Алматы облысында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша бірден екі жоба басталды: олардың бірі-аутизмі бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру залы, екіншісі-есту қабілеті бұзылған студенттер жұмыс істейтін стоматологиялық ортопедия кабинеті, деп хабарлайды «Jetisy Media»КММ.

Екі жоба да «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорымен жүзеге асырылатын «ӘREKET»әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында іске қосылды.

Солардың бірі облыс орталығында алғаш рет ашылған стоматологиялық ортопедия кабинеті. Бұл жерде Талдықорған қаласының жоғары медициналық колледжінде оқитын есту қабілеті бұзылған студенттер тіс протездерін дайындайтын болады.

«Есту қабілеті бұзылған адамдарға жұмысқа орналасу оңай емес, себебі жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдауға асықпайды. Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет есту қабілеті бұзылған студенттерге арналған «стоматолог-ортопед» мамандығы ашылды. Осыдан медициналық колледждің түлектері жұмыс істейтін стоматологиялық кабинетті ашу идеясы пайда болды»,- деді саңыраулар қоғамы «ҚБ Болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі Раушан Бексұлтанова.

Стоматологиялық кабинетте жұмыс істейтін жастар күрделі  тіс протездерін дайындайтын болады. Айта кетерлігі, кабинеттің Талдықорғанның жеке стоматологиялық клиникаларымен, соның ішінде орталық стоматологиямен, сондай-ақ «Smile», «Маржан тіс» және т.б. клиникаларымен ынтымақтастық туралы келісімі бар.

Раушан Бексұлтанованың айтуынша, баға нарық бағасынан төмен болады, ал зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жеңілдік қарастырылған.

Ол сондай-ақ,«Болашақ» Қорына ойын іске асыруда үлкен көмек көрсеткен «ӘREKET» жобасы арқасында грант алып қана қоймай, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті білім алғанын айта кетті.

Аутизмі бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру залын ашу бастамашысы «Другая жизнь»қоғамдық қоры болды. Қордың мәліметінше, бүгінгі таңда Талдықорғанда аутистік спектрі бұзылған балалар спортпен айналыса алатын осындай орталықтар жоқ. Залда жаттығудан өткен және тиісті сертификаттар алған білікті жаттықтырушылар дене шынықтырудан сабақ береді. Аптасына 3 рет спортпен шұғылданатын 6 баладан 4 топ құрылды.

«Другая жизнь» ҚҚ директоры Камилла Ситосманованың айтуынша, бейімделу спорты ерекше қажеттіліктері бар балалардың қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзетудің, физикалық және моторлы дамуын ынталандырудың қажетті құралы болып табылады.

«Аутизмі бар төрт жасар баланың анасы бола тұрып мен де өзім осы тақырыптарға тап болдым, себебі, біздің қалада жоқ мұндай орталықтардың, мұндай балаларға көмек мүлдем көрсетілмейді. Сондықтан алдымен қоғамдық қор құру идеясы келді,ал биыл біз «ӘREKET» жобасына қатысудың арқасында толыққанды зал ашуға мүмкіндік алдық. Қажетті жабдықтар сатып алып, жаттықтырушыларды оқытып, енді «ерекше» балаларға көмектесуге дайынбыз», - деді Камилла Ситосманова.

«Екі жоба да, біздің ойымызша, әлеуметтік кәсіпкерліктің тамаша мысалдары. Олар қоғамның әлеуметтік мәселелерін өз тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып шешеді. «ӘREKET «жобасы арқылы біз осы мақсатқа бағыттадық. Алматы облысындағы екі жобадан басқа, Қазақстан бойынша жақын арада әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша 23 жоба өз жұмысын бастады», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Өңірлік коммуникация қызметі

2020 жыл – «Еріктілер жылы». Бұл туралы «Jetysu Media»  алаңында өткен баспасөз-маслихаты барысында мәлім болды.

Қазіргі таңда елімізде 287 әлеуметтік-еріктілер орталығы жұмыс істейді.Олардың ішінде 50 мың белсенді еріктілер қайырымдылықпен айналысуда. «2020 еріктілер жылы» қарсаңында Алматы облысындағы еріктілерді қолдау орталығы «Ұлттық волонтерлік желі»  ЗТБ-мен бірлесіп, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының демеуімен «Еріктілер бастамасын дамыту үшін шағын гранттар бағдарламасын іске асыру» жобасын жолға қоюда.

Жобаның мақсаты-бірыңғай еріктілер қозғалысы  мен алаңдарды ұйымдастыру арқылы жастардың волонтерлік қызметке белсенді қатысуынынталандыру болып табылады.

«Дос.кз» әлеуметтік еріктілер орталығының директоры Лариса Леонидовнаның айтуынша, республика бойынша 17 еріктілер орталығы жұмыс істейді. Бүгінде еріктілер ұйымының жұмысын жадандыру үшін 17 грант бөлініп отыр. Грантты жеңіп алған жағдайда жобаларын іске асыру үшін 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай көмекке ие болады. Бүгінде 3 жобамен жұмыс жасаудамыз. Олар: «Ашық жүрек», «Студенттік бастама», « Бірыңғай жұмыс күні». Статистикаға назар аударатын болсақ еріктілердің басым көпшілігі 30 жастан асқандарды құрайды. Бұл дегеніміз еріктілерге жас шектеуі жоқ, сонымен қатар қайырымдылықпен айналысатындардың саны артуда деген сөз»,-дейді.

Жиында волонтерлік корпус жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі және үйлесімді өзара іс-қимыл жасау үшін, еріктілер ұйымдарын қатарын бірыңғай үйлестіру орталығын құруға бағытталғаны туралы айтылды. Сонымен қатар, брифинг барысында өзгеде жобалар туралы ақпарат біріліп, еріктілер қозғалысы мен алаңдарды ұйымдастыру арқылы жастарды еріктілер қызметіне белсенді қатысуға шақырды.

Өңірлік коммуникация қызметі 

Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 11:56

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАРИХЫ

Еуразия континентін дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының өзгеше өрбуіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі дәуірлер қойнауынан жаңғырып жеткендей. Әсіресе сахараны шаңдата жүйткіген тұлпарларының тұяқ дүбірі құлағыңнан кетпейді. Иә, сәйгүліктер сол даңқты бабаларымыздың айырылмас серігі болатын. Жылқы малы мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде халық тіршілігі мен ел экономикасының да негізі еді. Көшпенділерді жылқысыз елестету садақты жебесіз атқанмен бірдей екені түсінікті. Жылқы тек төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, көшпенділер тіршілігінің тірегіне айналған соң, оның салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан көрініс таппауы мүмкін емес. Бүгінде ғылым мен техниканың дәуірі жүріп, жылқының маңызы бұрынғыдай болмаса да, жылқы десе ішкен асымызды жерге қойып, елегізе елітіп отыратынымыз соның айғағы болса керек.

Біз, әдетте, өзімізді «жылқы мінездес халықпыз» деп мақтанатынымыз бар. Бала кезімізде де аналарымыз «құлыншағым» деп еркелетсе, құлдыраңдай шауып, мәз болатын кезіміз есіңізде болар. Арғы аталарымыз да ат жалын тартып азамат болғаннан бастап, ана дүниеге аттанғанша аттан түскен жоқ. Сонау Эллададан бастап, қиырдағы Египетке дейін кентаврлар туралы аңыз қалдырды. Достарына құшағын айқара ашып, қастарымен ат құйрығын кесісті. Ал қателессе, ат-шапан айыбын төледі, еліне қауіп төнгенде, «аттандап» жауға шапты. Осылайша, жылқы тек көлік ретінде ғана емес, философиясы мен мәдениетінен, тілі мен қисса-дастандарынан орын теуіп, халқымыздың бөлінбес рухани дүниесіне айналды. Әйтеуір, аталарымыз жылқы малына атүсті қараған жоқ. «Тегіміз түркі, көлігіміз жылқы» деп оны басқа түліктен артық санады. Кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да жылқы малын қазақтың брендіне айналдыруды сөз еткен болатын. Иә, өте құптарлық іс. Кешегі бабаларымызға төл тарихымызды бірге жасасып, даңқымызды әлемге жайған жылқы түлігінің еңбегі мен атқарған рөлін жоққа шығара алмасымыз айдан анық. Керісінше, оларға қарыздар екенімізді мойындауымыз керек.

 

Жылқы қашан пайда болған?

 

Ғалымдардың сөзіне сенсек, жылқының пайда болу тарихы осыдан 65 миллион жыл бұрын басталған екен. Ол кезде қазіргі кездегідей биік те сымбатты болмаса керек. Яғни, арқасы бүкір, құйрығы ұзын, көлемі қанден ит сияқты бір түрлі жануар болған деседі. Ол жануарды ғылымда «эохипус» немесе «хирокетрия» деп те атайды. Бұл хайуанның алдыңғы қолында төрт сау­сағы, артқы тұяқтарында үш саусағы болып, бұталар мен жас ағаштардың жапырақтарымен қоректеніпті.

 

Ал 25 миллион жыл бұрын климаттың өзгеріп, ағашты ормандар мен бұталы алқаптар, ұзын шөпті шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер бетінің кебе бастағаны мәлім. Осы құбылыстан кейін таутасты далалардың пайда болуына орай, эволюция заңдылығына сәйкес жылқының арғы тегі де өзгеріпті-мыс. Осылайша, тұрқы пониге, бас сүйегі мен тісі қазіргі жылқыға ұқсас басқа тіршілік иесіне айналыпты. Бұрынғы жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа өзгеріп, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткеннен соң (12 миллион жыл бұрын) дене тұрқы киіктей, үш айыр тұяқты, жылдам шауып жүретін гиппарион деген жаңа жануарға айналса керек. Уақыт өткен сайын жылқы тұрпаты да сатылап өзгеріп, бүгінгі түріне еніпті. Рас-өтірігін кім білсін, қазіргі ғылым осылай деп болжам айтады. Деседе, жылқының жаңа тарихы оны адамдардың қолға үйретілуінен кейін басталды.

 

Жылқыны ботайлықтар қолға үйреткен

 

Бертінге дейін тарихшылар жылқы алғаш рет Еуропа жерінде қолға үйретілген деп санап келген. Тек Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанның аумағында қолға үйретілгені ғылыми түрде дәлелденді. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, қымыз ашытуды да тұңғыш ойлап тапқан. Олардың қымыз ашыта білгендігінің дәлелі табылған қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты.

Ал ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі екені анықталған. Американ археологы Дэвид Энтони2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни, жылқының қолға үйретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл болды деген сөз. Ботай мәдениетін зерттеушілер тұрақтың 6 мың жыл бұрын құрылғанын айтады. Мыңжылдықтармен есептесек, екі болжам бір-біріне өте жақын. Жылқының қолға үйретілуі – адамзаттың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қоса әлем тарихындағы мәдени революция болғаны анық. Бұл туралы әлемге танымал ғалым Сандра Олсен: «Менің ойымша, жылқының қолға үйретілуі – адамзат тарихындағы ең шешуші оқиға болған. Александр Македонский мен Шыңғыс ханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қа­лаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді», – деп, адам баласы үшін жылқының маңызы қандай болғанын айшықтай түседі. Жылқытанушы қазақ ғалымдары болса, жылқы түлігі ақпарат алмасуды тездетіп, өркениеттің пайда болуына әрі ғаламдық тарихтың бір-бірімен байланыс орнатуына айрықша ықпал еткен деп тұжырымдайды. Қазақ даласындағы жылқының тарихы арий кезеңінде жаңа бір сатыға көтерілді.

 

 

 

Кентаврлар… олар кімдер?

 

Арийлер жылқыны ерекше қастерлеп, шексіз құрмет көрсеткен. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болған деп санайды. Олар: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркіменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар жоғары бағаланған. Әлемде алғаш болып екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Оның ескерткіштерін қазақ даласындағы жартасқа салынған суреттерден көруге болады.

Келесі сақтар кезеңінде де жылқының рөлі арта түспесе кеміген жоқ. Дала төсінде үйір-үйір жылқы өргізіп, соның арқасында атағынан ат үркіп, қаһарынан дұшпанының тізесі дірілдейтін атты кавалерия құра білді. Бала-шағасынан бастап, тіптен әйелдерге дейін ат құлағында ойнауды игерді. Сонымен бірге, Геродот жазбаларында сақтардың аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізіп, жүгендері мен шылбырларына дейін алтынмен әшекейлегені айтылады. Яғни, жылқыны адамнан кем көрмей, өздерін қаншалық сәндесе, аттарын да соншалық дәрежеде әсемдеп отырғанын байқаймыз. «Алтын адам» – соның бір ғана мысалы. Тіптен, сақтардың патшалары мен қолбасшылары өздерінің бас киімдерімен бірге мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі таққаны туралы деректер бар. Мұндай мүйізге ұқсайтын белгілерді «жыға» деп атаған. Өзіңіз кинодан жиі көретін мүйізді жылқылардың қайдан шыққанын енді түсінген боларсыз. Мүйізді тұлпарлар өзіміздің Елтаңбамызда да бейнеленген.

Ал ғұн кезеңінде осы жылқының арқасында бір шеті Қытайдың Сары өзенінен сонау Балқан тау­ларына дейінгі ұланғайыр аумақты иемденіп, ұлы империя құруларына мүмкіндіктері болды. «Мәңгілік империя» саналған Римнің өзі ғұндардың алдында қауқарлы болмай шықты. Еділ бастаған ғұн жауынгерлерінен тас-талқаны шығып жеңіліп, ақыр соңында тарих саханасынан келмеске кетті. Ең қызығы, тарихшылардың айтуынша, римдіктердің жеңілуіне ғұндардың технологиясының мықтылығы әсер еткен. Мұндағы мықты технология ғұндардың атты жауынгерлерінің ержүректігі мен әскери қару-жарағында емес, ат әбзелдерінде екен. Нақтырақ айтқанда, олардың ерлерінде үзеңгісі болған. Үзеңгісі жоқ Рим атты әскерлері жай соққының өзінен атынан аунап түсіп, сайыс үстінде дәрменсіздік көрсеткен. Ал ғұндар болса үзеңгінің арқасында атта орнықты отырумен қатар, найзамен түйреп, шоқпар үйіргенде де ептілік танытқан.

Осылайша, осы бір елеусіздеу үзеңгінің өзі адамзат тарихының өзгеше өрбуіне мұрындық болыпты. Ата-бабаларымыз тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, ат әбзелдерін уақыт өткен сайын түрлендіріп, дамытып отырған. Қазіргі сәнге айналған ұзын қоныш, жұмсақ табанды етіктер мен шалбарларды да осы атқа мінуге қолайлы болу үшін бабаларымыздың ойлап тапқаны әмбеге аян. Бұл ұлы бабаларымыздың жылқының арқасында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Тарихи мәліметтер бойынша, алғаш атқа мінген бабаларымызды көрген гректер «Адам басты жылқылардан» қатты қорқып, неше түрлі аңыз-миф шығарыпты. «Кентавр» сөзі содан пайда болған. Қазіргі күні батыстың фильмдерінде кентаврлар жайында сюжет көп кездеседі. Батыр бабаларымыздың даңқты тарихы адамзат көкірегінде әлі де сайрап жатыр…

 

Жабы мен қазанат

 

Халқымыз үшін кейінгі түркілер дәуірінен бастап, ұлт болып қалыптасқанымызға дейін де жылқының рөлі еш кеміген емес. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері секілді, тұлпарлардың даңқы бізге аңыз болып жетті.

Деседе, қазақ халқында жылқы тұқымының екі түрлі бағыты қалыптасқан. Біріншісі, еті мен сүт үшін және күш көлігі ретінде өсірілетін жылқылар. Мұндай тұқым түрі жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы әрі тез семіреді. Еті көп те дәмді, сүті мол да нәрлі болып келеді. Ыстық пен суыққа төзімді, ортаға бейімделгіш, жұмысқа көнбіс әрі тез арымайтын жабылар шаруашылық үшін таптырмайтын жылқы болып саналады. Дегенмен мұны жорық аты ретінде мінбеген. «Қанша жүйрік болса да, жауға мінбе жабыны» деп оны сәйгүліктерден төмен санаған. Ал екіншісі, бетегелі бел мен найза ұстаған ерге ғана бітетін аузымен құс тістеген сәйгүліктер тұқымы. Мұны қазақта қазанат деп атайды. Жоғарыда аталған Байшұбар мен Тайбурыл, Қарақасқа мен Тарлан, Қубасат пен Құлагер – осы қазанаттардың жарқын үлгісі. Мұндай сәйгүліктер соғыста әскердің күші болса, бейбітшілікте бүкіл рудың атын шығарған бәйгелерге шапқан. Мұндай тұлпарлардың құны ердің құнынан кем түспеген.

 

Көкмойнақтың үйірі қайда кетті?

 

Қазақ жерінде өсірілген жылқылар басқа халықтар арасында да өте танымал болды. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевиль Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы деректер кездеседі. Тіптен І және ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарына да көптеген қазақ жылқылары жіберілген. Бірақ қазақты отарлауды көздегендер оларды қалайда аттан түсіруге барын салды. Ол үшін қазақтардың жылқысын азайтып, қазанаттардың тұқымын жоюға тырысты. Мәселен, 1880 жылдары Австрия-Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3,3 миллион, Францияда 3 миллион жылқы болса, 1879 жылы алынған санақ бойынша Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болғаны көр­сетілген. Ал ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін бүкіл Қазақстанда 8 миллиондай ғана жылқы қалғандығы айтылады. Ұлттық байлығымыз саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан да азая түскен. 2018 жылғы санаққа сенсек, еліміздегі жалпы жылқы саны бар-жоғы 2,5 миллионның шамасында екен. Қазақтың басына келген нәубет жылқыларын да айналып өтпепті. Осылайша, кезіндегі басқан жерін ошақтай оятын асылтұқымды тұлпарлардың да қатары сиреп, ыңғай мәстектер мен қойға жетпес қойторылардың күні туыпты. Енді өз қазынамыздан айырылған соң шекара асып, өзге елден тұлпар іздейтін күйге түсіппіз. Тыңдаған болсаңыз, Елдос Еміл орындайтын «Көк мойнақтың үйірі» атты біздің қасіретті тарихымызды жылқы малымен байланыстырған таңғажайып жыр бар. Осы жырда қазақ даласындағы асылтұқымды жылқылардың қалай қырылғаны баяндалады.

Бүгінде әлемдік аренада бәсі жоғары жылқы тұқымы көптеп кездеседі. Олардың қатарында – ақалтеке тұқымы, жәуміт тұқымы, қарабайыр тұқымы, араб тұқымы, «таза қанды» ағылшын тұқымы, дон тұқымы, буденный тұқымы, Украинаның ұлттық тұқымы секілді асылтұқымды жылқылар бар. Дегенмен біздің де жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандырудың арқасында жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Болатхан Махатов: «Біз Кеңес кезінде ет пен сүт беретін бағыттағы жылқыларды өсірдік те, спорттық бағытқа көңіл аудармадық. Бізге бұл саланы жақындатқан да жоқ. Батыс Қазақстанда ең алғаш рет сүтті бағыттағы күшім жылқысы өсірілген болатын. Одан кейін жабының бірнеше түрін біріктіріп мұғалжар жылқысы шығарылды. Бұдан бөлек өзінің өсіп отырған ортасына жақсы бейімделген адай жылқысы қалыптасып келеді. Мұның ерекшелігі мініске төзімді әрі жүйрік жылқы. Алыс қашықтыққа шапқанда оған тең келетін бірдебір жылқы жоқ. 150 шақырым ол үшін түк емес. Қазақ жылқылары біздің алтынмен бағаланатын ұлттық брендіміз болып отыр. Еуропаның асылтұқымды жылқыларының қаны бұрынғы жабайы тегінен өте алшақ кетіп қалған. Ал жабайы тегіне ең жақын тұрған біздің қазақтың жылқылары» – дегенді айтады. Ғалымның сөзіне сенсек, өзге елдер жылқыларын барынша асылдандырып, басқадан артық етеміз деп тыртық еткенге ұқсайды. Яғни, бұрынғы түп тегінен алыстап, жылқыға тән жақсы қасиеттерінен айырыла бастаған. Ендеше, алдағы уақытта қазақ жылқылары бұрынғы атақ-даңқын қайтарып алуына мүмкіндік мол деген сөз.

Қорыта келгенде, жылқы мен қазақтың тағдыры бір арнадан қатар аққан қос өзен секілді. Мейлі, техника мен компьютерге байланған бүгінгі заманда өмір сүрсек те, жылқыдан тағдырымыз бөлінбек емес. Қиқу көрсе делебесі қозатын тұлпарлардай біздің де жылқы көргенде арқамыз ұстайтыны анық. Елбасы айтқандай, жылқы Ұлы дала елінің бір қыры болып қала бермек.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

«Үдере көшкен – уығын сындырады, жұмыла жұмыс істеген – жұмысын тындырады» демекші, отыз жылға жуық уақыт бұрын бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі кезеңде еліміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығының және бір шаңырақтың астына жұмылдырған баянды бірлігіміздің арқасында егемендігімізді нығайтып, жүз жылда жүзеге асатын істерді атқарып, әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылды.

Дегенмен, мемлекет қол жеткізген жетістіктермен шектелмеуі, ол әрқашан дамудың жаңа  мүмкіндіктерін  іздеуде болуы тиіс. Себебі, ХХІ ғасыр – адамзат қауымы үшін жаңарулар заманы. Сондықтан, бұл ұлы өзгерістер үдерісі мемлекетіміздің де даму жолын анықтауда.

Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді. Сондықтанда, бүгінгі күні жаңа тарихындағы маңызды белеске қадам басқан еліміз өзінің дамуының жаңа кезеңінде егемендік алған уақыт аралығында қалыптастырған саяси тұрақтылық, қуатты экономика мен сапалы әлеуметтік жетілдірулерді одан әрі жалғастыра беретіндігі сөзсіз.

Осының бәрі осыдан бірнеше апта бұрын жарияланған (2019 жылдың 2 қыркүйегінде) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарат Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалдындағы бағдарламасына негізделген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында баяндалған болатын.

Ол өз сөзінде: «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» – деген болатын.

Өздеріңізге белгілі, әрбір жыл сайынғы Жолдауы – бұл біздің еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі, өйткені онда Мемлекет басшысы біздің қоғам дамуының негізгі бағыттарын дәстүрлі түрде белгілейді.

Ал, биылғы жолдаудың басты ерекшелігі – оның мазмұнында қамтылған тың идеялар мен ұсыныстардың басын біріктіретін,бір мақсат пен бір мүддеге тоғыстыратын билік сабақтастығы ерекше сезіледі және онда соңғы он – он бес жылда алғаш рет саяси реформа мәселесі жан-жақты әрі жүйелі түрде сөз болды.

Жолдау парламентарийлер, атқарушы билік органдары, жалпы қоғам үшін еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын бағдар болады. Қазақстан Президенті қазақ қоғамының кемелденгенін, елдің жетістіктері мен табыс-тарын есепке ала отырып, экономикалық реформаларды жалғастыруды көздейді. «Елді қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғыртпай тұрып, табыс-ты экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Мақсат – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дейтін формулаға негізделген саяси жүйе құру. Бұл ретте, оның сөзінен азаматтық қоғамды дамытуға барынша басымдық бергелі отырғанын, азаматтық қоғамды елдегі мәселелерді шешуге барынша жұмылдырғысы келетінін көреміз.

Сондай-ақ, құжатта осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасымыз жариялаған түбегейлі реформалар белсенді түрде жалғастырылып, одан әрі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге күш салынады делінген. Олардың қатарында «Ұлт жоспары.Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы», «Мәңгілік ел», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты маңызды стратегиялық құжаттар бар.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында «Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде  Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлттық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақтылық,азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру» – деп, нақты атап өткен болатын.

Жалпы саяси маңызды құжатта Мемлекет басшысы ортақ міндеттерімізді іске асыруға қатысты бес негізгі бағытты үйлестіре отырып, елді дамыту жөніндегі негізгі мақсаттарды нақты айқындады. Олар:

Бірінші заман талабына сай тиімді мемлекет құру мақсатында саяси жаңғыру үдерісін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асыру.

Сондай-ақ, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қолға алынды. Бұл мақсатқа жетуге  мемлекеттік органдардың жеке адамдармен  жұмыс істеу тәсілдері  мен қоғаммен кері байланысқа қатысты көзқарастарын өзгертудің өзі аздық етеді. Ол үшін жеке адам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына қатысты санамызда орнығып қалған стереотиптерді жоюымыз керек. Осы мақсатта белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді.

Жалпы Жолдаудың бірінші бағытында атап көрсетілген қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық келісімді нығайту  бойынша бірқатар бағытты жұмыстардың жүргізілгендігін атап өтуге болады.

Аталған бағытта аудан аумағында азаматтық қоғам институттарымен өзара байланысты нығайту мақсатында арнайы аудан әкімдігінің жанындағы кеңес, сондай-ақ 8 этно-мәдени орталықтар, «Нұр отан» және «Ауыл» партияларының аудандық филиалдары ардагерлер мен әйелдер кеңестері қызмет істеуде.

Ұлтаралық қатынаспен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету мақсатында «Достық үйі –Қоғамдық келісім  орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында Есік қаласы мен 25 ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері құрлып, аудан аумағындағы қызмет атқаратын қоғамдық келісім кеңестері этномәдени бірлестіктермен бірлесе қоғамдық келісімді нығайту үшін жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында 49 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оларды қолдау және тығыз байланыста жұмыс істеу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында жыл сайын қаржы бөлініп, арнайы лоттар ұйымдастырылуда.

Екінші басымдылық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақсатында сот және құқық қорғау жүйесінде күрделі реформаларды іске асыруқолға  алынбақ. Сонымен қатар, бүгінгі күнге, қоғамның үлкен дерті болып отырған сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу жос-парлануда.

Үшінші, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы құру үшін барынша еліміздің мүмкіншілігін  пайдалана отырып, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруда болмақ.

Бұл дегеніңіз, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Яғни, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналады.

Біздің ауданымыздың негізгі көрсеткіші  ауылшаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан осы саладағы жаңа технологияларды енгізе отырып, жас білікті мамандарды және инвестиция тарту мәселесіне көңіл бөлу қажет.

Сондай-ақ, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Қазіргі таңда шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндемаңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Бұл бағытта үкімет микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуде. Бұл, азаматтарға кәсібін кеңінен дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.

Мемлекет басшысы атап өткендей әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастыру үшін еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы қажет – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада баса назар аударылатын бағыттар:

Білім беру сапасын жақсарту. Осы бағытта жоғары оқу орындарымен қатар, орта арнаулы білім беретін кәсіби білім мекемелеріне де бақылауды күшейту қажеттігі сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда саны бар сапасы жоқ осындай білім ордалары тым көбейіп барады.

Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сала бойынша медициналық ұйымдардың желісін дамыту жоспары бойынша 15 минуттық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жоспарда үш – Бәйтерек, Ават, Жаңашар ауылдарының арасындағы 3 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын   саяжай алабы;

- Есік қаласының төменгі бөлігіндегі 10 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын   саяжай алабы;

- 11 550 тұрғынды тіркеумен қамтитын Есік қаласының шағын ықшам аудандарындағы дәрігерлік амбулатория қосылмақшы.

Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Алматы облысының инфрақұрылымын дамытудың өңірлік  перспективалы жоспарына 2025 жылға дейін 55 ғимараттың құрылысын салу енгізілді.

Бұдан бөлек отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, осы уақытқа дейін назардан тыс қалыпкелген мәдениет саласының қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік  көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, еліміздің зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша да бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Жолдауда көрсетілген соңғы басымдық бұл қуатты өңірлерді құруға бағытталған.

Бұл бағытта жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігінің арттыру мақсатында жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс, сондықтан тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау сөз болды. Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнес-тен түсетін қосымша салық  түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады. Бұдан бөлек, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясатын, инфрақұрылымды дамыту бағыттар көрсетілген.

Қорыта келгенде, Президент жолдауында көптеген тақырыптар қамтылды, бірақ жолдаудың негізгі өзегі – қоғаммен, халықпен диалог. Жолдаудың құрылымы да өзгеше шықты, Жолдау әдеттегідей жахандық проблемалар, экономикалық жаңа бастамалар емес, саяси реформалар мен саяси бәсекелестікті дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдардан басталды.

Расында да «Үдеудің сыры – бірлікте, Жүдеудің сыры – алауыздықта.» – деген, даңқты ата-бабаларымыз бізге сүйікті Отанын, әдемі сұлулықтың берекелі жерін, өзіндік мәдениеті мен қайталанбас ұлттық дәстүрлерді мұраға қалдырды. Осы құнды мұра иелері ретінде біз болашақ ұрпақтың игілігі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылуға тиіспіз.

Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – қоғамдағы     саяси тұрақтылықты, келісімді, бірлікті және бейбітшілікті сақтау қажеттілігі болып табылады деп айтқым келеді. Тек тұрақты елге ғана инвестиция тартуға болады, тек бейбітшілік пен келісім орнаған ел ғана тиімді дами алады!

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» немесе төрдегі иіледі. Сондықтан, ұлтты ынтымаққа ұйыстыратын, бір шаңырақтың астында бейбіт өмірін жалғастыруға мол мүмкіндік беретін Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы алдымызға қойған тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға аудандық маслихат депутаттары барынша атсалысатынын жеткізе отырып, баршаңызды белсенді болуға шақырамыз!

Сейсенбі, 29 Қазан 2019 17:40

Қалжыңда кек жоқ

«Әзіл түбі – зіл» деген қазақ сөз шырағын әдемі әзілмен астарлаған. Өйткені, қалжыңда кек жоқ, күлкіде шек жоқ. Есік қаласы Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде өткен Есік қаласы әкімінің кубогы бәске түскен жайдарман ойындарында да айтулы әзілдер орын алды. «Есік – тарих мекені» деп айдар таққан күлкі бәсекесіне аудан бойынша жеті құрама бақ сынасты. Абылайхан атындағы орта мектеп, Рахат №1, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі (ЕГЭК), Есік медициналық колледжі, Жетісу заң колледжі, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп және Қаракемер кәсіптік колледжінен командалар қатысты.

Бір ғана айналымда өздерін барынша көрсетуге тырысқан командалар үздік деген әзілдерін көпшілік назарына ұсынды. Әйткенмен, әттегені сол, көп қалжыңдары көпшіліктің көңілін көтере алмады. Бұл турасында әділ-қазылар алқасы да байқау соңында ашық ой білдірді.

Нәтижесінде, үшінші орынды ЕГЭК құрамасы еншілесе, екіншілікке, Қаракемер кәсіптік колледжі жайғасты. Биыл алғашқы жыл шығып, тақырыпты ашуда тәтті әзілдерімен талайды тәнті қылған Абылайхан атындағы орта мектеп құрамасы бірінші орынды қанжығалады.

Шара соңында қайырымдылыққа жаны құмар жандар да аудан әкімінің орынбасары А.Бидаевтың Алғыс хатына ие болды.

Айта кетерлігі, ақылы негізге ұйымдастырылған Жайдарман ойындарынан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалды.

Ойын соңында жеңімпаздар естелік суретке түсіп тарқасты.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Дүйсенбі, 28 Қазан 2019 15:55

Ауданның қос жұлдызы

Осы аптада аудан әкімі Бинәлі Ысқақ Азия чемпионатында жүлдегер атанған ауданымыздың қос жұлдызын қабылдады.

Осы айда Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында 3 орын алған Аружан Арман 44 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Бапкері Абай Сырғабаев. Ал Мақпал Ерболатқызы 80 кг салмақ дәрежесінде Біріккен Араб Әмірлігінің Аль-Фуджера қаласындағы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында бокстан Азия чемпионатынан қола жүлдемен оралған.  Былғары қолғап шеберінің бапкері бокстан халықаралық дәрежедегі АІВА төрешісі Тілек Манап.

Қос спортшыны бапкерлерімен қабылдап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстаған аудан басшысы спортшыларға жағдай жасау керектігін алға тартты. Көпбалалы отбасынан шыққан қыздарға еш нәрсеге алаңдамай, тек спортпен айналысуды тапсырды. Ал туындаған қиындықтарды аудан әкімдігі өз мойнына алады.

– Спортшының бар ойы спортта, жаттығуда болу керек. Ол отбасының проблемасына, қаржылық мәселелерге алаңдамауы тиіс. Сондықтан, олардың отбасына тиісті көмек беріп, қол ұшын созу – біздің міндетіміз – деген Бинәлі Әбдіқапасұлы өзінің орынбасары мен спорт бөлімінің басшысына тапсырма берді. Сонымен қатар, әрбір спортшының өзіне ұнаған маман иесі атануға міндетті екендігін айтқан аудан әкімі қыздардың жоғарғы оқу орнына түсуіне қол ұшын беретіндігін жеткізді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Орбұлақ шайқасы – қазақ пен жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі шешуші ұрыс пен жігерлі жеңістің тарихи бастауы. 1643 жылы Алатауды бөктерлей жылжыған жоңғар қоңтайшысы Батыр бастаған 50 мың әскер Жетісуға еніп келе жатқан еді. Жорық сапарында Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз қоныстарын қанға бөктірген мыңсан қолдың екпініне төтеп тұратын күш сол тұста шашырап жатқан қазақ ауылдарында жоққа тән болатын...

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабек

Іргеден індетіп енген жаудың сан жағынан басым екендігін бағамдаған Ұлы жүз батыры Жәңгір тұтас елге сайын айтып, көмек шақырды. Орбұлаққа ой мен қырдан қазақ қосындары аттанды. Жәңгір әскеріне көмекке келіп соғысқан батырлар қатарында Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқ, Найман Кексерек, Дулат Жансығұл, Суан Елтінді болған деген дерек бар. Орбұлақ шайқасында ат үстінде атой салған қазақ әскері алғаш рет бекініс шебін құрып, жердегі қорғанысқа көшті. Жәңгір хан әскері терең ор қазып, екпіндей ентелеген жау қолының алғашқы легін омақаса құлатып, от пен оққа бөктірген екен. Қол санының басымдығына сенген қоңтайшы Орбұлақ шайқасында оңбай соққы алып, кері шегінуге мәжбүр болған. Ұрыс даласындағы Жәңгір батырдың қосынына Самарқаннан салт жеткен Жалаңтөс баһадүр бастаған 20 мың қол қосылып, сағын сындырған алғашқы жеңіске туы көтерілді.

Орбұлақ шайқасындағы Жәңгір ханның соғыс тиактикасы жайында орыс тарихшысы И.Левшин «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдады» деп жазған екен өз естеліктерінде. Ал Тобыл әскери бекінісінің қызметкерлері Григорий Ильин мен Кучембердейко Кучеевтің күнделіктерінде Батыр қонтайшының Белжайлаудағы ордасына барғаны жайлы айтылады. Орыс елшілері қоңтайшының Орбұлақ шайқасындағы жеңілістен кейін алты ай бойы ордадан шықпай жатып алғанын, бұларды оның әйелі қабылдағаны жайында жазба қалдырған.

– 1643 жылғы бұл соғыс – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқпана жасап бұлай шайқасқан емес. Орын алған жағдайға байланысты қазақ қолбасшылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса саны өздерінен онда¬ған есе көп жау жасақтарын тосқауылдауға болатынын іс жүзінде көрсеткен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі. Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір байламға тоқтады, бір мақсатқа тастүйін бекіді, - дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.

Күні кеше Талдықорған қаласының атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы қайта сахналанды. 1500 көрерменге көзайым болған көрініс алғаш рет 2015 жылы қойылып, жұрттың қызығушылығын туғызған еді. Ал биылғы қойылым Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы негізінде Алтын орда мемлекетінің 750 жылдығы қарсаңында жүзеге асты.

...Әп-сәтте шайқас алаңына айналған атшабарда қазақ пен жоңғар әскерінің кескілескен ұрысы жүріп жатты. Мыңға жуық адамның көне заманғы сауыт-сайман киіп, жарақ асынып атой салғаны көрерменді рухтандырды. Жұрттың тіл ұшында «Бұл бір тарихи киноға лайық қойылым екен...» деген ой кетті. Шынында, Орбұлақ шайқасындағы қазақ батырларының ерлігі бастыс елі жыр қылып айтатын «300 спартандықтардың» ерлігінен еш кем емес екені анық, одан қалды орыс  тарихындағы «Бородино», «Куликово» ұрыстарымен бірге әспеттейтін ұлттық құндылыққа айналуы тиіс.

- Қазақтың жерін жауға бермеген ата-бабаларымыздың ерлігін көз алдымыздан өткізіп, көрдік. Бұл тарихи жеңіске арналған қойылым осымен екінші рет сахналанып отыр. Оған актер, каскадерлармен қоса алғанда барлығы 1500 адам қатысты. Бабалар жеңісі ұлықталып, ұлт бірлігін айғақтайтын шараның мән мағынасы терең.  Ресейде Мәскеудің жанында болған Бородино шайқасын жиі қайталап көрсетеді. Еуропада болған Ватерлео шайқасына да арнайы қойылым ұйымдастырылады. Оған туристер арнайы барады. Біз неге қазақтың осындай батыр болған кездерін көрсетпейміз? Осы ниеттен туған жобаны қолдадық. Бұл қойылым жастарға үлгі болады. Ерлікті ешқашан ұмытпауымыз керек. Оны біліп, мақтанып, балаларға үйретуіміз керек, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Ақпарат egemen.kz сайтынан алынды

#Abai175 #Абай175 челленджі жалғасуда.
"НҰР ОТАН" партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлынан Аудандық мәслихат хатшысы Бекет Төлегенұлы қабыл алды. Эстафетаны Еңбекшіқазақ ауданы әкімі орынбасары Айбек Дүйсенбекұлына жолдайды.

Дүйсенбі, 28 Қазан 2019 09:03

"Абай 175" челленджі жалғасуда

"Нұр Отан" партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы "Еңбекшіқазақ" аудандық қоғамдық-саяси газетінің дизайнері Майя Ахметжановадан эстафетаны қабылдап, аудандық мәслихат хатшысы Ахметов Бекет Төлегенұлына жолдайды.

Бейсенбі, 24 Қазан 2019 12:16

Ол қызға үйленбе

Базарда отырған бір дәруішке тостақ толы алтын ұсынған ауқатты жас жігіт:

— Маған ақылыңды айтшы, бір қыз ұнаушы еді. Қатты ұнатамын өзін. Алайда не істерімді білмей, екі ойлы болып жүрмін. Оған үйленейін бе, жоқ па? – депті. Сонда дәруіш бірден:

— Жоқ, үйленбе! – дейді.

— Неге? – деген жас жігіттің сұрағына:

— Егер сенің шынымен үйленгің келсе, бұл жайында ешкімнен сұрамас та едің, – деген екен дәруіш.

Әрқашан жүректеріңіздің қалауына құлақ түріңіздер!

Аударған: Құралай Мұратқызы

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет