«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ»

 

Қымбатты отандастар!

Қадірлі қауым!

Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы  айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да  бөлек. Біз  алдымызға  биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.

Баршаңызға мәлім, былтыр  егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда  30 жыл  тым көп уақыт емес. Халқымыз  Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды, көптеген табыстарға қол жеткізді.  

Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік  қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.

Біз  мызғымас бірліктің арқасында  мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. 

Мен  қашанда бәрін ашық айтып жүрмін.

Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде  жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде  халыққа арнап  бірнеше  үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным. 

Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз.

Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз.

Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет.

Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда, мұндай кең ауқымды талқылау  ешқашан болмаған. Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға  жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына  әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен  мұны толық қолдаймын, біз ақиқатты айтуымыз керек.  Бұл – менің жеке қағидатым.

Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы Мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын.

Қасіретті қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды.

Ал, нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауап береді. Басқаша әрекет ету, яғни, қосақ арасында бедел жинау үшін байбалам салып жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз.    

Бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез-келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл біз үшін де мүлде жат қылық. Мұндай сорақы оқиғалар болғаны жайлы айтыла бастаған сәтте-ақ, мен оны мұқият тексеруді тапсырдым.

Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысты, олардың шағымдарын қарады.  

Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық және демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару ықтималдығы едәуір азайды.  

Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс. 

Осы мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығымды білдіремін.  

Қазір алдын-ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың  мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер  не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық.

Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.

Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер  мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.

Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер  өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді.

Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ, қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен  ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым.

Бабаларымыз  «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған.

Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды.

Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы  жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін  ойларына келген барлық тәсілді қолданды. 

Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бұл қадам  ішкі және халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды. Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана  қамтамасыз етті. Бұған  алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды.

Бұл – көптарапты қарулы контингент, оның құрамында  Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін  жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, түптеп келгенде, біз  содырларды  өз күшімізбен жеңдік.

Осы орайда, бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін.

Сондай-ақ, азаматтарымыз  ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын.

Осы күндерде халқымыз кез-келген қауіп-қатерді жеңе алатын  біртұтас ел екенін танытты. Отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды.

Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Біз  жардың шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді.

Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымызда куәгерлерден жауап алу, сараптама жасау және түрлі мәліметтерді зерделеу сияқты қыруар жұмыс бар.   

Бір нәрсені нақты айта аламын: қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция жасады. Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш қымсынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды.   

Сондықтан кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алатынына уәде беремін.  

Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа  амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым.

 

Құрметті депутаттар!

Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында  қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты.  

 Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық.

Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты.    Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.  

Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс.

Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.

Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. 

Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. 

Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісу қажет деп шешті. Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады.  

Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетіп, аяғын аңдап басатын болады» деп санады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз.   

Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған «асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.      

Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ, мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз.

Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті.  Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім.

Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген.   

Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы Сот және беделді сарапшылардың ұсынымдары  назарға алынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осы тақырып бойынша пікірталас өтті. Құжатты әзірлеу кезінде  зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да мұқият зерделенді.

Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.  

Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді.

Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды.

Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар. 

Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз.

Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.

Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату  өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.

Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек.    

Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.  

Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз.    Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.   

 

БІРІНШІ. Президенттің өкілеттігі туралы

Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс.

Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет.

Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ.  Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.  

Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. 

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. 

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім. 

Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. 

Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет.

Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.  

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын.

Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады.

Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.   

Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.

Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.  

 

ЕКІНШІ. Өкілді билік тармағын қайта құру

Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.

Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне  белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. 

Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды.  Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.

Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.

Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.

Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар.

Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.    

Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын.  Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.

Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.

Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент  республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.       

Осы орайда Есеп комитетінің орнына  Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.

Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн.  

Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

 

ҮШІНШІ. Сайлау жүйесін жетілдіру

Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын  конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.

Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да  сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.       

Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.

Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы.  

Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.    

Императивті мандатқа көшу де  депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.

Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.  

Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін. 

 

ТӨРТІНШІ. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту

Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.    

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.

 

БЕСІНШІ. Сайлау үдерісін жаңғырту

Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін  тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде.   

Көптеген елдер  дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн. 

Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын.

Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.  

Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын. 

Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да  маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені  белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны  бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды.

Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін  қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау  барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды.

Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.

 

АЛТЫНШЫ. Құқық қорғау институттарын күшейту

Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.

Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын  Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. 

Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам  өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  мұндай орган  Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме  тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.

Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.

Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал,  былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.

Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын.

Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын.

Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.  

Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы тұру маңызды рөл атқарады.

Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын. 

Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар  заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. 

Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.

Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі  маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. 

Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн.

Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің  санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. 

     

ЖЕТІНШІ. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту

Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.   

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.

Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. 

Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды.

Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын.

Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек.

Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді.

Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді.

Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды.  

Біз  елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның  саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты  сын айтқан болатынмын.

Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.        

Биыл  менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз  ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді  бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған.    

Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады.

Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады.

Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады.

 

СЕГІЗІНШІ. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру

Сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  бірнеше облыс біріктірілді. Оның  сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды.

Қазір  Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал  мүлде басқа.

Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де  бөлек.

Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты. Мен  бұл мәселеге  2019 жылғы Жолдауымда  кеңірек тоқталдым.

«Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды. Бұған дейін Шымкент  республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы  Түркістан қаласына көшірілді.

Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та дұрыс қадам болды. Оны  халық  өте жылы қабылдады. Мен  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім.

Содан бері  азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті.  Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен  бүгін  бірқатар бастама көтергелі отырмын. 

Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. 

Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені  аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз. 

Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында  Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.

Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың  төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар  осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз  Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.

Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу  оңай емес. Облыс орталығына бару үшін  халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын  екіге бөлуді ұсынамын.

Бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.

Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.

Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады.

Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. 

Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз  ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы  халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.

Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі.

Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс.

 

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру.

Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және  азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет.  

Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн.

Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет.

Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді.

Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою маңызды қадам болмақ.

Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін «Өзін-өзі басқару туралы» заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын. Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

 

ОНЫНШЫ. Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы

Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар.

Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы.

Соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті. Мұны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық «жасырын» ақша аударылымдарына байланысты болып отыр. Сондықтан қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет.

Алдыңғы күні мен валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойдым. Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін.

Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс. Банктердің осы талаптарды сақтауына қатаң бақылау жасаған жөн. Нарықтағы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз «жаратуға» түрткі болмауға тиіс. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек. Жалпы, ұтымды шешімдер қажет. 

Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін. Осыған орай егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады. Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс.

Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек.

Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет. Алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс. Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді. Қазір толықтай жұмылуымыз қажет.

Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте  қабылдануға тиіс. Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек. Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылымдар өзін тек сонымен ғана байланыстырады.

Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады. Сонымен қатар саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге жедел кіріскен жөн. Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

 

Құрметті отандастар!

Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. Сондықтан оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді еліміздІ түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал  Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. 

Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда  жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз  әр шешімді мұқият саралап, әр істі  байыппен жасауға тиіспіз.

Отаншылдық рухы жоғары ел  көздеген мақсатына  қалайда жетеді. Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді?

Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға  сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер  жұртшылықтың қатысуымен  ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет  әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе  әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның  осындай ел болғанын қалаймын.

Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті  әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам  жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз  түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс  бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген  жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін.

*  *  *

Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек. Негізгі міндет – осы!

Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.

Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес. Осының бәрі халқымыздың әлем қауымдастығы алдындағы абыройын төмендетеді.

«Қасіретті қаңтар» оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек. Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін. Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады. 

Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз. Біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады. Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз. Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз. Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз. Біз кез-келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.

Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін  бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес. Сондықтан маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ.

Мені  ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны  толғандырады. Қызметіме  түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін  аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын! Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін  киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды  бірге өркендетейік, ағайын! Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!

Баршаңызға рақмет!

Сәрсенбі, 16 Наурыз 2022 12:05

Тұмаш келсе, Қазаткомға....

 

20 наурыз – Қазақстанның халық  жазушысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және түркі дүниесіндегі  жазушылардың Физули атындағы сыйлықтардың лауреаты, көрнекті ақын,  Қазатком ауылының төл баласы, тума  талант  иесі, ақиық  ақын  Т.Молдағалиев  атамыздың  туған  күні. Биыл  ол  кісі  тірі  болса 87  жылдық  туған  күнін  тойлар  едік. Жерлес ақынымыздың өлеңдері әр тақырыпқа  арналған. Бір өлеңі  ауылына, дос-жаран, туысына арналса, енді бірі  туған  өлке, Отан,  туған  жерге,  кең  байтақ Қазақстанымызға арналады. Бәріміздің сүйікті қаламыз бұрынғы  астанамыз – Алматыға да көптеген жырлары жүрегін жарып шыққан.  Туған ауылы Қазаткомға  арнаған  өлеңдері қаншама!

Құлазыма жаз өткенге,                                 

Шайқалмайды іргелі ел.                               

Тұмаш келсе Қазаткомға,                             

Сен де онымен бірге кел!

Серуенделік бүгін былай,

Сен кешікпей кел тектім. 

Жиылайық бұрынғыдай,                       

Алаңына мектептің, – деп жырлаған  ақын атамыз   жылда көктемнің 20 наурызында мектепке келіп, оқушылардың ән-жырын тыңдап, қатты риза болып қайтушы еді. Өзінің құрдастарының немерелерін көріп, ақ жаулықты жеңгелерінің шапанын киіп, наурыз көжесінен дәм татып, ауыл ақсақалдарымен тілдескен ақын еріксіз көзіне қуаныштың жасын үйіруші еді. Ақын атамыз  келгенде барлық ауыл мектептің   алаңына  жиналатын еді.

Бұрынғыдай атамыз енді келмейтін болды. Алайда 20 наурыз Тұманбай атамыздың туған күні деп, ол кісінің өлең-жырларын оқып, әнін айтып, мектеп оқушылары жылда еске алып жүр. Туған жердің топырағы қашан да ыстық, одан туған Тұманбайдай ақынымыз  қашан да  дара. 

Тоқтасын ТӨЛЕУХАН,

Қазатком негізгі орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сәрсенбі, 16 Наурыз 2022 12:05

БАҚ туралы заңды қайта қарау керек

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігі туралы сөз қозғады.

«Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек», - деген Президент БАҚ-тың төртінші билік екенін тағы бір еске салды.

«Осы орайда тілшілер қауымына арнайы жүгінемін. Одан арғы демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», - дейді ол.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық БАҚ бәсекеге қабілетті және еркін болуы керектігін айтқан еді.

Алматы облысында 661 мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің штат саны 7073 бірлікті құрайды. Жыл сайын жоғары кәсіби білімі бар мамандар саны артып келеді. 2016 жылы мансап үлгісінің енгізілуімен меритократия қағидаты бойынша жоғарылатылған қызметкерлер санының өсуінің тұрақты үрдісі байқалады. Мәселен, 2021 жылдың 12 айында облыстық жергілікті атқарушы органдардың жоғары лауазымдарға тағайындалған 211 мемлекеттік қызметшісінің – 151-ы немесе 71,6% жоғарылатылған. Бұл туралы Jetysu media» ақпараттық алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова мәлімдеді.

Спикер мемлекеттік тәртіпті нығайту және әдеп бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі жұмыстың қорытындыларына тоқталып өтті. 2021 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өтіп, онда 112 мәселе қаралды. Кеңесте қаралған 112 мәселенің тек 74%-ы тәртіптік істер. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәртіптік істер саны 12%-ға азайды.
«Департаменттің белсенді профилактикалық жұмысының нәтижесінде оң динамикаға қол жеткізілді деп есептейміз. Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 63 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды»,-деді Ләззат Мұқатайқызы.
Баспасөз мәслихатында Департамент басшысы мемлекеттік органдардың электронды форматта көрсететін қызметтері үлесінің артқанын мәлімдеді.
Бүгінде Алматы облысында қызмет берушілермен 392 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның 224 түрі орталық мемлекеттік органдармен, 173 түрі жергілікті атқарушы органдар есебіне жатады. Жергілікті атқарушы органдардың көрсететін электрондық қызметтердің үлесі шамамен 93% - ды құрайды. 2021 жылдың 12 айында Алматы облысы бойынша 14,9 млн.астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, 91% - ы электрондық түрде алынған.
Айталық, Департамент мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Алматы облысында азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерден қанағаттану деңгейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2021 жылы жалпы саны 1 540 471-ге жуық адамды қамтыған 4,5 мыңнан астам түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып өткізілді.

 

JETISÝ MEDIA

Сейсенбі, 15 Наурыз 2022 10:10

Почта почти что...

На официальных сайтах, в рекламных публикациях АО «Казпочта» позиционируется как базовый элемент государственной инфраструктуры – Национальный оператор почты Казахстана. Мы узнаем, что «в компании активно идет процесс модернизации и перехода к качественному предоставлению услуг, что означает не только улучшение обслуживания, но и технического, операционного, технологического, информационного обновления почтовой сети». Перечисляется  весь спектр функций данного оператора: денежные переводы, расчетно-кассовое обслуживание, выплата пенсий, социальных пособий, услуги банка второго уровня. В числе достоинств указывается самая масштабная филиальная сеть в стране, продвижение электронной торговли, транспортно-логистического сервиса, финансовых услуг для бизнеса и населения, введение таких инноваций как почтоматы, посылочные супермаркеты,  даже доставка почты дронами. Миссия  АО «Казпочта»: «Вдохновлять развитие современного цифрового общества на основе эффективной экосистемы, дающей возможность клиентам быстро и надежно получать почтово-логистические и финансово-агентские услуги».

Выглядит очень красиво и впечатляюще. И вправду – цифровые технологии в сфере услуг почтовой связи, банковского дела и информационного обеспечения в 21 веке по праву доминируют. Электронные платежи и переводы стали не только привычными, но и необходимыми. Однако многое в почтовой сфере, в эру нанотехнологий и цифровых революций приходится делать «по старинке». Бабушкины носки любимому внуку или  заказы из интернет-магазинов по электронной почте никак не доходят, выдачу пенсий и пособий, денежных переводов, прием коммунальных платежей наличкой по Wi-Fi не сделаешь. Посылки и корреспонденцию, как столетия назад надо и привезти, и руками раздать. Разве что вместо ямщицких упряжек  теперь какая-никакая автотехника, да и та почту по селу не развозит. И дроны во все аулы не прилетят…

Значит, остается актуальной  «традиционная» почтовая связь, где трудятся операторы  и почтальоны. То же касается  доставки прессы. Старшее поколение граждан «кому за...» предпочитает выписывать периодику не в цифровой, а в «бумажной» версии, не зависящей от гуглов, инстаграмов и телеграммов. Да и письма немало народу отправляет по старинке, не в мессенджерах, а в конвертах с марками, которые не взломают, «не забанят»... Значит, опять таки остаются востребованными услуги тех, «кто стучится в дверь ко мне с толстой сумкой на ремне».

Вот тут и есть  самая мякушка. Изготовленный на базе государственного почтового ведомства нынешний почтово-банковский гибрид АО «Казпочта»,  контрольный пакет акций которого контролируется холдингом по управлению госактивами АО «Самрук-Казына» если и добился какого успеха, так только в банково-финансовой части. Услуги профильной «государевой службы», особливо в сельской глубинке, становятся все менее доступной  роскошью, а сама почтовая служба доставки и обслуживания на селе смотрится золушкой, хромающей  в хрустальном башмачке. Немалые, как представляется, финансовые прибыли от банковских и почтовых операций АО «Казпочта» как-то проходят мимо региональных узлов и отделений почтовой связи, слабо влияя на их благополучие. 

Такой вывод напрашивается сам собой, когда  подписчики бумажной районки не решаются продлевать с ней старую дружбу, сетуя на несвоевременную доставку ее номеров. Согласитесь – знакомиться давно простывшими новостями или читать январские поздравления с новым годом на Наурыз – как-то не то, ради чего читателю хотелось бы растрясти кошелек. А все почему? Почтальон газету не доставил. Или его вообще нет, или не слишком-то хочет стараться.    Основная причина  –    низкая оплата и плохие условия труда в сельских отделениях. Из-за этого  растет дефицит операторов и почтальонов. Взять ближнее к райцентру с.Алмалы Коктобинского округа. Здание отделения пришло в негодность... И это пример не единственный. На грани закрытия отделения, находящиеся в арендованных  зданиях.  Десятилетие тому назад с помпой реализуемый проект строительства новых отделений завершился почти ничем: по району за счет АО «Казпочта» были построены лишь  8 таких зданий, тогда как отделений  около 30. В с.Амангельды отделение  десятилетия ютится в глиняном сарае. И таких «почт» было бы еще больше, если бы не подключились предприниматели-спонсоры, построившие для земляков еще насколько зданий для почтовых отделений. Не хватает и почтальонов.   Если в Есике их 9 и они справляются, то на 25 сельских округов – не более 50 штатных единиц (не говоря о реально работающих). На обслуживание крупных сел еще ресурсов хватает, а в небольших – как придется.  Желающих трудиться на половину и менее ставки не находится даже в семьях получателей АСП, хотя там один член семьи должен номинально где-то работать. Оно и понятно – нагрузка остается немаленькой, если учесть, что газету приходится нести в один конец села, а штрафную квитанцию, уведомление налоговой службы (за которые получателю надо расписаться) – в другой. Пешком приходится доставлять и бандероли весом до двух кг, а их бывает по нескольку. Приходится доставлять на дом также посылки инвалидам со спецпринадлежностями, одна такая посылка весит 40-50 кг. В этом нас просветила заместитель руководителя РУПС Гулинур Сулайманова, ветеран почтового дела с 30-летним стажем.

Да, труд почтальона тяжел и неприметен, но обществу без него обойтись пока невозможно.

В такой ситуации, думается, на нарушителей дисциплины труда, руководство РУПС вынуждено смотреть через пальцы – где лучших взять за 20-30 тысяч тенге? Между тем,  операторам за мизерную плату приходится выполнять достаточно сложные и разнообразные функции – они должны уметь оказать все виды электронных почтово-банковских услуг, включая продажу авиа и железнодорожных билетов, денежные переводы и проч. Недаром набравшихся опыта  почтовиков охотно берут на работу банки – они многое знают и умеют.     

Может, настала пора что-то менять? Оставить банку банковое, а почту – сделать вновь некоммерческой, т.е. бюджетной службой почтовой связи, с достойной зарплатой, нормальными условиями труда рядовых сотрудников. Чтобы это учреждение базовой инфраструктуры несло более высокую социальную ответственность и подтверждало свою государственную значимость.

И.ТУРАНИН.

 

На фото: служба доставки РУПС всегда загружена посыл-ками и корреспонденцией; почтовое отделение в с.Амангельды не выдерживает никакой критики.

 

«Экономикалық саясатымыздың мақсаты –  айқын. Бұл заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту». Қ.К.ТОҚАЕВ.

Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қоғамымызда болған өзгерістерді, нарық жағдайындағы бетбұрыстар мен ауыртпалықтар, оның адам санасына, жан-дүниесіне, мінез-құлқына тигізген әсер-ықпалы өте орасан болды. Еркіндіктің елінде, теңдіктің төрінде, социалистік қоғамда алаңсыз өмір сүруге қалыптасқан халқымыздың өңінде емес, түсінде де көрмеген капиталистік нарық тағдырыңды шешетін заманға ойламаған жерде тап болып, сансырап қалғаны да шындық. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінен бастап нарық қыспағына түскен ауылдағы қарапайым жандардың жағдайы тіптен қиындап кетті. Шетінен ұжымшарлар таратылып, жұмыс орындары жабылып, екі қолға бір күрек таба алмаған ауыл халқы күнкөріс үшін қалаға қарай жөңкіді. Дорбаларын арқалап, өмірі айналысып көрмеген сауда-саттық тірлікке көшті.

Елде жекешелендіру жаппай әрі қарқынды жүргізіліп, небір алып өндіріс, кен, басқа да табыс көзіне айналған орындар жекенің қолдарына өтті. Алғашында, халықтан қол жинап, сол жекешеленетін нысандардан түсетін табыс көзінен үлес беретін болып, дивидентік купон таратып, кейін оның арты құрдымға кетті. Халық тағы құр шөппен ауыз сүртіп қалды. Халықтың шағын бөлігін байытып, олар халыққа жұмыспен қамтамасыз етіп, қамқорлығына алады деген ертегі болып қалды. Қоғам бай мен кедей болып екіге бөлінді. Қазақ кезінде ондай заманды да басынан өткерген. Ол кезде қазақ байдан кенде емес еді. Әр ру, тайпаның өз байлары бастап,  тұтас бір ауыл болып өмір сүрді. Малдарын бағып, оның етін, сүтін азық етсе, жүн, терісін өңдеп тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, күндерін көрді. Жетім-жесіріне, жағдайы нашарларға байлар қарайласып, қамқор бола білді. Ақсақалдары елдегі түйінді мәселелерді шешсе, билері сол рудың намысын қорғап, әділ шешімдер шығаруға атсалысты. Сондай-ақ, байлар қазақ мәдениетінің биігі болды. Олардың өміріндегі орда, киіз үй, ат әбзелдері, той салтанаты, киім-кешек, құны 500 жорғаға татитын сәукеле – бәрі-бәрі қазақ мәдениетінің шоқтығын көтерген еді. Коммунистер байларды құрту арқылы қазақтардың өзегіне балта шапты. Енді бүгінгі уақытта сол алтын буынның ізбінін жекешелендіруден байыған топ, сол ескі сүрлеуді қалыптастырады деп ойлады. Алайда, жан қинамай тапқан дүниеге құнығу дерті асқынып кетіп, халықтың емес, қара бастың қамымен кетті қазіргі байлар.  Заманның осылайша құбылуына орай «Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деген мақал шықса керек.

Нарықтық қатынасқа көшкелі  майлы шелпекке аузы тигендер шалқыған байлықтың, құр жаяу қалғандар тақыр кедейліктің күнін кешу  қалыптасты Қазақстанда. Қалауын тауып, қар жандырған қымбатшылық халықты әбден қажытты. Күнкөріс қиындаған сайын, халық қарызға белшесінен бата бастады. Ақыры ашынған халық шеруге шығып, арты қасіретті қаңтар қақтығысына душар етті. Елде орын алған әділетсіздік пен жемқорлықты ауыздықтау үшін Мемлекет басшысы қоғамның тұтастығын, тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтау жолында жаңа қадамдарға жол салды.

Әділ бәсекелестік ел экономикасы үшін басты талапқа айналуына мән берген Президент: «Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақтылықты жұмыс орынын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді», – деп алдағы атқарылар жұмыстарды нақтылап берді. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артқанын, халық қазір көп несие алып жатқанын, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздыққа апарғанын, сол себепті «жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу қолға алынғанын да айтты ел басшысы.

Осы кезеңге дейінгі елдегі кедейлік деңгейін төмендетіп көрсету қазақстандық тәсілге айналғанын атап айтқан Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы: «Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға не кедергі болып отыр? Деректерге сүйенсек, бір миллионға жуық бала ең кедей отбасыларында тұрып жатыр. Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу қажет. Тәтті өтіріктен ащы шындық анағұрлым жақсы. Обалы Үкіметтің қызыл-жасылды өтірік статистикасында. «Қазақстанда кедейшілік жоқ» деген ұранды ту еткен жергілікті органдар мемлекеттің оларға көмек беруіне мүмкіндік жасар емес. Жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетіп, ұпай жинауға тырысады деп жоғары палата өкілдері ренжулі. «Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылғы кедейшілік деңгейі төрт жарым пайыздан аспайды. Ал шынтуайтында, қазір екі миллион азаматтың тұрақты жұмысы, не ай сайын алатын айлығы жоқ», – деген сенатор елдің әлеуметтік әлеуетін тек жақсы санмен өрнектейтін Қазақстанның оптимистік тәсіліне аң-таң», – деп КТК арнасы хабарлайды.

Елімізде бай мен кедей айырмашылығы жер мен көктей, яғни халықтың ең бай 10 пайызын ең кедей 10 пайызға бөлгенде арақатынас айырмашылығы 22 есе болады екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Қанша бай ел болсақ та, бай мен кедей айырмашылығы үлкен болса, дамыған елдердің қатарына қосыла алмайды екенбіз.  Мұндай арақатынастың үлкен болуы себебін қарастырсақ , ең алдымен сапалы білімнің бәріне бірдей қолжетімді болмауынан. Бізде элиталық білім беру үрдісі белең алды. Барлық назар дарынды балаларға арналған мектептерге, гимназияларға, лицейлерге бөліне бастады. Ал, орта білім беретін қарапайым мектептерде білім сапасы күрт төмендеді.

Сонымен қатар, елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйе байлардың байи, кедейлердің кедейлене түсуіне ыңғайлы жағдай тудырды. Мысалға жылжымайтын мүлік, ірі  қаладағы тұрғын үй құны өте қымбат. Жаңа салынған пәтерлерді  көбінесе бақуатты  адамдар сатып алады. Өз үйін жалға береді. Тіпті кейбіреулер он, тіпті жүздеген пәтерді сатып алып, оны жалға беру арқылы дүние табуда.

Ауылды жерлерде шаруашылыққа жарамды жердің бәрі санаулы адамдардың қолында болғандықтан, қарапайым халыққа мал жаятын, егін егетін жер қат болып қалды. Ақшасы жоқ, бірақ идеясы бар адамдардың кәсіпкерлікпен айналысатын үлкен компания ашуға мүмкіндігі жоқ. Мәселен. АҚШ-та белгілі бір идеясы бар адам жақсы инвесторлар тауып, акционерлік қоғам құру арқылы (қалтасында ақшасы жоқ болса да) ақыр соңында әлемдегі ең бай адамдар қатарына ене алады. Бізде мұндай бастаманы қолдайтын инвесторлар жоқтың қасы. Оған қоса, кәсіпкерлерді қолдауға арналған банк несиелерінің пайыздары да өте жоғары. Ал өз тиын-тебенін жинап, бір кәсіп бастайын десе, техниканың да, офистің де, ғимараттардың да құны қымбат. Мұндайда сатып алу тұрмақ, жалға алудың өзі қолжетімсіз. Сонымен қатар, бізде бай мен кедейге бірдей салық салынады. Экономикалық теңсіздік айқын байқалады. Ал шетелдерде прогрессивтік табыс салығы енгізілген. Мұндай салық бізде 2011 жылы енгізілгенімен, оның көлемі дамыған елдерге жетпейді. Ақша табудың жолы осы екен деп, бізде алыпсатарлық, саудагерлік, үстеме баға қосып табыс табу кең етек жайған. Күнкөріс қиындаған соң, несие алушылар саны артқан. Халықтың 6 миллионы пайызы жоғары несие алып, қарызын өтей алмауда.

Бай мен кедей арасындағы арақатынастың ұлғаюына әсер етіп отырған тағы бір фактор – ол мемлекетке түскен жүктің автоматты түрде қарапайым адамдардың жүгіне айналуы. Инфляция, девальвация, жанар-жағар май тапшылығы, экономикалық интеграция салдары секілді дүниелер әдетте қарапайым адамдарға қатты әсер етуде.

Бұл тығырықтан шығу үшін не істеу керек? Адамдарды құқықтық, экономикалық және саяси тұрғыдан сауаттан-дырудан бастау керек. Заң білмегендіктен, алдауға түсіп, өз құқығын қорғай алмаушылыққа ұрынады. Білімділіктің аздығы қолбайлау болады. Сонымен бірге идеологиялық саясатты жандандыру, бай болу мәдениетін қалыптас-тыру қажет. Озық идеяларды, тәжірибелерді насихаттап, байлардың қоғамдағы жағдайға оң қабақ танытып, қайырымдылық шараларын, тағы басқа сауапты істермен айналысу, халықпен қашан да бірге болу қағидаларын қалыптастыру керек. Сауаттылық білім мен адами мәдениетті қалыптастыру  елге ортақ мәселелерді тиімді шешуге және ұзақ мерзімге пайдалы әрекеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік  береді.

Ел басшысы Қ.Тоқаев бизнеске түскен бюрократтық салмақты айтарлықтай азайтуға, жекешелендірудің жүйелі және ашық жүргізілуіне, басқа да кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді Үкіметтің жаңа құрамына экономика саласына терең талдау жұмысын жүргізуді тапсырды. «Ауыл шаруашылығы ерекше назарда болу керек. Соңғы жылдары елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық 4 миллион тоннаға кеміді», – деп бұл саланың министріне қатаң ескерту жасады. Жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмағаны, бөлінген субсидиялар да тістегеннің аузында кеткені анықталуда. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батқан.

Елде шексіз мүмкіндікке ие болған олигархтар салық төлемей, бәсекелестікті болдырмауда. Мұндай жеке топтардың шексіз үстемдігін тоқтату шаралары да қолға алына бастады. Шағын, жеке кәсіпкерлер,  жеке шаруагерлердің күнін зорға көріп жүргендері  90 пайызды құрайды екен. Ауыл шаруашылық саласындағы жағдайды жақсарту үшін, бармақ басты, көз қыстыны тоқтатып, әр шаруагерге жермен айналысуға мүмкіндік туғызған жөн. Өзін өздері жұмыспен қамтып жүрген ауыл адамдарына мал бағып, егін егетін жерлерді әділ бөліп, олар өсірген жеміс-жидек, бақша өнімдері мен көкөністерін, ет, сүт, жүн, тері қабылдайтын, не өңдейтін  жұмыс орындарын ашуды жергілікті атқа мінерлер қолға алса, іс те алға басар еді, жұмыспен де қамтылар еді. Қазір зейнеттік жасқа жетпеген егде жастағыларды жұмысқа қабылдаса, сол мекемелерге субсидия төлеу қолға алыныпты. Мұның өзі жасамыс жандарға жағымды жаңалық болмақшы. Кедейшілікпен күресуде ең бастысы, «Қазақстан халқына» қорының құрылуы, биліктегі лауазым иелері мен депутаттардың жалақысын бес жылға өсірмей қалдырылуы әлеуметтік алшақтықтан арылтып, елдің әл-ауқатын жақсартудағы нақты қадам болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездескен жиында: «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды», – деп жағдайды дереу өзгерту керектігін айтып, қоғамды тазалауға, әділетті қоғам құруға шақырды. «Азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдасы тиетін нақты өзгеріс жасауға тиіспіз. Сондықтан менің тапсырмам бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы тұжырымдамада сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру», – деді Президент.

 

Анарбек  БЕРДІБАЕВ.

 

На лыжной трассе «Almaty Super Sky» в г.Алматы 20 февраля 2022 года состоялся открытый чемпионат г.Алматы по лыжным гонкам. Участие в гонках на Almaty Arena приняли учащиеся СШ имени И.Шорманова с.Алмалы Коктобинского сельского округа, которых тренирует преподаватель физкультуры Канат Биримбаев. В возрастной  группе среди юношей  2012-2013 г.р. не было равных Али Султану Турсынали, который в упорной борьбе завоевал титул чемпиона южного мегаполиса. В группе юношей 2005-2006 г.р. «бронзовый» результат показал Адилет Жолашар. Среди девушек  2009-2010 г.р. второй к финишу пришла Зарина Турсынали, а на третьем месте ее соратница по команде Жаркын Жумабай. Домой наши лыжники вернулись с медалями и дипломами.

Столь высокие достижения  на престижных соревнованиях, в состязаниях со прекрасно подготовленными соперниками из специализированных спортивных школ – плод многолетнего труда тренера Каната Биримбаева, внимание к здоровому образу жизни учеников со стороны администрации школы, воля к победе и желание ребят заниматься зимним спортом.

                                                                                 И.ВИКТОРОВ.

Дүйсенбі, 14 Наурыз 2022 15:04

Профсоюз заботится о детях

Филиал Енбекшиказахского районного комитета общественного объединения «Локальный профессиональный союз работников образовательных организаций Алматинской области» в конце февраля заключил договор с детским центром активного отдыха «Тау-Жанашар», который является единственным лагерем в Казахстане, работающим по артековской системе.

Согласно договору в дни летних каникул 400 детей членов нашего профсоюза будут обеспечены полноценным досугом  в живописном Тургенском ущелье. Они укрепят здоровье на чистейшем горном воздухе, познакомятся с разнообразием флоры и фауны Заилийского Алатау, примут участие в спортивных соревнованиях, расширят кругозор в культурных мероприятиях.

Такой шаг райком профсоюза под руководством председателя Серика Надырбаева предпринял с целью усиления социальной защиты работников районной сферы образования и их семей.

 

Анар КУЛЕНОВА,

юрист райкома профсоюза.

Халықаралық әйелдер күніне орай Шелек тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты мәдени кеш ұйымдастырды.

Мәдени шараға Шелек ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, әнші Қалбүбі Ысқақова, Шелек ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Бибінұр Молдабекова және ауылымыз бен ауданымыздың мақтанышына айналған, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, халық әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген Шелек ауылындағы «Әй, әжелер» ансамблінің мүшелері қатысты. Мәдени кеште әжелер ансамблі «Сәулем-ай», «Ақ тамақ» сынды әндерді айтып, өздерінің жетістіктерімен бөліссе, Шелек ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Қалбүбі Ысқақова әжелерімізді мерекемен құттықтап, ән айтты. Кешті ауыл тұрғындары мен колледж студенттері тамашалады. Музей қызметкерлері мен ауылдық әкімдік қызметкерлері «Әй, әжелер» ансамблінің мүшелерінің иығына орамал жауып, гүл шоқтарын ұсынды. Соңында музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді.

 

 Жанар БОРАЛТАЙҚЫЗЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.

Дүйсенбі, 14 Наурыз 2022 09:45

Сан қырлы саңлақ

Ұлт ұстазы деген ұғым – мағынасы да, мәні де терең. Бүтін бір ұлттың болмысын сомдау – тыныс-тіршілігін, әл-ауқатын, әдебиетін, мәдениетін, барын да, жоғын да тұнық судың түбіндегі тастардай анық көру, көріп қана қоймай зерттеу, зерделеу, ұлтының болашағы үшін барын салу, күрмеуге келмес «тағдыр»  атты жіңішке жіпті үзіп алмау үшін нартәуекелге бару.

 Ұлт болғанда да талай тар жолда тайғақтаған, маңдайы тасқа тисе де қаймықпаған, ұлдарын ірі тұлғалы, қыздарын инабатты-ибалы етіп тәрбиелеген, Ұлы дала заңын санасына сіңірген қазақ деген ұлттың ұлы әрі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайында екені оқырманға айдан анық болар.

Ахмет  Байтұрсынұлын ең алдымен  ұлт мұрасын ұлықтаушы десек мүлт кетпеспіз. Әдебиеттің бар саласына, әсіресе, халық мұрасына ерекше көңіл бөлген, халық ауыз әдебиетін жинауға өлшеусіз үлес қосқан, 1923 жылы Мәскеуде «Ерсайын» жинағы, ал 1926 жылы Әлихан Бөкейханмен бірігіп «23  жоқтау»   кітабы жарық көреді. Қаз дауысты Қазыбек би, Кенесары, Наурызбай батыр сияқты тарихи тұлғаларға тың тыныс сыйлаған бұл еңбектері халық мұрасы жолындағы еңбектері екені айдан анық.

Келесі кезекте А.Байтұрсынұлы – ұлттық жазудың жанашыры, ол араб әліпбиін қазақ тілі негізінде реформалап,  XX ғасырдың басында қалың жұртшылыққа ұсынды. Ғалым әліпбиді жасау барысында ұлт тіліне икемдеп, төл дыбыстарға төрден орын берді. Сондықтан бұл жазу жүйесін қазақ жазуы деп атаймыз. Бүгінде төте жазуды Ауғанстан, Қытай, Иран елдерінде тұратын қандастарымыз әлі де қолданады.

Үшіншіден, ұлы ұстаз – ұлттың рухани көсемі, бұл дегеніміз Ақаң саяси қызмет жолында елеулі еңбек етті, зиялыларды бастап халыққа саяси-теориялық бағыт-бағдар беріп отыратын тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ»  газетін шығарды, 4500 адам қол қойған Қарқаралы петициясының (арыз-тілегі)  авторларының бірі де бірегейі.

«Ғалым ашқан қазақ мектебі, ол түрлеген Ана тілі, әдебиеттегі елшілдік ұран «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ»  газеті,  1916 жылы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын ұлағатты істері болатын», – дейді ұлы жазушы Мұхтар Әуезов.

Айтса айтқандай Ақан жайында жаза берсең шеті жеткізбес, айта берсе бір басында сансыз қырлар мен сырлар сабақтаса бермек.

Ақаңның ақындық әлемі қазақ лингвистикасының бастауында тұрған басты тұлға екені ерекше бөлек бір әңгіме.

Ұлт мәдениетінің төресі деуге келетін ұлы ғалым алғаш «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазып, қазақ үшін Абайды «Бас ақын» сайлап берді.

«Әдебиет танытқыш» арқылы қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын жіктеп, ғылым саласына айналдырды. Ол өз ұлтының рухани ой-санасын өрістету мақсатында әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды.

Ақаң ұлтының көрген көресісін өз көзімен көріп, жанымен сезінген, нағыз ұлты үшін туылып, ұлтының болашағы үшін жаны мен барын салған ұлтының адал ұлы деп айтсақ кемдік қылмаса, артық болмас.

Ұлт көсемі шығармаларының сүбелі салаларының бірі поэзия екенін айтып кеткені белгілі. Бір мысал, ақынның азаматтық арман-мақсаты жырланған өлеңдерінің бірі «Маса» деген атпен 1911 жылы жарық көрді.

Ол асқақ поэзиясы арқылы өзін масаға теңеп халқын, жалпы қазақты оятпақшы болады, оятты да.

Ақындығымен қатар А.Байтұрсынұлы – ұлы аудармашы. Аударма өлеңдері арқылы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтереді.

Біртуар кемеңгеріміз – қазақ тілінің негізін қалаған дара әрі қазақ лингвистикасының бастауында тұрған тұнық тұлға.

«Тіл-құрал» атты оқулығы арқылы фонетика, морфология, синтаксис салаларының іргетасын қалады. Сонымен қатар тұңғыш грамматикалық төл терминдерді қалыптастырды.

Қорыта айтқанда, тіл білімінің түптамырында ғана емес, оны оқыту әдістемесінің бастауында да Ақаң тұр.

 Ақаңның «Байқаушы» деген бүркеншік есімі болғанын да біле жүргеніміз абзал.

 Бүркеншік есім анық кімдікі:  Ахметтікі, Әлихандікі, Міржақыптікі деген де таластар туындаған. Кейінірек әдебиетші ғалымдар мен тарих зерттеушілері зерттеп-зерделеп Байтұрсынұлына тән екендігін анықтаған.

Осы жерде қоса кететін тағы бір қасиеті – ән-күй әлеміндегі иірімдері, музыка өнері саласына қосқан үлесі орасан зор екендігі. Алайда, оның шығарған ән-күйлері халықтікі деп аталып кетуінің де себептеріне танымдық сараптау жасалынды.

Ақаң өмірбаянын зерттеуші ғалымдардың «Хаттар... тағы да хаттар»   атты ақпараты аясында замандасы Әлихан Бөкейханмен екеуара хаттары, тағдыр тәлкегінің ауыр сынында жүрген жерлесі Міржақып Дулатұлына жазған хаттары, Архангелде айдауда жүргенде өзімен бірге отырған тұтқын арқылы жеткен «Елге сәлем» атты өлеңінің мәтіні табылған. Одан да басқа көптеген  туындылары  туралы ақпараттар айшықты айғақ.

Ұлы тұлғаның тағы бір танымдық тұсын тілге тиек етсек,  «Уголовный кодекс РСФСР»,  «Мәдениет тарихы»,  «Қазақ тілінің теориясы»  атты кітаптарының баспаға дайындалып, өндіріске кеткендігі жөнінде деректер болғанымен, бұл еңбектердің қолжазбалары табылмаған.

Алайда, Ақаң еңбектерінің тіпті мұхит асып, шетел ғалымдарының зерттеулеріне де арқау болғанын енді біліп жүрміз. Елдегі мұрағаттардан табылмаған туындыларды іздеп табу ­– болашақ (бүгінгі және келер ұрпақ) парызы. Бүгінгі жаһандану заманында үш тұғырлы тіл саясатын ұстанған ұрпаққа жүктер жүгіміз, артар аманатымыз зор.

Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен тасқа терген өмірдерегіндегі мағлұматтармен қатар басқа да мұрағаттық деректерге жүгінсек, 1882-1884 жылдары  ауылдағы сауатты адамдардан және көшпелі ауыл мектептерінде 10 жасынан бастап дәріс алған. Демек, тұлғаның алғашқы тіл сындыруы, әліпті таяқ деп танытатын ауыл молдасының алдынан басталған. Осылайша кең даланың төсінде, көк аспанның астында жайылып жатқан Арқаның сардаласындағы қазақы ауылда, қаракөз баланың білім іргетасы қазақша қалыппен қаланыпты. Өз атамекенінде өз еркіндігін, өз тәуелсіздігін қорғай алмаған, күллі қазаққа жасалған қасақана қасастық зерек бала Ахметтің санасын тез жетілдіріп, өз уақытынан ерте есейтеді.

Ақаңның шығу тегі, тектінің ұрпағы екендігі, ары қарайғы тартқан тауқыметтері, қараусыз қалмаса да, жалған жазылған ақпараттар  бөлек бір әңгіме.

Тумысынан дарынды бала шама-шарқы жеткенше білім алу жолын жалғастыра береді.

 Қоғамдағы әділетсіз биліктің жымысқы саясаты оны тағдырдың тезіне салып, теңсіздікпен күресуге талпынтады, ысылтып, ойы мен бойын ширатады. Табиғатынан  төзімді, болмысынан батыл, еркін даладай ерекше жан біліммен сусындауын бір сәтке болса да доғармайды.

Бір ғажабы ауыл молдасынан алған азғантай білімнен кейін тоғыз жыл бойы орысша оқыған Ахмет ауыл балаларын өз ана тілінде оқытып, тек ұстаз ғана болып қоймай, сахарадағы қазақы ауылдың әлеуметтік қалыптасуындағы ұлт жүгін арқалаған көшбасшыға айналады. Өз тілімен қатар қаракөздерге орысша білім дәнін сеуіп, орыс ілімін, мәдениетін кең далаға жаяды. Өмір деген үлкен тұңғиық теңізде «қазақты қақпайлаған түрлі асау толқындарға»  қарсы жүзеді, тосыннан төте жолдар іздейді, жайбарақат жатқан қазақты қалың ұйқыдан оятып, саңылауы бар саналыларға рухани қозғау салады.

Қазақ деген ұлысқа керек кезінде Алла  Ахметтей ақиық жанды бұйыртуының өзі бекер емес. «Алла сөзін хақ»  деп танитын қасиетті Құраннан сауаттылығы да сол себепті.

А.Байтұрсынұлы: «...Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»  деген қағидасын әрбір бұратана халықтың ұлт болып қалыптасуындағы ең өзекті мәселе» деп қарайды. Оны «Орынбор әм 10 пеуірал» атты мақаласында:  «Тариқ  жолына қарағанда келімсек жұрт күшті болса, тұрған жұрт айақ асты болып, азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күшті болса, келімсек жұрт сіңіп, тұрған жұрттың түріне түсіп, бөтендігі жоғалмақшы.  Егер екеуі тең болса, бір-бірінен кем болмай, бір-біріне жем болмай, қатар тұрып күнелтіп, әр қайсысы өз алдына ұлт болып тұрмақ»  деп  ұлт күшінің қандай болуы керектігін айтады.

Сондықтан да әр тілдің айдауында жүрген өз ұлтына ең қажетті, аса зәру мәселе – қазақ әліпбиінің таңбасын жасауды қолға алады, кирилше жазуды қазақ ұлты үшін тіл саясатындағы «тұсау» тіпті «бұғау»  деп түсінеді. Сол себепті де жаңа әліпбиді таңдауға аса сақтықпен қарайды.

Қазақ ұлтының болмыс-бітімін жоғалтпайтын, оның өзіне ғана тән табиғи дыбыстық ерекшеліктерін бере алатын, әрі исламды «діл мен діннің лұғаты» деп зерделегендіктен, өз таңдауын араб графикасына негіздейді. Ежелден қазақ жұртының қазақ болып қалыптасу кезеңінен келе жатқан қадим жазуындағы дала данышпандарының көне зерттемелерін көздейді.

Осылайша, қазақ деген тамыры тереңде жатқан ұлы елдің тілінің тазалығы үшін төтеден түрен салып, дербестік әперу бақыты талай-талай сүзгіден өтіп, талай-талай талқыға түсіп, болмысы бөлек бұлқынысының арқасында ұлтының ұлы Ақаңа бұйырған еді.

«Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» демекші,  Ақаң айтты, үйретті, санаға сіңірді.

Ендігі біздің, келешегі кемел жаңа Қазақстанның көркеюі мен өркендеуіне атсалысушы ұрпақтың алдындағы мақсаты – айқын, ал мойнымыздағы үлкен жүк – Ақаң салған сара жолда сап түзеп, жіпке тізген маржандай қалыптасқан тіл білімінің түптамырын сақтай отырып, ана тіліміздің мәртебесін асқақтату, шұбарлануына жол бермеу, дүниежүзілік деңгей дәрежесіне жеткізіп, дәріптеу, қасиетті де киелі тіліміздің көсегесін көгерту.

 

Нұрсұлу Рахымбаева,

Алматы облысы

«ТІЛ» оқу-әдістемелік орталығы» Еңбекшіқазақ аудандық филиал меңгерушісі.

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет