Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 11:04

Ашаршылықтың ақиқатын кім айтар?

Жер бетін пандемия жайлағалы әлемдік БАҚ ғасыр бұрын да жұқпалы індет тұтас Еуропаға лаң салғанын жиі жазып келеді. Қарт құрлықты қара түнек басқан  сол қасіретті жылдарда қазақ даласын алапат ашаршылық өрттей шарпып өткен болатын.Сол бір тоталитарлық жүйе қолдан жасаған аштықтың ақиқатын ашып айтатын кез жеткен тәрізді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап, босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» – деп атап көрсеткен болатын.

1921-1922 жылдардағы аштық  кезiнде 1 млн 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша) қаза болған. Демек, кезінде Ахаң айтқан 6  миллионға жуық қазақтың осы зұлматта үштен біріне жуығы ажал құшты деген сөз. Тарихшылардың бір парасы Қазақстандағы 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың шығуына екі себеп, яғни Ресейдегі азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұрынуы және табиғи апат, қолайсыз ауа райының салдарынан туған жұт әсер етті. Ал тарихшы Т.Омарбеков Қазақстандағы бұл ашаршылықтың шығуына ауа райының қолайсыздығы емес, азамат соғысының тұтануынан шаруашылықтың күйзелуі, яғни большевиктердің біржақты саясат жүргізуінен деп тұжырымдайды. Тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-22 жылдардағы аштық турасында: «1921-1922 жылдардағы аштық қазақтарды демографиялық апатқа әкелді. 1922 жылдың наурызында Қазақстанның батыс және солтүстік аймақтарында 2 миллион 350 мың адам аштыққа ұшырады, олардың көбі өлді. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек тек қала тұрғындарына жетті, сол уақытта онда қазақтардың екі-ақ проценті орныққан еді, дені ауылдарда болатын», – дей келе, осы жағдайды орталық билік дер кезінде көріп, оған мән бере білмегендігін айтады. 1920-1930 жылдардағы ұжымдастыру мен ашаршылық туралы алғашқы еңбектер шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Солардың ішінде британдық тарихшы Роберт Конкве: «Қазақстандағы ашаршылық қолдан жасалды, басқаша айтқанда 1921 жылғы тәсілмен қайталанғанын, таза идеологиялық қысыммен, ойлас-тырылмай жүргізілген ұжымдас-тыру саясатының нәтижесінде туындаған»,  – деп жазады.

«Бар әлемге теңдік орнатамыз» деп ұрандаған  большевиктер биілігі қазақ даласындағы ашаршылық нәубетін тарихи дамудың өзіндік заңдылығы ретінде түсіндіруге тырысты. Тіпті Түркістандағы большевиктер фракциясының жетекшісі И.Тоболин: «Қырғыздар (қазақтар) экономикалық жағынан әлсіз болғандықтан, марксистік принцип бойынша бәрібір құрып бітеді. Сондықтан да қаржыны, барлық мүмкіншілікті аштықпен күреске шығындаудың орнына, революция үшін майдандарды қолдауға жұмсаған маңызды», – деп кесті.

Тарихи деректерде қазақ жерінде аштыққа ұшыраған Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қоста-най, Бөкей губерниялары мен Адай уезінің жағдайы аса ауыр болғаны айтылады. Алайда қазақ жерінде алғаш  аштық нәубеті  1917-1919 жылдары Түркістан өлкесіне қарасты Жетісу және Сырдария облыстарында орын алған болатын. Аталған облыстардағы ашаршылық туралы деректі материалдар сол тұста жарық көрген «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Алаш қайраткері  Міржақып Дулатұлының «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурыздағы №33 санында «Мадияр» деген бүркеншік есіммен жарық көрген «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын комитет ашылды» деген мақаласында: «1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Жетісуда қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты: «Тағы дағдарыс, тағы ашаршылық, тағы өлім. Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркіреп күн шықты. ...Бірақ ол бейшаралардың басынан қара бұлт серпілмеді. Ғұзыр ел қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткілікті жәрдем бере алмады, әрі-беріден соң жұрт олардың халін ұмытуға айналды. Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп жәмиғат өзгерілмеді. Тағы да қыс түсті, бейшаралардың халі бұрынғыдан мың есе жаманға айналды» – деп күйінді.

Зерттеушілер Жетісу облысында 1917-1919 жылдары болған ашаршылықтың негізгі себептерін айқындайды. Біріншіден, 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншу барысында отаршыл орыс империясының өлкеде қатыгездікпен жүргізген репрессиялық саясатының салдары екендігін көрсетсе, екіншіден оккупациялық режимнің жазалаушы әскері мен келімсек орыс шаруаларының бірлескен жазалау шараларының барысында жергілікті халықтың мал-мүлкінің талан-таражға салынуын білдіреді. Үшінші, 1917 жылы қуаңшылықтың салдарынан астық пен шөптің дұрыс шықпай қалуынан жұт болып, халықтың қолында қалған азғантай малдың қырылуы. Төртіншісі, 1918 жылдан бастап өлкеде «қожалық» етіп, ел-жұртқа жаппай қырғын салған большевиктердің кей жерлерде халықты тонап, тіпті, мал-мүлікті жойып жіберуі және басқа да сорақылықтар жасауы, онсыз да ауыр жағдайды одан әрі шиеленістіруіе әкеп соққан болатын.Қазақ жерін аштық жайлаған 1921 жылы Жетісу облысынан  1 652645 пұт астық, 293040 пұт тары, 2876 пұт кептірілген жеміс, 77458 пұт тұқым, 520864 мал басы салыққа жиналыпты. Бұл жағдай жеуге түйір дән таппай, аштықтан әз қозғаған жұртшылықты қандай күйге кіріптар еткендігін ойлай беріңіз.

Қазақстандағы ашаршылық ұлт зиялыларын бей-жай қалдырмағаны анық. Ел басына күн туған сол сәттерде қазақ зиялылары қолынан келгенше халықтың аман қалуын тілеп, жоғары үкімет орындарына, Орталық үкіметке хат жолдап, көмек сұрады. Өздері елді аралап, ашыққандарға арналған асханалар ашу, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күштерін жұмылдырды. Қазақ даласындағы  аштықпен күресте ұлт зиялылары Тұрар Рысқұловтан бастап, Мәннан Тұрғанбаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Шаймерден Тоқжігітов, Уәлихан Танашев және тағы басқалар баспасөз беттеріне ойларын ашық жазған. Олардың аштық жайлап жатқан кезде халықтың салық төлеуін қисынсыз, азық-түлікті тұрғындарға бөлуде әділетсіздік орын алып отырғандығын ашық айтып, ұсыныстар білдірді. Мәселен, У.Танашев салық салуда егін шықпай қалған аудандарды ескеру қажеттігін көтерді. Семей қаласындағы ашыққан жұртқа М.Дулатов,  Ж.Аймауытов, Р.Мәрсеков бастаған ұлт зиялылары көмек қолын созды. Олардың басқаруымен жиналыс өткізіліп, халыққа көмек беруге шақырған үндеу жарияланды және осы іс-шараға белсене кірісіп, елден «жылу» жинай бастады. Семей өңірінен жиналған малдарды аштық тырнағына ілініп, әбден титықтаған Торғай уезіне айдап апару, оларды малсыз қалғандарға бөліп беру ісінде басшылық жасады. Міне, солай, қиын-қыстау заманда өз халқы мен бауырларына жәрдем көрсетуді өздерінің азаматтық борыштары деп білген ұлт зиялыларының  бұл әрекеттері олардың адал перезенттік парызын атқарғандығын айғақтап, тарих бетінде қалды.

Біз кейде тарихымыздың жарқын тұстарын жарқыратып айтып, тақсыретін тасада қалдыратын сияқтанмамыз. Өркендегісі келетін ел өз тарихының жетістігімен қоса, қасіретін де әсте ұмытпайды. Мысалы, Жапон жұрты «Хиросима және Нагасаки» қырғынын әлі күнге дейін естен шығарған емес. Ал біздің санамызда 1 млн 700 мың қазақтың сүйегін қуратқан алапат ашаршылықтың елесі де қалмағандай.  Өйткені  жергілікті өлкетану мұражайларынан алаш баласына  апат әкелген аштық жайлы еш ақпарат таппадық. Кезінде ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке белгілі тарихшы Т.Омарбековтің: «Алматының елеусіз бұрышындағы состиған әйелдің мүсіні ұлт үшін қасіретті ашаршылықты бейнелеп бере ала ма?», – деп налығаны есімізде. Кейде ашаршылықтың ақиқатын айта алып жүрміз бе деген ойға қаласың.

 

Ерзат АСЫЛ

Құрметті отандастар!

Бүгін, 31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні.   

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді.      

Еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды.   

Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды.  

Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды.    

Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті.

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.

Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.       

Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз.

Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз.

Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 10:36

Тарихтың ақтаңдақ беттері

Өңі сарғайған құжаттар бойынша, ХХ ғасырдың 30 жылдары саяси қуғын-сүргінге  Қырғызстанда  30 634,  Өзбекстанда 10 164,  Қазақстан бойынша 90 867 адам  ұшыраған екен. Елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарының көп болуына биліктің  І хатшысы Ф.Голощекин сипаты жөнінен – халыққа қарсы, салдары жөнінен аса қанқұйлы жоба «Қазақстандағы кіші қазан» бағдарламасы саяси эксперимент ретінде жүзеге асырғаны себеп болды.

Қуғын-сүргін Ресейдегі азамат соғысы кесірінен шаруашылықтың күйзеліске ұрынуы және орын алған жұттың салдарынан басталып, ауыл халқының ашаршылық шығыны 2 млн 200 мың адамнан асып, 30 пайызға  азайған.

И.Сталин 29.12.1929 жылы аграршылар конференциясында колхоздастыру науқанына кедергі келтірген бай-кулактарды тап ретінде жоюды алға қойды. 15.01.1930 жылы В.Молотов басқарған арнайы комиссия құрды. 1930 жылы 23 қаңтарда 20 аудан белгіленіп, 20 мың бай мен кулак шаруашылықтарын тәркілеп, көшіріп, темір жолдан шалғай аудандарға қоныстандыру, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулак отбасыларын орналастыру көзделді.

Жаппай қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы да жасалады. 1926 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінде 17 контрреволюциялық қылмыстың 12-іне өлім жазасы қарастырылды. Колхоз егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқандар 10 жылға сотталады. Террористік актіні тергеу ісіне 10 күн мерзім белгіленеді. Қамауға алынған-дарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат беріледі. Ерекше жиналыс, «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс орган құрылады. Республикалық «үштік» құрамына Ж.Құрамысов (төраға), А.Альшанский, А.Асыл-беков  енген. Төраға – ішкі істер халық комиссары, мүше – партия комитеті бірінші хатшысы мен прокурорлар. «Үштіктер» ату, жер аудару, 8-10 жыл мерзімге лагерге, түрмеге қамауға шешім қабылдап отырады. Партия ұйымдарына жолдаған сақтық пен жауды тани алмауды жоюды талап еткен жабық хат бойынша 7 күнде 43 контрреволюция өкілдері табылып, жұмыстан шығарылған.

Науқанды жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді. КСРО Заң халық комиссары төрағасы Н.Янсеннің нұсқауында «кулактардың контрреволюцияшыл белсенді тобы» тез арада қамауға алынып, «қастандық актілерін ұйымдастырушы» ретінде ату жазасына кесілетін болады.

ҚазАКСР ХХК қаулысы  бойынша тәркілеуге ұшырағандар Жетісу және Сырдария округтері Оралға, Орал округінен Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Ақтөбеден Қарқаралыға, Қостанайдан Семейге жер аударылды. Қазақстанда 22 мың адам қамауға алынып, 4 мыңдайы жер аударылды. 54 625 шаруашылық бай-кулакқа жатқызылып, тәркіленіп, 1931 жылы елден  тыс жерлерге 5500 кулак  жер аударылды.  ҚР мемлекеттік архивінде 1928 жыл қыркүйек пен 1929 жыл ақпан айы  аралығында  ірі қараға шаққанда барлығы 114 мың 474 бас мал тартылып алынған. Мысалға, жер аударылғандардың ішінде №195 іс Алматы  округінен  № 9 ауылдан Шеру Бейімбетов, оныншы бумада 259  іс Ахмет Дәулет беков,  №1 ауылдан  265 нөмірде Дәулетхан Дәркенбаевтың, № 303 іс Дәулетбек Дәркембаев т.б. отбасылардың  заттары, малдары,  құрал-сайманға дейін тізім жасалып тәркіленген. 

Қуғын-сүргінге ұлттық зиялылар, Алаш қозғалысының қайраткерлері, қазақ интеллигенциясының қаймақтары, біртуар ұлдары Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Құтжанов, О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, Ж.Садуақасов, С.Сапарбеков, Т.Жүргенов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Ж.Шанин, К.Кемеңгеров т.б.  «Буржуазияшыл-ұлтшыл», «Басқаша, бөтен ойлайтындар» Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деп  айып тағылып,  түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды, қуғын-сүргінге ұшырады.

1930-33 жылғы голощекиндік  ет, астық т.б.16 салық түрі, жартылай көшпелі  шаруаны күшпен отырықшыландыру науқаны     басталады. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін  52 300 адам сотталған. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше масағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттықтары үшін 1932 жылдың тамызынан бастап  бір жыл ішінде 33 345 адам  сотталған.

Қазақстанда  алғаш рет Қарағандыда, Семей облысынан Үржарда ашық сот процестері жүргізілген.  Мысалға, 22.05. 1937 жылы НКВД Преснов ауданы басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалып,  2 қазанда облыстық соттың арнайы коллегиясы істі қарап, ауданның бірінші хатшысы В.Конюховқа,  атқару комитетінің төрағасы К.Капаров-қа, оқу бөлімінің меңгерушісі  Н.Уразбаевқа,  аудан прокуроры Қ.Фазыловқа, халық соты Ә.Майкотовқа ату жазасын кескен. Жер қатынастары бөлімінің бастығы С.Калугина, колхоз төрағалары А.Гоменюк пен И.Гребешканы, аудандық «Кеңес» газеті редакторы Жақия Уақбаев, колхозшы Фазыл Байзақов 10 жылға сотталса, колхозшы Жанымбет Мырзабаев, мұғалім Мұқыш Қанафин, Далабай Божбақов колхоз бас-қармасы «үштіктің» үкімімен атылған. 5400 адам сотталып, 1600 адам ату жазасына кесілген. 

Ақмола облысында қуғын үлесі 1930 жылда 3360 адам, 1940 жыл 160 мыңға жеткен. ҚКП ОК хатшысы Л.И.Мирзоян 30.07.1937 жылы И.Сталинге   «ұлттық-фашистік ұйымның» 14 лауазым иесінің тізімін, мекемелерде жұмыс істейтін 400-дей адам қамауға алынғандығын жеткізеді.

Мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары С.Реденскінің «рұқсат-бұйрығына» сай, 4 ай ішінде 268 950 адам қудалаланып, бірден оның 75 950-і атылады.  И.Сталиннің кез келген сөзі заңға айналады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ашық  тізімінде үштіктердің шешімімен 90867 адам жазаланған. Оның ішінде 25 мың адам атылған, қалғандары әртүрлі мерзімге жер аударылған. Алматы қаласы бойынша 22597 адам, Шығыс Қазақстаннан 12 366, Қарағанды облысынан 7189, Ақтөбе облысынан 6153, Шымкент облысынан 6 766, Солтүстік Қазақстаннан 5043, Батыс Қазақстаннан 5078, Ақмола облысынан 4350, Қостанай облысынан 4107, Алматы облысынан 3846, Жамбыл,  Қызылорда, Павлодар облыстарынан 3 600-3700-ден, Атыраудан 1863, Маңғыстаудан 386 адам жазаланған екен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттарда Алматы округінен  1929 жылы 26 маусымда ОГПУ айрықша отырысында білімі жоқ, партияда жоқ, негізінен ауылшаруашылық саласында жұмыс атқаратын А.Еспалов,  П.Бортников, Д.Буханцов, (Москва, Ленинград қалаларында тұруға болмайды), Е.Вихрев, П.Воронов, И.Гвоздев, Г.Лапшин, В.Локтев, Т.Локтев, Н.Пожидаев, Г.Ромохов, А.Четверкин, Д.Черняков РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабы 10/ІІ бойынша 3 жылдан сотталған.

Бір-бірінің сыртынан арыз жазу, домалақ арыздар нақты дəлелдері болмаса да, негізгі құжат ретінде қарастырылады.  Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын мерзімдік басылымдар ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар көбейеді. Қолшоқпар болған газеттер шешімдерді жарыса, «Халық дауысы» айдарымен жариялап, кез келген сын-пікір соңы қуғын-сүргінмен аяқталады. 1937 жылы 22 қыркүйекте «Казахстанская правдада» К.Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» мақаласы репрессияның жаңа толқынын туғызады. Л.Мирзоян мен республика басшыларын «халық жауларын» қорғайды жəне бүркемелейді деп айыптайды. Нағыз ұлтжанды азаматтарды «Отанды сату», «зиянкестігі» үшін айыптайды. 1938 жылы  наурыз  айының 10 күнінде  Қазақстан Əскери Алқасы арқылы  Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, барлық облыстық жəне қалалық, аудандық партия комитеттері хатшылары, жалпы 650 адам атылады. Репрессияға  ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері ілігеді.

Шешімдерді жүзеге асыру,  режимді нығайту үшін ГУЛаг, 23 жалпы жəне 11 ішкі түрме орналасады. Карлаг (ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (Далалық лагерь). Олардың ішіндегі ең ірісі «ЧСИР» – халық жауларының отбасы мүшелеріне арналған лагерь. Кейіннен Алжир халық жаулары әйелдерінің, Ақмола лагерінде репрессия құрбанда-рының әйелдері, аналары, қыздары азап шекті. Қарағанды жеріндегі Осакаров ауданында орналасқан 25 поселке-обсервацияда Ресейден «халық жауы» ретінде жазаланғандар орналастырылды. Қазақстан аумағында бұл лагерлерден басқа Дальний, Песчанный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Өскемен, Луговой, арнайы Кеңгір тағы басқа лагерлер орналасты.

1938 жылы 15 мамырда республика басшысы Л.Мирзоянға И.Сталиннен «Жұмысты Скворцовқа тапсырып, жаңа қызметке тағайындалу үшін Кремльге келіңіз» деген жеделхат түседі. Мəскеуге бара жатқан жолда,  Коломнада 23 мамырда Л.Мирзоян қамауға алынып, 1939 жылы 26 ақпанда Лефортов түрмесінде атылады. 

Елдегі тотаритарлық жүйеде жеке адамның құқығы аяққа басылып, балама пікір айтқан адам халық жауының қатарына жатқызылып, қатаң жазаланған уақыт жайында тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделеу, өшкенді жаңғырту, ұрпақ бойына отаншылдық сезімін ұялатуға  мүмкіндік береді.

 

 

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

Журналистер Одағының мүшесі

Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 10:32

«Баламды оқытам» деп айырылдым

Алашордалықтар,Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Ахмет, Әлихан, Мағжан... Атылып  кеткен, айдалып кеткен ондаған, жүздеген қазаққа қымбат, алты алашқа аян есімдер тек халық жауы деген анықтама тіркеспен ғана аталып келгені тарихи шындық. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өмірге келген, одан кейінгі жылдары дүние есігін ашқан ұрпақтар санасына қазақ халқының қаймағы, білімді, білікті, белсенді топтары тек жаулар етіп көрсетілгенін өзгеге сілтемей-ақ аталған ұрпақ өкілі ретінде өзімнен бастап айтсам деймін.

Біріншіден, осы ұлтым – қазағым деп өмірін елі үшін құрбан еткен арыстардың аты мен білім алған тарих, әдебиет оқулықтарында аталмағаны есімде. Ал жоғары оқу орындарында тек халық жау-лары дегеннен басқа дерек жоқ деуге болады. Тек елуінші жылдардың соңына, алпысыншы жылдарға аяқ басқанда ғана алаш қозғалысы жайында, оның көшбасшылары туралы там-тұмдаған тарихи деректер жариялана бастаған болатын. Бүгінгі таңда Алаш қозғалысының Қазақ мемлекеттілігінің іргесін қалаудағы атқарған айшықты істері жайлы тарихшыларымыздың еңбектері көптеп жариялануда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жылды Алаш арыстарының, елі, жері үшін қаны мен терін төккен, өмірін де қиған мыңдаған азаматтарымыздың елдігіміздің жолындағы күресін анықтап, тарихи ақтаңдақтарды мейлінше анық-тауға арнағанын білеміз. Міне, осы ақтаңдақтардың қатарына аты-жөні анықталмаған алаш қозғалысына қатысып, оның шешімдерін орындауға атсалысқан мыңдаған қатардағы мүшелері, әскери тілмен айтсақ, жауынгерлері де болғаны ақиқат. Өзім шыққан Ахметжан Тілегенұлы әулетінің тарихына сүйеніп, осы бабамнан тараған екі ұлдың үлкені Мерғалым туралы деректерді тікелей ұрпақтары іздестіріп жатқанын айтпақпын. Қолына қалам ұстаған журналист ретінде өзім де шама-шарқымша Мерғалым Ахмет-жанұлының өмір жолын, оқу жолын, саяси белсенділік жолын іздестіруге атсалысудамын.

Ұлы Отан соғысының ардагері кавалерия сарбазы, кейіннен миномет қаруының маманы әкем Қасым екінші мыңжылдықтың басында ағасы Мерғалымның бізбен бірге өскен кіші ұлы Сейіткерейге әкесінің жерленген жерін көрсеткен екен. Сейіткерей ағам өз кезегінде өз ұлдарына Мерғалым атасының жасырын жерленген қабірін көрсетіп, белгі қоюды өтінген. Неге жасырын жерленген деген сұраққа жауапты кеңінен түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Өйіткені ол заманда «халық жауы» деген аттың өзі отбасы мүшелерін, ұрпақтарын қудалауға жетіп жатыр десе болады екен. Міне, сол «халық жауы» деген аты бар ағасы Мерғалымның жетім қалып бара жатқан төрт баласын қамқорлығына алуды әлі үйленіп те үлгермеген менің әкем Қасымға аманаттаған екен.

Мерғалым Ахметжанұлының өмір жолын, оқыған-тоқыған ол кездегі Ресейдің қаласын, саяси қызметін іздестіру қиындығы – алаш қозғалысын кеңінен дамытып, оған түркі тілдес елдерді де тартуға ұмтылғанын тарихшыларымыз зерттеп-зерделуде. Өз еліміздегі архив-мұрағаттардан іздестіріп, ол кезде іш деп аталған Ресейге Мерғалым Ахметжанов туралы дерек беруді өтінген ұрпақтарының өтінішіне «Барлық архивтерді Қазақстанға өткізгенбіз» деген қысқа жауап қана алынған. Әрине, түпкі мақсаты түркі әлемін біріктіріп, Алаш мемлекетін құруға бағытталған алаш қозғалысы туралы деректерді бере салуға көрші мемлекетіміз мүдделі емес екені айдан анық. Өз әулетімнен шыққан осы жағдайды баяндай отырып, мүдделер текетіресі жайлы құлағыма жеткен бірер деректермен толықтырсам болар.

Әкем Қасым соғыстың басынан 1943 жылға дейін фашист армиясына Ленинград блокадасында қарсы тұрып, снаряд минасынан қатты жарақаттанып, бірнеше ай госпитальда емделіп, мүгедек болып елге оралғанда аудан басшылары: «Ауылың жетімсіреп, төрт аяқты қасқыр жауға, екі аяқты ұрыға жем болды, басқаруды қолыңа ал» деп тапсырған екен. Соғыс аяқталып, ел басқаруға білімді басшылар қажет болғанда төрт кластық қана білімі бар әкем Қасымды өзі қорғаған Ленинградқа жоғары оқу орнына оқуға аттандырған аудан басшыларының көзінше: «Бір баламды оқытам деп айырылып қалдым. Осы білімің де жетеді, төрт жетімді, өз балаларыңды кім асырап бағады? Түс машинадан!» деп баласын оқуға жібермей қойған екен адуынды Ахметжан атам. Ол кісі оқуға қарсы емес. Бұл оқыған, ойлы, елжанды азаматтарды қырып салған кеңестік шовинистік жүйеден жүрегі шайлығып қалған адамның әрекеті еді...

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Жұма, 28 Мамыр 2021 15:48

Ұстаның ұлы аманаты

Белгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының 75 жылдығына орай Есік қаласы әкімі аппаратының және музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұстаның ұлы аманаты» тақырыбында Есік археологиялық-өлкетану музейінде қала жастарының қатысуымен көрме өткізілді.

Рухани ордаға Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының көшпелі көрмесі қойылды. Қонақтар қолөнер шеберінің туындыларын тамашалап, қазақтың ұлттық өнерімен жақынырақ танысты.

Көрмені музей меңгерушісі Н.Тойжанова ашып, Ұста  Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Д.Шоқпаров, Есік қаласы әкімінің орынбасары М.Қосжанов, Есік археологиялық-өлкетану музейінің  ардагері  Д.Ахметбаева, туризм орта-лығының жетекші маманы Ж.Мошанова сөз сөйлеп, тағылымды шараның маңызына тоқталды.

– Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының сана-сезімін отаншылдық рухта тәрбиелеу жолында музейлердің атқаратын рөлі орасан зор. Жастарымыз мұражайда тамыры терең тарихымызбен танысып қана қоймай, рухани кемелденіп, дүниетанымын кеңейтеді. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген өздеріңізге алғысым шексіз – деген М.Қосжанов мұражай қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Қ.ДӘУКЕ,

Есік қаласы әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы

В Казахстане с 1 сентября по 30 октября 2021 года будет проводиться общенациональная перепись населения. Она пройдет под девизом «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».
В Алматинской области подобраны и заключены договора с временным переписным персоналом, а именно с 90 инструкторами контролерами и 585 интервьюерами. Проведены обучающие семинары.
«Новшеством национальной переписи населения 2021 года является внедрение современных цифровых технологий и автоматизация процесса. Теперь процесс сбора данных о населении будет проводиться двумя способами. Первым способом является проведение интернет-опроса на специализированном сайте sanaq.gov.kz, который при помощи виртуального помощника даст возможность респондентам вне зависимости от места нахождения самостоятельно пройти перепись и заполнить переписные листы на себя и членов своей семьи. Сайт будет доступен 24 часа в сутки в период с 1 сентября по 15 октября 2021 года. Второй, традиционный сплошной обход с соблюдением необходимых санитарных норм, будет проведен среди тех респондентов, которые не прошли перепись в онлайн-режиме в установленные сроки», - сказала заместитель руководителя Департамента Бюро национальной статистики Агентства по стратегическому планированию и реформам РК по Алматинской области Динара Молдагулова.
Нововведением является использование интервьюерами электронных планшетов при сплошном обходе. Это позволит достичь снижения трудозатрат переписного персонала, минимизировать влияние человеческого фактора на качество данных, повысить уровень достоверности данных переписи населения с применением ИИН, значительно сэкономить бумагу и канцелярские принадлежности.
Стоит отметить, что подомовой обход будет проходить в период с 1 по 30 октября т.г. В дополнение, с целью проверки охвата и достоверности данных будет проведен контрольный обход 10% респондентов.
Изменений коснулись также и переписные листы. Они составлены с учетом международной практики и дополнены важными для страны аспектами.
Для опроса через Интернет и посредством планшетов разработаны и утверждены электронные переписные листы, (состоят из 67 вопросов и 20 уточняющих подвопросов - итого 87 вопроса).
«В период проведения переписи в режиме онлайн предусмотрено проведение консультаций населению по вопросам переписи по бесплатному единому номеру телефона Call-центра «1446» и 88000800878 для сотовых операторов . При обращении респондента в Call – центр, в автоматическом режиме по определенным вопросам проводится распределение на соответствующие номера телефонов по регионам и Центрального аппарата Бюро», - отметила спикер.

Жұма, 28 Мамыр 2021 14:43

Қателер түзетіледі

Тіл – халықтың жаны. Сондықтан оны қастерлеп, құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Бүгінде Шелек ауылдық округінде мемлекеттік тілдің қолданылуына ерекше мән беріліп, халыққа қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық көліктердегі деректемелер, көрнекі ақпараттарда тіл нормаларының ҚР «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес рәсімделуі, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Сонымен қатар, ҚР «Тіл туралы» Заңы 21-бабының талаптарын тұрғындарғатүсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

Түсіндіру жұмыстары барысында 20-ға жуық нысан зерделеніп, атауы тек орыс тілінде жазылған, мәтіндердің орналасу тәртібі сақталмаған, орфографиялық қателері бар сауда үйлері, жиһаз, азық-түлік, автобөлшектер дүкендері және сұлулық және фото салондарының кемшіліктерін ескере келе, жалпы саны 10-ға жуық нысан иелеріне кемшіліктерді түзету мерзімдері белгіленді. Толықтырулар мен қателіктерін түзету туралы ескертпе хат ұсынылды. Алдағы уақытта да көрнекі ақпараттарды тіл нормаларына келтіру мақсатында атқарылатын жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.

 

Майра ЖАМПОЗОВА,

«Шелек ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-нің жетекші маманы

Жақында «Nur Otan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынға аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, кеңес төрағасы Ерік Абитов, бөлім басшылары, БПҰ жетекшілері мен аталған кеңестің мүшелері қатысты.

Алғашқы болып сөз сөйлеген Қуат Сұлтанұлы кеңестің жаңа құрамымен таныстырып, жұмыста-рына сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша кәсіпкерлік бөлімінің  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі атқарған жұмыстары тыңдалды.

Екінші мәселе бойынша, «Қаракемер» бастауыш партия ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасын орындау барысында атқарған жұмысы туралы БПҰ төрағасының орынбасары Қайсар Асқарұлы баяндады:

– Ағымдағы жылдың 5 айында еліміздегі эпидахуалға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн және оффлайн түрде іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, 4 кездесу, 2 ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткізілген іс-шаралар БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде жариялануда.

Одан бөлек, мемлекеттен бөлінген бюджет қаржысын тиімді пайдалану да үнемі қатаң бақылауда. Өткен айда «Ашық бюджеттердің интерактивті қартасы» туралы БПҰ төрағасы Инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, есеп берді. Интерактивті карта арқылы кез-келген азамат қанша қаражат бөлінгенін біле алады, сонымен қатар бюджеттік шығындарды бақылауға мүмкіндік бар, – деді Қайсар Асқарұлы.

Баяндамалардан кейін қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

 

С.НҰРАДИН

Жұма, 28 Мамыр 2021 09:30

Туған жерге тосын сый

Асысаға ауылының ыстық топырағына аунап, самал желіне еркелеп өскен перзенттері туған жеріне үлкен тарту жасады. Туған елге тағзым етуді ойға алған Төлен Қабылов атындағы мектептің 2001 жылғы түлектері,  қоңырау даусын соңғы рет жиырма жыл бұрын естіген оқушылар алтын бесік – ауылдарына сыйлық жасады.

Мектеп түлектері 20 жылдыққа орай ауылдың кіреберісіне мекеннің аты жазылған арка орнатты. Алып арканың биіктігі 5,5 метр, ені 8,5 метр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жұмысты сыныптың жиырма үш жігіті қолға алып, аз уақытта аяқтаған. Бірақ туған жерге деген сый мұнымен шектеліп қалмады. 1964 жылы туған аға буындар қырық жылдықтың құрметіне ауылдың кіреберісіне демалыс орындығын (беседка) орнатты.

Бұл дәстүр туған жерде тұңғыш рет бастау алды. Әдетте, түлектер өз парталарына жайғасып,  мектеп қабырғасындағы қызықтарды еске алумен шектелетін. Бұл жолы бәрі басқа.

– Жұмысқа өз үлесін қосқан жігіттердің барлығы – осы ауылдың түлегі. Біз 1976 жылы ЖОО-ны бітірдік. Арман қуып, қалада қаламыз деген ой болмапты. Ауылды көркейту, жандандыру мақсатымен, туған елге қызмет етеміз деп оралдық. Туған жеріміздің гүлденуіне, ауыл шаруашылығына араласып, тынбай еңбек еттік. Әлі де солай. Қазіргі жасалып жатқан игі істердің барлығы біздің ауыл азаматтарының еңбегі. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді дана қаза. Сол бірлік пен ынтымақтастықтың, татулықтың нәтижесінде осындай ауқымды істерді қолға алып, ойдағыдай аяқтадық. Бұл ісіміз өскелең ұрпаққа ғана емес, ауыл жастарына да үлгі болатынына кәміл сенеміз. Тарихта есімдері алтын әріппен жазылатын ерен еңбек иелері көбейе берсін деп тілеймін, – деді ауылдың құрметті азаматы Серік Бокиев.

– Бұл – тұрғындар мен түлектердің кеудесінде мақтаныш сезімін оятатын игі бастама. Оны кеңінен насихаттауымыз  керек. Түлектердің әрекетіне куә болған ауыл жастары ұйымдасып, ауылдың көркеюіне, ұлғаюына, көшелердің жарықтануына, таза болуына, жасыл-желекті көбейтуге, көгалдандыруға үлес қосамыз деп ниеттеніп отыр. Сол жастардың бетін қақпай, белін буып, қолдау көрсетуіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмалары да ауылды көркейтуге бағытталған. Қазақ «Бір тал кессең, он тал ек» демей ме? Онсызда табиғаты тамаша ауылға көрік беретін құрылыс жұмыстарын жүргізсек нұр үстіне нұр болар еді. Біздің де мектеп бітіргенімізге келесі жылы 40 жыл толады. Осы дәстүрді жоғалтпай, ары қарай жалғастыру, жастарға ғибрат-өнеге беру – біздің басты міндетіміз – деп түлектерге шексіз алғысын білдірді мектептің 1995-2007 жылдар аралығындағы директоры Ысқақ Салманов.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс əзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырған еді. Ел экономикасын дамытуға арналған бұл жобаның жоғары нәтиже көрсетіп жатқанын жақсы білеміз. «Адам баласы  – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», – деген Елбасы сөзінде үлкен мән-мағына жатыр. Себебі, ауыл түлесе,қазақ қоса түлейді. Алайда, мемлекеттің тарапынан қолдау күтпей, өз қаражаттарын жинап, берекелі бастамаларымен бөлісіп, оны жүзеге асырған мектеп түлектерінің бұл берекелі істері барша азаматтарға үлгі болмақ.

Ілия СҰЛТАН

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет