Бейсенбі, 03 Маусым 2021 15:11

Баға, қайда барасың?

Қазақстандықтар табысының негізгі бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Бұл – еш статистиканы қажет етпейтін, айдан анық жайт. Десе де, жалаң сөз болмауы үшін Ұлттық статистика бюросының мәліметін мысал етейік. 2019 жылдың 3 тоқсаны мен былтырғы сол кезеңді салыстырсақ, тұрғындардың азық-түлік шығындары 53,8 %-дан 58,5%-ға артқан екен.

Тағы да сандарға көз жүгіртсек, Еуропа елдерімен салыстырған мына бір статистикада отандастарымыздың азық-түлікке айлық табысының 49,4%-ын жұмсайтыны жазылған. Осы тізімді бастап тұрған ел – Люксембург тұрғындары табысының 8,4%-ы ішіп-жемге жетсе, 6,2 %-ын көңіл көтеру мен демалысқа жұмсайтын көрінеді. Ал жерлестеріміз мұндай «бақытқа» айлық қаражатының бар болғаны 1,7%-ын шығындауға қауқарлы екен. Екі елдің ішіп-жем мен демалысқа жұмсайтын ақшасын тіпті салыстыруға келмейді. «Тапқан-таянғаны тек тамақтан аспаса, қайдағы көңіл көтеру мен демалыс?» дерсіз. Жөн-ақ! Өйткені жоғарыдағы сандар «қазақстандықтар қомағай» дегеннің көрсеткіші емес, әрине. Қанша жерден «қазақ тойшыл, ысырапшыл» десек те, мұндағы мәселе ақша мен бағаға келіп тіреледі. Яғни елдегі азық-түлік бағасының қымбаттығы мен айлық табыстың төмендігі. Ал енді мына бір парадоксқа қараңыз, 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 230 мың теңгеден асып отыр. Мұнда еден жуушының алатын 20-60 мың теңгесі де, миллион табатын мұнайшы мен министрдің жалақысы да қатар есептелетінін ескеру керек. Десек те, бұл екеудің тұрмыс жағдайы екі түрлі болғанымен базардағы баға бір, әрі ол баға осы орташа айлықтан алынып, соған сай қойылады.

Базардағы баға демекші, жақында үкіметте азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөнінде өткен кеңесте ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,8%-ға өскен. Биыл бес айдың ішінде бағасы артқан кейбір азық-түлік өнімдерін мысал етсек, күнбағыс майы 17%-ға, қызылша 64,3%-ға, картоп 36,1%-ға, сәбіз 38,3%-ға, қой еті 12%-ға, нан 13%, ал жеміс-жидектер 18%-ға қымбаттаған екен. Алдыңғы үкімет отырысында министр Бақыт Сұлтанов бұл өсім импортқа тәуелді тауарлар мен экспортқа сұранысы жоғары тауарлар, сондай-ақ маусым аралықта дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністерде тіркелетінін айтып еді.

Жақында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев одақ аясында азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша бірқатар шараларды ұсынды. Мысалы, одақ шеңберінде сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары жүйесін құрудың үлкен маңызына тоқталып, «Мұндай жүйе біздің елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, агроөнеркәсіптік сектордың әлеуетін қолдайды, шығындарды және, тиісінше, негізгі азық-түлік бағаларын төмендетеді», – деді мемлекет басшысы.

Ал ауданда баға бақылауы қалай жүзеге асып жатыр? Бағаны тұрақтандыру бойынша жергілікті билік қандай жұмыс атқарды? Осы мәселемен айналысатын аудандық кәсіпкерлік бөлімінен сұрақтарымызға жауап алдық.

«Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысымен бекітілген 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына күн сайын қала және ауылдық округ әкімдіктері мониторинг жүргізеді», – деген жауаптылар: «Азық-түлік өнімдерінің халыққа қолжетімділігі бойынша бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігі Есік қаласы және ауылдық округтері әкімдіктерімен бірлесіп, ауданның дүкендері мен наубайханалары арасында 43 меморандум жасалды. Меморандум негізінде кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, 1-сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанның бағасын ең төменгі сауда үстеме бағасынан асырмауға міндеттелді», – дейді. Сонымен қатар ауданда орналасқан «Тоймарт» сауда орындарымен «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-пен 0,01 пайыз жеңілдікпен несиелендіруге меморандумдар жасалған екен. «Осыған орай,  «Тоймарт» сауда орындары «Әлеуметтік өнім» тегімен нан («Даринан» 72 теңге), қант ( «Ақсу» 264 теңге) арзандатылған бағамен сатады. Сонымен қоса, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-ы «НТК «Ақсай» ЖШС-мен меморандум жасалған. «НТК «Ақсай» ЖШС-і Алматы облысында орналасқан сауда орындарына нанды 90 теңгемен тасымалдауда» делінген кәсіпкерлік бөлімнің берген жауабында.

2021 жылдың 25 наурызындағы Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Л.Тұрлашовтың №114 қаулысына сәйкес, Алматы облысында 2021 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері бекітілген. «Ал осы шекті мәнге қарамай, бағаны көтеру, тауарлар дефицитін қолдан жасау фактілері тіркелді ме?» деген сұрағымызға берген жауап: «Еңбекшіқазақ ауданының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыс тобымен бөлшек сауда объектілеріне мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында аудан кәсіпкерлерінің шығыс жүкқұжаттарына сәйкес бағаның өсуі байқалды. ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 25 қарашадағы «Бөлшек саудадағы азық-түлік тауарларының табиғи кему нормаларын бекіту туралы» және ҚР сауда және интеграция министрінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі «Ішкі сауда қағидаларына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес, ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшерін 15%-дан асырмай белгілейді. Сонымен қатар жүкқұжаттарында көрсетілген баға мен сауда нүктелеріндегі бағаларды салыстырғаннан кейін аудан кәсіпкерлерінің азық-түлік бағаларына 1-10%-ға дейінгі мөлшерде ғана үстемеақы қосатындығы анықталды. Мысалы, 1-санаттағы тауық жұмыртқасын 41,5 теңгеден 1 данасына сатып алып, 43 теңгеден сатады; қарақұмық жармасының киллограмын 407 теңгеге сатып алып, 410 теңгемен сатады. Осыған байланысты аудан кәсіпкерлерінің ҚР заңнамасын бұзу әрекеттері анықталмағандығын жеткіземіз». Тағы да парадокс. Олай дейтініміз, кәсіпкерлік бөлім берген мәлімет бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 2-тоқсанға жасалған шекті бағасы мынандай: күріш 301 теңге/кг., 1-сұрыпты ұн 175 теңге/кг., қарақұмық 379 теңге/кг., нан 151 теңге/кг., макарон 280 теңге/кг., сиыр еті 2040 теңге/кг., құс еті 998 теңге/кг., майлылығы 2,5% сүт 203 теңге/л., майлылығы 2,5% айран 200 теңге/л., майлылығы 5-9% сүзбе 1310 теңге/кг., І-ІІ сұрыпты жұмыртқа 31,1 теңге, майлылығы 72,5% сары май 2820 теңге/кг., өсімдік майы 536 теңге/л., қырыққабат 88 теңге/кг., пияз 116 теңге/кг., сәбіз 145 теңге/кг, картоп 139 теңге/кг., қант 240 теңге/кг., тұз 55 теңге/кг. Ал базардағы бағаны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Оны жазып жату да артық.

«Азық-түлік тауарлары бағасының негізгі өсу себептері: біріншіден, жанармай бағасының өсуі мен өнім жеткізушілер түріндегі көптеген делдалдардың болуы. Мысалы: ауданға көкөністер «Алтын Орда» базарынан тасымалданады, күнбағыс майы Алматыдан келеді», – деген жауаптылар жыл басынан бері ауданда азық-түлік тауарларының бағасы орташа 5%-ға, ал былтырмен салыстырғанда 15 %-ға қымбаттағанын да айтты.

Жоғарыда келтірген мысалымыз, Люксембург тұрғындарының демалысқа жұмсайтын қаражатын айтар болсақ, біздің азаматтар азық-түліктің мұндай қымбаттауымен, әрі мардымсыз жалақымен жақын арада бой сергітіп-демалуды ұмыта тұрып, ішіп-жем үшін жұмыс жасай береді-ау деген пессимистік қорытынды жасауға тура келеді.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Бейсенбі, 03 Маусым 2021 10:15

Пара алма, түбіңе жетеді

Қазіргі қоғамда «ішкі тонның бауындай бір болайық» деген сөздің негізгі мәні, мағынасы, қадір-қасиеті қалмай бара жатқан сыңайлы. Себебі қай жерге бара қалсақ, қоғамға құлақ түре қалсақ, екі сөздің бірінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, пара беру, пара алу, Бәке мен Сәкенің Отаны болып кеткен қоғам қалыптасқандай. Онсыз жұмысың жүрмейді, онсыз шаруаға бас қатырудың маңызы шамалы болып қалғандай. Бұл – өрескел қателік, өрескел жаман бағыт. Яғни осы арқылы қоғамның санасына «Берсең аласың, ексең орасың» деген ойдан басқа ешнәрсе елестемеуі әбден мүмкін.

Бүгінгі қоғамдағы бүліктің басы да осыдан келіп шығады. Ашынған адам, жұмыссыз қалған маман, білімсіздік, рухани күйреу, тоқырау – бәрі-бәрі осы аты жаман аурудан келетіні сөзсіз. Әлбетте, бұл имансыздықтың, елге, ұлтқа, қоғамға жан ашымаудың белгісі, Ібілістің айла-шарғысына түсіп қалу екенін білгеніміз абзал. Осы нәрселерді қазақтың кең сөзіне салар болсақ,«Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, кедей мен бай құда болса, зорға жүреді».

Бүгінде әлеуметтік желілерге көз салсаңыз, күнде соттау, тонау, өңі дұрыс ақпарат таппайсыз. Оған дәлел, елімізде бір аптаның ішінде парақорлығымен аты шыққан 44 шенеунік сотталыпты. «Барлық сотталған мемлекеттік қызметкер өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады деп жазыпты БАҚ өкілдері. Бұның бәрі не үшін, кімге не жетпей жатыр?«Қазақта біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген бар емес пе? Осы және барлық сотталушы, ұсталушы, әшкерленушінің бәрі сол пара беріп, пара алып жұмысқа кіргендер ме?  Иә, адам – пенде, дүние тіршілік кімге болсада қажет. Бірақ осыншама қателікке, өз-өзімізге қиындық тудыруға барудың не керегі бар? Айнала келгенде, хакім Абай айтқандай,ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз. Ал бұл дүниеде сотталармыз, айыпталармыз. Ертеңгі өмірде не айтамыз? Кеш болмай тұрып осыны да ой елегінен өткізгеніміз абзал. Алла Тағала өзінің пенделеріне әсте зұлымдық жасамайтынын әлдеқашан баяндап кеткен.

Алла Тағала мұсылмандарға пара алудан және пара беру арқылы мансап иелерінің разылығын табудан тыйған. Сонымен қатар екі жақтың арасында (пара алушы мен пара берушінің) жүрген дәнекер де ауыр күнә істеген болады. Алла Тағала айтады: «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар». Имам Бухари және имам Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді». Парақорлыққа қатаң тиым салған осындай хадистер мен аяттар қаншама.

Зұлымдық  ету мақсатында пара беру – ауыр қылмыс әрі күнә. Сонымен қатар түрлі істі бітіру мақсатында пара беруге де болмайды. Осының бәрі тек имансыздық пен Алладан қорқу, адамдардан ұялу қасиетінен жұрдай болған адамның қолынан келеді.

Қорыта айтқанда, жемқорлыққа алып баратын пара тіленушілік қоғамды бұзады. Пара жүрген жерде әділетсіздік әділ орнына қабылданып, тыйым салынған нәрсеге рұқсат етіледі және әділетсіз шешім шығарылады. Залымдар істі өз пайдасына шешу мүмкіндігіне қол жеткізеді.Пара жүрген жерде жауапкершілік деген болмайды. Ислам параның қандай түріне болмасын тыйым салады. Тіпті сыйлық ретінде берілген параның өзі – харам. Сондықтан күмәнді нәрседен аулақ болайық. Харамнан Алла Тағаланың Өзі сақтасын! «Уа мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шексіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне, солар бұзақылар». Алла баршамызға иман, ихсан хидаят, тауфиқ берсін. Алла бізді азғындықтан, қауіп-қатерден сақтасын.

Ақпараттар fatua.kz сайтынан және baq.kz ақпарат құралдарынан алынды.

Сапархан АЙДАРХАНҰЛЫ,

ауданның бас имамы

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осыған орай танымал ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек пікір білдіріп, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деп жазу өте дұрыс бастама екенін айтады. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Жалпы, реформаның қарапайым аты - қозғалыс немесе әрекет. Қозғалыс пен әрекет бар жерде даму мен кері кету болады. Президент шешімдеріне аздап көңілі толмайтындар бар шығар. Қоғам болған соң, ол – заңды құбылыс. Ал, қате, дұрыс емес деген ешкім жоқ. Соның бірі – осы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына енгізіліп жатқан толықтырулар – ауыл әкімдерін сайлау, сайлау босағасын бес пайызға түсіру және сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын!» деп жазу. Өте дұрыс бастама болды, - деді ол.

Ақын ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болатынын жоққа шығармайды. Ол заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жерлердегі таңдаудан болуы мүмкін екенін жеткізді.

Мұндай кемшіліктер рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл - бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп, халық бұл этаптан да өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді, - деді Мұқибек.

Осы орайда ақын Мәжілістегі бір партияның алатын үлесін 51 пайыздан асырмауды және партиялар ұсынған кандидаттардың ішінен депутаттарды азаматтардың тiкелей сайлауына, таңдау жасауына мүмкіндік беруді ұсынды.

Сайлау бюллетеньдеріне сол үміткерлердің аты-жөні мен мамандығы жазылып, оның қасына дауыс беру белгісін қоятын кәтекше орналастырылса, халық шын мәніндегі өз таңдауын жасар еді. Заң шығарушы органға нағыз мамандар мен тұлғалар іріктеліп баратын еді. Себебі, өзіміз көріп келе жатырмыз, партиялық сайлау жүйесіндегі қалыптасқан дағды және жиналған тәжірибеге сай, партиялар кандидаттыққа ешқашан да жай адамдарды таңдамайды. Егер бұл нормалар ескеріліп, заңға енсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы жолға қойған шын мәніндегі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру мақсаты орындалар еді. Жинақтап айтқанда, ауыл әкімдерін сайлау - өте маңызды қадам деп есептеймін. Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс, - деді ол.

 

Жоғары артериялық қысым көп жағдайда сусамырмен (диабет) бірге жүреді. Шамамен үш ересек адамның екеуі сусамырмен ауырып, гипертония (қан қысымының артуы) қатар кездеседі. Екі жағдай да инфаркт, инсульт және көз бен бүйрек ауруының болу ықтималдығын арттырады. Ендеше, артериялық қысымды төмендетудің бірнеше жолымен таныс болыңыз.

Қандағы қант деңгейі секілді артериялық қысым да күні бойы теңселіп тұрады. Қалыпты көрсеткіш 120/80 mm/Hg, алайда одан сәл жоғары болса, қорқудың қажеті жоқ. Гипертония - 140/90 көрсеткішінен де жоғары қысым. Егер сіздің күнделікті артериялық қысымыңыз жоғары болса, дәрігер дәрі жазып бермес бұрын сізден өмір сүру салтыңызды өзгертуді сұрайды.

1. Тұз мөлшерін азайту

Егер адамдар күніне 1,5 г натрийден (3-4 г тұз) артық қолданбаса, жыл сайын артериялық қысымы жоғары адамдар санын миллионға дейін азайтуға болатын еді.

2. Күйзелісті азайту

Көптеген зерттеулер бойынша күйзеліс деңгейін азайту артериялық қысымды да төмендетеді екен. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, күніне 30 минут тыныштандыратын ән тыңдағанның өзі артериялық қысымды түсіруге көмектеседі.

3. Ішімдікті тоқтату

Адамдар ішімдікті азайтқан кезде олардың қысымы төмендей бастайды. Егер сіздің артериялық қысымыңыз жоғары болып, ішімдік ішетін болсаңыз, міндетті түрде дәрігерге көрініңіз.

4. Калий мөлшерін көбейту

Диетологтардың ұсынысы бойынша, ересек адамдарға күніне 4 700 мг калий және 2 300 мг натрий тұтыну керек. Алайда адамдардың көпшілігі керісінше істейді, яғни күніне калийге қарағанда екі есе көп натрий қолданады. Калий мөлшері жоғары азық-түліктерді жеу арқылы қысымды төмендетуге болады. Калийге бай тағамдарға соя бұршағы, консервіленген бұршақ, қызанақ пастасы, саумалдық (шпинат), үрме бұшақ (фасоль) және жасымық (чечевица) жатады.

5. Магний мөлшерін жеткілікті түрде қолдану

Магнийге бай тағамдарды қолдану қан қысымын бақылауда жақсы көмектеседі. Ағзада магнийдің аз болуы инсультке әкеліп соғуы әбден мүмкін. Магний мөлшері көп тағамдарға кебек, бадам, жаңғақ (фундук), саумалдық және сүт жатады.

6. Сүт туралы ұмытпау

Кальцийге бай сүт және басқа да сүтті тағамдардың қысымды түсіруде тиімділігі дәлелдеген. Ұсынылатын күндізгі қалыпты қальций мөлшері 1000-1200 мг құрайды. Ол сүтті 250 мл стақанмен 3-4 рет ішу дегенді білдіреді. Кальцийге бай басқа да тағамдарға йогурт, брокколи және орамжапырақ жатады.

7. Картоп жеу

Аздап болса да картоп жеу керек. Себебі картоп калийге бай болуымен бірге, оның құрамында қысымды төмендететін кокоамин деген зат бар.



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы Жансая Әбдімәлікті ФИДЕ Гран-приіндегі тамаша жеңісімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысы Жансая Әбдімәлікті ФИДЕ Гран-приіндегі тамаша жеңісімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің баршамыз үшін зор мақтаныш екенін айтты.

Жансая – ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш қазақстандық шахматшы қыз. Оның жетістігі елімізде осы спорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз», делінген жазбада.

Еске сала кетсек, шахматшы Жансая Әбдімәлік ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстер атанды. 22 мамыр мен 2 маусым аралығында өтіп жатқан әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің ақтық кезеңінде жақсы нәтиже көрсеткені үшін осындай атаққа ие болды.

Сәрсенбі, 02 Маусым 2021 11:29

Әке көрген оқ жонар

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі шаруа қожалықтарының дамуына тікелей байланысты. Əрине, Үкімет тарапынан оларға барынша көмек жасалып жатыр. Дегенмен, мал шаруашылығы саласында осы күнге дейін шешімін таппаған шетін мәселелер бар. Қорам ауылындағы шаруа қожалығына жасаған сапарымызда шаруаның жұмысымен танысып, түйінді мәселесін тыңдап қайттық.

«Қазына»  шаруа қожалығы құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болған. Қорам ауылдық округінде орналасқан бұл шаруа қожалығы қазіргі кезде жүгері, жоңышқа егіп, 50 гектар жерді игеріп отыр. Қожалық жетекшісі Әлмұрат Әділбеков ауылдың әлеуетін көтеруге үлес қосып, қыруар жұмыстар атқарып келеді. Әкесі Төлеген Әділбекұлы Кеңес одағы кезінде қарапайым малшы болғандықтан, бұл кәсіп әкеден балаға мирас болып қалған.

Бүгінде қожалықтың иелігінде 150 бас Алатау ірі қарасы, 60 бас жылқы бар. Сондай-ақ 50 гектар жерді 1 трактор және 1 экскаватормен игереді. Мал жайылымын суару  үшін ағынды су арқылы  700 метрдей тереңдікте артезиан құдығы қазылған.

«Қазына» шаруа қожалығы «Фуд Мастер» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігімен 1 жылдан аса уақыт мерзімге келісімшартқа отырып,  қазір сүт сатумен айналысады. Оған дейін жеке кәсіпкерлерді де сүт өнімімен қамтамасыз етіп отырған. Шаруа қожалығы күніне 400 литр сүт өндіреді. Көктем мезгіліне байланысты «Фуд Мастер» ЖШС 2 күнде 1 рет сүт өнімін алып кетеді.  Ал жаз айларында сүт күнделікті тасымалданады. Сауылған сүт сыйымдылығы 1100 литр көлемдегі тоңазытқышта (суретте) сақталады.

Қожалықта қазан – мамыр айлары қыстау мезгілі болып саналады. 15 мамыр – шаруа қожалығының қыстаудан жайлауға шығатын кезі. Сол мерзімнен қыркүйек айына дейін олар Түрген орманшылығының жерін жалға алып, сонда жазды өткізеді. Қыстаудан жайлауға шығатын кезде әртүрлі ауруларға (қарасан, топалаң, дерматид, іш құрт ауруына) қарсы төтеп беруі үшін Алатау сиырлары жылына 2 рет дәріленеді. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Әлмұрат Әділбековтің айтуынша,  жер мәселесі шаруашылықтың  қанатын кеңге жаюға кедергі келтіріп тұр.

– Біздің шаруа қожалығы ауылдан шалғай орналасуы біраз қиындық туғызып отыр. Көктем мезгілінде жер лай, балшық болып көлік қатынасы қиындайды. Сондықтан ауылға жақын жер болса, мемлекеттен субсидия алып, қожалығымызды кеңейтетін ойымыз бар. Егіндік жер де біраз қиыншылық тудырып отыр. Жердің жартысы өзіміздікі болса, жартысын жалға аламыз. Қожалыққа баратын жол жарамсыз болғандықтан, «Фуд Мастер» компаниясы сүтті ауылдан алып кетеді. Ал біз тоңазытқышты ауылға қойып, сүтті сонда тасымалдаймыз. Егер ауыл маңынан жер телімі берілсе, бізге сол тиімді болар еді. Қожалықты кеңейтсек, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік туар еді, – дейді Әлмұрат Төлегенұлы.

«Әке көрген оқ жонар» дейді халық даналығы. Әке жолын жалғап, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығының төрағасы қайырымдылықпен айналы-сады. Жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, ауылдың гүлденуіне барынша үлес қосып келеді.

 

Ілия СҰЛТАН

Сейсенбі, 01 Маусым 2021 16:44

COVID-19: Аудандағы ахуал

Бір аптада (25.05 – 31.05.2021 аралығында) Еңбекшіқазақ ауданында ПТР сынама арқылы 53 адамнан коронавирус анықталды. Олар:

Есік – 10

Шелек – 6

Байсейіт – 5

Қызылжар – 5

Бәйтерек – 4

Тескенсу – 3

Түрген – 3

Бәйдібек би – 2

Қорам – 2

Ақтоғай – 2

Ташкенсаз – 2

Қырбалтабай – 2

Рахат – 1

Қайназар – 1

Қайрат – 1

Бижанов – 1

Ащысай – 1

Қарасай – 1

Қызылшарық –1

 

 

Тіркелген науқастардың әлеуметтік-кәсіби мәртебесі төмендегідей:

16 науқас – жұмыссыз

14 науқас – зейнеткер

8 науқас – түрлі жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді

6 науқас – мектеп оқушысы

6 науқас – ұйымдаспаған бала

1 науқас – мұғалім

1 науқас – студент

1 науқас – медицина қызметкері.

 

Мәлімет Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан алынды.

Сейсенбі, 01 Маусым 2021 16:25

Ұшқыр ой алаңы

Қазіргі таңда мектепішілік дебат технологиясын  дамыту – өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде қаңтар айынан бастап мектеп оқушыларымен дебаттық кездесулер өткізілуде. Жақында ZOOM платформасында «Жастарда патриоттық рух бар ма?»  тақырыбында мектепшілік дебат турнирі өтті.

Турнирде 9-10 сынып оқушылары ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл маңызды және қызықты тақырып қатысушылардың назарын аударды. Олар сұрақтарға белсенді жауап беріп, пікірталасқа қатысты өз идеяларын ұсынды. Дебатқа қатысушылар пікірсайыс барысында аргументтерді талқылауды ғана емес, сонымен бірге өмірдегі процесстерді сараптауды да меңгере түсті. Олар бұған өзекті тақырыптарды талқылай отырып, көз жеткізді. Дебат соңында Аяулым Баембетқызы спикерлерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді және пікірсайыс дағдыларын жетілдіру бойынша пайдалы кеңестер ұсынды.

 

Аяулым МУРУНБАЕВА,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің

орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сейсенбі, 01 Маусым 2021 15:52

Балабақша мақтанышы

Бала – өмірдің мәні, адамның жаны. Сондықтан қазақ халқында балаға деген құрмет ерекше, оның тәрбиесіне баса назар аударылады. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Осындай ел келешегін тәрбиелеуде балабақшалардың рөлі орасан зор.

6 жастағы Ердәулет Оралбай бүгінде Есік қаласындағы «Шапағат» бөбекжай балабақшасында тәрбиеленеді. Тәрбиешісі Айжан Бокаеваның айтуынша, Ердәулет балабақшадағы мерекелік шараларға белсене қатысып, өзінің талантымен талайды сүйсіндіріп жүр.

– Ердәулет бейнелеу өнеріне жақын. Осы бағыттағы бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындар алды. Сонымен қатар, өлең оқуға, поэзияға бейім. Кейде мерекелік кештерде жаттаған өлеңін ұмытып қалған сәтте өзінің ойынан ұйқастырып, жалғастырып кетеді, – дейді Айжан Түргенбайқызы.

Балдырғанның қара өлеңге деген бейімдігі тегін емес. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп бекер айтылмаса керек. Кеген ауданында тұратын нағашы атасы Шеризат Мекебаев өмірін өлеңмен өрнектеген белгілі ақын.

«Атың жақсы болса,

Ер-жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы» – деген Төле би. Ата-анасының шырағы, мақтанышы болып жүрген Ердәулет «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Жарық жұлдыз» байқауында үздік өнер көрсеткені үшін дипломмен марапатталған. Білімқұмар балаларға арналған «Үркер» зияткерлік марафонының жүлдегері. Сонымен қатар бүлдіршін балалар күніне орай ұйымдастырылған «Әрқашан күн сөнбесін» атты аудандық балалар шығармашылығының фестивалінде І орын иеленіп, білім бөлімі басшысының мадақтама қағазымен марапатталған.

Ердәулеттің бұдан бөлек жеткен жетістіктері жетерлік. Өнерлі де жігерлі балғын алдағы уақытта талай белестерді бағындырады деген сенімдеміз.                            

С.НҰРАДИН

Сейсенбі, 01 Маусым 2021 10:23

Жетімін жылатпаған ел едік...

«Шелек ауылындағы Алматы облыстық мамандандырылған балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне «Nur Otan» партиясының өкілдері арнайы келіп қайтты. Олардың құрамында болған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева және «Nur Otan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев жұмыс барысымен танысып қайтты.
Шелек ауылындағы балалар үйінің негізі 1946 жылы қаланған. Балалар үйі 1974 жылы салынған 2 қабатты ғимаратта орналасқан. 2012-2013 жылдары ғимараттың сейсмотұрақтылығын күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Балалар үйі «Шелек ауылының аудандық ауруханасымен» тығыз байланыста жұмыс жасайды. Аурухана мамандары бала денсаулығына бей-жай қарамағандықтан, жылына 2 рет балаларды тереңдетілген медициналық тексеруден өткізеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық көмек пен балаларға күтім жасау 24 мейірбике мен кіші медициналық персоналдың міндетінде.
Жетімін жылатпаған халықпыз. Мемлекеттік мекеме туғаннан бастап үш жасқа дейінгі жетім, төрт жасқа дейінгі психикасының және дене бітімінің дамуында кемістігі бар, ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған.


Осыншама пендеге жан жылуын сыйлаған Мекеме директоры Отарбаева Зауре Отарбайқызы, басшы лауазымында 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта балалар үйінде 0-ден 4 жасқа дейін 13 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 12-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 1-уақытша тұратын балалар. Бірақ тарыдай шашылған тағдырластарды бір ортаға жинаған мекеме өзге ұлт өкілдерін де жатсынбады. Балалардың ұлттық құрамында 8-і қазақ, 2-уі орыс, 3-і басқа ұлт өкілдері. Жалпы 8 қыз, 5 ұл бар.
Бүгінгі тағда балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін барлық жағдай жасалған. Темірдей тәртіпке бағынатын мекеме өз қанатына қаншама тағдыр теперішіне ұшыраған балаларды қанатына алып, болашаққа нық сеніммен қадам жасап жатыр.

 

И.СҰЛТАН

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет