хал мал жайылар жер таба алмай қиналған. Сондықтан қыстың қыспағынан шығып, табиғат пен тіршілік жаңаратын көктемге аман-есен жету – үлкен қуаныш.
Наурыз молшылық пен тоқшылықтың, амандық пен саулықтың мерекесі болғандықтан бұл мейрамда құрамында кем дегенде жеті дәм бар наурыз көже әзірленіп, бір шаңырақ астында бас қосып, ынтымақта астан дәм татады. Наурыз мерекесі жақындаған сайын әрбір отбасы наурыз көже жасауға қамданып, жеті дәмді дайындай бастайды.
Сонымен қатар халық таза, жаңа киімдерін киіп, ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып амандасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Мейрам кезінде «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Көкпар» секілді дәстүрлі ойындар ойнатылып, алтыбақан тебіледі. Бұл – халықтың бұзылмас бірлігінің айғағы.
Қазіргі таңда ұлыстың ұлы күн ашаршылықты емес ынтымақ пен бірлікті, амандық пен саулықты, тоқшылық пен молшылықты, құт пен берекені білдіретіні ерекше қуантады. Дәл осы күні шапан, қос етек көйлек, қазақы камзол, кимешек, бөрік секілді ұлттық киімдер киіп, шолпы, шашбау, шоқ, тұмар секілді әшекейлермен әрленетіні, әншілер дәстүрлі ән шырқап, бишілер мың бұралып билейтіні ұлттық болмыстың жүздеген жылдар бойы сақталғанының дәлелі іспетті. «Алдағы уақытта да ұлт құндылықтары жоғалмай, наурыз тек ынтымақ пен бірлік мейрамы болып қала берсін» дегім келеді. Ұлыстың ұлы күні ескі реніштер ұмытылып, жаңа жыл жаңа жетістіктерге толы болсын. Жүздеріңіз жадырап, көңілдеріңіз күлімдесін, ұлыс оң, ақ мол, Әз-наурыз құтты болсын!
Балауса Азаматқызы,
Рахат орта мектебінің
7 «А» сынып оқушысы
Жақында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, көктемгі демалыс аралығындағы оқушылардың сапалы және қауіпсіз демалысы ұйымдастырылды.
Таутүрген негізгі орта мектебінде «Қазақстан балаларын көктем шақырады» тақырыбында тәрбие саласының 8 бағыты қамтылған ауқымды шара ұйымдастырылды. Шара аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, үстел үсті ойындар ойнатылып, ұлттық тағамдар тарихымен таныстырылды. Қазақстандық режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 1977 жылы Ригада өткен бүкілодақтық кинофестивалінде «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильмі ретінде бас жүлде олжалаған «Алты жасар Алпамыс» туындысын көрсе, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық және «Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер мұражайларына» онлайн түрінде саяхат жүргізілді.
Гүлнәр СӘРСЕНҚЫЗЫ,
Таутүрген негізгі орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Биыл бакалавриатқа 51 500, ал магистратураға 13 500 грант беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Биылғы мемлекеттік тапсырысты ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жазда бакалавриатқа берілетін грант саны - 51 500, ал магистратураға берілетін гарант саны 13 500-ге жетеді. Грантты алу конкурсына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден міндетті түрде өтіп, тапсырылған сертификатты өз еркімен тиісті базаға тіркеп, конкурсқа қатысады. Сонымен қатар, магистратура бойынша да екі жылдан бері біз оны ҰБТ сияқты тестілеу форматында өткіздік. Бұның алдында әр университет өздері билеттерін дайындап, тапсырмаларын әзірлеп, өздері тексеріп, шешім қабылдайтын. Бұнда әртүрлі тәуекелдер болды. Сондықтан біз магистратураға қабылдау рәсімін өзгерттік. Биыл магистратура электронды форматта нақты тестілеудің нәтижесінде, яғни орталықтандырылған тест нәтижесінде өткізіліп, алған балл бойынша грантты алуға мүмкіндігі болады», - деді министр.
mezet
Қазақ халқының даңқты ғашықтық жыры «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» шығу тегі, тарихы және көркемдік шындығы, айтушылары, вариант-нұсқалары, жинаушылары, поэзиялық ерекшеліктері т.б. жөнінде зерттеулер бірнеше ғасыр бойында жүргізіліп келеді. Бұл жырдың көп қырлы сипаты мамандарға ғана емес, жалпы оқушы жұртшылыққа да танымал. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны орта, жоғары мектеп бағдарламаларына енген. Атақты суреткер Ғ.Мүсіреповтің жыр сарынымен жазылған трагедиясына жамағат театр сахналарынан да, кино экрандарынан да қанықты.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» мәтіні жеке кітап болып әлденеше рет басылып шыкқаны да әмбеге аян.
Ж.Қайыпов атындағы орта мектебіндегі «JASTARS» театрының және мектепішілік «өзін-өзі басқару» ұйымының оқушылары «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырынан қойылым қойды. Қойылымдағы Қарабай рөлін – Ернар Тұрарбек, Қарагөз – Дидар Адай, Қозы – Ақжол Қырғызбай, Баян – Ақерке, Қодар – Ержан Уринбаев, Талшын – Аяла Бексадық тағы басқа да рөлдерді сомдаған оқушылардың көрермен көңі-лінен шықты. Қазақ елінің ерте замандағы әлеуметтік, тұрмыс-тық жағдайларынан мол дерек беріп, тақырыпты қойылым арқылы аша алғанымен құнды болды. Адамның бас бостан-дығы, сүйіспеншілік еркіндігі есепке алынбайтын көне дәуірдің шындығы мұнда бар болмысымен ашық баяндалған. Жырдың ғасырлар бойында ұмытылмай, ауыздан-ауызға тарап келуінің негізгі сыры да заманның бас қайшылығын, жастардың басындағы теңсіздік қасіретін көрсете алуында. Арманына жетпей, қайғылы түрде мерт болған Қозы мен Баян тағдыры көрерменге жақсы әсер етті. Жырдың үзақ өмір кешуінің түпкі себебі осында болса керек. Адамның жеке басының мүддесі ескерілмей, ескі салт-сананың құрбаны болғанын жыр айыптау үкіміндей әйгілейді. Қолы қысқа, талабы тұсаулы болса да, халық қиялы мен арманы еркін еді. Фольклор шығармаларының көбіне тән болып келетін өршілдік рухы осы жағдайға байланысты. Тіпті «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ақыры трагедиялық халге құрылуының да ел үшін тәрбиелік мәні болған. Қозы мен Баянның шейіт өлімін көрсете отырып, жыршы, ақын елді зұлымдықтан шошытқысы келген, адамдарға ізгілік ғибратын таратқандай.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры қазақ даласындағы барлық лиро-эпостық жырларға жол салған шығарма. Ендеше, мақтан етер болашақ жастарымыз көп болсын, келешекте оқушылардан құралған «JASTARS» театрынан осындай күрделі туындылар күтеміз.
Нұргүл САБАКАНОВА,
журналист, Ж.Қайыпов атындағы орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Алғыс айту мен мейірімділік – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы екені сөзсіз. Ал бұл игі қадамның мектеп қабырғасынан басталуы тіптен маңызды.
Мейірім мен ризашылықты, яғни адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдіру екенін бала бойына қалыптастыру мақсатында Азат негізгі орта мектебінде ізгі шаралар қашықтықтан оқу кезінде де толастаған емес. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаздар шәкірттерін адамгершілікке баулумен бірге ізгілік пен мейірімділік нұрын да себері хақ. Жақында мектеп басшысы Р.М.Жапарованың нұсқаулығымен қазақтың дәстүрлі әдептілігі, адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік, инабаттылық секілді ізгі қасиеттерді бала бойына сіңіру өзек еткен «Ізгілік нұры алғыс пен мейірімде» атты тәрбие сағаты өтті. Шара барысында әр сыныптан 1 оқушы келесі сыныпқа мейірімділік туралы челлендж жолдады. Ал тұрмысы төмен отбасының балаларына әркім шамасына қарай сыйлықтар табыстады. Ғұламалар «Әлемді ізгілік ғана құтқарады» дейді екен. Сондықтан жас ұрпақтың бойына ізгілік қасиеттерін дарыту бар оқу ордаларының маңызды ісі деп білемін. Мектебімізде бұл бағыттағы шаралар оқу үдерісімен бірге жалғасын таппақ.
Л.М.МОЛДАСИНОВА,
Азат негізгі орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
12 наурызда Райымбек батыр атындағы орта мектепте жаңа UStudy аймақтық тестілеу орталығы ашылды. Мұнда мектеп оқушыларымен қатар мұғалімдер де біліктілік емтихандары мен тестілерін тапсыруына болады. Енді ол үшін бұрынғыдай Алматы немесе Талдықорған қалаларына барудың қажеті жоқ.
Орталықтың салатанатты ашылуына Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары А.Бидаев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Ә.Молдасбаева және мектеп директорлары қатысты.
Тестілеу орталығы 120 қондырғы орындарымен жабдықталған және тест тапсырушыларды толығымен қабылдауға дайын. Ол үшін бар жағдай да жасалған. Карантин режиміне сай санитарлық-эпидемиологиялық талаптар да толық қарастырылған.
Бұл – Алматы облысында ашылған төртінші орталық. Ал бүкіл ел аумағында 60-қа жуығы бар екен. Мұның бәрі де ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ҰБТ-ны компьютерлік форматқа ауыстыруды жеделдету жөніндегі тапсырмасы негізінде ашылып жатыр. Оқушылар мен мұғалімдер аталған орталықтарда қорытынды емтихандарына дайындалып, ақылы түрде сынама тапсыруларына болады. «Біздің бірегей тестілеу орталықтарын құру мен ашуға тек қана жеке инвесторлардың қаражаттары жұмсалды. Сонымен қатар барлық мемлекеттік тестілер мемлекеттік және жергілікті бюджетке ауыртпалық туғызбау мақсатында тегін өткізіліп жатқанын хабарлаймыз», – деген «UStudy» Аймақтық тестілеу орталығының Алматы облысы бойынша директоры Қайрат Бегалин алдағы уақытта тестілеу жүйесіне медицина қызметкерлерінің де емтихандарын қосуды жоспарлап отырғанын айтты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Осы орайда, Азат негізгі орта мектебінде мектеп басшысы Р.Жапарованың нұсқаулығымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Низамованың ұйымдастыруымен қашықтықтан оқып жатқан оқушылармен түрлі шаралар өткізілді. 1-4 сыныптар сурет байқауын ұйымдастырып, 5-9 сыныптар шығарма, эссе жазудан сайысты. Әр сыныптан 1 оқушыдан келесі сыныпқа алғыс айту видеосы арқылы челлендж жолдады. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Балалар сынып сағаттарында, түрлі шара кезеңінде бір-біріне алғыс айтумен бірге, ата-аналарына, ұлағатты ұстаздарына шексіз ризашылықтарын білдірді. Бұл бір жағынан білімді жай жеткізу емес, өз бетімен қабылдау дағдыларын дамытуға түрткі болды. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, қашықтықтан, яғни ақпараттық құралдар арқылы білдіре алса, штаттық режимдегі оқушылар заттай сыйлық беріп алғыстарын алып жатты.
Ляйля МОЛДАСИНОВА,
Азат негізгі орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
«Оқу – білімнің қазығы, адамның азығы» десек, бастауыш сынып – ілім-білімнің іргетасы. Демек, бала ұяда не көргені секілді, бастауышта тамыры қалай бекісе, ертеңгі күні қабырғасы да солай қаланбақ. Бүлдіршіндердің сапалы білім, саналы тәрбие алуын жебеу мақсатында жуырда Рахат №1 орта мектебінде бастауыш сыныптардың онкүндігі өтті.
«Білімнің іргетасы – бастауыш мектеп» атты онкүндік барысында ұстаздар шәкірттеріне тәлім мен тәрбиені өзек еткен, жүйелі оқытуға жол ашатын жаңа жобалар ұсынды. Айталық, 3 сынып бірлестігі «Бастауыш сынып оқушыларының математикалық сауаттылығын дамыту» жобасы аясында Google forms форматында математикалық сайыс және ойындар ұйымдастырды. Ал 4 сынып бірлестігі «Өнер алды – қызыл тіл» жобасы аясында сыныптан тыс іс-шаралар жалауын желбіретті. Айрықша айтарымыз, онкүндікте тұсауы кесілген аталмыш жоба бір жылға жоспарланды. Мұның аясында ертегі, аңыздар, батырлар жыры, диалог, монолог, мысал, мақал-мәтел, шешендік сөздер секілді ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрларды жасөспірімдер бойына дарыту арқылы оқушыларды өз бетінше ізденуге, сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықтарын шыңдауға баулиды. Әрі жүргізілген жұмыстар буыны енді бекіп келе жатқан оқушыларымыздың оқу, жазу сауаттылықтарын дамытуға мүмкіндік береді.
Мектеміздегі онкүндік барысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Асхат Аймағамбетовтың «Кітап оқитын мектеп» жобасы да сәтті жүргізілді. Аталған жоба аясында балалар мен мұғалімдер арасында эстафета ұйымдастырылды. Эстафетада білім бұлағын парақтаумен қатар, балаларға арналған сұраныстағы көркем әдебиеттер мектеп кітапханасына сыйға тартылды. Әр бастауыш сынып мұғалімдері түрлі тақырыптарда ашық сабақтар өткізіп, шараның бәрі инстаграмм желісі арқылы таңғы эфирде көпшілік назарына ұсынылды. Бұл өз кезегінде ата-ана мен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға серпін берді.
Білім ордамызда өткен онкүндікте игі шаралар топтастырылып, үздік жобалар жүйеленіп, арнайы мектеп бұрышына айналды. Ата-аналардың алғысын арқалаған шараға мектеп директоры Бибігүл Букаева оң бағасын беріп: «Бұл онкүндіктің мақсаты бір: бүлдіршіндерімізді білімнің негізі бастауыштан тәрбиелеу. Осы арқылы олардың ілім-білімге деген құлшыныстарын, сүйіспеншіліктерін арттыру. Енді осы игі шаралар алдағы уақытта дәстүрлі жалғасып отыруы тиіс. Осылай ғана біз саналы да салиқалы, білімге жаны құштар, елдің нағыз патриот жастарын тәрбиелеп шығара аламыз», – деді.
Ақиқаты да сол, тәрбие мен білімді тоғыстыру арқылы сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ал осынау ұлы жолда мектебіміздің мұғалімдері аянбай еңбек етпек.
Динара МАХСУТОВА,
бастауыш сыныптар бойынша
директордың орынбасары.
Ұлт даналығында «Білім – таусылмайтын кен» деп оқудың айшықты орнын айқындап берген еді. Бүгінгі күні аталған байлықты еселейтін, есті ұрпақты білім нәрімен сусындатар оқу ордалары жетерлік. Жастардың жалын атуы мен қатантын кеңге жаюына ықпал етер білім ошақтарының мойнындағы жүгі ауыр. Санмыңдаған бөбектің бойына білімнің дәнегін егу оңай іс емес. Іргелі оқу орындары бұл істі бұлжытпай орындап жатқанымен, нысанадан мүлт кетпеуді қадағалау үшін Алматы облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бақылау жүргізуін тоқтатқан емес.
Жоғары да атлған Департамент жұмысының маңызды бағыттарының бірі, мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатын білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің жұмысы болып табылады.
Лицензиялау бөлімі 2 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бірі, білім беру қызметіне лицензия беру, екінші білім туралы құжаттарға апостиль қою.
Айта кетейік, лицензиялау "Е-лицензиялау" мемлекеттік деректер қоры арқылы толығымен электрондық форматта жүзеге асырылады. 2020 жылы барлығы 264 өтініш түскен. Олардың 55-і өтініш берушілер тарапынан қайтарылып алынған. 205 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
2021 жылдың басынан департаменке 134 өтініш келіп түсті, 18-і кері қайтарылып алынған. 4 өтінім әлі де қаралу үстінде, 112 қайта рәсімделген жайы бар. 1 лицензия беріліп, 4 лицензияға қосымша беруге бас тартылған екен. .
«Лицензия және лицензияға қосымша беруден бас тартудың жоғары пайызы өтініш берушілердің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты болды»,-дейді Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Айымгүл Құлахметова.
Облыста 760 мемлекеттік және 18 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының атауларының өзгеруіне байланысты ҚР "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Заңының 33-бабына сәйкес олардың лицензиялары қайта ресімделуі тиіс. Ағымдағы жылдың 25 ақпанына Алакөл, Панфилов аудандары мен Текелі қаласының мектептерінің 112 лицензиясы мен лицензияға қосымшасы қайта рәсімделген. Қазіргі уақытта Ақсу ауданы мектептерінің лицензияларын қайта рәсімдеу басталды.
Спикердің айтуынша, 2020 жылы облыстың 15 колледжі 28 мамандық, 34 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаларды өз еркімен қайтарып алған. Екі колледж оқу орнын жабу туралы шешім қабылданыпты.
Департаменттің тағы бір мемлекеттік қызметі апостиль қою-Қазақстан аумағында берілген білім беру құжатының түпнұсқалығын растау құқығы болып табылады.
2020 жылы білім туралы 228 құжатқа апостиль қойылса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 46 көрсетіп отыр. Былтыр білім туралы 18 құжатқа апостиль қоюдан бас тартылса, 2021 жылы бұл сан 4-ті көрсетіп отыр. Біліктілікті растайтын бұл құжаттарды айқындау арқылы білім саласының үзіктері мен жас білімгерлер өздерін шет мемлекетте шыңдауға мүмкіндік алатын болады.
Дарын иесі өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді.
Иә, ғажайып ақын Мұқағали Мақатаевтың ғұмырлы поэзия-сы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен қуаныштан, сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. Мұқағали ақының әр өлеңі өзіндік мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманды өзіне баурап алып, ой салады.
Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамау-ларыңызды өтінем» деген екен.
Қазақ поэзиясындағы дәстүр-лі тақырыптардың бірі – туған жер, оның бауырында өткен балалық шақ, ата-мекеннің тағдыры, оған деген сүйіспеншілік екені бел-гілі. Тау тұлғалы азаматымыз – туған жерінің суретін бейнелеу-де өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып-өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тербемеуі мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта балайды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті суларды көрсе, кейде сол даладағы бабасы өскен кең бұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан таңдайына қымыздың дәмі келген.
Туған жеріне, өз Отанына арнаған өлең жолдарын әдебиеттік оқуда жатқа айтқан кезде менің бойымды патриоттық сезім билеп алғандай болды. Міне, ақынның құдіреттілігі осында екен ғой деп ойладым. Мұқағали ақының әсерлі жырлары әр қазақтың жүрегін жаулап алары хақ. Сондықтан да осындай абыз тұлғаны халқы «Ғасыр ақыны» деп атап кеткен. Ақиық ақынның жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы барда аты санамызда мәңгіге қалады. Мұқағали мұрасы, маржандай поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлейтін мұрасы.
Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Аңызға айналған Мұқағали – жалпы халықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры мен тағдыры баяндалғандай. Ақын өлеңдерінде бірде қуаныш пен қайғы болса, бірде көз жасы, наз бен мұң жүреді. Осы бір алма-кезек ауысқан көңіліне жұбаныш, жанына тыныштық беру үшін ақын көңілі басқаны аңсайды. Ол халқымыздың табиғатына тән кеңдікті, кеңістікті іздейді, сахараны көргісі келеді.
«Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде, әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сырын төккендей. Сонымен, түйіндеп айтқанда, Мұқағали Мақатаев шығармашылығынан қазақтың нағыз ұлттық поэзиясын көреміз. М.Мақатаев жырларындағы қазақтың жері мен суы, тауы мен даласы көрініс тапқандығы өз алдына, өзгеше пайымдау ерекшелігі, өзіндік өрнексалар тілі, шалқыған шабыты сөзге шебер халықтың ұрпағы екенін аңғартады. Сондықтан да оның қаһармандары шынайы, оқырманды бірден баурап алады. Сол себепті де Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді.
Сәнім АХМУРАТОВА,
Көктөбе орта мектбінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі