Дата 12 апреля более известна как День космонавтики. Но в Казахстане этот день с 2011 года отмечается как День работников науки РК. Этот профессиональный праздник приурочен к дате рождения первого президента Академии наук Казахстана Каныша Имантаевича Сатпаева, лауреата Ленинской и Государственной премий СССР и КазССР, геолога с мировым именем, который стоял у истоков организации научной деятельности в Казахстане.
Первыми научными учреждениями на территории республики в начале 20 века были семеноводческие и сельскохозяйственные научные станции. В 1925 году состоялось открытие санитарно-бактериологического института в Алма-Ате, а в 1932 году – казахстанской базы Академии наук СССР. В 1938 году ее преобразовали в Казахский филиал АН СССР, а в 1946 году была учреждена республиканская АН КазССР.
Был утвержден первый состав Академии наук, в который вошли видные деятели науки, техники и культуры Казахстана, академики М.О.Ауэзов, А.Б.Бектуров, И.Г.Галузо, М.И.Горяев, А.К.Жубанов, Н.Г.Кассин, С.К.Кенесбаев, Н.В.Павлов, М.П.Русаков, К.И.Сатпаев, Н.Т.Сауранбаев, Г.А.Тихов, В.Г.Фесенков, С.В.Юшков. В наше время НАН РК объединяет более 4 тысяч ученых, докторов и кандидатов наук.
В 90-е годы в Казахстане насчитывалось 279 научных учреждений. С обретением независимости научную деятельность курировало образовано Министерство науки и новых технологий, а затем Министерство образования и науки РК.
Сегодня в Казахстане интенсивно развивается медико-биологическое направление: генетика, клиническая медицина, а также математика, химия, энергетика, ядерная физика. Достижением стала разработка Научно-исследовательским институтом проблем биологической безопасности отечественной вакцины QazVac, которая успешно зарекомендовала себе в период пандемии COVID-19.
При поддержке Главы государства К.К.Токаева. в 2020 году открыта новая бюджетная программа по модернизации и укреплению базы научных организаций, введены новые виды грантов для молодых ученых, увеличился размер стипендии для докторантов.
Началась реализация проекта научных стажировок в ведущих научных центрах мира и проекта «Жас ғалым». Вузы страны получат финансирование по проекту «Центры академического превосходства», обновят и материально-техническую базу институтов, завершат цифровизацию всех научных процессов. К 2025 году финансирование науки в РК планируется увеличить до 1% от ВВП страны.
И.ВИКТОРОВ.
Ғылым мен білім ғана өркениетті қоғам қалыптастыру мен дамыған ел құру мұратымызға даңғыл жол аша алады. Бұл, талассыз, тарих делелдеген ақиқат. Қазіргі күн сайын техникалық прогресс тудыратын заманалық үдерістің бізден күтері заңды жауабы да осы дер едік.
Жақында елімізде жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 тұжырымнамасы бекітілді. Тұжырымнама негізінде мемелекет басшысының тапсырмасы шеңберінде өткен жылдан бастап «Жас маман» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан 500 ғалым тағлынамадан өтпек. Бұл игі қадам отандық ғылымның әлемнің озық тәжірибесі негізінде тыңнан серпін алуына зор мүмкіндік беретіні анық. Сонымен қоса, түрлі саладағы түйкілді мәселелердің шешіліп, отнадық индустрия мен инновацияның қарқынды дамуына да оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Бүгінде дамыған елдерде ғылымды қаржыландыру ісі жолға жақсы қойылған. Өркендеген елдер жалпы ішкі өнімінің 3 пайызын ғылым саласының дамуына үлестіреді екен. Еліміз де бұл тенденцияға біртіндеп қадам басып келді. Айталық, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге өскен. Ал алдағы екі жылда бұл үдеріс үш жарым есеге ұлғаймақ. Бұл оң шешімдердің барлығы еліміздің жаңа бейнесі мен жарқын болашағын жасау үшін қолданылып отыр. Осыған дейін еліміздің экономикалық әлеуетін толық жүзеге асыруға отандық ғылымның кенжелеп қалғаны тосқауыл жасағаны жасарын емес. Ел ғылымын дамытуға арналған кешенді бағдарламалар орынды жүзеге асар болса, біз сөз жоқ биік асуларды бағындыра аламыз. Қалай десек те, ғылымды дамыту – ел дамуының ең негізгі шарттарының бірі.
Е.АСЫЛ, газет тілшісі.
Жыл сайын 16 ақпанда ерекше гастрономиялық мереке – балғын ананас күні атап өтіледі. Көбісі қателесіп оны жеміс деп атайды, алайда шын мәнінде ананас шөп (шөптесін өсімдік) екенін білмейді, ғалымдар оны «тропикалық жеміс» деп атаған.
Еуропалықтардан алғашқы болып ананастың дәмін татып көрген Кристофер Колумб пен оның командасы ерекше жемісті жер бетіндегі ең дәмді деп атаған. Оның отаны Бразилияның құрғақ үстірт аймақтары болып саналады. Алдымен испандықтар ананас көшеттерін Филиппин мен Африкаға, ал португалдықтар Үндістанға әкелген. Осылайша, бүкіл әлем жемістің дәмін көрген, бірақ кейбір ерекшеліктеріне байланысты ол әлі күнге дейін таңқаларлық болып қала береді – өсіру үшін өте құрғақ климатты қажет етеді. Сондықтан ананас жемістері көбінесе эстетикалық себептермен сән үшін отырғызылады.
Ананас құрамы көп мөлшерде тағамдық талшықтар мен калий, темір, мыс, мырыш, кальций, магний, марганец, йод сияқты минералдарға бар. Сондай-ақ, ананастың пайдалы қасиеттері оның шырынында ақуызды ыдырататын және қабынуға қарсы қасиеттері бар өсімдік ферменті – бромелайннің болуымен түсіндіріледі.
Дереккөз: profile.ru.
Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Бүгінде ақиық ақынның шығармашылығы жас ұрпақтың қанбас бұлағына айналған. Сондықтан да өрімдей өспірімдер ақиық ақынға өз сағынышын сарқып тауыса алмайтыны анық. Оқырман назарына Әл-Фараби атындағы орта мектеп оқушыларының өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Көгіне көңілімнің қүн қонады
Өлең жырдың өлмейтін мұзбалағы,
Өзіңе арнап жас балаң жыр жазады.
Оқысам ғажап сұлу өлеңіңді,
Көгіне көңілімнің күн қонады.
Сыйынан табиғаттың жаратылған,
Аққудың жыры естілер қанатынан.
Мен мәңгі таланытыңа тағзым етем,
Ақын ата, кемеңгер дара тұлғам.
Мұқағали – мәңгі өшпес ұлы ақын,
Ұрпағымын жалғастырар мұрасын.
Дауыл тұрып, қарсы шығып жатса да,
Шамшырақ болып мәңгі жанып тұрасың.
Айша МЕРГЕН, 5 «а» сынып оқушысы.
Мұқағали ақынға арнау
Мұқағали атадай ақын болам,
Өлең жазу өнеріне жақын болам.
Мұқағали ақындай жырласам деп,
Арнау өлең жазамын ақынға мен.
Ақынның досқа деген шапағатын,
Ананың балаға деген махаббатын.
Табиғаттың сұлулығын, тұнығын,
Өмірдің бізге сыйлар шапағатын.
Жетім көлдің сұлулығын сүйе білген,
Аққу құсты аппақ аймен теңеген.
Ғажаптығын жеткіздің адалдықты,
Тербетіп өлең жазып жүрегіңмен.
Сіздерге аян ақынымның өнері,
Ғажапсың әр қазаққа нәр берген.
Саған қалай бере аламыз бағаны,
Данасың ғой ғасырымды тербеткен!
Айқын ЖАЙНАҚ, 5 «а» сынып оқушысы.
Құрметті тұтынушылар!
Медициналық қызметтердің сапасыздығы үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Егер денсаулыққа кем дегенде орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе және бұл факт сот-медициналық сараптамамен расталса, бұл қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
- Денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- Егер сіз осындай жағымсыз жағдайға тап болсаңыз, онда, ең алдымен, осы фактіні (фото, видео) жазып алуыңыз керек.
Естеріңізге сала кетейік, медициналық мекемелерде фото және бейнетүсірілімге заңсыз тыйым салу 17.09.2021 жылы жойылды, сондықтан құқықтар бұзылған жағдайда дәрігерлерді камераға түсіруге болады.
-Бұл туралы медициналық қорытындыны басқа мекемеден алуыңызға болады. Барлық шығындарды (дәрі-дәрмектер, емдеу, жұмыстағы ауру парағы) жазып алуды ұмытпаңыз.
- Әрі қарай, сіз сотқа дейінгі шағымды сізге зиян келтірген медициналық мекемеге жібере аласыз, ол сізге зиянды өтеуді талап етеді.
- Егер сізге бас тартылса, Сіз зиянды (материалдық және моральдық зиян) өндіріп алу туралы сотқа шағым бере аласыз. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын қосуды ұмытпаңыз.
Алматы облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.
Еңбекшіқазақ ауданында ардагерлердің үлкен бас қосуы өтті. Аудан әкімі Алтай Досумбаев жиналған екі жүзден астам адам алдында ізгі лебізін білдірді, өткен жылдың жетістіктерін тілге тиек етіп, ауданның алда тұрған міндеттерін баяндап берді. Оған тоқталмаймын. Мені басқа тақырып қызықтырады.
Ауданда бүгінгі таңда 350 мыңнан астам адам тұрады. Мұның қаншалықты үлкендігін мынадан аңғаруға болады. Маңғыстау облысында 700 мың адам тұрса, бұл соның тап жартысы деген сөз. Алматы облысының Балқаш ауданында 32 мың халық тұрады екен. Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы тек ардагерлердің саны тап сондай – 32 мың!
Ауданда қазақтан басқа 40-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Солардың тату-тәтті тіршілігінің сыры неде? Достықтың бастауы қайда жатыр?
1850 жылы бұл өңірде қазақтардан басқа ешкім тұрмайтын. Одан ілкіде жүз елу жылдай уақытқа созылған жоңғар шапқыншылығы кезінде тек қазақ қолы ғана ешкімнің көмегінсіз атамекенді жаудан тазартқан. Бұл өңірдің тарихы Алматы, Талғар қалаларымен тығыз байланысты.
1854 жылы Қапалдан шығып, Түрген өзенін бойлап Есіктіге, одан Алматыға жеткен майор Премышльскийдің отрядында 470 орыс болыпты. Олар Алатаудың етегінде, үш Алматы сағасында бекініс салар алдында жоғары жаққа: «Егіншілік алқаптары мен арықтары көп Дулаттардың жері енді біздің еншімізге тиді» – деп рапорт жазыпты. Шынымен де Алматы, Талғар, Есікті өңірі ол шақта Дулаттың Жаныстарының мекені болатын.
Алматы қонысы ол кезде қазіргі «Горный гигант» мекенінің орнында екен. Ол кезде Алматыны Жаныс Жанақ би деген кісі басқарған. Казак-орыстар мен жергілікті қазақтардың арасында он жылға жуық қақтығыстар орын алып жатты. Басшылыққа полковник Герасим Алексеевич Колпаковский келген соң ғана мұндай қақтығыстар бәсеңсіді. Ол осы өңірді мекендейтін Жаныс, Ботбай, Шапырашты, Ысты, Қаңлы, Сарыүйсін, Албан тайпаларының билерін шақырып, сый-сияпат жасап, достық байланыс орнатыпты. Кейін ақ патшаның жарлығымен Алматы – «Верный» аталып, Талғар – «Софийск», Есікті – «Надеждинск» деп аталып, отарлау саясаты күшіне енген.
Орыстардан кейін бұл өңірге алдымен келген – татарлар. 1857 жылы Семейден 200 түтін татар отбасы көшіп келеді. Оларға Қазына бағының (казенный сад) шығыс жағынан жер беріледі. Ол жер әлі күнге Алматыда Татарка (татарская слабодка) деп аталады. Олардың бірқатары Есіктіге көшіп келеді.
1881 жылы Қытай мен Ресей арасында Петербург келісімі жасалған соң орыс әскері басып алып он жыл билеген Шынжаң (Шарқи Түркістан) өлкесі Қытайға қайтарылады. Соның алдында Цин империясына қарсы көтеріліске шыққан тараншы (ол кезде ұйғырлар солай аталған) және дұнғандардың (мұсылман дінін қабылдаған қытайлар) бір бөлігі жазалаудан қорқып Жетісу жеріне қоныс аударуға рұқсат сұрайды. Ол кезде генерал-губернатор атағын алған Г.А.Колпаковский рұқсат береді.
Сөйтіп 1881-1884 жылдар арасында 9572 отбасы (45373 жан) ұйғыр, Бый Янь Ху бастаған 1147 отбасы (4682 жан) дұңған Жетісу жеріне көшіп келеді. Олар қазіргі Жәркенд жеріне (Жәркент болысы), Ұйғыр ауданына (Кетмен және Ақсу-Шарын болыстары), Еңбекшіқазақ ауданының Шелек өңіріне (Малыбай болысы), Алматы түбіне Сұлтан-қорған (Қарасу болысы) қоныстандырылады.
Дұңғандардың бір бөлігі қырғыз жеріне, бір бөлігі Қордай маңына, бір бөлігі Шелек өңірінде Бабатоған деген жерге тұрақтап, диқаншылықпен айналысыпты. Милянфан аталған ауыл әлі күнге дейін бар.
Столыпин реакциясы кезінде (1906-1910 ж.ж.) бүкіл қазақ жеріне, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданы аумағына украиндармен қоса қарашекпенділер қаптады.
Кеңес өкіметі орнаған кейінгі жылдарда армян, еврей сияқты түрлі ұлттардың өкілдері бірен-сарандап келіп жатты. 1937 жылы қыркүйекте Совнаркомның қаулысымен Қиыр Шығыстан 173 мың кәріс Өзбекстан мен Қазақстанға жер аударылды. Барған жерінде күріш өсірумен айналысты. Сол кәрістердің бірқатары кейін Еңбекшіқазақ ауданынан тұрақ тапты.
1940 жылы 10 сәуірдегі арнайы қаулы бойынша шекараға жақын тұрған Батыс Украина мен Белорусиядан 60 мыңнан астам поляк Қазақстанға жер аударылды. Сөйтіп поляктар Еңбекшіқазақ ауданында да пайда болды.
1941 жылы 28 тамызда шығарылған «Немістерді жер аудару туралы» қаулыға сәйкес Еділ жағалауын мекендейтін 480 мың неміс Қазақстан мен Сібірге жер аударылды. Олардың шағын бір бөлігі Еңбекшіқазақ ауданының колхоздарына таратылып қоныстандырылды.
1944 жылы Сталиннің тапсырмасымен Гүржістаннан ақыска-түріктері, Кавказдан шешендер мен әзірбайжандар, күрдтер Қазақстанға жер аударылды.
Жергілікті қазақ халқы тағдыр айдап келген сол ұлт өкілдерінің бәрін кең құшағына алды. Кеудесінен итерген жоқ, қамқорлық жасады. Өздерінің қиын жағдайда екендігіне қарамастан қолынан келгенше көмек жасады, бір тілім нанын бөліп жесті. Шынайы достықтың бастауы – қазақ халқының достық пейілі, қазақ халқының сабыры, төзімділігі, толеранттылығы.
Міне, осылай Еңбекшіқазақ ауданы көпэтносты ауданға айналды. Қазір аудан халқының 60 пайызын қазақтар, 18 пайызын ұйғырлар, 13 пайызын орыстар, 5 пайызын түріктер, 3 пайыздайын әзірбайжандар мен күрдтер құрайды. Бәрі ортақ Отаны үшін, ортақ Қазақстаны үшін еңбек етіп жүр. Көпшілігі мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сайрап тұр. Біз олардың құрметін жоғары бағалаймыз.
Бізге, қазақ халқы үшін әрбір ұйғыр, әрбір түрік, әрбір кәріс, әрбір украин, әрбір әзірбайжан, әрбір күрд қымбат. «Жаңа Қазақстан» – біздің ортақ мақсатымыз! Біз ортақ игіліктерді бірге жасаймыз! Біз – біргеміз!
Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ (ТОҚАШБАЕВ),
жазушы-публицист.
Гормон дегеніміз – эндокриндік без клеткаларында түзілетін биологиялық белсенді заттар. Бездерден олар қанға өтіп, қанмен бірге жасушалар мен тіндерге енеді. Онда олар белгілі бір рецепторлармен байланысып, осылайша зат алмасуды және көптеген физиологиялық функцияларды реттейді.
Гормондар ағзадағы метаболизмге, тәбетке, көңіл-күй мен ұйқыға, температура, тамыр соғу жиілігі мен қан қысымына, жыныстық функциялар мен көбею процесіне, иммунитетке, өсу және даму процестеріне жауап береді.
Әр гормонның ағзада түзілу уақыты бар.
Мысалы, таңғы 6:00-ге дейін СЕРОТОНИН, яғни бақыт гормоны түзіледі.
6:00-ден бастап ағзаны сергектікке дайындайтын гормон КОРТИЗОЛДЫҢ деңгейі артады. Бұл логиканың барынша жақсы жұмыс істейтін, күніңізді жоспарлауға ыңғайлы кезең.
7:00-де МЕЛАТОНИННІҢ түзілуі тоқтайды. Әрі қарай ұйықтап жата берудің пайдасы жоқ.
8:00-де СТЕРОИДТАР – бұлшықет жұмысына оң әсерін беретін гормон іске қосылады. Демек осы кезде спортпен шұғылдану тиімді.
10:00-14:00-дің арасы – жадыға, есте сақтауға жауап беретін нейрогормонның түзілу уақыты. Яғни мимен жұмыс жасауға нағыз қолайлы уақыт.
14:00-16:00-дің арасында кенеттен болатын ұйқыбасушылық 20 минут көз шырымын алуға себеп болады. Оның үстіне өсу гормоны СОМАТОТРОПИННІҢ түзілу шегі, сондықтан ұйықтап тұрған соң, жаттығу жасауды ұмытпаңыз.
17:00-ден бастап КОРТИЗОЛ төмендейді. Маңызды шешімдерді қабылдауды кейінге қалдырған абзал, Спортпен айналысу да қажет емес, себебі бұлшықеттердің қоректену процесі де нашарлайды.
21:00-де ұйқы гормоны МЕЛАТОНИН түзіле бастайды. Дене температурасы төмендейді. Адамның жылулық пен еркелеткенді қалауы осы гормонның әсерінен екен.
Жақында Қазақстан ауылындағы Ж.Қайыпов атындағы орта мектепте 1 дәрежелі құтқарушы, альпинист Данияр Ерболатұлы Мыңжасаров атындағы география кабинеті ашылды.
Аталған кабинеттің ашылу салтанатына ауылдық округтің әкімі Марат Сүгірбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Оспанов, мектеп директоры Мирамгүл Орақбаева, марқұм Данияр Ерболатұлының ата-анасы мен достары, әріптестері, сыныптастары және ауыл жастары қатысты. Шараның шымылдығын ашқан мектеп басшысы Мирамгүл Орақбаева «Ескірмейтін естеліктер мекені» жобасы аясында оқу ордасының даңықты түлегі Данияр Мыңжасаровтың құрметіне кабинет ашылып отырғандығын жеткізді. География кабинеті ашылуына қатысқан альпинистің ауылдастары оның досқа адал, ініге қамқор ізгі қасиеттерін сөз етті. Данияр Мыңжасаровтың ұстаздары мен сыныптастары да арда азаматтың асқақ адамгершілігін айтып, асуларды бағындыруға асыққан жан жайлы көңіл толқытар естеліктерімен бөлісті. Асқақ арман жолында қыршын кеткен Данияр Мыңжасаровтың әкесі Ерболат ағамыз бен анасы Жібек апайымыз мектеп ұжымы мен жиналған қауымға алғыс айтты. Шара соңында марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Данияр Мыңжасаров 1979 жылы Қазақстан ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі спорттық үйірмелерге қатысып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Талантты жас Абай атындағы мемлекеттік университетті бітіргеннен кейін әскери борышын өтеп қайтады. Ал 2002 жылы Алматы қаласының құтқару қызметіне «Құтқарушы» болып орналасты. Данияр Мыңжасаров құтқару қызметінің құрамында жүріп «Хан-Тәңірі» (7010 м), «Победа» сияқты шыңдарды бағындырды. 2004 жылдың қысында ол «Зимний Снежный Барс» бағдарламасы аясында Памир тауының «Ленин шыңын» бағындырушы ретінде қатысты. Бірақ сол жылдың ақпанында шыңнан түсіп келе жатқанда шырғалаңға ұшырап мезгілсіз қаза тапты. 2005 жылы жерлестерінің және округ әкімідігінің қолдауымен альпинистің туған ауылындағы көшелердің біріне Данияр Мыңжасаровтың есімі берілді.
Е.АСЫЛ.
Биыл даңқты жерлесіміз, өшпес ерлігі аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Рахымжан Тоқатаевтың өмірге келгеніне 100 жыл толды. Жыл бастала салысымен батыр атамыздың есімі берілген білім ордасы қаһарманымыздың ғасырлық тойын тойлауға алғашқылардың бірі болып үн қосты.
Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» еске алу шарасы өтті. Р.Тоқатаев есімін ұлықтау, өшпес ерлігін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға батырдың ұрпақтары мен көзін көрген замандастары, әріптестері мен шәкірттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Ең әуелі Ұлы Отан соғысында құрбан болғандардың рухына тағзым етілген үнсіздіктен басталған еске алу кеші жаужүрек батырдың соғысқа аттанған және от пен оқтың арасындағы сұрапыл шайқастар мен қайталанбас ерлігін арқау еткен сахналық қойылымға ұласты. Бозбала жігіттің анасымен қоштасқаны, алапат соғысқа бара жатқан ұлын ойлап қайғырған ана жүрегінің зары, одан кейінгі сұрапыл майдан даласы, жан алып, жан беріскен кескілескен ұрыстардың көрінісі жиналған жұрттың жанарына жас үйірілтті.
Соғыс деген – аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген – төккен ары ұлдың және қыздың да.
Соғыс деген – сотқарлардыңқолындағы найзасы,
Соғыс деген, соғыс деген – зұлымдықтың айнасы, –
деп оқылған отты жырлар бәрімізді оңаша ойға жетелеп бара жатты. Он тоғыз жасында неміс-фашистерден отанын қорғауға кеткен Рахымжан 1946 жылдың басына дейін әскер қатарында болады. Елі үшін, жері үшін жан алып, жан беріскен қызыл әскерлер фашистерді күйрете жеңіп, Ұлы Жеңіске жетті. Сойқан майданға қатысқан Рахымжан аман-есен ауылына оралумен қоса, «Кеңес Одағының Батыры» атағын да ала келді.
Соғыстан кейiн Рахымжан атамыз Абай атындағы пединститутының физика-математикалық факультетiн бiтiрiп, бiлiм беру саласында еңбек етіп, сан мыңдаған шәкірттерді тұғырынан түлетті. Еліміз егемендік алған тұста батыр атамыз директор болып қызмет жасаған мектепке Р.Тоқатаевтың есімі берiлдi. Сол бір қазақ тілінде білім беретін мектептің шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтуде оңай болмаған көрінеді.
Шараға жиналған қауым даңқты батыр, ұлағатты ұстаз Р.Тоқатаевтың кісілік келбеті, адами болмысы туралы да әсерлі әңгімелер айтып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
– Аудан орталығында ана тілімізде білім беретін мектеп ашудың машақаты аз болған жоқ. Әйтеуір бір ұлтжанды азаматтардың батылдығының арқасында еңсе көтердік. Жаңа ашылған мектептің материалдық-техникалық базасын жасақтау да жай шаруа емес еді. Оның үстіне заманның да қиын тұсы еді. Сол кезде батыр атамызды қасыма ертіп талай есіктерді қақтым. Бірақ ол кісі қайсы біреулердей баса көктеп кірмей, өте әдеп сақтайтын. Соншама даңққа ие болса да тым қарапайым болатын, – деп еске алды аталған қазақ тілді мектептің алғашқы директоры Гүлзада Ахметова.
Отан топырағы мен майдандас достарын жанын сала қорғаған батыр атамыз, өмірде де талай жанға қамқор болып, өз шәкірттерін қанат астына ала біліпті. – Бірде бір топ бала мектеп аралық төбелеске қатыстық. Сол үшін ертеңінде біздің ісімізді қарауға арнайы комиссия келді. Шамасы бізді жазаға тарту керек болды. Ол кезде Рақымжан аға мектеп директоры болатын. Сол күні өмірде сирек тағатын ордендерін тағып келіпті. Ағамыздың Кеңес Одағының Батыр екендігін білген комиссия мүшелері бізді жазаға тартпай еркімізге жіберді. Сүйтіп ағамыз бізді қорғап қалды, – деп еске алды Асыл Байтулақұлы. Шара соңында Р.Тоқатаев атамыздың ұлы Ерлан Тоқатаев мектеп ұжымының қызметіне зор табыс тілеп, қатысушыларға алғыс айтты.
Ғасыр тойы тойланып жатқан топырағымыздың айтулы перзенті Рахымжан Тоқатаев атамыз: «Ерлік – тек жау алдында қорқынышыңды жеңе білу, не болмаса ешнәрседен қорықпайтын жүрек жұтқан жауынгер болу ғана емес, ерлік – ол еңбекқорлық! Бұны жас ұрпақ біліп жүру керек. Еңбек – мақсат-мұратына жеткізетін жол!», – деген екен. Ерлік пен еңбектің жолы ғана ертеңімізді нұрландыра түспек.
Е.АСЫЛ.
2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Бұл дегеніңіз, қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
Соттан тыс банкроттық қашан қолданылады?
Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:
- оның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;
- өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс;
- мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс;
- өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс.
Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады.
Назар аударыңыз! Алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын борышкер кешіктірілген мерзімді ескерусіз аталған рәсімді қолдануға өтініш бере алады. Аталған рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі.
Өтінішті қалай беруге болады?
Өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы беруге болады. Қазіргі уақытта тестілеуден өтіп жатқан ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізілетін болады.
Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі; борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Сот арқылы банкроттық қашан қолданылады?
Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.
Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.
Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыздығы белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады, яғни мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну және т.б.
Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады, олардың құрамына:
- заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
- кәсіби бухгалтерлер;
- заң консультанттары;
- аудиторлар кіреді.
Қаржылық басқарушылардың көрсететін қызметтері ақылы болып келеді. Олардың қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (бір айдағы 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге). Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржылық басқарушылар қызметті тегін көрсетеді. Қаржылық басқарушылардың тізімі (Тізілімі) ҚР Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады.
Назар аударыңыз! Осы рәсімді қолдану барысында борышкерге:
- мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасасуға (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беруге);
- шетелге шығуға тыйым салынады.
Осы рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі.
Өтінішті қалай беруге болады?
Өтінішті 2023 жылғы наурызда борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге болады. Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы алты айға ұзарту мүмкіндігі бар.
Өтінішке:
- берешек сомасы мен олардың туындаған күнін, тұрғылықты жерінің немесе орналасқан жерінің мекенжайын, оларға кейін хабарлау үшін электрондық мекенжайлары және байланыс телефондардың нөмірлерін (мұндай ақпарат болған кезде) көрсете отырып барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі;
- банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуден алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса беру арқылы борышкер мүлкініңтізімдемесі;
- азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де міндеттемелердің, оның ішінде талаптары борышкер мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш бергенге дейінгі соңғы үш жылдағы тізбесі;
- борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қашан қолданылады?
Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады, ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.
Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Қалпына келтіру шаралары:
- мүліктің бір бөлігін сатуды;
- мүлікті жалға беруді;
- жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сатуды;
- құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.
Назар аударыңыз! Бұл рәсімнің басымдылығы осы рәсімнен кейін борышкерге «банкрот» деген мәртебе берілмейтіндігі, яғни оған банкрот болған адам үшін көзделген салдарлар қолданылмайды, сондай-ақ шетелге шығу түрінде шектеулер жоқ.
Өтінішті қалай беруге болады?
Өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге болады.
Өтінішке:
- қажетті ақпаратты көрсете отырып барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі;
- азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де міндеттемелердің, оның ішінде талаптары борышкер мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш бергенге дейінгі соңғы үш жылдағы тізбесі;
- борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
«Банкрот болған адамдар» үшін салдары қандай?
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борыш мыналарды білгені дұрыс:
- 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
- қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
- банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады.
Назар аударыңыз! Алименттер бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шығынды өтеу бойынша борыштар есептен шығаруға жатпайды.
Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы толық консультацияны қайдан алуға болады?
Жеке тұлғаның банкроттығы тәртібі туралы анағұрлым толық ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурстарында жарияланады.
Қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ байланыс орталығына 1414 нөміріне (қосымша нөмір 3) не https://t.me/SalyqBot тelegram-чатына хабарласуға болады.
Берешекті реттеу рәсімі дегеніміз не?
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Ол барлық кредиттік ұйымдарға – банктер мен МҚҰ-ға қолданылады.
Заңнамалық талаптарға сәйкес төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға туындаған кешіктіру туралы хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға кредит бойынша төлем жасау және мөлшерін көрсете отырып мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі, әйтпесе бұл қарыз алушы үшін жағымсыз салдарға әкеп соғатыны, сондай-ақ қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгінуге болатындығы туралы хабарлайды.
Өз кезегінде, төлем мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге тиіс.
Қарыз алушының өтінішін банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Борышкер өз өтінішінде төлем мерзімін өткізіп алудың не себепті туындағанын көрсетуі, қайта құрылымдау үшін өзіне қолайлы нұсқаларды ұсынуы және кірісінің азайғанын және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды беруі қажет.
Қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі керек, міндеттемелерін толық көлемде орындамауға себеп болып отырған кірістерінің азаюы немесе болмауы фактісін құжатты түрде растауға тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.
Кредитор өтінішті қарыз алушыдан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін ғана қарайды. Ол сондай-ақ төлем қабілеттілігі, қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, кепілге берілген тұрғын үйдің жалғыз екендігі, қарыз бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескереді. Және 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруі керек. Банк немесе МҚҰ банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісім беруі, банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруі немесе себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартуы мүмкін.
Қарыз алушы немесе кредитор ұсынатын қайта құрылымдау талаптары мынадай: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту түрінде болуы мүмкін, мысалы, бұл мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері. Ұсыныстардың тағы бір түрі - ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес сату немесе кепілдегі мүлікті кредиторға беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну, міндеттемені сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату.
Шарт талаптарына өзгерістер енгізу банк немесе МҚҰ осындай шешім қабылдаған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.
Назар аударыңыз! Егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте, қарыз алушы міндетті түрде өзінің банкке немесе МҚҰ-ға өтінгенін және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алмағандығының растауын ұсынуға тиіс. Сондай-ақ, қарыз алушылар ипотекалық қарыз шарты бойынша туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.
Берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы толығырақ «1459» нөмірі бойынша call-орталық арқылы не «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы Агенттікке жүгіне отырып біле аласыз.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!