Ұстаздық – ұлағатты іс. Өмірде өскелең ұрпақ үшін тер төккен ұстаздар қауымының қашанда орны ерекше. Халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы: «Қанша ғасыр өтсе де адамзат баласы ардақ тұтар ұстаз – мәңгілік қастерлі ұғым, барлық мамандық атаулының басы және шыңы», – деп тұжырымдаған болатын. Себебі, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әрбір ұстаз жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусәр бұлағынан сусындатып, оларға жүрек жылуы арқылы нұрлы жол нұсқары анық.
Ұзақ жылдар бойы білім саласында тер төгіп, сансыз шәкірт тәрбиелеп, шартарапқа қанат қақтырған ұлағатты ұстаздың бірі – Гүлдар Тажібаева. Бәйтерек ауылдық округіндегі Әл-фараби атындағы орта мектептің жоғары сыныптарына математика пәнінен сабақ беретін білікті маманның шәкірттері биылдың өзінде екі «Алтын белгі» қорғап, өзгелері дерлік оқу грантына ие болыпты. Білім беру саласында 40 жылға жуық еңбек еткен ардақты ұстаз жуық арада зейнетке шығады екен. «Ұстаздық – жан-жақты білімділікті, шеберлікті, мейірімділік пен талапшылдықты қажет ететін киелі мамандық. Ұлы ойшыл Абай атамыз айтқандай «көрсем, білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған мамандық иелерінің еңбегі ұшантеңіз», – дейді ардагер ұстаз.
Бұл білім ордасының үздік жетістіктерге қол жеткізуін білікті мамандардың қажырлы еңбегінен бөліп қарауға болмайды. Саният Магамадова 20 жылдан бері осы оқу ордасында ұстаздық жолын жалғап келеді. Орыс тілі мен әдебиетінің маманы мектеп руханиятына нәр беретін көптеген жобаларға жетекшілік еткен. Ардақты ұстаз биылғы жылы «Орыс халқының мақал-мәтелдері» атты авторлық еңбектің басылым көруіне мұрындық болыпты. «Бүгінгі білім беру жүйесі заман талабына сай жаңашылдықпен, оқу-тәрбие үдерісін үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізетін, ұйымдастырушылық қабілеті жылдар сынағында танылған, әріптестерімен тіл табысып, іске жұмылдыра білетін қабілеттерді талап етеді. Сонымен қатар, ұстаз өзі де үйренуге, білуге құмар, өз мамандығын жетік меңгерген жан болуы шарт. Білім беру ісінде рухани құндылықтың алар орыны айырықша», – дейді үздік ұстаз.
Біз сөз етіп отырған Әл-фараби атындағы орта мектепте үзілмеген ізгі дәстүр, өнегеге толы орта барын аңғардық. Қажмұрат Ибрагимов 25 жылдан бері аталған мектепте еңбек етіп келеді. Музыка пәнінен сабақ беретін ұстаздың дарынды шәкірттері сан мәрте облыстық, аудандық байқауларда топ жарыпты. Бүгінде қадірлі ұстаз «Жүз ән» сынды жобаға жетекшілік етіп, мектеп қабырғасында ұлттық өнердің қамқоршысы болуда. Мектеп директоры Жанат Нұрамбаевтың сөзінше, білім ордасында оқу мен тәрбие жұмысына бірдей мән беріледі екен. Қысқасы аталған мектеп әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамазаттың қас жауы», деген дана тағылымын берік ұстанған. «Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Сіздердің өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз», – дейді Әл-фараби атындағы орта мектептің ұстаздар қауымы.
Е.АСЫЛ.
Білім күні мерекесі қарсаңында Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде ауданымыздағы ұлағат иелерінің басын қосқан дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылау және жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттерін айқындайтын шара биыл «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық, отаншылдық қасиет» тақырыбымен ұйымдастырылды. Жиынға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Байғоджаев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов, ардагер ұстаздар қатысып, алдымен білім ошақтары ұйымдастырған көрмені аралады.
Шара барысында алғашқы болып сөз калған Бауыржан Мыныханұлы ұстаздардың ерен еңбегіне алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мұғалімдер қауымына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен тарихтағы ең ұлы істің бірі» демекші ұлт пен мемлекет алдындағы ұлы істердің барлығы сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен іске асады. Содан болар, ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу – парыз. Олардың жағдайын жасап, жақсылығын асыру – міндет. Сапалы білім – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекелестікке түсудің, кемел келешектің, қарқынды дамудың басты шартына айналды. Сол үшін де біз әрқашан білім саласына қолдау көрсетудеміз. Біз үшін бұл мемлекеттік саясаттың ажырамас саласына айналған үлгілі үрдіс. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ұстаздар мүддесі мемлекет назарынан қалт кеткен емес. Оның нәтижесі де көз алдымызда, – деді Б.Бименов
Рас, бүгінгі таңда ұстаздарға деген құрмет ерекше. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен педагог мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар атқарылуда, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Педагог мәртебесі туралы» заңды табысты іске асыру педагогтің беделін арттыруға мүмкіндік береді. Педагогтердің жалақысы артты, келесі жылы Президенттің тапсырмасымен тағы да 25 пайызға көбейеді. Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі оқу жүктемесі азайтылды, осыған орай оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылды. Үш ауысымды мектептерден басқа барлық оқу ошағы бескүндік жұмыс форматына көшеді. Мұндай өзгеріс педагогтердің 56 күндік еңбек демалысына еш әсер етпейді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағытында қанатқақты жоба ретінде апробациядан өткізіліп жатқан «Екі тәрбиеші» жобасы еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарға енгізіле бастайтынын күні кеше оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов атап өткен болатын. Десе де, қай кез, қандай заман болмасын ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, айтылар тілек те, қойылар талап та көп. Оның бастысы – осы заманғы озық білімнің, тәрбие мен тәлімнің қайнар көзі болудан шаршамау. Осы бір тұста, халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаласың» деген өсиет бар. Өйткені заман «білектінің емес, білімдінің заманы» екені даусыз.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Бименов аудан аумағында білім беру саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ағымдағы жылы білім саласының бюджеті 43,4 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 11 млрд теңгеге артып отыр. Ал соңғы үш жылда білім саласына бөлініп отырған қаржы 15 млрд теңгеге өсті. Соңғы жылдардағы өмірімізге елеулі өзгеріс алып келген дағдарыс жағдайлары мен жаңа талаптар адамдардың күнделікті өміріне ғана емес, сонымен қатар білім беру саласына да әсерін тигізген болатын. Ол өз кезегінде білім беру жүйесіндегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуден бастап, ресурстарды қажеттіліктерге сәйкес келтіру, сапалы цифрландыруды қолжетімді ету сияқты көптеген кемшіліктер мен теңсіздіктерді көрсетті. Сондықтан, ауданның мектептері 100 пайыз кең жолақты интернетке қосу, заманауи цифрлық платформаларды дамытуды қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы жеке компьютер алуға жергілікті бюджеттен 24 млн, «STEM» кабинет жабдықтауға 15 млн және мектептің кітапханасын модернизациялау үшін 13,6 млрд теңге бөлінді. Ауданның білім беру мемлекеттік мекемелерінің жүйелерін информатизациялауға 19 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту бойынша кешенді жұмыс жүргізу арқылы қамтуды 99,7 пайызға дейін жеткіздік. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарында мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға 9,5 млрд теңге қаражат игерілді. Демографиялық өсім мен көші-қон аудандағы мектептерде оқушыларды оқу орнымен қамтамасыз етуге әсерін тигізуде, ауданда үш ауысымда 5 мектеп бар, сонымен қатар 7 мектептің ауысу қаупі туындауда. Сондықтан, бүгінгі таңда Есік қаласында 5,3 млрд теңгеге «BI-GROUР» мердігерлік компаниясы 1500 орындық мектептің құрылысын жүргізуде. Осы мектепті салу арқылы Есік қаласындағы мектептердің бірегейінде үш аусымды оқу мәселесін шешу күтілуде. Төле би ауылындағы сметалық құны 2 млрд теңге болатын 450 орындық білім ошағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2000 орындық жекеменшік мектеп ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды, жер телімі бойынша сұрақтар бүгінгі күнде қарастырылуда. Сонымен қатар Бәйтерек ауылында салынған 500 орындық жекеменшік мектептің лицензиясы жасалуда. Оған қоса, Ташкенсаз ауылындағы Абдуллин атындағы орта мектептің және Қазақстан ауылындағы Қайыпов атындағы орта мектенің жанынан 2,6 млрд теңгеге 300 орындық жапсаржайлардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстар бойынша сөз жүзінде емес, іс жүзінде шешілуге тиіс біраз мәселелер бар екенін атап өткен жөн. Соның ішінде білім саласын сапалы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, сұранысқа ие мамандардың тапшылығын шешу, мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылымға, цифрландыру мен материалдық қорға байланысты мәселелерге назар аудару – маңызды фактордың бірі. Бұдан бөлек бейімделген мектептердің орнына жаңа 12 мектептің құрылысына жобалық құжаттарын әзірлеуге өтінім берілді. Білім беру нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес аудандағы 84 мектептің 29-на күрделі жөндеу қажет, – деді Бауыржан Бименов.
Сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
– Әрбір білім беру ұйымының міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру. Сол себепті 2022-2023 оқу жылында білім беруді ұйымдастыруда білім беру мекеме басшылары білім алушылардың білімін толықтыру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету, цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау, білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету сынды міндеттерге баса назар аудару қажет. Республика бойынша сапалы білім мен тәрбие беруде биылғы оқу жылындағы басты жаңалық – оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу аптаға, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптаға ұзартылады. Сабақтың апталық ұзақтығы (үшауысымдық мектептерден басқа) 5 күндік жүйеге көшу толығымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар бес күндік режимде жұмыс істейтін мектептердің әкімшілігі мен мұғалімдері де 5 күндік жүмыс жүйесіне көшеді. Кезінде Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз тілінде тәрбие көрмесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген екен. Сондықтан баланың өз ана тілінде әліпбиді тануы арқылы дүниетанымының қалыптасуы және үлгерімін көтеру үшін қажет деп танып, биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1 қазақ сыныптарында «Әліппе» мен «Ана тілін», орыс, ұйғыр сыныптарында орыс тілі мен қазақ тілін оқытуға басымдық беріліп, шет тілдерін 2, 3 сыныптан бастап оқыту көзделуде. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі әрбір сабақта оқушыларды уақтылы қолдау, оқудағы прогресс, балаларды оқуға ынталандыру, білімдегі олқылықтарды анықтау және олардың оқу жетістіктерін көрсету, көңіл күйдегі қобалжуын психологиялық қолдау үшін «Оқушылардың көңіл-күйін бақылау» журналын жүргізу ұсынылады, – дейді Бәтес Маратқызы.
Білім беру саласында педагогтердің статусын көтеріп, кәсіби құзыреттілігін арттыру елімізде жүріп жатқан инновациялық жаңғырту жағдайында жүзеге асуда. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарына тек кәсіби білімі бар ғана емес, оның ішінде кәсіби құзыреттілігі жоғары, инновациялық үдеріске тез бейімделіп, жаңашылдықты қолдайтын, өзіндік ұстанымы бар педагогтер қажет. Ағымдағы жылы «Білім туралы» Заңға өзгеріс еніп, ұстаздар қауымы біліктілікті арттыру курстарынан үш жылда бір рет өтетін болды. Ауданда 6500 педагог сапалы білім мен тәрбие беруде. 4000-нан астам ұстаз өз біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен. Ал биыл жаз айларында пәндік құзыреттілікке бағдарланған «Өрлеу» және педагогикалық шеберлік орталықтары өткізген курстан 982 ұстаз біліктілігін көтерді. Сонымен қатар біліктілігін арттыру курстары «Blended Learning» режиміндегі курстар да өтуде. Бұл курс тыңдаушыларға өндірістен қол үзбей өз бетімен білім алуға, дәстүрлі әдістемелер мен өзекті технологияларды біріктіруге, жұмысты өз бетінше ұйымдастыруға және жоспарлауға, білім алуға және талдауға, ақпаратты іздеуге және іріктеуге, шешімдер қабылдауға, жобаларды таныстыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Конференцияда балаларды балабақшамен қамту мәселесі де айтылды. Баланы әлеуметтендіретін ең бірінші орта, барлық білім беру жүйесінің негізі – мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 173 мектепке дейінгі ұйымдарда 16564 бала қамтылған, бұл балаларды балабақшамен қамтудың 99,7 пайызын құрайды. Балаларды ерте жастан дамыту мәселесі ерекше маңызға ие. Бүгінде мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелерде тәрбиелеу мен оқыту сапасын бағалау жүйесінің болмауы, тексеру рәсімін оңайлату, лицензиялауды алып тастау, мектепке дейінгі ұйымдар қызметіне хабарлама тәртібі енгізілген болатын. Ал «Балапан» бағдарламасының мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында ашылған балабақшаларда лицензиялау үдерісі мүлде болған емес. Кейбір жекеменшік балабақшаларға бейімделген ғимараттардың нормативтік талаптарға сай келмеуі, білікті мамандардың аздығы тәрбиелеу мен оқыту сапасының төмендеуіне алып келуде. Сондықтан да мемлекет тарапынан балабақшаларды лицензиялау жұмыстарының механизмін бірте-бірте енгізу қарастырылуда.
Бөлім басшысының айтуынша, ауданымызда 234 бала инклюзивтік білім алуды қажет етеді. 328 мүмкіндігі шектеулі бала үйден оқиды. Яғни, әлі де қамтылмаған балалардың қажеттілігін өтеуде арнайы бағдарланған шаралар ұйымдастырылуы керек. Бұл өзекті мәселені шешуде арнайы білікті мамандар мен материалдық база үшін қаржы қажет екендігі белгілі. Инклюзивті білім беруге қолайлы орта қалыптастыруға жағдай жасау мақсатында ауданымыздың 39 мектебіне 27 млн теңгеге пандус қойылған. Сонымен қатар 90 мемлекеттік білім беру мекемелеріне 138 млн теңгеге пандус қоюға облыстық білім басқармасынан қосымша қаражат бөлуге сұраныс берілген.
Балаларымыздың еңбекқорлығын, оқуға құштарлығын арттыруда ел Президентінің бастамасымен республика бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынғаны мәлім. Осы жоба аясында әр білім мекемесінде электронды кітапхана бұрышы, «Буккросинг бұрышы» QR кодтары бар кітап тақтайшаларын орнату арқылы оқырманның кез келген орында кітап оқуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Кітапханаларда ескі сөрелерді жаңа тенденцияларға сәйкес модернизациялау жүзеге асуда. Оның айғағы, ауданымыздағы 15 мектептің кітапханасы заманауи жаңа келбетке ие болды.
Бәтес Аманова өз баяндамасында қашықтан оқыту жүйесі мен балалардың жеткен жетістіктеріне ерекше тоқталды.
– 2020 жылдың 16 наурызынан бастап білім беру жүйесінде бұрын соңды болмаған жаңа ұғым пайда болды. Қашықтықтан оқыту ұғымы қоғамда болған ауыр пандемия салдарынан өмірімізге дендеп енді. Ешкім де қашықтықтан оқуға дайын болмағаны жасырын емес. Қашықтан білім беру кезінде оқушылардың білімінде пайда болған олқылықтармен жұмыс екі жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Осыған байланысты жазғы мектеп жұмыстары ұйымдастырылуда. Ұстаз еңбегінің өлшеусіз ерен екендігі осы тұста айқын көрініс тапты. Олқылықтармен жұмыс жүргізуде ауданымызда білім сапасын көтеруге бағытталған, тәрбиенің ұлттық құндылықтарына негізделген тың жобалар қолға алынып, ауыл мектептерін қала мектептеріне жақындастыру мақсатында «Білім сапасын арттыруда тиімді жұмыс істеу режимі», педагогикалық менеджментті жетілдіруде «Табысты мектеп акселераторы» жобалары іске асуда. Сонымен қатар мұғалімдер арасында аудандық білім бөлімі жалпы білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың білім сапасын арттыру, олқылықтарды жою және толықтыру бойынша жоғарғы оқу орындарымен бірлескен кешенді жұмыс жоспары құрылып, іс-шаралар орындалуда. Осы жобалардың нәтижесінде ұстаздардан тәлім-тәрбие алған оқушыларымыз да өз білімдерін, қабілеттерін облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобаларда сынға салып, жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтар болсам, республикалық және облыстық ғылым негіздері бойынша пән олимпиадасынан 54 бала, облыстық «Дарын» ғылыми жобасынан 12 оқушы, облыстық «Зерде» шығармашылық байқауынан 8 оқушы, республикалық және облыстық оқу байқауларынан 13 оқушы, «Мың бала» ұлттық олимпиадасынан 10 оқушы, «Айқанат» олимпиадасынан 10 оқушы, сонымен қатар спорттық ойындардан 21 команда жеңіс тұғырынан көрінді. 5 баламыз «Елбасы» медалінің иегері атанды.
Дана халқымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді. Жетістікпен марқайып, кемшіліктерімізді байқамасақ, ілгері дами алмайтынымыз анық. Сондықтан мектеп басшыларына алдағы оқу жылында дарынды балалармен жұмысты жандандыруды тапсырамын. Сонымен қатар, айта кететін биылғы жылғы жаңалықтардың бірі – облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері мен олардың жетекшілеріне бір реттік сыйақы тағайындалып, халықаралық олимпиада, ғылыми жоба жүлдегерлері жоғарғы оқу орындарына түсу гранттарын еш кедергісіз иеленетін болады, – деді бөлім басшысы. Сондай-ақ, Бәтес Маратқызы Бауыржан Мыныханұлынан балалардың бос уақытында интеллектуалдық қабілеттерін арттырып, еңбекқорлыққа баулуға ықпалын тигізетін қосымша біліммен қамтуға арналған ауданымыздың орталығы Есік қаласы мен Шелек ауылында «Оқушылар үйін» салуға ықпал етуін сұрады.
Тамыз кеңесінде жарыссөзге шыққан Абылай хан атындағы орта мектеп директоры Ләйлә Тункаева мен директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Ерболатқызы, Саттаров атындағы орта мектеп директоры Айгерім Сарыбаева және директордың орын-басары Ақбота Нұрланқызы, Қонаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құлпынай Жандуллаева мен аудандық №14 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің әдіскері Гүлназ Бідібай, №1 Рахат орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Еділ және жасөспірімдерді қорғау аға инспекторы, полиция капитаны Айгерім Акимжанова білім беру жүйесін дамытудағы, балалардың құқығын қорғаудағы, инклюзивті білім берудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын барысында білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет еткен мәслихат хатшысы Бекет Ахметовке сөз кезегі ұсынылып, Бекет Төлегенұлы балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, ардагер ұстаздарға алғысын білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов мұғалімдерді түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады. Тамыз кеңесінің соңы аудан өнерпаздарының ұйымдастырған мерекелік концертіне ұласты.
С.НҰРАДИН.
1853 жылы 24 тамызда картоп қытырлағын алғаш рет американдық Джордж Крам ойлап тапты. Бұл кездейсоқ пайда болған дәм.
Бірде мейрамханаға тамақтануға келушілердің бірі қалың кесілген картопты ұнатпайды. Ызаланған аспаз Крам картопты өте жұқа тілімдерге кесіп, қонаққа ұсынады. Қонаққа оның дәмі қатты ұнайды.
Картоп қытырлақтары туралы қызықты деректер:
1. 1860 жылы Крам өзінің мейрамханасын ашты. Бұл әлемде қытырлақ жеуге болатын бірінші орын болды. Мейрамхана тез арада Саратога-Спрингс курортына келетін бай американдықтар үшін сәнді орынға айналады. Айлайда өзімен алып кету үшін қытырлақтар сатылмаған, себебі сату өнертапқыштың ойына келмеген. Дегенмен, дайындау әдісі қарапайым болған қытырлақтарды көп ұзамай американдық мейрамханалардың көпшілігінде ұсынатын болған.
2. Қытырлақты ойлап тапқан Джордж Крам 92 өмір сүрген. Оның ұзақ өмір сүруінің бір құпиясы – ол ешқашан өзі ойлап тапқан тағамын жемеген. Бәзбіреулер ол қытырлақтарды жек көрген деседі.
3. Қытырлақтарды жаппай өндіру тек 1895 жылдан басталған. Уильям Таппендон алдымен өз асханасында, кейіннен зауыт сала отырып, қытырлақтарды шағын көлемде өндіруді бастайды.
4. Алайда өндірістік, яғни үлкен көлемде қытырлақтар әлдеқайда кейінірек шығарыла бастады. Механик Фриман Макбет 1929 жылы әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік қытырлақ жасайтын машинаны ойлап табады. Бүкіл процесс 15 минуттан аспайтын болған: машина картопты жұқа тілімдерге кесіп, олардан крахмал жуылады. Тілімдер кептіріліп, қайнап жатқан майда қуырылады. Содан кейін тұз және әртүрлі дәмдеуіштер себіледі.
5. Көп ұзамай 1932 жылы Херман Лэй Теннесси штатының Нэшвилл қаласында Lay's брендін құрды. Айтпақшы, бұл картоп қытырлақтарының алғашқы ұлттық бренді, сәйкесінше, бүгінгі күнге дейін сақталған ең көне бренд.
6. 1 килограмм қытырлақ жасау үшін 4-5 келі картопты өңдеу керек.
Мәліметтер vologda.kp.ru сайтынан алынып, аударылды.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп дәретханалары мен асханаларының жағдайы туралы ақпарат жасырын сақталса, мектеп басшылары мен бөлім басшыларына қатаң шара қолданылатынын айтты.
Министрдің айтуынша, кейбір мектеп директорлары мектеп әжетханалары мен асханаларының жай-күйі туралы ақпаратты жасырады. «Мектеп асханасы мен дәретханасына қатысты мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Бізге жеткілікті ақпарат түспейді. Менің ойымша, мектептерде осы мәселелер ғана емес, проблема жетеді, бірақ олар айтылмайды. Менің қолымда бар ақпаратқа сәйкес, кейбір мектеп директорлары осындай ақпаратты жеткізгендерді жазалайды», — деді Аймағамбетов.
Министрлік басшысы әріптестерінен ақпаратты жасырмай, мектеп дәретханасы мен асханасына қатысты мәселені шешуге тырысуды сұрады: «Жасырудың қажеті жоқ, асхана, дәретханаға қатысты шағым түссе, ешкімді жазаламаймыз. Тек осындай жағдай бар екенін білуіміз керек. Оны шешуін сұраймыз, ешкімді жазалаудың қажеті жоқ. Кемшіліктерді жоюға үлгересіздер. Бәрі шешілсе, ешқандай шара қолданылмайды», — деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Оқуға құштар болса адамзат,
Адамның болар озаты.
Маңдайдан тері төгілсе,
Инемен құдық қазғаны.
Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда екені даусыз. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіштеріне демеу болатын бірден бір қазына – кітап. «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында Р.Тоқатаев атындағы орта мектеп кітапханашысының ұйымдастыруымен жоғарғы буын оқырмандары арасында ең үздік оқырманды анықтау мақсатында «Үздік оқырман – 2022» байқауы өтті.
Биылғы "Балалар жылында" ең таңдаулы жоба ретінде ұйымдастырылған байқаудың шарттары бойынша ІІ кезеңге жолдама алған 11 оқырман білім бойынша сынға түсті. «Тұнық жырдың тумасы» атты кезеңде оқушылар Т.Молдағалиевтің өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. «Күркіреп өткен бір соғыс» кезеңінде қатысушыларға Р.Тоқатаевтың өмірінен сұрақтар қойылды. Жалпы қортынды ретінде тест сұрақтары алынды.
Байқауға төрелік еткен мектеп директоры Т.Байжұмақызы, «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, орыс тілі пәнінің мұғалімі Назия Шахзадиновна оқушыларға әділ баға берді. Байқау соңында Хайролла Қасымұлы жобаны жоғары деңгейде атап өткен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Байқау нәтижесінде 8 сынып оқушысы Көптілеу Салманов бас жүлдені иеленіп, оған спорттық велосипед табысталды. I орын Қыдырәлі Қыдырбайұлына, II орын Мұхамед Бердібайға, III орын Нұрсұлу Нүсіпжанға бұйырып, жеңімпаздарға қолөнер шебері Даурен Жамбылұлының қолынан шыққан сағат және пенал бұйымдары тапсырылды.
Мектеп директоры Т.Байжұмақызы және демеушілердің қолдауымен 10 сынып оқушысы Саят Смағұл және Әсем Орынбаеваға бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, қатысқан барша талапкерлер алғыс хатпен марапатталды.
Эльмира Әзілжан
Бүгін әлемдік қауымдастық Халықаралық достар күнін атап өтуде. Барлық уақытта барлық халық достықты үлкен әлеуметтік және адамгершілік құндылық деп танып келсе де, «шынайы достықты» өте сирек деп санаған. Халықаралық достар күні өмірдегі әртүрлі қиын-қыстау жағдайларға қарамастан досымыздың қаншалықты қымбат екенін айта отырып, оларды қуанту үшін ойлап табылған күн. Аристотельдің айтуынша, Дос - бұл екі адамда болатын - бір жан. Достық туралы халық мақал-мәтелдері де өте көп. Мысалға, «Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын», «Дос - егіз, дұшпан - сегіз», «Жолдасы көптің - олжасы көп», «Қимас досың сұраса қимасыңды бересің», «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты» және көптеген тағы басқалар. Мүмкін бұл мереке уақыт өте келе, ескі достарға қоңырау шалып, шулы компанияда кездесіп, көтеріңкі көңіл-күймен өткен-кеткенді тағы бір мәрте еске алуға жақсы себеп болар.
Дереккөз
Қаратұрық ауылдық округінің Тауқаратұрық ауылында, С.Аманжолов атындағы орта мектебінің акт залында Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, әлем кубогінің иегері Ардақ Назаровпен еркін форматта кездесу өтті. Кездесуде даңқты спорт шебері жиналған жастарға өзінің көрген қиындықтары мен бағындырған белестері туралы салиқалы әңгіме айтып, бүгінгі күндегі түрлі әлеуметтік мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Сондай-ақ әлем чемпионы жастардың көтерген сауалдарына жауап беріп, оларды елдің патриоты, жаңа заманың жаршысы болуға шақырды. Спорт саңлағымен жүздескен жастар кездесуден құнарлы ой, тағылымды тәрбие алып қайтты.
Г.МАНСУРОВА, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы.
Мектеп бітіру – түлектер үшін ең жарқын, көңіл толқытарлық, ұмытылмас сәттердің бірі болып қалары анық. Әдеттегідей Соңғы қоңырау мерекесіне орай Есік қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы орта мектепте «Жас түлек-2022 – Жаңа Қазақстан ертеңі» атты мектеп түлектерінің 57-ші қоштасу кеші өтті. Жүректерге қуаныш-шаттықпен қоса қимастық сезім сыйлаған шарада барша жас түлектерге ыстық ықылас пен ақ тілектер ақтарылды.
Салтанатты шараны мектеп директоры Бекнұр Мукашев ашып, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық мәслихат депутаты Ерік Абитов, Есік қалалық әкімі аппаратының бас маманы Айдын Сәрсенұлы құттықтау сөз сөйлеп, алтын ұядан қанат қаққалы тұрған түлектердің қадамына сәт-сапар тіледі. Сонымен қоса, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айжамал Бердіқұловаға, математика пәнінің мұғалімі Жанна Матрузиеваға, тарих пәнінің мұғалімі Бақытгүл Исмаиловаға Есік қаласының әкімі Асхат Аңсатбаевтың арнайы алғысхаты табысталды.
Келесі кезекте аталмыш оқу ордасының түрлі деңгейдегі білім, спорт, өнер додаларында алтыннан алқа таққан және республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, мектеп абыройын асқақтатып жүрген дарынды шәкірттер шеруі алаң төрінде сап түзеді. Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары сөз алып, ұстаздарға ықылас гүлі тапсырылды. 11 сынып оқушылары 10 сыныптықтарға мектеп аманатын тапсырды. Биыл Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептті қазақ және орыс сыныптары бойынша 52 түлек тәмамдап отыр. Аталмыш оқу ордасының оқушылары ең үздік педагогтардан білім алды. Себебі, мұнда «Алтын белгіге» үміткер 11 «А» сыныбынан Бауыржан Данов, Жандияр Айтбай, Гаухар Файзулдаева және 11 «Д» сыныбынан Мария Ралдугина сынды түлектер бар. Бұл орайда сынып жетекшілері Жанар Джаксылыкова мен Тамара Сарсекованың еңбегі ерен екенін атап өткен жөн.
Кеш соңында дәстүр бойынша соңғы қоңырау соғылып, мектеп бітіруші түлектердің қоштасу әнімен аяқталды.
Е.АСЫЛ.
«Алматы облысы білім беру мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіптікодағы» қамқорлық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының төрағасы Серік Надырбаев алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларын марапаттады.
10 ұлағат иесіне облыстық кәсіподақ төрағасының Алғыс хатын табыстаған Серік Дүйсебайұлы балаларға патриоттық тәрбие беруде ұстаздардың еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай Серік Дүйсебайұлының ұйымдастыруымен әскери-патриоттық тәрбие беруде аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар АӘД пәнінің оқытушылары облыстық қорғаныс бөлімі басшысының Құрмет грамотасымен, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының Алғыс хатымен салтанатты жиында марапатталды.
Әсет АЛЖАНБАЙ,
запастағы капитан, ардагер ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек үздігі».
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз , балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Иә, Ы.Алтынсарин айтқандай, өнер, білім бәрі де оқуменен табылған. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында Р.Тоқатаев атындағы орта мектеп кітапханашысының ұйымдастыруымен бастауыш сынып оқушылары арасында «Бақыттың жолын – білім ашар» атты «Үздік оқырман – 2022» сайысы өтті.
Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін қазынамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі осы кітапта екеніне оқушы, ұстаз, ата-ана арасындағы байланысты орната отырып, тағы бір көз жеткізгендей болдық. Байқаудың шарттары бойынша ІІ кезеңге жолдама алған 26 оқырман арасынан оза шапқан 16 үміткер өз бақтары мен баптарын сынап, білімдері мен өнерлерін ортаға салды. 16 жас оқырман тартысты ойын үлгісін көрсетті.
Балаларды кітап оқуға баулитын, оқырмандарды поэзия әлеміне жетелейтін шара барысында қатысушылар тұнық жырдың тумасы Т.Молдағалиевтің өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Жас ерекшеліктеріне қарай Ы.Алтынсарин шығармашылығынан макеттерді сөйлете отырып үзінділер оқу көрініс тауып, жас оқырмандар А.Байтұрсыновтың мысал өлеңдерінің маңыздылығын түсіндірді.
Әдеби байқауға мектеп директоры Т.Байжұмақызы, «Еңбекшіқазақ» газеті бас редакторының орынбасары С.Нұрадин, №1 Рахат орта мектебінің кітапханашысы М.Ерболатқызы, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің кітапханашысы Г.Нұрмашқызы төрелік етіп, әділ бағаларын берді.
Байқау нәтижесінде 3 сынып оқушысы Көркем Әділбай бас жүлдені иеленіп, спорттық велосипед табысталды. I орын Айжұлдыз Қуандыққа, II орын Мадина Қонысбаеваға, III орын Каусар Қабдулға бұйырып, Есік қаласындағы қолөнер шебері Дәурен Жамбылұлының қолынан шыққан сағат және пенал тарту етілді. Қатысқан оқушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
С.САДЫКОВА, кітапхана меңгерушісі.