Осы жылдың 4 сәуір күні «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына монинторинг жасау қамтамасыз етіледі. Тиісінше, аумақтық және аймақтық партия филиалдары жанынан қоғамдық кеңестер құрылып, облыстық және аудандық Саяси кеңес бюроларының қаулысымен бекітілді.
Кеше «Nur Otan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалы жанынан құрылған «Аграрлық сектор» бағыты бойынша аудандық қоғамдық кеңестің бірінші отырысына өтті.
Аграрлық кеңестің басты міндеті – ауыл шаруашылығы саласындағы сайлауалды уәделердің іске асырылуын бақылау. Жайылымдық жерлердің, ауыл шаруашылығына қажет судың жетіспеушілігі, маман тапшылығы, тұқымдардың қымбаттығы мен тозығы жеткен техника.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды:
1. Кеңестің негізгі міндеті, жергілікті жерлердегі Сайлауалды бағдарламалар туралы.
2. Аудандық «Аграрлық сектор» бойынша кеңес мүшелерін таныстыру.
3. Қоғамдық кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау және бекіту.
Еңбекшіқазақ аудандық филиалы жанынан құрылған «Аграрлық сектор» бағыты бойынша аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болып – ауданымыздың құрметті азаматы, «Саламат» шаруа қожалығының басшысы, аудандық VII шақырылым маслихат депутаты. Ибдиминов Раимжан Білімұлы тағайындалды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы шешімін таппаған түйіткілді мәселелер «Аграрлық сектор» бағыты бойынша қоғамдық кеңестердің отырысында талқыланатын болады.

 

А.ҒАБИДЕН

Көшпенділер ұғымында ыдыс-аяқ түрлері материалдық игіліктің бірі ретінде молшылық-тоқшылық, ырыс-берекенің көзі деп есептелінген. Өйткені дәстүрлі наным-сенім бойынша аузы жоғары қараған іші қуыс ыдыс-аяққа тәңірі несібе бұйыртады екен деседі. Қазақ дүние танымында ыдыс-аяқ үзілмес үміттің, өшпес өмірдің баламасы іспетті, бабаларымыздың  «Өлмеген құл алтын аяқтан ас ішеді» деген дана тағылымы да осыдан қалса керек. Демек, ұлтымыз үшін ыдыс-аяқтың алар орны айырықша болған. Қазақта «Асын ішіп, аяғын теппе» деген сөз бар.  Біз  бұл даналық тағылымды  тұрмыстық тіршіліктен тыс адамдар арасындағы дәнекер саналатын «дәм-тұз» деген киелі ұғыммен ыдыс-аяқтың тығыз байланысы бар деп топшыладық. Сонымен қазақтың ыдыс-аяғы жайлы аздап ой қозғауды жөн көрдік.

Әр жолы Ақши ауылдық округіндегі «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына» барғанымда ондағы әр жәдігерге жасырылған тылсым сырдың ұшқынын сезіп қайтамын. Аталған мұражайдың директоры, әке жолын қуған Дәулет Шоқпаров ондағы әр жәдігер туралы тереңнен сыр шертеді. Сауалымызға сай Дәулет аға әңгіменің әлқиссасын қазақтың ыдыс-аяқтарынан бастады. Шебердің айтуынша, қазақ ыдыс-аяқтары көбінде қайың мен қарағаштан жасалады. Өйткені ол ағаштар берік, кемірілмейді. Сонымен қоса, қайың мен қарағаштан жасалған ыдыстардың   денсаулыққа  кері әсері жоқ. Ағаш ыдыс-аяқтарға сақталған тағамдардың табиғи нәрі өзгермей сақаталатыны тағы бар.Мұндай ыдыс-аяқтар көші-қон кезінде оңайлықпен бүлінбейтіндігімен әрі жеңілдігі-мен ерекшеленген. Ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың күнделікті тұрмыста қолданылатын аяқ, шара аяқ, шара, зере, саптыаяқ, тостаған, тегене, табақ, астау, керсен, шөміш, ожау, қасық, ағаш шелек, күбі шелек сияқты түрлері бар. Бұл ретте Дәулет Дәркембайұлы: «Қазір біз ағаш-тан жасалған ыдыс-аяқтарға ою-өрнектерді жиі салып жүрміз. Біздің мұражайда ғасыр бұрын жасалған табақтар мен астаулар сақталған. Зер салып қарасаңыз сол көненің көзі болған ыдыс-аяқтарға ою-өрнек тым аз бедерленген. Олай дейтініміз,  бабаларымыз ыдыстың тазалығына баса мән берген. Өйткені ою мен өрнектегі кір мен май дақтары оңайлықпен кетпейді. Сондықтан бұрынғы шеберлер гигиеналық талаптарға сай ағаш ыдыстарға ою-өрнекті тым сирек салатын болған. Алайда сол көне жәдігерлерде түрлі нышандарды бейнелейтін символдық таңбалар да жоқ емес. Ол рудың таңбасы не  ағаштан түйін түйген шебердің өз қолтаңбасы болуы мүмкін», – дейді.

Төрт түлігін тірлігінің арқауы еткен ата-бабаларымыз оның  сүті мен етінен тартып, тері-тарамысына дейін кәдеге жаратақан. Әсіресе, мал тәрісінен саба, көнек, жан торсық, мүйіз торсық,  қауға сынды ыдыс-аяқтар да жасай білген. Ат жалында, түйе қомында өмір кешкен көшпенді жұрт үшін теріден жасалған ыдыс-аяқтардың орны бөлек. Бүгінгі үсті бейіш, асты кеніш кеңбайтақ жерімізді қорғаған жаужүрек оғыландарымыз жан торсы-ғындағы шалабын шайқап ішіп, ат үсінде алты малтасын ас қылмады деп кім айта алар? Қазақ теріден жасалған ыдыстарға да ою-өрнек сала білген. Зерделеген жанға ондағы оюлардың аса терең философиялық мәні бар екені шындық. Дәулет ағамыздың айтуынша, тері ыдыстардағы ою-өрнектер көбінде шеңбер ішіне салынған. Ондағы шеңбер – тұтас тіршілік әлемін, ал шеңбер ішіндегі төрт бөлік – төңіректің төрт бұрышын бейнелейді. Ал сол төрт бөліктегі түрлі өсімдіктер мен гүлдердің бейнесіндегі өрнектер ондағы жайнаған өмірдің жалғасып жатқанын көрсетеді. Қысқасы, ежелгі қазақтың дүние танымына өмір жер бетіндегі  төңіректің төрт бұрышына салтанат құрады.

 

–  Қазақтың ою-өрнектері әлі күнге толық зерттелмей келеді. Біздің көптеген оюларымызда мифологиямыз бен дүние танымыз жасырынған. Соның көзін ашу керек. Әкем марқұм қезінде қазақ қыздары сүйген жарына деген махаббатын, жат жұртқа кеткенде ата-анаға деген сағынышын, өзінің хал-жағдайын ақ шытқа салған  ою-өрнекті кестемен жеткізіп отырған деп жиі айтатын. Демек біздің ыдыс-аяқтарымызда да бүгінгі тұманданған зердеміздің түбінде қалған  қаншама сыр жасырынып жатыр. Бұның барлығы үлкен ғылыми тақырыптарға арқау болатын дүниелер, – дейді Дәулет Дәркембайұлы.

«Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайынан» тері ыдыстардың алуан түрін жолықтырасыз. Оның кейбірі ғасырылық тарихқа ие. Онда сирек кездесетін тері ыдыстарды да кездестіруге болады. Сондай тері ыдыстардың бірін Дәулет ағамыз қауға деп таныстырды.  Қауға – көбінде бие және сиыр саууға арналған ыдыс. Қауға өте жұмсақ болғандықтан сауған кезде малға жайлы сезім тудырады. Қауғамен сүт сауғанда мал екеш мал да алпыс екі тамырын иіп, сүт беретін көрінеді. Бұл, сірә, табиғатпен ғажап үйлесім тапқан өткен өмір салтымыздың бір үзігі ғана болса керек. Соңғы кездері  халқымыздың ұлттық құндылықтарға қайта бой бұра бастағаны байқалады. Өйткені әр шаңырақта  дарқан көңілмен жайылған дастарқандарда әдемі на-қышталған астаулар мен табақтарды, тостағандарды жиі көзіміз шалып жүр. Иә, сырлы аяқтың сыр кетсе де, сыны кетпес.

Әлемнің бір қыдыру  елінде өткен қолөнер көрмелеріне  қатысқан Дәулет Шоқпаров шетелдіктер біздің қолөнерімізді жоғары бағалайтынын, қашанда таласа-тармаса сатып алатынын айтады. Сондықтан да бұл саланың нарыққа сұранып тұрғаны аян. «Шеберлікте шек жоқ» деген осы болар. Бүгінде Дәулет Шоқпаров мұражай маңынан шеберлер мектебін ашып, этноауыл  құруды жоспарлауда. Егер жоба жүзеге асып жатса, ұсталары алуан өрнектен алтын-күміске зер салатын, әншілері алты қырдан асырып ән шырқайтын нағыз қазақ өнерінің кешенді орталығы қалыптаспақ.  Аталған орталыққа ат басын бұрмайтын туристер де аз болмас деген ойдамыз. Қазақ өнерінің саф алтындай сарқылмас мұралары сақталған мұражай замана сұранысына сай, ұлт руханиятына қызмет ете бермек.

 

Ерзат АСЫЛ

Жұма, 21 Мамыр 2021 15:09

Оқуға құштар колледж

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп,оқуға құштар ел» жобасы аясында  Есік гуманитарлық-экономикалық  колледж  кітапханасы  жоспар бойынша әртүрлі  іс-шараларды қашықтан  өткізуде.

«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп Абай Құнанбаев  айтқандай, кітап – өмір ұстазы. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. «Өзіңді өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшінде кітап керек». Шынымен де, кітап – адам баласының сан ғасырлық  ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап – алтын қазына. Кітаппен оқырмандарды қауыштыратын рухани орда – кітапхана. Ол оқырмандар үшін үлкен тәрбие мектебі, білімділік, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы, ақпарат, насихат орталығы.

Колледжде білімгерлерді рухани-адамгершілік құндылықтар аясында тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда колледж кітапханасының кітап қоры 46754 кітапты құрайды. Оның ішінде оқулықтар 41752, электронды оқулықтар 321 дана. Кітапханашылар кітап қорын толықтыру мақсатында «Атамұра». «Мектеп», «Фолиант», «Алматы кітап», «Бөбек» баспаларына тапсырыс беріп, студенттердің білім көкжиегін кеңейтуге барынша күш салуда. Біздің кітапханамыздағы жалпы оқырмандар саны 1 414. Кітапхананың 70 орындық оқу залында ғаламторға қосылған 6 моноблок,10 ноутбук, А4 форматта түрлі-түсті принтер, видеопроектор, түптеу, ламинадтау, көшірме аппараттары бар. Кітапханада екі жоғары білімді кітапханашы жұмыс істейді.

«Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ел» жобасы аясында кітапханада қордың электронды базасын қалыптастыру, білімгерлердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында барлық оқырман пайдаланатын QR кодталған кітаптар  бар. Оқырмандарға қажетті оқулықтар электронды түрде колледж сайтында жүктелген.

«Кітап – білім бұлағы,білім – өмір шырағы»деген қазақ даналығы бекер айтылмаса керек. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін,ең алдымен жастарымыз білімді, кемел мінезді, ойы, сөзі, ісі бір,бәсекеге қабілетті, рухани деңгейі жоғары, кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін кітап оқу керек.

 

Г.БИДАЙБЕКОВА, Ж.САЛАМАТОВА,

Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің

кітапханашылары

 

Еріктілік – бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері мен жеңістері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты. Соңғы кездері елімізде еріктілер қатары молая түсті. Бүгінде еріктілер қоғамның ең белсенді күшіне айналды. Олар жылу күткен жүректерге ізгіліктің отын жағып, көмекке мұқтаж жандарға демеу бола білді.

Жақында тағы да бір қайырлы істің куәсі болдық. Блогер Аден Марғұлан бастамасына үн қосқан аудан еріктілері Есік қаласында тұратын көпбалалы отбасын тосын сыймен қуантты. Еріктілер баспанаға зәру болған  Ахметжановтар  отбасына «Береке» саяжайынан төрт бөлмелі үй сыйлап, отағасына жеңіл автокөлік тарту етті. Тосын сыйға кенелген  көпбалалы ана көңіл толқынысын жұрттан жасыра алмай, көз жасына ерік берді. Бұл ретте отағасы Жайлау Боранбайұлы:«Жақыннан бері бір  жақсылықтың  боларын сезгендей күйде болдық. Енді, міне, көптің көмегімен баспанаға қол жеткіздік. Бізге көмектескен қайырымды жандарға, жақыннан жәрдемші болған жастарға ризашылығымыз шексіз», – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Арайлым БАҚБЕРГЕН,

жастар ресурстық орталығының маманы

Бейсенбі, 20 Мамыр 2021 16:10

Музейге 40 жыл

Өңіріміздің тарихи-мәдени мұрасын жинап, сақтап, халыққа насихаттап отырған Шелек тарихи-өлкетану музейінің мерейтойы лайықты атап өтілді. Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева, Шелек ауылдық округінің әкімі Сәкен Абдихалиев, мұражайдың алғашқы директоры болған Алефтина Волкова, мұражайда басшылық қызмет атқарған ауданымыздың құрметті азаматы Жетпісбай Сыдықбеков қатысты.

Мерейлі шараға жиылғандарды мерейтоймен құттықтаған Салтанат Дауысбекқызы музей ұжымының жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Құрметті қонақтар мен ауыл азаматтары жүрекжарды тілектерін айтты.

Шелек тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Ердос Қалибекұлының айтуынша, мұражайда ауыл  тұрғындарына, оқушылар мен студенттерге көптеген экскурсиялар өткізіледі. Жүздеген адам мұражай қорының қалыптасуына атсалысып, көпшілігі мұражайдың тұрақты достары мен белсенділері қатарын кеңейтіп келеді.

1981 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы қаулысымен 5 мамыр күні Шелек тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Содан осы күнге дейін өңір тұрғындарына рухани азық беріп, тарихымыздан сыр шертіп тұрған музей жастардың сүйікті орнына айналған. Бүгінгі таңда мұражай ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі нұсқаларын,өнер туындыларын, мәдени құндылықтарын зерттеп, жылдан жылға толықтыруда. 40 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан мұражай өткен 2020 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауда жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін облыс әкімі Амандық Баталовтан арнайы марапат алған.

 

Ілия СҰЛТАН

Бейсенбі, 20 Мамыр 2021 16:08

«Ashyq» жобасы тосқауыл болады

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салу қарқынды жүргізіліп жатса да, індеттің таралу қаупі сейілмей тұр. Бұл өз кезегінде қоғамдық қызмет көрсету орындарының, шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысын шектеуге әкеп соғуда. Осыған орай, коронавирустың таралуына жол бермеу және бизнес нысандарының жұмысын тұрақты жүргізуіне жағдай жасау мақсатында елімізде «Ashyq» пилоттық жобасы әзірленіп, қолданысқа енгізілуде.

Цифрлық даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Атамекен»Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен құралған жобалық кеңсе пилоттық жоба жеке азаматтар мен кәсіпкерлерге тиімді екенін айтады.

Бүгінде кез келген формада (ауру белгілері бар не белгілері жоқ) Covid-19 індетімен ауырғандар карантин режимін сақтау бойынша міндеттеме алып, оны қолхатта жеке қолтаңбасымен растайды. Алайда көп жағдайда өзін-өзі оқшалау режимі бұзылып жатады. Аурыпқалған немесе науқас адаммен байланыста болған адамдар қоғамдық орындарға барады, коронавирустың таралуына себепші болады. «Ashyq» қосымшасы осындай келушілерді анықтауға жәнебасқа келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.

«Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану және Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің статусын: ол вирус жұқтырған ба жоқ па анықтауға мүмкіндік береді. Яғни жобаға қатысушы – бизнес субъектісі қолданылып жатқан санитарлық нормалармен (маска, термометрия, бөлмені желдету және тағы басқа) қосақосымша бақылау жүргізеді. Келушілер мен персоналдың індетті жұқтырып алу қатері азайғандықтан жоба келешекте бизнес пен халыққа карантиндік шектеулерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде жекелеген қызмет түрлерінің (боулинг, бильярд, караоке, компьютер залдары және тағы басқа) жұмысы бойынша санитарлық шектеулер бар. Бір жылға жуық уақыт бұл нысандар жұмыссыз. Сонымен қатар демалыс күндері жұмыс істемейтін және өңір қызыл аймаққа түскенде жұмысы тоқтайтын бірқатар субъектілер бар. «Ashyq» қосымшасы қауіпсіз қызметке жағдай жасау арқылы, керісінше келешекте карантиндік шектеулерді азайту және азаматтардың жүріп-тұруын оңайландырады.

Осы жылдың 17 қаңтарынан баста пилоттық режимде Ashyq қосымшасын бірнеше фитнес-клуб, спа-орталықтар, сауналар және ресепшіні бар басқа да нысандар қолдана бастады. Пилоттық жобаға қатысуеріктіжүргізіледі. Жобаға енгізілген нысанға кіру үшін жеке азамат «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізу керек. Нысанға кіре берісте кіруді тіркеу үшін нысанның QR-кодын сканерлеу керек. Экранда статус (көк, жасыл, қызыл немесе  сары) көрінеді. Нысаннан шығуды тіркеу үшін де QR-кодты сканерлеу керек.Ұялы қосымша қызыл, сары, көк, жасыл мәртебелерге бөліп, тәуекел дәрежесін айқындайды. Қызыл түс азаматтың қозғалысы шектелгенін, оның амбулаториялық бақылауда екенін, үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауы тиіс екенін білдіреді. Сары – қозғалысты ішінара шектеу деген сөз: ол адам ПТР деректер қорында коронавирус инфекциясымен байланыста болған деп белгіленген. Демек, ол үйінде оқшаулану режимін сақтауы тиіс. Оған тұрғылықты жерінен 500 метрден аспайтын аумақтағы азық-түлік, шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат. Көк статус – ПТР-тестілеудің нәтижесі жоқ, ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ.Жасыл статус жүріп-тұруда шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже шыққан пайдаланушы болып шығады.

Бүгінгі таңда QR-кодтарды қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең таралған. Басқа елдерде де балама қондырғылар бар.

Айта кететін жайт, кәсіпкерлерді де, азаматтарды да қосымшаны қолдануға міндеттемейді.

 

Баспаға әзірлеген

 С.НҰРАДИН

Бейсенбі, 20 Мамыр 2021 16:07

Індетпен күрестің алғы шебінде

Пандемия деген пәле адам өміріне, адамзат дейікші, өміріне күрделі өзгерістер енгізіді. Өмірдің барлық салаларында тоқырау нышандары белгі бере бастады. Осы жағдайда басқару жүйесі, қоғамның тыныс-тіршілігі күрт өзгеріп, індетпен күреске бағынышты бағытта жұмыс істеп, әлемдегі, еліміздегі жағдайға бейімделу жолында.

«Басқа түскен баспақшыл» дейді қазақ атам. Пандемия басталғалы бері өзімді сырттан бақылаушы ретінде сезініп, індеттің таралу барысы, жұқтырғандар мен сауыққандар, қайғылы жағдайлар туралы ақпараттарды қабылдап, сараптап, жариялау ісімен ғана әріптестеріммен бірге айналысқандай едім. Мамырдың жаймашуақ күндерінің бірінде өзіме де тықыр таянғанын сезіндім. Бір есептен көктем, күз айларында келетін тұмаумен бірге созылмалы өкпе науқасы ғой деп жүре берсем керек. Жұмыстың бәрін жиып қойып, жай-күйімді тексерткеннен кейін ғана бұрынғыдай аяғыммен жүріп, ат үстінен емделу болмайтын тірлік екеніне көзім жетіп, індетпен күрес орталығына жеттім-ау әупірімдеп. Бұдан былайғы әңгімем емделу барысы туралы емес – ол кімге қызық болар дейсің?! «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейміз. Пандемия жағдайында да осы ережені ұстануға әбден болады екен.

Сонымен ПЦР-тесті теріс нәтиже көрсетті. Дегенмен, Светлана Владимировна дәрігер басқарған ұжым қабылданған протоколмен емдеуге кірісті. Теледидардан көрген бөтен ғаламшардан келгендер сияқты бастан аяққа дейін аппақ комбинезон киген, көзі ғана көрінетін дәрігерлер мен медбикелерді танып-түстеу қиын болды алғашында. Көзі мен дауыстарынан ажыратып үйрендім.

Ұзыннан ұзақ дәліздің бір шетінен бір шетіне дейін палаталарда жатқан емделушілерді бір аралап шығудың өзі бәлембай жүз метр қашықтықты алып жатса, әр палатаға кіріп ем-шараларын орындауға таңнан күн батқанға дейін иноплотнетянин – бөтен ғаламшар тұрғынының киімі дерсің, бел шешпей жүрудің өзі аз ауырлық емес.

Сол Светлана Старухинаның, кейіннен оны алмастырған дәрігер Гүлнәр Тәжімұратованың әрқайсымен жай жатпай пікір алмасып, сұрағымды қойып, жауабымды алып жатырмын.

Светлана Владимировна айтады: «Біз туралы неше түрлі саққа жүгіртіп әңгімені көйітетіндер де бар. Бірақ оған назар аударып, ренжіп отыратын біз жоқ. Міндетімізді атқарып, пандемияның алғы шебінде тап бір майдан даласындай үздіксіз күрестеміз. Әрине, алғашқы күндерде қай жолмен, қалай емделу керек екенін білмей тұрып, апталап үйге қонбай қызмет еттік. Қазір бір ізге түскендейміз. Тәжірибе де жинақталды».

Жас дәрігер Гүлнәр Тәжімұратова үрейден аулақ болуға шақырады. Тыныс алу тәсілдерін, мысалы, йоганы пайдаланып, тыныстауды үйренген жөн деп санайды.

Тыныстау демекші, пандемияның бас кезінде ауруханада оттегімен дем алу жүйесін орнатып жатқанын сүйіншілей айтып, бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Байділдәқызы біздің «Еңбекшіқазақ» газетіне сұхбат та берген еді. Сол оттегімен дем алу жүйесін көзіммен көріп қана қоймай, пайдаланып, өкпе жұмысын жетілдіру жағынан да ем-шара қабылдаған пациент болдым.

Жалпы, ем-дом жасаған дәрігерлер мен медбике, санитарлардың жұмысын көзбен көріп, көңілге тоқығаннан менің айтарым ақ халаттылар ақ-адал еңбегімен, науқасты жанашырлықпен емдеп, аяғынан тік тұрғызуға ұмтылған кәсібилігімен ерекшеленеді. Менің өтінішіммен аты-жөндерін компьютерге түсіріп берген медбикелер Айжамал Махамаш, Әлима Шегебаева, мейіргер Расул Шакиров, санитарлар С.Бердішева, В.Қалбаева, Г.Жақсылықова әрқайсы өз орнында міндеттерін мұқият орындап жүрген медицина саласының қызметкерлері.

Бір айтпағым, мен өзім көбірек ем-дом қабылдаған медиктер бригадасы жайлы ғана жазып, алғысымды білдіріп отырмын. Бұлардан басқа да қаншама медиктер пандемиямен күресіп жатыр. Тек бар дәрігерлер мен медбикелердің бір-ақ тілегі: «Біздің уағыз, өтініштерімізге құлақ асыңыздар – той-томалақ, жиындарды шегере тұрыңыздар! Пандемияны жеңу үшін қатаң тәртіп, санитарлық талаптарды орындап отыру қажет!»

Құлақ асайық, ағайын! Саулық сақтықта екенін ескерейік.

 

Хайролла АХМЕТЖАНОВ

Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 16:11

«Көктем аруы-2021» байқауы өтті

Жақында қазақ қызының бойындағы әдептілік, көріктілік, инабаттылық, кішіпейілділікті таныту және көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білу мен мейірімділкке тәрбиелеу мақсатында Казатком негізгі орта мектебінде «Көктем аруы-2021» байқауы өтті.
Қазақ поэзиясының пырағы Тұманбай Молдағалиевтің туған топырағында сұлулық сынының өтуіне тәрбие ісінің меңгерушісі М.Б.Ибраимовпен және қыздар ұйымының жетекшісі әрі мектеп психологі мұрындық болды. Байқауда мектебіміздің 4-5 сыныптарынан 8 қыз бақ сынады. Аталған сұлулық бәсекесінде қыздар өздерінің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, өз бойындағы өнерін, табиғи дарынын сынға салды. Дода қортындысына сай бас жүлдені алып, 5 сынып оқушысы Жанерке Жұматай  топ жарса, І орын 4 сынып оқушысы Медина Қалибекке, ІІ орын 5 сынып оқушысы Інжу Қаділбекке, ІІІ орын 5 сынып оқушысы Бағымай Дәуренқызына бұйырды. Сұлуық сайысына қатысқан өзге бақ сынаушылар да «Өнерлі қыз», «Ерке қыз», «Білімді қыз» сияқты номинацияларды иеленді.
Мектебімізде өтіп жатқан әрбір іс-шара бала тәрбиесіне, оның болашақта елін, жерін сүйетін нағыз патриот болып өсуіне көптен-көп септігін тигізері сөзсіз.


А.Калдыкабакова,
Казатком орта мектебінің
педагог-психологі

Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 16:09

10 баладан коронавирус анықталды

Эпидемиологиялық ахуал мамандар назарында. Бірде көрсеткіштер түсіп, енді бірде көтеріліп, сынаптай құбылып тұрған вирустың салдары әлі де болса, жойылған жоқ. Алматы облысында соңғы тәулікте тағы 114 адам індеттің ілмегіне ілінген.  Нәтижесінде кеселдің өсу қарқыны 0,5%-ды құрап отыр.

Қазіргі кезде Жетісу өңірі сары аймақта орналасқан. Десе де, облыстың құрамына кіретін аудандар мен қос қала қызыл аймақтың шеңберінен шыға алмай тұр.

«Облыс аудандары арасында 4 аудан мен 2 қала қызыл аймақта тұр, олар – Талдықорған, Текелі қалалары мен Талғар, Ұйғыр, Қаратал және Сарқан аудандары. Сары аймақта Ескелді, Көксу және Балқаш аудандары. Қалған аудандар жасыл аймақта екені расталған», – дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.

Кесел жас, кәрі деп таңдамасы анық. Мамандардың айтуынша, облыста 14 жасқа дейінгі 10 бала вирус жұқтырғаны анықталып отыр.

Ақ халаттылар, індеттен сақтанудың бір жолы вакцина алу екенін айтып-ақ келеді. Өз өміріне бей-жай қарамайтын тұрғындардың 195 426-сы екпенің бірінші компонентін салдырса, екінші компонентті 101 846 адам қабылдаған.

«Облысқа барлығы 1-компаненттен 207 850 доза келіп түсті, оның ішінде 2000 Qaz-vak, 22 000 Hayat-vax, 183 850 Гам-Ковид-вак. 2-компонент 145 210 доза, оның ішінде 2000 Qaz-vak және 143 210 Гам -Ковид-вак бар», – деп атап өтті спикер. 

Анар САБЫРОВА

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының биылғы 1 сәуірдегі мәліметі бойынша еліміздегі халық саны 18 млн 940 мың 400 адамды құрап отыр. Ал халқы санынан республика бойынша алда тұрған Еңбекшіқазақ ауданында бүгінде 300 мың 100 адам бар екен. Бұл туралы және алдағы жалпыұлттық халық санағы жайында аудандық статистика басқармасының басшысы Алуа Елеусізова айтты.

– Биыл елімізде үлкен науқан – жалпыұлттық халық санағы өтеді. Осы жайында толығырақ айтсаңыз...

– Иә, халық санағын жүргізу – кез келген мемлекет үшін аса маңызды іс-шара. Санақ жүргізу арқылы мемлекет елдегі адам санын, этникалық құрамын барынша дәлірек біледі, өмір жағдайларындағы өзгешеліктерін бағамдайды, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Санақ нәтижесі бұдан кейінгі жақын жылдарға жоспарды айқындап, келер күнге болжам жасауға, әр салада нақты шешімдер қабылдауға негіз болады. Қазақстанда ұлттық халық санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Соңғы науқан 2009 жылы жүргізілген, келесісі 2019 жылы өтуі керек еді. Алайда санақты дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді ескере отырып, оны 2020 жылы өткізу туралы шешім қабылданды. Өкінішке қарай, былтыр бүкіл әлемге коронавирус індеті жайылғанын білесіздер. Сондықтан әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияның таралу қауіпіне байланысты енгізілген шектеулі карантиндік шаралар ескеріле отырып, санақ өткізу мерзімі тағы кейінге шегерілген болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 маусымдағы «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» № 587 қаулысына сәйкес, халық санағын өткізу мерзімі 2021 жылғы 1 қыркүйек – 30 қазан аралығына белгіленді.  Премьер-Министрдің өкімімен 2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

2021 жылғы ұлттық халық санағы 2 кезеңнен тұрады. Ұлттық санақтың бірінші кезеңінде, яғни 1-30 маусым аралығында санақтық аудандастыру жүргізіледі, яғни тұратын халықты нақтылау бойынша тұрғын үйлерді және тұрғын емес ғимараттарды аралау жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық санақтың екінші кезеңінде, яғни 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында негізгі халық санағы өткізіледі.

– Биылғы санақтың ерекшелігі қандай?

– Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтырумүмкіндіктері ұсынылуда. Негізгі халық санағы интернет-сауалнама және жаппай сауалнамаға бөлінеді. Яғни қазіргі санақтың ерекшелігі – халық санағынан онлайн өту мүмкіндігінің болуы. Интернет сауалнама ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 45 күн жалғасады және sanaq.gov.kz веб-сайты арқылы жүзеге асады. Сайт 1 қыркүйекте іске қосылып, кіру тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Азаматтар орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін сауалнамалар толтыру арқылы дербес аяқтай алады. Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Ал екінші тәсілінде арнайы дайындықтан өткен интервьюер үй-үйді, пәтер-пәтерді аралап, тұрғынның айтуына сүйене отырып, мәлімет жинайды. Дәстүрлі үздіксіз санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізіледі.

– Санақ кезінде азаматтарға қойылатын сұрақ саны артқаны мәлім. Осы жайында айтсаңыз...

– 2009 жылы өткен ұлттық санақта сауалнама 73 сұрақ аясында жүргізілген еді. Ал биыл Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. Ондағы 67 сұрақ – негізгі және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ бар. Сұрақ санының артуына Еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды. Осылайша, көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілді. Сондай-ақ БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды. Жоғарыда айтып өткенімдей санақ жүргізу арқылы елдегі жалпы жағдай мен әр сала бойынша нақтыланған талдау, есеп жүргізіліп, алдағы күндердің жұмыс жоспары жасалатындықтан сұрақтар санының артуы кез келгенімізге тиімді болмаса, еш артықтық етпейді.

– Алдағы үлкен науқанға ауданымызда дайындық қалай жүріп жатыр?

– Ел өміріндегі маңызды науқан жалпыұлттық халық санағын өткізуге орай ауданымызда да бірқатар дайындық жұмыстары қолға алынды. Аудан әкімінің 2021 жылғы 16 наурыздағы «2021 жылы Еңбекшіқазақ ауданы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі ауданаралық комиссиясын құру туралы» № 18-ө Өкіміне сай халық санағын жүргізуге дайындық жөніндегі жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атаулары мен үй, пәтер нөмірлерін ретке келтіру, аншлагтар ілу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4 мамырдан бастап 30 қараша аралығында халық санағын өткізуге жауапты уәкілеттілер лауазымына 21 адам жұмысқа алынды. Аталған жұмысшылар аудан елді-мекендерін аудандастыру бойынша жұмыстарын бастап кетті. Бұдан бөлек 25 мамыр мен 8 шілде аралығында жұмыс істейтін нұсқаушы-бақылаушы лауазымына 11 адам, 1 маусымнан бастап тіркеуші лауазымына 80 адам жұмысқа алынады. Бұл лауазымдағы адамдардың барлығы санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып, жұмыс жасайтын болады.

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

Қаз 04, 2024

Как сохранить природу и добывать…

Метод подземно-скважинного выщелачивания (ПСВ) урана считается более экологичным и…
Қаз 04, 2024

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на…

Эксперт: IT-гиганты делают ставку на атомную энергию для обеспечения устойчивости…
Қаз 04, 2024

Қазақстанда өндіріс саласын қалай…

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ…
Қаз 04, 2024

Обращение с ОЯТ

От момента принятия решения до начала работы атомной станции пройдет около 10 лет. Это…
Қаз 04, 2024

Депутат оценил риски для экологии…

Почему атомные реакторы поколения III+ безопасны для населения и экологии,…
Қаз 04, 2024

Жас маман АЭС жөнінде: Басқа…

Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарласының түлегі Әсет Махамбетов…
Қаз 04, 2024

Асхат Бекбаев: АЭС салу арқылы…

6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Осы орайда біз атом…
Қаз 04, 2024

Атом электр станциясын салу – ұзақ…

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат…
Қаз 04, 2024

Готовят ли в Казахстане специалистов…

Одним из вопросов основных вопросов касательно АЭС сейчас является наличие и подготовка…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет