Алматы облысы, Есік қаласында 18 қазан күні кешкі сағат 21.00-ден түнгі 03.00-ге дейін «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын адам мекені – ежелгі сақ өркениетінің ордасы» тақырыбында «Музейлер шеруі» өтті. «Есік» қорық-музейі дәл осы күні қонақтарды ерекше, «түнгі» форматта қарсы алды.Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, белгілі археологтар, тарихшылар және Есік қаласының тұрғындары мен қала қонақтары, жастар қатысты. Мерекелік бағдарлама көптеген жағымды және танымды ақпараттарды қамтыды, атап айтсақ: музейдің экспозициялық залдары бойынша экскурсиялар жүргізіліп, Есік археологиялық өлкетану музейі қорынан «Жетісудың жәдігерлері» атты уақытша көрменің ашылуы болды. Сондай-ақ, суретші-реставратор Әділхан Рахметовтың мастер-класы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Есік» қорық-музейі бас суретшісі Бектемиров Дәулетбектің гипстен мүсін жасау сабағы келушілердің назарына ұсынылды.

«Қазақ елі үшін Сақтардың мәңгілік мекеніне айналған киелі Есік қаласының қадір-қасиеті ерекше екенін айтқым келеді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: Алтын адам – талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті, - деп киелі өңірге өз бағасын берген болатын. Олай болса, еліміздің рухани әрі тарихи-мәдени орны болып саналатын, әлемдік деңгейде танымал музейіміздің орны ерекше. Бұл шара бабаларымыздың мұраларын зерттеп-зерделеуге тың серпін бере отырып, музейге келушілердің рухани қазынасының толыға түсуіне өз үлесін қосарына сенімім мол»,- деді іс-шараның ашылуында сөз алған музей директоры Тасқын Тойбаев

Эстрада жұлдыздарының қатысуымен және Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарыныңөнер көрсетуімен өткен шоу-концерттік бағдарлама аясында ойындарға қатысып, белсенділік танытқан музей қонақтарына Алматы және Есік қаласындаалдағы уақытта өтетін концерттерге, театр қойылымдарына билеттер және түрлі сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, жақында ғана Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Schlingel» кинофестивалінде  Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған  «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған «Мұзбалақ» мультфильміата-аналар мен балаларға арнайы көрсетілді. Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауы» от шашуымен аяқталды.

 

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Мынау жарық дүниені көзіңмен көріп, сұлу табиғат пен қоршаған ортаны құмарың қанғанша тамашалағанға не жетсін, шіркін?! Алайда, Алланың осындай ғажап нығметі бұйырмай, әлемді жанарымен көрмесе де, сезініп жүрген жандар бар арамызда.

13 жастағы Ділназ Турлиева бүгінде Есік қаласындағы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатта білім алады. Алматы қаласында тұратын Ділназ биыл 7 сыныпта. Көзі мүлдем көрмесе де, дәптерге жазу жазып, кітап оқиды. Бұл қалай дейсіз ғой... Зағип жандарға арналған Брайль қарпін меңгеріп, аталған мектеп-интернаттың қабырғасында жүріп, жазу-сызуды үйрен-ген.

Әлемдегі миллиондаған зағип жандардың саусағына жанар сыйлаған Брайль қарпі 19 ғасырдың басында пайда болған. 1809 жылы Франциядағы қолөнершінің отбасында дүниеге келген Луи Брайль 3 жасында көзін жарақаттап, 5 жасқа келгенде мүлдем көрмей қалады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген ол 12 жасынан көзі көрмейтін жандарға арналған әліпби жасау мақсатында жұмыс істей бастады. 3 жылдың ішінде дегеніне жетіп, үштен екі бағанада орналасқан алты рельефті нүктенің әртүрлі комбинациясынан өз әліпбиін құрастырады. Кейін Луи Брайль өз туындысын тыныс белгілермен, сандармен, тіпті, ноталармен толықытырып, қаріптің соңғы нұсқасы 1837 жылы бекітілген.  Қазіргі уақытта Брайль қарпі бүкіл әлемде қолданылады.

Аудан аумағында аталған қаріппен сабақ өтетін жалғыз білім ордасына  арнайы барып, оқу процесімен танысқан болатынбыз. Мектеп-интернат директоры Гүлнар Өтепбергенованың айтуынша, осында көру қабілеті бұзылған 170 оқушы білім алады. Оның 20-ға жуығы зағип балалар. Негізінен оқушылардың көпшілігі облыстың түпкір-түпкірінен келсе, 85 бала ауданымыздың тұрғындары.

– Оқушыларымыз 2 қаріпті меңгереді. Бірі, тақырыбымызға арқау болып отырған Брайль қарпі болса, екіншісі, қарапайым әліпбидің үлкейтілген нұсқасы. Мұндағы көзі нашар көретін балалардың кейбірі болашақта көзжанарынан мүлдем айы-рылуы мүмкін. Сондықтан, Брайль қарпін қосымша үйреткен артық етпейді. Мұғалімдеріміздің барлығы Алматыдағы Соқырлар қоғамында Брайль әліпбиі            бойынша курстан өтіп, сертификаттарын алған – дейді Гүлнар Дүйсенайқызы. Сөз арасында мекеме директоры Брайль қарпінде жазылған оқулықтардың жетіспейтіндігін айтып қалды. Бұл мәселе мектеп-интернатта ғана емес, еліміз бойынша өзекті болып отыр. Зағип бүлдіршіндерді оқытуға арналған бірінші сыныптың оқулықтары осыдан екі жыл бұрын ғана басып шығарылған. Аталған кітаптар Есіктегі мектеп-интернатқа да жеткізіліпті. Директордың айтуынша, қарапайым қаріппен жазылатын бір ғана математика оқулығының өзі Брайль қарпінде 5 кітап болған. Басқа оқулықтар да сол секілді. Сондықтан болар, елімізде «саусақпен оқылатын» кітаптар тапшылығы сезілуде. Кітаптардың көлемді болуында да себеп бар. Брайль қарпіндегі алты нүкте бір әріптің орнын алады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кедергі толы кеңістік: Брайль қарпіндегі оқулықтар неге басылмайды?» атты Айдана Шотбайқызының мақаласында Брайль қарпіндегі математика оқулығы 17 кітап болып шыққандығы айтылған. Қазақ тілі одан да көбірек. Ақыл-ойының немесе бой бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді дамытуға арналған құралдар мен әдістемеліктерді әзірлейтін Әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы математика оқулығының әрқайсысын 80 мың теңгеге сатқан. Демек, 17 кітаптан тұратын математика 1 млн 360 мың теңгені құрайды. Әрине, бұл қаражатты ата-аналардың қалтасы көтермейтіндігі айдан анық. Мемлекет үшін де қомақты қаржы. Аталған мәселе біздің елімізде ғана емес, әлемде қиындық туғызуда. Сол себепті, Аустралияның көзі көрмейтін және көзі нашар көретін студенттерді қолдаумен айналысатын орталығы әдістемелік құрал әзірлеген. Онда ағылшын тіліндегі жиі қолданылатын сөз-дерді қысқартып берген. Айталық, about (туралы) сөзінің алғашқы екі әрпімен ғана белгілейді. Елімізде де осындай зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Брайль қарпінің оңтайландырылған түрі қарастырылса, мемлекет пен ата-аналардың қаржысына да үнем, оқушыларға да жеңіл болары сөзсіз.

Мектеп-интернат директоры-нан сұрап, зағип балалар оқитын сыныптың сабағы-на қатыстық. 7 бала оқитын 7 сыныптағы Ділназдың жайын жоғарыда айттық. 17 жастағы Жамбыл ауданының тумасы Әлнұр 14 жасында аталған интернаттың табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барған. Себеп, өзі тұрған ауылда зағип баланы оқытуға мүмкіндік болмаған. Қазір Әлнұр 7 сыныпта оқиды. Директордың сөзінше, мектеп табалдырығын кеш аттаған оқушыларды үлгеріміне қарап бірден жоғарғы сыныпқа ауыстыруға болады екен. Оқуға, білім алуға ерекше ынтасы бар оқушылар бізге Брайль қарпін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жазу үшін мұндағы әрбір баланың жеке Брайль құрылғысы бар. Құрылғының ортасына дәптерді қысып, бекітеді. Қалыңдығы әдеттегіден бірнеше есе қалың, 0,4 мм болатын дәптерге оңнан солға қарай Брайль грифелімен (арнайы ине) тесіп жазады. Парақтың артынан салынған нүктелер сол жақтан оңға қарай оқылады. Мұғалімдердің  айтуынша, Брайль грифелімен бір нүкте тесу үшін 200 гр күш қажет.

ҚР Конституциясының 30 бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына хақылы. Сондай-ақ, жаңа оқу жылының алдында өткен Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбектов қосымша білім берумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өскенін жеткізген еді. Қай топтағы оқушы болмасын, барлығы бірдей қосымша білім алуға тең құқылы. Алайда, көру қабілетінің бұзылысы бар оқушылар қосымша білім тұрмақ, бос уақытында оқитын Брайль қарпіндегі кітаптың өзіне әрең қол жеткізеді. Оған қарамастан мектеп-интернатта оқушылардың кітап оқуына қосымша барлық жағдай жасалған. Мұндағы әрбір сыныпта оқулықтағы жазуды үлкейтіп көрсететін аппараттар жұмыс істейді. Оған қоса, балаларға кітап оқуда «Книгалюб» құрылғысы үлкен көмек көрсетеді. Мұнда кез-келген кітапты сканерлеп, аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік бар. Бірақ, «Книгалюб» орыс тіліндегі кітаптарды ғана дыбыстайды. Осыдан 2 жыл бұрын интернат басшылығы «Самырұқ-Қазына» қорының демеушілігімен 1 құрылғыға ғана қазақша бағдарлама орнатқан. Негізінен мемлекттік тіл мәселесі оқулық барысында да қиындықтар туғызуда. Гүлнар Дүйсенайқызының сөзінше, мемлекеттік тілдегі Брайль қарпіндегі көркемәдебиеттер тапшы. Интернаттағы оқушыларға кітаптардың басым көпшілігі Соқырлар қоғамының кітапханасынан жеткізіледі. Ол кітапханадағы «рухани байлықтың» барлығы дерлік Кеңес үкіметі тұсынан сақталған ресми тілде жазылған кітаптар. Брайль жүйесіне қазақ тіліндегі әріптер өткен ғасырдың 60 жылдары соғыстан зағип болып оралған Сәкен Өтегеновтің тікелей атсалысуымен енгізілген. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де ана тіліміздегі оқулықтар басылмай келеді. Ал ескі кітаптардың бедерлі жазулары да саусаққа ілінбейтін күйге түскен. Шет елден сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Ал Брайль жүйесіндегі кітаптарды басатын елімізде арнайы типография жоқ. 

Интернатқа сапар барысында зағип жандардың оқуға, білім алуға, дүниені танып-білуге деген құштарлығы жоғары екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Олар үшін кітап – бұлыңғыр дүниедегі жарық сәуле секілді. Жарық дүниені көрмесе де, кітап арқылы айналаға көз салады, әлемді таниды. Технологиялардың қарыштап дамыған ғасырында мүмкіндігі шектеулі жандарды тағы бір мүмкіндігінен айыру – адамзат үшін үлкен сын...

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Физика заңдылығы бойынша белгілі бір жұмыстың істелуі үшін оған жұмсалатын соған сай энергия болуы керек екені бұлжымыс заңдылық. Ал физиканың заңдылығы табиғаттың заңы екенін ескерсек, адам баласының өмір сүріп, тіршілік жасауы үшін де энергияның маңызы зор. Десе де, энергия ешқашан өзінен өзі пайда болмайтыны тағы шындық. Сондықтан мәңгі жұмыс істейтін құрылғы жасауда мүмкін емес шаруа. Бірақ энергияның сақталу заңына орай жұмсалған энергия із-түзсіз жоғалып та кетпейді. Тек басқа энергияға өзгеріп қана отырады (Мысалы, механикалық энергияның электр энергиясына айналуы). Осыдан келіп энергияны дұрыс пайдалана білу үшін де адамдардың көп ізденуіне тура келді. Адам баласы жаралғалы бері қажетті энергияны табиғаттан алып, соның арқасында өсіп-өніп, жер бетіндегі талай кереметті жаратқаны рас. Дегенмен мәдениеті биік белеске көтеріліп, өркениетті қоғам құруына байланысты энергияны өздері өндіретін деңгейге жетті. Яғни, табиғаттағы бар энергияны келесі бір энергияның түріне айналдырудың жолын үйренді. Бірақ ғылым мен техника дамыған сайын адамзаттың энергияны тұтыну көрсеткіші де жоғарылай берді. Сонымен бірге, энергия көзі болып табылатын шикізаттардың қоры азайып, экологиялық пробемалар да күн өткен сайын күрделене түсті. Енді адамдар энергияны аз жұмсаудың әрі экологияға қауіпсіз болуының жолдарын қарастыруына тура келді. Бұл ғаламдық маңызы бар жағдайға айналып, ақыр соңында қазіргі заман ғалымдарының ең алдымен шешуі тиіс мәселесі болып отыр. Өйткені адамзат тарихы ары қарай жалғасуы үшін бұл жағдайды шеше білуі керек. Егер шешімін таппаса, адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған өркениеті желге ұшып, жер бетіндегі тіршіліктің жойылып кетуі ғажап емес. Қазақстан Республикасы да әлемнің бір бөлшегі ретінде осы үрдістен шет қала алмасы анық. Сондықтан энергияны үнемдеудің жолдарын қазақ елі де қапысыз меңгеруі тиіс. Осыған орай, «Энергияны үнемдеу – 2020» бағдарламасы қабылданып, энергияны экологияға қауіп төндірмейтін жолмен үнемдеп пайдаланудың ұлттық жоспары жасалған болатын.

Дәстүрлі энергетика көздері және энергия үнемдеу

 

Ежелгі заманда-ақ «Әлемнің жеті кереметін» жасаған адамзат баласының математикалық білімін ертеден қалыптастырғанын байқаймыз. Дегенмен осы алып құрылыстарды салуда жұмсалған энергия көздері бірдей еді. Олар ауыр заттарды көтеруге рычактарды пайдаланғанымен, оны қозғалысқа келтіруге адам мен жануарлардың күші жұмсалатын. Жылынуға, металдарды балқытуға, тамақ пісіруге керекті жылу энергиясын алу үшін отын немесе көмір қолданса, судың не желдің күшімен диірмен тартатын. Әйтеуір жұмыс істеуге пайдаланылатын энергия көздері шектеулі болды. Бірақ машиналасу дәуірінен кейін энергияға сұраныс күрт өсіп, соның әсерінде мұнай, газ, электр секілді көптеген энергия көздері ашылды. Кейіндеп энергия алудың басқа да жолдары қолданысқа енді.

Ғалымдардың айтуынша, адамзат ХХ ғасырға дейінгі 60 мың жыл бойы жұмсаған энергия көздерімен салыстырғанда  бүгінге дейін одан он есе көп мөлшерде дәстүрлі энергия ресурстарын пайдаланып қойған. Уақыт өткен сайын жұмсалатын энергия көлемі артып,  тұтынушылар жылдан жылға өсіп келеді. Олардың үлесіне 2030 жылы мұнай сұранысының 80%-ы тән болса, оны тұтынудың мөлшері 2/3 есе өсетіні анықталып отыр. Көмірсутек қорларын барлау және оларды өндірудің тиімді әдістері бар болғанымен мұнай мен газды толығымен алмастыра алатын жаңа энергия көзі әлі табылған жоқ. Энергия ресурстарының шектеулі факторын қалпына келтіріп отыратын техникалық прогресс қазір де өз рөлін жеткілікті деңгейде сәулелендіре алуға мүмкіндігі болмай отыр. Мұның нəтижесі əлемде энергия дағдарысын тудырып, ал ол дағдарыс уақытша немесе өтпелі сипатта емес, ресурстардың сиреуіне, қазба байлықтардың бағасының өсуіне байланысты жүйеленген құрылымдық сипатқа ие болды. Онымен қоса, дəстүрлі энергетика көздері атмосфераға шығатын зиянды газдардың 80%-ын иеленіп, нәтижесінде пайда болған «парниктік» эффект ғаламшардағы климаттың өзгеруіне әсер етуде. Бірақ қаншалықты зиянды әсерлері байқалғанымен көмірсутек қорлары әлі де энергетика тұтынысының біраз бөлігін қамтамасыз ете бермек. Егер алдағы кезеңде қолданылатын деңгей сақталатын болса, көмір қоры 250 жылға, мұнай 40 жылға, ал табиғи газ 65 жылға жетеді деп болжануда. Десе де, 2020 жылдардан кейін мұнай мен газға деген тапшылық болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мұнай мен табиғи газ және көмірге деген сұраныс күн сайын арта түспек және оларды жеткізу аралығы артып, тасымал құны да жоғарылай берері сөзсіз.

Ал келесі бір энергия көзі саналатын атом энергетикасы да дилемма жағдайында тұр. Бұған себеп қоғамның АЭС-терге деген үлкен алаңдаушылығы болса (Чернобыль оқиғасын еске түсіріңіз), екінші жағынан реактор-көбейткіш пен термоядроға деген қызығушылық азаюда.

Болашақта осы қалыптасқан жағдайдан шығудың бір жолы қазіргі дəстүрлі көмірсутек энергетикасын табиғаттың қалпына келмейтін ресурстарынан тәуелсіз әрі экологиялық таза, сутектік емес энергетикаға алмастыру болып табылады. Тұтынушы елдерде жаңаратылған энергия көздерін игеру белсенді түрде қолға алына бастады. Бұл энергия көздері дəстүрлі энергетикаға балама болады немесе жойылып жатқан көмірсутектердің орнын шамалап болса да алмастырады деген сенім басым. Бұл талпыныс қазіргі энергетика дағдарысынан болашақ тұрақты энергетика кезеңіне баяу əрі жоспарлы түрде өтуге мүмкіндік береді.

Дәстүрлі энергетика көздерінің тиімсіз пайдалану қолайсыз жағдайларға алып келетіні жасырын емес. Дегенмен қазіргі ғылымда дәстүрлі энергия көздерін үнемдеп пайдалану жолдарымен қатар экологиялық таза балама энергия көздерін ашуда үлкен маңызға ие. Энергия тұтынуды төмендету және отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз пайдалануды қысқарту қазақ елінің алдында тұрған үлкен белес іспетті. ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайту және энергия тиімділігін арттыру үшін жағдай жасауда осы мақсаттың аясында іске аспақ. Сондықтан елдің өнеркәсібін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру, энергия және жылу желілерінде шығындар үлесін азайту, халық арасында энергия үнемдеуді кең көлемде насихаттау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру тетіктерін әзірлеу және енгізу, энергия сервистік компаниялар қызметін ынталандыру тетіктерін қалыптастыру, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында кадрлар даярлау, көлік секторында отын тұтынуды төмендету секілді шаралар қабылданып, бүгінде мемлекет энергияны үнемді жұмсау үшін нақты әрекетке көшіп отыр.

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың табысты саясаты елдің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, ол жаңа инновациялық технологиялар мен шешімдерді енгізуді ынталандырады әрі өз кезегінде ғылымның дамуы мен технологиялар трансфертінің өзара белсенді ықпалдасуын қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауымен және Қазақстан Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуы жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламамен экономиканың тұрақты және теңгерімді өсуі бойынша жаңа міндеттер қойылды. Энергия үнемдеу саласында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету міндеттері қойылған. Сондай-ақ, 2013 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметіне 2013-2015 жылдар аралығында ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын жыл сайын 10 пайызға төмендету арқылы электр энергиясын тұтынуды үнемдеуді тапсырды.

Осылайша елімізде ғана емес бүкіл әлем бойынша іске асып жатқан энергия үнемдеу науқаны дамып келеді. Мұндағы басты бағыт тек дәстүрлі энергия көздерін үнемдеу ғана емес, сонымен қатар, оның орнын басатын балама энергия көздерін ашу болып табылады.

 

«Жасыл» экономика және балама энергия

 

Жасыл экономика – бұл адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, экологиялық тепе-теңдікте жұмыс істейтін, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика.  «Жасыл» экономикаға ауысу аясында энергия қорларының тиімділігін арттыру басты назарда болатыны анық. Бұл дегеніміз ең алдымен экологиялық қауіпсіз энергия көздерін іздеумен байланысты болмақ. «Жасыл» экономиканы дамытудың негізгі жеті бағытының алғашқысы да осы мәселені қамтыған. Енді олардың әрқайсына тоқтала кетейік.

Бірінші бағыт – жаңартылатын энергия көздерін енгізу. Біздің мемлекет табиғи қорлары өте бай ел ретінде танылған. Еліміздің экономикасының негізгі болып саналатын мұнай мен газ бүкіл дүние жүзінде ең ірі энергетикалық қор болғанымен, олардың өзі уақыты келгенде сарқылатыны анық.  Демек өмір үшін жаңа ресурстар табу қажет.

Еуропа елдерінде энергияның дəстүрлі емес көздерін әрі қайта қалпына келе алатын түрлерін пайдалану жəне ынталандыру саласында айтарлықтай тəжірибе жинақталған. Еуропалық одақ елдері энергияның дəстүрлі емес әрі қайта қалпына келе алатын көздерін ынталандыру бойынша директивасына сəйкес бұған күн энергиясы, жел, кіші өзендер, тасқындар, толқындар, биомасса, геотермалық энергия көздері жатады. Бір көңіл аударарлығы Еуропалық одақ елдері ынталандыру бағдарламаларынан қуаттылығы 10 МВт-тан асатын су электр станциялары алынып тасталынады, яғни кіші станцияларға басымдылық беріледі. Бұл жағынан келгенде еліміздің кіші су электр станцияларын көбейтуге мүмкіндігі мол.

Балама энергиялардың қатарына ешқашан сарқылмайтын  күн энергиясының орны бөлек. Алайда қазірше күн энергиясы үлкен ауқымдағы жерлерді қамтамасыз ете алмайды. Белсенді түрде жел энергиясын игеру де кең көлемде етек алуда. Жел турбиналарының артықшылығы желдің көптігі жəне «ақысыздығы», экологиялық тұрғыдан тазалығы жəне пайдалануға аз шығын кетеді. Дегенмен оның кемшіл тұстары да бар. яғни, оларды құру жəне жөндеу өте қымбатқа түседі.

Биомассаны (ауылшаруашылығы жəне орман шаруашылығының қалдықтары, отын, тұрмыстық қалдықтар, ауылшаруашылық өнімдерінің қорлары) өңдеу арқылы энергия алуға қатысты еліміздің айтарлықтай қауқары бар. Биомассадан электр энергиясы мен жылу алу үшін биогаз, биоэтанол жəне биодизель өндіріледі. Биомассадан энергия алудың қиыншылығы шикізатты қажетті көлемде жинақтау болып отыр.

Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Еліміздің қалаларындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі кеңестік кезеңде салынғандықтан, электр желілері мен жылу жүйелері өте ескі екені баршаға мәлім. Бұл ақаудың энергияны көп мөлшерде шығындауға әкелетіні тағы бар. Сондықтан ескі жүйені жаңартып, энергияны үнемдейтін заманауи технологиялармен жабдықтаудың маңызы зор. Тұрғын үйлердің көп мөлшерде энергия шығындауы халықтың энергия пайдаланудағы жауапкершілігіне де байланысты.

Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы. Бұл бағыт тек органикалық тыңайтқыштарды пайдаланып, улы пестицидтерден бас тартуға үндеуімен ерекше. Табиғи өнімдер ағзаға зиян келтірместен, халықты таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қалдықтарды басқару мәселесі бүгінде әлем бойынша аса танымалдылыққа ие. Қалдықтарды дұрыс басқару экологиялық және санитарлық тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен бірге, одан жаңа өнімдер мен энергия алуға да қатысты екені мәлім. Өйткені, қалдықтарды өңдей отырып, пайдаға жарату әрі энергия өндіру бүкіл әлемде қолға алынып отырған ұлы бастама.

Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру. Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің шешуші табиғи құрылымы. Осыған байланысты су қорларын тиімді пайдалану орасан ауқымға ие мәселе болып қала береді.

Алтыншы бағыт – «таза» көлікті дамыту. Қазақстандағы транспорттардың дені дизель немесе бензинмен қозғалатыны анық. Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаға парник газдарының көптеп бөлінуіне себеп болады. Сондықтан болашақта дизель мен бензинді алмастыратын энергия көзін табу шарт.

Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Осы бағыттағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат байлығын сақтауға бағытталған.

Жалпы «Жасыл» экономиканы ынталандыру экологияның таз болуымен қатар энергияның да үнемді жұмсалуы үшін жасалатын алғышарт.

 

Энергияны үнемдеу өзіңнен басталады

 

Энергия – біздің өмір сүруіміздің кепілі. Ал энергияға жауапкершілікпен қарау өз өмірімізге жауапкершілікпен қарағанмен бірдей. Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назабаев: «Ең алдымен, біз жақында энергияны үнемдеу өмір салтына көшеміз. Сондықтан, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары мен еліміздің барлық азаматтары осы тенденцияны ескеріп, энергияны  үнемдеу жолдарын ойластыру керек. Энергияны үнемдеудің  нәтижесі әлемдік деңгейде энергияның жұмсалуын төмендету мен  оның дамуы мен тұрақтылығына алып келеді», – деген болатын. Мамандардың айтуынша біздің елімізде энергия ресурстарын пайдалану тиімділігі бүгінгі күні 30 пайыздан аспайды, яғни, тұтынылатын энергияның үштен екісін ысыраппен пайдаланып отырмыз.

Энергияны үнемдеу проблемасы – суды үнемдеумен тығыз байланысты, өйткені суды тұтынуды азайту түпкілікті өнім – таза суды алу және оны тұтынушыға жеткізуге қажетті энергия ресурстарын азайтуға әкеледі.

Суды үнемдеуді тұрмыста қолданбас бұрын оны тиімді есептеуді жолға қою қажет. Суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі крандардың ақаусыздығы. Өйткені сіреңке талынан сәл қалың су ағыны арқылы тәулігіне 300 литрге дейін су ағуы мүмкін. Егер осылай бір ай бойы жалғасса қанша судың шығын боларын ойлап көрдіңіз бе?! Қарапайым ереже ретінде душ қабылдау арқылы сіз ванна қабылдаумен салыстырғанда суды тұтынуды екі есеге азайта аласыз. Душ қабылдау кезінде судың тұрақты ағыны міндетті емес. Кір жуу машинасында мүмкіндігінше суды берудің қажетті деңгейін белгілей отырып пайдаланыңыз жөн. Ыдыстарды жуу кезінде кранды үнемі ашық қалдырмаңыз. Толықтай ашық краннан сіз ойлағаннан көп су ағатынын есте ұстаңыз, яғни минутына – 15 литр. Бұл жағдайда тек қалтаңызды ғана емес, осы ысрап болып жатқан судың  обалын да ескеріңіз. Өйткені аталарымыз «судың да сұрауы бар» деп тегін айтпағаны ақиқат.

Электр энергиясын үнемдеу туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен кейбіреулер оған мән бермейді. Себебі «ақшасын төлесек болды емес пе?» деп ойлайды. Алайда электр энергиясын үнемдеу қоршаған ортаның ластануын азайтады. Біздің елімізде электр энергиясы жылу электр және су электр станциялары арқылы өндіріледі. Жылу электр станциясы жұмыс істеу үшін отын жағылады. Ол ауаны ластайды. Біз ол ауамен тыныс аламыз. Өкінішке орай, біздің елімізде экологиялық білім кенже қалып келеді. Үкімет көптеген іс-шара жүргізсе де, адамдар электр энергиясын үнемдеуге әдеттенбей келеді.

Қорыта келгенде, энергияны үнемді пайдалану сіздің ішкі мәдениетіңіз бен санаңыздың биіктігін көрсететін қасиет. Сіз энергияны үнемдеу арқылы өз ақшаңызбен қатар ел экономикасының да артуына үлес қосасыз. Әрі өзіңіздің адамгершілігіңіз бен тиянақтылығыңызды әйгілейсіз. Кез келген дінде де ысрапшылдыққа жол беруге қарсы екенін жақсы білетін шығарсыз. Демек үнемшіл болу сараңдықтың емес, адамдықтың белгісі екенін ұмытпаңыз.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Дүйсенбі, 21 Қазан 2019 16:47

«Спорт – бейбітшілік елшісі»

Жаңашар ауылдық округінде,  жастар жылы аясында Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және «Мәңгілік Ел тұғыры» ҚҚ қолдауымен «Спорт – бейбітшілік елшісі» атты жастар арасында  волейболдан аудандық жарыс  өтті.

Тартысты жарыста 9 команда жүлдеге таласты. Бірінші орын  «Космос» командасына бұйырды.  2-ші орынды «Бәйтерек» командасы иеленсе, үшінші орын «ЕГЭК» командасына берілді. Сондай-ақ,  «Ең үздік қорғаушы», «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік шабуылшы» аталымдары бойынша жүлде тапсырылды.

 

Г.Лавьяева,

Жаңашар ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі

әдіскер-нұсқаушысы.

«Nur Otan» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы»  Республикалық байқауы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсат –  бастауыш партия ұйымдарының рөлін және белсенділігін көтеру, олардың қоғамдық-саяси ықпалын күшейту. Ағымдағы жылдың 18-30 қыркүйек аралығында «Үздік бастауыш партия ұйымы»  аудандық байқауының  I  кезеңі өткізілді. Барлығы 26 бастауыш партия ұйымдары қатысып, облыстық байқауға Шелек және Қаракемер бастауыш партия ұйымдары жолдама алған болатын.Мақсат айқын: бастауыш партия ұйымдарының рөлін және белсенділігін көтеру, олардың қоғамдық-саяси ықпалын күшейту.

Алакөл,  Еңбекшқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле,Қарасай, Кербұлақ,  Кеген, Панфилов, Сарқан, Қапшағай, Талдықорған бастауыш партия ұйымдарының ішінен партия мүшелері 500-ден жоғары 3-ші санаттағы Еңбекшіқазақ ауданынан «Шелек» бас-тауыш партия ұйымы  жеңіске жетті.

Байқауға төрағалық еткен  комиссия құрамында облыстық партия филиа-лы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, төрағаның орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, облыстық партия филиалы ұйымдастыру және бақылау жұмыс бөлімінің меңгерушісі Самал Бакирова, облыстық  партия филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Дүскеева,   «Өлке тынысы» ЖШС  директорының орынбасары Шыңғыс Бозым, «Жетісу»  газеті заң және саясат бөлімінің меңгерушісі  Мәди Алжанбай болды.

Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлық-тармен марапатталып, «Nur Otan» партиясының  «Үздік бастауыш партия ұйымы»  Республикалық байқауының  III кезеңіне жолдама алды.

 

Б.Рахимов,

«Nur Otan» партиясы

Еңбекшіқазақ  аудандық филиалының консультанты.

 

Қазанның он бесінде Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залында аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, аудан имамдары, округ әкімдері және жауапты мамандарының қатысуымен жиын өтті.

Жиынды А.Бидаев жүргізіп, жиылғандарды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Мінберге көтерілген М.Исламов аудандағы діни ахуалға тоқталып, жат ағымдарға ерген азаматтардың анықталып, олармен байланыс орнатылып, жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы мешіттердің жай-күйін зерделей келе, тіркелмеген, құжаттары толық емес немесе мүлдем құжатсыз отырған мешіттердің атын атап, ескерту жасады. Осы тұста, А.Бидаев: «Мешіттер салынбай тұрып, алдымен құжаттары ретке келтірілсін», – деген сын-ескертпесін айтты.

Келесі болып мінбер тізгінін тартқан аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова мектептердегі оқушылардың ислам дініне деген бетбұрыстары жоғары екенін, алайда жұма күндері намазға үлгереміз деп кейбірінің сабақтан қашып немесе кешігіп жатқандарын сынға алды. Сонымен қатар, имамдарға да өтінішін жеткізді. «Мешіттерде қандай уағыз айтылып, нендей оқулар өткізіліп жатқандығын қатаң қадағаласаңыздар. Се-бебі, санасы әлі түбегейлі қалыптаспаған жас жеткіншектер теріс ағымдардың арбауына тез түсіп қалуы мүмкін. Түсіндіру жұмыстарының дұрыс болмағандығынан көп жастарымыз адасуы да ықтимал», – деді Б.Аманова. Ал, мектеп формасының барлық мектеп жасындағы оқушылар үшін бірыңғай екенін, білім ордасына орамал тағып немесе хиджаб киіп келуге тыйым салынатынын тағы бір мәрте қадап айтты. «Кейбір қыздардың мектеп формасы деп тізесінен жоғары тым қысқа белдемше киіп, мектепке барып жатқандарын көріп жүрміз. Сонда оларға тыйым жоқ па?», – деген ауыл имамының сауалына А.Бидаев: «Тәрбие – отбасынан басталады. Қыздарының не киіп үйден шығып бара жатқанын ата-анасы қадағалау қажет. Әкесі қызының қысқа киюіне тыйым салсын», – деп тоқетерін айтты.

Балтабай, Бөлек ауылдық округтерінің әкімдері де баяндамаға шығып, туындаған сұрақтарға жауап берді.

Ауданның бас имамы Сапархан Төреқұлов жиын барысында талқыланған мәселелерге тоқталды. «Мектеп оқушысына ілім алу – бірінші парыз. Оқып жатқан оқуын тастап жұма намазға барамын деуі – дұрыс емес. Егер сол уақытта бос болса, ешқандай себеп болмаса, онда барсын намазға. Алайда, себеп бола тұра және ол себеп – ілім алу болса, білімін алсын, оқуын оқысын», – деп хадистерден мысал келтіре, түсіндірді. Ислам – тыныштықты, татулықты көздейтін дін екенін тілге тиек етіп, ауыл имамдарымен тұрақты түрде әр тақырыпта жиындар өткізіп тұратындықтарын жеткізді.

Жиын соңында нақты тапсырмалар берілді.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге қабілетті елдерде қарқынды жүзеге асуда. Дамыған елдердің барлығы дерлік өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді. Бизнес субъектілерін дамыту арқылы жұмыссыздықты жойып, мемлекет қазынасына түсетін салық көлемін арттырады. Бұл бағытта дамушы елдердің қатарында көш бас-тап тұрған Қазақстан да шетелдік тәжірибелерге сүйену арқылы көптеген жұмыстар атқаруда. Кәсіпкерлерді тегін оқытып, жеңілдетілген несие беріп, қайтарымсыз гранттар қарастырылуда. Құзырлы органдар тарапынан тексерісті де мейлінше қысқартты.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қамқорлыққа ие болған көктөбелік кәсіпкер Расул Таиржанов бүгінде ағаштан түрлі жиһаз бен құрылыс заттарын жасауда. «Әке көрген – оқ жонар» – деген нақылды ұстанған Расул әке жолын қуып, кәсібінің жемісін көріп отыр.

– Әкем ағаштардан жиһаз бен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды жасайтын. Бала күнімнен жанында жүріп, қолғабыс ететінмін. Содан ағаштан бұйымдар жасау жаныма жақын – дейді Расул Таиржанұлы. Айтуынша, алғашында бұл кәсіпке аса қызығушылық танытпаған. Мектепті бітірген ол  жоғарғы оқу орнына түскен. Мамандығы – жергілікті мемлекеттік басқару. Алған дипломы бойынша да бірнеше жыл қызмет атқарып, аудандық, ауылдық әкімдіктерде жұмыс істеген. Белгілі себептермен кәсіпкерлікке бет бұруды жөн санаған. Осылайша, қатты жиһаз бен құрылыс заттарын жасауды қолға алған.

– Кәсіп бастау оңай емес екен. Алғашында қажетті станоктарды тауып, кейбір құрылғыларды қолдан құрастырдық. Тапсырыстар қабылдап, ісіміз өрге домалады. Алайда, кәсіп бір орында тұрмай, үнемі даму үстінде болу керек – деген ол былтыр «Атамекен» кәсіпкерік палатасының аудандық филиалына барып, бір ай оқудан өткен. Бизнесті дамыту мақсатында 6 пайызбен 4 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Қаражаттың барлығына ағаш оюға қажетті құрылғыларға тапсырыс берген. Қазіргі таңда адам қолымен істелетін жұмыс едәуір азайған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікке баса мән беруді тапсырған еді үкіметке. «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрып, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деген Президент кәсіпкерлерге үлкен қуаныш сыйлап, бизнесті дамытуға зор мүмкіндік жасады. Айталық, бүгінде біздің цехта үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Үшеуі де жергілікті тұрғындар, көктөбеліктер. Бір ғана бизнес субъектісі арқылы өзімді қоса алғанда төрт адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жергілікті бюджеттің ұлғаюына өз үлесімізді қосудамыз – дейді.

Жұмыс барысымен танысуға арнайы барған бізге ағаштың біз білмейтін қыр-сырын ашып, өңдеу жолдарын көрсетті. Айтуынша, әр ағаштың өз ерекшелігі бар, бірі қатты болса, енді бірі жұмсақ, морт сынғыш келеді. Ал кейбірінің иілгіш қабілеттері жоғары. Сондықтан, жұмыс ағаш таңдаудан басталады. Кейіннен, оны арнайы құрылғымен кесіп, өңделеді. Қисық тұстары жонылып, тазаланады. Тесіктері арнайы қоспамен бекітіліп, боялады. Осылайша, бір бұйымның өзі бірнеше күн жасалады. Қазіргі уақытта тапсырыстың басым көпшілігі Алматы қаласы мен аудан аумағынан түседі. Негізінен, есіктер мен баспалдақтар.

Кәсіп заман талабына сай өзгеріп, дамып отыруы тиіс деген Расул Таиржанұлы алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтпақ ниетте. Ол үшін ағаш өңдеумен айналысатын автоматтандырылған жаңа құрылғылар алуды жоспарлап отыр.

Адамгершілікті – ардың ісіне балаған Расул Таиржанов бүгінде ауылдастарына қол ұшын созып, көмек беруде. Айтуынша, ауыл жастары жиналып мектептің стадионын абаттандырып, қалпына келтіруде. Сонымен қатар, айналасына шамдар орнатуда.

С.НҰРАДИН.

Бейсенбі, 17 Қазан 2019 11:01

7 мыңға жуық ағаш отырғызылды

Қоршаған ортаны қорғау, аялау – әрбірімізге міндет. Табиғат ананың тынысын ашып, оған қамқорлық сездіру мақсатында республикалық «Эко сағат» акциясы жүргізілуде. 3 қазаннан басталған акцияға ауданымыз да белсенді араласты.

Аудан әкімдігі, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер кеңесі, аудан белсенділері атсалысқан акция барысында аудан бойынша 7000-ға жуық ағаштар отырғызылды.

Қолдағы мәлімет бойынша Алматы облысында «Эко сағаттың» аясында 30 мыңға жуық ағаш егілген.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Суретті түсірген Д.Төлемісова.

Бейсенбі, 17 Қазан 2019 09:06

Аким посетил ЦРБ и роддом

В районе действуют две центральные больницы и родильный дом. В ЦРБ в г.Есике  трудятся 269 врачей, 1078 медицинских работников среднего звена, а в ЦРБ села Шелек 66 врачей и 211 медицинских работников. На данный момент в ЦРБ села Шелек проходит капитальный ремонт, сдача объекта планируется к концу этого года.

14 октября аким Енбекшиказахского района Бинали Ыскак посетил ЦРБ и родильный дом города Есика, в штате которого  состоит 209 медицинских работников. В ЦРБ и роддоме с 2017 года внедряется автоматизированная медицинская система, приемное отделение ЦРБ начало работать по системе Triage. В ходе визита Бинали Ыскак в первую очередь проверил состояние центральной районной больницы. Главный врач района Жамиля Абеуова  рассказала о работе районного здравоохранения и  о дальнейших планах по его развитию.

Центральная больница в г. Есике рассчитана на прием  355 человек в день, в среднем принимает около 500 человек, а больница в селе Шелек рассчитана на 180 человек, но обслуживает в день до 350 человек. Также в районе 42 сельских врачебных амбулатории, 19 бригад скорой медицинской помощи и 4 объекта первичной медико-санитарной помощи. За 2019 год 17 специалистов медучреждений получили подъемные пособия, а пятеро бюджетный кредит на приобретение жилья по программе "С дипломом в село".

 В целом Бинали Абдыкапасович был доволен работой здравоохранения, но сделал несколько замечаний  в сфере хозяйства. По заверению руководителей медучреждений  отмеченные недостатки  будут исправлены в кратчайшие сроки.

 

Соб.инф.

Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 09:57

Қосқұлақ жайлы аңыз бен ақиқат

Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ел басқарған хандарымыз, ту ұстаған батырларымыз, сөз бастаған шешендеріміз, ел бірлігі үшін тер төккен бабаларымыздың барлығы да құрметті. Тәуелсіздік алған  жылдар ішінде қаншама аталар аруағы қайта тірілді, ұлтымыздың мерейі асқақтады. Еліміздің белгісі,ерлік дәстүрімізді, ежелгі  тегімізді танып,бой көтеруге бет алғанымыздың айғағы екені рас. Әлбетте, өткен тарихымызды зерделеу зерттеу ісі, тек ғана тарихшыларымыздың жұмысы десек қатты қателесеміз. Отанын сүйетін өзінің туып өскен жерін,ата-мекенін, ата-қонысының тарихын, шежіресін білетін кез-келген адамның азаматтық борышы болмақ.

Осындай жетісулық тұлғалардың бірі Қосқұлақ Қалдауұлы, шамамен 1685 -1785 жылдар аралығында ғұмыр кешіп, 104 жасқа келген деседі.  Шыққан тегі Ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының Қожбанбет тармағынан тарайды.

Қосқұлақ атануы да тегін емес екен. Нәресте туған кезде құлағының арт жағында қосымша құлақ тәрізді айнала түймелері болған,соған орай ырымдап балаға Қосқұлақ есімі беріліпті. Әкесі Қалдау кейін екінші баласы туғанда «Ұлдың атын ұйқас,қыздың атын қиғаш қой» дейтін аталы сөзді ескеріп,үлкені Қосқұлаққа ұйқастырып оның атын Бесбұлақ қойыпты. Біржағы бұл жайлаудағы бес бұлақ суының тоғысқан жерінде туған екен дегенді айтады. Осы екі кісіден өніп-өскен Қосқұлақтың ұрпақтары киіз үйінің маңдайшасын,ал Бесбұлақтан өрбіген ұрпақтар, бабаларының бас киімін күні бүгінге дейін көздерінің қарашығындай сақтап отыр.Бесбұлақтың бала кезінде жасаған ерлігіне орай Батырша атанған. Күллі Қосқұлақтың қара шаңырағы Қытай жеріндегі Іле-қазақ автономиялы облысы,Текес ауданына қарасты Ақши қыстағында тұратын Абиырұлы Шайықтың  үйінде. Ал Батыршаның бас киімі Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылындағы Рахымбайдың үйінде сақтаулы.

Бабамыздың туған жері туралы да екі мәлімет айтылады, бірінде Семейдің Аякөз маңы деп айтылса, екінші бір деректерде Албан,Суан тайпалары көшіп-қонып жүретін Жетісу өңірінде делінеді. Ал өмірден қайтқан кезінде Алтынемел мен Қоңырөлең  төңірегінде жасаған екен. Бұдан шығатын қорытынды жоңғар шапқыншылығы заманның алмағайып кезеңімен тұспа-тұс екендігінен хабар беріп тұр.

Қосқұлақ атаның кіндігінен 8 ұл өскен. Үлкен әйелі Сұқсыр бәйбішіден: Бәйімбет, Тұңғатар, Бұқар, Қаржау, Бөрте болса, кіші шешемізден: Алжан, Қалжан және Тілеу атты балалары өрбиді.  Бәйімбеттен басқалары өніп-өскен белді аталар шоғырын құрайды.Бұлардың ішінде өз дәуірінде асып туған айбынды Қаржау батыр кісі болыпты. Жоңғар соғысында Қанкелді, Сатай, Бөлек, Өтеген, Нау-рызбай, Райымбек, Сәмен т.б. батырлармен иық тіресіп, Жетісу жерін жау қолынан тазартқан белгілі баһадүр батырлардың бірі. Сондықтан заманында «Қаһарлы Қаржау» атаныпты. Бұл туралы «Қожбанбет руы» кітабында және мерзімдік басылымдар «Президент және Халық»,«Айқын»,«Жетісу» газеті, «Мұқағали» журналдарына шыққан зерделі зерттеулерде және 2007 жылы арнайы Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында өткен, республикалық  дәрежеде ғылыми-практикалық конференцияда толық қамтылған болатын.

    Қосқұлақ ата бай да, кедей де болған емес, орта дәулеті, өзіндік тірлігі бар әрі бес уақыт намазын қаза қылмаған, өте тахуа таза адам болыпты.Сондықтан ел-жұртына қадірі мол қазыналы қария атанады.

Ел аузындағы бұрын-соңғы деректерді саралай келе Қосқұлақ атамыздың жамбасы тиіп мәңгілік жайғасқан жері Жамбыл облысының аумағындағы осы Қордай асуы. Дәлірек айтсақ,  Алматы-Бішкек күре жолының 185 шақырымында, оңтүстік сәл өкпе тұсында мүрдесі жатыр.

Ал енді Қосқұлақ атаның ұрпақтары жайында сөз қозғасақ, кіндігінен тараған балаларының ішінде Қаржаудың ұрпақтары басқа балаларына қарағанда саны жағынан және ел ісіне араласқан тұлғалар көптеп шыққан ата. Қаржаудың өзін айтпаған күннің өзінде жоңғарлармен болған үздік-создық жүз жылдан асқан соғыста Қасабай, Шыңқожа, Айтақ, Күдері атты ұрпақтары да жерімізді азат етуге атсалысқан батырлар. Ал  орыс империя-сы  Ұлы жүз  қазақтарының қоныстанған Жетісу өңірін игере бастағанда, Қаржау батырдың Сүгірбай  атты баласы орыс мемлекетінің бодандығына қарсы болған Албан,Суан тайпасының аға сұлтаны Тезек төремен де айқасып, кейін  төренің тікелей қысымымен амал жоқ Қытай жеріне ауған.(Тезек полковник шенін алған орыстың шенді офицері екені мәлім).  Бұл оқиға туралы Ж.Айдарханұлының «Қара түлкінің ғаламаты» атты мақаласы бар. («Қожбанбет руы» 279 бетте).

Ал Тұңғатар ұрпағы болып келетін Әбдірасыл Ниязұлы 1942 жылы Құлжадағы екі жылдық мектепте оқыған.1944 жылы «Үш аймақ төңкерісі» кезінде әскер қатарына алынып, одан кейін Үрімжіде әскери қызметте қалып 1952 жылға дейін сонда болады.Кейін Текес ауданына келіп сақшы (милиция)мекемесінде өзінің іскер адал партия қызметкері екенін көрсетеді.

1957 жылы Бежиндегі жоғарғы партия мектебінде оқып, білімін тереңдете түседі.1959 жылы Текес аудандық сақшы мекемесінің бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, паспорт  столында істейді.Орысша білетіндіктен осындағы Совет елшісі Зайковтың қарамағында астыртын ұйымға мүше болады да,елдің Қазақстанға көшуіне жағдай жасап «Совет азаматы» деген документ алу жағына белсенді түрде көмектескен.

1962 жылы 29 мамыр ұйғырлардың бүлігі басталады. Осы уақытта елге заңсыз артық құжат беру құпиясына байланысты Әбдірасыл сейвінен көптеген совет паспорты тәркіленіп, негізгі он шақты адам ұсталады. Зайковты босатып советке өткізіп береді де,9 адамды (оның ішінде 4 қазақ,3 ұйғыр,1 қырғыз,бір татар бар) «Совет агенті» деген айып тағылады. Әбдірасылды 19 жыл Үрімжі түрмесіне отырғызады. Алғашқы 4 жылы екі аяқ,екі қолы кісендеулі болған, арнайы почтамен газеттер алып отырған, кейін өзінің адал екенін Москва арқылы дәлелдеп,онан соң ғана түрмеден босатылады. Елге 1989 жылы оралып, 2006 жылы 82 жасында қайтыс болды.

Бозай ауылының ақсақалы Жабықбайдың (2013 жылы 83 жасында өмірден өтті ) айтуынша, 1865 жылдары қосқұлақтар Қытай жеріне барған,олар шахантай ұрпақтары екен. Алғаш Верный уезіне қарасты Талғар өзенінің төменгі ағысында Шоғандармен қатарлас отырған,келімсектер (қарашекпенділер) жер үшін болған жиі-жиі қақтығыстардан кейін, шығысқа қарай жылжи-жылжи Қарқара жайлауы арқылы Қырғызға аспақ болған,бірақ себебі белгісіз, көштің басын Нарынқол өңіріндегі Байынқол өзенінің жағасына  60 үй Шахантайлар жүгін түсірген.  Осы жерде екіге бөлінген, көзі тірі Мамытханов Нүктебек пен Наурызбеков Бағашар қарттардың айтуынша Верный, Қарақолдан келе жатқан казак-орыс әскерлерімен Сырт жайлауының бір сіле-мінде Сатай мен Бексейіт бастаған топ атысып, ақыры Шахантайдың Смайыл әулеті шығынға ұшырап, Қытай жеріне өтеді. Екінші,  Қаумен ұрпақтары 1872 жылы «Алайғыр-Сайқал» арқылы Бәйсе-йіт, Тоқсейіт, Бәзілбек, Батырбек, Жансейіт бастаған топ өтеді. Қазіргі «Алайғыр-Сайқалдың» ең ұшар басындағы асу «Жансейіт асқан» деп аталады.Бұл уақыттарда Тянь-Шань отрядын Ждан-Пушкин басқарып тұрғаны белгілі. Бексейіт пен Сатайдың бүгінгі көзі тірі ұрпағы Еркінбек шал мен Бағашардың айтуынша, 32 адамнан тұратын казак-орыстарды бастап келе жатқан топтың командирін 3 солдатымен атқанын, олардың шегініс жасап кері қайтқанына дейінгі оқиғаны, Сатайдың көзі тірі 78 жастағы немересі Бағашар айтады. Бұл, Саурықты қолға түсіргелі келе жатқан Ушаковтың отряды болатын.

Ал Қаржау батырдың ұрпақтарының, орыстарға қарсылығы Жетісу өлкесіне табандары тигеннен басталады.

Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам елді-мекенінің шығысындағы Сүтемгеннің етегін Ақбейіт деп атайды. Ауылдан 17 км қашық жерде ескі қорым зираттар бар екені мәлім.Онда 4 күмбез тұр; бірі Кәрібай бабаныкі,қалған үшеуі балалары Темірбек,Қырғыз (болыс) және қызы Айшаныкі. Соншама уақыт өтсе де, әлі бұзыла қоймаған қалпында. Оның мықты, сапалы болуы кезінде Жаркенттегі  Уәлібай мешіт-медресесін жасаған шеберлердің қолынан шығыпты.

Қосқұлақтың  Бөрте атасынан шыққан Кәтіп Айтуарұлы әнші сазгер,ағартушы мұғалім және Тілеуқабыл Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» еңбегін соңғы рет көшірген адам. Бұл кісі күйшілігі туралы (Б.Мүптеке, С.Медеубекұлы «Жетісу күйлері»,184 бет.Алматы «Өнер» 1998ж) кітапта көрсетілген.   

Текес бойындағы Қожбанбет елінің көп сандысы Қосқұлақтар екені белгілі. Шахатайдың бір тармағы Бірдене байдың балалары Әбділдә,Нүсіп дегендер ауқатты бай ауыл екен. Бір кездегі табиғи апаттан бірталай шығынға батқан кездері болыпты. 1991 жылы Қапсалаң өзені тасып алапат сел тасқыны жүрген шақта жағалауда отырған үйлер мен көптеген  малдарды қоса ағызып жайпап өткен. Айтушылардың мәліметіне қарағанда, байлауда желіде тұрған құлын-биелер болып 60-тай жылқы,400-дей қой,30-дан астам сиыр,он шақты киіз үй түгелімен селге кетеді. Осы сел тасқында Шахантай ауылдары аяусыз апатқа ұшыраған деседі.

Қожбанбет руындағы Ағымсарылар мен деңгейлес  Қосқұлақтардың басым бөлігі қытай жерінде. Бұрын осында (Қазақстанда)әр жерде қалғаны болмаса көпшілігі қытай жерінде.Ол жақтағы олардың дәл қанша екенін дөп басып айту қиын. Ал Қазақстан аумағында шоғырланған аймақтары мына жерлер;

Ең алыс Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев және аудан орталықтарында жас жанұялармен қосқанда 100-ден астам тұрады. Алматы облысы Жамбыл ауданында Мәтібұлақ ауылында сол шамалас,яғни 50 үйдей отбасы бар. Аққайнар (Прудкии)ауылында 20 үй, Еңбекшіқазақ ауданындағы Жаңа-Тұрмыс елді-мекенінде 15 үй, сол сияқты Райымбек ауданының орталығы Кегенде 80 үй, Шалкөде өңірінде 35 отбасы тұрып жатыр. Енді ежелгі ата-қоныстары болған Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында 100 үй, Аббатта 10 үй, оның сыртында Тиірмен, Қырғызсай, Шонжы т.б. Алматы қаласында 100-ден аса  үй Қосқұлақ бар екенін анықтадық. Бұл әр өңірде шашырап жүргендерді қоспағандағы мәлімет

«Қожбанбет руы» кітабының 28 бетінде мынадай деректер баршылық; Қосқұлақ елінен аузын айға білеген,небір мықты са-йып-қыран саңлақтар шығыпты. Айталық: Қаһарлы Қаржау, Сасбақ,  Күдері, Сатай, Бексейіт батырлар, көрнекті би болыстардан: Иманбектің Бақайы, Әскенің Баубегі, Кәрібайдың Қырғызы, 1200 жылқы біткен Түкебай бай, Оразбай бай, Атағожа бай, кезінде Бәйсейіт байдың «Жеті қасқыры» атанған ағайынды  Жолай, Жонай, Қонай, Малай, Қапсалаң, Жайсаң, Шәбден. Тезек төренің жасқанбай жылқысын шапқан жүректі ер Сүгірбай, Тұрап би және Дедек қажыны ауыз толтырып айтуға болады. Солармен қоса Қытай Қосқұлақтарынан: 25 жыл ел басқарған Меди ақалақшы, оның әкесі Жансейіт ақалақшы, Түбекбай ақалақшы, Бейсембек қазы, Байқұрман манфаң  (ақалақшыдан кейінгі лауазым аты), Мұқан зәңгі, өнерлі сері жігіт атанып, соңында мерт болған есіл азамат Шәмпи(бұл жөнінде Шарғын ақынның «Ақсұлу» атты көлемді дастаны бар), әсіресе,  би-шешендер тарихынан өз орнын алмай келе жатқан, аруақты Байбағыс шешенді атап өтуге болады. Жұмабек Диханбайұлының «Қосқұлақ баба ұраным» атты дастаны бар.

Осы елдің қызы айтыскер әйел Дәрия (әкесі-Тұрысбек, барған жері-Жарты), бұның сыртында бүгінгі көзі тірі Шыңжаң өлкесіндегі қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған, ақын Жүнісхан Бақай, жазушы, әрі ақын, әнші-сазгер Барат Тасыбеков, айтыскер халық ақыны Сүлеймен Әлібекұлы, композиторлар: Тұрсынжан Бәзілханұлы, Айтмұрат Төреғалиұлы, т.б. бар.

2016 жылы, Қазақ хандығының құрылуының  550 жылдығына орай Жамбыл облысының Қордай ауданының аумағына қарасты «Мұзбел» асуында Қосқұлақ атаның жамбасы тиген жерде  ұрпақтары кесене тұрғызды. Ашылуына Қазақстан  Тарихшылар  қауымдастығы,   Қазақстан  Жазушылар  Одағы,  Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық  университетінің  зерттеуші – тарихшылары  мен  қалам-герлер  қауымы, Қордай  ауданында  «Ел  мен  Жердің  өткені:  өңір  тарихы  және  оның  жеке  тұлғаларының  тағдыры» атты  ғылыми-практикалық  конференция өтіп, Қалдауұлы  Қосқұлаққа  орнатылған  құлыптасты ашты. Бұл ескерткіштің өмірге келуіне осы атаның тікелей ұрпақтары болып келетін Т.Бердіқожаев, Т. Иманбеков,Т.Ботабеков, Н.Тепеев, Б.Толымбеков т.б азаматтар тер төкті.

Бүгінгі Бәйтерек ауылындағы қайта ашылғалы тұрған мешіт 2007 жылы тұрғызылған болатын. Алғаш Нұрлан Тепеевтің өз қаржысымен бастан аяқ тұрғызған. 2018 жылы Қосқұлақ атаның ұрпақтары ұйымдасып, күрделі жөндеуден қайта өткізіп, ел-жұрттың пайдалануына берілгелі отыр. Соңғы жөндеу жұмыстарына, тағы да аптал азамат Нұрланның көп күш салуының арқасында жүзеге асты.

  Міне осындай бір рулы елдің түп қазығы өз заманында ел мен  жердің тұтастығы үшін жан беріп жан алысқан тұлға Қосқұлақ Қалдаулының өмірі  мен оның артынан өскен  ұрпақтарының қысқаша тарихы осы.

 

Дүйсенбай  СЫҒАЕВ,  тарихшы.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет