Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бір-бір үйдің еркесі болып табылатын балаларымыздың еркелігін көтеретін де, білім нәрін сусындататын да, сүйіспеншілікке баурап өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де – ұстаз. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп хакім Абай айтқандай, мақаламыз Көктөбе орта мектебінің ұлағатты ұстазы Абикенова Кульмира Мырқасымқызы жайлы болмақ.
Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Кульмира Мырқасымқызы 38 жыл еңбек өтілі бар ардагер ұстаз. Кульмира апайдың білімімен сусындаған балаларымыз биыл бастауышпен қоштасып, 5-сыныпқа қадам басты. Өзінің тәжірибесі мен білімі, қабілетінің арқасында Мерей Есімбек, Аянат Бақытжан, Нұрлан Ербол, Даяна Оңғарова, Аружан Ауесхан, Абылай Рыспеков, Меруерт Даниял, Інжу Хасенбай сынды 8 оқу озатын, Аружан Нұрғайым, Румина Тұяқбай, Айдал Қуралбай, Мирас Смағұл, Санжар Хамза, Карина Жиенбаева, Дидар Мейіржанұлы сынды оқу екпінділерін тәрбиеледі. Оқушылар мектеп бойынша үлгерімі жағынан жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.
Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Тәуелсіз ел атанып, тіліміздің мәртебесі артып, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін өнегелі ұстаз Кульмира Абике-новаға алғысымыз шексіз. 5 «Ә» сынып ата-аналарының атынан ұлағатты ұстазға зор денсаулық, еңбегіне табыс тілейміз.
Зауре АБДИГАНИЕВА.
Бүгінгі ғылым мен техниканың қарқынды дамып, еліміздің экономикасы өсіп, үкімет үдемелі индустрияландырудың керемет жобаларын жүзеге асырып отырған кезеңде оқушылардың математика мен физика пәндерінен біліміне, компьютерлік сауаттылық деңгейіне қойылатын талап та жоғары. Болашақта білімді ұрпақ керек, ал білім кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде.
Себебі математикалық білімі мықты, компьютерлік сауатты жоғары, әрі ойлау қабілеті дамыған бала ғана ғылым мен техника тілін табысты меңгере алады. Әр баланың жеке бір ғылымға деген қабілетін ескере отырып оқыту, оны дамытудың барлық мәселелерін шешетін дайын, әрі керемет әдістеме болуы мүмкін емес. Оқушылардың бойында білімге деген қажеттілікті сезіну, білім алу үшін өз бетінше іздену, жаңашылдыққа ұмтылу қасиеттерін тәрбиелеу сабақта ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарда да жүзеге асырылуы керек.
Осындай жұмыстың маңызды бір бағыты – пәндік онкүндік. 2021 жылдың 23.11-05.12 күндері аралығында «Д.А.Қонаев атындағы орта мектеп» КММ-де математика, информатика және физика пәндер онкүндігі өтті. Онкүндіктің мақсаты: Мұғалімдердің педагогогикалық және кәсіби шеберлігін, құзырлылығын және сабақ беру әдістемесін үздіксіз жетілдіру арқылы оқушылардың сапалы білім алуына, шығармашылық деңгейінің жоғары сатыға жетуіне ықпал ету.
Қазіргі кезде сапалы және терең білімнің, іскерліктің болуын, білім алушылардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін және кең, әрі терең ойлауға қабілетті болуын талап етеді.Сондықтан мектебімізде өткен онкүндік барысында мұғалімдер ұйымдастырған іс-шаралар заман талабына сай өтті. Соның ішінде интеллектуалды сайыстар, кештер, қабырға газеті сайысы, олимпиадалар, сыныптан тыс іс-шаралар оқушылардың математика, физика және информатика пәндеріне қызығушыылығын одан әрі арттыра түсті. Атап айтар болсақ, математика пәнінен – «Логикалық есептер сайысы» 5-7 сыныптар, физика пәні мұғалі Ж.Буданова 11 сыныптар арасында «Что? Где? Когда?» ойнын өткізсе, жас маман Б.Кабдиева «XI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды сайысын ұйымдастырды. 9-10 сыныптар арасында «Математикалқ дода», жас мамандар арасында «Миф және Спорт» атты байқаулар өтті. Іс-шаралар танымдық-дамыту қалыпта өткізілді, мұғалімдер оқушылардың оқу мүмкіндіктерін ескеретін, логика мен зеректілікке арналған тапсырмаларды пайдаланды, ал оқушылар әр түрлі пәндерден өз білім дәрежелерін, тапқырлықтарын көрсетіп, қосымша білім де алды.
Жоғарыда аталған іс-шараларды өткізуде «Ұстаздың еңбегі шығармашылықтан тұрады» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әр оқушы қазақ елін дамытушы, әлемдегі дамыған елдермен тепе-теңдікке жетуге ат салушы тұлға екенін ашып, бағыттады. Онкүндік барысында «Жанашырлыққа жан риза» деген ұстанымды жалау етіп, мектебіміздің директоры Р.Ахметованың ұйымдасыруымен математика, физика және информатика пәндері бірлестігінің мұғалімдері 11 сынып оқушыларымен бірге Есік қаласында орналасқан отбасылық үлгідегі «Есеновтер» балалар үйіне арнайы келіп, балалардың жағдайымен танысып, сыйлықтарын табыстады. Ұстаздардың қайырымдылық ісі мектебіміздегі ерекше білімді қажет ететін оқушыларға жаңа жылдық сыйлық жасаумен жалғасын тапты. Қорыта келе айтарым, ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері және қоғам, халық өзінің үміті, болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Ұстаз әрі ғалым, әрі шешен, әрі көшбасшы бола білсе ғана алдында отырған шәкірті білімді, болашақта ел тұтқасын берік ұстар азамат болады. Осындай ұстаздары бар Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев мектебінің оқушылары келешекте ел қамын күйттейтін, қайырымды болуға барынша тырысатын ұлағатты ұрпақ болып ер жетері даусыз.
Г.Абдуманап,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі
Еліміздің келешегі, тірегі де – жастар. Осы жастарымыздың денсаулығы мықты, жан-жақты білімді болуы үшін мектептің үлесі өте зор. Алдарына жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеу жолында үлкен мақсат қойған О.Жандосов атындағы орта мектепте шағын футбол алаңы ашылды.
Салтанатты жиында Көктөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Берік Саменов пен мектеп директоры Айжан Джамешева көпшілікті мерекемен құттықтады. Мектебіміздің оқушыларына арналған шағын футбол алаңының лентасын ардагер ұстаз Ануар Жолдасбаев пен Бақытбай Абдрахманов қиып, ақ батасын берді. Ауылдың ақ жаулықты әжелері бұл қуанышқа шашуларын шашып, жасөспірімдерге ізгі тілектерін білдірді.
Мектеп оқушыларының жүздері бал-бұл жайнап, су жаңа алаңда футбол ойнады. Келген қонақтар мектептің акт залында 7 «Б» сынып оқушылары және сынып жетекшісі Асыл Берікбаева, педагог-ұйымдастырушы Дидар Қанатұлы, музыка пәнінің мұғалімі Қарлыға Оңалбаеваның ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – Ұлы дала ұрпақтарына аманат» атты концерттік бағдарлама тамашалады.
А.БУЛАШЕВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмір тарихын шолсақ, биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат орта мектебінде оқушылар мен ұстаздардың ұйымдастыруымен «Үлгілі сынып сағаты» өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты мерекеге 7 Ә, 7 Б сыныптары мен сынып жетекшілері – Айсара Манапова мен Айгүл Молдасанова ерекше дайындалғаны көрініп тұрды. Мерекелік кеште оқушыларға егеменді елін, ұлан-ғайыр жерін қорғаған кешегі батырлардың, желтоқсанның жаңғырығы болғаны – Ербол мен Қайраттардың ерлігі жайлы кеңінен айтылып, балалардың рухын асқақтатар патриоттық өлеңдер оқылды. Қанағат Ерасыл «Сайра, Бұлбұлым», Бақбергенұлы Бекзат «Батырлар ұраны», Дәулетбекова Жансая «Мен – қазақтың қызымын» әндерін орындап, кеш қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ оқушылардың батырлар өмірінен қойған көріністері де көптің көңілінен шықты.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары болсын деген ұранмен оқушылар концерттік бағдарламаны өте әдемі де, әсерлі тәмәмдады.
Айгерім Берікқызы.
Ел Тәуелсіздігі – еліміздегі ең үлкен мереке. Осы ерекше күнге орай Көктөбе орта мектебінің 5 «А» сынып оқушыларына «Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты сынып сағатын өткіздім.
Еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезім мен туған елге, жерге деген сүйіспеншілігін ояту, мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу, Отанымыздың бай тарихын таныстыру мақсатында ұйымдастырған бұл сабаққа оқушыларым үлкен ықыласпен қатысты. Отан, Тәуелсіздік жайлы өлеңдерді жатқа мәнерлеп айтқан балалар тарихымызға қатысты қойылған сұрақтарға да мүдірместен жауап беріп, сынып сағатына жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті.
Сабаққа қатысқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Катабасова мен өзге де мұғалімдер балалардың жаңа сабаққа, Тәуелсіздік тақырыбына деген ерекше ықыласын атап өтіп, оқушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ балаларға Тәуелсіздік, Отан жайлы жан-жақты мағлұмат беріп өтті.
Айсулув Алимбетова,
5 «А» сынып жетекшісі
Жақында Көктөбе орта мектебінде «Салауатты өмір салты» атты іс-шара өтті. Жас ұрпаққа адам денсаулығынан қымбат еш нәрсе жоқ екенін, оның бағалы байлық екенін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 8 сыныптардың оқушылары мен мектебіміздің ұстаздары – Бағдат Кожалимов, Жанар Бесимбаева және кітапханашы Баян Жатканбаева, психолог Бекназ Қарақойшиева қатысты.
Тақырыпқа сай оқушыларға презентация, нақыл сөздер және тапсырмалар берілді. Аталған шараға «Дәрумендер» тобы белсене қатысты. Жеңімпаз атанған 8А сынып оқушылары мектебіміздің директоры А.Талкамбаеваның мақтау қағазымен марапатталды. Сабақты қорыта келе салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі айтылды.
Айсұлу Алимбетова,
биология пәнінің мұғалімі
Жақында «Көктөбе орта мектебінде» 9 сынып оқушылары арасында «Менің болашақ мамандығым» атты тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған шараны мектептің тәрбие ісінің меңгерушілерімен бірге 9 сыныптар арасында ұйымдастырдық. Дөңгелек үстелге аудандық ІІБ-нің тергеу маманы Меруерт Нурбаева мен «Салық төлеушілердің ақпаратын қабылдау және өңдеу және салық тіркеу орталығы» бөлімнің жетекші маманы Тұрар Шайки қонаққа келіп, бітіруші түлектермен өзара ой бөлісті. Кездесу барысында мектеп психологі Б.Қарақойшиева тренинг өткізіді. Оқушылар қонақтардың ақыл-кеңестерін тыңдай отырып, көкейінде жүрген сұрақтарына жауап ала білді. Шара соңында қонақтарға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай арнайы кітаптар сыйға тартып, оқушылар шығармашылық өнерлерін көрсетті.
Жанар Бесимбаева
9 «ә» сынып жетекшісі
Жуырда «Көктөбе» орта мектебінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тәрбие ісі меңгерушілерінің ұйымдастыруымен тарих пәнінің мұғалімі Ғазиза Қырбасова 9 сынып оқушылары арасында «Мәңгілік ел идеясы – бірлікке бастар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Шараға Көктөбе орта мектебінің ардагер ұстазы Айша Сүлейменова, ауыл ақсақалы Ағапаша Дуллаев, мектеп директоры Айжан Талқамбаева және ұстаздар қатысты. Дөңгелек үстел мақсаты – «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсатын түсіндіру арқылы Мәңгілік ел идеясының маңызын насихаттау. Жиынға Елбасымыздың қанатты сөздері мен өз ойларын ашық айтып, ой бөліскен оқушылар белсене қатысты. Мектебіміздің 9-сынып оқушылары Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, егемендікке жету жолы туралы ауыл ақсақалдарынан тарихи мәліметтер, әсерлі, ой саларлық ақыл-кеңестер мен көптеген мағлұматтар алды. Оқушылар еліміздің патриоты болып, болашақта еліміздің өркендеуі жолында еңбек етуге уәде берді.
Роза МАХАНОВА,
Көктөбе орта мектебінің мұғалімі.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ҮШІН ТЕХНИКАЛЫҚ КАДР, ОРТА КӘСІПТІК МАМАН ДАЙЫНДАУ СТРАТЕГИЯСЫ МАҢЫЗДЫ. ДЕГЕНМЕН, ЕЛІМІЗДЕ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ОРТА КӘСІПТІК БІЛІМДІ ЖҰМЫС КҮШІНЕ ЗӘРУ, ТЕХНИКАЛЫҚ КАДРЛАРҒА МҰҚТАЖ. СОНДЫҚТАН КАДР ДАЙЫНДАУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ АРҚЫЛЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚУАТЫНАРТТЫРУҒА БОЛАДЫ. БҰЛ БАҒЫТТА ШЕЛЕК ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ КӘСІБИ МАМАНДАР ДАЯРЛАУДА АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ. БИЫЛ ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕНІНЕ 65 ЖЫЛ ТОЛДЫ. ОСЫ ОРАЙДА КОЛЛЕДЖДІҢ ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР ДАЯРЛАУ БАРЫСЫ, САПАЛЫ БІЛІМ МЕН САНАЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ, КӘСІПТІК БІЛІМ ОШАҒЫНЫҢ БҮГІНГІ БЕТ-БЕЙНЕСІ МЕН БОЛАШАҚ СТРАТЕГИЯСЫ ЖАЙЫНДА АТАЛҒАН ОҚУ ОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ҚУАТ ДҮЙСЕБАЕВПЕН СҰХБАТТАСЫП ҚАЙТҚАН ЕДІК.
– Сан мыңдаған техникалық мамандарды тұғырынан түлеткен қасиетті қара шаңырақтың 65 жылдық торқалы тойы құтты болсын! Әңгімемізді оқу ордасының тарихынан бастасақ.
– Бұл оқу ордасының іргетасы 1956 жылы Малыбай ауылы механизация мектебі аясында құрылып, 1974 жылы №96 орта кәсіптік-техникалық училище болып қайта жасақталып, Шелекке көшіріледі. 1986 жылы №7 орта кәсіптік-техникалық училище, 1996 жылы №7 кәсіптік-техникалық учлиище, 2003 жылы №7 орта кәсіптік мектеп, ал 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен Шелек политехникалық колледжі болып құрылды. 2019 жылдың желтоқсан айында колледжіміз мемлекеттік аккредиттеуден өтті. Міне, солай уақыттың ағысымен алға жүзіп келеміз.
– Колледжде нақты қандай мамандықтар оқытылады?
–Дамушы қоғамға білімді де білікті, нарықтық экономикаға бейімді, өз кәсібін қадірлей алатын, бәсекеге қабілетті жан-жақты кәсіби мамандарды дайындап шығару – бүгінгі күннің басты мақсаты. Біз – ауылшаруашылығын негіз еткен өңірміз, сонымен қоса «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орыналасқанбыз. Осы негізде «Дәнекерлеу ісі», «Автокөлікті пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Электромонтер», «Фермер шаруашылығы», «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандықтарын оқытамыз. Сонымен қатар қысқа мерзімді «В», «ВС» категориялы жүргізуші», «Тракторист-машинист», «Аспаз», «Электромонтер», «Газэлектрмен дәнекерлеуші», «Автокөлік жөндеуші» мамандықтары бойынша курстар оқытылады. Бүгінде колледж қабырғасында еліміздің экономикасын көтеруде әр түрлі салаларға қажетті бес мамандық бойынша 354 жас жеткіншек білім алып жатыр.
– Кәсіптік білім ошағының кадрлар қосыны мен материалдық-техникалық базасы қалай жасақталған?
– Колледждің материалдық-техникалық базасы өндірістік оқыту сабақтарын жүргізуге арналған жабдықтармен жасақталған. Қазіргі уақытта жергілікті шағын кәсіпорындармен өзара келісімге отырып, білімгерлердің өндірістік тәжірибеден өтуі қолға алынған. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оқыту форматы – күндізгі. Жалпы саны 49 жоғарғы, бірінші және екінші санатты оқытушылар қызмет етеді. Колледж білімгерлеріне мемлекеттік бюджетте қарастырылған 2016 жылдың қаңтар айынан бастап 19 273 теңге көлемінде жоғары, 16 759 теңге көлемінде орташа шәкіртақы және 4 242 теңге көлемінде жолақысы жылына екі рет төленеді. 4 оқу-өндірістік шеберхана, 2 оқу ғимараты,140 орынға арналған асхана жұмыс істейді және әлеуметтік-материалдық жағдайы төмен білімгерлер бір мезгілдік ыстық тағаммен қамтылады. Сонымен қатар 240 орындық жатақхана, онда дәрігерлік бөлме, асхана, санитарлық, спорттық, демалыс бөлмелері бар. Олар тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтармен толық жасақталған. Жатақханада колледж психологтары мен тәрбиешілері білімгерлермен жұмыс жасайды. Сонымен бірге 30 орындық кітапхана залы жасақталған және онда студенттердің сабақтан тыс уақытында жұмыс істеуіне арналған интернет желісіне қосылған 6 компьютер жұмыс істеп тұр. Колледж WiFi желісіне қосылған, 2 компьютерлік сынып, 150 орынға арналған акт залы бар. Осы материалдық-техникалық мүмкіндерімізді тіптен арттыруға жол ашатын жаңа жобаларды қолға алдық.
– Ол жобалар жаңа сападағы мамандарды жетілдіруге қандай мүмкіндіктер береді?
– 2019 жылы 23 қаңтарда «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде берілген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жас маман» жобасына қатысушылар қатарына Шелек политехникалық колледжі кірді. Жобаның операторы болып «Talap» КЕАҚ («Кәсіпқор» Холдингі») анықталды. «Жас маман» жобасының мақсаты – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. «Жас маман» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша колледж республикалық және халықаралық деңгейде талап етілетін мамандарды даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады, аймақтағы құзіреттілік орталығына айналады, сондай-ақ WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды даярлауды жүргізетін болады. Қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі – дамыған цифрлық инфрақұрылым. «Жас маман» жобасы аясында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша материалдық-техникалық базаны нығайту, осы негізде көрсетілген мамандық бойынша колледжде құзіреттілік орталығын ұйымдастыру, кадрларды даярлау бағдарламаларын жаңарту, ИПР оқыту, жабдықтарды орнату үшін колледждің инфрақұрылымдарын дайындау, кәсіби бағдар беру және мансап орталығы, оқу үдерісін автоматтандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Политехникалық колледж студенттерінің артықшылықтарының бірі – колледждің заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етілген шеберханаларды жұмыстың практикалық дағдылары арқылы әрі қарай өндірісте жұмыс істеуге дайын болуы үшін шынайы өндіріс процесінің жасақталуы. Қорытындылай келе, сәтті тәжірибенің нәтижесінде Шелек политехникалық колледжі «Жас маман» жобасы аясында колледждер арасында жаңғырту үшін үлгілі болады. Биыл ел Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай 1 млрд 200 млн теңгеге №1 оқу ғимараты мен өндірістік-оқу шеберханалар күрделі жөндеуден өтті.Біз кәсіптік білім берумен бірге тәрбие жұмыстарына да баса мән береміз.
– Кәсіптік білім ордасындағы тәрбие жұмысы қандай бағыттарда жүргізіледі?
– Біздегі тәрбие жұмыстары тұлғаның жан-жақты дамуына және өзін-өзі танытуына жағдай жасау, болашақ маманның кәсіби маңызды қасиеттерін қалыптастыру бағытында.Осыған сай, оқыту сабақтары, сынып сағаттары, кәсіпорындарға саяхат, мамандармен әңгімелесу, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылады. Сонымен қоса патриоттық тәрбиелеу мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру негізінде оқыту сабақтары, кураторлық сағаттар, мерекелер және кездесулер, музейге экскурсиялары да назардан тыс қалмайды. Оқу орнымызға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов пен өзге де танымал тұлғалар келіп, жас шәкірттермен салиқалы сұхбат өткізген болатын.Тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өтіп жатқан шәкірттерінің жырын жүрекке түйген тағылым иелері ардагер ұстаздарымыздың еңбек жолы – көпке үлгі-өнеге. Марат Өтегенов, Абдрасул Надыров, Сәуле Хайрулина, Сәуле Кубашевна, Мереке Каткенова сынды ардагер ұстаздарды да ардақтап, сол бір аяулы жандардың тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбегін жас ұрпақ зердесіне тоқу мақсатында ардақты ұстаздарымызды да кездесуге жиі шақы-рып тұрамыз. «Қазақстан Республикасы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы» стратегиясын жүзеге асыру мақсатында «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі» тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылып, академиялық адалдық кодексі әзірленді. «Білім – ырыс қазығы» дейді дана халқымыз. Білімді ұрпақ – ел болашағы, халқымыздың қазынасы. Рухани мықты ұрпақ қана тәуелсіз еліміздің туын биік ұстары анық. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Келешек тек жасампаз жастардың қолында болмақ. «Туы бірдің түбі бір, жолы бірдің жүгі бір» демекші, ұрпақ тәрбиесі, білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Осы бір қара шаңырағымыздың 65 жылдық торқалы тойында, оқу орнының заманға сай түлеуіне еңбек өтіп, төр төгіп келе жатқан колледж ұжымына және С.Байсубанов, Н.Бокаева, И.Турганов, Ж.Алимбеков сынды әріптестеріме шексіз алғыс айтқым келеді. 65 жылдық тарихы бар біздің колледжімізден тек қана бітіруші түлектер ғана емес, нағыз маман иелері шығатынына кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Е.АСЫЛ.
А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Мәңгілік Ел» ассоциациясының «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым!» атты онкүндігінің жоспары негізінде мектебімізде 7 желтоқсан күні «Есік өлкетану мұражайының жәдігерлері» тақырыбында көрме өтті.
Көрменің мақсаты – қазіргі заман талабына сай оқушылардың білімін жан-жақты жетілдіру арқылы бай тарихымызды және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылда жүріп өткен жолын оқушылар арасында насихаттау. Сондай-ақ тәуелсіздіктің символы болған – «Алтын адам» және өлкенің терең тарихын кеңінен таныстыру. Көрмені тарих пәнінің мұғалімдері – Ж.А.Жунусова, А.У.Нурбаева, Р.С.Алимжанова, С.М.Тулебаевтар ұйымдастырды. 1-11 оқушылары мен мектеп ұстаздары қатысқан көрме жоғары деңгейде өтіп, балалар ғана емес, мұғалімдер де мол мағлұмат алды.
А.У.Нұрбаева,
"Мәңгілік Ел" ассоциациясының жетекшісі