Ұстаз – ұлы тұлға. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындататын да, оң-солын танытып, тәлім-тәрбие беретін де – ұстаз. Яғни елдің қарыштап алға дамуы мен кемшін қалуы осы мамандық иесіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Осынау үлкен жауапкершілікті жан-тәнімен түсінген, өз ісіне адал, білікті мамандардың бірқатарын аудан әкімі Қ.Қашқымбаев мереке күні марапаттады.
Сөзін халқымыздың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының «...Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деп бастаған Қуанышбек Қалиұлы педагогтердің қоғамдағы және, жалпы, елдің дамуындағы роліне тоқталып өтті. Сондай-ақ «Ауданымызда да мұғалімдерге деген қамқорлық ерекше. Аудан бюджетінің 70 пайызға жуығы білім саласын дамытуға бөлінуде», – деген әкім өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына бізде де барлық жағдай жасалып, мектептерді материалдық-техникалық жан-жақты жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қуанышбек Қалиұлы мұғалімдердің қызметіне табыс, отбасына құт-береке тілеп, мерекелік "Құрмет грамотасымен" марапттады. Кештің сәнін кіргізіп, ауданымыздың өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мектеп табалдырығын жаңа аттап, оң-солын танымаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға жол ашатын ұстаздар қауымына ақын Мағжан Жұмабаев осындай баға беріп кеткен. Ал бүгінгі таңда ұстаздар сол төрінен айырылып бара жатқандай. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындауды тапсырып, ұлағат иелерінің құқығы заңмен қорғалу керектігін айтқан еді. Бүгінде аталған заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әлеуметтік желілерден ұстаздардың беделіне нұқсан келтіретін түрлі бейнероликтер жарияланып, көпшіліктің қызу талқысына түсуде. Баланың тәртіпсіздігі мен білімсіздігіне ұстаздарды жазғыру да белең алып бара жатқандығы баршамызға аян. Қоғамда білім берумен қатар, баланың тәрбиесімен де ұстаз айналысуы тиіс деген қате түсінік қалыптасып кеткен. Оқушы қандай жайсыздыққа тап болса да, мектеп пен мұғалімдерді кінәлап шыға келеді ата-аналар. Оған қоса, мерекелік жиындар концерттерде залды толтырып отыратындар да ұстаздар қауымы. Көше сыпырып, қоқыс жинатындар да осы ұлағат иелері. Осыдан-ақ, өз заманында Мағжан Жұмабаев төрге шығарған ұстаздардың бүгінгі таңдағы абырой-беделін бағамдай беріңіз. Қоғамдық қызметшіге айналған мамандыққа жастар қауымының барғысы келмейтіндігі де содан болар. Әсіресе, аталған саладағы ер-азаматтарымыздың қатары азайып, тіпті, жоқ десек те артық айтқандық емес. Мұның себебін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызы былай түсіндірген болатын:
– Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Кейбіреулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұмыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтып жатырмыз. Әлеуметтік желіде жер-жердегі мектептегі ұл балалардың төбелесіп жататын бейнелері белең алып кетті. Бұл білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асыраушысы емес пе? Ол тұрмақ әйел азаматтарға да бұл айлық аздық етеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастау керек. Заңда көрсетілген дүниелерді іске асыру қаражатқа келіп тіреледі. Ұстаздарға көше тазалатпау, міндетіне кірмейтін жұмыстарға жұмсаудан бөлек, олардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді де баса назарға алған абзал. Егер мемлекетіміз осы іске барын салып жұмыла жұмыс істесе, болашағымызға құйылған инвестиция деп ойлаймын. Бұл ретте дәрігерлер де, мәдениет саласының қызметкерлері де біз кімнен кембіз, бізге де сондай жағдай жасалсын деп шығуы мүмкін. Біз аталған мамандық иелерінің ең бірінші ұстаздың алдынан тәлім алатынын ұмытпауымыз керек – деп, ұстаздыққа ер азаматтарды тарту арқылы бала тәрбиесін түзеуге болатындығын жеткізді. Қазіргі қоғамдағы осындай олқылықтарды ескерген Тұңғыш Президентіміз мұғалімдерді заңмен қорғауды тапсырған еді құзырлы мекемелерге. Елбасының тапсырмасымен бірден іске кіріскен Білім және ғылым министрлігі «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасымен қатар, тұжырымдамасын қоса дайындаған. Заңда болатын мәселелердің бәрі тұжырымдамадан табылу керек болған. Министрлікке қарасты «Білімді ел» газеті арқылы 300-ден астам ұсыныс түсіп, ашық үкімет порталында талқылауға түскен. Осылайша, бір жыл бойы жетілдірілген «Педагог мәртебесі» туралы заң Парламентте бірінші тыңдалымда-ақ қабылданған. 2019 жылдың 31 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталмыш заң жобасына қол қойды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Жалпы заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты.
Әрине, бұл туралы қоғамда түрлі пікір туындап, ұсыныстарын жеткізгендер де болды. Заң жобасы турасында жерлесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, журналист Сүлеймен Мәмет:
– Жақында ел арасында мұғалімді ата-ананың ұрғаны туралы оқиға талқыланды. Таяуда ғана ол мұғалімнің жұмыстан кеткені және оқушының ата-анасына 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін естідік. Жұмыс орнынан мұғалім кеткеннен кейін оның беделін қалай көтереміз? Мұғалім сол жұмыс орнында қалуы тиіс еді. Шешімді шығарған сот органдары істі қайта қарап жатыр. Бізде заң жоқ емес, бар. Тек өз деңгейінде жүзеге аспайды. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Білім туралы заңның ішінде мұғалім мәртебесі туралы айтылған. Енді тағы жеке заң қабылдау керек деп жатырмыз. Ертең сонда ата-ана, бала туралы заңдарды да қабылдау керек пе? Заңның орындалмайтын себебі неде? Бізде заңнан бұрын басшының сөзі жүріп тұр. Тиісінше, басшыдан асып ешкім ешқайда бара алмайды – деген еді «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Рас, заң барлық адамдардың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Алайда, ұстаздардың беделі төмендеген кезеңде «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы да өте оңтайлы шешім.
Қабылданған заң жобасы жоғарыда аталған мәселелердің барлығын қамтып, ұстаздар мәртебесін арттыруға негізделген. Ендігі ұлағат иелері ауыл-аймақтың қоғамдық жұмысшысы деген «қосымша қызметінен» мәңгілікке босатылды. Бұл туралы «Педагог мәртебесі» туралы заңның 6 бабы 2 тармағында көрсетілген. Онда: «педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» делінген. Яғни, мектеп қабырғасынан тыс іс-шаралар ұстаздарсыз өтеді. Сонымен қатар, педагогтен ҚР-ның заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге; педагогтің кәсіби қызметіне ҚР-ның заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге; педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді. Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеледі.
Сонымен қатар, заңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру, материалдық ынталандыру, қосымша ақы төлеу, көрсетілетін жеңілдіктер де қарастырылған.
Былтыр сайланған Президентіміз де педагогтардың мәселесіне бей-жай қарамаған болатын. Дәстүрлі тамыз кеңесінде еліміздегі мұғалімдердің жалақысын 4 жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және алдағы төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Бұл да заң жобасына енгізілген. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.
Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.
Мұғалімдер үшін қуанышты жаңалық, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Шәкірттерін үздік дайындаған мұғалімдер де енді құралақан қалмайды. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Алдағы уақытта, үш тоқсан бойы тынымсыз еңбек еткен ұстаздар 14 күнге ұзақ демалатын болады. Заңда педагогтердің еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген.
Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының құқығы да бір деңгейде қорғалады. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына да балабақшалардан бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы жылдан бастап жалақылары да 25 пайызға өседі. Міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген. Айта кететін жайт, бұл өзгерістер мен толықтырулар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне де қатысты.
Оған қоса, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған. Айталық, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларға міндеттегені үшін 20 мен 120 Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 трлн 3 млрд теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді.
Сардарбек НҰРАДИН
Санаулы күндерден кейін басталатын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларды да, ата-аналарды да оқу процесінің қалай жүргізілетіндігі алаңдатқаны белгілі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы және өзге де көптеген мәселеге қатысты нақты мәліметтермен бөлісті.
Алдымен 1 қыркүйек - Білім күнінде оқушылардың салтанатты сап түзеуі болмайтындығын бірден айта кеткен жөн. Бұл коронавирус індетінің таралу қаупі сейілмеуіне байланысты бала денсаулығын қорғау үшін қабылданып отырған мәжбүрлі шара екендігі анық. Жалпы, оқушылардың басым бөлігі қашықтан білім алғанымен, мектеп табалдырығын аттайтындары да бар.
Нақты деректерге жүгінсек, еліміздегі жалпы мектеп оқушыларының 80 пайызы немесе 2,6 млн бала қашықтан оқуын жалғастырады. Ал бастауыш сыныпта білім алатын балалардың 15 пайызы немесе 530 мың оқушы ата-аналардың өтінішімен мектепке келіп, кезекші сыныптарда білім алады.
Шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің оқушылары - 5 пайыз. Бұл оқушылар елді мекендегі коронавирус індетіне қатысты ахуал оң болса, онда мектепке барып дәстүрлі форматта оқи береді. Мұндай балалардың саны - 202 мың.
Баспасөз мәслихаты барысында Асхат Аймағамбетов балалардың 80 пайызы білім алатын қашықтан оқыту форматы негізгі 2 бағытта жүргізілетіндігін айтты.
«Әрине, қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту бойынша бізде арнайы бірнеше интернет платформа бар. Жалпы, өткен оқу жылының 4-тоқсанында бізде екі негізгі 2 интернет платформа болса, осы уақытта оған тағы 6 интернет платформа қосылып, 8-ге жетті», - деді ол.
Оның атап өтуінше, осы платформалардың ыңғайына, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді.
«Екінші бағытта балаларға телеарна арқылы сабақ беріледі. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабаққа тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр. Телесабаққа келер болсақ, түсірілім «Хабар» агенттігінде жүргізіліп жатыр. Жалпы телесабақтар 1 қыркүйекке дейін дайын болады деп ойлаймыз. Қазірдің өзінде тиісті деңгейде, жеткілікті сабақтар дайындалды», - деді министр.
Жалпы мектеп оқушыларының 15 пайызы дәстүрлі форматта мектепке келіп, кезекші сыныптарда білім алатындығын жоғарыда айттық. Бірақ, бұл ретте ең басты мәселе - баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі болғандықтан мектеп әкімшілігіне қатаң талаптар қойылады. Мәселен, әр кезекші сынып үшін үзіліс әртүрлі уақытқа созылады. Тіпті сабақтың басталу уақыты да бір сынып пен екінші сыныпта бірдей болмайды. Ал бір сабақтың ұзақтығы 40 минутпен шектеледі. Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар қатаң сақталады.
Бұған қоса, сабақтың ұзақтығын қысқартып, 1 сағаттың ішінде апыр-топыр балаларды оқытып, үйіне жібере салуға да жол берілмейді. Мұны Білім және ғылым министрлігі бастап, жергілікті білім басқармалары жіті бақылауда ұстап отырады.
«Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Әдеттегідей бір кабинеттен екінші кабинетке көшіп оқуға жол бермейміз деп шештік. Әр күн сайын термометрия жүргізіледі. Жуу, желдету режимі бойынша тиісті талаптар қолданылады. Шағын жинақталған мектептерде дәстүрлі білім беру барысына да осы талаптар қойылып отыр. Бұған қоса, бір сыныпта 25-30 бала болса, онда оларды 15 баладан аспайтын топқа бөлу керек деген шешім қабылдадық. Осы шешім аясында жұмыс жүргізіледі», - деді министр.
Осы орайда айта кетерлігі, кезекші сыныпқа сабақ берген мұғалімнің қашықтан оқытуға да құқығы бар. Оның мұндай құқығына мектеп әкімшілігі тосқауыл қоймауы қажет. Өйткені, министрдің айтуынша, бұған дейін бастауыш сынып мұғалімдерінде бір ставкаға сағат жетпей қалу проблемасы болған.
Мәселен, үлгілік оқу жоспарына сәйкес бірінші сыныптарда аптасына 24 сағат беріледі. Алайда ағылшын тілі, дене шынықтыру сынды сабақтарды басқа мұғалімдердің беруіне байланысты бастауыш сынып ұстазының орташа жүктемесі 15-16 сағатты құрап, 18 сағатқа, 1 ставкаға да жетпеген. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр.
«Қазір біз сыныпты бөлетін боламыз. Айталық, сыныпта 30 оқушы бар. Бүгінгі жағдайда кезекші сыныпта оқыту барысында олар аталған сыныпты 15 баладан екі шағын топқа бөлуге міндетті. Соған орай педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазір онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Ескерте кетерлігі, егер осы кезекші сыныптарда не болмаса сабақ беретін мұғалімдерде коронавирус індеті анықталатын болса, онда мектеп жабылуы да мүмкін. Мұны аталған баспасөз мәслихатына қатысқан еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.
«Егер сыныпта бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталса, мамандар эпидемиологиялық тексеріс жүргізеді. Сол сыныптың оқушылары, сабақ беретін мұғалімдер және инкубациялық кезеңде тығыз қарым-қатынаста болғандар оқшауланады. Зертханалық тексеру жүргізіледі. Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әртүрлі сыныпқа сабақ берген мұғалімдерден анықталса, онда аурудың одан ары таралуына жол бермеу мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін», - деді Айжан Есмағамбетов.
Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы олқылықтарға қатысты да ойымен бөлісіп, алдағы уақытта кемшіліктердің толық жойылатынын айтып сендірді.
«Оқулық мәселесі өте маңызды. Бұл баяғыдан келе жатқан, халықтың көкейінде жүрген ең басты мәселенің бірі. Бізде кейбір әріптестеріміз «оқулық - қосымша құрал» деп айтады. Мен онымен келіспейтіндігімді әрқашан айтамын. Оқулық - бала үшін ең негізгі құралдың бірі. Бала оқулыққа сүйеніп оқиды. Оқулықта болған ақпаратты бойына сіңіреді. Сондықтан оқулыққа біз өте үлкен назар аударып жатырмыз. Біз оқулықтың жалпы дайындалу процесін өзгерттік. Жалпы, авторларды алып, бұл солардың ғана проблемасы десек дұрыс емес. Не баспалардың проблемасы деп, баспаға аударсақ та дұрыс болмайды. Қоғамда сондай ой қалыптасқан. Біз министрлік ретінде жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек. Өйткені, жалпы осы саясатты жүргізіп отырған министрлік. Әрине, бұл жерде баспалардың, авторлардың жіберген қателіктер бар. Бірақ, негізінде осы саясатты Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отыр. Сондықтан біз осы саясатты күрт өзгерттік», - деді министр.
Оның айтынша, кітап дайындау барысында ең алдымен бағдарламалардың дұрыс болуына баса мән беріледі. Содан кейін ғана сараптама жасалып барып оқулыққа енгізілетін болады.
«Сараптамаға мұғалімді 7 күнге шақырып, қаншама кітапқа сараптама жаса деген кезде оның еш тиімділігі болмайды. Өйткені, жақсы мұғалім кітапқа сараптама жасайтын жақсы маман деген сөз емес. Оқулықтану деген бөлек ғылым. Оның өзіндік заңдылықтары бар. Жалпы биыл біз оқулықтарға қатысты жаңа ереже қабылдадық. Енді бұдан кейін шығатын оқулықтар басқа сапада жарық көреді», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр дерегінше, компьютер жеткізу жұмысы күнделікті жүргізіліп жатыр. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қаржы бөлген. Бұған қоса, республикалық бюджеттен де қосымша қаражат өңірлерге жіберіліп отыр. Компьютерлер ең алдымен көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына беріледі.
Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар 200 мыңға жуық компьюер сатып алып, оны балаларға таратып беріп үлгерді. Жалпы, жаңа оқу жылына дейін 400 мыңнан астам оқушы қажетті техникамен қамтамасыз етіледі.
Ал осы балалардың қолына тиген мемлекеттік мүлік бүлінген жағдайда бұл мәселе «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 72 және 76-баптары аясында шешілетін болады.
Жалпы өткен оқу жылының 4-тоқсанында балаларға берілген техниканың ешқайсысы бүлінбегендігі белгілі. Бұл ата-аналардың мектеп мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтынын білдірсе керек.
Оқу жылы онлайн форматта басталғаны баршаға аян. Қашықтықтан оқу ісіне керекті ең қажет құралмен қамтамасыз ету жайы бүгінде өзекті.
Сымсыз байланысқа жіпсіз байланған кезеңде компьютер мен ғаламтордың көмегіне жүгінкен кез жетті.
Осы ретте Алматы облысы білім басқармасы өңірдегі барша ұстаз бен оқушының сауатты білім нәрімен сусындауына бар жағдайды жасап бағуда.
Ұрпаққа білім беретін мұғалімдер қауымының жалпы саны облыс көлемінде 41 625-ті құрайды. Барлығы дерлік компьютермен жабдықталған дейді мамандар. Ұстаздар қауымының 49,9%, жеке лимитсіз Интернет желісіне және 3G/4G –45,7%, қосылған.
Жарқын болашақтың ертеңгі иелері оқушылардың 57,4%-нің компьютері немесе ноутбугі бар. Дейтұрғанмен аталған құрылғыға қолы жетпей отырғандарда табылады. Олардың саны 95 105. Бұл мәселенің күрмеуі шешілетін күн алыс емес дейді өңірдің бас ұстазы Майгүл Омарова.
Осы тектес жұмыстарды ретке келтіру үшін әуелі мектептердегі 23 678 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға берілген. Сондай-ақ, оқу жылының басында білім алушыларға демеушілер есебінен 445 компьютер, 503 ноутбук,661 планшет, сонымен қатар, облыстық бюджеттен 6000 ноутбук таратылған.
Бұл бағыттағы амалдар толастар емес. 20 мың компьютерлік техника сатып алуға 4 млрд. тенге қаржы бөлінген. Ал республикалық бюджет есебінен 55 686 бірлік компьютерлік техникаберілді, бұл компьютерлік техника 51 254 аз қамтылған отбасы балаларына, 1 682 жетім, 2 750 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға табысталмақ. Сонымен қатар, 5 млрд теңге көлеміндегі қаржыға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 мың бірлік компьютерлік техника алу жоспарланған, сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру жүйесіндегі жұмыс мұнымен тоқталған жоқ. Интернетке қосылу ісі де жолға қойылған. Жергілікті бюджеттен 38994 роутер сатып алуға қосымша 730 млн.теңге қаражат бөлінді, роутерлар 5 қазанға дейін сатып алынады.
Естерізге саламыз, облыс бойынша 760 мектепте 430206 бала білім алуда, 1 сыныпқа 47 мыңнан астам бала қабылданды.
«Бүгінгі күні 189 мектепте 15681 бала штатық режимде, 571 мектептің 370 761 оқушысы қашықтықтан оқытылуда. Сонымен қатар, мектептерде 1-4 сынып оқушылары үшін ата- аналарының өтініші негізінде 3742 кезекші сынып ұйымдастырылды, онда 46602 оқушы білім алуда. 18 тамыздан бастап 678 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 2021 кезекші топ жұмыс істеуде, 26882 бала қамтылған.Сонымен қатар, 6 арнайы мектеп интернаты, 40 қосымша білім беру мекемелері қашықтықтан жұмыс жасайды»,-.дейді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.
Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасына жазды.
"Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектептердің білім беру сапасын арттыруды тапсырды.
Бұл мақсатқа біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Осы мәселе туралы сөз қозғайық.
Болашақ ұстаздарды дайындаудың қолданыстағы жүйесі, әсіресе, жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасы жиі сынға алынып жатады. Бұл сын орынды.
Ескірген оқу бағдарламаларын, оқу барысында практикадан өту кезіндегі салғырттықты айтпағанда, статистикалық көрсеткіштердің өзінен бұл проблемалар айқын көрінеді.
Сарапшылардың айтуынша, орта білімнің сапалы болуының негізгі құрамдас бөліктері – мұғалімдік жұмыстың тартымдылығы, осы мамандыққа түсушілер арасындағы бәсекеге қабілеттілік, оларды оқуға қабылдау барысында мұқият іріктеу және білім беру бағдарламаларының сапасы.
Бұған Финляндияның тәжірибесі жақсы мысал бола алады.
Ал біздің елімізде бұл мамандықты «әлсіз» түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасқан жағдайлар да бар. Мұндай «маман» сабақ берген соң оқушылар да «әлсіз» болады, мектептегі білімнің сапасы да нашар болады. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді.
Енді қайтадан статистикалық көрсеткіштерге тоқталайын.
Біраз уақыт педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің ораша балы 60-65 болатын. Бұл ретте ең төменгі шекті балдың 50 болғанын ескеру қажет.
Оған қоса, педагогикалық мамандықты таңдағандардың арасында мектепті үздік бітіргендер немесе «Алтын белгі» иегерлері аз болды.
Сонымен қатар жыл сайын ЖОО бітіретін 40 мыңнан астам түлектің төрттен бірі ғана білім беру мекемелеріне мамандық бойынша жұмысқа орналасатын.
Шынтуайтын айтқанда, жас мұғалімдердің біліктілік деңгейінің төмендігі университтердегі білімнің сапасыздығына ғана емес, сонымен қатар мұғалімдік қызмет тартымдылығының төмендігіне де байланысты. Әрине, бұл ауқамды мәселе кешенді түрде шешілуі тиіс. Аталған бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларын жаңартып, педагогикалық практиканы ұйымдастырудың жаңа жүйесін, дуалды оқыту жүйесін енгізіп жатырмыз. Бұдан бөлек мұғалім болып жұмыс істеуге кірісетін түлектердің дайындық деңгейін анықтайтын арнайы емтихан да жетілдіріліп жатыр.
Сонымен қатар 2020 жылы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ең төменгі шекті балл 70-ке дейін көтерілді. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша болашақ мұғалімдерді дайындайтын ЖОО-ға қойылатын талаптарды да күшейттік. Бұған дейін олардың саны 86 болса, енді күрт азайып келеді. Біз үшін басты қағида – сан емес, сапа және тиісті жағдайлардың жасалуы.
Бірақ біз талаптарды күшейтіп қана қоймай, ынталандыру үшін де жағдай жасап жатырмыз.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қыркүйегінен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 000 теңгеге дейін өсті. Салыстырмалы түрде алсақ, басқа мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендиясы 26 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек мұғалімдердің жалақысы қазірдің өзінде ұлғайтылды және ол жыл сайын 25% - ға өсіп отырады. Сондай-ақ педагогтерді міндетіне жатпайтын жұмысқа тартуды болдырмау және артық есептіліктен арылту бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру және түлектерді мақсатты даярлау арқылы гранттарды бөлу жүйесі де өзгеріп жатыр.
2021 жылдан бастап барлық түлек сертификаттау рәсімінен өтуі керек. Жұмысқа орналасу кезінде бәсекелестік болуы үшін конкурс негізінде қабылдау жүйесі енгізіліп жатыр.
Бірақ ең маңызды шара «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болды.
Міне, осының нәтижесінде біз соңғы жылы дарынды жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығының айтарлықтай артқанын байқадық.
Мәселен, биыл шекті балл көтерілді. Конкурс нәтижесіне сәйкес грант 8506 түлекке тағайындалды.
Оқуға түсушілер арасында «Алтын белгі» иегерлерінің қатары да көбейген – 1565 адам (грантқа ие болғандардың жалпы санының шамамен 20%-ы), бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7 есе көп. Жалпы педагогикалық мамандықтар бойынша орташа ұпай айтарлықтай өсті.
Биыл «Шетел тілі мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 104), «Математика мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 111), «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» (шекті балл – 107), «Педагогика және психология» (шекті балл – 97), «Арнайы педагогика бойынша мамандарды даярлау» (шекті балл – 89) және т.б. бағыттар бойынша үлкен конкурс болды.
Біз, әрине, жалақыны көтеру және басқа да әлеуметтік кепілдіктер міндетті түрде педагогтерге қойылатын талаптарды арттырумен де сай келуі тиіс екенін түсінеміз.
Өкініштісі, басқа салалардағыдай жұмысына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер де кездеседі. Ондай мамандардың орнына қызметіне жауапты қарайтын әріптестеріміз қелетән болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы керектігін, ал әрбір істің негізінде кәсібилік болу шарт екенін атап өтті.
ҰБТ қортындысының жақсы жаңалығы – бұл педагог мамандығының түлектер арасында, әсіресе мықты талапкерлердің сұранысына ие болуы. Бұл – еңбектің зая кетпегенінің дәлелі.
Жаңа Заң қазірдің өзінде алғашқы жемісін беріп жатыр, қатарымызға әріптес ретінде мықты тұлғалардың келетініне сенімдімін" деп жазды министр.
Қазақстан құрама командасы алғаш рет информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына (European Junior Olympiad in Informatics) қатысты. Жас программистер арасында өткен халықаралық жарыста қазақстандық оқушылар жақсы нәтижелер көрсетті.
Биыл Олимпиадаға 27 мемлекеттен 90-нан астам оқушы қатысты. Құрама команда мүшелері ұлттық жарыстар қорытындысы бойынша анықталған болатын. Сәйкесінше, қазақстандық құрама команда мүшелері – информатика пәні бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар жақсы нәтижелер көрсетіп, жоғары марапатқа ие болды.
Ван Ли – алтын медаль;
Таймас Корғанбаев – күміс медаль;
Әділ Сұлтанов – қола медаль;
Рамазан Пердебай – қола медаль.
Биыл European Junior Olympiad Informatics (EJOI) ұйымдастыру комитеті олимпиаданы онлайн режимде өткізу туралы шешім қабылдаған болатын.
«Мектеп оқушылары мен студенттерді Білім күнімен құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылы басталады. Сіздерге өз күш-жігерлеріңізге, талпыныстарыңызға, еңбектеріңізге сүйене отырып, болашақтағы жетістіктеріңіздің іргетасын қалау міндеті тұр. Жаңа әлемдегі ең құнды дүние саналатын білімге жол ашатын ұстаздарға табыс тілеймін» деп жазды Президент Twitter парақшасында.
Оның айтуынша, пандемия мектептер мен жоғары оқу орындарындағы оқу жылының басталуына кері әсерін тигізді.
«Бірақ бұл - уақытша құбылыс. Үкіметке балалар мен жастар арасында қауіпті індеттің алдын алып, санитарлық нормаларды сақтай отырып, білім берудің дәстүрлі қалпына оралу тәртібін әзірлеу тапсырылды» деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы облысында ауылды жердегі мектептерге арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының екінші кезеңі мәресіне жетті. Білім сайысы 21-22 тамыз аралығында өтті.
Олимпиаданың негізгі ұйымдастырушылары - «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры. Жоба Елбасы - Тұңғыш Президент Қоры мен "Елбасы академиясы" корпоративті қорының "Ел Үміті" талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі бастамасы шеңбері аясында іске асырылды.
Аталған додаға республика бойынша 5 мың бала қатысса, Алматы облысынан 812 жас дарын бағын сынаған. Білім бәсекесінде оқушылардың функционалдық сауаттылық пен абстрактілі-логикалық ойлау дағдылары сыналды.
Бірінші кезең сырттай өтіп, математика, жаратылыстану, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәндері бойынша үлгерімдерін бағалады.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 92 білімгер, Алматы қаласындағы физика-математикалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің және химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 473 оқушы сынақ тапсырды. Зияткерлік сайыс барлық санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.
Шалғай аудандардағы білім мекемелерінде мәселен, Ақсу ауданы, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы, Жансүгір ауылы; Алакөл ауданы, Үшарал мектеп-гимназиясы, Үшарал қаласы; Балқаш ауданы, Б.Бейсекбаев атындағы ОМ, Бақанас ауылы; Кеген ауданы, №1 Кеген ОМ, Кеген ауылы; Панфилов ауданы, Алтынсарин ОМ, Жаркент қаласы; Ұйғыр ауданы, №4 Шонжы ОМ (орта мектеп), Шонжы ауылында арнайы тестілеу пункттері қызмет еткен. Осы арқылы жалпы саны 247 оқушы зияткерлік сайыста белсенділік танытты.
Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша республикадан 5 және 6-сыныптар бітірген 1000 жеңімпаз оқушы өз білімдерін «Білім-инновация лицейі», Республикалық физика-математика мектебі және «Дарын» сияқты дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде әрі қарай жалғастыра алады.
Олимпиадада жеңімпаз атанған республика бойынша 1000 оқушының тізімі www.fnn.kz сайтында екінші кезеңнен өткен соң 14 күнде жарияланады. Дәл осы сайтта олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің біріне өтініш бере алады.
Мектеп бағдарламасына «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы енгізіледі. Бұл туралы жақында ашылған «Abai tv» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына сұхбат берген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта ол әзірленіп жатыр. Мұнан өзге, Абайдың ғылыми-зертеу орталығы ашылмақ», — деді Қырымбек Көшербаев.
Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында коронавирус індетінің таралуына байланысты мектеп оқушыларын, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттерін қашықтан оқыту турасында мынандай мәлімдеме жасады: «ЮНЕСКО-ның ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 107 мемлекетте орта білім беретін мектептер толық жабылған. Бұл – 861 миллион оқушы білім алуын тоқтатты деген сөз. Бұған қоса 12 елдің кейбір қалаларында орта білім беру ошақтары жұмыс істемейді. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттің алдында осы үдеріс салдарын азайту және үздіксіз білім беруді қамтамсыз ету үшін мүмкіндік жасау міндеті тұр. Отандық білім беру жүйесі үшін де қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ» – деді.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес ауданымыздағы 84 мектептің 51 162 оқушысы 6 сәуірден бастап онлайн, яғни үй жағдайында отырып білім алу форматына көшірілген. Ауылды жерде тұратын оқушылар саны – 44675 болса, қалалы жерде тұратын оқушылар саны – 6487. Ендігі қашықтан оқыту жүйесін талдап көрелік. Ол дегеніміз үш тәсілмен жүзеге асырылады. Алғашқысы, мұғалім өз бетінше ғаламтор платформаларын пайдалана отырып дербес білім бере алады, екіншісі оқушының телевизиялық сабақтар және радио арқылы аудио сабақтарды тыңдап білім алуы және үшіншісі алдын-ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз жүзінде қатынас орнатып пошта немесе қолма-қол беру арқылы жүргізіледі.
Жалпы телеарна арқылы оқытылатын оқушылар саны – 25471. Олардың бүгінгі таңда BALAPAN арнасы арқылы -15165, EL APNA арнасы арқылы -10526 оқушы білім алуда.
Ғаламтор желісі арқылы қашық-тықтан оқытылатын (барлық ақпа-раттық жүйеге қолжетімділік бар) оқушылар саны – 27581. Ал, қағаз жүзінде оқытылатын окушылар жоқ.
Алайда тек телеарнасы бар, ғаламтор желісі жоқ 671 оқушыға кері байланыс орнату үшін 277 мұғалім тағайындалған. Оларға керекті бетперде, резінке қолғап, қолға жағу үшін антисептикалық сұйықтықтар беріліп, мектеп тарапынан көлікпен қамтамасыз етілген.
Мектеп тарапынан оқушыларға уақытша пайдалануға берілген компьютерлер саны – 115, жергілікті қаржы есебінен – 222 ноутбук сатып алынған. Жалпы – 337 оқушыға уақытша пайдалануға компьютерлер берілген.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмаған. Олардың саны – 861 болса, ондағы бала саны – 2055.
Оның ішінде көпбалалы – 491 отбасы, ондағы бала саны – 1334. Осы аталған топтағы оқушылардан әлеуметтік көмек берілетін 60, әлеуметтік көмек берілетін көпбалалы отбасындағы 80, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 137 оқушы яғни 282 оқушыларға да мектептерден уақытша пайдалануға компьютерлер берілген.
Сонымен қатар, төртінші тоқсан басталысымен барлық ғаламтор арқылы жүргізілетін оқу үдерістері оқушылар үшін тегін болатындығы мұғалімдер, ата-аналар және окушыларға ескертілген.
Әрбір білім беру мекемелерінде ауылдық округ әкімдігінің бір мүшесі тағайындалып, қашықтықтан оқы-туды ұйымдастыруға жауапкер-шілік жүктелген. Барлық білім беру мекемелерінде тәулік бойы Саll-центр жұмыс істейді.
Мұғалімдер қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша ҚР білім және ғылым министрлігінің №123 және 108 бұйрығын басшылыққа алып жұмыс жасауға кіріскен.
Әділет САРЫБАЙ