Бейсенбі, 03 Қараша 2022 10:28

Әдістемелік жәрмеңке өтті

Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы «колледждегі тәлімгерлік үдерісті жетілдіру, шығармашылықпен жұмыс жасайтын жас мамандарды анықтау, тәжірибе алмасу» мақсатында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің базасында «Педагогикалық тандем» атты әдістемелік жәрмеңке өткізді.

Әдістемелік жәрмеңкенің ережесіне сәйкес колледждегі тәлімгер мен жас маман өз жұмыстарын оқу үрдісі, сабақ барысы мен оқу тәрбие үрдісі, тәрбие бағытындағы жұмыс бойынша ықшам сабақ, шебер-сынып, ортақ жұмыс жүйесінің таныстырылымы, бірлескен жоба негізінде өз  тәжірибелерін ұсынды. Жәрмеңкеге 13 колледжден 26 педагог қатысты.

«Педагогикалық тандем» әдістемелік жәрмеңкесін Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Бухарова Айжан Токеновна ашып, тәлімгер мен жас маман арасындағы тәжірибені үйренудегі қадамдардың іске асырылу жолдарын, екі әріптестің арасында туындаған сенім мен жас маманның кәсіби дамуын баяндай келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұдан әрі педагогтер 5 ықшам сабақ, 4 таныстырылым, 4 шебер-сынып өткізіп, тәлімгер мен жас маман жүргізетін жұмыстардың мүмкіндіктерін тәжірибе арқылы көрсетті. Сабақ барысында электронды оқулықтар; телекоммуникациялық технологиялар; мультимедиалық және гипер-мәтіндік технологиялар; қашықтан оқыту тәсілдері кеңінен қолданылды. Колледж студенттері түрлі электронды сілтемелер арқылы тапсырма орындап, Zoom платформасы арқылы мамандардан кеңес алды.

Әдістемелік жәрмеңкенің комиссия құрамы педагогтердің жұмысына кері байланыстарын беріп, алдағы уақытта жетілдіруді қажет ететін тұстарына ұсыныстарын айтты. Ал Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің педагогтері жәр-меңкеге қатысқан жас мамандарға тиімді әдіс-тәсілдердің жиынтығын таратты.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Үздік ықшам сабақ», «Үздік шебер-сынып», «Үздік таныстырылым», «Үздік  жоба»  номинацияларымен марапатталды. Ал қалған тәлімгерлер мен жас мамандарға да қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.

Е.АСЫЛ.

Дүйсенбі, 31 Қазан 2022 10:14

Зердеге толсын зерлі өнер

Бөлек ауылдық округіндегі Әймен орта мектебінде көркем еңбек пәніне бағытталған «Өнерлінің өрісі кең» атты аудандық семинар өтті.

Көркем еңбек пәні бойынша  оқушыларды еңбекқорлыққа, ұлттық құндылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға округ әкімі Асыл Изиев, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, ҚР мәдениет қайраткері, жыршы  Балтабай Ыбыраев, «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайының» директоры Дәулет Шоқпаров, «Өрлеу» институтының мамандары мен аудан мектептерінің көркем еңбек пәні мұғалімдері қатысты.

Аталған семинарға орай мектеп аясында зергерлік, киізден, жібектен жасалған бұйымдар, былғарыдан белбеу, әмиян, ат әбзелдері мен қыштан құйылып, ағаштан ойылып көмкерілген ыдыс-аяқтар және музыкалық аспаптар, алаша, көрпе, жастықтар ел назарына ұсынылды. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.

Соның ішінде, түрлі-түсті жіптері қыздың қолаң шашындай таралып тұрған ерекше бұйым көрмеге келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Керім сұлудай керіліп тұрған бұл «кермебауда» Әймен орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі, Еуразиялық дизайнелер одағының мүшесі Қырғауыл Кәкей апайымыздың қос қолының табы қалған. Қырғауыл апай – ежелден қазақ тұрмысында қолданылып келе жатқан термебау тоқу өнерінің хас шебері. Шабыт келсе, бір аптаның шінде тоқып бітіруге болады деген қолөнерші, әр іске сүйіспеншілік керек дейді. «Ата-бабалардың бұрынғы әдісі бойынша жіпті иіріп алып жасаймыз. Есімді білгелі ұлттық өнермен айналысамын, біздің қанымызға сіңген дүние. Қолдан келсе, болмысымызды айшықтайтын бұйымдарымызды көрсетіп тұрғанға, оны жас ұрпақтың зердесіне  құйғанға  не жетсін», – деді шебер.

Киіз үйдің жабдығы, нақтыласақ, шаңырақтың желбауы ретінде қолданылатын бұл баудың ұзындығы 3 метр, ені 30 см болады екен. Серіппеге байланып, адырға тартылған жіптер тізілген моншақтай болып, бір-біріне қабысып өрілгенде, қос жанардың ішінде әлемнің сұлулығы кестелеп берілгендей бейне тұнады. Мұның бәрі де ұлтымыздың табиғат заңымен үйлесім тапқан көркемдікке толы дүние танымының айнасы. Бүгінде Қырғауыл Кәкейқызы аталған білім ордасындағы жас шәкірттерге осы бір асылдың сынығындай аса бағалы өнеріміздің қыры мен сырын үйретуде. Талапты жас шәкірттер де ұстаз көрсеткенін көңілге тоқуға тырысыпты. Бүгінде олар ою ойып, кесте тігеді екен. Зерлі өнерді зердеге тоқу деген осы болар.

Семинарға қатысқандар Дәркенбай Шоқпарұлының көшпелі мұражайына саяхат жасап, көркем еңбек пәні бойынша түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қоса «Өрлеу» институтының әдіскері Әлима Әбілованың «Көркем еңбек сабағында қалыптастырушы бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру» атты сабағы ұстаздардың назарына ұсынылды. Аталған сабақ аясында көркем еңбек пәнін мазмұнды өтуге, ойдағыдай өнімділікке жетуге қатысты түрлі әдіс-тәсілдерді таныстырды.

– Біз көркем еңбек пәнін ұлттық қолөнерді жаңғыртудың жолы ретінде қарастырамыз. Кесте тігу мен түрлі зергерлік бұйымдарды жасау оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіріп, оларды жасампаздыққа бастайды. Сонымен қоса ұлттық өнерді де бойына дарытады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында балаларды мектеп жасынан еңбекке баулу жайында айтқан болатын. Біз де білім ордасында еңбек сүйгіш жастарды тәрбиелеуге басымдылық береміз, – дейді мектеп директоры Ақмарал Есенбаева.

Семинар соңында қатысушылар ақ дастарқанға дәм тартты. Аста ауыл ақсақалдары ұлтымыздың табақ тартудағы жол-жосындарын әңгімеледі. Сонымен бірге шараға қатысқан ауыл қарттарына қазақы жолмен сый-сияпат көрсетілді.

Пішіндердің ықшам да мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі, композициялық шешімі, көздің мүлтіксіздігін, колдың дәлдігін және қиял ұшқырлығын ұштастырған өнері өрге жүзген жас шәкірттерді жасампаз елге тартуы мұнымен толастар емес. Бұл тек көп назарына ұсынылған көркем бұйымдардың бір бөлігі ғана. Бізше жас шеберлер санатында ел көрмеген, тамсанарлық сан дүние жатыр. Сондықтан да, мектеп қабырғасындағы шәкірттердің жасампаз жұмыстарын насихаттау өз жалғасын табатын болады. Көзіміздің жеткені сол, қазаққа ортақ құндылықтар ұлықталып, көне дәстүрлер көздің қарашығындай сақталмақ.

Ерзат АСЫЛ.

Жаһандану заманында жан-жақты, өзіндік пікірі, әр ісіне есеп бере алатын, нәтижесін бағамдай отыра іс-әрекетін жүзеге асыратын тұлға қалыптастыруда кітаптың тигізер үлесі қаншалықты болса, кітапханашылардың үлесі соншалықты дегенге келісесіз бе?  Әрине, бұл пікіріме өз ісіне тиянақты, өз ісіне жауапты, қажырлы еңбегі бар қызметкерлердің жүгінгені абзал.

Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша «Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында өткізілген  «Кітапхана, оқырман – нәтижеге  бастар жол» атты  аудандық семинарымызда атқарылып жатқан жұмыстардың аяқсыз қалмаған нәтижесі іспетті. Еңбекшіқазақ ауданы «Р.Тоқатаев атындағы орта мектебінің» кітапханашысының ұйымдастыруымен кітапханашылар арасында тәжірибе алмасуға бағытталған «Кофе-брейк» болып өтті. Семинарымызды Аудандық білім бөлімінің әдіскері Зура Құлмағанбетқызы мен мектебіміздің директоры Тамара Байжұмақызы өзінің құттықтау сөзімен ашты. Жиын Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай Қуандық Айжұлдыздың ақынның аударма мысал өлеңдерін нақышына келтіре орындауымен, Рахат №1 орта мектебінің кітапханашысы Меруерт Ерболатқызының «Ахметпен сырласу» атты арнау өлеңдерімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, кітапханашылар арасында іс-тәжірибе алмасу барысында «Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінің» кітапханашысы Мадина Уразова және Рахат №1 мектебінің кітапханашысы Меруерт Ерболатқызы өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Кітапханашылар арасында «Суреттер сөйлейді» ойынымен сергіту сәті ұйымдастырылса, «BOOK TASTE» яғни, қазақ тіліне аударғанда «Кітаптың дәмін татып көр» деп аталатын ойындар  өте  қызықты көрініс тапты.

Жалпы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітапханашыларға іс-тәжірибелерімізді бөлісу арқылы ұғып қаларымыз қаншалықты көп болса, оқырмандарымызға көрсетер қызметіміз де соншалықты  көп болары хақ, деп санаймын.

С.САДЫКОВА,

кітапхана меңгерушісі.   

А.Саттаров атындағы орта мектептің 7 сынып оқушыларының өлең топтамалары. Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім ЕГІНБАЕВА.

 

Бірге оянып ақ арайлы таңымен

Атамекен – шырқап салар әнім ең,

Туған жерің ыстық шіркін бәрінен.

Біле білсек жарты бақыт көргенім,

Бірге оянып ақ арайлы таңымен.

 

Махаббатым келмейді екен өлшеуге,

Арманым жоқ сенде туып өлсемде.

Отан үшін қызмет қып тер шықса,

Көтеріңкі жүрер әркез еңсемде.

 

Қыз да, ұл да алға қарай ұмтылсын,

Көк туымыз тек биікте тұрса екен.

Туған жерім жайнап әркез құлпырсын,

Тілегімді Тәңір қабыл қылса екен.

Ұлдана ҚАНАҒАТ.

 

 ******

Азаттықтың ақ таңы ата берсін!

Отан деген ыстық қой әр адамға,

Елім десем оранар жан алауға.

Ата-бабам қорғаған бұл даланы,

Жан аямай айқас пен алманда,

 

Ғажап бір күй ойнайды жүрегімде,

Мен солай құшақ жаям күле күнге.

Азаттықтың ақ таңы ата берсін,

Жыраулар жырлап кеткен ұлы елімде.

Аяулым АЙХОЖА.

 ******

Атамекен

Ей, Атамекен, Атамекен!

Ақ кілемде аунап-қунап жатады екем.

Жұмсақтығы сондайлық,

Тастарың арқама батса дағы

Құба таңым алаулап атады екен.

Әсем күнім ұясына қызарып батады екен.

Еламан  САЙЛАУҰЛЫ.

 

 ******

Туған жер

Туған жер мен сенімен мақтанамын,

Әрқашанда Отаным деп шаттанамын.

Бақыт, бірлік, береке біздің елде,

Мен неге өз елімді жатсынамын?!

 

Ата-бабам тастаған мұра етіп,

Сақтаймын сол мұраны ұран етіп.

Мені ертең тұғырымнан ұшырарсың,

Аспаныңда қалқитын қыран етіп.

Зерде  ҚҰЛБАРБЕКҚЫЗЫ.

 

 ******

Алтын діңгек – өзім туған босағам

О, туған жер, құшағың неткен кең еді,

Тауларың маған сарқылмас қуат берді.

Шыңдарың менің биікке бастап жолымды,

Ойыма қанат бітіретіндей өрелі.

 

Алтын діңгек – өзім туған босағам,

Сен деп салсам алты қырдан асады ән.

Жас жүрегім өзің үшін соғады,

Жар болсын деп жарық Күн мен Жасаған.

Ұланай БЕКБОЛАТҚЫЗЫ.

 ******

Отан

Ары-бері таласып,

Отан үшін жұлқынды.

Арманы айдан ары асып,

Алашыма күн туды.

 

Асқақтасын сол арман,

Төксін тәңір шапағын.

Болашаққа жол алған,

Оң болса екен сапарың.

Аружан БЕЙСЕНТАЙ.

Бейсенбі, 27 Қазан 2022 09:42

Үздік ұжымның үйретері көп

Бүгінгідей жаһанданған заманда ел болашағының жарқын болуы білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Кез-келген дамыған мемлекет үшін білім саласын жетілдіру – әрдайым басты бағыттың бірі болып отырғанына әлемдік тәжірибеде мысал көп. Қазақтың ұлт ұстазы, алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек» деген болатын. Білімге қатысты бұл ой-пікір кеше де, бүгін де, ертең де өзектілігін жоймайды.

Жақында  Шелек ауылындағы  гимназияда мектеп директорларына арналған «Табысты басшы болудың кілті неде?» атты семинар өтті. Аталған Семинар аясында мектептің жеткен жетістіктері мен сан қырлы оқу-оқыту жұмыстарының нақты барыстары көрсетілді. Атап айтсақ, «Күй ұлттық рухтың күре тамыры» атты күй тартысы, «Ахмет Байтұрсыновқа арнау» оқушылар шығармашылығы, «Мен ғажайыппын» атты дарынды оқушылармен тренинг, «Дүниеге бала көзқарасымен» атты сурет көрмесі, «Инклюзивті білім беру – өмір қажеттілігі» атты оқушылармен жұмыс сынды көптеген жаңа білім беру мазмұнында қамтылған бағдарламалар семинарға қатысқан мектеп басшыларының назарына ұсынылды. Қоғамымыздың алға басуы, ізгілікпен татулықтың қайнар көзі мектеп екені даусыз. Әрине «Мектеп» атты кеменің тізгінін мығым ұстау әр адамның қолынан келе бермейді. Әсіресе, қазіргі білім саласындағы үздіксіз өзгерістердің енуін саналы қабылдап, әрекет ету ұстаз қауымынан аса жауапкершілікті қажет етеді. Ұстаздың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін де мектеп басшысы. Шелек ауылындағы  гимназияда  өткен семинарда замана сұранысына сай мектеп басқарудың сара жолын табуға жауап ізделді. Шелек ауылындағы гимназия – 2017 жылы ашылған жаңа білім ордасы. Бұл білім шаңырағының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Биыл бұл гимназияны бітірген 43 түлектің 41-і мемлекеттік грантқа ие болыпты. Мектеп оқушылары аудан, облыс, республика  бойынша өткізілген  олимпиадаларда, шығармалар сайысында, оқылымдарда  жүлделі орындар алып, мектептің абройын асқақтата түсіпті.

Білім ошағының осындай биік белестерді бағындыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Ардақ Мұхаметжанқызының гимназияның биіктен көрінуіне қосқан үлесі орасан.

– Ардақ Мұхаметжанқызы – жас ұстаздарға жол сілтеп, дұрыс бағдар беретін тәжірибелі жетекші. Ол оқушылар мен ұстаздардың білімі мен біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киім киісіне де қатаң талап қоя біледі. Өте жаңашыл мектеп директоры ретінде білім ордасының материалдық-техникалық базасын барынша жақсы жасауға күш салғанын көрдік. Бүгінгі семинардан көп ой түйдік, – дейді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің басшысы Айжан Тортаева.

Семинарға қатысқан өңірдегі мектеп директорлары аталмыш білім шаңырағында ашық сабақтарға да қатысып, ондағы ұстаздардың біліктілігі мен оқушылардың білімін байқап көрді. Әсіресе, мұғалімдердің педагогикалық шеберлігіне баса назар аударды. Осылайша, өзара тәжірибе алмасып, табысты басшы болудың жолы жайында ортақ ой бөлісті. Әрбір мектеп директоры алған озық тәжірибені өз мектептерінде жаңғыртуға күш салатынын жеткізді. Семинар соңы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты әдеби-сазды танымдық кешке ұласты. Кеште жас шәкірттер Ахаңның күрескерлік өмірі жайлы сахналық қойылым қойып, ұлт ұстазының ойлы, отты жырларын жалындата оқып жатты. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламын» деп армандаған алаш қайраткерлерінің дәстүрлі қазақ қоғамындағы зайырлы білім беру мен ағарту жүйесіне қосқан еңбектері мен қызметтері ел мүддесіне қалтықсыз қызмет қылудың нағыз үлгісі болды деп айтуға хақылымыз. Шелек ауылындағы гимназияда білім алатын әрбір жас шәкірттің жүрегінде сол ой тербелетін сияқты.

Е.АСЫЛ.

Сейсенбі, 25 Қазан 2022 15:26

Менің арманымдағы Қазақстан

Ұлттық мереке — 25 қазан Республика күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбына эссе жазудан байқау жарияланған болатын.
«Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбындағы эссе байқауына Әл-фараби атындағы орта мектеп ұжымы белсене қатысты. Аталған эссе байқауында Айқын Жайнақ, Аяна Досалиева, Марал Шамшидин, Назерке Берікқазы сынды оқушылар 1 орын алса, Інжу Әділжан, Арайлым Исмаил, Жания Жылқыбай 2 орынды, ал Әлім Абдилдин, Айым Алиакбар сынды оқушылар 3 орынды иеленді. Эссе байқауында шәкірттеріміз, өрелі ойымен, шалқар шабытымен өзінің арманындағы Қазақстанды суреттеді. Эссе байқауының жеңімпаздары мектеп директоры Жанат Нурамбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Өз тілшіміз.

Жұма, 21 Қазан 2022 09:23

Бала – біздің болашағымыз

Халықымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Балтабай орта мектебінде білім алушыларды жан-жақты, дарынды болуына ықпал ететін «Оқуға құштар мектеп», «Балалар және театр», «Дебат», т.б. жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Дарынды шәкірттеріміз талай республикалық додаларда топ жарып келеді. Айталық Айзере Нұрғазы, Мадина Бақдәулет, Ақмарал Камел сынды оқушыларымыз өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «ҚР 100 ҮЗДІК ДАРЫНДЫ ОҚУШЫСЫ» атты республикалық эссе жазу байқауының жеңімпаздары атанып, арнайы дипломдармен, төсбелгімен  марапатталды.

Сонымен қатар 3 «а» сынып білім алушысы Сандыбек, сынып жетекшісі Мақпал Жигитекова Астана қаласында өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп атауына орай ұйымдастырылған «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРЫ» атты республикалық форумға қатысып, жеңімпаз  атанды.

Қазан айында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның l чемпионатына қатысқан, 4 «А» сынып білім алушысы Мақпал Нұрғазы мен 8 «Б» сынып білім алушысы Омар Мейіржан жүлделі 3 орынды иеленді. Бапкері Алдияр Нургазиев жас шәкірттерді алдағы сан жарысқа сайламақ.

Әр баланың жеке қабілетін  анықтап, оны сол бағытта жетелеу, баланы уақыт талабына қарай икемдеп, санасына өз заманының озық өнегесін сіңіре білу, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – ұстаздың парызы. Осы орайда сынып жетекшілері: Мақпал Жигитекова, Гүлжан Уристенбаева, Айжан Ербекееваның орны бөлек. Балаларының қабілеттерін ерте байқап, оған барынша көмектесіп, қолдау білдіріп жүрген ата-аналарына мың алғыс!

 

Гульнар ТУАРШИЕВА,

Балтабай орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жақында Райымбек батыр атындағы орта мектепте Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кездесу өткізілді. Аталған шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес) Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Нұрсұлтан Бекінов және департаменттің ерекше істер жөніндегі офицері Бекболат Абенов қатысып, аудандық мектеп директорлары мен қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық жөніндегі тақырыпты кеңінен баян етіп, себеп-салдарына, кесір-кесапатына кеңінен тоқталды.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев жүргізді. Алғашқы сөзді алған Н.Бекінов:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өз тарапымыздан айтарлықтай үлес қосудамыз. Бұл тақырып күн тәртібінен жойылмаған мәселе екені баршаға белгілі. Мемлекет басшысы да әр сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қажеттігін үнемі көтеріп келеді. Бұл тек қана бізге тапсырылған міндет емес, кез-келген саладағы азаматтың міндеті екенін ұғынатын сәт жетті. Сіздер білім беріп отырған жасөспірімдердің санасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін сіңіре алсаңыздар жақсы қоғам құра аламыз.

Еңбекшіқазақ ауданынан біздің ұйымға көп шағым түсетіні байқалды. Соңғы бір айдың ішінде 3 мектептен үш түрлі шағым келіп түсті. Мұғалімдерден ақша жинау секілді өрескел әрекеттер бір ізге қойлған мектептер барын білдік. Айтпағымыз біз жұмысымыздың басым бөлігін қылмыскерді тұтқындау емес, қылмысты болдырмаудың алдын алу жұмыстарына бергенді жөн санап отырмыз.

Белең алған індетке жас буынды бейімдеп алмас үшін Білім министрімен кеңесе келе жеке пән арнау оқушыларға ауыр соғарын ескердік. Оқу бағдарламасы бұл уақытта күрделі болғандықтан, математика, әдебиет, тарих сынды бірнеше пәнге жемқорлыққа қарсы компоненттер дайындаудамыз, 2-3 жылдың көлемінде аяқталып, оқулықтарға енгізілетін болады, – деп өз ойын түйіндеді.

Келесі сөз кезегін алған Б.Абенов те білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын тілге тиек етті. Көптеген мысалдармен бөлісті және оның жазасы да жеңіл болмасын баяндады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен айналысқан адамның тағдыры жайлы жантүршігерлік бірнеше бейне-видеоларды қатысушылар назарына ұсынды. Сыбайлас жемқорлық орын алғалы жатқанын білген адам 1424 нөміріне хабарласу керектігін ескертті. 

Ринат НАРХАНОВ.

 

Кемеңгерліктің биік шыңы

Артына мол мұра қалдырып, ұлт мүддесіне күллі ғұмырын арнаған Алаш зиялыларының ішінде Ахмет Байтұрсынұлының есімі ерекше аталады. Халқының болашағына бар уақытын, күш-қуатын сарпып, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық жазуын, педагогика мен психологиясын, өнерін биік деңгейге көтеріп, тың зерттеулерін жазып қалдырған ұлт жанашыры «Ұлт ұстазы» атанды.

Ахмет өз кезінің ең білімді, зиялы қауымының бірегейі саналып, ұлттың арманын арқалап, жоғын түгендеуге ат салысқанын білеміз. Қайтсем, қазақ даласында білім мен ғылымның шамын жағып, өзге елдермен халқымды тең етемін деген ұстаздың ұлы арманы оны кемеңгерліктің биік шыңына дейін көтерді деп санаймын. Оның тіл мен әдебиеттегі, педагогикадағы еңбегін қазіргі білім жүйесінің басты құралы деп санауға болады.

Ең алдымен, Ұлт ұстазы халқына не керегін зерттеп, зерделеп, ұлт жоспарын жасады. Кешегі Ыбырайлар салған сара жолды ұстана отырып, қазақ балаларының оқуы жайында көп ізденді. Ол үшін ана тілден бастау алатын дара жолды ұсынды. Ұлт ұстазы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. ...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Осы ретте ана тілінде оқулықтар жазып, ең бірінші әліпби мәселесін реттеді. Қазақ тілінің жүйелі бірлігін жасап, бірнеше еңбектер жазды. Білімнің бастауы ана тіл десек, сол ана тіліндегі жазу мен оқулықтар мықты болу керектігіне ұстаз ерекше ден қойғанын байқауға болады.Сонымен қатар, өз басын бәйгеге тіге отырып, қазақ балаларының мектепке көптеп алынуын да қадағалап отырды.

Ұлт ұстазының кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны мәні мен маңызын айшықтап тұр деп білемін. А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы негізіндегі әліпбиі өз заманында қазақ халқының мәдени дүниесінде зор серпілістер әкелгенін біліп жүрміз. Ол туралы қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына ықпалы болғанын Д.Міржақыпұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин және М.Әуезов, т.б. сол кездің өзінде айырықша атап, жоғары бағалаған. Ахмет сол кезде-ақ  Ұлт ұстазы деңгейіне көтеріліп, күллі халқының сауатты болғанын аңсады. Қазақ біліміндегі олқылықтарды саралап, сауаттандыру жұмысын өзі редакторлық еткен «Қазақ» газеті арқылы жалғастырды.

Әлі күнге дейін біздің білім жүйемізде өзекті болып келе жатқан оқулық мәселесіне ұстаздың аса қатты назар аударуы тегіннен емес екеніне қазір көзіміз жетіп отыр. Ахмет қазақ балаларын ана тілінде оқытатын оқулықтар жазып, бір жүйеге түсірді. Өзінің «Оқу құралы» кітабы алғаш рет 1912-ші жылы Орынборда жарық көрген. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа...» деп бастап, беташарын да тағылымды жолдармен бастайды. Баланы сауаттандыру мәселесін өзекті етіп қойған ұстаз «Әліппе астары» атты жетекші құрал еңбегін де жазады. Ахмет мектепке келген баланы сауаттандырып, тілін ұштайтын оқулықтарымен қатар, қазақ тілінің жүйесін құрап, «Тіл құрал» еңбегін жазып шығады. Үш кітаптан тұратын бұл еңбекте ана тіліміздің құдіреті мен қатар сөйлеу тілі, жазба ерекшеліктері, заңдылықтары нақтыланып жүйеге түскен. А.Байтұрсынұлы тілді игертудің, тіл табиғатын түсіндірудің амалдары мен әдістері жайына да ден қойып, ұлттық әдістеменің де негізін салды. Оның «Тіл жұмсар», «Баяншы», «Әліпби астары» кітаптары және мақалалары осы бағыттағы арналы ізденістерін, ұстаздың бай тәжірибесін көрсетеді деп айта аламын.

Қорыта келе, ұлтының дара ұстазы мұраларын ғана емес, қазақ даласына рухани білімнің, рухани жолдың дәнегін егіп кетті деп санаймын. Барша Алаш жұртының игілігіне күш-жігерін арнап, күн-түн демей, еңбектенді. Осы еңбегі қазіргі Жаңа Қазақстанда жолбасы болып, баршамызды жарқын болашаққа бастайтыны сөзсіз деп түйіндеймін!  

Анеля  МАМЕЖАН,

И.Саттаров атындағы орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы.

 _____________________________________________________________

 

Аласармас дара шың!

Әліпбиді алғаш ұстап, ойладым,

Ұлт мұратын арман еткен ардағым.

«Ұлт ұстазы» деп таныдым мен сізді,

Содан тілдің тамырына бойладым.

 

Жырларыңда жатыр сөздің  киесі,

Жағылса да сұрқай заман күйесі.

Ұлт намысын, ұлттың жоғын жоқтаған,

Ұмтылмайтын ардың таза иесі.

 

Бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпасын,

Арыстар  қалаған ел  іргетасын.

Сан қилы салаларда еңбек еткен,

Қалмаған сан қатерде иіп басын.

 

Арыстарды білмей алған білім тұл,

Ертең үшін ерінбестен кәсіп қыл,

Жарқын күнге сенетұғын жас ұрпақ,

Баба сөзін есте сақта, оқып біл!

 

Бабамыздан зор өсиет аласың,

Ана тілдің ашып берген саласын.

Аспанында сәуле шашар елінің.

Байтұрсынов – аласармас дара шың!

Алтынай  ИБРАГИМ,

Бөлек батыр атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

 _______________________________________________________________________________________________

 

Қазақ әдебиетінің тарланы

Мың жылдар өшпес өрнек,

Айғақ тұлға,

Кең мінез, кең даламдай

Байтақ тұлға.

                                   Д.ӘБІЛЕВ.

Міне, қазақтың ұлы жазушысы, еңбек қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл. Қазақтың заңғар жазушысы, Қазақстан ғылым академиясының академигі артына мол әрі бай мұра қалдырды. Жазушының мерейтойы – барша қазаққа ортақ. Себебі, М.Әуезов төл әдебиетіміздің құдіреті мен қазақ есімін шартарапқа паш етті. Сан салада қалам тербеген сөз зергерінің қазақ халқына сіңірген еңбегі де ерен.

Абай дүниеден өткенде 7 жастағы шынашақтай баланы күллі ұлт мәдениетіне ұлы тұлға , алтын діңгек болар болашақ алып суреткер екенін ешкім біле қойған жоқты... Ол жасынан Абайдың кәусар жырларынан сусындап өсті. Ақынның шығармаларын жинап, бастырып, зерттеулер жазды.

Жазушы бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясымен әлемдік әдебиетте ойып тұрып орын алғаны баршамызға аян. Жазушының бұл шығармасы күллі адамзаттың болмысын суреттеп, сол кездегі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, кешегіні келешекпен байланыстырды. Алғашқы кітапта адам ретінде қалыптасқан Абай, кейінгі кітаптарда қайреткер ретінде қилы қимыл-әрекетке көшеді. Абай – эпикалық образ. Бұл образды қаламгер өрмек тоқығандай, жібін үзбестен тартып, асықпай өріп, ілгерілей береді.

Сол кездегі қазақ өмірінің шындығына жазушы дана ақынның көзімен, қырағы болжампаздығымен қарады. Жазушы шығармалары өмірмен өктем араласуынан, шындықпен бетпе-бет келіп тілдесуінен туды.

«Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс», – деп Р.Нұрғалиев дәл тапқандай... Мәңгілік өлмейтін туынды. Өз халқына мәңгілік ғасырлық мұра сыйлаған Мұхтар атамызда, сірә, арман жоқ шығар. М.Әуезов – жомарт табиғаттың бұл пәниге тым сараң сыйлайтын біртуар, саф алтыны. Қатал сыншы, әділ төреші уақыт болса, сол уақыттың өзі ұлы жазушыны «Біртуар», «Саф алтын» екенін дәлелдеп отыр.

Сондықтан, қаламгер мен бүгінгі ұрпақ арасындағы әдеби-рухани байланысты нығайту, ғасырлық мұраларын насихаттау біздің, жастардың қолында.

«Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе!» деп қаламгер айтқандай, тәрбиелі, оқығанымызды тоқи алатын болсақ, ешқашан қазақ елінің туы жығылмасы анық.

Балауса АЗАМАТҚЫЗЫ,

Рахат орта мектебінің 9 «А» сынып оқушысы.

Сейсенбі, 18 Қазан 2022 09:00

Өмір шындығын ту еткен қаламагер

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Райымбек батыр атындағы орта мектепте қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы жазушы, драматург, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен тағылымды кездесу өтті. 

Зерттеуші, Кемелтанушы Бақтығали Айжігтовпен кездесуге ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Сарабеков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Толқын Мұқанова, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушылары қатысты. Ең әуелі Бақтығали Айжігтов жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы тереңнен сыр толғады. Зерттеушінің сөзінше, Кемел Тоқаев шығармаларының ерекшелігі деректілігінде. Өзі қатысып куә болған соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, чекистер мен ішкі істер қызметкерлерінің қауіпті де қызықты тағдырлары, қылмысты істі ашудағы милиционерлердің  алғырлығы мен ұтқырлығы – жазушы көтерген негізгі тақырыптар еді.

Жазушы ретінде Кемел Тоқаев көбінесе шытырман оқиғалы (детективті) жанрда қалам тартты. 1954 жылы «Жұлдызды жорық», 1955 жылы «Қысқы қарлығаш», 1958 жылы «Тасқын», 1965 жылы «Болашақ  туралы ой», 1968 жылы «Ерекше тапсырма», 1971-72 жылдары «Дикарьдің өлімі», «Қастандық», «Сарқабанда болған оқиға», 1954 жылы «Көмескі із», 1976 жылы «Түнде атылған оқ», 1977 жылы «Таңбалы алтын» сияқты шығармалардың авторы. Драматургия саласында «Кім қылмысты?» дейтін пьеса жазды. «Соңғы соққы» (1981), «Солдат алысқа кетті» (1983), «Ұясынан безген құс» (1983) романдары «Қызыл комиссар», «Сиқырлы құпия» шығармалары да жарық көрген.

Кездесуде мектеп оқушылары зерттеушіге Кемел Тоқаевтың шығармашылығы мен өмірі жайлы сұрақтар қойып, өз көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды. Сонымен қоса, Райымбек батыр, Тоқатаев атындағы орта мектептер мен Таутүрген негізгі орта мекетбінің жас шәкірттері жазушы шығармаларының болмысы мен өмірін өзек еткен өлеңдерін оқып, көпшілікке көтеріңкі  көңіл-күй сыйлады.

Жоғары деңгейде кездесуге ризашылық білдірген Бақтығали Айжігітов мектеп кітапханасына «Кемел ағаның аманаты», «Кемелтану  бағдарламасы» атты кітаптарын сыйға тартты. Кітап авторы: – Ең бастысы, осы кітапты жазу барысында «Кемел Тоқаев кім?» деген сұраққа жауап таптым. Ол кісіні мен ес білгеннен білемін. Әңгімелерін тыңдап өстім. Бүгінде ол кісінің өмірі мен шығармашылығына терең бойлай отырып, жазушыны жете тани түстім. Ол кісі қонақ болып келгенде үйімізде той болатын, – деп қазақ  детективінің атасын еске алды. Кеш соңында құрметті қонаққа қазақ жосынымен сый-сияпат көрсетілді.

Е.АСЫЛ.

 

Соңғы жаңалықтар

Шіл 04, 2025

Saqtan: молодежь Алматинской области…

Қонаев - Илийский-Карасайский районы - масштабная антинаркотическая акция, направленная…
Шіл 03, 2025

«Жіті ішек жұқпалары, алдын алу мен…

Жіті ішек жұқпалары – дегеніміз бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және…
Шіл 03, 2025

Эхинококкоз және оның алдын алу…

 Эхинококкоз – созылмалы ағымымен, ағзаның аллергиясымен және бауырдың, өкпенің және…
Шіл 03, 2025

Хиджама жасатуға жүгінетіндерге…

Хиджама — бұл ағзадан лас қанды шығару арқылы емдейтін дәстүрлі емес емдеу әдісі. Бұл…
Шіл 03, 2025

На Капчагайском водохранилище…

5–6 июля на Капчагайском водохранилище состоится международный заплыв OCEANMAN-2025 —…
Шіл 03, 2025

ХАБАРЛАНДЫРУ «ҮЛГІЛІ АУЫЛ»…

Алматы облысының тұрғындары мен ауылдық округ әкімдіктерінің назарына! Қазақстан…
Шіл 03, 2025

«ŪMTYLYS» байқауы

«ŪMTYLYS» байқауы – жастар үшін жаңа серпінАлматы облысында алғаш рет жастармен жұмыс…
Маус 30, 2025

Тазалық тәртіптен басталады

Табиғат – Жаратушының ең көркем жаратылыстарының бірі. Адам күнделікті күйбең тіршіліктен…
Маус 26, 2025

Начало было в 30-х продолжение в…

Если театр начинается с вешалки, завод с проходной, то газета – с людей и событий,…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет