Келешектің келісті болуы, келешек ұрпағымыздың ой-өрісін дамытып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу жолында балабақшаның маңызы зор. Бәйтерек ауылының төрінде орналасқан пәк жүректі бүлдіршіндердің балалық шақтарының куәсі – «Солнышко» балабақшасына, міне, биыл 7 жыл толып отыр.
Бәйтерек ауылындағы «Солнышко» балабақшасында ай бойы тойлананатын әз Наурызды аттандырып, Қазақстан халқының бірлігі мерекесін қарсы алу мақсатында «Наурыз-шашу» атты рухани шара өтті. Аталған мерекелік шараға мектеп ұстаздары мен мемлекеттік қызметкерлер, балабақша ұжымы мен ата-аналар қатысты. «Солнышко» балабақшасының бүлдіршіндері тәрбиешілерімен бірге дастархан жайып, ұлттық салт-дәстүрлер бойынша көріністер қойды. Атап айтқанда, тұсаукесер, бесікке салу салты жан-жақты көрсетілді. Мерекеге орай әр этнос бүлдіршіндері дайындаған ән мен жыр, би мен күй ойналды. Сонымен қоса, балалардың сүйікті кейіпкері «Алдар Көсе» мен «Қожанасыр», «Тазша бала» балдырғандар концертіне мерекелік шашу ала келіп, сәби жүректерді қуанышқа бөледі. Жалпы, балабақша мерекелік шараға айрықша әзірленген. Әсіресе, мерекелік концертте балабақша ұжымы бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан әр этностың бірлігі мен рухани тұтастығын көрсетуге басымдық беріпті. Бүлдіршіндерді ел тұтастығы мен туған Отанға деген сүйіспеншілігі жиылған көпшілікті тебірентті. Шара соңында әр этностың ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, «Достық дастарханы» жайылды. Қазақ, орыс, өзбек, украин ұлтының өкілдері салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, өнерлерін көрсетуде асқан шеберлік танытып, жиылған жұртшылыққа зор әсер қалдырды.
– Бүгінде 200-ге жуық балдырған тәлім алатын «Солнышко» балабақшасы мектепке дейінгі тәрбие мен білімді ұштастырған қасиетті шаңыраққа айналып келеді. Қазір педагогтар ұжымының жаңаша жұмыс істеуге ұмтылысы жоғары, біз қашан да ата-аналардың мектепке дейінгі таңдау және талап қою құқығын ескеру үшін инновациялық технологиялар мен бағдарламаларды енгізудегі шығармашылық ізденістер мен эксперименттік жұмыстарға тың серпін беріп келеміз. Сонымен қоса, балалардың рухани кемелденуіне де аса мән береміз дейді, – дейді балабақша меңгерушісі Әсел Исламбекқызы.
Ерзат АСЫЛ.
Ел жадында ерекше сақталатын есімдер болады. Олар өзгелерден ерекшеленіп, артында өшпес өз қалдырады, елге қызмет етеді, жасампаздықтың үлгілі өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарих бетінен айрықша орын алады. Биыл ұлы Абай айтқандай, ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толды.
Түрген ауылдық округіндегі Д.Қонаев атындағы орта мектепте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Дана тұлға, дара тұлға – Дінмұхамед Қонаев» атты мерекелік іс-шара өтті. Заманамыздың заңғар тұлғасын ұлықтаған рухани шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер, мемлекеттік қызметкерлер мен ұстаздар қауымы қатысты. «Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті» атты концерттік бағдарламамен шымылдығын түрген мәдени шарада сөз алған округі әкімі Ержан Карибаев халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолына тоқталып, салтанатты жиналысқа қатысқан барша қауымға алғыс білдірді. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.
Концерттік бағдарламада Димаш атамыздың жаны сүйген «Алатау», «Атамекен», «Сарыжайлау» сынды қайталанбас әндер шырқалды. Одан кейін рухани шара аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолын баяндайтын мектеп мұражайына экскурсия жасалды. Д.Қонаев ел басқарған ширек ғасырға жуық уақытта өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Оның еңбек жетістіктері, экономика негіздерін құруға қосқан үлестері тәуелсіз Қазақстанның кейінгі дамуына негіз болды. Мектеп мұражайында ұлы тұлғаның ізгі өмірінің ізі сайрап жатқандай.
Шара соңы «Дана тұлға, дара тұлға – Дінмұхамед Қонаев» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциямен түйінделді. Ең әуелі конференция басында аса көрнекті мемлекет қайраткерінің 1992 жылы өзінің есімі берілген білім ордасына атбасын бұрған тарихи сәттен бейнеролик көрсетілді. Саяси ғылымдар докторы, доцент Толқын Құдайбергенқызы «Д.А.Қонаев – ғасырдың дара перезенті», тарих пәнінің мұғалімі Марат Қабдиев «Ел есінде қалар тұлға» тақырыбында баяндамаларын оқыды.
Ауданымыздың құрметті азаматы, Д.Қонаевтың жауапты хатшысы қызметін атқарған мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бауыржан Сабырбаев, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Сауранбаева, филология ғылымдарының кандидаты, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері Диар Қонаев, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұланның немересі Дамеш Марғұлан, ақын, сазгер ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Талғар ауданының құрметті азаматы Кәмнұр Тәлімұлы,облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева, ауданның құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Гүлнар Жошыбаева, «Еңбекшіқазақ» аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Хайролла Ахметжанов, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айжан Тортаева әсерлі әңгімелерін ортаға салды. «Жазылар естеліктер мен туралы» демекші, Дінмұхамед Ахметұлымен қызметтес болған, жұмыс бабымен кездескен, көзін көріп, батасын алған қонақтар Қонаев жайлы құнды естеліктермен бөлісті. Бүгінгі өскелең ұрпақтың Қазақстан мәдениеті, ғылымы, рухани өмірі мен сол мәдениетті жасаушыларға деген қызығушылықтарының күн санап арта түсуінен де ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі мен құрметі анықталады. Сондай өз ғасы-рының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Қонаев.
Конференция соңында мектеп директоры Римма Ахметова республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоғары өтуіне ықпал еткен, саяси ғылымдар докторы, доцент Толқын Ауелғазинаға, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөліміне, келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ұлы тұлғаға тағзым ектен қонақтар мектеп ауласына жасыл шыршалар отырғызып, елімізге амандық, жас ұрпаққа жақсылық тіледі. Сонымен қоса, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен облыстағы Д.Қонаев есімі берілген мектептер арасында волейболдан турнир өтті.
Турнир қортындысына сай, І орынды ауданымыздың спортшылары (70 000 тг), ІІ орынды Кербұлақ ауданы (60 000 тг), ал ІІІ орынды Ұйғыр ауданы иеленіп (50 000 тг), облыстық білім басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
16 наурызда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламентте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Д.А.Қонаевтың есімін қайта құрылатын Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына беру жөніндегі ұсынысын бұқара халық үлкен қошеметпен жылы қабылдады. Бұл дегеніңіз – әділеттіліктің салтанат құрып, талай жыл ескі биліктің тарапынан бұғатқа түсіп келген Дінмұхамед Ахметұлы беделінің «Жаңа Қазақстанмен» қоса қайта жаңғыруының белгісі деп қабылдағанымыз жөн. Осылайша, биыл туғанына 110 жыл толып отырған алып тұлға кезінде өз қолымен салдырған Қапшағай қаласына аты беріліп, өз тұғырын тапты.
Ерзат АСЫЛ.
Ойымызға ең бірінші келетін жауап – олар қанмен қоректенеді. Бірақ қанды тек аналықтары ішетіні бәрімізге белгілі. Бұл шынымен солай. Сонда олардың аталықтар өмір бойы диетада бола ма? Жоқ. Олардың аталықтары да, аналықтары да гүлдің шәрбатымен қоректенеді, бірақ масалардың көптеген түрлеріне қан көбею үшін қажет. Жұмыртқаларды қалыптастыру үшін ақуыздар қажет. Гүл шәрбатында ақуыз жоқтың қасы, ал біздің қанымызда жетіп артылады.
Дернәсілдері пайда болған соң, 3-4 күннен кейін масалардың аналықтары жұптасады, содан кейін өздерінің құрбанын іздеуге кіріседі. Қанды ішіп алған соң аналықтары оны 2-3 тәулік бойы қорытады. Осы уақытта олардың жұмыртқалары жетіліп шығады. Оларды салған соң, аналық қайтадан қан ішіп, жұмыртқалауға дайын болады.
Бірақ өзгенің қанын қажет етпейтін ірі масалар да бар. Имагоның – жәндіктердің ересектерінің мұндай момын болуы олардың құрттарының қанқұмар болуымен байланысты. Қан ішетін масалардың құрттары бактериялар және планктондармен қоректенеді, ал қан қажет етпейтін масалардың құрттары басқа масалардың құрттарымын немесе бір-бірімен қоректенеді. Осылайша жинақталған ақуыз имаго деңгейінде адамдарға шабуылдау жасауды қажет етпейді.
OILA журналынан.
*Имаго – буынаяқтылардың ересек сатысы. Бұл сатыда жәндіктер өспейді, түлемейді, тек қана көбейіп, жан-жаққа таралады.
Жақында орта мектептердің «Жас құтқарушы» жасақтары арасында өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс өтті.
Жарысқа Есік қаласында орналасқан В.Терешкова атындағы, Қ.Сәтпаев атындағы, Райымбек батыр атындағы, Р.Тоқатаев атындағы, Рахат ауылдық №1 орта мектептердің оқушылары қатысты. Жас құтқарушылар өрт сөндіру-құтқару спортынан оқу мұнарасының екінші қабатына шабуылшы сатысымен өрмелеу, жабдықтау және жауынгерлік киімін кию, кедергілерден өту бойынша сынға түсті. Әрбір командада 9-10-шы сынып оқушыларынан құралған сегіз адам өнер көрсетті.
Жас құтқарушылардың біліктілігі мен жаттығуын анықтау мақсатында ұйымдастырылған шара нәтижесінде жабдықтау және жауынгерлік киімін кию сайысында Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Әлия Бақтыбаева І орынға ие болды. ІІ орынға Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп оқушысы Эмир Сұлтан, ІІІ орынға Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Жанас Уналбай ие болды.
Оқу мұнарасының екінші қабатына шабуылшы сатысымен шығу сайысында да Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушылары шеберлік танытты. Аталған оқу ордасының оқушысы Нұрмухаммед Утегенов І орынға жайғасты. ІІ орын Р.Тоқатаев атындағы орта мектеп оқушысы Арнұр Балтабекке және ІІІ орын В.Терешкова атындағы орта мектеп оқушысы Тахир Сулеймановқа бұйырды.
Кедергілерден өту сайысында Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Алихан Жұмахан жүлделі І орынның тұғырынан көрінді. Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп оқушысы Ербол Абдыласов ІІ орынды, осы мектептің оқушысы Ықлас Сабырбек ІІІ орынды иеленді.
«Жас құтқарушы» жасақтары арасында өткізілген өрт сөндіру-құтқару спорт жарысынан командалық есепте І орынға Райымбек батыр атындағы орта мектеп командасы, ІІ орынға Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп және үшінші орынға В.Терешкова атындағы орта мектептің командасы ие болды. Барлық жарыс қатысышулары бағалы сыйлықтармен, медальдармен, кубоктармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Өз тілшіміз.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Хакім Абайдың осы бір шумақ өлеңі шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегін айшықтап тұрғандай. Ақырын жүріп, анық басып, бар білгенін шәкірт бойына сіңіре білген тау тұлғалы ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Райымбек батыр атындағы орта мектептің директоры болған Әлімжан Түбекбаевтың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осыған орай ширек ғасырға жуық басқарған Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте Әлімжан Мұқанұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиетінің музей-кабинеті ашылды.
Қасиетті Рамазан айындағы тағылымды шараға «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Хайролла Ахметжанов, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Надырбаев, мектеп директорлары мен Ә.Түбекбаевтың отбасы, туған-туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері қатысты.
Білім ордасына келген қонақтар алдымен мектеп оқушыларының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Сәні мен салтанаты жарасқан тәлімгерлер әуелете ән салып, мың бұрала би биледі. Қазақтың қара домбырасымен күй тартып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Әлімжан Түбекбаев атындағы музей-кабинеттің салтанатты лентасын қию Хайролла Қасымұлы мен марқұмның бауыры Серік Мұқанұлына бұйырды.
Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Салтанат Турикбаева ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылығын білдірді.
– «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға берген. Мектеп ұжымының қолдауымен, қазақ тілі әдебиеті пәнінің бірлестігі және Ақмарал Жақашқызының бастамасымен ұлағатты ұстаз Әлімжан Мұқанұлы атындағы музей-кабинетінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Осы кабинеттің ашылуына мектеп ұжымы мен түлектердің қосқан үлесі зор.
Тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау – біздің міндетіміз. Зерделі елдің заңғар тұлғасы Әлімжан Түбекбаев ұрпақ үшін тер төкті, өзін аямады, шәкіртін аялады. Еңселі мектеп ғимаратын тұрғызуға атсалысып, өзі басшылық етті. Райымбек батырды ұлықтаған ұстаздың еңбек жолына арналған бұл кабинеттің жастарды тәрбиелеу мен білім беруде үлкен үлес қосатынына, тарихи тұлғаның мектеп үшін, өскелең ұрпақ үшін жасаған қоғамдық әрі адамдық қызметі өнегелі тәлім беретініне сенім мол! – деді Салтанат Рысбекқызы.
Ұстаздар қауымының және түлектердің демеушілігімен ашылған кабинетке Әлімжан Мұқанұлының жеке заттары, жеткен жетістіктері, жазған еңбектері мен марапаттары қойылған. Келген қонақтар, музей-кабинетті аралап, ұлағатты ұстаздың өмір жолымен, қызметімен, шы-ғармашылығымен танысты. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында ұстазға арналған «Райымбек батырды ұлықтаған ұстаз» атты естелік-кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың жарыққа шығуына жетекшілік еткен Шаяхмет Құсайынұлы оқу ордасына батыр бабаның есімін берудегі Әлімжан Мұқанұлының еңбегін атап өтті:
– Албанға ұран болған Райымбек батыр өмірін зерттеп, оны жас буынға оқытудан жалықпаған Ә.Түбекбаев «Совхоз» атындағы мектепке батырдың атын беру үшін талай тер төкті. Сонымен қатар, өзі сырқаттанып жүрсе де, сыр білдірмей, тікелей бабасы Есенаман туралы шежірені жазып, аруақ алдындағы перзенттік борышын орындады. Тірлігінде Райымбек батырды пір тұтып, оның ерлігі мен өрлі-гін болашақ ұрпаққа үлгі еткен ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Ш.Құсайынұлы.
Бәйтерек орта мектебінің директоры Шымберген Құлмұратұлы әріптес жайлы естелігімен бөлісті.
– Әлімжан Мұқанұлымен 90-жылдардан бері бірге қызмет атқарып, еңбек еттік. Ә.Түбекбаев Көктөбе мектебін басқарғаннан кейін аудандық білім бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Сол жылдары білім саласы облыста алдыңғы қатардан көрініп, барлық бағыттар бойынша жетістіктерге жетіп, гран-при иегері атандық. Райымбек батыр атындағы орта мектепте директор болып жүргенде осы ғимараттың салынуына сүбелі үлес қосып, мектептің батыр баба атымен аталуына және мектеп жанындағы көшелерге Райымбек батыр мен батырдың атасы Хангелді есімін беруге де еңбек сіңірді, – деді.
Музей-кабинеттің салтанатты ашылуынан кейін марқұмның аруағына арналып құран бағышталды. Мектептің мәжіліс залында Ә.Түбекбаевты еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды. Шара барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, кәсіподақ жетекшісі Серік Дүйсебайұлы саналы ұрпақ тәрбиелеудегі жемісті еңбегіне тоқталды:
– Әлімжан Мұқанұлымен қанша уақыт араласып жүрсем де ол кісінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін білмедім. Маған ол тарихшы болып көрінетін. Себебі, қазақ халқының өткенін, бабалар ерлігін үнемі насихаттап, тағылымды тарихымыздан сыр шертіп отыратын. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, балаларға сапалы білім беруге арнады. Бүгінде түлеп ұшқан түлектері еліміздің түпкір-түпірінде түрлі қызметтер атқарып жүр, – деді қоғамдық кеңес төрағасы.
«Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов:
– Әлімжан Мұқанұлының мінезі тік, қайсар жан еді. Құдай берген осы мінезінің арқасында өмірде талай қиыншылықтарды жеңіп, өзіміз отырған осы зәулім оқу ордасының бой көтеруіне себепші болды. Мен облыстық мәслихат депутаты болған тұста апатты жағдайда тұрған Райымбек батыр атындағы мектептің жағдайын жеткізіп, талай табалдырықты тоздырған. Төтенше жағдай қызметімен мектеп ғимаратын тексеріп, балалар өміріне қауіпті екенін дәлелдеді. Алған бағытынан қайтпай, хан сарайына бергісіз қазіргі мектеп ғимаратын салғызуға себепкер болды. Бірнеше жылдың ішінде мектеп аумағын жайқалған жасыл желекке айналдырды, – деп өзінің естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, әкесі жайлы ой қозғаған Айнұр Әлімжанқызы көпшіліктің көзіне жас үйірді:
– Ешбір бала өз әкесі туралы толық білемін деп сеніммен айта алмаса керек. Әйтсе де, өз әкеңнің ең болмағанда бір қырын тани алсаң, әке алдындағы перзенттік борышыңды өтеуге ұмтылыс болар. Бірақ, әке алдындағы перзенттік парыз ешқашан өтелмейтіні анық. Әке өз перзенті үшін жауапкершілігімен қоса, өз сәбиіне қорған да болмақ. Әке – өмір мектебінің алғашқы ұстазы. Әкемізге қарап қана өз ойымыздың, пиғылымыздың түзулігі мен әр басқан қадамымыздың дұрыстығын аңғарамыз. Ұстаз-әке лайланған ой санаңды тазартып, тазалық шуағын себеді. Ол – өмірдің тар жол, тайғақ кешулерінде талмай, тынбай, шаршамай биікке жол бастайтын асыл тұлға. Әкем жайлы ойлай бастасам, санамда ғажайып бір сезім оянады. Уақыт өткен сайын оның тұлғасы іріленіп, биіктеп бара жатқанай. Мен сіздің алдыңызда мәңгі борыштымын. Ол борыштың ешқашан өтелмесін де білемін... – деген Айнұр Әлімжанқызы әкесіне арналған жыр шумақтарын оқыды.
...Әкешім – тамыры терең еменімсің,
Тұңғиық ойға толы тереңімсің.
Әулеттің сырын шертіп, тармақтаған,
Өзіңді шежіреге теңедім шын.
Әкешім, бір мен үшін орның бөлек,
Өзіңді жақсы көрем елден ерек.
Өз жанын баласы үшін садаға етер,
Әкелер дәл өзіңдей болу керек!
Шара барысында Әлімжан Мұқанұлының дос-жарандары, әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері өздерінің естеліктерімен бөлісіп, марқұмды еске алды. Ақ дастархан басында бас қосып, құран бағыштады.
«...Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» – деп ғалым Қаныш Сәтпаев айтқандай, шәкірттердің бойындағы білім атты асыл тасты жарқыратуға үлес қосқан Райымбек батырды ұлықтаған ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Сардарбек НҰРАДИН.
Соңғы жылдары инфекция қорының жоғары, әрі жан жақты болғанын өндірістік бақтардан ғана емес, жеке секторлардан да байқауға болады. Бақ ағашының бактериялық күйігі – өте қауіпті жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы – Erwinia amylovorа (Bull).
Бактерия – өсімдіктердің 160-180 түрін зақымдайды, оның ішінде ең алдымен алмұрт, алма, айва, долана, итмұрын, шетен және тағы басқа түрлері. Ағаштың барлық мүшелерін: бүршіктерін, гүлін, жапырағын, бұтақтарын, штамбын зақымдайды.
Зақымдалған ағаштың гүлдері қарайып солады, түйіндері мен жемістері де қараяды, бірақ ағашта ілініп тұрады. Аурудын ең алғашқы өзгеше белгісі – аса-таяқ (посох), 1 жылдық кеуіп кеткен жас бұтақ иіліп ілмекке ұқсап тұрады. Ағаштың қабығы жарылып, бұтақтары кеуіп, қызыл-қоңыр түске еніп, зақымдалған ағаштың түрі күйіп кеткендей әсер қалдырады.
Ауру ағаштардың көшеттері, құрал-саймандар, ыдыс арқылы және өсімдіктің вегетациялық кезеңінде, жәндіктер, суармалы сумен де таралады. Көктем ылғалды және жаңбырлы болса бактерияның белсенділігі артады.
Қауіпті ауруға нақты емдік шаралар әзірше табыла қойған жоқ, бірақ соған қарамастан аурудың таралу қарқындылығын бәсеңдету үшін, алдын ала агротехникалық және фитосани-тарлық іс-шараларды қолдануымыз қажет:
– Жеміс ағаштарының күйігі таралған аудандарда отырғызылатын материалдарды тасымалдауға тыйым салынады.
– Ауру табылған жағдайда залалданған өсімдіктердің барлығы қазылады және санитарлық шаралардың ережесіне сай жойылуға тиіс немесе залалданған бұтақтарды 20-25 см аралығында шырпып алып, өртеу керек. Кесілген бұтақтардың орнын 1% мыс қосылған қоспамен немесе бақ нұмын (садовый вар) жағу қажет.
– Аурудың алдын алу мақсатында 3% бордос сұйықтығымен бірнеше рет өңделуі тиіс.
– Залалдың алдын алу шарасына төзімді сорттар шығару және төзімді сорттарды отырғызу да жатады.
Осыған байланысты қазіргі таңда ауыл шаруашылық министірлігі тарапынан бақ иелеріне құртылған ауру ағаштар үшін өтемақы төлеу жағы қарастырылуда.
Еңбекшіқазақ ауданы бойынша «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің Еңбекшіқазақ аудаңдық филиал мамандары жүргізген анықтау жұмыстары нәтижесі бойынша 2012-2021 жылдар аралығында залалданған алқап 344,04 га құрады. Осы жылдар аралығында 221,836 га алма бақ қопарылды.
А.САДЫКОВА,
Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық инспекциясының
өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы.
Жақында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына орай Әймен орта мектебінің базасында 28 мектептің қатысуымен ауданаралық әскерилендірілген «Спорт фест» жарысы өтті.
Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген командалар алғашқы әскери дайындық бойынша өздерінің өнерлерін көрсетті. Сайысқа белсене қатысқан мектебіміздің 8-11 сынып оқушылары В.Незгаворова, Р.Махамбетова, Ж.Темирова, Д.Селиханов, С.Курдюмов, З.Хаджиев ерекше дайындығымен III орынды иеленді. Жетекшілері Р.Саитов мектебімізге жарысқа келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Шара соңында жеңімпаз командалар марапатталды.
Г.ДЖАНДАРОВА,
Әймен орта мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.
ХХІ ғасырда адамзат тұрпаты түбегейлі өзгерді. Өзгеріске әкелген адам баласының қиялынан туындап, үздіксіз дамып жатқан технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда күнделікті тұрмысты ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Ақпараттық технология қарыштап дамыған осындай заманда мемлекет үшін шикізатқа ғана тәуелді болу өте қорқынышты. Әлемге көз салсақ техникасы дамыған елдің ғана болашағы кемел болары сөзсіз. Ол үшін мектеп жасынан жаңа техноологияны меңгеруіміз керек. Меңгеріп те жатырмыз. Осыдан 4 жыл бұрын №1 Рахат орта мектебінде робототехника кабинеті ашылған болатын. Жақында аталған оқу ордасына барып, оқушылардың жетістігімен танысып қайтқан едік.
– Бүгінгі таңда техника көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Болашақ жастардың қолында дейтін болсақ, жастарды заман көшінен қалдырмау – біздің борышымыз. Осы орайда мектебіміздегі робототехника кабинеті 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл кабинет қазіргі «Аманат» партиясының тікелей қолдауымен ашылған еді. Осы жола атқарып жатқан еңбектеріміз өз нәтижесін беруде, – дейді робототехника кабинетінің жетекшісі Еркінай Қайыпрахманқызы.
Мектеп оқушыларының робот құрастыруға, жаңа технологияны меңгеруге деген қызығушылықтары өте жоғары. Аталған кабинет олардың білімін шыңдауға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Робототехника кабинетінде осы уақытта 80-ге жуық бала тәлім алып, таланттарын шыңдап жүр.
Робототехника кабинетінің ашылғанына ұзақ уақыт болмаса да, оқушылар қызығушылық танытуда, жеткен жетістіктері де аз емес. 2019 жылы «Балапан» телеарнасында «і-balapan» бағдарламасына 3 оқушы қатысқан. Сарбиназ Жақсылық есімді оқушы «Қыздар да ІТ саласында жұмыс істей алады» деген жобасын қорғап шыққан. Дәулет Мұхамедияр 3D қаламы бойынша, Малика Болат 3D модельдеу бойынша жобасын қорғады. 2020 жылы Нұрқасым Аманжол робототехника бойынша республикалық байқауда 1-ші орын алған.
– Қазіргі жастардың, тіпті сәбилердің де техникаға жақындығын көріп жүрміз. Кішкенталай балалардың өзі смартфонды оңай қолданып, тіпті, техниканың біз білмейтін мүмкіндіктерін көрсетіп жатады. Қазіргі таңда техниканы жетік меңгеруге белсене кіріскен шәкірттерімізбен алға қойған жоспарларымыз ауқымды. Сондықтан оқушыларға робототехника, ІТ саласы өмір бойғы ізденісті талап ететінін жиі ескертеміз және мемлекетіміздің болашағы мен экономикасына тікелей ықпалы барын түсіндіреміз. Біз тәлімгерлеріміздің ІТ саласында өз орнын табатын тұлға болып қалыптасуында іргетасын қалаймыз, – дейді кабиет жетекшісі.
Оқушылардың жасаған техникаларымен танысып, оларды да сөзге тартық.
– Біз бұл жерде әртүрлі роботтарды, робот көліктерді құрастырамыз және оларға бағдарламалар орнатамыз. Өз қолымыздан шыққан ақылды үйлер мен роботтардың макеттері де бар. Біз қазір тобымызбен бірге адаммен сөйлесетін, адамның шаруасына көмектесетін робот құрастырудамыз. Болашақта ұстаздарымыздың үмітін ақтап, халықаралық додаларда топ жарсақ, өзіміз ойлап тапқан дүниелерді толығымен жетілдірсек деген арманымыз бар. Сол арманға жету үшін ізденіп келеміз, – деп ойын жеткізді робототехника кабинетнің тәлімгері – 10 «А» сыныбының оқушысы Арай Дінмұхамедқызы.
Техниканың қарыштап бара жатқан ғасырында, бүгінгі жас ұрпақ оның тетігін игеріп, тілін табуға құлшыныс жасауы бізді қуантты. Жастарымыз болашақта елімізді үлкен жетістіктермен алға жетелейтініне сенім мол.
Р.НАРХАНОВ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаймын», – деп ерекше атап өткен. «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз айтқандай, мынау тіршілікте адам баласының алтынға айырбастап ала алмайтын аяулы сәттері көп-ақ. Халқымыз желкіндеп өсіп келе жатқан қыз баланы елдің көркі мен қуанышы санаса, ал ер баланы елдің қорғаны санаған. Балалық шақ адам өміріндегі ұмытылмайтын қызықты да бақытты кезең.
Балалар жылына байланысты Таутүрген негізгі орта мектебінің 3 сынып жетекшісі Гүлнар Сәрсенқызының ұйымдастыруымен «Біз бақытты баламыз!» тақырыбында үлгілі тәрбие сағаты ұйымдастырылды. «Көңілді күн» әнін орындаған балалар қиынды суреттер арқылы бақытты балалардың суретін жинап, «Бала деген кім?» деген сөздің астарын айтып, балалық балдырған шақтың қызықтарын сезіну арқылы бақыт ұғымының шексіздігін ұғына білді. Сынып жетекшісінің «Бақыт деген» әнін орындау барысында мың бұрала билеген балалар көңіл күйлерін көтеріп, «Бақыт» сөзінің әр әрпіне сөздер құрап шықты. (Б – бала, а – аман-есен, қ – қасыңнан, ы – ылғи, т – табылсын). Сыныптың жас ақыны Рамазан Тленчиев інісіне арнаған «Бауырым – інім» өлеңін оқыды.
Балалық шағым,
Бақытты бағым.
Арайлы таңым,
Өзімнің барым.
Балдәурен тілім,
Бауырым – інім!
Аман боп жүрші,
Артымнан ерген ізім!
Сонымен бақыт дегеніміз – ой-арманның орындалуы, қуанышты сәттің көп болуы, біздің әсем тұрағымыз, деніміздің саулығы, бейбіт өміріміз, жанұяның татулығы, береке, бірлігі. «Дін – Алладан, тіл – анадан, салт-дәстүріміз – бабадан келеді», демекші тағылымы мол тәрбие сағаты балалардың білім көкжиегін көңейтіп, жақсы әсер сыйлады.
Г.АНАРҚҰЛОВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Тұзды тек тамаққа дәм беруші ретінде ғана пайдаланбай, басқа да пайдасын біле жүріңіздер!
– Балық иісі шығып тұрған ыдысты тұз қосылған суық сумен жуып көріңіз.
– Қол орамалдарды жуудан бұрын, оны бір уыс тұз ерітілген жылы суға 2-3 сағат бойына салып қойсаңыз, әбден сіңіп қалған дақтарды кетіруге көмектеседі.
– Жұмыртқа пісірілетін суға тұз салыңыз. Сонда жұмыртқа жарылған жағдайда, тұзды суда ағып кетпейді.
– Кесілген алма қайнатылғанға дейін қарайып кетпеуі үшін, оны аз уақытқа тұздаған суда ұстаңыз.
– Кесілген пиязды тұздап қойса, өзінің қалпын ұзақ сақтайды.
– Тағам қуырған кезде табаға кішкене тұз сепсеңіз, май шашырамайды.
– Духовкаға қойған печенье күйіп кетпес үшін форма астына аздап тұз салу керек.
– Балық тазалаған кезде қолды тұзға батырып алу керек. Жұмысты жеңілдетеді.
– Көкөністердегі жәндіктерді тазарту үшін, оны пісірер алдында тұзды суға батырып алу керек.
– Жаңа сатып алынған шойын табаны пайдаланудан бұрын әуелі қатты жанып тұрған отқа қойып, ішіне тұз салып өртеп алу керек. Тұз құйып, қоңыр қызыл түсті болған кезде табаны оттан алып қоясыз да, біраздан кейін сол тұзбен табаның ішін ыстықтай сүртесіз. Бұдан кейін табаның ішін өсімдік майымен майлап, пешке қойып, әбден қыздырып аласыз. Осылайша қыздырылған табаға тамақ жабыспайтын болады.