ҰСТАЗДАР КҮНІ ЖАҚЫНДАҒАН САЙЫН ТҰЛА БОЙЫН ШАТТЫҚ КЕРНЕП, ҚУАНЫШТЫ СЕЗІМГЕ БӨЛЕНІП, НЕГЕ ЕКЕНІН ЕРЕКШЕ ТОЛҚИТЫН. ОЙЫ ОН ТАРАМ БОЛЫП, ӨТКЕН ӨМІР ЖОЛДАРЫНЫҢ КЕЙБІР СУРЕТТЕРІ КӨЗ АЛДЫНАН ТІЗБЕКТЕЛІП ӨТКЕНДЕЙ БОЛАДЫ. ӘКЕСІ МҰХАМЕТЖАН МЕН АНАСЫ ДАМИРА ЕГДЕ ТАРТА БАСТАҒАН ШАҚТАРЫ ДА, ӘЛІ ЕСІНДЕ, ҚАТАР ЖАЙҒАСА ҚАЛЫП ӨЗДЕРІНІҢ ЖАСТЫҚ ШАҚТАРЫН НЕМЕСЕ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫНЫҢ БАЛА КЕЗІНДЕГІ КЕЙБІР ҚЫЛЫҚТАРЫН ЕСКЕ АЛЫП МӘЗ-МЕЙРАМ БОЛЫП РАХАТТАНАТЫН. ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ӨЗ БАСЫНА КЕЛЕ БАСТАҒАНДАЙ. СОНАУ ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСТЫҢ ҮРЖАРЫ, МЕКТЕПТЕ, ОДАН СОҢ ИНСТИТУТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ӨТКІЗГЕН ҚЫЗЫҚТЫ ДА ҚАЙТАЛАНБАС ЫСТЫҚ КҮНДЕРІ БӘРІ-БӘРІ ЕСІНЕ ТҮСЕДІ. ТОЛҒАНАДЫ.
«ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ, ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ» ДЕМЕКШІ, ОРЫС ТІЛІНЕ ДЕ АНА ТІЛІМЕН ҚАТАР ЖҮЙРІК БОЛДЫ. СӨЗ САЙЫСЫНДА ЕШКІМГЕ ЕСЕСІН ЖІБЕРЕ ҚОЙМАЙТЫН. МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ АЙТҚАНЫН ТЕЗ ҚАҒЫП АЛАТЫН. ЕЛГЕЗЕК. БАЛАЛАРҒА ЖАҚЫН. КІШІ СЫНЫПТЫҢ ОҚУШЫЛАРЫНА ҮНЕМІ ҚАМҚОР БОЛЫП ЖҮРЕТІН. ОҚУДА ҮЗДІК, ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТА ЖҮРІП, МЕКТЕПТІ «АЛТЫН БЕЛГІМЕН» БІТІРДІ. ОҚИТЫН ИНСТИТУТЫН ДА ТАҢДАП ҚОЙҒАН-ДЫ. ОСЫ ШЕШІМІН ҮЙ ІШІНЕ АЙТА БЕРГЕНІНДЕ ОНЫҢ ОЙЫН, НЕ АЙТҚАЛЫ ЖАТҚАНЫН АҢҒАРҒАН ОҚЫҒАН-ТОҚЫҒАНЫ КӨП ӘКЕСІ «БӘРІМІЗ МҰҒАЛІМНІҢ АЛДЫНАН ӨТТІК. ТҮСІНСЕҢ, ҚЫЗЫМ, БҰЛ МАМАНДЫҚ ӨМІРЛІК КӘСІБІҢ ДЕ, НӘСІБІҢ ДЕ БОЛАДЫ. БАЙҚАЙМЫН, ҰСТАЗ БОЛУҒА СЕНІҢ ЫҢҒАЙЫҢ, БЕЙІМІҢ БАР СЕКІЛДІ» ДЕП АТАЛЫ СӨЗІН АЙТТЫ. БЕСІКТЕН АЛҒАН ТӘРБИЕСІ СОЛАЙ, ҮЛКЕННІҢ АЙТҚАНЫ – ЗАҢ, ӘРІ АҚЫЛ. АТА-АНАСЫНЫҢ АҚ БАТАСЫН АЛЫП, ҚАЗАҚТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГТІК ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІНЕ ОҚУҒА ОСЫЛАЙ ТҮСТІ.
Ойын хатшы қыздың сөзі бөліп кетті:
– Апай, сізге құттықтау хат келді, міне, – деп ол сырты әдемі өрнектелген конвертті үстелге қойып кетті. Шәкірттерінің бірінен екен. Жылма жыл осындай құттықтаулар келіп жатады «Ұмытпайды. Бұған да шүкір», – деп іштей риза болып қалады. Мұғалім болғалы бері алдынан қаншама шәкірт түлеп ұшып, жолдама алды десеңізші! Көпшілігі бүгінгі күндері еліміздің экономикасын нығайтып, мәдениетін гүлдендіру үшін жемісті қызметтер атқарып жүр. Білім күнінде, тағы басқа мерекелерде сынып-сынып болып жиналып келіп мұғалімдеріне гүл шоқтарын сыйлап құрмет көрсетіп жатқаны. Осындай қуанышты сәттер жан-тәніңді елжіретеді, мұндай тәтті, ләззатты сезімге бөлену өзге мамандық иелерінің пешенесіне жазылмаған-ау, сірә. Мұғалімнің инемен құдық қазғандай еңбегіне, болаттай мықты шыдамына, қайтпас жігеріне тәнті боласың. Мектепке тарыдай болып келіп, таудай болып өсіп, азамат деген биік атаққа ие болып шыққан кешегі «тентектерін» көргенде көп жылдар бойы қиналғанын да, шаршағанын да, сабаққа дайындалып өткізген ұйқысыз түндерін де, балалардың у-шуымен өткен мазасыз күндерін де ұмытқандай болады.
Есік қайта ашылды.
– Апай, шараны бастайтын уақыт болып қалды, – деген оқу тәрбие орынбасары Ботаның сөзі ойын тағы бөліп кетті. Гимназияның әр тоқсанға, әр аптаға арналған тақырыптық жоспары бар. Бүгінгі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағына арналған. №1 мектептің ашылғанына 4 жыл,ал гимназия мәртебесін алғанына 1 жылдан сәл асса да көп жұмыстар атқарылған. Мұнда рухы мықты, өз жерінің тұлғалы ұлтшыл азамат болып өсуі үшін ата-баба дәстүрімен, ұлттық рухани қазына байлығымен тәрбиелеуге баса көңіл бөлінген. Басшы да, ұжым мүшелері де қазақ үнін, әуенін, сөзін ұрпақтың жүрегіне оқу орнының табалдырығын аттаған күннен бастап сіңіру өміріне өзек болар өзгешеліктің бір белгісі екенін жақсы түсінеді. Ұлтшыл дегеніміз ешкімді, тіліне, дініне, түсіне, ұлтына қарап бөлмейтін, өз ана тілін сүйетін туған жердің табиғатын, оның сүйем жерін анасындай қадірлейтін, көзінің қарашығындай сақтайтын шынайы патриотизм. Ал патриоттық сана – қандай ұлт болмасын оның рухани құдіреті болып табылады. Халқымыздың мәдени байлығы атадан балаға мұра болып келе жатқан тамылжыған әні, құйқылжыған күйі,көркем әдебиеті, саф алтындай поэзиясы, бай фольклоры басқада құндылықтарын бала бойына дарыту, оны үйретуді мақсат етіп қойған. Міне, осыны жақсы түсінген гимназия ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қабілетті балаларды, іріктеп олардың қатарынан 113 домбырашы, 10 қобызшы, сырнайшысы бар оркестр, би және 15 вокалдық топ, ұлдардың хорын ұйымдастырып берісі аудан, арысы республикалық көлемде болып жатқан байқауларға қатысып, танымал болып келеді. Бұл да оқу орны үшін зор жетістік емес пе?!
– Құрметті ұстаздар, оқушылар! Жақында Елордамызда халықаралық «Алаш» байқауы өткенін оған біздің 7 сынып оқушымыз Ақжан Тұрлықожа қатынасқанын білесіздер. Ол «Көркем сөз» номинациясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бірнеше шығармасын нақышына келтіріп оқып, жеңімпаз атанды, 1-орынды иеленді. Ұстазы, әрі ақылшысы Аида Ағыбаева екеуі байқау алқасының шешімімен Құрмет грамотасымен марапатталды. Құтты болсын! Жеңімпаз өнерпаздарымыздың қатары көбейе берсін – деп грамоталарын табыстады.
– Сәл тыныштық! Гимназиямыздың өнер ордасына айналуына балаларымыздың талабын ұштап, талантын ашуға ықпал жасаған басшымыз Ардақ Мұхаметжанқызы да байқау алқасының марапатына ие болғанын хабарлаймын, – деді кешті жүргізуші. Бұдан соң сахна төрі өнерпаздардың иелігіне берілді. Шара әнімен, күйімен, сәнімен жалғасын тауып жатты.
Ардақ жас кезінен-ақ өз уақытын бағалап өсті. Мән-маңызы жоқ шаралардан, ырду-дырдуы көп сауық-сайран кештерінен қашқақтайтын. Сабақтан соң не бөлмесінде, не кітапханаға барып кітапқа шұқшиып білімін толықтыратын. Комсомол ұйымының хатшысы болғандықтан институт пен Совет ауданындағы шараларды ұйымдастыруға атсалысып, бір тыным таппайтын. Үнемі еңбектеніп іздену үстінде жүретін. Тәрбиенің анасы – еңбек, оқу, іздену, үйрену екенін ол жақсы ұғынды. Сондықтан болар осы бір қасиеттер бойынан табылып, талмас талабының арқасында Лениндік степендиаттар қатарынан көрінді. Мұндай дәрежеге жету әр студент үшін мәртебе еді.
Институт Алматы қаласының №15 орыс мектебімен тығыз байланыста болып, оған шефтік көмек көрсететін. Ал студенттер осы мектепте тәжірибеден өтетін. Жаңа жылдан соң факультет деканы Ардақты кабинетіне шақырып:
– Қызым, оқуың жақсы. Қоғамдық жүктемең де бар екенін білемін. Сонда да таңдауым саған түсіп отыр. №15 мектепте тарих пәнінен мұғалім жетіспей жатыр. Сен барып сабақ беріп көр. Үйренесің. Болашағың үшін керек одан өкінбейсің, – деп айтқан қадірлі ұстазының пікіріне құлақ асты. Екінші курстан бастап институтта оқуын жалғастыра жүріп сол мектепте тарих пәнінен дәріс берді. Үлкен сынақтан өтті. Бой түзеді. Есейді. «Қазір ойласам, деканғалым ұстазымның жасаған әкелік қамқорлығы екен-ау», – деп түйіндеді іштей. Бұл оқиға оқушылармен, әріптестерімен қандай қарым-қатынаста болу қажет екендігіне жол көрсеткен бағдаршамдай болды.
Институт бітіргенде деканы да, тарих кафедрасының жетекшілері де «Институтта қал. Сабақ бер. Аспирантураға түсіп, оқы. Оған қабілетің жетеді» – деген-ді. Ол ұсынысқа қарамай жолдама алып, бір топ құрбыларымен бірге Алматы облысының Шелек ауылында жаңадан ашылған қазіргі Ә.Молдағұлова атындағы мектепке жол тартты. Топырағы құнарлы, суы мөлдір, ауасы таза, табиғаты көркем жер жәннаты – Жетісудың шырайлы бай аймағы Шелекке келгеніне, осында қоныстанғанына өзі дән риза. Қасиетті өлкенің ең басты байлығы адамдарын айтсаңызшы, ешкімді бөтенсіп жатсынбайды, кең пейілімен құшағын жаяды бауырмал ел. Шырайлы өлкеден өзінің махаббатын, өмірлік қосағын, шынайы бақытын Бақыт деген қазақтың қарапайым азаматына кездесіп, жүрегін сеніп тапсырды. Ол жігіт те кең пейілді, пайым-парасаты мол, құқық қорғау саласының қызметкері болып шықты. Бүгін олар Шелек ауылындағы елге қадірлі, жұртқа сыйлы өнегелі отбасының бірі. Өсіп,өніп келеді «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», дегендей ұл-қыздары Жанат, Сара, Әмірландары да мектепті үздік бітіріп, тиісті қызметін атқарып жүр. Отбасылы болып, немере сыйлады. Немерелерінің тәй-тәй басқан әр қадамы, «ата-апа» деген сыбызғы үніндей шыққан сөздері бойларына қуат беріп, қуанышқа бөлейді.
1981 жылы сол кездегі жаңадан ашылған Киров атындағы орыс орта мектебі де жас педагогтарды құшақ жая қарсы алған-ды. Мұғалім жетіспейді. Әрбірі өз мамандықтарына сәйкес сағатын алып құлшына іске кірісті. Ардаққа қаладағы мектепте жұмыс істеп одан жинақтаған тәжірибесі көп септігін тигізді. Оқу процесіне батыл араласты. Сапа көрсеткіші де жақсы болды. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Мұның барлығын байқап жүрген мектеп директоры тәжірибесі мол ұстаз Д.П.Кабанов Ардақтың іскерлігімен талабын ескеріп, жарты жыл өтпей оны директордың оқу-тәрбие орынбасары етіп тағайындады. Мектепті тексеруге келген аудандық оқу бөлімінің инспекторлары да жас маманның алғашқы қадамдарына риза көңіл таныта бастады. Көп өтпей-ақ Ардақ аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен Абай атындағы орта мектепке директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне, ал 1995 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы, 2004 жылдан Т.Кенжебаев атындағы, 2017 жылдан №1 орта мектеп директоры қызметтерін жемісті атқарып келеді.
№1 орта мектеп салынып біткенде оның болашақ бағыт-бағдары және тағайындалатын болашақ басшылары турасында талай кандидаттардың аты аталып, ұсыныстар айтылған еді. Біршама талқылаудан кейін таңдау тағы да Ардақ Мұхаметжанқызына түсті. Көрсетілген сенімге селкеу түсірмеу Ардақтың өң бойына қалыптасқан қасиет. Басшылық тізгінін ұстаған алғашқы күннен-ақ оқу процесін жетілдірудің жаңа үлгідегі жоспар бағдарын жасап, білімді, тәжірибелі әрі жас мамандарды жұмысқа іріктеп қабылдауға көңіл бөлді. Бүгінгі күні осы гимназияда қызмет атқарып жатқан 25 тей ұстаз өзінің кешегі шәкірттері. Шелек мектептерінің түлектері Ардақтың жас мұғалімдерді қабылдағанына күмәнмен қарайтындарына айтары: «Барлығымыз осындай жастардан өстік. Жастар – жаңашылдық иесі. Оларға көмектессек, талай биіктерді бағындырамыз», – деп қысқа қайыратын. Сол үміті, сенімі ақталып келеді. Мәселен, химия пәнінен дәріс беретін жас ұстаз Бота Үмбетова «Жыл мұғалімі» атағына ие болса, Ғалым Ерланұлы және басқаларының қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Ал Салтанат Әбілдақызы музыка пәнінен дәріс беріп, шәкірттерін өнерге баулып жүрген білікті маман.
Қазір бүкіл әлемде технологиядамып жатқан заманда білім беру саласында да көштен қалуға болмайды. Оны Президентіміз Қ.Тоқаев та сан мәрте айтып келеді. Мұғалім мәртебесі жайлы заң қабылданды. Оқу орындары жаңа құрал-жабдықпен жабдықталуда. Ардақ бастаған ұжым да жаңашылдыққа ұмтылып, көшті бастады. Олар облысымызда алғашқылардың бірі болып цифрлы кітапхана ашты. Мектеп бағдарламасындағы 100 әдеби кітапты цифрландырды. Бұл жұмысқа да Ернұр Ғарыш сияқты шәкіртінің көмегі мен және Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетпен тығыз байланыс жасау нәтижесінде қол жеткізілді.
Ардақ 15 жылдан бері «Қазығұрт» үкіметтік емес ұйымына жетекшілік жасап келеді. Италияға Милан институтының шақыруымен барғанда цифрландыру тәжрибесін осындағы гимназия-институт бірлестігінен көріп оны өз гимназиясында іске асыруға байлам жасаған еді. Ол мақсаты да орындалды. Айтпақшы, «Қазы-ғұрт» қоғамдық ұйымы осы жылдар ішінде 30 ға жуық жобаны жүзеге асырды. Масақ, Қаражота, Шелек ауылдарынан 70-тей аз қамтылған отбасына қайырымдылық көмегін көрсетті. 10 отбасына шағын бизнеспен айналысуына қол ұшын берді. Шелекте жаңа мешіт ашылғанда соны басқару алқасының құрамына сайланды. Ғимараттың айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қатынасты.
Ардақтың студенттік шақта жүрегінде лапылдаған жастық отының қызуы әлі басыла қоймаған. Қайратын қайрап, жігерін жанып, тың идеялар ұсынып, ұжымды оны орындауға жұмылдырып жатқаны. Жаңашылдық қашан да табыс кепілі ғой. Гимназия өткен оқу жылында оқу үлгерім сапасы бойынша ауданда бірінші орынға шықса, 8 түлегі «Алтын белгі» иегері болды, 11-сыныптың 43 оқушысы үздік аттестат алды. Бұл жетістік – тынымсыз ізденудің, ерінбей еңбек етудің жемісі.
Бірге жүрген әріптестері, құрбылары, таныстары – барлығы Ардақ осыншама жұмыстың барлығына қалай үлгереді деп таң қалады. Ұжымды, қоғамдық ұйымды басқару, мектептегі оқу процесін жетілдіру, сол сияқты «Аз санды ұлт әйелдері және кәсіпкерлік» кітабын, республикалық ғылыми-әдістемелік журналына мақала жазуға және көптеген авторлық бағдарламаларды жазып оны насихаттау, іске асыру сияқты жұмыстары тағы бар. Бұған қоса бітпейтін, таусылмайтын үйішілік тіршілікті айтсаңызшы. Қазақтың «Әйелдің қырық жаны бар» деуі бекер емес-ау. Жұмыс шаш етектен. Сүйікті жары Бақыт қашан болмасын оған сүйеу, демеу, түсінігі кең көргені мол азамат. Құдай қосқан жарына, отбасының ұйытқысы балаларының ардақты анасына қашан болсын қолдау көрсетіп жүргені. Азаматтық қалпын үнемі биік ұстап бөтен мінез танытпайды. Отбасында тату-тәтті ахуал орнықса, ынтымақтастықпен бірлік орнаса, осындай үлгі-өнеге көріп тәрбиеленген бала иманды, әдепті болып өспей ме?! Барын бағаласа, қанағатшыл болса бақ құсы да сол шаңыраққа қонақтайды.
Білгір де басшы еңбегі лайықты бағаланып келеді. Білім саласының қызметкері үшін ең жоғары марапат болып саналатын Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленді. «Халық мұғалімі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» сияқты атақтарға ие болды. Е.Бекмұханов атындағы екінші республикалық тарих олимпиадасында №1 мектеп «Үздік ұжымы» номинациясымен марапатталды. 2020 жылы Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына орай Қазақстан тарихынан «Зейін» республикалық олимпиадасына Ардақтың өзі 1 орынды жеңіп алды. Оның сыртында қоғамдық салада атқарған қызметі үшін төрт мәрте ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Еңбектің еленгені деген осы ғой, басқа да марапаттары баршылық.
Ардақ басшы да, ұстаз да болғандықтан жұмысқа әр күн сайын ерте келіп, үйіне кеш қайтады. Бүгінгі атқарған ісі бір басына жетерлік болса да, өзі іздеп келген ата-анамен сөйлесіп баласының домбыра тартуға және басқа да өнер түрімен айналысуға қабілеті, талабы бар екенін айтты. Бос уақытында мектепте ашылған ән-күй үйірмелеріне қатынасуға мүмкіндік жасауды өтінді. Бұдан соң пән жетекшілерімен жоспарланған семинарды өткізіп, оларға тапсырмалар берді.
Сағатына қараса уақыт та зымырап біраз жерге барып қалыпты. Қыстың кеші тез түседі. Көше шамдарының жарығы түн қараңғылығын білдірер емес. Күндізгі қарбаластан соң бойын жинақтап,әр қадамын ширақ басып, жадыраған өңмен, шат көңілмен үйіне қайтып бара жатыр.Аспанда жымыңдаған жұлдыздар бақытын еңбектен тапқан, Шелектің ардақты қызы атанған Ардақты қол бұлғап шығарып салып тұрғандай.
Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
«Тәуелсіздік» деген сөздің мағынасы қандай терең, астары қандай кең десеңізші! Ол – өлең, ол – ән, ол – сұлулық, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет. Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады. Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары, қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік.
Солай дей отырсақ та, бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстан мен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстыру қиын. «Өз-өзін тапқан адам өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады» деп Георгий Александров айтқандай, еліміздің қашан да тәуелсіздікті аңсап, тәуелсіздік жолында тынбай күресуі нәтижесінде ешкімнің ықпалына көнбейтін қуатты мемлекет болып әлем сахнасынан көріне бастадық. Дегенмен, бізге бұл оңай жолмен келе қойған жоқ. Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жыл кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен жауыз жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.
Пай! Пай! Пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, –
деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бұл өлке нені көрмеді десеңізші! Ғасыр ағынымен қанды шайқасты да, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмірді де, өзге мемлекеттердің үстемдік етіп, билік жүргізуін де, бірін-бірі жеуге дейін барған аштық заманды да, табиғаттың дүлей күшін де, бәрін-бәрін көрді, келешек ұрпаққа жетуі үшін тасқа қашап, хатқа қаттап, бәрін мәңгі өшпестей сақтап жазды.
Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады» дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді. Ұлттық валютасы, Гимні, Туы және Елтаңбасының пайда болуы көгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді. Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі. Осыны ескерген, көреген Елбасымыз мемле-кеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздігімізге бар болғаны 30 жыл болсада, осыншама үлкен жетістіктерге жету – батырлық. Азап пен төзімнің, халықтың сан ға-сырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі болды. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне ширек ғасырдан асты. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры, қоғамның рухы, жігері. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Біз – бақытты ұрпақпыз. Себебі, ата-бабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім-тілім болған босқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай боздақтың жа-нын, жақынын алған сұм соғысты мына біз, жас ұрпақ, көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарым армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең байтақ жерді, бай тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрді, ең бастысы тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын ұрпақпыз.
Нұрахмет ДІНМҰХАММЕД,
Әл-Фараби атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы.
Қазақ жерінде білім беру ісінің көшбасшысы ретінде белгілі ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны, шығармашылығы қазіргі кезеңге дейін әр қырынан ғылыми зерттеулердің нысанына айналған. Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. «Қазақ хрестоматиясы» негізінен Ыбырай Алтынсаринің төл шығармаларынан құралған. Біз Ыбырайды ағартушы-ұстаз ретінде ғана емес, әрі ақын әрі жазушы ретінде танимыз. Оның балаларға арналған туындылары мен көркем аудармалары күні бүгінге дейін көркемдік құндылығын, әдеби маңызын, тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын атап өтіп жатырмыз.Біздің республикамызда ағартушы, педагог, жазушы, қоғам қайраткерінің есімі 50 мектепке берілген. Сауатты болса екен деп қазақ халқын, білімге бастап сара жол салды. Тәлімді, тәрбиелі еңбегімен, Ыбырайдан өшпестей мұра қалды.
Сәлем жолдап шәкіртке дұғай-дұғай,
Ұрандап өлеңімен келді былай
Жас ұрпаққа жар салып жанымен де
«Кел,балалар, оқылық» – деді Ыбырай.
Осы орайда Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп-мектеп жанындағы интернатта «Ұлы даланың дара ұстазы» атты тәрбие сағаты өтті. Аталған шараға ұстаздар мен тәрбиеленушілер белсене қатысты. Интернат тәрбиеленушілері алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірімен, шығармаларымен, туындыларымен танысты. Сондай-ақ тәрбиеленушілерге ұлы тұлға туралы бейнеролик көрсетіліп, сұрақ-жауаптар алынып, өлеңдері оқылып, постер құрады. Міне осылай тәрбиелік мәні бар шарамыз арқылы тәрбиеленушілерді әр істі ойланып ақылмен жасауға, кішіге қамқор болуға, ата-анасын сыйлап, құрметтеуге үйретеді.
Р.АЙТЕСОВА.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп-мектеп жанындағы интернат тәрбиешісі.
Жуырда Есік қаласындағы «Луина» бөбекжай балабақшасында «Берекелі күз» атты ертеңгілік өтті.
Берекелі мезгілді суреттейтін мереке барысында бүлдіршіндер көкөністер мен жеміс-жидектердің кейіпіне еніп, көңіл көтерді. Күз туралы өлеңдерін оқып, ән шырқады. Балалардың ата-аналарымен бірлесе жасаған қолөнер туындылары балабақшаның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып, жеңімпаздар анықталып, ертеңгілік барысында марапатталды.
Сонымен қатар, «Өрлеу» республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алған бүлдіршіндерге марапаттары табысталды.
Фарида ЖАНАТОВА,
балабақша тәрбиешісі
Қызылжар ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің ұйымдастыруымен ұлы ұстаз, ақын, педогог-жазушы, қоғам қайраткері Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты интеллектуалдық сайыс өтті.
6-сынып арасында өткізілген бұл сайыста оқушылар ұлт ұстазының өлеңдерін жатқа айтып, әңгімелерінің желісі бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұлы педогогтің өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін жан-жақты көрсетті. Сайыс нәтижесі бойынша оқушылар әртүрлі сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, бас жүлдені 6 «Г» сынып оқушысы Ерасыл Тұрсынәлі иеленсе, 1 орынды Диана Қайпбай, ал 2 және 3 орындарды Інжу Жеңісәлі мен Балнұр Диханбайқызы өзара бөлісті. Жарыс соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Булашева оқушыларға ұлы педагогтің шығармаларын насихаттап, сәттілік тіледі.
Қаракөз САТЫМБАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Жақында Көктөбе орта мектебінде ел Тәуелсіздігі мен ұлт тарихын ұлықтау мақсатында көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш арысы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, ұлт ұстазына арналған «Ахмет Байтұрсынов және Тәуелсіздік» атты тағылымды кеш өтті.
Кеште мектеп оқушылары Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының 1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік тарихи қызмет атқарғаны, халық өмірінің сан алуан көкейкесті мәселелерін көтеріп, елді прогресске, өнербілімге үндегені кеңінен баяндалды. Сонымен қоса А.Байтұрсынұлының «Анама хат», «Қазақ қалпы», «Маса», «Досыма хат», «Ақын ініме» сынды өлеңдерін жас шәкірттер жатқа оқыды.
Ахметтiң ғылыми-шығармашылық жұмысын негiзiнен үш салаға бөлiп қарауға болады. Олар ағартушы, ғалым, тiлтану, әдебиеттанудың алғашқы iргесiн қалаушы, ақындық, аудармашылық қырлары. Оқушылар шығармашылық кеште ұлт ұстазының «Қырық мысал» атты жинағындағы түрлі өмір шындығы жайлы әңгімеледі. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Шығармашылық кешті қорытындылған мектеп директоры Айжан Талқанбаева:
– Ұлт ұстазы жастарға ұсынған адамгершілік жолы адалдық және ғылымды игеру жолын ұстану үшін адал еңбек етуге, өз мінін өзі көріп, түзете білуге шақырады. Бұл мектеп үшін аса маңызды құндылық саналмақ. Тәуелсіздікті зерделу тұғыры биік тұлғаларға тағзым етуден басаталады, – деді.
Е.АСЫЛ.
Биыл Республикамыздағы іргелі орта оқу орындарының бірі – Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ірге көтергеніне 55 жыл толды. Колледж ұжымы бұл айтулы күнді қараша айында атап өтуді жоспарлап отыр. Осы орайда аталған білім ордасында қырық жыл еңбек еткен ардагер ұстаз ретінде ұжым мүшелерін мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, өткен күндерге жылдар белесінен көз жүгіртіп, көкейіме түйген ойларымды ортаға салғым келеді. Ойлап отырсам, Кеңес дәуірінде және одан бергі егемендік жылдарында бүкіл еліміз бастан өткізген саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, білім саласындағы реформаларды және олардың нәтижесі мен салдарын қоғамның ең кішкене құрамдас бөлігі ретінде бұл оқу орны да бастан өткізіпті. Шарықтаған жұлдызды сәттері де, құлдыраған, жабылып қалуға, сатылып кетуге шақ қалған тар жол, тайғақ кешу – қатерлі кезеңдері де болыпты.
Мен Есік педагогикалық училищесіне қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып 1975 жылы орналастым. Училищенің сол кездегі директоры Владимир Дмитриевич Помогалов, оқу ісінің меңгерушісі Жұмахан Нүсіпұлы Букаев бастаған шағын, көпұлтты, бірақ өте білікті коллектив оқу орнының он жылдық мерейтойын атап өту бойынша ауқымды жұмыс жоспарын жасап, дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен екен. Марат Нұрғалиев, Қуат Ризуанов, Нұрлытай Есжанов, Тұғылық Илиев, Тілеулес Катенова, Баршагүл Мамырбекова, Лиза Нурбекова, Дәметкен Ербаева, Қарлығаш Қашағанова, Гүлжамал Мұстафаева сияқты жұмысқа соңғы жылдарда қабылданған бір топ жас маман – бізге әкімшілік тарапынан ерекше тапсырмалар жүктелді. Келесі 1976 жылдың көктемінде айтулы шара аудан көлемінде кеңінен атап өтілді. Бүкіл аудан мектептерінен іріктеліп алынған сайдың тасындай білікті методист-мұғалімдер жұдырықтай жұмылып, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Оқу ғимараты – аудандық партия комитетінің ескі үйіне орналасқан. Оқу кабинеттері тар, жетіспейді. Оқу екі ауысымды. Сабақтан кейін оқу-тәрбие жұмысының жоспарына сай тәрбие сағаттары, бастауыш партия ұйымының, оқу бөлімдерінің жиналыстары, ПЦК отырыстары, педагогикалық кеңестер, саяси сабақтар (политзанятия), хор, оркестр, азаматтық қорғаныс жаттығулары – әйтеуір, осы алуандас іс-шаралар бір біткен емес. Тексеретін дәптерлерімізді, көрнекіліктерімізді, папкаларымызды қолтықтап, қас қарая кешкі астың кезінде үйге сүйретіліп жететінбіз. Ұжым ішіндегі шын мәнісіндегі ауызбірлік, мәдениеттілік, ұстаз деген қастерлі атқа адалдық, жоғарғы кәсіптік шеберлік, ең-бекқорлық, педагог еңбегін сараптау мен бағалаудағы объективтік өз жемісін бермей қалған жоқ. Шығармашыл жас коллектив 1984-1985 оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай орта арнаулы оқу орындарының арасында ұйымдастырылған социалистік жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанып, КСРО Халық ағарту министрлігі мен Білім беру, жоғарғы мектеп және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Облыстық, республикалық деңгейден ары асып, Бүкілодақтық деңгейге көтерілді. Кеңестер Одағы жеріндегі 138 арнаулы орта оқу орындарының арасынан қара үзіп, ерекшеленіп шықты. Үлкен жеңіс үлкен ұжымның ғана қолынан келеді. Нәтижесінде екі оқу тобы Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласы мен Прибалтика республикаларын тегін жолдамамен аралап, осы жолдардың авторы және тағы бірнеше оқытушы «КСРО орта және жоғары оқу орындарындағы жемісті еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мұндай жоғары марапатқа сол кездегі оқу ұжымының қай мүшесі де лайық еді. Дей тұрсақ та, өз басым осы үлкен коллективтің ішінен екі көрнекті адамның еңбегін айырықша атап өткім келеді. Олар: сол кездегі училище директоры Жұмахан Нүсіпұлы Букаев пен оның оқу ісі жөніндегі бірінші орынбасары Фатима Гусеинқызы Авчиханова. Өз ісіне шын берілген білікті маман, тәлімді методист, алғашқы оқу жоспарларының авторы Фатима Гусейінқызы колледждегі оқу-тәрбие процессін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жоғары деңгейде жолға қойса, Жұмақан Нүсіпұлы ұжымды ортақ іске жігерлендіре, жұмылдыра білді. Мінезімен, биік адамгершілік қасиеттерімен, іскерлігімен бұл екі басшының екеуі де айналасына үлгі-өнеге болды. Арада аз уақыт өткенде Фатима Гусейнқызының тәлімгерлік мектебінен өткен шәкірті, бағдарламалар жасап, педкеңестер, тарификациялар өткізу, хаттамар толтыру сияқты басқару ісінің ішкі қыр-сырына өзі баулыған әріптесі Нұр Бәтжанұлы Есімбеков республикамыздағы орта кәсіптік оқу орындарының орыс бөлімдерінің білімгерлері мен оқытушыларына арналған алғашқы қазақ тілі бағдарламала-рын, практикалық қазақ тілі, кәсіптік қазақ тілі, қазіргі қазақ тілі, ұлт мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесі сияқты оқулықтар мен оқу құралдарын, оннан астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалаларын жазды. Өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын оятып, тілдің қолданылу аясының кеңеюі жолында елеулі еңбек етті. Қазақстанның барлық ірі қалаларында мемлекеттік тілді оқытудың тиімді жолдары мен проблемалары туралы баяндамалар жасады. Сөйтіп, өзінің сүйікті ұжымы – Есік педагогикалық колледжінің атағы мен даңқын бүкіл республикаға танытты. Осы еңбегі үшін 1992 жылы колледж тарихында тұңғыш рет «Алтынсарин медалімен» марапатталды. Ізденімпаз ұстаз оқытушылық, ғылыми-ізденушілік жұмыстармен ғана шектеліп қалмай, зейнеткерлікке шыққанға дейінгі соңғы он – он бес жылда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары сияқты аса жауапты лауазымдық міндетті мінсіз атқарып, жаңа білім стандарттары мен оқу жоспарларының модульдік нұсқаларын жасауға қатысты. Көп жағдайда атақ-абырой, шынайы марапаттар өз иелерін кешеуілдеп барып тауып жататыны құпия емес. Нұр Бәтжанұлының еңбегінің де лайықты бағасын алатыны алдағы уақыттың еншісінде деп сенеміз.
Колледж тарихының бұдан кейінгі жарқын беттерінің бірі колледж басшылығына 2009 жылы келген Тоққожа Естенұлы Естеновтің есімімен байланысты. Білім жүйесінің барлық баспалдақтарынан өткен, соның ішінде сегіз жылдай Алматы облысы сияқты үлкен өңірдің білім беру ісін басқараған білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушы Тоққожа Естенұлы аз уақытта оқу орнын жаңа тұрпатты білім ордасына айналдырды. Колледждің материалдық-техникалық базасы адам танымастай өзгерді. Ұжымда шығармашылықпен жұмыс істеп, білім алуға қолайлы психологиялық орта қалыптасты. Оқу орнының қазіргі басшысы Алмас Әуезханұлы Жылқыбаев басқараған бүгінгі педагогтар ұжымы аға буынның сол жеңісті жолы мен озық дәстүрін шығармашылықпен жалғастырып келеді. Оның дәлелі – оқу ұжымының соңғы уақыттарда қол жеткізген қомақты жетістіктері. Колледж 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алматы облысының үлдік колледжі» атағын жеңіп алды. Бұл жоғарғы нәтиже – ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен үзілмей келе жатқан рухани байланыстың дәлелі. Осы мақаланы жазып отырғанда менің ойыма біздің қатарларымыздың аузымен әр-әр жерде айтылып жүрген мынандай ұсыныстар келді. Ол: бүгінде зейнет демалысына шығып, әрқайсысы өзінің сүйікті ісімен айналысып жүрген өмірі өнегелі, атқарған ісі «мен мұндалап» сайрап жатқан жоғарыда аттары аталған ардагер ұстаздарға колледж мұражайынан жеке-жеке танымдық-тәрбиелік бұрыштар жабдықталса. Әр оқу жылының басында оқуға жаңа қабылданған білімгерлер колледждегі алғашқы қадамын мұражайға қойылған осындай экспонаттармен танысудан бастаса. Мұндай шара, сөз жоқ, бір жағынан, мұғалім мәртебесін әспеттейтін тағылымдық мәнге ие болса, екінші жағынан, колледждің бүгінгі ұжымының оқу орнының өткен тарихына, оның алтын тамыры – аға буын өкілдеріне деген құрметі мен тағзымын білдірер еді.
Тоққожа ОРАЗБЕКҰЛЫ, ардагер ұстаз.
«КСРО орта және жоғарғы оқу орындарындағы жемісті еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Адамдарға жомарттық танытып, жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың ежелгі дәстүрі.
Бұл күнде игі дәстүр өз маңыздылығын жойған жоқ.
Жақында аудандық мәслихат депутаттары Бағдат Рахимов және Михаил Гусев, қамқоршылық кеңес мүшелері Қырбалтабай ауылының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп-мектеп жанындағы интернатымен және Қызылқазақ бастауыш мектебіндегі көпбалалы отбасынан шыққан және аз қамтылған 20 оқушыны оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Қайырымдылық шарасы кезінде ұстаздар мен ата-аналар қауымы жомарт жандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
А.КУНАНБАЕВА,
әлеуметтік педагог.
«Читательская грамотность – один из базовых навыков для формирования успешной личности, конкурентоспособности и умения взаимодействовать в современном обществе», - отмечает министр образования и науки РК А.Аймагамбетов. Как сообщил глава МОН, по национальным результатам международного исследования PISA (Program for International Students Assessment), которое оценивает ключевые знания и навыки 15-и летних учащихся, необходимые для ведения полноценной социальной жизни, школьники Казахстана значительно отстают от сверстников из других стран Организации экономического сотрудничества и развития (ОЭСР).
Исследование PIAAC (Program for International Assessment of Adult Skills) взрослого населения в возрасте 16–65 лет по умению грамотно читать и писать, считать и решать проблемы в технологически насыщенной среде, в Казахстане дает такую же неутешительную картину.
Основная причина отставания – низкая читательская грамотность. Именно поэтому Глава государства Касым-Жомарт Токаев дал поручение кардинально изменить эту ситуацию и принять меры, чтобы казахстанцы вернули себе прежний статус читающей нации. Но читающей нацией мы можем стать только в том случае, если будем прививать детям любовь к чтению с младших классов. Чтобы подрастающее поколение было функционально грамотным, очень важно, чтобы дети читали добротную художественную литературу. Человек, полюбивший книги с детства, продолжает читать их в течение всей своей жизни.
Вопрос в том, что мы читаем. Эмоционально-духовная нагрузка, получаемая от литературной классики, как отечественной, так и зарубежной, очень важна в современном мире, перенасыщенном сиюминутной, «мусорной» информацией. Такое чтение повышает способность к духовному развитию, воспитывает такие личностные качества, как сопереживание, чувство такта, внимание и доброта. Ничто другое, кроме хороших книг, не дает столь эффективного усвоения широкого спектра культурных ценностей.
В целях поддержки подъема престижа книги («моды на чтение») среди учеников нашей школы с 1 сентября этого года внедрен проект «Читающая школа – читающая нация». Уже привычными стали 20-минутные чтения книг в перерывах между уроками. Для книгочеев библиотекари школы организовали буккроссинг: возле библиотеки установлена полка по обмену книг. Составлены списки рекомендуемой литературы по школьной программе. Педколлективом, администрацией школы налажена активная совместная деятельность всех сторон образовательного процесса: учителей, учеников и родителей. Главную ответственность взяли на себя учителя школы: они проводят благотворительные акции по сбору книг для школьной библиотеки, составляют перечень литературы для семейного чтения, проводят с детьми «Минутки чтения» с последующим обсуждением прочитанного. Дети включаются в увлекательный литературный мир, повышая общую культуру и получая дополнительные знания. Родители только «за», многие сами следуют примеру маленьких «почемучек». Хочется сказать всем участникам проекта: добро пожаловать в увлекательный и неповторимый книжный мир!
Бахтылы КАЛИЕВА,
директор СШ села Балтабай.
Қазақта қолына «Әліппе» ұстап, «Кел, балалар, оқылық!» деп сауатын ашқан баланың барлығы Ыбырай Алтынсариннің есімін жақсы таниды. Ғұмырын халық ағарту ісіне, мектеп ашып, кітап бастырып, бала оқытуға арнаған ұлт педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл толды. Талантты ақын, терең ойшыл, қайраткер Ыбырай Алтынсариннің мерейтойына орай Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 5 «а» сынып оқушылары сынып жетекшілері Ш.Абдуқалықованың ұйымдастыруымен «Дара ұстаз» атты ашық іс-шара өткізді. Шараны Ерасыл Бекболұлы мен Еркежан Кульбаева жүргізді. Оқушылар ұлы ағартушының өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстырды. «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Ананың сүюі» және басқа да өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Әке мен бала», «Бір уыс мақта» әңгімелерінен көрініс көрсетті. Іс-шараның тәрбиелік мәні зор болып, жоғары деңгейде өтті. Оқушыларды білімді, өнерлі болу, сана сезімі жоғары, ілтипатты, өнегелі болуға, еңбек етуге үйретті.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар қазақ халқында. Ұлт болашағын келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің аты мәңгі ұмытылмайды.
Ж.АМИРКУЛОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы